128-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi қарау және бекіту
1. Мәслихат аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгінiң өткен қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есебiн мәслихаттың тексеру комиссиясының аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы есебiн алғаннан кейiн бiр ай iшiнде мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарайды.
2. Есептi қараған кезде мәслихат:
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы әкiмдiк уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) баяндамасын;
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуын бақылау нәтижелерi туралы мәслихаттың тексеру комиссиясы төрағасының баяндамасын; аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы есеп бойынша қорытындысымен қоса мәслихат уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) баяндамасын тыңдайды.
Мәслихатта есептi қараған кезде жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың iске асырылуы туралы есептерi тыңдалуы мүмкiн.
3. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы есеп мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралғаннан кейiн мәслихаттың сессиясында бекітіледi.
4. Есептi қаржы жылындағы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi бекiткен кезде мәслихат ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдарының аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылу нәтижелерi бойынша тиiстi шаралар қолдану қажеттiгі туралы шешiм шығаруға құқылы.
26-тарау. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен
пайдаланылуы туралы жылдық есеп
129-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есептi жасау
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға байланысты қызметтiң транспаренттiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын аудит жүргiзiледi.
Аудиторлық ұйымды таңдау конкурстық негiзде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры аудитiнiң нәтижелерiн қоса отырып, жыл сайын есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 сәуiрiне дейiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп жасайды.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есепте:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсiмдерi мен пайдаланылуы туралы есеп;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлiкпен басқару жөніндегі қызметi туралы есебi;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі өзге де деректер болуға тиiс.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есеп жасаудың нысандары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсе отырып бекiтедi.
130-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есептi табыс ету
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесе отырып жыл сайын ағымдағы жылдың 1 сәуiрiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Президентiне бекітуге табыс етедi.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есептi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткеннен кейiн оны ақпарат ретiнде Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есеп және аудит жүргiзудiң нәтижелерi туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
7-бөлім. Мемлекеттік қаржылық бақылау
27-тарау. Жалпы ережелер
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 131-бап толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
131-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылау ұғымы
Мемлекеттік қаржылық бақылау (сыртқы және iшкi) - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, олардың атқарылуы бойынша есепке алу мен есептiлiк жүргiзу, олардың атқарылуын бағалау, мемлекеттiң байланысты гранттарын, активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақшаны пайдалану бөлiгіндегі қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн тексеру.
132-бап. Осы бөлiмде пайдаланылатын ұғымдар
Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) сыртқы бақылау - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi, мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылау;
2) iшкi бақылау - iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган және iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылау;
3) бюджет қаражатын нысанасыз пайдалану - бюджеттік қаражаттарды бюджеттік бағдарламаның паспортында және бюджеттік бағдарламаны iске асыру жүзеге асырылатын нормативтiк құқықтық актiлерде көзделмеген iс-шараларға пайдалану;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4) негiзсiз пайдалану - бюджеттік қаражатты, байланысты гранттарды, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды, мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн, өз иелiгiнде қалатын ақшаны, мемлекет активтерiн Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдалану;
5) бюджет қаражатын тиiмдi пайдаланбау - республикалық және жергілiктi бюджеттердi атқару кезiнде тиiмдiлiк пен нәтижелiлiк принципiн сақтамау;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 6) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi - Қазақстан Республикасының Yкіметі, жергiлiктi атқарушы органдар, бюджетке түсетiн түсiмдердi алуға және бақылауға жауапты мемлекеттік органдар, республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, бюджеттік қаражатты алушылар, мемлекеттiң байланысты гранттарын, активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар;
7) мемлекеттік қаржылық бақылау органдары - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi және iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 8) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
8) iшкi бақылау қызметi - мемлекеттік органның, оның аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының республикалық және жергiлiктi бюджеттердi атқаруына, мемлекеттiң байланысты гранттарының, активтерiнiң, мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуден түсетiн өз иелiгiнде қалатын ақшаның пайдаланылуын бақылауды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган бөлiмшесi;
9) қаржылық есептiлiк - егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, нысаны мен көлемiн бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган айқындайтын мемлекеттік мекемелердiң қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және олардың қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпарат.
28-тарау. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың үлгiлерi,
түрлері, принциптері мен стандарттары
133-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың үлгiлерi
Мемлекеттік қаржылық бақылау мынадай үлгiлерге бөлiнедi:
1) сәйкестiкке бақылау жасау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсi қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн бағалау;
2) қаржылық есептiлiктi бақылау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң қаржылық есептiлiктi жасауының және табыс етуiнiң анықтығын, негiздiлiгiн және уақтылығын бағалау;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
3) тиiмдiлiктi бақылау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаттарын, мемлекет активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды, мемлекеттік мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткізуiнен түскен ақшаны, байланысты гранттарды үнемдiлiкпен, нәтижелiлiкпен және өнiмдiлiкпен пайдалануын тексеру мен бағалау.
134-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың түрлерi
Мемлекеттік қаржылық бақылау мынадай түрлерде жүзеге асырылады:
1) кешендi бақылау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң нақты кезеңдегi қызметiн жаппай әдiспен тексеру және бағалау;
2) тақырыптық бақылау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң нақты кезеңдегі қызметiн жекелеген мәселелер бойынша жаппай әдiспен тексеру және бағалау;
3) үстеме бақылау - мемлекеттік қаржылық бақылау объектісiне қатысты ақпарат алу қажеттiгiне байланысты үшiншi тұлғаларды бақылау, ол операциялардың бiрдейлiгiне қарай бiр-бiрiмен өзара байланысты құжаттарды салыстырып қарауды бiлдiредi. Yстеме бақылау тек қана мемлекеттік қаржылық бақылаудың негiзгi объектiсiмен өзара қатынастар мәселелерi бойынша және тексерiлiп отырған мәселе шеңберiнде жүргiзiледi.
135-бап. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың принциптерi мен стандарттары
1. Мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргiзу құпиялылық режимiн қамтамасыз ету ескерiле отырып, тәуелсiздiк, объективтiлік, анықтық, ашықтық, құзыреттiлiк, жариялылық принциптерi мiндеттi түрде сақталып жүзеге асырылады.
Тәуелсiздік принципi - мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының, iшкi бақылау қызметтерiнiң және олардың қызметкерлерi мен мүшелерiнiң тәуелсiздiгiне, бақылау функцияларын жүзеге асыру кезiнде олардың жүргiзiп жатқан бақылау iс-шарасының тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн кез келген араласушылыққа жол бермеу.
Бақылаудың объективтiлiк принципi - бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына қатаң сәйкестiлiкпен жүргiзу, мүдделер қақтығысына жол бермеу, бақылау нәтижелерi бойынша анықталған және құжаттармен расталған фактiлер негiзiнде ғана шешiмдер қабылдау.
Бақылау нәтижелерiнiң анықтық принципi - бақылау нәтижелерiн бухгалтерлiк, банктiк құжаттармен және мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсiнiң өзге де құжаттарымен растау.
Бақылаудың ашықтық принципi - бақылау нәтижелерiн баяндаудың айқындығы, мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Парламентiне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мәслихаттарға есеп беретiндiгi.
Құзыреттiлiк принципi - мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, iшкi бақылау қызметтерi қызметкерлерiнiң, мәслихаттардың тексеру комиссиялары мүшелерiнiң бақылауды сапалы жүзеге асыруы үшiн қажеттi кәсiби білімдер мен дағдылардың жиынтығы.
Жариялылық принципi - құпиялылық режимiн, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтамасыз етудi ескере отырып, бақылау нәтижелерiн жариялау.
2. Мемлекеттік қаржылық бақылауға қойылатын бiрыңғай талаптар мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарымен айқындалады.
3. Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi ішкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып әзiрлейдi және оларды Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi бекiтедi.
4. Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, мәслихаттардың тексеру комиссиялары, iшкi бақылау қызметтерi, олардың қызметкерлерi мен мүшелерi орындауға мiндеттi.
136-бап. Бақылау нәтижелерi бойынша қабылданатын актiлер
Бақылау нәтижелерi бойынша мынадай актiлер қабылданады:
1) қорытынды - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң және мәслихаттың тексеру комиссиясының бақылау актілері негiзiнде жасайтын құжаты;
2) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң қаулысы - Республикалық бюджеттiң атқарылуы жөніндегі есеп комитетiнiң отырысында алқалы негiзде қабылданатын және оның бақылау нәтижелерi бойынша барлық актілерінiң қолданылуын растайтын құжат.
Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң қаулысын ол арналған барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi. Қаулыны қабылдаудың тәртібі Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегі есеп комитетi туралы ережемен және оның регламентiмен айқындалады;
3) мәслихаттың тексеру комиссиясының қаулысы - белгiленген тәртiппен қабылданған және тиiстi жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын барлық атқарушы органдар мен тиiстi жергiлiктi бюджеттер қаражаттарын пайдаланатын немесе жергiлiктi бюджеттер қаражаттарын игерудiң барлық сатысында қаржылық қызмет көрсететiн ұйымдар орындауға мiндеттi құжат;
4) ұсыным - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен лауазымды адамдарға жұмыстағы кемшiлiктердi жою үшiн, сондай-ақ құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту мәселелерi бойынша жiберетiн құжаты;
5) нұсқама - iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органның басшысы өз құзыретi шегiнде қабылдаған және бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшiлiктердi жою туралы мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың лауазымды адамдарына мiндеттi түрде орындау үшiн жiберiлген, белгiленген нысандағы құжат;
6) бақылау актiсi - мемлекеттік қаржылық бақылау органдары, мәслихаттардың тексеру комиссиялары, iшкi бақылау қызметтерi бақылау нәтижелерi бойынша жасаған құжат;
7) бақылау жүргiзу туралы есеп - белгiлi бiр уақыт кезеңi iшіндегi бақылау бойынша жүргiзiлген жұмыс нәтижелерi туралы құжат.
29-тарау. Сыртқы бақылауды ұйымдастыру негіздері
137-бап. Сыртқы бақылау
Сыртқы бақылауды:
1) республикалық деңгейде - Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi;
2) жергiлiктi деңгейде мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асырады.
138-бап. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi мен мәслихаттардың тексеру комиссияларының өкiлеттiктерi
1. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады.
2. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетi:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң жұмысы туралы тоқсан сайын ақпарат бередi;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылауды талдауға, оның қорытындылары мен нәтижелерiне, салық және басқа да мiндеттi төлемдердiң толық және уақтылы түсуiне, бюджет қаражатының нысаналы және тиiмдi пайдаланылуына байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын, сондай-ақ басқа да жекелеген тапсырмаларды орындайды;
3) Қазақстан Республикасының Парламентiне ағымдағы жылдың 1 маусымына дейiн өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi табыс етедi, ол өзiнiң мазмұны жағынан Қазақстан Республикасы Үкіметінiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебi бойынша қорытынды болып табылады және Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткеннен кейiн ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады;
4) iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган табыс еткен республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау актілерін талдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиiстi iшкi бақылау қызметтерiне республикалық бюджеттiң атқарылуына iшкi бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар бередi;
5) республикалық бюджет қаражаттарын пайдалану мәселелерi жөніндегі мемлекеттік қаржылық бақылау объектiсi лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiнде қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзудың өзге де фактілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға бередi;
6) мемлекеттік бюджет саясатын iске асыруға қатысады;
7) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнiң республикалық бюджеттiң түсiмдерi мен шығыстарын атқару сәйкестiгiне, қаржы есептiлiгi мен тиiмділігiне бақылауды жүзеге асырады;
8) мемлекеттік қаржы бақылауы стандарттарының орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
9) сыртқы бақылау саласында кадрлардың біліктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды ұйымдастырады;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 10) тармақша толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)
10) мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, республикалық бюджеттен мемлекеттiң мiндеттемелерiн өтеуге арнап берiлген қаражаттардың, мемлекеттiң байланысты гранттарының, активтерiнiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
11) мемлекеттік органдар мен барлық меншiк нысанындағы ұйымдардың республикалық бюджетке түсiмдердiң толық және уақтылы түсуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне, сондай-ақ республикалық бюджеттен түскен сомалардың қайтарылуына бақылауды жүзеге асырады;
12) республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асырады;
13) республикалық бюджеттік бағдарламалардың (iшкi бағдарламалардың) атқарылу тиiмдiлiгi мен нәтижелiлiгiне баға бередi;
14) мемлекеттік және салалық (секторлық) бағдарламалардың iске асырылуының тиiмділігiне баға бередi;
15) бюджеттік инвестицияларды бақылауды жүзеге асырады;
16) республикалық бюджеттiң атқарылуына ықпал ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуы бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және енгiзедi;
17) Қазақстан Республикасының Үкіметінен, мемлекеттік органдардан, мемлекеттік қаржылық бақылаудың басқа да объектiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органнан республикалық бюджет қаражаттарының түсуi мен пайдаланылуының толықтығына қатысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттамалар мен ақпарат сұратады және алады;
18) республикалық бюджеттiң атқарылу мәселелерi жөніндегі мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының есептерiн тыңдайды;
19) Қазақстан Республикасының Президентiне мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтамауының анықталған фактілері бойынша ұсынымдар енгiзедi;
20) мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнен өзi белгiлеген мерзiмде республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер алады;
21) республикалық бюджет қаражатының нысаналы емес, негiзсiз және тиiмсiз пайдаланылуын анықтау және болғызбау жөнiнде осы Кодекске және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес шаралар қолданады;
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 22) тармақша толықтырылды
22) құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, республикалық бюджеттiң атқарылуы, байланысты гранттарды тарту және пайдалану мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысады;
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 23) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
23) республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын және, қажет болған жағдайда, республикалық бюджеттен осы мақсаттарға бөлiнген қаражат шегiнде олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тартады;
24) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
4. Мәслихаттың тексеру комиссиясы:
1) өзiнiң мазмұны жағынан жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы жергiлiктi атқарушы органның есебi бойынша қорытынды болып табылатын жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы есептi белгiленген мерзiмде мәслихатқа бередi және мәслихат бекiткеннен кейiн ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады;
2) мәслихат пен әкiмдiкке бақылау нәтижелерi бойынша жергiлiктi бюджет қаражаттарының нысаналы емес, негізсiз және тиiмсiз пайдаланылу фактілері жөнiнде, сондай-ақ жергiлiктi бюджеттi атқару жөніндегі жұмыстағы кемшілiктер туралы ақпарат бередi;
3) iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган табыс еткен жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына iшкi бақылау жүргiзу актілеріне талдау жасайды және жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына iшкi бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар бередi;
4) жергiлiктi атқарушы органдардың жергiлiктi бюджеттiң түсiмдерi мен шығыстарын атқару сәйкестігiне, қаржы есептiлiгi мен тиiмдiлiгіне бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының жергiлiктi бюджет қаражаттарын пайдалану кезіндегі iс-әрекеттерiнде қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзудың өзге де фактілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға бередi;
6) жергiлiктi мемлекеттік органдардың жергiлiктi бюджетке түсiмдердiң толық және уақтылы келiп түсуiне қатысты мәселелер жөніндегі қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
7) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына ықпал ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданысы жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және енгiзеді;
8) тиiстi жергiлiктi бюджет қаражаттарын пайдаланудың тиiмдiлiгiн бақылауды жүзеге асырады;
9) құпиялық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, жергiлiктi бюджеттiң атқарылу мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысады;
10) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнен белгiленген мерзiмде жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттар, анықтамалар, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер алады;
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
11) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге жергiлiктi мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын және, қажет болған жағдайда, жергiлiктi бюджеттен осы мақсаттарға бөлiнген қаражат шегiнде олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдар мен сарапшылар тартады;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
30-тарау. Iшкі бақылауды ұйымдастыру негіздері
139-бап. Iшкi бақылау
Iшкi бақылауды iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган және iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асырады.
140-бап. Iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi органның өкiлеттiктерi
Iшкi бақылау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган:
1) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын атқару сәйкестiгiне, қаржылық есептiлiгi мен тиiмдiлігіне бақылауды жүзеге асырады;
2) iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асыратын бақылау тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар бередi;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң нысаналы емес, негiзсiз және тиiмсiз пайдаланылуын анықтау, болғызбау және оған жол бермеу жөнiнде шаралар қолданады;
4) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiне, мәслихаттардың тексеру комиссияларына хабардар ету үшiн бақылаудың тиiстi жоспарлары мен актілерін жiбередi;
5) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерiне жiберiлген нұсқамалардың және бақылау iс-шараларының қорытындылары бойынша қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттарын пайдалану кезіндегі iс-әрекеттерiнде қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзудың өзге де фактілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға бередi;