43. Азаматтар қызмет орнына келгеннен кейін медициналық тексеруден өтеді, ал әскери (арнайы) оқу орындарына немесе оқу-жаттығу әскери бөлімдеріне келгендер әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге немесе әскери-есептік мамандықтар бойынша оқуға (қызметке) жарамдылығын анықтау үшін штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-де түпкілікті медициналық куәландырудан өтеді.
Маман дәрігерлердің және ӘДК-ның қорытындылары медициналық кітапшаға жазылады, ал әскери-есептік мамандық бойынша оқуға (қызметке) жарамсыз деп танылған немесе тексеруге (емдеуге) мұқтаж адамдарға қатысты ӘДК отырыстарының хаттамалар кітабына да жазылады.
Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куәландыру карталары медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірілмей медициналық куәландырудың сапасын талдау және жақсарту үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жіберіледі.
44. Денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмауға тиіс әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын қызметтен босату стационарлық немесе амбулаториялық тексеруден кейін госпитальдық немесе гарнизондық ӘДК-ның ауру туралы куәлікпен ресімделген және штаттық ӘДК бекіткен қорытындысы негізінде жүргізіледі. Гарнизондық ӘДК-ның амбулаториялық медициналық куәландыру жүргізуіне айқын дене кемтарлығы болған жағдайда ғана жол беріледі.
45. Штаттық ӘДК гарнизондық (госпитальдық) ӘДК-ның бекітілген қорытындысының көшірмесін бекіткеннен кейін 5 күн ішінде әскери қызметшілердің шақырылу орны бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жібереді.
46. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, азаматты әскери қызметке денсаулық жағдайы бойынша негізсіз шақыру себептерін зерделейді және негізсіз шақыру себебін зерделеу картасының тиісті бөлімдерін толтырғаннан кейін штаттық ӘДК-ге қайтарады.
47. Штаттық ӘДК, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органдарымен, медициналық денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, азаматтарды әскери қызметке денсаулық жағдайы бойынша негізсіз шақыру оқиғалары мен себептерін есепке алуды жүргізеді және әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды тексеру мен медициналық куәландырудың сапасын жақсарту үшін шаралар қабылдайды.
2. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша келетін
азаматтарды медициналық куәландыру
48. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) әскери қызметке келісім-шарт бойынша келетін азаматтың медициналық куәландыру картасын ресімдейді және мыналарды:
1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) оның есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
2) басқа медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы ауру жағдайымен диспансерлік есепте тұратындығы және соңғы 12 ай ішінде жұқпалы және паразитарлық аурулармен ауырғандығы туралы мәліметтерді, амбулаториялық науқастың медициналық картасын, стационарлық науқастың ауру тарихынан көшірмелерді, рентгенограммаларды, арнайы зерттеу әдістерінің хаттамалары мен азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттарды сұратады.
49. Алдын ала медициналық тексеру басталғанға дейін:
1) көкірек қуысы органдарын екі кескінде флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (егер ол жүргізілмесе немесе медициналық құжаттарда соңғы 6 ай ішінде осы зерттеу туралы мәліметтер болмаса);
2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенограммасы;
3) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
4) қанды жалпы талдау;
5) мерезге серологиялық реакция;
6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
Медициналық көрсеткіштер бойынша алдын ала егулері және басқа да зерттеулер жүргізілуі мүмкін.
50. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіретін азаматтарды алдын ала медициналық тексеруді тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдардың мынадай: хирург, терапевт, невропатолог, психиатр, окулист, отоларинголог, дерматовенеролог, стоматолог, әйелдер үшін - гинеколог мамандықтары бойынша маман дәрігерлері, ал түпкілікті тексеруді - штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін гарнизондық ӘДК (гарнизондық ӘДК немесе қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар) жүргізеді.
51. Ауру диагнозын нақтылау үшін азамат медициналық денсаулық сақтау ұйымына (әскери емдеу-алдын алу мекемесіне) амбулаториялық немесе стационарлық тексеруге жіберілуі мүмкін.
Бұл ретте, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның (гарнизондық ӘДК-ның немесе қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялардың) маман дәрігері медициналық куәландыру парағын ресімдейді, ал штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК: "Тексерілуге тиіс" деген қорытынды шығарады.
Тексеруге арналған жолдамаға денсаулық жағдайын зерттеу актісі, науқастың амбулаториялық картасы және азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар қоса беріледі.
Азамат тексерілуден бас тартқан жағдайда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК "Әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамсыз" деген қорытынды шығарады.
52. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке болмашы шектеулермен жарамды азаматтар әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамды деп танылады.
Мұндай жағдайларда, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындысы "Әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамды" деген сөздермен толықтырылады.
53. Егер бұл туралы медициналық куәландыру жолдамасында көрсетілсе, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамды деп танылған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскер түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеру үшін, әскери-есептік мамандық бойынша оқуға (қызметке), климаттық жағдайы қолайсыз жерлерде әскери қызмет өткеруге жарамдылық туралы қорытынды шығарады.
54. Аурулар кестесінде әскери қызметке жарамдылық санатын жеке бағалау көзделген аурулар кезінде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК "Әскери қызметке шектеулі түрде жарамды. Әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамсыз" деген қорытынды шығарады.
55. Егер медициналық куәландыру кезінде әскери қызметке кіруге кедергі жасайтын ауру немесе жүктілік анықталса, бұдан әрі медициналық куәландыру тоқтатылады, дәрігер маман медициналық куәландыру парағын ресімдейді және штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Әскери қызметке келісім-шарт бойынша кіруге жарамсыз» деген қорытынды шығарады, бұл ретте әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарылмайды. Әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылған адамдарға қатысты да осындай қорытынды шығарылады.
3. Оқу мерзімі 3 жыл кадет корпустарына,
генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық
мектебіне, республикалық әскери мектеп-интернаттарға
(лицейлерге) түсетін кандидаттарды, кадеттер мен
тәрбиеленушілерді медициналық куәландыру
56. Оқу мерзімі 3 жыл кадет корпустарына, генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне, республикалық әскери мектеп-интернаттарға (лицейлерге) түсетін кандидаттарды, кадеттер мен тәрбиеленушілерді медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша оқуға түсуге және оны жалғастыруға жарамдылығын анықтау мақсатында жүргізіледі.
57. Кандидаттар алдын ала медициналық тексеруден және түпкілікті медициналық куәландырудан өтеді.
58. Алдын ала медициналық тексеруді мекен-жайы бойынша медицина ұйымдарының маман дәрігерлері, түпкілікті медициналық куәландыруларды - штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘДК жүргізеді.
59. Кандидаттарды медициналық куәландыруды жүргізетін мекен-жайы бойынша медицина ұйымдарының маман дәрігерлері мен штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘДК құрамына: терапевт (педиатр), хирург, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, дерматолог, фтизиатр, психиатр және стоматолог енгізілуге тиіс.
60. Медициналық куәландыру басталғанға дейін барлық кандидаттарға міндетті түрде көкірек қуысы органдарының рентгенологиялық зерттеу, электрокардиографиялық зерттеу, қанды жалпы талдау, зәрді жалпы талдау, сондай-ақ ішек құрты жұмыртқаларына және дизентериялық бактерия тасымалдаушылыққа үлкен дәретті зерттеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда басқа да зерттеулер жүргізіледі.
61. Зерттеу нәтижелері, сондай-ақ бұрын қабылданған егулер туралы мәліметтер оқу орнына түсетін кандидаттың медициналық куәландыру картасына қоса беріледі.
62. Медициналық куәландыру кезінде кандидаттың денсаулық жағдайын бұрын бақылаған құжаттарды - науқастың амбулаториялық медициналық картасы (№ 025/у нысаны) мен оған диспансерлік зерттеу деректері бар қосымша парақты, оқу мінездемесін, сондай-ақ куәландырылушы мен оның ата-анасының анамнестикалық деректерін мұқият зерделеу қажет.
63. Егер медицина ұйымдарының мәліметтері бойынша адамдардың қосымша талаптар кестесінде белгіленген және осы оқу орындарына түсуге кедергі келтіретін аурулары немесе дене кемшіліктері болған жағдайда олар алдын ала медициналық тексеруге жіберілмейді.
Медициналық куәландыру нәтижесінде штаттан тыс уақытша жұмыс істейтін ӘДК түсуге жарамдылығы туралы қорытынды шығарады (бұл ретте аурулар кестесінің қорытынды шығаруға негіз болған тармақтарын көрсету қажет).
64. Аурулар кестесінде көзделген аурулар болған кезде оқуды жалғастыруға жарамдылығын айқындау мақсатында кадеттер мен тәрбиеленушілер медициналық куәландыру үшін штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ге жіберіледі.
65. Медициналық куәландыру нәтижесінде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оқуды жалғастыруға жарамдылығы туралы қорытынды шығарады (бұл ретте аурулар кестесінің қорытынды шығаруға негіз болған тармақтары көрсетіледі).
66. Оқуға жарамсыз деп танылған кадеттер мен тәрбиеленушілерге, сондай-ақ әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған бітірушілерге ӘДК қорытындысы анықтама түрінде беріледі.
4. Кадет корпустарының, «Жас ұлан» мектебінің, республикалық
әскери мектеп-интернаттардың (лицейлердің) әскери (арнайы) оқу
орындарына түсетін әскери қызметшілері мен бітірушілерін
медициналық куәландыру
67. Кадет корпустарының, "Жас ұлан" мектебінің, республикалық әскери мектеп-интернаттардың (лицейлердің) күндізгі оқу нысанындағы әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін әскери қызметшілері мен бітірушілері алдын ала медициналық куәландыруды штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-да түпкілікті медициналық куәландыруды штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-да өтеді.
68. Медициналық куәландыруға жіберу алдында әскери бөлімдер мен осы оқу мекемелерінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтардың медициналық куәландыру карталары ресімделеді және:
1) көкірек қуысының органдарын екі кескінде флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы;
3) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
4) қанды жалпы талдау;
5) мерезге серологиялық реакция;
6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
69. Алдын ала медициналық куәландыруға жіберген кезде медициналық кітапша беріледі, мұнда жыл сайынғы тереңдетілген және бақылау медициналық тексерулердің (офицерлерге кемінде соңғы үш жылдағы) нәтижелері, медициналық көмекке жүгінуі көрсетілуге тиіс.
70. Офицерлер құрамының медициналық кітапшаларында жыл сайынғы тереңдетілген және бақылау медициналық тексерулердің нәтижелері болмаған жағдайда, алдын ала медициналық куәландыру кезінде оларды кейіннен штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (госпитальдық) ӘДК-ның медициналық куәландыруымен стационарлық тексеруге жіберу туралы қорытынды шығарылады.
71. Медициналық куәландыру әскери қызметшіде медициналық кітапша болған жағдайда жүргізіледі.
72. Әскери (арнайы) оқу орнына түсуге кедергі келтіретін ауру анықталған жағдайда бұдан әрі тексеру тоқтатылады және штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамсыздық туралы қорытынды шығарады.
73. Маман дәрігерлер медициналық куәландыру нәтижелерін және штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК қорытындысын ӘДК отырыстары хаттамаларының кітабына, медициналық куәландыру картасына және медициналық кітапшаға жазады.
74. Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған азаматтардың медициналық куәландыру карталары медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірілмей алдын ала медициналық куәландырудың сапасын талдау және жақсарту үшін медициналық құжаттарды жіберген штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға жіберіледі.
5. Қазақстан Республикасының аумағына әскери (арнайы) оқу
орындарына оқуға жіберілетін шетел мемлекеттерінің әскери
қызметшілерін медициналық куәландыру
75. Қазақстан Республикасының аумағында әскери (арнайы) оқу орындарында оқитын шетел мемлекеттерінің әскери қызметшілеріне қатысты әскери (арнайы) оқу орнында оқуға жарамдылық (жарамсыздық) туралы қорытынды халықаралық шартқа, сондай-ақ әскери (арнайы) оқу орнының, факультеттің, курстың бейініне қарай аурулар кестесінде және қосымша талаптар кестесінде көзделген денсаулық жағдайына қойылатын талаптарға сәйкес шығарылады.
76. Штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-ның шетел мемлекеттері әскери қызметшілерінің Қазақстан Республикасы аумағындағы әскери (арнайы) оқу орнында оқуға жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытындысы ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабында тіркеледі және анықтама түрінде беріледі. Штаттан тыс (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-ның қорытындысы штаттық ӘДК-да бекітілуге жатпайды.
6. Мерзімді әскери қызметтегі және келісім-шарт бойынша
әскери қызметшілерді, әскери (арнайы) оқу орындарының
курсанттарын медициналық куәландыру
77. Медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді:
мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерге қатысты қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтарымен, әскери сотпен немесе прокуратурамен, тергеу органымен келісім бойынша әскери бөлімдердің командирлері (мекемелердің бастықтары), гарнизондардың бастықтары, штаттық ӘДК бастықтары (төрағалары), қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары, қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары, ал әскери-медициналық мекемелерде стационарлық тексеруде және емдеуде жатқан әскери қызметшілерге қатысты - осы мекемелердің бастықтары;
келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерге қатысты - әскери бөлімдер командирлерінен (мекемелердің бастықтарынан) бастап оларға тең және жоғарғы лауазымдардағы тікелей бастықтар, әскери сот немесе әскери прокуратура, тергеу органы;
әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына қатысты - әскери (арнайы) оқу орындарының бастықтары, әскери сот немесе әскери прокуратура, тергеу органы шығарады.
78. Медициналық куәландыруға жолдамаға әскери бөлім штабының бастығы және одан жоғары немесе кадр ұйымының бастығы (құрама кадрлар бөлімінің бастығы лауазымынан бастап) тиісті командирдің (бастықтың) шешіміне сілтеме жасай отырып, қол қояды.
79. Тексеру немесе емдеу барысында мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшінің - мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) салдарынан пайда болған, әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін аурулары анықталған жағдайда, медициналық куәландыруға жолдаманы әскери-медициналық мекеменің бастығы беруі мүмкін, бұл туралы ауру тарихына жазылады.
80. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ға медициналық куәландыруға жіберілетін тұлғаларға мыналар беріледі:
1) әскери атағын, әскери бөлімнің нөмірін (мекеменің атауы) тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, айын және әскерге шақырылған немесе әскери қызметке келісім-шарт бойынша кірген жылын, медициналық куәландырудың мақсатын және алдын ала диагнозын көрсете отырып, медициналық куәландыруға жолдама;
2) медициналық кітапша;
3) қызметтік және медициналық мінездемелер:
қызметтік мінездемеде куәландырылушының денсаулық жағдайының атқаратын лауазымы бойынша өзінің әскери қызмет міндеттерін орындауға әсері туралы мәліметтер, әскери қызметшіні әскери қызметте пайдаланудың орындылығы туралы пікір көрсетіледі;
медициналық мінездемеде әскери қызметшінің денсаулық жағдайын серпінді қадағалаудың нәтижелері туралы, оның медициналық көмекке жүгінуі туралы және соңғы 2 жылда денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыз болған күндер саны туралы мәліметтер көрсетіледі;
медициналық мінездемеде көрсетілген мәліметтер медициналық кітапшаның деректерімен және басқа да медициналық құжаттармен расталады;
4) әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеру кезеңінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) адамдарға жарақат туралы анықтама.
81. Ауруы бойынша демалыс беру немесе әскери қызмет міндеттерін атқарудан босату туралы мәселені шешу үшін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру әскери-медициналық мекеме бастығының шешімі бойынша жүргізіледі.
82. Келісім-шарт әскери қызмет бойынша өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыруды штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК амбулаториялық немесе стационарлық тексеру басталған күннен бастап екі аптадан кешіктірмей жүргізеді.
83. Ауру, мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) диагнозының және олардың салдарының айқын болмауына байланысты әскери қызметшіні медициналық куәландыруды көрсетілген мерзімде жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, оны тексеру әскери-медициналық мекеме бастығының шешімімен ұзартылады, бұл туралы әскери қызметшіні медициналық куәландыруға жіберген әскери бөлімнің командиріне (мекеме бастығына) немесе кадр органына хабардар етіледі.
84. Егер әскери қызметшіні медициналық куәландырған кезде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның ол куәландырылатын мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың) немесе аурудың салдары әскери қызмет өткеруге байланысты емес деп тануға негізі болса, онда ӘДК азаматтың жеке іс қағазы мен медициналық куәландыру картасын сұратады.
85. Әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына қатысты тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметке және оқуға жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарады.
86. Бітіруші курстарға дейінгі әскери (арнайы) оқу орындарының одан әрі оқуға жарамсыз деп танылған курсанттарына (17 және одан жоғары жастағы) қатысты (офицерлік атақтары жоқ тыңдаушылар) бір уақытта әскери қызметке жарамдылығы туралы мәселе шешіледі.
87. "Әскери қызметке уақытша жарамсыз" деген қорытынды шығарғанда одан әрі оқуға және босату мерзімі, ауруы бойынша демалысы аяқталуы бойынша әскери қызметке жарамдылығы туралы түпкілікті қорытынды шығарылады.
88. Бітіруші курстардың курсанттары мен кадеттерін (офицерлік атағы жоқ тыңдаушыларды) медициналық куәландыру кезінде аурулар кестесіне және қосымша талаптар кестесіне сәйкес әскери қызметке жарамдылық туралы мәселе шешіледі.
89. Жоғары оқу орындарында запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқып жатқан азаматтарды медициналық куәландыруды есепке қою жөніндегі комиссиялардың медициналық комиссиясы; мекен-жайы бойынша медициналық мекемелердегі маман дәрігерлер; гарнизондық ӘДК, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар жүргізеді.
90. Әскери қызмет өткеру кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған), ауру болған әскери қызметшілерді медициналық куәландыру айқындалған дәрігерлік-сараптамалық салдары болған кезде жүргізіледі.
91. Әскери қызметшіні бір әскери емдеу-алдын алу мекемесінен екіншісіне ауыстыру, ауруы бойынша қызметтен босатылған әскери қызметшіні тұрғылықты мекен-жайына ілесіп апару қажет болған жағдайда медициналық көмек пен бөгде адамның қамқорлығына мұқтаж болуына қарай оқшаулауды және ілесіп жүретін адамдарды қажет ететін науқасты көшіргенде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК ауыстыру қажеттігі туралы мәселені шешеді, ілесіп жүрудің (адам санын) және көлік түрінің қажеттілігін айқындайды.
92. Аурулар кестесінде әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделген жағдайда, әскери қызметшінің ауруы бойынша демалысқа немесе әскери қызмет міндеттерін атқарудан босатуға мұқтаждығы туралы қорытынды шығарылады.
93. Бейбіт уақытта егер стационарлық емдеу мен медициналық оңалту жүргізу (емдеу бөлімшесі, оңалту орталығы, санаторий) аяқталғаннан кейін әскери қызметші әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісе алатын мерзім кемінде бір айды құраса, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК ауруы бойынша демалысқа мұқтаждығы туралы қорытынды шығарады.
Қалған жағдайларда әскери қызметшілерді емдеу әскери емдеу-алдын алу мекемелерінде немесе сауығушылар командаларында аяқталады және штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық немесе ішінара босатуға мұқтаждығы туралы қорытынды шығарады.
Әскери емдеу-алдын алу мекемесінде емдеуден кейін әскери қызметшінің әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісуі мүмкін мерзім 3 айдан аспайтын жағдайда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК сауығушылар командасына жіберу туралы қорытынды шығарады, ал егер бұл мерзім 3 айдан асатын болса, ӘДК 6-12 айдан кейін қайтадан медициналық куәландырумен әскери қызметке уақытша жарамсыздық туралы қорытынды шығарады.
Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың), аурудың сипаты мен ауырлығына қарай ауруы бойынша демалыстың ұзақтығын белгілейді.
94. Әскери қызметшіге бейбіт уақытта ауруы бойынша демалыс (қалпына келтіру емделудің соңғы кезеңі) 30-дан 60 тәулікке дейінгі мерзімге беріледі.
95. Мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің және осы санатқа сәйкес келетін адамдардың стационарлық емдеуде үздіксіз болуының, медициналық оңалту жүргізудің және ауруы бойынша демалыста болуының жалпы ұзақтығы 4 айдан аспауға тиіс, ол аяқталған соң штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды.
96. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге ауруы бойынша демалыс ұзартылуы мүмкін, бірақ әрбір ретте 30 тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартылады. Стационарлық емдеуде болудың, медициналық оңалту жүргізудің және ауруы бойынша демалыста болудың уақыты жалпы алғанда 4 айдан, ал туберкулезбен ауыратындар үшін 12 айдан аспауға тиіс.
Егер көрсетілген мерзім аяқталғанда келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісе алмайтын болса, оның емделуде болу мерзімі әскери емдеу-алдын алу мекеменің қорытындысы негізінде құрама командирінен бастап және одан жоғары тікелей бастықтың шешімімен ұзартылуы мүмкін.
97. Әскери қызметшінің емдеуде үздіксіз болу мерзімін ұзарту үшін әскери емдеу-алдын алу мекемесінің бастығы әскери қызметші қызмет өткеретін әскери бөлімнің командиріне (мекеме бастығына) емдеуде болу мерзімін ұзарту туралы қатынас қағазын жібереді, мұнда диагнозы, емдеуде үздіксіз болған мерзімі, емдеуді жалғастыру қажеттігі және оның болжамды мерзімі көрсетіледі.
Әскери бөлімнің командирі (мекеменің бастығы) көрсетілген қатынас қағазын ол бойынша өз пікірімен бірге әскери қызметшінің емдеуде үздіксіз болу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдайтын тікелей бастығына ұсынады.
Қажет болған жағдайда әскери қызметшінің емдеуде үздіксіз болу мерзімі осындай тәртіппен ұзартылуы мүмкін.
98. Емдеуде және ауруы бойынша демалыста үздіксіз болудың шекті мерзімі (ұзартуды ескере отырып) аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау үшін медициналық куәландырылуға тиіс.
99. Әскери қызметші - әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша демалысты әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімге, медициналық денсаулық сақтау ұйымының жүктілік және бала туу туралы қорытындысына сәйкес береді.
100. Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның ауруы бойынша демалысқа (демалысты ұзартуға) мұқтаждығы туралы қорытындысы әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалар кітабына жазылады және анықтамамен ресімделеді.
101. Басқа жағдайларда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның әскери қызметшіні сауығушылар командасына жіберу туралы қорытындысы ӘДК отырыстарының хаттамалар кітабына жазылады және анықтамамен ресімделеді.