«Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру
шарттарын айқындау және Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы
5 ақпандағы № 110 қаулысына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 тамыздағы № 733 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 20 наурыздағы № 225 Қаулысымен күші жойылды
Орыс тіліндегі мәтінің қара
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1. «2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес 010 «Тоқыма өнеркәсібі» пилоттық кластері шеңберінде қоза өсіру, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту үшін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ арқылы техникалар мен жабдықтар лизингін ұйымдастыру» бюджеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бойынша «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - қарыз алушы) 5080000000 (бес миллиард сексен миллион) теңге сомасында бюджеттік кредит (бұдан әрі - кредит) берілсін.
2. Қарыз алушыға кредит берудің мынадай шарттары белгіленсін:
1) кредит қарыз алушыға жылдық 0,4 (нөл бүтін оннан төрт) пайызға тең сыйақы ставкасы бойынша 15 (он бес) жыл мерзімге мерзімдік, ақылық және қайтарымдылық шарттарында беріледі;
2) кредит берудің мақсаты қозаны өсіру мен тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту кезінде қаржы лизингінің қорландыру құнын төмендету үшін оның кредиттік ресурстарын толықтыру есебінен қарыз алушының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қорландыру кредит қаражаты есебінен толық көлемде жүргізіледі, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту үшін жабдықтар лизингін қорландыру инвестициялық жобаларға кредит беру ставкаларын төмендету үшін қарыз алушы белгілеген тәртіппен жүргізіледі;
3) кредит шартының тараптары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі - кредит беруші), Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі (бұдан әрі - әкімші) және қарыз алушы болып табылады;
4) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңында бір уақытта жүзеге асырады;
5) кредит бойынша есептелген сыйақы төлемі жарты жылдық кезеңділікпен жүзеге асырылады. Есептелген сыйақының бірінші төлемі кредитті игерген күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі;
6) республикалық бюджеттен кредит бөлуді кредит беруші әкімші өтінімнің негізінде кредит сомасын әкімшінің шотынан қарыз алушының корреспонденттік шотына бір уақытта аудару жолымен жүзеге асырады;
7) кредит әкімшінің шотынан қаражат алынған сәттен бастап игерілді деп саналады;
8) кредит оның лизингтік қызметін қаржыландыру мақсатында қарыз нысанында "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына қаражат беру үшін ғана пайдаланылады.
3. Кредит беруші заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген кредит шартын жасауды қамтамасыз етсін.
4. Кредиттің игерілуін, мақсатты пайдаланылуын, республикалық бюджетке уақтылы және толық өтелуін бақылауды кредит беруші және әкімші жүзеге асырады.
5. «Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2005 жылғы 5 ақпандағы № 110 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2005 ж., № 6, 58-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесінде:
8-бөлімнің 30-тарауының 267-тармағы мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
"Қаржы агенттіктері үшін бюджеттік кредиттің негізгі борышын төлеу жөніндегі жеңілдік кезеңінің ұзақтығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен белгіленеді".
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |