Осы редакция 2006 ж. 14 наурыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 20.01.03 ж. № 55 (бұр. ред. қара); 17.03.04 ж. № 322 (бұр. ред. қара) қаулыларымен ереже жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлеу
ережесi, жұмыс берушілерге рұқсат берудiң шарттары мен тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
2-тарау. Квота белгiлеу тәртібі
3-тарау. Квота бөлу
4-тарау. Рұқсат беру шарттары
5-тарау. Рұқсат берудiң тәртібі
6-тарау. Тартылатын шетелдiк жұмыс
күшiнiң тiзiмдерiн растаудың тәртібі
7-тарау. Рұқсаттың мерзiмін ұзарту
8-тарау. Рұқсатты тоқтата тұру және қайтарып алу
9-тарау. Есеп беру
10-тарау. Осы Ереженiң және рұқсат шарттарының
орындалуын бақылау
11-тарау. Жауапкершілiк
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже (бұдан әрi - Ереже) "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлеудiң және бөлудiң тәртібін, жұмыс берушілерге рұқсат берудiң шарттары мен тәртібін белгілейдi.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын ұғымдар:
1) шетелдiк жұмыс күшi - республика аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшiн жұмыс берушi жалдайтын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар;
2) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота (бұдан әрi - квота) - Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтiн, республиканың экономикалық белсендi халқының санына пайызға шаққандағы шетелдiк жұмыс күшінiң үлесi;
3) жұмыс берушi - қызметкер еңбек қатынасында тұратын заңды немесе жеке тұлға;
4) шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсат (бұдан әрi - рұқсат) - уәкілеттi орган жұмыс берушiге беретiн, орталық атқарушы орган бөлген квота шегiнде Қазақстан Республикасына тарту үшін шетелдiк жұмыс күшiнiң санын айқындайтын белгiленген нысандағы құжат;
5) орталық атқарушы орган - халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың iске асырылуын үйлестірушi мемлекеттік орган;
6) уәкілетті орган - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары.
3. Осы Ереженiң күшi:
1) шетелдiк заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының немесе өкілдiктерiнiң бiрiншi басшылары болып жұмыс iстейтiн;
2) мерзiмi бір күнтiзбелiк жыл iшiнде жиынтығы 45 күнтiзбелiк күннен аспайтын iссапарда жүрген;
3) Қазақстан Республикасының Үкiметімен ақшалай баламасы 50 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция сомасына келісім-шарттар жасасқан ұйымдардың бiрiнші басшылары және Қазақстан Республикасының қызметтің басым түрлерiнде инвестициялық қызметті жүзеге асыратын әрi инвестициялар жөніндегі уәкілеттi органмен келісім-шарт жасасқан заңды тұлғаларының бiрiншi басшылары болып жұмыс істейтін;
4) банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бiрiншi басшылары болып жұмыс iстейтiн;
5) акцияларының кемiнде 50% мемлекетке тиесілi Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдары атқарушы органдарының бiрiншi басшылары болып жұмыс істейтiн;
6) дипломатиялық өкiлдiктер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi, Қазақстан Республикасында аккредиттелген консульдық мекемелердiң қызметкерлерi болып табылатын;
7) қайырымдылық және iзгілiк көмек көрсету мақсатымен келетiн;
8) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi болып табылатын;
9) шетелдiк ұйымдарға тиесілi теңiз және өзен кемелерi, әуе, темір жол және автомобиль көлiгi экипаждарының мүшелері болып табылатын;
10) әртiстер мен спортшылар болып жұмыс iстейтiн;
11) жеке кәсіпкерлер болып табылатын;
12) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын;
13) босқын мәртебесiн немесе Қазақстан Республикасының аумағында саяси баспана алған шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
2-тарау. Квота белгiлеу тәртібі
4. Уәкілетті органдар жыл сайын бiрiншi қазанға дейiнгі мерзiмде жұмыс берушілер өтiнiмдерiнiң негiзінде орталық атқарушы органға жұмыс берушiнiң алдағы жылға арналған шетелдiк жұмыс күшiн тарту негiздемесiн орталық атқарушы орган белгілеген нысан бойынша ұсынады.
5. Мүдделi орталық атқарушы органдар шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгілеу жөніндегі ұсыныстарын орталық атқарушы органға енгiзе алады.
6. Орталық атқарушы орган уәкілетті органдар мен мүдделi орталық атқарушы органдар ұсыныстарының негiзiнде жыл сайын бiрiншi желтоқсанға дейiн алдағы жылға арналған квота белгiлеу туралы нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
3-тарау. Квота бөлу
7. Орталық атқарушы орган Қазақстан Республикасының Үкіметі квота белгілеу туралы шешiм қабылдағаннан кейiн он бес күн iшiнде оны облыстардың, Астана және Алматы қалаларының арасында еңбек рыногындағы ахуалды және өндiрiстi дамыту және инвестициялық жобаларды, оның iшiнде шетелдiк капиталды қатыстыра отырып iске асыру, сондай-ақ прогрессивті шетелдiк технологияларды енгізу үшiн тиiстi облыс, Астана және Алматы қалалары экономикасының жұмыс күшiне қажеттілiгiн ескере отырып, республиканың экономикалық белсендi халқына пайыздық қатынаста бөледi.
8. Орталық атқарушы орган бекiтілген квотаны облыстардың, Астана және Алматы қалаларының арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген квота шегінде қайта бөлудi жүзеге асыра алады.
4-тарау. Рұқсат беру шарттары
9. Уәкілетті орган рұқсатты бос жұмыс орындары болған және жұмыс күшiне сұранысты iшкi еңбек рыногы есебiнен қанағаттандыруға мүмкiндiк болмаған кезде орталық атқарушы орган бөлген квота шегiнде бередi.
10. Уәкілетті орган рұқсат беру кезiнде iшкi еңбек рыногында тиiсті ұсыныстар болған кезде тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң санын шектей алады.
11. Iшкi еңбек рыногындағы iздестіру:
1) шетелдiк банк, сақтандыру ұйымдары құрылымдық бөлiмшелерінiң басшылары;
2) еңбекшi-мигранттардың еңбек көшi-қоны және оларды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатындар қатарынан шетелдiк жұмыс күшін тарту кезiнде жүзеге асырылмайды.
12. Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат қызметкерлердiң мынадай санаттарына:
1) бiрiншi санат - ұйымның басшы құрамын тартуға;
2) екiншi санат - құжаттары белгіленген тәртiппен расталған жоғары және кәсiптік орта білiмi бар мамандарды тартуға;
3) үшiншi санат - білiктi жұмысшыларды тартуға;
4) төртiншi санат - еңбекшi-мигранттардың еңбек көшi-қоны және оларды әлеуметтiк қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысатын жұмысшыларды тартуға беріледi.
13. Уәкілетті орган рұқсат беру кезiнде жұмыс берушiмен келісім бойынша оған мынадай ерекше шарттардың кез келгенiнiң орындалуын жүктейдi:
1) қазақстандық қызметкерлердi даярлау, қайта даярлау және олардың білiктілiгін арттыру;
2) бұдан әрi шетелдiк жұмыс күшін алмастыру үшiн қазақстандық азаматтарды даярлау, қайта даярлау және олардың білiктілігiн арттыру;
3) қолда бар жұмыс орындарын сақтау;
4) қазақстандық азаматтар үшiн қосымша жұмыс орындарын құру.
5-тарау. Рұқсат берудiң тәртібі
14. Жұмыс берушi рұқсат алу үшiн уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) жекелеген кәсiптер мен біліктілiктер бойынша тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң санын, санатын көрсете отырып, мемлекеттік немесе орыс тілінде рұқсат беруге өтiнiштi;
2) орталық атқарушы орган бекiтетiн Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының білiктілік анықтамалығына (БА), Жұмысшылар жұмыстары мен кәсiптерiнiң бiрыңғай тарифтiк-білiктілiк анықтамалығына (БТБА) сәйкес әр лауазым үшiн белгіленген біліктілік талаптарын;
3) шетел тілін және халықаралық стандарттарды бiлу, шетелдегi жұмыс тәжiрибесi қажеттілiгiнiң негіздемесiн;
4) өтiнiш берген күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде уәкілетті органның өңiрлiк дерекқорынан бос лауазымдар жөнiнде ұсыныстардың болуы туралы анықтаманы;
5) лауазымға қойылатын біліктілiк талаптарын көрсете отырып, уәкілетті органға өтінiш бергенге дейiн кемінде бiр ай бұрын және үш айдан аспай жарияланған мемлекеттік және орыс тiлдеріндегі бос орындар туралы хабарландырулар бар республикалық және жергілiктi мерзiмдi басылымдардың түпнұсқаларын;
6) орталық атқарушы органның web-сайты арқылы еңбек рыногының республикалық дерекқоры бойынша iздестірудiң нәтижелерiн;
7) бұрын берілген рұқсаттардың ерекше шарттарының орындалуы туралы ақпаратты (олар бар болса);
8) жұмыс берушiнiң бос орынға қазақстандық азаматтарды алудан уәжделген бас тартуын;
9) тартылатын шетелдiк жұмыс күшi санының негiздемесiн ұсынады.
15. Уәкілетті орган:
1) жұмыс берушi ұсынған құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде қарап, Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрi - Комиссия) ұсынымдары бойынша рұқсат беру (бермеу) туралы шешiм қабылдайды.
Комиссия туралы ереженi уәкілеттi орган орталық атқарушы органмен келісім бойынша әзiрлейдi және бекiтедi. Комиссияның құрамына орталық атқарушы орган, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі және Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөніндегі агенттігi аумақтық органдарының өкiлдерi енгiзіледi;
2) жұмыс берушi мен орталық атқарушы органды шешiм қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы хабардар етедi.
16. Рұқсаттың нысанын орталық атқарушы орган бекiтедi.
Жұмыс берушi уәкілетті органда рұқсат беру туралы жазбаша хабарландырылған күннен бастап бiр ай iшiнде рұқсат алуы керек.
Рұқсат уәкілеттi орган әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң тізiмдерiн растаған сәттен бастап қолданылады.
17. Уәкілетті орган берген рұқсат тиiстi облыстың, Астана және Алматы қаласының аумағында ғана қолданылады және оны басқа жұмыс берушілерге беруге болмайды.
18. Жұмыс берушілердiң шетелдiк жұмыс күшін бiрнеше облыстарда және (немесе) Астана және (немесе) Алматы қалаларында пайдалануы қажет болған жағдайда, жұмыс берушiнiң тұрғылықты жеріндегі уәкілетті орган орталық атқарушы органның келісімi бойынша екi және одан да көп облыстарда, сондай-ақ Астана және (немесе) Алматы қалаларында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшін шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат бере алады.
19. Рұқсат мынадай жағдайларда:
1) осы Ережеде көзделген құжаттар толық және тиесілi ресiмделмесе;
2) бұрын берілген рұқсаттың ерекше шарттары орындалмаса;
3) бөлiнген квотадан асып кетсе берілмейдi.
20. Жұмыс берушi уәкілеттi органның шешiмiмен келiспеген кезде қабылданған шешiмнiң негізділiгi мәнiне орталық атқарушы органға өтiнiшпен бара алады.
Орталық атқарушы орган жұмыс берушінiң өтiнiшiн қарайды, уәкілетті органнан сұратып алған қажетті материалдарды зерделейдi және нәтижелерi бойынша қорытындыны тиiстi уәкілеттi органға қарауға жiбередi, бұл туралы жұмыс берушiге хабардар етедi.
6-тарау. Тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмдерiн растаудың
тәртібі
21. Жұмыс бepуші рұқсаты болған кезде шетелдiк қызметкерлермен Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына сәйкес еңбек шарттарын жасасады.
22. Жұмыс берушi рұқсат алған күннен бастап үш айдан кешiктірмей тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмдерiн қалыптастырады және оларды уәкілетті органға ұсынады.
23. Жұмыс берушi тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмдерiн: тегін, атын, әкесінiң атын, туған күнi мен жылын, азаматтығын, тұрақты тұратын елiн, баратын елiн, мамандығы мен білiмiн Қазақстан Республикасында қолданылатын, орталық атқарушы орган бекiтетiн Жұмысшылар жұмыстары мен кәсiптерiнiң бiрыңғай тарифтiк-білiктілiк анықтамалығына, Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшiлер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына және 01-99 "Кәсiптер сыныптауышы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыныптауышына сәйкес кәсiптер мен лауазымдарының атауларын көрсете отырып, бес данада жасайды.
24. Тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмiне:
1) білімi туралы құжаттарының нотариалды расталған аудармалары;
2) АҚТҚ-ға тексерiлген медициналық анықтамалар;
3) қызметкердің еңбек қызметiн растайтын, жұмыс берушi растаған құжаттар;
4) жасалған еңбек шартының көшiрмесi;
5) рұқсаттың мерзiмi аяқталғанда шетелдік жұмыс күшiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары шығуына кепілдiк беретiн құжаттар қоса беріледi.
25. Уәкілетті орган құжаттардың осы Ережеде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қарағаннан кейiн, олар берiлген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмыс берушi берген тiзiмдердi растайды.
26. Шетелдiк қызметкермен еңбек шарты рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн бұзылған жағдайда жұмыс бepуші шетелдiк жұмыс күшін тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң өзгертілген, уәкілетті орган растаған тiзiмi негiзiнде сол санат пен біліктілік бойынша тарта алады.
27. Уәкілеттi орган тiзiмдер расталған күннен бастап оларды бес жұмыс күнi iшiнде орталық атқарушы органның, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң аумақтық органдарына ұсынады.
28. Тiзiмдердi растау мынадай жағдайларда жүзеге асырылмайды:
1) құжаттарды осы Ереженiң 22-24-тармақтарына сәйкес толық және тиесілi ұсынбағанда;
2) тартылатын шетелдiк жұмыс күшi талап етілетiн санат пен біліктілікке сәйкес болмағанда;
3) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 22-бабында көзделген негіздер бойынша.
29. Тартылатын шетелдiк жұмыс күші үшiн визалық қолдау жұмыс берушіде уәкілеттi орган растаған тiзiмдер қоса берілген рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.
30. Жұмыс беруші рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғанда шетелдiк жұмыс күшiнiң Қазақстан Республикасынан тысқары шығуын қамтамасыз етеді.
7-тарау. Рұқсаттың мерзiмін ұзарту
31. Рұқсаттың мерзiмiн ұзартуды уәкілеттi орган жұмыс берушiнiң өтінішi бойынша тиiсті облыс, Астана және Алматы қалалары үшiн бөлiнген квота шегінде жүзеге асырады.
Рұқсаттың мерзiмiн ұзарту бiрiншi санат үшiн екi рет, екiншi санат үшiн бiр рет жүзеге асырылады. Yшiншi және төртiншi санаттар үшiн рұқсаттың мерзiмiн ұзарту жүзеге асырылмайды.
32. Рұқсаттың мерзiмiн ұзарту үшiн жұмыс берушi рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн 20 күн бұрын уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) өтiнiштi;
2) рұқсаттың түпнұсқасын;
3) уәкілетті орган растаған шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмдерiн;
4) рұқсат мерзiмдерiн ұзарту үшiн шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмдерiн;
5) бұрын берілген рұқсаттың ерекше шарттарының орындалуы туралы ақпаратты;
6) рұқсаттың мерзiмiн ұзарту негiздемесiн жiбередi.
33. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттар негiзiнде құжаттар берілген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде рұқсаттың мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылдайды және жұмыс берушi мен орталық атқарушы органды қабылданған шешiм туралы бес жұмыс күнi iшiнде бас тартқан жағдайда себебiн көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етедi.
34. Рұқсаттың мерзiмiн ұзарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылмайды:
1) осы Ережеде көзделген құжаттар толық және тиесiлi ресiмделмесе;
2) бұрын берiлген рұқсаттардың ерекше шарттары орындалмаса;
3) бөлiнген квотадан асып кетсе.
8-тарау. Рұқсатты тоқтата тұру және қайтарып алу
35. Уәкілетті орган мiндетті түрде себебiн көрсете отырып, рұқсаттың қолданылуын үш айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға немесе рұқсатты қайтарып алуға құқылы.
36. Рұқсатты тоқтата тұру:
1) жұмыс берушi осы Ережеде көзделген рұқсат берудiң ерекше шарттарын орындамаған;
2) шетелдiк жұмыс күшін рұқсатта көзделген саннан артық тартылған;
3) тартылатын жұмыс күші тiзімдерiнде көрсетілмеген шетелдiк жұмысшылар мен мамандар тартылған жағдайларда жүргiзіледi.
37. Тоқтатыла тұрған рұқсаттың қолданылуы уәкілеттi органның шешiмi бойынша анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейiн қалпына келтiріледi, бұл туралы жұмыс берушiге қалпына келтiру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде жазбаша түрде хабарланады.
38. Уәкілетті орган рұқсатты қайтарып алуды уәкілеттi орган рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұрған себептер жойылмаған, сондай-ақ үш ай iшiнде тартылатын шетелдiк жұмыс күшінiң тiзiмдерi немесе белгіленген есеп беру ұсынылмаған жағдайда жүргiзіледi.
9-тарау. Есеп беру
39. Жұмыс беруші рұқсатты алғаннан кейiн уәкілеттi органға ай сайын шетелдiк жұмыс күшiн тарту туралы және осы Ереженiң 13-тармағына сәйкес ерекше шарттардың орындалуы туралы ақпарат ұсынады.
40. Уәкілетті орган орталық атқарушы органға ай сайын шетелдiк жұмыс күшiн тарту, жұмыс берушінің рұқсаттың ерекше шарттарын орындауы жөнiнде орталық атқарушы орган белгiлейтiн нысан бойынша есеп ұсынады.
10-тарау. Осы Ереженiң және рұқсат шарттарының
орындалуын бақылау
41. Осы Ереже шарттарының орындалуын бақылауды орталық атқарушы орган мен оның аумақтық органдары, уәкiлетті орган өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
42. Орталық атқарушы орган бөлiнген квотаның өңiрлер бойынша сақталуын бақылайды.
43. Уәкілетті орган мен орталық атқарушы органның аумақтық органы жұмыс берушінің рұқсат бepудің ерекше шарттарын орындауын және жұмыспен қамту туралы заңнаманың орындалуын бақылайды.
11-тарау. Жауапкершілiк
44. Осы Ережені бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік жүктейдi.