Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2001 жылғы 19 маусымдағы N 836 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квотаны
белгiлеудiң және жұмыс берушілерге рұқсат берудiң
ережесi
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 20 қаңтардағы N 55 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) еңбек ресyрстарының теңгерімi - жұмыспен қамтy түрлерi бойынша бар еңбек ресурстарын және олардың бөлінуін сипаттайтын еңбек статистикасының ресми деректерi;
2) шетелдік жұмыс күші - республика аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден жалдайтын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар;
3) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квота (бұдан әрi - квота) - Қазақстан Республикасының Үкiметi еңбек ресурстарының теңгерiмiне сәйкес жыл сайын белгілейтін экономикалық белсенді халыққа қарағанда шетелдік жұмыс күшінің пайызға шаққандағы үлесі;
4) жұмыс берушi - қызметкер еңбек қатынасында тұратын заңды немесе жеке тұлға;
5) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсат - белгiленген квота шегiнде Қазақстан Республикасына әкелу үшiн шетелдiк жұмыс күшінің санын анықтайтын орталық атқарушы орган жұмыс берушiге беретiн құжат.
2. Шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгілеу тәртібі
2. Жергілікті атқарушы органдар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде орталық атқарушы орган белгілеген нысанда жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тарту қажеттігі туралы алдағы жылға арналған негіздемені орталық атқарушы органға ұсынады.
3. Орталық атқарушы орган жергiлiктi атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне алдағы жылға арналған квотаны белгілеу туралы нормативтік құқықтық кесімнің жобасын енгізеді.
3. Жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға
рұқсат беру шарттары мен тәртібі
4. Жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты (бұдан әрі - рұқсат) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квота шегінде берілетін, орталық атқарушы органнан алады.
5. Жұмыс беруші тиісті санаттағы және біліктіліктегі шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаты болған ретте осы Ереженің шарттарына сәйкес және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен белгіленген тәртіпте шетелдік азаматтармен және азаматтығы жоқ адамдармен жеке еңбек шарттарын жасасады.
6. Орталық атқарушы орган рұқсаттарды беру кезінде осы Ереженің шарттарын басшылыққа алады.
7. Рұқсаттың болуы мынадай шетелдік азаматтар үшін талап етілмейді:
1) шетелдік заңды тұлғалардың, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктерінің бірінші басшылары (басқарушылары) болып жұмыс істейтіндерден;
2) мерзімі бір күнтізбелік жыл ішінде жиынтығы 45 күнтізбелік күннен аспайтын іссапарда жүргендерден.
8. Орталық атқарушы орган ішкі еңбек рыногында тиісті ұсыныстар болған ретте тартылатын шетелдік азаматтар санын жекелеген кәсіптер мен біліктіліктер бойынша шектей алады.
9. Жұмыс беруші ішкі еңбек рыногында қызметкерлерді іздестіру бойынша мынадай шараларды жүзеге асыруға (рұқсат алу үшін өтініш жасардан кемінде бір ай бұрын) міндетті:
1) бос жұмыс (бос лауазым) орындары пайда болған күннен бастап үш күн ішінде олар туралы мәліметтерді уәкілетті органға жіберуге;
2) бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларды мемлекеттік тілде және орыс тілінде орталық атқарушы орган белгілейтін мерзімді басылымдарда жариялауға.
10. Орталық атқарушы орган жұмыс берушіге ішкі еңбек рыногында қызметкерлерді іздестіру мерзімін, егер оның қызметінде жаңа технологияларды енгізу, инвестициялау, қазақстандық кадрларды кәсіби даярлау көзделмеген болса, бір айға дейін соза алады.
11. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсат үш санатқа бөлінеді:
1) бірінші санат - ұйымдардың басшы құрамын тартуға;
2) екінші санат - белгіленген тәртіпте құжаттармен расталған жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандарды және жеке кәсіпкерлерді тартуға;
3) үшінші санат - білікті жұмысшыларды тартуға.
12. Орталық атқарушы орган шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсаттардың санаттарына сәйкес оларды берудiң қосымша шарттарын белгiлей алады:
бiрiншi санат үшiн - шетелдiк азаматтардың рұқсат мерзiмi бiткенге дейiн оларды алмастыру үшiн жоғары және орта кәсiптiк бiлiмi бар қазақстандық мамандарды қайта даярлау, даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;
екiншi санат үшiн - шетелдiк азаматтарды алмастыру үшiн қазақстандық мамандарды даярлау, қазақстандық және шетелдiк жұмыс күшiнiң арасалмағын белгiлеу, жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға қызметкерлерге мұқтаждық туралы үнемi тапсырыстар берiп отыру;
үшiншi санат үшiн - шетелдiк азаматтарды осы Ережеде белгiленген мерзiмдерде алмастыру үшiн қазақстандық мамандарды даярлау, қазақстандық азаматтар үшін қосымша жұмыс орындарын құру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға қызметкерлерге мұқтаждық туралы үнемi тапсырыстар берiп отыру.
13. Жұмыс берушi өзi күнтiзбелiк жылға арнап бекiтетiн кадрларды даярлау бағдарламасына сәйкес қазақстандық қызметкерлердi кәсiби оқытуды және қайта даярлауды жүзеге асыруға және оқу аяқталған соң олардың бiлiктiлiгiн растайтын сертификаттар беруге тиiс.
14. Жұмыс берушi көрсетiлген облыстың, Астана және Алматы қалаларының аумақтарында еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсатты алу үшiн тиiстi жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға мыналарды жiбередi:
1) тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң санын, санатын, кәсiбiн және бiлiктiлiгiн көрсете отырып, рұқсаттар алу үшiн мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде өтiнiш;
2) iшкi еңбек рыногында қызметкерлердi iздестiру жөнiнде жүргiзiлген жұмысты растау қағазы және талап етiлетiн мамандардың өтiнiш берген қазақстандық азаматтар арасында жоқ екендiгiне айғақтама (тиiстi ақпарат);
3) шет тiлдерiн бiлу, шетелде жұмыс iстеген тәжiрибесiнiң болуы, осы заманғы технологияларды лауазымдық мiндеттерiне пайдалана алатындығы жөнiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарға сәйкестiгiн растау қағазы.
15. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган ұсынылған құжаттардың негiзiнде 10 күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде қажеттiлiк туралы экономикалық негiзделген талдауды ескере отырып, талап етiлетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң санын тартудың орындылығы туралы қорытынды шығарады және оны ұсынылған құжаттармен бiрге орталық атқарушы органға жiбередi.
16. Орталық атқарушы орган жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысы негiзiнде 10 күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде рұқсат беру немесе беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды және оң шешiлген жағдайда, жұмыс берушiге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсатты санатын, бiлiктiлiгiн, аумағын және қолданылу мерзiмiн көрсете отырып, белгiленген саны шегiнде бередi.
Рұқсат пен өтiнiш нысанын орталық атқарушы орган бекiтедi.
17. Рұқсат беруден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) құжаттарды осы Ереженiң 14-тармағына сәйкес толық және тиiсiнше ұсынбағанда;
2) осы Ереженiң 9-тармағына сәйкес мамандарды iшкi еңбек рыногында iздестiру жөнiнде шаралар қабылдамағанда;
3) алдыңғы рұқсаттардың осы Ереженiң 12 және 13-тармақтарына сәйкес талаптарын орындамағанда;
4) квота шегiне жеткенде.
18. Жұмыс берушi орталық атқарушы орган берген рұқсаттың негiзiнде әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмiн жасайды және оларды жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға бередi.
Әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмiн жұмыс берушi бес дана етiп жасайды және оны тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған күнi мен жылын, шығатын елiнiң азаматтығын, мамандығы мен бiлiмiн, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығына немесе кәсiптер жiктеуiшiне сәйкес лауазымын көрсете отырып куәландырады.
Жұмыс берушi әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң талап етілетiн санат пен бiлiктiлiкке сәйкестiгi және жасалған жеке еңбек шартының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгi туралы ақпаратты тiзiммен бiрге ұсынады.
Жұмыс берушi ұсынылған ақпарат үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
19. Әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмiне мыналар қоса берiледi:
1) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға берілген рұқсаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
2) бiлiмi туралы құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
3) АҚТҚ-ға зерттеудiң халықаралық үлгiдегi медициналық анықтамалары;
4) кәсiбi бойынша жұмыс өтiлiн растайтын құжаттар.
20. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган құжаттардың осы Ережемен белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қарағаннан кейiн бес күннен аспайтын мерзiмде жұмыс берушi ұсынған тiзiмдi куәландырады.
21. Тiзiмдердi куәландырудан бас тарту мына жағдайларда жүзеге асырылады:
1) құжаттарды осы Ереженiң 18, 19-тармақтарына сәйкес толық және тиiсiнше тапсырмағанда;
2) әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшi талап етiлетiн санаттар мен білiктiлiкке сай келмегенде.
22. Әкелiнетiн шетелдiк жұмыс күшi үшiн рұқсатнамалық қолдау жұмыс берушiде уәкiлеттi орган куәландырған тiзiм болған ретте ғана жүзеге асырылады.
23. Жұмыс берушi рұқсаттың қолданылу мерзiмi бiткен соң шетелдiк жұмыс күшiн тұрақты тұратын жерiне жеткiзуге кепiлдiк бередi.
Рұқсаттың қолданылу мерзiмi бiткен соң шетелдiк жұмыс күшiн тұрақты тұратын жерiне жеткiзу тәртiбiн орталық атқарушы орган белгiлейдi.
24. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкілеттi орган жұмыс берушiнiң тартылатын шетелдiк жұмыс күшiнiң тiзiмiн шетелдiк жұмыс күшiн рұқсаттың қолданылу мерзiмi бiткен соң тұрақты тұратын жерiне жеткiзуге кепiлдiк беретiн құжаттарды ұсынған ретте куәландырады.
25. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган өзi куәландырған тiзiмдердi ай сайын орталық атқарушы органға, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң аумақтық органдарына ұсынады.
4. Рұқсатты тоқтата тұру және қайтарып алу
26. Орталық атқарушы орган рұқсаттың қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға немесе себебiн көрсете отырып, шешiмдi қайтарып алуға құқылы.
27. Рұқсатты қайтарып алу немесе тоқтата тұру жұмыс берушi рұқсат беру шарттарын бұзуына немесе орындамауына байланысты жүргiзілуi мүмкiн.
28. Тоқтатыла тұрған рұқсаттың қолданылуы анықталған жолсыздықтар жойылғаннан кейiн орталық атқарушы органның шешiмiмен қайта жалғасады, жұмыс берушiге ол туралы жазбаша түрде хабарланады.
29. Орталық атқарушы орган рұқсатты қайтарып алуды мынадай жағдайларда жүргiзедi:
1) жұмыс берушiнiң рұқсат беру шарттарында көрсетiлген талаптарды орындамауы;
2) орталық атқарушы орган рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұрған себептердiң жойылмауы.
5. Жұмыс берушiнiң осы Рұқсат беру ережесi мен шарттарын
орындауына есептiлiгi және оны бақылау
30. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жұмыс берушiлердiң шетелдiк жұмыс күшін тартуы, қазақстандық кадрларды даярлауы, жұмыс берушiлердiң рұқсат шарттарын орындауы жөнiнде орталық атқарушы органға есеп берiп отырады.
Есеп беру нысаны мен мерзiмдерiн орталық атқарушы орган белгiлейдi.
31. Осы Ереже шарттарының орындалуын бақылауды орталық атқарушы орган мен жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
32. Жұмыс берушi орталық атқарушы орган мен жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органды рұқсат шарттарының орындалу барысы туралы тоқсан сайын хабардар етiп отырады.
6. Жауаптылық
33. Рұқсат алмастан шетелдік жұмыс күшiн тартқаны үшiн жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа тартуға жатады.
34. Жұмыс берушi жолсыздық байқалған күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға оларды жойғаны немесе жою жөнiнде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат ұсынуға мiндеттi.
35. Осы Ереженi бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа соқтырады.