Қазақстан Республикасының Заңы
Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы
(2007.11.01. берілген толықтыруларымен)
ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексімен күші жойылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын іске асыруға қатысуын регламенттейді.
1-тарау.
Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) анатомиялық сый - іс-әрекетке қабілетті адамның өз денесінің бөліктерін, органдарын және тіндерін тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де жазбаша өкім жасау арқылы өз еркімен құрбандыққа беруі;
2) бас миының біржола семуі - үлкен ми сыңарын, діңін, көпіршесін, орта ми мен мишықты қоса алғанда, мидың бүкіл қатпарының семуімен қатар жүретін, бас миы жүйке клеткаларының интегралдық функцияларын толық жоғалтуы;
3) биологиялық өлім - өмірлік маңызды функциялар біржола тынатын, организм тіршілігінің тоқтауы;
4) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік әл-ауқаттылық жағдайы;
5) денсаулық сақтау - халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған саяси, экономикалық, медициналық, әлеуметтік және басқа да іс-шаралардың кешені;
6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттар айналымы, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) диагностиканың инвазиялық әдістері - адам организмнің ішкі ортасына ену жолымен жүзеге асырылатын зерттеудің көмегімен ауруды диагностикалау әдістері;
8) донор - донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (шәует, аналық клетка) алу жүргізілетін, сондай-ақ реципиентке транспланттау үшін тіндер және (немесе) органдар (органдардың бөліктері) алынатын адам, адамның мәйіті, жануар;
9) клиникаға дейінгі зерттеулер - адамның денсаулығы үшін ерекше әсер етуін және (немесе) қауіпсіздігін зерттеу мақсатында сыналатын затты зерттеу жөніндегі химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа эксперименттік ғылыми зерттеулер немесе зерттеулер сериясы;
10) клиникалық сынау - зерттелетін дәрілік препараттың клиникалық, фармакологиялық және (немесе) фармакодинамикалық әсерін анықтау немесе растау және (немесе) оған барлық жанама әрекеттесулерді анықтау және (немесе) оның қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін оның сіңуін, таралуын, биотрансформациялануы мен шығарылуын зерделеу мақсатында сыналушы ретінде адамның қатысуымен жүргізілетін зерттеу;
11) консилиум - кемінде үш дәрігердің қатысуымен диагноз қою, емдеу тактикасын айқындау және ауруды болжау мақсатында науқас адамды зерттеу;
12) медициналық-биологиялық эксперимент - әртүрлі сырқаттардың пайда болу заңдылықтарын, олардың өрбу тетіктерін анықтау, профилактика мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеу және олардың тиімділігін тексеру;
13) медициналық есепке алу - пациенттің ауруына, жүктілігіне және өмірі мен денсаулығына қатысты басқа да жағдайларына байланысты профилактикалық мақсатта медицина қызметкеріне баруын денсаулық сақтау ұйымында тіркеу;
14) пациенттердің құқықтарын қорғау - пациенттердің медициналық сипатта көрсетілетін қызметтерді уақтылы, сапалы әрі қолжетімді түрде алуын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешені;
15) пациент - көрсетілетін медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке адам;
16) реципиент - донорлық қан немесе оның компоненттері құйылатын, ер немесе әйел адамның донорлық материалы (шәует немесе аналық клетка) енгізілетін не донордан алынған орган (органның бөліктері) немесе тіндер транспланттау жасалатын пациент;
17) сектораралық өзара іс-қимыл - мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтың денсаулығын сақтауға және медициналық қызметтердің жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге бағытталған үйлестірілген бірлескен жұмысы;
18) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын медициналық қызметтердің бірыңғай тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің көлемі;
19) транспланттау - тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу, сіңістіру;
20) тін компоненттері - дәрілік заттарды және басқа да биологиялық жұғымды қоспаларды дайындау кезінде пайдаланылатын тіннің немесе органның құрамдас бөліктері;
21) тін үйлесімділігі - органикалық тіндердің өздерінің басқа организмнің тіндеріне сіңістірілуіне әсер ететін иммунологиялық қасиеттері;
22) эвтаназия - аурудың беті бері қарамайтын жағдайда, науқастың қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, соның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қанағаттандыру.
2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтардың
денсаулығын сақтау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерi
Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаты мынадай негізгі принциптердің:
1) медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы;
2) мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсетуді қамтамасыз ету;
4) денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі медициналық көмектің профилактикалық бағыттылығы;
5) сектораралық өзара іс-қимыл жасау;
6) пациенттердің құқықтарын қорғау негізінде жүргізіледі.
4-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтауды ұйымдастыру
1. Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтауды мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар қамтамасыз етеді.
2. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің қолжетімділігін және азаматтардың оны алуын:
1) уәкілетті орган;
2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары;
3) тиісті мемлекеттік тапсырысы бар денсаулық сақтау ұйымдары мен жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар қамтамасыз етеді.
5-бап. Қазақстан Республикасында азаматтардың
денсаулығын сақтау саласындағы қоғамдық
бірлестіктер
Дәрігерлер мен провизорлардың, орта медициналық қызметкерлердің, медициналық және фармацевтикалық өнім өндірушілердің кәсіптік одақтары, қауымдастықтары және басқа да қоғамдық бірлестіктер азаматтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге өздерінің жарғыларына сай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысады.
6-бап. Жұмыскерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды
қамтамасыз ететін жағдайлар жасау үшін жұмыс
берушілердің жауапкершілігi
1. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау үшін жауапты.
2. Жұмыс берушілер жұмыскерлердің міндетті және мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтуін ұйымдастыру үшін жауапты болады.
7-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық
салауаттылығын және радиациялық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету
1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылығы және радиациялық қауіпсіздігі мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іс-шаралар жүргізуі арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекет бүгінгі және келешек ұрпақтардың денсаулық жай-күйіне теріс әсер етпейтін қолайлы қоршаған ортаның сақталуын қамтамасыз етеді.
3. Қазақстан Республикасы облысының (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары аурулардың профилактикасы мақсатында, медициналық-санитарлық, экологиялық, табиғи, техногендік, өндірістік сипаттағы анықталған факторлардың адамдардың өмірі мен денсаулығына әсері жөнінде халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
4. Әскери-медициналық және басқа да медициналық қызметтер уәкілетті органды және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарын осы баптың 3-тармағында санамаланған, анықталған факторлар туралы хабардар етіп отырады.
2-тарау.
Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы
қатынастарды мемлекеттік реттеу
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің азаматтардың
денсаулығын сақтау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкіметі:
1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді;
3) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды бекітеді;
4) өз құзыреті шегінде азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
5) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесін бекітеді;
6) әлеуметтік жағынан елеулі аурулардың және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберудің ережесін бекітеді.
9-бап. Уәкілетті органның құзыретi
Уәкілетті орган:
1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың қалыптасуы мен іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) азаматтардың денсаулығын сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларды іске асыру жөніндегі салааралық үйлестіруді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
3) профилактикалық медициналық тексеріп-қарау жүргізудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
4) амбулаториялық емдеу кезінде дәрілік заттар және балалар тағамы мен емдік тағамның арнаулы өнімдері рецепттер бойынша тегін немесе жеңілдікті жағдайда босатылатын аурулар түрлері мен халықтың жекелеген санаттарының тізбесін әзірлейді және бекітеді;
5) денсаулық сақтаудың мемлекеттік емес секторында емдеуге тыйым салынатын аурулардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
6) уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақты немесе анықтаманы берудің тәртібін белгілейді;
7) жыныстық сәйкестігінде ауытқушылық бар адамдарды медициналық куәландыру және олардың жынысын ауыстыруды жүргізудің ережесін әзірлейді және бекітеді;
8) профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолданудың тәртібін айқындайды;
9) диагностика мен емдеудің мерзімді хаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
10) клиникаға дейінгі зерттеулерді, медициналық-биологиялық эксперименттерді және клиникалық сынауларды жүргізудің тәртібін айқындайды;
11) тіндерді және (немесе) органдарды (органдардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға, мәйіттен адамға және жануардан адамға транспланттаудың тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
12) балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастыруға медициналық жарамсыздықтың тізбесін айқындайды;
13) дәстүрлі емес медицина (халық медицинасы) мамандарының қызметін бақылайды;
14) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаларды әзірлейді;
15) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесін әзірлейді;
16) әлеуметтік жағынан елеулі аурулар мен айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін әзірлейді;
17) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберудің ережесін әзірлейді.
2007.11.01. № 218-III ҚР Заңымен 18) тармақшамен толықтырылды
18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді.
10-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті мемлекеттік басқару
органдарының азаматтардың денсаулығын сақтау
саласындағы құзыретi
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларын бекітеді;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары:
1) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы өңірлік бағдарламаларды әзірлейді және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкілді органдарының бекітуіне енгізеді;
2) өз құзыреті шегінде азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық), өңірлік бағдарламаларды іске асырады;
3) денсаулықты нығайту, дені сау ұрпақ әкелу, аурулардың профилактикасы үшін қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бағыттарды қоспағанда, тиісті аумақтағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау саласындағы басқа да іс-шараларды жүзеге асырады;
5) бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру қозғалысын дамытуды және халықтың салауатты өмір салтын ұстануға қатысуын ұйымдастырады;
6) белгіленген мемлекеттік стандарттарды сақтай отырып, халыққа алғашқы медициналық-санитарлық, білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрімен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік жағынан елеулі аурулар мен айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың профилактикасы мен оларды емдеуді ұйымдастырады.
3-тарау.
Азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ
адамдардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары
мен міндеттерi
11-бап. Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітетін тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға;
2) өздерінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздері есебінен тегін медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтерге;
3) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге;
4) бюджет қаражаты есебінен шетелде медициналық көмек алуға;
5) уақытша еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыруға;
6) санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық салауаттылыққа және радиациялық қауіпсіздікке;
7) сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуға;
8) медициналық көмек көрсетілуінің барлық кезеңінде оның сабақтастығына құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға тиіс.
2. Азаматтар жедел медициналық көмекпен тегін қамтамасыз eтіледі.
3. Денсаулық сақтау субъектілерінен ақылы медициналық көмек алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген негіздерде және тәртіппен жүргізіледі.
4. Уақытша еңбекке жарамсыздық фактісі құжатпен - уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақпен немесе анықтамамен куәландырылады.
Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ азаматтарға жұмыстан босауға және уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы алуға құқық береді.
Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама азаматтарға жәрдемақы алмай жұмыстан босауға құқық береді.
5. Психикалық аурулары бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестігінде ауытқушылық бар адамдар жынысын ауыстыруға құқылы.
6. Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын қорғау саласындағы құқықтары арнаулы заңмен реттеледі.
12-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтауға
құқығы
1. Ана болуды мемлекет қорғайды және көтермелейді.
2. Жүкті әйелдер медициналық көмек сұраған кезде тұратын жеріне қарамастан, жүктілікті сақтау мен бала туу бойынша тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде тегін консультация алуға, тексерілуге, емделуге және диспансерлік бақылауда болуға құқылы.
Жүкті әйелдер ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына әсері болатын аурулардың жекелеген түрлерін амбулаториялық деңгейде емдеу үшін дәрілік заттармен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тегін қамтамасыз етіледі.
3. Әйел ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, ықтиярсыз жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін epікті түрде таңдауға құқылы.
4. Ана болуды қорғау:
1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерді тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде жыл сайынғы медициналық тексеріп-қарау, диспансерлеу және сауықтыру жүргізу;
2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсері болатын негізгі ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.
5. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы, еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
13-бап. Балалардың денсаулық сақтауға құқығы
1. Мемлекет балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді, олардың дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайларына құқықтарын іске асырады.
2. Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер арнаулы медициналық және балаларды оңалту, сауықтыру ұйымдарының желісін дамытуды қамтамасыз етеді және олардың қызметі үшін қажетті жағдайлар жасайды.
3. Балалардың міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтіп тұруға және тұрақты диспансерлік бақылауда болуға, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге және сауықтырылуға құқығы бар.
4. Амбулаториялық емдеу кезінде балалардың жекелеген санаттары аурулардың кейбір түрлері бойынша Қазақстан Республикасының дәрілік заттар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
5. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:
1) дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж үш жасқа дейінгі балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға ауырып қалған баланы күтіп-бағуға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады.
Біреудің күтіп-бағуына мұқтаж үш жастан асқан балалар ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;
2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін стационарда болған барлық кезеңде медициналық ұйымдағы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
6. Мектеп жасындағы балалар стационарлық, қалпына келтіру, санаториялық емделу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқылы.
7. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ АҚТҚ инфекциясын жұқтырған, ЖҚТБ-мен ауыратын, кәмелетке толмаған балалардың білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында тегін әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
8. Балалардың өздерінің денсаулығын қорғау саласында білім алуға және тәрбиеленуге құқығы бар.
9. АҚТҚ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлері мен жалпы мақсаттағы оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуға құқығы бар.
14-бап. Азаматтардың өз денсаулығының жай-күйі және
денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы
ақпарат алу құқығы
1. Азаматтардың:
1) осы Заңның 29-бабының ережелерін сақтаған кезде ұсынылатын, өз денсаулығының, жұбайы (зайыбы), жақын туыстары денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат алуға;
2) аурудың профилактикасы, диагностикасы, ауруды емдеу және медициналық оңалту әдістері туралы, қоршаған ортаның жай-күйі, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде ең анық ақпаратты тегін алуға;
3) дәрілік заттарды бөлшек саудада сатумен айналысатын фармацевтикалық қызмет объектілерінен және (немесе) субъектілерінен, сондай-ақ медициналық ұйымдардан дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ақпарат алуға;
4) денсаулық сақтау ұйымдарынан емдеудің ықтимал әдістері, тәсілдері және клиникалық сынаулардың салдары туралы ақпарат алуға құқығы бар.
2. Азаматтың денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты тексеру және (немесе) емдеу жүргізетін медицина қызметкері осы Заңның 29-бабының ережелері сақталған кезде тікелей науқасқа, оның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына, заңды өкілдеріне береді.
3. Азаматтың өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттамамен танысуға және сол бойынша басқа мамандардан консультациялар алуға құқығы бар. Егер медициналық құжаттарда үшінші тараптың мүддесі қозғалмаса, азаматтың талабы бойынша оған өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттардың көшірмелері беріледі.
15-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық
қызметкерлері мен лауазымды адамдарының
әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) азаматтардың
шағымдану құқығы
1. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаған азаматтар денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызметкерлері мен лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) уәкілетті органға не сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
2. Азаматтардың уәкілетті органның қорытындыларына келіспеушілік білдіріп, көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына сараптама жасауға тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.
16-бап. Азаматтардың медициналық көмек
алудан бас тарту құқығы
1. Осы Заңның 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың немесе оның заңды өкілінің медициналық көмек алудан бас тартуға құқығы бар.
2. Медициналық көмек алудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкіліне, аурудың ықтимал салдары туралы түсінікті түрде түсіндірілуге тиіс.
3. Медициналық көмек алудан бас тарту, оның ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазу арқылы ресімделеді және оған азамат не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.
Азамат не оның заңды өкілі медициналық көмек алудан бас тартуға қол қоймаған жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазуды медицина қызметкері жүзеге асырады және қол қояды.