102. Осы Ереженің 93-тармағында көзделмеген жағдайларда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметшінің әскери қызмет міндеттерін атқарудан 7-ден 15 тәулікке дейін босатуға (бұдан әрі - босату) мұқтаждығы туралы қорытынды шығарады.
103. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мұндай қорытындыны қайтадан шығаруы мүмкін, бірақ жалпы алғанда босату мерзімі 30 тәуліктен аспауға тиіс.
104. Мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық босатуды қажет ететін әскери қызметшілер әскери бөлімнің медициналық пунктіне (лазаретке) емделуге жіберіледі.
Егер штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК ішінара босатудың қажеттігі туралы қорытынды шығарса, онда қорытындыда мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер босатуды қажет ететін сабақтардың, жұмыстардың, нарядтардың нақты түрлері көрсетіледі.
105. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның ауруы бойынша босату (босатуды ұзарту) қажеттігі туралы қорытындысы әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалар кітабына жазылады және анықтама түрінде беріледі.
106. Мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерді ауруы бойынша демалысы аяқталғаннан кейін гарнизонның бастығы немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) бастығы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығының келісімімен ауруы бойынша демалысты ұзарту немесе әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау мәселесін шешу үшін демалысты өткізген жеріндегі штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға жібереді.
107. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан және келісім-шарттың жаңа түрін жасасуға немесе әскери қызмет өткеру туралы келісім-шартты ұзартуға тілек білдірген әскери қызметшілерді медициналық куәландыруды штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК жүргізеді.
108. Аурулар кестесінде әскери қызметке жарамдылық санатын жеке бағалау көзделетін аурулар кезінде, келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін солдаттарға, матростарға, сержанттарға, старшиналарға қатысты штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК "Әскери қызметке шектеулі түрде жарамды. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке келуге жарамсыз" деген қорытынды шығарады.
109. Мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан және тәртіптік әскери бөлімде жазасын өтеуге сотталған әскери қызметшілерге қатысты ауруы бойынша демалыс беру, әскери қызмет міндеттерін атқарудан босату туралы қорытынды шығарылмайды. Оларды емдеу әскери емдеу-алдын алу мекемесінде немесе әскери бөлімнің медициналық пунктінде аяқталуға тиіс.
110. Тамақтануы төмен мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерге, әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына, кадеттерге және тәрбиеленушілерге қатысты дене салмағының индексі 18,5 килограмм/метр2 кем болған кезде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК 3 айдан аспайтын мерзімге оларға арналып көзделген азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде оларға қосымша тамақ беру туралы қорытынды шығарады.
111. Мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан, бойы 190 сантиметр және одан жоғары болатын әскери қызметшілерге, әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына, кадеттерге және тәрбиеленушілерге қатысты штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК көрсеткіштер бойынша 3 айдан аспайтын мерзімге оларға арналып көзделген азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде оларға қосымша тамақ беру туралы қорытынды шығарады.
112. Қажет болған жағдайда, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қосымша тамақ беруді ұзарту туралы қорытынды шығаруы мүмкін.
Көрсетілген қорытындыны шығаруға көңіл-күйінің нашарлауына, қарнының ашуын сезінуіне, тамақ қабылдағаннан кейін тойғанын сезбеуіне шағымдану, сондай-ақ дене салмағының теріс динамикасы көрсеткіш болып табылады.
113. Осы Ереженің 110, 111-тармақтарда көзделген жағдайларда, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК тәуліктік азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде қосымша тамақ беру туралы қорытынды шығарады.
114. Егер келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметші әскери есептен шығарыла отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылса және қызметтен босатуды ресімдеу кезінде денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқара алмайтын болса, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оның әскери қызметке жарамсыздығы туралы қорытындымен бір уақытта «Қызметтен босатуды ресімдеу үшін қажетті 30 тәуліктен аспайтын мерзімге әскери қызмет міндеттерін атқарудан босатылуға тиіс» деген қорытынды шығарады, ерекше жағдайларда «Әскери қызмет міндеттерін атқарудан әскери бөлімнің жеке құрамының тізімдерінен шығарған күнге дейінгі мерзімге босатылуға тиіс» деген қорытынды шығарады.
7. Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерін
медициналық куәландыру
115. Мынадай әскери-есептік мамандықтары бойынша қызметке жарамдылығын айқындау үшін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру 12 айда бір рет жүргізіледі:
су үсті кемелерінің жеке құрамы;
тереңге сүңгитін сүңгуір, акванавт, сүңгуір маман;
басқарушы, белгі беруші, штурман электрик, торпедо электригі, торпедошы, гидроакустик, су үсті кемелерінің радиотелеграфисі.
116. Егер Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері олардағы қызметке жарамсыз болған жағдайда, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды да шығарады.
117. Егер кезекті медициналық куәландырудан кейін 6 айдан астам уақыт өтсе, су үсті кемелерінде гидроакустиктер және радиотелеграфистер болып қызмет өткеретін әскери қызметшілер ұзақ (2 айдан артық) жүзу алдында медициналық куәландырылуға тиіс.
118. Жүзуге кететін су үсті кемелеріне іссапарға жіберілген тұлғаларды су үсті кемелеріндегі қызметке жарамдылығын айқындау үшін штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК медициналық куәландыруға тиіс.
Жекелеген жағдайларда, тұрақты теңгерілген, кемедегі қызметке кедергі келтіретін аурулары бар іссапарға жіберілген адамдарға штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай редакцияда қорытынды шығарады: "3 айдан аспайтын мерзімге су үсті кемесінде теңізге шығуға қарсы көрсеткіштері жоқ".
8. Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілерін
медициналық куәландыру
119. Аэроұтқыр әскерлерінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерді әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін медициналық куәландыру қызмет уақыты ішінде бір рет, келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретіндерді - 12 айда бір рет жүргізіледі.
120. Аэроұтқыр әскерлеріне әскери қызметке (әскери жиындарға) шақырылған азаматтар, әскери қызмет өткеру үшін басқа әскер тектерінен, әскери (арнайы) оқу орындарынан, жетілдіру курстарынан келген әскери қызметшілер медициналық куәландырудан өтеді.
121. Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілерін кезектен тыс медициналық куәландыру олар стационарлық емдеуден кейін әскери емдеу-алдын алу мекемелерінен қайтып келгенде (егер оларды штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (госпитальдық) ӘДК куәландырмаған болса), сондай-ақ әскери бөлім дәрігері, әскери-медициналық мекеменің маман дәрігері қорытындысының негізінде әскери бөлім командирінің шешімі бойынша жүргізіледі.
122. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін және дене салмағы 90 кг-дан асатын әскери қызметшілердің Аэроұтқыр әскерлеріндегі қызметке жарамдылығы жеке анықталады.
9. РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭӨК көздерімен қызметке
(жұмысқа) іріктеліп алынатын және қызмет өткеретін (жұмыс
iстейтін) әскери қызметшілерді (Қарулы Күштер қызметшілерін)
медициналық куәландыру
123. РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭӨК көздерімен қызметке (жұмысқа) іріктеліп алынатын және қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшілерді (Қарулы Күштер қызметшілерін) медициналық куәландыру медициналық қызмет бастығының (дәрігерінің) және әскери бөлім қолбасшылығы өкілінің қатысуымен жүргізіледі.
124. РЗ, ИСК, РОҚ, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) іріктеліп алынатын әскери қызметшілерді (Қарулы Күштер қызметшілерін) медициналық куәландыру лауазымға тағайындау алдында, ал РЗ, ИСК, РОҚ және ЭМӨ көздерімен қызмет өткеріп жатқандарды (жұмыс істейтіндерді) 2 жылда бір рет немесе медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
125. РЗ, ИСК, РОҚ және ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) іріктеліп алынатын және қызмет өткеріп жатқан (жұмыс істейтін) тұлғаларды медициналық куәландыру басталғаннан бұрын:
1) көкірек қуысы органдарын екі кескінде флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (егер ол жүргізілмесе немесе медициналық құжаттарда соңғы 6 айда осы зерттеу туралы мәлімет болмаса);
2) қанды жалпы талдау;
3) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
126. 40 жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу, көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қант құрамының деңгейін анықтау жүргізіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша басқа да зерттеулер жүргізілуі мүмкін.
127. Медициналық куәландыру басталғанға дейін әскери бөлімнің медициналық қызмет бастығы (дәрігері) штаттан тыс тұрақты (уақытша) жұмыс істейтін ӘДК-ға медициналық куәландырылуға тиіс әскери қызметшілер мен Қарулы Күштер қызметшілерінің әскери бөлім қолбасшылығы бекіткен тізімін береді.
Тізімде медициналық куәландырудың мақсаты; әскери атағы (әскери қызметшілер үшін); куәландырылушының тегі, аты, әкесінің аты; РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) адамдарға қатысты оның РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен жұмыс өтілі, сондай-ақ комиссияаралық кезеңде жеке дозиметрлік бақылау деректері көрсетіледі.
128. Әскери бөлім қолбасшылығының өкілі медициналық куәландырудың алдында штаттан тыс тұрақты (уақытша) жұмыс істейтін ӘДК мүшелерін куәландырылушылардың қызмет (жұмыс) жағдайымен таныстырады, ал әскери бөлімнің медициналық қызмет бастығы (дәрігері) ӘДК-ға комиссияаралық кезеңде куәландырылушылардың денсаулық жағдайын медициналық қадағалаудың нәтижелері туралы хабарлайды.
129. РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен және ЭМӨ көздерімен қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшіні (Қарулы Күштер қызметшісін) әскери емдеу-алдын алу мекемесіне стационарлық емдеуге және медициналық куәландыруға жіберген кезде маманның еңбек және жұмыс орны жағдайының санитарлық-гигиеналық картасы ұсынылады.
130. Стационарлық тексеру нәтижесінде әскери қызметшіде (Қарулы Күштер қызметшісінде) РЗ-ның, ИСК-ның, РОҚ-ның, ЭМӨ көздерінің организмге әсер ету салдарынан болуы мүмкін ауру анықталған және осы ауру бойынша аурулар кестесінде немесе қосымша талаптар кестесінде әскери қызметке уақытша жарамсыздық - жарамсыздық немесе РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) жарамдылығын жеке бағалау көзделген жағдайда, штаттан тыс тұрақты (уақытша) жұмыс істейтін ӘДК радиолог дәрігердің және/немесе токсиколог дәрігердің қатысуымен ғана қорытынды шығарады.
Қорытынды патологиялық процестің өтелу дәрежесі, әскери-есептік мамандық, жалпы және кәсіби еңбек өтілі, әскери қызмет міндеттерін орындау қабілеті ескеріле отырып шығарылады.
131. Аурулар кестесінің әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделген тармақтарына сәйкес РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызмет (жұмыс) үшін іріктеліп алынатын адамдарға қатысты РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен жұмыс істеуге жіберілмейді.
133. Денсаулық жағдайына шағымданған, бұрын РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) уақытша жарамсыз деп танылған, РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) жарамсыз деп танылуы мүмкін мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), аурудан кейін берілген ауруы бойынша демалыстан келген әскери қызметшілер (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметшілері) кезектен тыс медициналық куәландырылуға жатады.
134. Стационарлық тексеру және медициналық куәландыру нәтижелері бойынша бұрын РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) жарамсыз деп танылған адамдарды (жүктілігіне және бала тууына байланысты демалыс берілген әйелдерден басқа) штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (госпитальдық) ӘДК 3 айдан кейін қайтадан медициналық куәландыруға жіберіледі.
135. РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке жарамсыз деп танылған әскери қызметшілерге қатысты ӘДК олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы мәселені де шешеді.
10. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет
өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамдылығын
айқындау үшін әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін
офицерлік құрамның адамдарын және келісім-шарт бойынша әскери
қызмет өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру
136. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамдылығын айқындау үшін әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлік құрамның адамдарын және келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру әскери бөлім командирінің (мекеме бастығының) жолдамасы бойынша жүргізіледі.
Жолдамаға тиісті командирдің шешіміне сілтеме жасай отырып, штаб бастығы, жоғары тұрған лауазымды тұлға немесе кадр органының бастығы (құраманың кадрлар бөлімінің бастығы және одан жоғарылар) қол қояды.
137. Жолдамада әскери қызмет әскери қызмет өткеру үшін жіберілетін немесе әскери қызмет өткеріп жатқан нақты жері (аудан, қала, облыс), медициналық куәландырудың мақсаты көрсетіледі.
138. Әскери қызметшілердің келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін (олардың отбасы мүшелері үшін тұруға) медициналық қарсы көрсеткіштердің тізбесін денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
139. Медициналық куәландыруды маман дәрігерлер: хирург, терапевт (15 жасқа дейінгі балаларды - педиатр), невропатолог, окулист, оториноларинголог, әйелдерге қатысты - сондай-ақ гинеколог жүргізеді. Қажет болған жағдайда басқа маман дәрігерлер тартылады.
140. Медициналық куәландыру алдында:
1) көкірек қуысы органдарын флюорографиялық зерттеу (15 жастан жоғары);
2) тромбоциттерді есептей отырып, қанды клиникалық талдау;
3) мерезге серологиялық реакция;
4) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
141. 40 жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу (тыныштықта және жүктемеден кейін), көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қанттың деңгейін анықтау жүргізіледі.
40 жастағы және одан асқан әскери қызметші-әйелдерге маммологтың тексеруі, онкологиялық тексеру - онкоцитологияға жағындылар, көрсеткіштер бойынша биопсия, ал овариалды-етеккір циклі бұзылған кезде гормоналдық тексеру және эндокринологтың консультациясы жүргізіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша басқа да зерттеулер жүргізілуі мүмкін.
142. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет өткеруге жарамдылығын айқындау үшін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру кезінде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК куәландырылушының әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды, ал ол әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке болмашы шектеулермен жарамды деп танылған жағдайда жолдамада көрсетілген жердегі қызметке жарамдылығын айқындайды.
143. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумаққа жібергенге дейін әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін медициналық куәландыру кезінде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мыналарды айқындайды:
1) жолдамада көрсетілген жерде тұруға жарамдылығы немесе жарамсыздығы;
2) әскери қызметші ауыстырылатын немесе ол қызмет өткеріп жатқан жерлерде жоқ мамандандырылған медициналық денсаулық сақтау ұйымында ұзақ (12 айдан астам) емделуге және бақылауға, девианттық мінез-құлқы бар балалар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқуға, тәрбиеленуге мұқтаждығы;
3) климаттық жағдайлары қолайсыз жерде мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мекемелердің немесе мамандандырылған мектепке дейінгі (оқу) ұйымдарының болуы.
144. Әскери қызметшінің отбасы мүшелерінде әскери қызметші ауыстырылатын немесе ол әскери қызмет өткеріп жатқан жерлерде жоқ мамандандырылған медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ (12 айдан астам) емдеуді немесе қосалқы мектептер мен девианттық мінез-құлқы бар балалар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқытуды (тәрбиелеуді) талап ететін аурулардың немесе дамудағы ақаулардың болуы әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің бұл жерлерде тұруына қарсы көрсеткіш болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының, арнайы оқу (мектепке дейінгі) ұйымдарының болуы туралы мәліметтерді штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК облыстағы уәкілетті денсаулық сақтау, білім және ғылым органдарынан сұрату бойынша алады.
145. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда әскери қызмет өткеріп жатқан немесе осы жерлерге әскери қызмет өткеру үшін жіберілетін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру кезінде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдар бекітетін Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерінде әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) медициналық қарсы көрсеткіштер тізбесіне сәйкес олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы және осы аудандар мен жерлердегі қызметке жарамдылығы туралы мәселені шешеді. Егер әскери қызметші әскери қызметте болудың шекті жасына жетсе, ӘДК оның әскери қызметке жарамдылық санаты туралы ғана мәселені шешеді.
Егер әскери қызметші әскери қызметте болудың шекті жасына толған болса, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оның әскери қызметке жарамдылық санаты туралы мәселені ғана шешеді.
146. Әскери қызметші қызмет өткеретін жерге немесе әскери қызметшіні жаңа қызмет орнына ауыстыру кезінде тасымалдауға жарамдылығын (тасымалдауға жарамсыздығын) анықтау үшін әскери қызметшінің өзімен бірге немесе одан бөлек тұратын отбасы мүшелерін медициналық куәландыру әскери қызметшінің өтініші бойынша бөлім командирінің (мекеме бастығының) немесе кадр органының жолдамасы бойынша жүргізіледі.
147. Медициналық куәландырудың нәтижелері бойынша штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай қорытындылардың бірін шығарады:
1) климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда қызметке (отбасы мүшелері үшін - тұруға) жарамды;
2) климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда қызметке (отбасы мүшелері үшін - тұруға) жарамсыз.
11. Шетелдік мемлекеттерге шығатын, келісім-шарт бойынша
әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілердi
және олардың отбасы мүшелерін медициналық куәландыру
148. Шетелдік мемлекеттерге ұзақ (3 айдан астам) іссапарларға шығатын, келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін осы Ереженің 139-тармағында көрсетілген мамандардан басқа, сондай-ақ дерматолог пен стоматолог куәландырады.
Әскери қызметшінің отбасы мүшелерін медициналық куәландыру оларда психоневрологиялық диспансерден анықтама болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Медициналық куәландыру басталғанға дейін жалпы қабылданған зертханалық зерттеулерден басқа, қосымша қандағы қанттың деңгейін зерттеу жүргізіледі, ал әскери қызметшілерде бұдан басқа, қан тобы және резус-тиістілігі айқындалады.
Кіру үшін АҚТБ-инфекциясының жоқтығына сертификат талап етілетін мемлекеттерге шығатындарға АҚТБ-ға тексеру жүргізіледі, нәтижесі тиісті сертификатқа енгізіледі.
149. Шетелдік мемлекеттерге ұзақ (3 айдан астам) іссапарларға жіберілетін әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін медициналық куәландыру денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдар бекітетін шетелдік мемлекетте әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) медициналық қарсы көрсеткіштер тізбесінің негізінде жүргізіледі.
150. Медициналық куәландырудың нәтижелері бойынша штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай қорытындылардың бірін шығарады:
1) шетелдік мемлекетте қызметке (отбасы мүшелері үшін - тұруға) жарамды;
2) шетелдік мемлекетте қызметке (отбасы мүшелері үшін - тұруға) жарамсыз.
151. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның қорытындысы шетелдік мемлекетке шығатын адамның денсаулық жағдайы туралы анықтамамен ресімделеді. Шетелдік мемлекетте қызметке (тұруға) жарамды деп танылған адамдарға анықтама 3 данада жасалады, олардың бірінші және екінші даналары медициналық куәландыруға жіберген әскери бөлімнің командиріне жіберіледі, үшінші данасы штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-да қалады.
152. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның шетелдік мемлекетке шығатын адамның шетелдік мемлекетте қызметке (тұруға) жарамсыздығы туралы қорытындысын штаттық ӘДК бекітуі тиіс.
153. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның шетелдік мемлекетте қызметке (тұруға) жарамдылығы туралы қорытындысы шығарылған күннен бастап 6 ай ішінде жарамды.
154. Куәландырылушыда карантиндік ауруларға (тырысқақ, сары ауру қызбасы және басқалары) қарсы алдын алу егулерді жүргізу үшін қарсы көрсеткіш болып табылатын аурулар болған жағдайда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК шетелдік мемлекетте қызметке (тұруға) жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.
12. Запастағы азаматтарды есепке алу мақсатында немесе
әскери жиындарға немесе әскери қызметке шақыру кезінде
медициналық куәландыру
155. Запастағы азаматтарды есепке алу мақсатында немесе әскери жиындарға немесе әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландыру басталғанға дейін қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) бастығы нысанын денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдар бекітетін запастағы азаматтың медициналық куәландыру картасын ресімдейді және:
психоневрологиялық, наркологиялық, тері-венерологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлерден (кабинеттерден) оның есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
басқа медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы аурулары және соңғы 12 ай ішінде ауырған жұқпалы және паразитарлық аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрғаны туралы мәліметтерді, науқастың амбулаториялық медициналық картасын, стационарлық науқастың аурулар тарихынан көшірмелерді, рентгенограммаларды, арнайы медициналық зерттеулердің хаттамалары мен азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттарды сұратады.
156. Медициналық куәландыру басталғанға дейін:
егер ол соңғы 6 айда өткізілмеген болса, көкірек қуысы органдарын екі кескінде флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
қанды жалпы талдау;
зәрді жалпы талдау;
40 жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу (тыныштықта және жүктемеден кейін) және көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қантты анықтау жүргізіледі.
157. Әскери қызметтен ауруы бойынша босатылған азаматтарды медициналық куәландыру кезінде қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссияларға ауруы туралы куәліктің түпнұсқасын (көшірмесін) береді.
158. Аурулар кестесінде әскери қызметке жарамдылығын жеке бағалау көзделетін аурулары болған кезде келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткерген және есепке алу мақсатында немесе әскери жиындарға шақыру кезінде куәландырылатын азаматтарға қатысты, сондай-ақ әскери қызметке шақыру кезінде запастағы офицерлік құрамның әскери міндеттілеріне қатысты "В" санаты бойынша - әскери қызметке шектеулі түрде жарамдылығы туралы қорытынды шығарылады.
159. Аурулар кестесінде әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделетін аурулары болған кезде әскери жиындарға шақырылатын әскери міндеттілерге қатысты алдын ала медициналық куәландыруды жүргізетін аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиялары және түпкілікті медициналық куәландыруды жүргізетін облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) әскерге шақыру медициналық комиссиялары әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.
160. Запастағы офицерлік құрамның әскери қызметке шақырылған (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы болған жағдайда), бірақ қызмет орнына әлі жіберілмеген және денсаулық жағдайына шағым айтқан әскери міндеттілерін қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) бастықтарының жолдамасы бойынша штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК куәландырады.