Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы 2004 жылғы 10
наурыздағы № 533-II Қазақстан Республикасының Заңы
(2006.31.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен мәтіндегі «жергілікті атқарушы орган» деген сөздер «ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органын» деген сөздермен, «жергілікті атқарушы органның» деген сөздер «ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органының» деген сөздермен, «жергілікті атқарушы органға» деген сөздер «ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органына» деген сөздермен, «жергілікті атқарушы органы» деген сөздер «ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органы» деген сөздермен ауыстырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
Осы Заң өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агент - өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды қолдау үшiн бөлiнетiн бюджет қаражатын басқаруға арналған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мемлекет жүз процент қатысатын заңды тұлға;
2) бағалаушы (тәуелсiз сарапшы) - бағалау қызметiн жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
3) егiстiң толық жойылуы - өнiм алу мақсатында оны өсiру немесе жинау жөнiнде бұдан әрi қандай да бiр iс-әрекет жасау экономикалық тұрғыдан жөнсiз болып табылатын егiске қолайсыз табиғат құбылысы әсерiнiң салдары;
4) қолайсыз табиғат құбылысы - салдарынан өсiмдiк шаруашылығының өнiмi жойылған немесе бүлiнген (құрғақшылық, үсiк шалу, үсiп кету, жылудың жетiспеуi, шамадан тыс ылғалдану, бұршақ соғу, нөсер жаңбыр, боран, дауыл, су тасқыны, сел) табиғат құбылысы;
5) өсiмдiк шаруашылығы - өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердi - жеке және заңды тұлғаларды қамтитын ауыл шаруашылығы саласының өндiрiстер кешенi;
6) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шарты (бұдан әрi - сақтандыру шарты) - осы Заңда белгiленетiн талаптар бойынша сақтандырушы мен сақтанушының арасында жасалатын шарт;
7) өсiмдiк шаруашылығының өнiмдерi - ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәндi, майлы дақылдар, қант қызылшасы, мақта) өңдеу процесiнен алынған өнiм;
8) өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган - өсiмдiк шаруашылығын дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік орган;
9) сақтандыру жағдайы - басталуына орай мiндеттi сақтандыру шарты сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн оқиға;
10) сақтандыру сомасы - мiндеттi сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;
11) сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушы мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттемелер қабылдағаны үшiн сақтанушы сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
12) сақтандыру төлемi - сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;
13) сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе өзiнiң пайдасына шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттi заңды тұлға;
14) сақтанушы - өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өндiру жөніндегі қызметтi жүзеге асыратын және сақтандырушымен мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан тұлға;
15) шығындар нормативi - өсiмдiк шаруашылығының өнiм түрi өндiрiсiнiң бiр гектарына шаққанда жекелеген технологиялық процестер, жұмыс түрлерi және шығыстар баптары бойынша теңгемен көрсетiлген шығындар;
16) франшиза - сақтандырушыны белгiлi бiр мөлшерден аспайтын зиянды өтеуден босату.
2-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерде өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өсiру және өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн сақтау жөніндегі қызметке осы Заңның күшi қолданылмайды.
3-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың объектiсi
Сақтандыру жағдайы басталуының нәтижесiнде сақтанушының өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiру процесiнде шеккен ақшалай шығындарын iшiнара немесе толық өтеуге байланысты сақтанушының мүлiктiк мүдделерi өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың объектiсi болып табылады.
4-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың мақсаты
Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiнiң мүлiктiк мүдделерiн осы Заңда көзделген жағдайларда, мөлшерде және тәртiппен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы, өнiмнiң iшiнара немесе толық жойылуына әкеп соққан қолайсыз табиғат құбылыстарының зардаптарынан қорғауды қамтамасыз ету өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың мақсаты болып табылады.
5-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1 тармақ толықтырылды
1. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң осы Заңда белгiленген мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі мiндетiнiң орындалуына мемлекеттік бақылауды өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган:
1) өсімдік шаруашылығы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
2) өсімдік шаруашылығы саласында мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды әзірлейді және оларды іске асыруға қатысады;
3) Қазақстан Республикасының өсімдік шаруашылығы саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) өсімдік шаруашылығын дамыту үшін құқықтық және экономикалық жағдайларды жетілдіреді;
5) республикадағы және шетелдердегі өсімдік шаруашылығы саласындағы жай-күй ахуалын зерделейді;
6) агенттің қызметін, Қазақстан Республикасының өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заңнамасын оның сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
7) сақтанушылардың міндетті сақтандыру шарттарын жасасудан жалтаруы туралы істерді қарайды;
8) өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтандыру нарығына қатысушылардан және агенттен сұратады және алады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органы:
1) шаруашылық жүргізуші субъектілерін міндетті сақтандыруды ұйымдастырады;
2) өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтандыру нарығына қатысушылардан және агенттен сұратады және алады.
4. Сақтандыру ұйымдарының қызметiне мемлекеттік қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 5-1 - баппен толықтырылды
5-1-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру
саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру
тәртібi
Өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында:
1) агенттен өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылардың тиісті аумақтағы сақтандырылған өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түрлері көрсетілген тізбесін сұратады;
2) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылар тізбесіне кірмеген өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге сақтандыру шартының жасалғанын растау қажеттігі туралы хабарлама жолдайды;
3) өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіруші бір ай ішінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының жасалғанын растамаған жағдайда, осы өндірушіге тексеру тағайындау туралы нұсқама шығарады;
4) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жаза қолданады;
6-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезіндегі сақтандыру жағдайларының түрлерi
Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезіндегі сақтандыру жағдайларына қолайсыз табиғат құбылыстарының немесе олардың жиынтығының салдарынан сақтанушыда залалдардың туындауына әкеп соққан өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң жойылуы немесе бүлiнуi жатады.
7-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi
1. Сақтандыру сомасының мөлшерi осы Заңда айқындалған мiндеттi сақтандыру ерекшелiктерi ескерiле отырып жасалған шартта, өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрi бойынша жеке-жеке белгiленедi және сақтанушы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң осы түрiн өсiру жөніндегі шығындарды жүзеге асыратын барлық алқапқа көбейтiлген бiр гектарға жасалатын шығындар нормативiнен кем болмауға тиiс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі алқап бiрлiгiне жұмсалатын шығындар нормативтерiн жыл сайын бекiтедi.
2. Сақтандыру сомасын есептеп шығару шығындар нормативінің мынадай түрлерінің бірі бойынша:
1) ғылыми негізделген агротехнология;
2) оңайлатылған агротехнология;
3) шығындардың үш түрі бойынша:
жанар-жағар май материалдары;
тұқым;
жалақы арқылы жүзеге асырылады.
8-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн белгiлеу және оны төлеудiң тәртібі
1. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрi бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi мiндеттi сақтандыру шартымен белгiленедi, бiрақ ол осы Заңмен белгiленген сақтандыру тарифiнiң мөлшерiнен артық болмауға тиiс.
Сақтандыру төлемдерiн мемлекеттік субсидиялау ескерiле отырып, мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша сақтандыру сомасынан процентпен есептелген мынадай ең жоғары мөлшердегi сақтандыру тарифтерi белгiленсiн:
1) Дәндi дақылдар (облыс топтары бойынша):
№ | Облыстардың атауы | Сақтандыру тарифi %-пен |
1. | Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан | 3,48 |
2. | Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан | 5,83 |
3. | Ақтөбе, Батыс Қазақстан | 9,15 |
2) майлы дақылдар (бүкiл республика бойынша) - 3,44%;
3) қант қызылшасы (бүкiл республика бойынша) - 8,39%;
4) мақта (бүкiл республика бойынша) - 1,33%.
2. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудi сақтанушы жүргiзедi және ол өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң сақтандырылған түрiнiң өзiндiк құнына жатқызылады.
3. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру жөніндегі сақтандыру сыйлықақысын сақтанушы сақтандырушыға бiр мезгiлде немесе мiндеттi сақтандыру шартында белгiленетiн тәртiп пен мерзiмдерде мерзiмiн ұзартып төлейдi.
Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын, оны мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген бiр мезгiлде төлеу шартымен төлемеген жағдайда, мiндеттi сақтандыру шарты жасалмады деп есептеледi.
Мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеу жағдайларында сақтандыру сыйлықақысының кезектi сомасын уақтылы төлемеген жағдайда сақтанушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде сақтандырушыға тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
Егер сақтандыру жағдайы кезектi сақтандыру сыйлықақысы төленгенге дейiн не оның төлеу мерзiмi өтiп кеткенде басталса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн азайта отырып, төленбеген сақтандыру сыйлықақысының сомасын есепке алуға құқылы.
9-бап. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн белгiлеу және оны жүзеге асырудың тәртібі
1. Сақтандыру төлемi франшизаны қолданбай-ақ, сақтандыру сомасы шегiнде сақтанушы залалының мөлшерiнде жүзеге асырылады.
Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтандырушының франшизаны (шартты немесе шартсыз) белгiлеуiне жол берiлмейдi, ал ол белгiленген жағдайда жарамсыз деп есептеледi.
2. Залал көлемi мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарына жұмсалған шығындар нормативiнiң мөлшерi мен қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқапта өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарынан алынған, қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен өнiмнiң осы түрiн өндiру алқабына көбейтiлген кiрiс арасындағы оң айырмашылық ретiнде белгiленедi.
Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптардың мөлшерiн сақтанушының өтiнiшi бойынша ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органын құруға мiндеттi комиссия сақтанушының өтiнiшiн алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде белгiлейдi.
Комиссияның құрамына ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органының, өсiмдiк шаруашылығы саласындағы және жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік органдардың, агенттiң, сақтандырушы мен сақтанушының өкiлдерi кiредi.
Зерттеудiң нәтижелерi бойынша комиссия қолайсыз табиғат құбылысының әрбiр фактiсi және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша жеке-жеке тиiстi зерттеу актiсiн (бұдан әрi - зерттеу актiсi) ресiмдейдi.
Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптардан жиналған өнiмнiң көлемi өнiмдi жинау кезiнде мiндеттi түрде бағалануға жатады.
3. Кiрiс нақтылы, яғни оны алуға қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен, өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғаннан кейiн есептелiп шығарылатындай болуы мүмкiн.
4. Кiрiс бағаланатындай, яғни оны алуға қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен, өнiм жиналғаннан кейiн және өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғанға дейiн есептелiп шығарылатындай болуы мүмкiн.
Бағалау кiрiсiн сақтандырушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтанушы айқындайды. Келісімге келмеген жағдайда бағалау кiрiсiн бағалаушы (тәуелсiз сарапшы) айқындайды. Тараптар бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, өзгеше дәлелдеуге құқылы.
5. Өсiмдiк шаруашылығының өнiмi iшiнара ысырап болған жағдайда сақтандыру төлемi өнiм жинау аяқталған күннен бастап кемiнде бiр айдан соң, бiрақ бес айдан кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.
Бұл ретте кiрiс мынадай тәртiппен есептеледi:
1) егер алынған өнiм сатылса, осы баптың 3-тармағына сәйкес;
2) егер алынған өнiм сатылмаса, осы баптың 4-тармағына сәйкес;
3) егер алынған өнiм iшiнара сатылса, осы баптың 3-тармағына сәйкес, ал өнiмнiң сатылмаған бөлiгiне кiрiс осы баптың 4-тармағына сәйкес есептеледi.
6. Егiстер толық жойылған жағдайда комиссияның қорытындысынан кейiн сақтандырушы он жұмыс күнi iшiнде сақтанушыға толық көлемде сақтандыру төлемдерiн төлеуге мiндеттi.
Егiстердiң толық жойылғандығын мiндеттi түрде тиiстi зерттеу актiсiн жасай отырып, комиссия белгiлейдi.
7. Агенттiң сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлiгiн сақтандырушыға бюджет қаражатынан өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
10-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемдерi туралы талапты сақтандырушы жазбаша нысанда сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттармен қоса ұсынады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді
2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тапсырылады:
мiндеттi сақтандыру шартының көшiрмесi;
өтініш жасалған күннен бастап бір күндік мерзімде сақтанушыға тегін берілетін, гидрометеорологиялық қызмет органы мен (немесе) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның өз құзыретiне сәйкес қолайсыз табиғат құбылысы фактiсiн растайтын анықтамасы;
осы Заңның 9-бабының 2-тармағына сәйкес жасалған зерттеу aктici;
тiзбесi мiндеттi сақтандыру шартында белгiленетiн, нақты кiрiстiң алынғанын растайтын құжаттар, ал олар болмаған жағдайда бағалаушының (тәуелсiз сарапшының) кiрiстi бағалау жөніндегі есебi.
Сақтандырушының сақтанушыдан басқа да құжаттарды қосымша талап етуiне жол берiлмейдi.
Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасу нысанында жоспарлы тексеру жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау жылына бір рет жүзеге асырылады.
Жоспарлы тексеруді жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күнді құрайды.
Тексеру тағайындау туралы акті тексерілетін кәсіпкерлік субъектісіне берілген сәт тексеру жүргізудің басталуы болып саналады.
3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы сақтанушыға құжаттардың толық тiзбесiн және олардың қабылданған күнiн көрсете отырып, анықтама беруге мiндеттi.
11-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi
1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
қажеттi қорғаныс және аса қажеттiлiк жағдайында жасалған iс-әрекеттердi қоспағанда, сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;
сақтанушының Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекеттерi салдарынан болса, сақтанушыға сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн, сондай-ақ мыналар:
сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлауы;
сақтанушының сақтандыру жағдайының залалдарын азайту жөніндегі шараларды қасақана қабылдамауы;
сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тексеруге және оған келтiрiлген залалдың мөлшерiн белгiлеуге кедергi жасауы;
егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталғанын уақтылы бiлгенi не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң болмауы оның сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпегенi дәлелденбеген жағдайда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарланбауы;
осы Заңның 15-бабы 2-тармағының алтыншы абзацында белгiленген мерзiмдердi бұза отырып, қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған алқаптардың мөлшерiн анықтау жөніндегі комиссияны құру туралы ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органына өтiнiш беруi;
Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.
3. Сақтандыру төлемiнен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және осы Заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттар тапсырылған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде сақтанушыға бас тарту себептерiн жазбаша нысанда дәлелдi негiздеме келтiре отырып, хабарлайды.
4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргiзуден бас тартуына сақтанушы сотқа шағым жасауы мүмкiн.
12-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттік қолдау
1. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттік қолдау сақтандырушыларға қолайсыз табиғат құбылыстарының нәтижесiнде туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң елу процентiн өтеу үшiн өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органға тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.
2. Бюджеттiң атқарылуы жөніндегі орталық уәкiлеттi орган шарттың негiзiнде өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретiн қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшiн агентке арнайы шот ашады.
Мiндеттi сақтандыру жүйесiн дамытуға жағдай жасау үшiн қаражат арнайы шоттан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі депозитке орналастырылуы мүмкiн.
Арнайы шоттың кiрiс бөлiгi өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттік қолдауға бөлiнген бюджет қаражаты және уақытша бос сақтандыру сомаларын депозитке орналастырудан түскен кiрiстер есебiнен құралады.
Арнайы шоттың шығыс бөлiгi депозитке орналастырылған сомаларды, сақтандырушыларға сақтандыру төлемдерiнiң және агент көрсеткен қызмет ақысының шығыстарын қамтиды.
Арнайы шоттағы қаражаттың қаржы жылының соңындағы қалдығы бюджетке қайтарылуға жатпайды.
3. Арнайы шоттағы ақшаны пайдаланудың тәртібі, сондай-ақ уақытша бос қаражатты депозитке орналастырудың рәсiмi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен айқындалады.
4. Агент көрсеткен қызметтерге бюджет қаражатынан ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
13-бап. Өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы талап қою тәртібі
1. Агентке өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы қойылатын талапты сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттарды қоса тiркей отырып, жазбаша өтiнiш нысанында ұсынады.
2. Өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса тiркелуге тиiс:
өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартының нотариат куәландырған көшiрмесi;
өндiрiлген сақтандыру төлемiн растайтын құжаттар (төлем тапсырмасы-түпнұсқа, шығыс ордерi - нотариус куәландырған көшiрме);
комиссияның барлық мүшелерi қол қойған тексеру актiсi;
гидрометеорологиялық қызмет органы мен (немесе) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның өз құзыреттерiне сәйкес қолайсыз табиғат құбылысы фактiсiн растайтын анықтамасының нотариат куәландырған көшiрмесi;
сақтандырушы растаған бағалау кiрiсiн бағалау туралы құжаттың көшiрмесi.
3. Сақтандырушы агентке көрiнеу жалған мәлiметтердi немесе өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеуге байланысты құжаттарды хабарлаған және (немесе) берген жағдайда агенттiң сақтандырушыға өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеуден бас тартуға құқығы бар.
14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Сақтандырушы:
қолайсыз табиғат құбылысы басталған жағдайда сақтанушының өтiнiшi бойынша ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органын құрған комиссияның құрамына қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптарды анықтау жөнiнде зерттеу жүргiзу үшiн өз өкiлiн жiберуге;
сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушымен және бағалаушымен (тәуелсiз сарапшымен) бiрлесе отырып, қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған өсiмдiк шаруашылығындағы өнiмнiң нақтылы және (немесе) бағалау кiрiсiн белгiлеу жөніндегі жұмысты жүргiзуге;
құзыреттi ұйымдардан сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн растайтын құжаттарды сұратуға;
сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау үшiн қатыстырылған жағдайда бағалаушының (тәуелсiз сарапшының) есеп-қисаптарын пайдалануға;
агенттен сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiнiң өтемiн бюджет қаражатынан алуға;
өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және оларды агентке енгiзуге;
бағалау кiрiсiн дербес немесе бағалаушыны (тәуелсiз сарапшыны) қатыстыра отырып айқындауға құқылы.