Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 24 сәуірдегі № 317 Қаулысы
(2009.08.07. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 380 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Yкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасы мақұлдансын.
2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2006 - 2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - Жоспар) бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Жоспардың орындалу барысы туралы ақпаратты жылына екі рет, есепті жарты жылдықтан кейінгі айдың 25-күніне қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 24 сәуірдегі
№ 317 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының медициналық және
фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасы
Кіріспе
Осы Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беру ісін реформалау тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 19 наурыздағы "Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін" атты және 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауларына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегі № 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді.
Осы Тұжырымдаманы әзірлеу медициналық және фармацевтикалық білім беру саласында мамандарды даярлаудың сапасын арттыру негізінде олардың кәсіби деңгейін көтеруді мақсат ететін елеулі қайта құрулардың қажеттілігінен туындады және оның нәтижесі ретінде медициналық көмек көрсету сапасы едәуір көтеріледі және Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығы жақсарады.
1. Медициналық және фармацевтикалық білім берудің
жай-күйін талдау
§ 1. Қазақстан Республикасында медициналық білім беру
жүйесінің жай-күйi
Бүкіл әлемде экономиканы дамыту, нарықтық қатынастарды орнату мемлекеттің білім беру саласындағы саясатын өзгертуді көздейді. Бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердегі кадрларды даярлау жүйесі қоғамның, мемлекет пен жеке адамның бүгінгі қажеттіліктерінен ғана пайда болмайды, сонымен бірге алға озып дегендей дамитын болады.
Нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде әлемдік қауымдастық таныған біздің республикамыз ұлттық білім беру жүйесін экономиканы дамыту қажеттілігіне жақындату мақсатында оны жаңарту бойынша шаралар қабылдайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиясын, негізгі бағыттарын, басымдықтарын, міндеттері мен іске асыру тетіктерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес медициналық білім беру ісіне де маңызды реформа жүргізу алда тұр.
Соңғы он жылда денсаулық сақтау жүйесінде медицина кадрларының сандық және сапалық жағдайында елеулі өзгерістер болды. Медициналық білім берудің мазмұны және оның материалдық-техникалық базасы мамандарды даярлауға қойылатын өсе түскен талаптарды әрі медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында оқытудың әлемдік үрдістерін ескермеді. Отандық білім беру бағдарламаларында халықаралық тәжірибені, білімі туралы қазақстандық құжаттарды шетелдердің тануын есепке алу тетігінің болмауы студенттердің, оқытушылар мен қызмет көрсететін және басқару еңбегі мамандарының академиялық ұтқырлығын тежеді.
Бүгінгі таңда елімізде медицина және фармацевтика кадрларын даярлау мен қайта даярлау сапасының жеткіліксіздігі елеулі проблема болып отыр, бұл бірқатар себептермен түсіндіріледі.
Негізгі себептердің бірі нақ сол медициналық білім беру ерекшелігі ескерілместен жалпы көзқарастар жүйесі негізге алынған медициналық білім беру жүйесіндегі қабылдау, даярлау және сапаны бақылау жағдайларын регламенттейтін нормативтік құқықтық базаның жетілдірілмеуі болып табылады. Мұның салдары тікелей медициналық білім беру ұйымдарындағы қабылдауға, оқытуға және білім алушылардың білімдері деңгейін бақылауға қойылатын талаптардың жеткіліксіздігі болып табылады.
Өзіндік маңызы бар екінші себебі - медициналық білім беру ұйымдарының іс жүзінде жаңартылмаған, медицина кадрларын даярлау сапасына және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікке әсер ететін әлсіз материалдық-техникалық базасы. Медициналық жоғары оқу орындарының қырық жылға жуық мерзім ішінде оқу және клиникалық базаларын қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру, қазіргі заманғы есептеу техникасын, аппаратураларды, оқу әдебиеттерін (баспа және электрондық), реактивтерді, көрнекі құралдарды және тағы басқаларын сатып алу іс жүзінде мүмкін болмады, бұл қазіргі заманғы техникалық жарақтандыру құралдарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Мұның барлығы қазірдің өзінде оқу орындарының қабырғасында болашақ маманның саланың ғылыми және практикалық прогресінен артта қалуын қалыптастырды. Материалдық-техникалық базаның нашарлығының негізгі себебі медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердегі оқытуға көзделген қаржыландырудың жеткіліксіздігі болып табылады. Бұл проблеманы ішінара медициналық білім беру ұйымдарының басшылары көбінесе базалық білім деңгейі төмен студенттерді оқытудың шарттық нысанында қабылдау есебінен шешеді.
Тағы бір елеулі проблема медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің бітірушілерін практикалық даярлаудың жеткіліксіздігі болып табылады. Медициналық білім беру ұйымдарының практикалық дағдыларды алуға және орындауға арналған жеке оқу-клиникалық орталықтары жоқ. Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждері емдеу-алдын алу ұйымдарындағы (ЕАҰ) клиникалық базаларды, бұл ретте емделушілерге толық құқықты рұқсаты, медициналық аппаратураларды пайдалану, ЕАҰ жарақтандыру мүмкіндіктері және тағы басқалары болмаса да жалға алуға мәжбүр болып отыр.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің (БМСК) білікті кадрлармен, әсіресе ауылдық өңірлерде қамтамасыз ету проблема күйінде қалып отыр. Бұл, бірінші кезекте, кадрларды бөлу және бекітіп берудің сенімді тетіктерінің болмауына байланысты.
Экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық салалары мен секторларында, оның ішінде денсаулық сақтауда нарықтық қатынастарды дамыту денсаулық сақтауды басқару, шығындардың тиімділігін арттыру саясаты мәселелері бойынша қажетті білімді меңгерген құзыретті маман-менеджерлерді даярлауды қажет етеді.
Республикадағы медициналық білім беру, оған практикалық денсаулық сақтау жағынан да, медициналық қызметтерді тұтынушылар жағынан да қойылатын талаптарға толық сай емес. Медицина қызметкерлерін даярлаудың қолданыстағы жүйесі халыққа медициналық қызметтерді ұсыну үдерісінің жаңа мақсаттары мен міндеттеріне әлсіз бейімделген және мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпейді.
Осыған байланысты шеңберде денсаулық сақтау саласының стратегиялық қажеттілігіне бағдарланған медициналық және фармацевтикалық білім берудің тиімді жұмыс істейтін жүйесін құруды көздейтін елеулі өзгерістер жүргізуді талап ететін негізгі бағыттарды бөлу қажет.
Оқу үдерісінде теория мен практиканың арақатынасын сәйкестендіруді және медициналық білім берудің қолданыстағы нормативтік құқықтық базасы негізінде үздіксіз білім беру үшін ресурстарды қамтамасыз ете отырып, медициналық білім беру және денсаулық сақтау саясатының бірыңғай міндеттерін, кадрлық жоспарлау қағидаттарын айқындау, қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес келетін және халықаралық оқыту стандарттарына жақындатылған стандарттарды әзірлеу керек.
Медицина кадрлары жұмысының сапасы олардың алған даярлығы мен функцияларын орындау кезіндегі кәсіби құзыреттілігі деңгейіне негізделеді. Бұл үшін әртүрлі кезеңдерде медициналық көмек көрсететін түрлі бейіндегі мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын нақты қалыптастырып, құзыреттілік деңгейін белгілеу керек.
§ 2. Әлемдегі медициналық білім берудің негізгі модельдерi
Қазіргі кезде әлемде жүргізіліп жатқан медициналық білімді мамандарды даярлау бойынша медициналық білім берудің негізгі модельдері ағылшынсаксондық және германдық болып табылады.
АҚШ-та, Канадада, Англияда кеңінен ұсынылған ағылшынсаксондық мәделге сәйкес медициналық білім беру төрт циклден тұрады: жалпы медицинаға дейінгі жоғары білім, жалпы медициналық, дипломнан кейінгі және одан кейінгі білім, яғни біліктілікті арттыру.
Жалпы медицинаға дейінгі жоғары білім берудің міндеті жаратылыстану ғылымдары бойынша даярлау болып табылады. Мұндай даярлық ағылшынсаксондық елдерде медициналық мектепке дейін өтеді. АҚШ-та және Канадада ол ұзақтығы 3-4 жыл бакалавриат шеңберінде, Англияда жаратылыстану ғылымы пәндері бойынша екі жылдық курстарда жүзеге асырылады. Медициналық мектепке түсу үшін үміткерлер конкурстық іріктеуден өтеді. Аттестаттардың конкурсынан басқа медициналық мектептердің көпшілігі талапкерлерді тестілеуді жүргізеді.
Ағылшынсаксондық елдерде жалпы медициналық білім беру бағдарламаларының елеулі айырмашылығы болады. Әдетте оқу АҚШ-та төрт-бес жыл, Ұлыбританияда бес-алты жылға созылады. Содан кейін негізгі назар студенттердің клиникадағы жұмысына аударылатын екі жыл немесе одан көп сабақтар болуы керек, ал лекция сағаттарының саны қысқарады.
Өз бетімен практикаға рұқсат берудің міндетті шарты мамандануына байланысты АҚШ пен Канадада ұзақтығы үш жылдан бес жылға дейін, Англияда бір-алты жыл резидентура болып табылады.
Резидентураны аяқтағаннан кейін дәрігерлер білімін жалғастырады және кезең-кезеңімен өз біліктілігін арттырады.
Тұтас алғанда білікті дәрігерді даярлау бұл елдерде 11 жылдан 14 жылға дейін жалғасады, ал кейбір бағыттар (кардиохирургия, нейрохирургия және басқалары) бойынша одан да көп уақытты алады.
Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысқысы келетін студенттер бір-екі жыл ішінде шеберлік бағдарламаларының бағыттары бойынша оқи алады. Емтихан тапсырғаннан және тиісті салада ғылым шебері дәрежесін ала отырып, диплом алғаннан кейін олар ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыра алады.
Германиядағы медициналық білім берудің қазіргі заманғы жүйесі әлемде барынша тиімді болып саналады. Ол ағылшынсаксондық модельмен салыстырғанда аз стандартталған.
Медицина факультетіне түсудің міндетті шарты екі жылдық «Абитур» бағдарламасынан өту болып табылады, онда жалпы гуманитарлық пәндер, екі шетел тілі оқытылады.
Медицина факультетінде оқудың ұзақтығы алты жылды құрайды, ал Германияда өзіндік практикаға рұқсат алу үшін лицензия алуға арналған емтихан тапсырған жағдайда 11 жыл қажет. Бұл ретте 4,5-5,5 жыл ішінде үміткер практикант және дәрігердің ассистенті ретінде жұмысты өтеуі тиіс.
Францияда медицина факультетінде оқу 6 жылға жалғасады.
Қазіргі кезге дейін бұл елде медицина факультетіне түсер алдында сегіз айлық даярлық циклында жалпы гуманитарлық пәндерді оқыту болған. Биылғы жылдан бастап аталған кезең тоқтатылды және мектептердің түлектері медициналық мектептерге түсу үшін конкурсқа қатысу құқығын алды.
Медицина факультетіне қабылдау рәсімі жазбаша түсу емтиханының нәтижелері негізіндегі конкурсты қамтиды.
Алты жылды аяқтағаннан кейін студенттер теориялық және практикалық мәселелерді қамтитын сертификаттау емтиханын тапсырады. Емтиханды табысты тапсыру медицина факультетін бітіргені туралы диплом алуға құқық береді.
Францияда дипломнан кейінгі білім алу кезеңі интернатура деп аталады, оның ұзақтығы мамандануына байланысты екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімді құрайды. Интернатураны аяқтағаннан кейін мамандар өз бетімен практикаға құқық беретін сертификат алады.
Жүргізілген талдау кейбір айырмашылықтарға қарамастан, тұтас алғанда медициналық білім беру жүйесін құруда бүкіл әлемде: оқудың құрылымында, ұзақтығында, медициналық білім беру ұйымдарына қабылдау және дербес кәсіби қызметке рұқсат беру шарттарында жалпы үрдіс байқалады. Дүниежүзілік медициналық білім федерациясының (ДМБФ) ұсынымдарына сәйкес базалық медициналық білімді (преклиника және клиника), дипломнан кейінгі білім (резидентура және мамандану) мен үздіксіз кәсіптік дамыту (дәрігерлердің біліктілігін арттыру) деп бөледі. Бұл ретте әрбір модель ұлттық ерекшеліктер мен елдегі денсаулық сақтаудың қолданыстағы жүйесінің талаптары ескеріле отырып құрылады.
Жүргізілген талдауды ескере отырып, Дүниежүзілік медициналық білім федерациясының талаптарына сәйкес және осы саладағы халықаралық тәжірибенің негізінде құрылады. Оған негіз ретінде медициналық білім берудің клиникалық бағыттылығы күшейтіле отырып, дәрігерлерді даярлаудың Германдық моделі алынды.
2. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттерi
Осы Тұжырымдаманың мақсаты бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз ететін республиканың денсаулық сақтау басымдықтары мен ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық стандарттар негізінде медицина және фармацевтика кадрларын даярлаудың жаңа жүйесін енгізу болып табылады.
Бұл мақсатты іске асыру мынадай міндеттерді шешуді көздейді:
1) медицина және фармацевтика кадрларын даярлау бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын өзгерту;
2) республиканың медициналық білім беру ұйымдарына азаматтарды іріктеу және қабылдау қағидаттарын өзгерту;
3) сапаны бағалау, кәсіби құзыреттілік деңгейі мен кәсіби қызметке рұқсат беру жүйесін өзгерту;
4) халықаралық сарапшыларды тарта отырып, білім беру ұйымдарын аккредиттеуді енгізу;
5) медициналық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту;
6) медициналық және фармацевтикалық білім берудің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру.
3. Тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктерi
Тұжырымдаманы іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
медициналық және фармацевтикалық білім берудің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру;
медициналық білім беру ұйымдарына азаматтарды іріктеуге және қабылдауға жаңа тәсілдер енгізу;
медициналық білім беру ұйымдарын қаржыландыру жүйесін жетілдіру және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
медициналық білім беруді басқаруды жетілдіру, сапа менеджменті жүйесін енгізу;
халықаралық талаптарды ескере отырып, медицина және фармацевтика кадрларын даярлаудың, сапаны бағалаудың және кәсіби құзыреттілігі деңгейінің жаңа жүйесін құру;
оқыту процесінің жоғары нәтижелеріне жетуде студенттер мен оқытушылардың уәждемесін көтеру.
§ 1. Медициналық және фармацевтикалық білім берудің
нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру
Денсаулық сақтау мамандарының кәсіби құзыретіне қойылатын талаптарды көтеру жағдайында басқару органдарынан бастап білім алушыларға дейінгі білім беру үдерісіне барлық қатысушыларының жауапкершілігін артады. Қазіргі кезде маман-медицина қызметкерлерін даярлауға медициналық білім берудің ерекшелігі ескерілмейтін жалпы талаптар мен көзқарастар қойылады. Осыған байланысты республиканың денсаулық сақтау ісін кадрлық қамтамасыз етуге жауапты Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық білім беру саласында мемлекеттік басқару, медициналық білім берудің ерекшелігін қозғайтын нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу (оқу үдерісін регламенттеу, оқу бағдарламаларын, жоспарларын, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды жасау, медициналық білім берудің сапасын бағалау, медициналық білім беру ұйымдарын аттестаттау, аккредиттеу, лицензиялау мәселелері және басқалары) мәселелеріндегі рөлін айқындау қажет.
Бұл бағытта:
1) медициналық ерекшеліктер ескеріле отырып, медициналық білім берудің нормативтік құқықтық базасы қалыптасты - медицина кадрларын даярлау, лицензиялауды жүзеге асыру, мемлекеттік аттестаттау және білім берудің халықаралық стандарттарына жақындау мақсатында - меншік нысанына қарамастан, медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын мемлекеттік аккредиттеу жүйесіне тиісті өзгерістер енгізіледі;
2) медициналық және фармацевтикалық білім беруді басқару және үйлестіру мәселелері заңнамамен бекітіледі;
3) медициналық білім беру ұйымдарына клиникалық базаларды беру жөніндегі практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының міндеттемесі заңнамамен белгіленетін болады.
§ 2. Республиканың медициналық білім беру ұйымдарына
iріктеуге және қабылдауға жаңа тәсілдер енгізу
Бітірушінің бейімделуін көздейтін он екі жылдық орта білімге көшу медициналық және фармацевтикалық білім беру жүйесін реформалаудың маңызды факторы болады. 11-12-сыныптарда бейіндік оқыту жаратылыстану ғылымы бағыты бойынша оқушыларды тереңдетілген кәсіптік білімге дейін даярлауға ықпал етеді.
Кәсіптік білімге дейін даярлаудың медицинаны өзінің болашақ мамандығы деп таңдаған талапкерлерді іріктеу үшін маңызы болады. Талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰТБ), кешенді тестілеу нәтижелерімен қатар әңгімелесу және ұсынымдар беру жүйесін енгізу болжанып отыр. Ақылы негізде медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне қабылдау үшін тестілеу нәтижелері бойынша баллдардың ең төменгі шегі бірте-бірте бюджеттік негізде қабылдау үшін белгіленген мәндерге жуықтатылатын болады.
Медициналық жоғары оқу орындарына іріктеудің және қабылдаудың жаңа қағидаттары мыналарды қамтитын болады:
1) міндетті кәсіптік білімге дейінгі даярлық;
2) медициналық жоғары оқу орындарына іріктеудің және қабылдаудың нақты өлшемдері;
3) жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық мүмкіндіктері, сондай-ақ аккредиттеу нәтижелері ескеріле отырып, медициналық білім беру ұйымдарына қабылдауды шектеу.
3. Медициналық білім беру ұйымдарының қаржыландыру
жүйесін жетілдіру және олардың материалдық-техникалық базасын
нығайту
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы ескірген және ұзақ жылдардан бері жаңартылмаған жағдайларда медицина кадрларын даярлаудың сапасын арттыру мүмкін емес. Оны нығайту мақсатында бірінші кезеңде:
1) барлық білім беру ұйымдарының материалдық базасын түгендеу жүргізіледі;
2) білім беру ұйымдарын жарақтандыру нормативтері әзірленеді және бекітіледі;
3) бір білім алушыны оқыту құнын есептеудің оқулықтар (баспа және электрондық) сатып алуға, Интернетте жұмыс істеуге, зертханалық хайуанаттарды ұстауға, реактивтер мен биоматериалдарды, жабдықтарды сатып алуға, студенттердің өндірістік практикасына, оқытушылар мен басқа да қызметкерлердің жалақысына, коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған және басқа да шығыстар көзделетін ережесі (әдіснамасы) әзірленеді және енгізіледі;
4) мемлекеттік медициналық білім беру ұйымдарының жанынан оқу-клиникалық орталықтары құрылады;
5) жеке клиникалар құрудың тетіктері жасалатын болады.
§ 4. Медициналық білім беруді басқаруды жетілдіру,
сапа менеджменті жүйесін енгізу
Білім беру қызметтерінің рыногын дамыту жалпыға бірдей сапа менеджментінде және 9000:2000 сериялы ИСО халықаралық стандарттарында белгіленген сапа менеджменті қағидаттары негізіне алынған басқарудың жаңа тетіктерін енгізуді болжайды.
Білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу мен мамандарды сертификаттаудың жүйелерін құраушы танымал халықаралық агенттіктер берген сапа менеджменті жүйесінің (СМЖ) сертификатын ала отырып, жоғары оқу орындарының сапа менеджментін сертификаттау болды. СМЖ-ны енгізу үшін жоғары оқу орны: білім мазмұнының сапасын, талапкерлер мен студенттерді даярлаудың сапасын, қызметкерлер мен студенттердің оңды уәждемесін, әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету сапасын, профессор-оқытушылар құрамы мен басқа да қызметкерлердің құзыреттілігін, оқыту технологияларының сапасын, бағалау технологияларының сапасын, жоғары оқу орындарының басқару үдерістерінің сапасын қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл міндеттерді іске асыру үшін:
1) медициналық білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік үдерісін басқару мен үйлестіру құрылымы қайта қаралады;
2) сапа менеджменті жүйесін енгізу үшін кадрлар оқытылады;
3) сапа менеджментін енгізу және сапа менеджменті сертификатын алу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
§ 5. Халықаралық талаптарды ескере отырып, медицина
және фармацевтика кадрларын даярлаудың, сапасы мен кәсіби
құзыреттілігі деңгейін бағалаудың жаңа жүйесін жасау
ҚР Үкіметінің 2009.08.07. № 1038 Қаулысымен 5.1-параграф өзгертілді (бұр.ред.қара)
§ 5.1. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлау
құрылымдарын өзгерту
Техникалық және кәсіптік білім беру кейбір медициналық мамандықтар бойынша жалпы негізгі білімі (10 сынып) бар адамдар үшін көзделетін болады.
Техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі бағыты жаңа технологиялар талаптары деңгейінде және еңбек рыногын дамытуға сәйкес білім алушыларды білікті кәсіби даярлауды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау болады. Техникалық және кәсіптік білім беруді енгізумен сала техникалық және қызмет көрсету сипатындағы білікті медицина кадрларын алатын болады.
Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларында жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік, таңдаған мамандық бойынша болашақ кәсіптік қызметті айқындайтын кәсіби дағдыларды меңгеру және бекіту бойынша арнайы пәндер көзделетін болады. Оқытудың ұзақтығы бағдарламаның күрделілігіне және берілетін біліктілік деңгейіне байланысты болады.
Медициналық және фармацевтикалық даярлау саласында техникалық және кәсіптік білім алуға болады:
1) оқыту 2 жыл ұзақтығымен бірінші саты шеңберінде - тереңдетілген теориялық және кәсіби даярлықты қажет етпейтін техникалық және қызмет көрсету еңбегі күрделі емес көп мамандықтар бойынша жұмыстарды орындау іскерліктері мен дағдыларын меңгеру. Бұл саты медицина колледждерінде «науқастарды күтуші жөніндегі медбике» біліктілігі беріле отырып, «бикелер ісі» мамандығы бойынша іске асырылуы мүмкін;
2) оқыту 3 жыл ұзақтығымен екінші саты шеңберінде - мейлінше күрделі (ұқсас) мамандықтарды және республиканың денсаулық сақтау жүйесіндегі жоғары технологиялармен және кәсіби қызметпен байланысты техникалық және қызмет көрсету еңбегі жұмыстарын орындаудың практикалық дағдыларын меңгеру. Бұл саты бағдарламаларының мазмұны білім берудің кейінгі сатыларының бағдарламаларымен үйлесімде болады. Ол медицина колледждерінде «ортопедиялық стоматология», «медициналық оптика», «медициналық техниканы монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Орта кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру жаңа деңгейге - орта білімнен кейінгі медициналық және фармацевтикалық білімге көтерілетін болады. Осы деңгейдің мақсаты медицина мен фармация саласындағы еңбекті басқару мен қызмет көрсету еңбегінің білікті орта буын мамандарына қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру болады. Орта білімнен кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім білікті орта буын кадрларын даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламасын қамтитын болады.
Жалпы орта білім базасында медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша оқытудың ұзақтығы 3 жылды, техникалық және кәсіптік білім базасында: бірінші сатыдан кейін 3 жылды, екінші сатыдан кейін 2 жылды құрайды.
Орта білімнен кейінгі білім алу мынадай мамандықтар шеңберінде жүзеге асырылады:
мамандануға және оқу-өндірістік базаның болуына байланысты «фельдшер» немесе «акушер» біліктіліктері беріле отырып, «емдеу ісі»;
мамандануға және оқу-өндірістік базаның болуына байланысты «жалпы практика медбикесі» немесе «мамандандырылған медбике» біліктіліктері беріле отырып, «бикелер ісі»;
«гигиенист-эпидемиолог» біліктілігі беріле отырып, «гигиена және эпидемиология»;
«медициналық зертханашы» біліктілігі беріле отырып, «зертханалық диагностика»;
«стоматолог-дәрігердің көмекшісі» біліктілігі беріле отырып, «стоматология»;
«фармацевт» біліктілігі беріле отырып, «фармация».
Оқытудың кредиттік технологиясын (жүйесін) енгізе отырып, сағаттарды таңдау есебінен бір мамандықтың шеңберінде әр түрлі біліктілік алуға болады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім ұзақтығы 5+2 жыл базалық медициналық білімді (БМБ), мамандыққа байланысты 4-5 жыл мерзіммен бакалавриат, резидентура, магистратура және докторантура (PhD) беретін болады. Оқытудың дәстүрлі жүйесінің орнына кредиттік жүйе енгізілетін болады. Оқытудың кредиттік технологиясы пәндерді зерделеудің үздіксіздігін, оқу жетістіктерінің шоғырлануы мен білім беру бағдарламаларын өзара тануын қамтамасыз етеді.