5. Бюджеттік кредит беру
Бюджеттік кредит беру саясаты экономика саласында шешiмдердi қабылдау рәсiмдерiне қойылатын талаптардан туындайды.
2006-2008 жылдарға арналған бюджеттік кредит берудiң мақсаттары экономика салаларында бәсекелi ортаны қалыптастыру әрi дамыту, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады. Бюджеттік кредит беру мемлекеттік және салалық (секторалдық) даму бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады және олардың уақыттық шеңберлерi болады.
Бюджеттік кредиттер мынадай негiзгi бағыттар бойынша берiледi:
инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыру;
мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
жергiлiктi атқарушы органдарға, оның iшінде жергiлiктi бюджеттердiң кассалық алшақтығын жабуға кредит беру;
қаржы агенттiктерi мәртебесi бар қаржылық даму институттарына кредит ресурстарын беру.
Жүргiзілетiн сыртқы саясатқа қарай бұдан былай қарыз алушылардың санаттары шетелдік мемлекеттермен толықтырылуы мүмкiн.
Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға бюджеттік кредиттер алу нысанында ғана жүзеге асырылатын болады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың кредит саясаты тек мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк даму бағдарламаларын iске асыруға ғана шоғырландырылады. Жергiлiктi бюджеттерден бюджеттік кредит беру қарыз берушi банктер мен қаржы агенттігi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы агенттіктерi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдарына бюджеттік кредит берудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда нақты қаржылық даму ұйымына кредит беруге қаражат көздей отырып, осы орайда бұл қаражатты пайдаланудың мақсаттары мен бағыттарын айқындай отырып, кредит ресурстарын беру жолымен жүзеге асырған орынды.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 2005-2006 жылдары 84 млрд. теңге сомасында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне жеңiлдiктермен кредит беру және жергіліктi атқарушы органдарға тұрғын үй салуға сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша бюджеттік кредит беру, сондай-ақ 2007 жылы 2005 жылы кредитке берілетiн 42 млрд. теңгенi қайта инвестициялау жүзеге асырылатын болады.
Орта мерзiмдi перспективада кредит қаражатын тиiмдi пайдалануға, кредиттердi қайтару жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жоғарылатуға, қарыз алушылардың бюджет алдындағы мерзiмi өткен берешектерiн азайтуға жәрдем ететiн бюджеттік кредит беру рәсiмдерi мен тетiктерiн жетiлдiру жалғасатын болады.
Орта өлшемдi қарыз алу ставкасының болжанып отырған төмендеуiне байланысты түпкiлiкті қарыз алушылар үшiн пайыздық ставкаларды азайту мүмкiндiгi пайда болады, бұл кейiннен сыйақы ставкасын өтеу практикасынан бас тартуға мүмкiндiк бередi.
6. Қаржы активтерiмен жасалатын операциялар
Орта мерзiмдi перспективада мемлекеттік активтердi басқару саласындағы мемлекеттік саясат экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытуды, соның iшiнде мемлекеттік меншiктiң мақсаты әрi тиiмдi пайдаланылуын бақылау жүйесiн қалпына келтiру және күшейту, мемлекеттік меншiктiң құрылымын оңтайландыруды жүзеге асыру жолымен реттеуге бағытталған.
Қаржы активтерiн сатып алу экономиканың стратегиялық салаларына мемлекет тарапынан елдiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды тиiмдi дамытуға бағытталған тиiстi бақылау орнату құралдарының бірi болып табылады.
Мемлекеттік меншiкке заңды тұлғалардың акцияларын, қатысу үлестерiн сатып алу Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мүлiктi басқару және жекешелендiру тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Жалпы мемлекеттік мiндеттердi орындау мақсатында экономиканың стратегиялық салаларында жұмыс iстейтiн, бірақ меншiк иелерiн тиiмдi басқармайтын кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi, сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік маңызды кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi сатып алу (иелiкке алу) объектiлерi ретiнде танылатын болады.
Халықаралық ұйымдардың бағалы қағаздарын сатып алу қолданыстағы заңдар шеңберiнде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының мүдделерiн халықаралық деңгейде қорғауға бағытталады.
Мемлекеттің қаржы активтерi - акциялардың мемлекеттік пакеттерiн, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың және мемлекеттік меншiктiң өзге де объектілерінiң қатысу үлестерiн сату - тиiсті бағдарламалық құжаттарды iске асыру шеңберiнде белгiлi бір салалар мен нақты кәсiпорындарға қатысты жекешелендiру мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Бюджетаралық қатынастар
Орта мерзiмдi кезеңдегі бюджетаралық қатынастар саясатының негізгi мақсаты мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерiне бекiтілiп берiлген мемлекеттік қызметтердi толық көрсетуi және өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыруы үшін оларды жеткiлiктi қаржы қаражатымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бюджетаралық қатынастар Бюджет кодексiнде белгiленген қағидаттардан және түсiмдер мен шығыстардың бюджет деңгейлерi арасында бөлiнуiнен бастау алады әрi өзара қатынастардың, ең алдымен, облыс-аудан деңгейіндегі анықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әрбір басқару деңгейiнiң дербестiгiн күшейтуге, сондай-ақ тиiмдi бюджет саясатын жүргiзуге бағытталған.
Бюджет кодексiне сәйкес бюджетаралық қатынастар ресми трансферттер мен бюджеттік кредиттер арқылы, облыстық және аудандық бюджеттер арасында, сондай-ақ кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттелетiн болады.
Ресми трансферттер жалпы сипаттағы ресми трансферттер, ағымдағы мақсатты трансферттер, дамуға мақсатты трансферттер болып бөлiнедi.
Аумақтардың экономикалық дамуының тым күшті саралануы салдарынан кiрiс базасының өңiрлер арасында біркелкi бөлiнбеуiне байланысты халықтың мемлекеттік сектордың қызметтер көрсетуiне тең қол жеткізуiне жету үшiн өңiрлердiң бюджеттік қамтамасыз етiлу деңгейiн теңестіру саясаты жүргiзiледi.
2005 жылдан бастап үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемiн айқындау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi негізiнде жүргiзіледi.
Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың 2005-2007 жылдарға арналған көлемi Қазақстан Республикасының Заңымен, ал облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттері арасында - абсолюттi көрiнiсте облыстық мәслихаттардың шешiмдерiмен бекітілген. Бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың көлемi әр үш жыл сайын өзгертiлуi тиiс, осыған байланысты 2007 жылы 2008-2010 жылдарға арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемi туралы Қазақстан Республикасы Заңының және облыстық мәслихаттар шешiмдерiнiң жобалары әзiрленедi.
Орта мерзiмдi кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың мөлшерiн бекіту тұрақтылығы жергілiкті атқарушы органдардың салық әлеуетiн ұлғайтуға мүдделілiгiн, жергiлiктi бюджеттердің шығыстарын жоспарлаудың анықтығын қамтамасыз етедi. Жергілiкті атқарушы органдар республикалық бюджет жобасының жасалуын күтпей, жергіліктi бюджет жобасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкiндiк алады.
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңiнде мақсатты ағымдағы трансферттер бюджетаралық қатынастарды реттеу құралы болады.
Алдағы кезеңде төмен тұрған бюджеттерге қосымша функциялардың шығасыларды тиiстi өтеусiз жүктелуiне жол бермеу қағидаты қатаң сақталады.
Жоғары тұрған органдар жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңiнде жергiлiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюына немесе кiрiстерiнiң азаюына әкеп соғатын нормативтiк құқықтық актілердi қабылдаған жағдайда, төмен тұрған бюджеттердің шығасыларын өтеу мақсаты ағымдағы трансферттердi бөлу жолымен жүргiзіледi.
2005 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласы қызметкерлерiнiң жалақысы орта есеппен 32%-ға, 2007 жылдан бастап 30%-ға көтерiледi, сондай-ақ кәсiптiк орта білім беретiн ұйымдар оқушыларының стипендия мөлшерi екі еседен астам ұлғайтылады.
Жалақы мен стипендияның көтерілуiне байланысты шығасыларды өтеуге республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген.
Ағымдағы нысаналы трансферттер қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік, салалық (секторалдық) немесе өңiрлiк бағдарламаларды орындауға берiлетiн болады.
Нысаналы даму трансферттерi мемлекеттік, салалық (секторалдық) бағдарламаларды көзделген жергілiктi бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн беріледi.
Бұл ретте төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерiн беру, олардың көлемi өңiрлердің білім беру мен денсаулық сақтаудың басымды мекемелерi желісімен, сумен жабдықтау қызметтерiнiң көрсетiлуiмен қамтамасыз етілу деңгейін теңестіру мiндеттерiмен өзара байланысты болады.
Бюджеттік даму бағдарламаларының орта мерзiмдi кезеңге арналған жергiлiктi деңгейдегі басымды бағыттары білім беру, денсаулық сақтау, ауыз сумен жабдықтау объектілерiн салу және тұрғын үй салу болады.
Нысаналы трансферттердi тек мақсатты бағытына сәйкес пайдалану мүмкiндiгiне байланысты, оларды пайдалану тиiмдiлiгін бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылатын болады.
Алдағы үш жылдық кезеңде билiктi одан әрi орталықсыздандыруға, мемлекеттік басқару жүйесін реттеуге және оның тиiмділігін арттыруға бағытталған атқарушы билiк реформасы жалғасады. "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және Жергiлiктi өзiн өзi басқаруды қолдаудың және дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленедi.
2006 жылдан бастап мәслихаттардың бақылау өкілеттiктерiн кеңейту көзделіп отыр.
Бюджетаралық қатынастар саясаты жүргiзiлген жұмыс нәтижелерiмен үйлестiрiледi.
8. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышты басқару
Мемлекеттік және мемлекет кепілдiк берген борыш мемлекеттiң көптеген мемлекеттік бюджет, инфляция деңгейi, шетелдiк инвестициялар, төлем балансы, ақша-кредит саясаты және валюта жүйесi сияқты құрамдауыштарына ықпал ететiн, оның қаржы жүйесiнiң негiзгі бөлiгі болып табылады.
Елдiң iшкi экономикалық тұрақтылығы және Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы рыноктарындағы ұстанымы мемлекеттік борышты тиімдi басқаруға байланысты. Сыртқы берешек дағдарысы экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік-саяси сипаты бар келеңсіз салдары болуы мүмкін.
2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша үкiметтiк борыш 586,4 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 10,6 %) немесе 4,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Мемлекет кепілдік берген борыш 82,3 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 1,5%) немесе 0,6 млрд.теңге АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Республикасының үкiметтiк және мемлекет кепiлдiк берген борышы 668,7 млрд.теңге (ЖIӨ-ге 12,1%) немесе 5,1 млрд.теңге АҚШ долларын құрады.
ЖІӨ-ге қатысты үкіметтік борыш 2000 жылдан бастап төмендейді және болжамдар бойынша осы үрдіс сақталатын болады.
Үкіметтік борыштың құрылымындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің ішкі борышының үлесі 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 39,4% (231,1 млрд.теңге немесе 1,8 млрд. АҚШ доллары) құрады, Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы борышының үлесі 60,6% (355,3 млрд. теңге немесе 2,7 млрд. АҚШ доллар) құрады.
Үкіметтік борыштың құрылымындағы сыртқы борыш үлесі де азаю үрдісіне ие.
2005 жылғы 1 қаңтарға үкiметтiк борыштың iшкi құрылымында жалпы көлемнiң (205,5 млрд.теңге немесе 1,6 млрд. АҚШ доллары) 89%-ын мемлекеттік орта мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер (МЕОКАМ), 9% - мемлекеттік қысқа мерзiмдi қазынашылық мiндеттемелер (МЕККАМИ) құрады.
2005 жылғы 1 қаңтарға үкiметтік борыштың сыртқы құрылымындағы халықаралық қаржы ұйымдарына мiндеттемелер (Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi, Ислам Даму Банкi) үкiметтiк сыртқы борыштың жалпы көлемiнiң 52,6%, шетел мемлекеттерiнiң үкiметтерiне (Сауд Аравиясы, Кувейт, Австрия, Швеция, Корея, Жапония, Германия, БАӘ) - 25,4%, шетелдiк коммерциялық банктерге - 9,2%, капиталдың халықаралық рыноктарына эмиссиялайтын мемлекеттік бағалы қағаздар - 12,8% құрады.
Үкiметтік сыртқы борыштың валюталық құрылымы жеткілiктi дәрежеде әртараптандырылмаған. 2005 жылғы 1 қаңтарға АҚШ долларының үлес салмағы 70,6%-ды құрады, жапон йені - 24,4%, арнайы қарыз алу құқықтары - 2,1%, евро - 1,1%, өзгелерi - 1,8%.
Қазiргі уақытта қалыптасқан АҚШ долларының едәуiр басым болуымен сыртқы борыштың валюталық құрылымы айтарлықтай валюталық тәуекелдерге бейiм. Валюталық тәуекелдерге байланысты шығасыларды азайту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң борыштық портфелiн әртараптандыру қажет.
Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша Қазақстан Республикасы қалыпты борыш деңгейiмен бір тұрғынға орташа кiрiс деңгейi бар елдер тобына жатады. Қазақстан Республикасының үкіметтік және мемлекет кепiлдiк берген борышының көрсеткіштерi 1992 жылғы 7 ақпандағы Маастрихск шартында Еуропалық Одақ елдері үшiн белгіленген мемлекеттік борыш жөніндегі макроэкономикалық көрсеткiштер өлшемдерiнен аспайды.
Елдегi экономикалық тұрақтылық пен тартымды инвестициялық ахуал елдiң беделiнде оң тұрғыдан көрiндi.
Қазақстан Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерi арасында бірiншi болып қазiргі таңда үш озық халықаралық рейтингтік агенттiктердiң инвестициялық сынып рейтингіне ие.
"Moody's Investors Service" халықаралық рейтингтік агенттiктiң барлық рейтингтерi бойынша болжамдар "оң", Standard & Рооr's және Fitch Rating's Ltd. халықаралық рейтингтiк агенттіктер рейтингтерiнiң "тұрақты" деген болжамы бар.
2005 жылдың қаңтарында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның рейтингін көтеру және республиканы 5-тен 4-шi тәуекел тобына ауыстыру туралы шешiм қабылдады.
10-кесте
Көрсеткiштердiң атауы | ЕО елдерi үшiн | Қазақстан |
?кіметтік борыштың ЖIӨ-ге қатынасы, % | 60 | 10,6 |
Сыртқы үкiметтiк борыш көлемiнiң тауарлар мен қызметтер экспортына қатынасы, % | 200 | 13,5 |
Сыртқы үкiметтік және мемлекет кепiлдiк берген борыш көлемiнiң ЖIӨ-ге қатынасы, % | | 8,0 |
2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы ?кіметінің мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясаты мынадай екі бағытта iске асырылатын болады:
жүргізіліп жатқан жинақтар саясатын ескере отырып, қалыптасып отырған бюджеттің мұнай емес тапшылығы мөлшерi негiзiнде республикалық бюджет пен үкiметтiк борыш тапшылығының өлшемдерiн айқындау;
үкiметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыш үлесін біртіндеп азайту.
Республикалық бюджет тапшылығы мен үкіметтік борыш параметрлерiн айқындау жүргізіліп жатқан жинақтау саясатын ескере отырып, бюджеттiң қалыптасып отырған мұнайдан тыс тапшылығының мөлшері негiзiнде жүзеге асырылады.
Экономикалық өсу жағдайларында, әсiресе табиғи ресурстардың бір бөлігін қаржы активтеріне айырбастауға ұмтылушы елдер үшін экономиканың "тым қызып кетуiн" болдырмау мақсатында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік борыш мөлшерiн қысқартудың орынды екендігіне әлемдік тәжiрибе куә.
Мысалы, 1995 жыл соңындағы жағдай бойынша Норвегияның мемлекеттік борышы шамамен 43,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Алайда, бюджет профицитiнiң мақсатты бағытталу саясатын жүргiзу нәтижесінде 2000 жылдың аяғында мемлекеттік борыш 30,4 млрд. АҚШ долларға дейiн қысқарды. Бұл ретте, экономиканың "тым қызып кетуiн" болдырмау мақсатында бір мезгiлде мұнай өнiмдерiн сатудан түскен қаражаттың жоспардан тыс түсімдерін Мұнай қорында жинақтау жүргізілді (1990 жылы мұнай бағалары өсуiнiң құбылуына байланысты құрылған болатын, Қорға алғаш түскен түсімдер 1996 жылы шамамен 300 млн. АҚШ долларын құрады. 2002 жылдың соңындағы жағдай бойынша Мұнай қорының активтерi 91,3 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл елдiң мемлекеттік бюджетiнен (2002 жылы шамамен 77 млрд. АҚШ доллары) асып түсті.
Нәтижесiнде 3-5 жыл iшiнде Норвегия үкiметтiк борыш мөлшерiн едәуiр қысқартуға қол жеткiздi. Бұл ретте, Мұнай қорында жинақталған қаражат Үкiметтiң қабылданған мiндеттемелерiн орындау қабiлетіне кепiлдiк бередi және дефольттың басталу мүмкiндігін болдырмайды, өйткенi қазiргi уақытта елдiң мемлекеттік борышы Мұнай қоры мөлшерiнiң кемiнде 45 %-ын құрайды (2002 жылдың соңындағы жағдай бойынша Норвегияның мемлекеттік борышы 2001-2002 жылдар кезеңiнде негiзiнен АҚШ долларына норвегия кроны бағамының нығаюы нәтижесiнде доллар көрiнiсiнде ұлғая отырып, 39,3 млрд. АҚШ долларын құрады).
Сонымен қатар, бiздiң елде қалыптасқан жағдай бойынша Қазақстан Республикасы бір жағынан, Ұлттық қор арқылы әлемдiк қор рыноктары мен несиелiк капитал рыноктарына қаржы ресурстарын инвестициялайды, ал екiншi жағынан сыртқы қарыздарды тартады. Бұл ретте тартылған қарыздарға қызмет көрсетуге арналған шығыстар Ұлттық қор активтерiн түрлі қаржы құралдарына орналастырудан түскен кiрiстерден асып түседi, бұл сайып келгенде жүргізiлетін қарсы операциялар бойынша терiс маржаны қалыптастырады. Ел нетто-кредитор болып отырған шақта, мұндай практиканы жалғастыруға жол бермеу керек. Ұлттық қор активтерiмен жасалатын операциялардан алынатын кiрiстер сомасы осы уақыт кезеңiндегі үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар сомасынан артық болуы тиiс. Бұл шартты орындау үшiн бюджеттiң мұнайдан тыс тапшылығы мен үкiметтік борыш мөлшерiн қысқарту қажет.
Мемлекеттiң борышты азайту саясатына бейiмдiлiгi Қазақстан Республикасының егемен кредиттік рейтингін арттыруға жәрдем етедi.
Сонымен қатар, мұнайға әлемдiк баға төмендеген және елдегі экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда экономикалық өсудi ынталандыру мақсатында қосымша инвестициялар тарту арқылы бюджет тапшылығын ұлғайтуға қайта бағдарлануға болады.
Үкiметтiк борыш құрылымындағы сыртқы борыш үлесiн біртiндеп азайту республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың жалпы құрылымындағы сырттан қарыздар есебiнен республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үлесін азайту жолымен жүзеге асырылатын болады.
Борыштық портфельдiң бар құрылымы дағдарыстың және валюталар бағамының, энергия көздерiне пайыздық ставкалар мен әлемдiк бағамдардың ауытқуы нәтижесiнде қаржы шығасыларының пайда болу тәуекелiне едәуір бейiм және осы көзқарас тұрғысынан алғанда осал, экономикалық қауiпсiздiктiң өлшемдеріне сәйкес келмейтiн болып табылады. Үкiметтiң борыштық портфелiн әртараптандыру мақсатында бір мезгiлде iшкi рыноктағы қарыз алуды ұлғайта отырып, сыртқы қарыз алу көлемін қысқарту қажет.
Iшкi қарыз алу көлемiн ұлғайту зейнетақы активтерiн орналастыру үшiн жинақтаушы зейнетақы қорларына сенiмдi әрi өтiмдi қаржы құралдарын (мемлекеттік бағалы қағаздарды) беру қажеттігімен байланысты.
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 2004 жылғы 24 желтоқсандағы № 1385 қаулысымен Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілдi. Бұл Бағдарламада зейнетақы қорларының, соның iшiнде, зейнетақы активтерiнiң кiрістілігі мен рыноктағы қаржы құралдарының тапшылығын азайту проблемаларының шешiмдерi көзделген. Аталған проблемаларды шешу 1 жылдан 30 жылға дейiнгi әртүрлі өтеу мерзiмдерi бар және кірiстiлігі инфляцияның болжамды деңгейiнен төмен емес немесе инфляция деңгейiне байланысты мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыру жолымен елдiң iшкi рыногындағы ұзақ мерзiмдi мемлекеттік қарыз алудың Қазақстан Республикасы ?кіметі мен Ұлттық банкi арасында келісілген саясатын тұжырымдау арқылы iске асырылады.
2006-2008 жылдары мемлекеттік және мемлекет кепілдiк берген қарыз алу мен борыш саласында жүргiзiлiп жатқан саясат шеңберiнде мынадай мiндеттердi шешу көзделедi (бағыттар бойынша):
1) бюджет тапшылығы мен борыш параметрлерi:
Мемлекет басшысы айқындаған мiндеттердi ескере отырып, орта мерзiмдi перспективада мұнайдан тыс тапшылықтың мөлшерi мен бюджет теңгерiмдiлiгіне қол жеткiзуге негiзделе отырып, республикалық бюджет тапшылығының параметрлерiн айқындау;
жинақтау жөніндегі саясат шеңберiнде үкiметтік борыштың оңтайлы мөлшерiн анықтау;
2) iшкi қарыз алу:
жылдар және қағаз түрлерi бойынша бөлінiстегi мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясының орта мерзiмдi кезеңге арналған үлгi схемасын жасау;
iшкi қарыздарды тарту мерзiмдерiне қарай түрлі қарыз алу құралдарын пайдалану;
рыноктағы ахуалға байланысты қарыз алудың жалпы көлеміндегі индекстелген және купондық мiндеттемелер арасындағы оңтайлы ара қатынасты белгiлеу жолымен пайыздық тәуекелдердi азайту;
бағалы қағаздар рыногында ("benchmark") бағдарлар белгілеу;
жалпы шығару санын азайта отырып, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару көлемiн ұлғайту;
айналым мерзiмiн ұлғайта отырып, пайыздарды төлеудiң мерзiмділігін азайту;
мiндеттемелердiң орындалмау тәуекелiн азайту әрi қысқа және орта мерзiмдi перспективада iшкi үкiметтiк борышты өтеу жөніндегі төлемдер төлеудiң ең жоғары шегiн төмендету, бұл үшiн, негiзiнен орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi мiндеттемелердi шығаруға қайта бағдарлану ұйғарылып отыр;
3) сырттан қарыз алу:
Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясына, Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарына, Қазақстан Республикасы Yкіметінiң бағдарламасына, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарына, тиiстi орта мерзiмдi кезеңге арналған донор халықаралық қаржы ұйымдарының елдiк бағдарламаларына сәйкес, Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық маңызды мәселелерiн шешуге бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыруға сырттан қарыздарды тарту;
экономиканың басым салаларында, оның iшiнде:
- ауыл, су және орман шаруашылығында;
- жол саласында;
- өндiрiстiк инфрақұрылымды дамыту үшiн;
- астананы одан әрi дамыту үшiн сыртқы қарыздар есебiнен қаржыландырылатын жаңа инвестициялық жобаларды дайындау;
жаңа жобаларды iрiктеуге және Қазақстанның Даму Банкінің қайтарымды негiзде қаржыландыруы ұсынылатын инвестициялық жобалардың банктік сараптамасын жүзeгe асыруына қойылатын талаптарды күшейту;
республикалық инвестициялық жобалар тiзбесiне қосылатын жобалардың дайындалу және сарапталу сапасын жақсартуда көрiнетiн қарыз қаражатын тиiмдi пайдалану;
теңгенiң айырбас бағамы өзгерген жағдайда келеңсiз салдарларды азайту мақсатында қарыздардың валюталары бойынша Үкiметтiң сыртқы қарыздар портфелiн әртараптандыру;
бір мезгiлде Үкiметтiң бірлесiп қаржыландыру үлесiн ұлғайта отырып, сатып алу рәсiмдерi бойынша шектеулердi донорлардың жақсартуы шартымен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға сырттан қарыздарды тарту;
4) борышты өтеу және оған қызмет көрсету:
үкiметтік қарыздарға қызмет көрсетуде неғұрлым қымбаттарын мерзiмiнен бұрын өтеу арқылы үкiметтiк борышты белсендi басқару;
жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмi өткен борыштық мiндеттемелердi өтеу жөнiнде және реттелмеген борыштық мiндеттемелер проблемаларын тез арада шешу жөнiнде белсендi шаралар қабылдауы;
фискалдық тәуекелдердi болжау - АҚШ долларына теңгенiң айырбас бағамының, шетел валюталарының "pocc-бағамдарының, пайыздық ставкалардың өзгеруi, әлемдiк бағалар конъюнктурасының өзгеруi салдарынан Ұлттық қорға қаражаттың жеткілiксiз түсуi.
Қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу мемлекеттік борыштың қауiпсiз деңгейде сақталуын қамтамасыз етуi, оның құрылымын оңтайландыруы әрi орта және ұзақ мерзiмдi перспективада бюджеттiң тұрақтылығын жоғарылатуы тиiс.
Қорытынды
Қазақстан Республикасының экономикасы баға өзгерістерiнiң үш түрi:
әлемдiк тауар бағаларының ауытқуы;
валюта бағамдарының ауытқуы;
әлемдiк ақша рыноктарындағы пайыздық ставкалардың ауытқуы туындататын қауiптерге бейiм, бұларды iшкi саясат құралдарымен бақылау мүмкiн емес.
Бұған:
ел өндiрiсi құрылымының көлемiнде сыртқы рынокқа жеткiзілетiн шикiзаттық тауарлардың, ең алдымен мұнайдың ауқымды орын алуы;
Қазақстанның сыртқы қарыздарының түрлi валюталарда көрiнуi;
борыштың басым бөлiгін құбылмалы пайыздық ставка шарттарында жасалған мiндеттемелердiң құрауы себеп болды.
Әлемдiк тауар бағаларының тәуекелдерi (мұнай бағаларының мысалында).
Мұнай бағаларының төмен болуы да, жоғары болуы да Қазақстан экономикасы үшін келеңсіз салдарларды тудыруы мүмкiн.
Мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшiн 19 АҚШ долларынан төмен азайған жағдайда, тасымалдауға арналған шығындарды есепке алғанда, жекелеген кен орындарында мұнай өндiру рентабельдi болмайды, бұл мұнай өндiру көлемiн азайтуға алып келедi. Қазақстандағы шетелдiк капиталдың басым бағыты өндiрушi сектор болып табылатындықтан, энергия көздерiнiң төмен бағалары елдiң инвестициялық тартымдылығын азайтады.
Мұнай өндіруші кәсiпорындар кiрiстілігiнің азаюы экономиканың аралас салаларындағы өндiрiс көлемiн азайтуға алып келедi. Атап айтқанда, бұл көлік, сауда, байланыс салаларындағы қаржы секторының қызметтері саласындағы өсу қарқындарына әсер етедi. Осылайша, ел экономикасының жалпы өнiмділігi төмендейдi, бұл, сайып келгенде, инфляциялық процестердiң күшеюіне және мемлекеттік бюджет кiрiстерiнiң азаюына алып келедi.