Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен
әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 226 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 44 Қаулысымен күші жойылды
«Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметi қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 31 наурыздағы
№ 226 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен
әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесi
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарында, сондай-ақ медициналық комиссиялар құрамына әскери-дәрігерлік сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Азаматтарға әскери-дәрігерлік сараптама мыналарды айқындау мақсатында жүргізіледі:
1) әскерге шақыру учаскелеріне тіркеген және әскери қызметке шақырылған кезде әскер қызметке жарамдылығын;
2) әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамдылығын;
3) келісім-шарт бойынша әскери қызметке түсу кезінде жарамдылығын;
4) әскери қызметке (әскери жиындардан өтуге), Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарындағы қызметке, әскери-есептік мамандықтары бойынша оқуға (әскери қызметке) жарамдылығын;
5) оларды әскери қызметтен босату сәтінде әскери қызметті өткерген азаматтардың жарамдылығы санатын;
6) запастағы азаматтардың әскери қызметке жарамдылығы санатын.
3. Медициналық комиссия азаматтардың денсаулық жағдайын ескере отырып, әскери қызметке жарамдылығының мынадай санаттары бойынша қорытындылар шығарады:
1) "А" - әскери қызметке жарамды (қорытынды ауруы жоқ немесе соңғы үш жыл ішінде асқынбаған кейбір созылмалы аурулары не дене кемістігі бар, ағзалары мен жүйелерінің қызметтері бұзылмаған немесе шамалы бұзылған, денсаулығы үшін зиянсыз әскери қызметінің міндетін атқару қабілетін шектемейтін азаматтарға шығарылады);
2) "Б" - әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды (қорытынды кейбір әскери-есептік мамандықтар бойынша әскери қызметінің міндетін атқару қабілетін шектейтін, сирек өршитін созылмалы аурулары немесе ағзалары мен жүйелерінің қызметтері шамалы бұзылған дене кемістігі бар азаматтарға шығарылады);
3) "В" - әскери қызметке шектеулі түрде жарамды (қорытынды адам денсаулығы үшін зиянсыз әскери қызмет міндетін атқару қабілетін шектейтін ауру немесе мертігу салдарынан тіршілік әрекеті тұрақты бұзылған азаматтарға шығарылады);
4) "Г" - әскери қызметке уақытша жарамсыз (қорытынды ағзалары мен жүйелер қызметінің бұзылуы сипатында болатын ауру немесе мертігу салдарынан шектеулі уақыт аралығында әскери қызмет міндетін атқару қабілетін жоғалтқан азаматтарға шығарылады);
5) "Д" - бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс кезеңінде шектеулі түрде жарамды (қорытынды ауруы немесе мертігуі салдарынан тіршілік әрекетінің бұзылуы әскери қызмет міндетін атқару қабілетін жоғалтуына әкеп соқтырған азаматтарға шығарылады);
6) "Е" - әскери есептен шығарылатын әскери қызметке жарамсыз (қорытынды ауру немесе мертігу салдарынан тіршілік әрекетінің бұзылуы әскери қызмет міндетін атқару қабілетін тұрақты жоғалтуға әкеп соқтырған азаматтарға шығарылады).
4. Әскери-дәрігерлік комиссияның (бұдан әрі - ӘДК) қорытындысы алқа түрінде көпшілік дауыспен қабылданады. Әскери қызметке, әскери-есептік мамандық бойынша әскери қызметке (жұмысқа) жарамдылық денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдар бекітетін жеке бағалауға, сондай-ақ аурулар кестесіне және азаматтың денсаулық жағдайына қойылатын қосымша талаптардың кестесіне сәйкес анықталады.
5. Егер ӘДК қорытындысында өзгеше айтылмаса, бұл қорытынды куәландыру сәтінен бастап бір жыл бойы жарамды.
2-тарау.
Медициналық комиссиялардың түрлерi
1. Штаттық әскери-дәрігерлік комиссиялар
6. Штаттық ӘДК мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы;
2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының Филиалы;
3) Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының Әскери-дәрігерлік комиссиясы;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы;
5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы және ішкі істер департаменттерінің әскери-дәрігерлік комиссиялары;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери-дәрігерлік комиссиясы.
7. Штаттық ӘДК арнайы мақсаттағы әскери-медициналық мекемелерге жатады, белгіленген үлгідегі елтаңбалық мөрі, бұрыштамалық мөртабаны болады.
8. Әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша штаттан тыс тұрақты және уақытша әрекет ететін әскери-дәрігерлік, дәрігерлік-ұшу және дәрігерлік комиссиялар штаттық ӘДК-ге бағынады.
9. Штаттық ӘДК мынадай мамандықтар (терапия, хирургия, неврология, психиатрия, оториноларингология, офтальмология) бойынша клиникалық даярлығы, әскерлерде және әскери емдеу-алдын алу мекемелерінде жұмыс тәжірибесі бар білікті дәрігерлерден жасақталады.
2. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік
(дәрігерлік-ұшу) комиссиялары
10. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ға мыналар жатады:
1) госпитальдық ӘДК;
2) гарнизондық ӘДК;
3) Аэроұтқыр әскерлерінің ӘДК-сы;
4) қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар;
5) медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының жанындағы госпитальдік ӘДК құқықтары бар дәрігерлік комиссиялар.
11. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлік-ұшу комиссияларына (бұдан әрі - ДҰК) мыналар жатады:
1) авиациялық медицина зертханаларының жанындағы ДҰК;
2) авиацияның ұшқыштар құрамын дайындау жөніндегі әскери (арнайы) оқу орындарындағы ДҰК;
3) ұшқыштар құрамының дәрігерлік сараптама бөлімшесі бар әскери госпитальдардағы ДҰК;
4) қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің жанындағы ДҰК.
12. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК (ДҰК) төрағасы, кемінде екі маман дәрігер мүшесі және хатшысы бар құрамда тағайындалады.
13. Психиатрлық бейіндегі денсаулық сақтау ұйымдарында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әскери қызметшілерді медициналық куәландыру үшін госпитальдық ӘДК өкілеттіктері бар әскери комиссиялар тағайындалады.
Мұндай әскери комиссиялардың құрамына мыналар кіреді: төраға - медицина ұйымының бас дәрігерінің (меңгерушісінің) емдеу бөлігі жөніндегі орынбасары немесе емдеу бөлімшелерінің бірінің меңгерушісі, мүшелері - аталған медицина ұйымының кемінде екі дәрігері, дәрігер - жақын маңдағы гарнизонның медициналық қызмет өкілі және хатшы. Дәрігерлік комиссия мүшелерінің - дәрігерлердің бірі комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалады.
14. ДҰК төрағасының шешімі бойынша ДҰК отырыстарына оның мүшелерінің өкілеттігімен қатысуға авиациялық бөлімшенің медициналық қызмет бастығы (дәрігері) және қолбасшылық өкілі тартылуы мүмкін.
15. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мен ДҰК-ның қорытындыларын штаттық ӘДК қарайды және бекітеді.
3. Штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік
(дәрігерлік) комиссиялар
16. Штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссияларға мыналар жатады:
1) әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін кандидаттарды медициналық куәландыруға арналған ӘДК;
2) кадет корпустарына, генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебіне және басқа республикалық әскери мектеп-интернаттарға (лицейлерге) түсетін кандидаттарды медициналық куәландыруға арналған ӘДК;
3) Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлерін медициналық куәландыруға арналған ӘДК;
4) танктер мен басқа да машиналарды су астында жүргізуге тартылатын әскери қызметшілерді медициналық куәландыруға арналған ӘДК;
5) радиоактивті заттармен (бұдан әрі - РЗ), иондаушы сәуле көздерімен (бұдан әрі - ИСК), зымыран отыны құрамдауыштарымен (бұдан әрі - ЗОҚ), электромагнитті өріс көздерімен (бұдан әрі - ЭМӨ) жұмыс істейтін әскери қызметшілерді медициналық куәландыруға арналған ӘДК;
6) шақыру учаскелеріне есепке қойған, әскери қызметке шақырған және әскери (арнайы) оқу орындарына түскен кезде азаматтарды медициналық куәландыруды жүргізуге арналған қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) жанындағы әскери комиссиялар.
17. Штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘДК төраға, кемінде екі маман дәрігер және хатшысы бар құраммен тағайындалады.
18. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) жанындағы штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін әскери комиссиялар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның есепке қою жөніндегі комиссияларының немесе шақыру жөніндегі комиссияларының жанындағы медициналық комиссия болып табылады.
Оларды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органдары емдеу ұйымдарының (аудандық аурухана, орталық аудандық аурухана, қалалық аурухана, консультативтік-диагностикалық орталық, облыстық аурухана) облыстық, қалалық және аудандық медициналық комиссияларынан қалыптастырады.
19. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) жанындағы штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘК медицина персоналының жұмысына басшылық жасайтын дәрігер - медициналық комиссияның төрағасы, комиссия мүшелері - мынадай: хирург, терапевт (жасөспірімдер терапевті), невропатолог, психиатр, окулист, отоларинголог, дерматовенеролог, стоматолог (әйелдер үшін - гинеколог) мамандықтары бойынша жұмыс тәжірибесі бар маман дәрігерлер мен хатшысы бар құрамда тағайындалады.
Қажет болған жағдайда есепке қою жөніндегі комиссиялардың және шақыру жөніндегі комиссиялардың медициналық комиссияларының құрамына тар өрісті мамандық (фтизиатр, психо-әлеуметтік консультант, рентгенолог және басқалары) дәрігерлері қосылуы мүмкін.
20. Штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘДК-ның (ӘК) қорытындыларын штаттық ӘДК қарайды және бекітеді.
3-тарау.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде,
басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік
сараптама жүргізуді ұйымдастырудың тәртібі мен ерекшеліктерi
1. Шақыру учаскелеріне есепке қою, әскери қызметке
шақыру және әскери (арнайы) оқу орындарына, оның
iшінде оқу мерзімi 1 жыл және 10 ай кадет корпустарына
түсу кезінде азаматтарды медициналық куәландыру
21. Шақыру учаскелеріне есепке қойғанға, әскери қызметке шақырғанға және әскери (арнайы) оқу орындарына, оның ішінде оқу мерзімі 1 жыл және 10 ай кадет корпустарына (бұдан әрі - әскери (арнайы) оқу орындары) түскенге дейін азаматтарды қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) сұрауы бойынша медициналық денсаулық сақтау ұйымдары жеті күн мерзімде мынадай медициналық құжаттарды ұсынады:
1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) олардың есепте тұратындығы туралы мәліметтер (анықтамалар);
2) басқа медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы ауруы бойынша диспансерлік есепте тұру жағдайы және соңғы 12 ай ішінде жұқпалы және паразитарлық аурулармен ауырғандығы туралы мәліметтер, алдын ала егулер туралы және дәрі-дәрмек заттар мен басқа да заттарды көтере алмайтындығы (аса сезімталдығы) туралы мәліметтер, сондай-ақ амбулаториялық науқастың медициналық карталары (№ 025/у нысаны) және жасөспірімнің медициналық картаға салынатын парағы (№ 025-1/у нысаны), стационарлық науқастың аурулар тарихынан көшірмелер, рентгенограммалар, арнайы зерттеу әдістерінің хаттамалары және азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар.
22. Шақыру учаскелеріне есепке қойылуға, әскери қызметке шақырылуға және әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге тиіс азаматтарға медициналық куәландырғанға дейінгі 30 күн ішінде:
1) көкірек қуысы органдарын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
2) қанды жалпы талдауды;
3) мерезге серологиялық реакциялар;
4) зәрді жалпы талдауды;
5) электрокардиографиялық (бұдан әрі - ЭКГ) зерттеу;
6) медициналық куәландыру күні - бойы мен дене салмағын өлшеу жүргізіледі.
23. Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарға, бұдан басқа, мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы және жоспарлы алдын ала егулер жүргізіледі. Медициналық куәландыру процесінде зертханалық, рентгенологиялық және басқа да зерттеулер қайтадан жүргізілуі мүмкін.
24. Флюорографиялық (рентгенологиялық), зертханалық және электрокардиографиялық зерттеулерінің нәтижелері, бойы мен дене салмағы, сондай-ақ бұрын алынған барлық алдын ала егулері және дәрі-дәрмекті және басқа заттарды көтере алмаушылығының нәтижелері (аса сезімталдығы) туралы мәліметтер әскер қатарына шақырылушының есептік картасына немесе әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтардың медициналық куәландыру картасына жазылады.
Флюорограммалар куәландырылушының жеке іс қағазында оның әскери қызметінің мерзімі аяқталғанға дейін болады, одан кейін тиісті медициналық ұйымдарға қайтарылады.
25. Медициналық персоналдың жұмысына басшылық жасайтын дәрігер - медициналық комиссияның төрағасы:
1) медициналық куәландыру басталғанға дейін:
шақыру (жиын) пункті үй-жайының жай-күйін, маман дәрігерлердің кабинеттерін жабдықтау үшін қажетті медициналық және басқа да мүліктің тізбесіне сәйкес маман дәрігерлер кабинеттерінің медициналық және басқа мүлікпен жабдықталуын тексереді;
азаматтарды тексеруге (емдеуге) жіберу орнын, уақыты мен тәртібін нақтылайды;
азаматтарды куәландыруды ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібі туралы маман дәрігерлерге нұсқау береді, осы Ереженің және әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу мәселелері бойынша басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын түсіндіреді;
комиссияның төрағасы - тиісті жергілікті әскери басқару органының бастығына азаматтарды медициналық куәландыруға дайындаудағы кемшіліктер туралы баяндайды және оларды жоюға шаралар қабылдайды;
2) медициналық куәландыру кезеңінде:
маман дәрігерлердің жұмысында өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
маман дәрігерлер шығарған қорытындылардың ресімделу сапасын, негізділігін және олардың аурулар кестесі мен қосымша талаптар кестесіне олардың сәйкестігін тексереді;
осы Ереженің 3-тармағына сәйкес медициналық комиссияның құрамына кіретін дәрігерлермен бірге азаматтардың әскери қызметке жарамдылық санаты және әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткіші туралы, сондай-ақ азаматтардың әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамдылығы туралы түпкілікті қорытынды шығарады;
күн сайын комиссияның хаттамалар кітабын жүргізудің дұрыстығын тексереді;
бұрын шығарылған қорытындылар бойынша азаматтарды тексеруге (емдеуге) жіберудің уақтылылығын тексереді;
күн сайын қорытынды жасайды, азаматтарды медициналық куәландыру нәтижелерін талдайды және оларды комиссия төрағасына баяндайды;
шақыру учаскелеріне есепке қою, әскери қызметке шақыру және әскери (арнайы) оқу орындарына түсу кезінде медициналық куәландыру мәселелері бойынша азаматтарға түсініктеме береді, азаматтарды медициналық куәландыруға байланысты шағымдар мен өтініштерді шешуге қатысады.
26. Шақыру учаскелеріне есепке қою кезінде тексеруге (емдеуге) мұқтаж деп танылған азаматтарды қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) екі тізімде ескереді:
1) № 1 тізім - әскери қызметке уақытша жарамсыздар;
2) № 2 тізім - болмашы шектеулермен әскери қызметке жарамдылар.
Әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды медициналық тексеруді (емдеуді) жүргізу үшін есепке қою жөніндегі комиссиялар көрсетілген тізімдерді жұмыс аяқталғаннан кейін 10 күннен кешіктірмей денсаулық сақтау департаменттеріне (басқармаларына) жібереді.
27. Тексеруге (емдеуге) арналған жолдама шақыру учаскелеріне есепке қоюға, әскери қызметке шақырылуға және әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге тиіс азаматтарға есепке қою жөніндегі комиссияның немесе шақыру комиссиясының шешімін оларға жариялаған кезде беріледі.
28. Жолдамада медициналық денсаулық сақтау ұйымының (әскери емдеу-алдын алу мекемесінің) атауы, диагнозы, тексеру мақсаты және медициналық куәландыруға қайтадан келу мерзімі көрсетіледі.
Тексеруге (емдеуге) арналған жолдамаға денсаулық жағдайын зерттеу актісі, науқастың амбулаториялық медициналық картасы және денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар қоса беріледі.
Тексеру аяқталғаннан кейін денсаулық жағдайын зерттеу актісі толтырылады, оған бас дәрігер мен тексеру жүргізген дәрігер қол қояды және ол елтаңбалық мөр басылады.
Акт әскери қызметке жарамдылық немесе әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамдылық санаты туралы түпкілікті шешім шығаратын есепке қою жөніндегі комиссияның немесе шақыру комиссиясының қарауына ұсынылады.
29. Тікелей медициналық куәландыру жүргізген кезде маман дәрігер әскерге шақырылушының есепке алу картасына, медициналық картаға қосымша параққа немесе әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куәландыру картасына диагнозын (ауруы жоқ болған кезде "дені сау" деген жазба жазылады), осы Ереженің 3-тармағына сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды, әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін, әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамдылығын (жарамсыздығын) жазады.
30. Есепке қою немесе әскери қызметке шақыру кезінде әскери қызметке жарамды немесе болмашы шектеулермен әскери қызметке жарамды азаматтарға әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыдан кейін маман дәрігер қосымша талаптар кестесіне сәйкес әскер түрлері мен тектеріне арналу көрсеткішін көрсетеді.
31. Есепке қою немесе әскери қызметке шақыру кезінде әскери қызметке уақытша жарамсыз азаматтарға маман дәрігер әскери қызметке уақытша жарамсыздық туралы қорытынды шығарады.
Медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметке уақытша жарамсыздық туралы қорытынды 3 айға шығарылады, ол қайтадан шығарылуы мүмкін, бірақ уақытша жарамсыздықтың жалпы мерзімі 12 айдан аспауға тиіс.
Азаматтарды тексеру (емдеу) есепке қою жөніндегі комиссияның немесе шақыру комиссиясының жұмысының (әскери қызметке ағымдағы шақырудың) соңына дейін аяқталған жағдайда әскери қызметке уақытша жарамсыздық туралы қорытынды шығарылмайды және маман дәрігер тексеру (емдеу) және қайтадан медициналық куәландыру туралы қорытынды шығарады.
Ұзақ (3 айдан артық) тексеруді (емдеуді) қажет ететін азаматтарға әскери қызметке 6-дан 12 айға дейінгі мерзімге уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылады, содан соң қайтадан медициналық куәландыру жүргізіледі.
Азаматтардың әскери қызметке уақытша жарамсыздық мерзімі өткеннен кейін әскери қызметке жарамдылық (жарамсыздық) туралы түпкілікті қорытынды шығарылады.
32. Есеп қою кезінде әскери қызметке болмашы шектеулермен жарамды деп танылған азаматтар емделуге, ауыз қуысын санациялауға, тістерін протездеуге, көздің көруін түзетуге мұқтаж болған жағдайда маман дәрігердің қорытындысы әскер түрлері мен тектеріне арналу көрсеткішінен кейін: "Емдеуді (ауыз қуысын санациялауды, тістерін протездеуді, көздің көруін түзетуді) қажет етеді" деген сөздермен толықтырылады.
33. Әскери қызметке шектеулермен жарамды, әскери қызметке уақытша жарамсыз, әскери қызметке жарамсыз, әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамсыз деп танылған, сондай-ақ тексеруге (емдеуге) жіберілген азаматтарға медициналық куәландыру парағы толтырылады.
34. Әскери-есептік мамандық бойынша оқуға жарамдылық қосымша талаптар кестесінің талаптарына сәйкес анықталады. Әскери-есептік мамандық бойынша оқуға жарамдылық азаматтардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыдан кейін шығарылады.
35. Қорытынды әскерге шақырылушының есепке алу картасына, шақыру комиссиясының хаттамалар кітабына, ал әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтар үшін, сондай-ақ медициналық куәландыру картасына жазылады.
36. Шақыру комиссиялары медициналық куәландыруды жүргізгеннен кейін облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы маман дәрігерлер қорытындыларының негізділігін тексеру, азаматтардың әскери қызметке жарамдылық санатын, әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін нақтылау және жол берілген кемшіліктерді жою мақсатында әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызмет өткеру орнына жөнелту алдында оларды медициналық тексеруді ұйымдастырады.
37. Егер медициналық тексеру нәтижесінде азаматтардың денсаулық жағдайында әскери қызметке шақыруға кедергі келтіретін (әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін) ауытқулар анықталса, маман дәрігер медициналық куәландыру парағын ресімдейді, ал облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы хаттамалар кітабында ресімделетін және азаматтарға жарияланатын өз шешімін шығарады.
38. Әскерге шақырылушының есепке алу картасы, медициналық куәландыру парағы, облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының хаттамалар кітабынан қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мөрімен расталған көшірме шешімі қайта қаралған аудандық (облыстық маңызы бар қала) шақыру комиссиясына жіберіледі.
39. Азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың немесе одан босатудың негізділігі әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған немесе одан босатылған барлық азаматтардың жеке іс қағаздарын зерделеу арқылы тексеріледі.
Құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасына аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының шешімін бекіту туралы немесе азаматты қайтадан медициналық куәландыруға жіберу туралы белгі жасайды.
Өздерінің әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытындымен келіспеушілік туралы өтініш білдірген азаматтар да қайтадан медициналық куәландырылуға тиіс.
40. Облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы төмен тұрған шақыру комиссияларына қайтадан медициналық куәландыру жүргізудің мерзімі, орны және медициналық куәландырылуға тиіс азаматтар туралы хабарлайды.
41. Қайтадан медициналық куәландыруға азамат жеке іс қағазымен және белгіленген диагноз бен шығарылған қорытындыны растайтын медициналық құжаттармен жіберіледі.
Егер қайтадан медициналық куәландыру нәтижесінде азаматтың әскери қызметке жарамдылық санаты өзгерсе, маман дәрігер медициналық куәландыру парағын ресімдейді, ал облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы төмен тұрған комиссия шешімінің күшін жояды және хаттамалар кітабында ресімделетін және азаматқа жарияланатын өз шешімін шығарады.
Әскерге шақырылушының есепке алу картасы, медициналық куәландыру парағы, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мөрімен расталған облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының хаттамалар кітабынан көшірме шешімі қайта қаралған шақыру комиссиясына жіберіледі.
Егер қайтадан медициналық куәландыру нәтижесінде аудандық (облыстық маңызы бар қала) шақыру комиссиясының шешімі өзгермесе, онда хаттамалар кітабы мен есепке алу картасында оны бекіту туралы қысқаша жазба жасалады, бұл ретте медициналық куәландыру парағы ресімделмейді.
42. Әскери қызметке шақырылған азаматтарды медициналық қадағалаудағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) әскери бөлімге медициналық картаға маман дәрігерлердің қорытындылары бар қосымша парақ (№ 025-1/у нысаны) жібереді.