Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығару ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 тамыздағы № 762 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 1374 Қаулысымен күші жойылды
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңы 58-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығару ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасында пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жүргізудің тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18 қазандағы № 1287 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., № 43, 410-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 14 тамыздағы
№ 762 қаулысымен
Бекітілген
Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу
және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығару ережесi
1. Осы Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығару ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы Заңы 58-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығару тәртібін белгілейді.
2. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізуді және оларды мемлекеттік теңгерімнен шығаруды жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) ұйымдастырады.
3. Мемлекеттік теңгерімге мыналар енгізіледі:
уәкілетті орган бекіткен және Қазақстан Республикасы пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының (бұдан әрі - ҚР ҚМК) оң қорытындысы бар Қазақстан Республикасының жер қойнауында барланған пайдалы қазбалардың барлық түрлерінің қорлары;
бұрынғы КСРО-ның пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы және пайдалы қазбалар жөніндегі аумақтық комиссиялар бұрын бекіткен пайдалы қазбалардың қорлары;
кен орындарын пайдалану кезінде жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіру мен олардың шығындарының деректері.
4. Мемлекеттік теңгерім коммерциялық табулар бойынша пайдалы қазбалардың әрбір түрі қорларының мөлшері, сапасы мен зерделену дәрежесі туралы, оларды орналастыру туралы, өнеркәсіптік игеру дәрежесі, өндірілуі, шығындары туралы және өнеркәсіптің пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етілуі туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
5. Пайдалы қазбалардың барланған қорларын әзірлеудің рентабельділігі туралы ҚР ҚМК жүзеге асыратын жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік теңгерімге енгізу үшін негіз болып табылады.
Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының нәтижелері ҚР ҚМК-ның хаттамасымен ресімделеді, онда пайдалы қазбалар қорларын бекіту туралы, қорларды санаттар бойынша бөлу туралы, қатты пайдалы қазбалардың көлемдері мен оларды тәжірибелік пайдаланудың мерзімдері туралы, пайдалы қазбалар мен олардың компоненттерін алудың коэффициенттері туралы, пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару туралы, өнеркәсіптік, ғылыми және өзге де мақсаттарда жер қойнауы туралы ақпаратты қолдану мүмкіндігі туралы деректер көрініс табады.
6. Мемлекеттік теңгерімге енгізілетін пайдалы қазбалар қорлары:
өндірілген және қайта өңдеуге жіберілген;
өндіру үдерісінде шығынға ұшыраған;
жер қойнауында қалдырылған болып бөлінеді.
Кейінгі геологиялық барлау жұмыстары мен пайдалану кезінде пайдалы қазбалардың бекітілген қорларынан ауытқу плюс немесе минус белгісімен қамтылады.
7. Өндірілген және қайта өңделген, сондай-ақ өндіру үдерісінде шығынға ұшыраған пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару оларды толық есептен алу жолымен жүргізіледі.
8. Одан әрі геологиялық барлау жұмыстарының үдерісінде не санаттардың сенімділік дәрежесінің нормативтік қателіктері шегінде пайдалы қазбалардың теңгерімдік қорларының әр алуан расталмауын жер қойнауын пайдаланушы дербес ресімдейді, ал нормативтік қателіктерден артып кететін минус белгісі бар қорлар расталмаған жағдайда жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы болған кезде мемлекеттік теңгерімге түзетулер енгізуге жол беріледі.
9. Жаңадан белгіленген кондицияларға сәйкес келмеуіне байланысты өнеркәсіптік маңызын жойған, техникалық-экономикалық немесе тау-кен техникалық себептері бойынша жұмыспен өтеуге орынсыз, кейіннен геологиялық барлау жұмыстары мен жұмыспен өтеу кезінде нормативтік қателіктердің расталмауы артып кететін пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы негізінде жүзеге асырылады.
10. Пайдаланылуы бекітілген кондицияларға сәйкес қазіргі уақытта экономикалық орынсыз немесе техникалық әрі технологиялық жағынан мүмкін емес, бірақ одан әрі теңгерімдікке ауыстырылуы мүмкін өндіруші кәсіпорындарды жою немесе консервациялау кезінде пайдалы қазбалардың жұмыспен өтелген теңгерімдік қорларын есептен шығару немесе оларды теңгерімнен тыс қорлардың тобына ауыстыру жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
11. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбалар қорларының есеп беру теңгерімін есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейінгі мерзімде жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі аумақтық басқармаға (бұдан әрі - аумақтық басқарма) ұсынады.
12. Жер қойнауын пайдаланушылар, аумақтық басқармалар ұсынатын есеп беру теңгерімдерінің негізінде облыстар бойынша пайдалы қазбалар қорларының теңгерімі жасалады және тиісті шешім қабылдау үшін есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде уәкілетті органға ұсынылады.
13. Пайдалы қазбалардың түрлері бойынша мемлекеттік теңгерімді уәкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі аумақтық басқармалар ұсынатын, пайдалы қазбалар қорларының теңгерімдері негізінде жасайды.