1) 22-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру:
1) атмосфералық ауаға қарқынды әсер ететін табиғат пайдаланушылар қызметінің экологиялық нәтижелілігін бағалау;
2) тексерілетін объектілер бойынша перспективалық, жылдық, жедел жұмыс жоспарларын әзірлеу және зертханалық-талдау деректерін және атмосфералық ауаға әсер ету, шаруашылық қызметі ықпалынан оның өзгеруі туралы өзге де ақпараттар жинау жолымен мемлекеттік органдардың, табиғат пайдаланушылардың арасындағы өзара тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылатын атмосфералық ауаға теріс әсер етуді азайту мен жою жөніндегі шаралар кешенін қамтиды.
Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлімшелерінің зертханалық-талдау бақылауы қызметтерінің деректері атмосфералық ауаның сапасын айқындау үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны ластайтын көздерден сынамалар алу жолымен алынуы мүмкін.";
мынадай мазмұндағы 3 - 6-тармақтармен толықтырылсын:
"3. Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептілік материалдарын, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлімшелерінің зертханалық-талдау бақылауы қызметінің атмосфералық ауаға әсер ету туралы деректерін, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің табиғат қорғау қызметі және тексерулер барысында анықталған бұзушылықтарды жоюы туралы мәліметтерді талдау;
2) тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
4. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлімшелері жоспарлаған және алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін тексеру;
жоспардан тыс - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылық туралы өтініштерде және өзге де ақпараттарда жазылған фактілер бойынша жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, қоғамдық тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді дереу жоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық белгілерінің тікелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында тағайындалатын тексеру;
қарсы - тексеру жүргізу кезінде үшінші тұлғаларға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындаған жағдайда осы тұлғаларға қатысты жүргізілетін тексеру;
рейдтік - атмосфералық ауаны қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жекелеген талаптарын сақтау мәселелері бойынша бірмезгілде бірнеше субъектілерді тексеру;
кешенді - Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлімшелері қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізетін тексеру.
Тексерулердің өзге түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
5. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органы, оның аумақтық бөлімшелері шығаратын тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда міндетті түрде тіркеледі.
6. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органының, оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары тексеру нәтижелері бойынша өз құзыреті шегінде мынадай актілерді:
1) Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын тексеру актісін;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы;
3) нұсқаманы;
4) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны шығарады.
Кәсіпкерлік субъектінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманың орындалғаны туралы ақпаратты нұсқаманы орындау мерзімі өткеннен кейін жеті күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органына, оның аумақтық бөлімшелеріне табыс етуге тиіс.";
2) 24-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы "табиғи" деген сөздің алдынан "Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес қажетті лицензиялардың, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының бар-жоғын," деген сөздермен толықтырылсын.
41. "Әділет органдары туралы" 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 6, 67-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат):
1) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
"22-1-бап. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы
тексерулерді ұйымдастыру тәртібi
1. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында тексерулер жүргізуді ұйымдастыру осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тексерулер жүргізудің тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңымен реттеледі.
3. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін әділет органдары алдын-ала жоспарлаған тексеру;
жоспардан тыс - жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылық туралы өтініштер және өзге де ақпараттар, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық белгілерінің тікелей анықталуымен байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықты жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында әділет органдары жүргізетін тексеру;
рейдтік - зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жекелеген талаптарын сақтау мәселелері бойынша бірмезгілде бірнеше кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қамтитын тексеру;
қарсы - тексерілетін субъектінің шарттық міндеттемелері не өзге де құқықтық қатынастары болған жеке немесе заңды тұлғаға қатысты ұсынылған ақпараттың дұрыстығын қайта тексеру не қосымша ақпарат алу мақсатында әділет органдары жоспардан тыс тәртіппен жүргізетін тексеру.
Осы Заңда белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
4. Тексерулер жүргізуге:
1) әділет органдарының уәкілетті лауазымды адамының құқық бұзушылық жасау фактісін тікелей анықтауы;
2) құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
3) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
4) әділет органдарының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс жоспары негіз болып табылады.
5. Уәкілетті лауазымды адам бұзушылықты тікелей оны жасау кезінде анықтаған және дәлелдемелерді бекіту үшін шұғыл іс-әрекеттер жүргізу қажет болған жағдайларда тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға келесі жұмыс күні ішінде табыс етіледі.";
2) 23-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен ресми жариялау саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы бойынша нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін кейіннен жариялауды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тексеруді жүзеге асыру.";
3) мынадай мазмұндағы 24-2-баппен толықтырылсын:
"24-2-бап. Нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін
кейіннен жариялау саласында мемлекеттік бақылауды
жүзеге асырудың түрлері мен тәртібi
1. Нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялау саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылауды әділет органдары нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тексеруді жүргізу жолымен жүзеге асырады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді жүргізудің тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
3. Тексерудің түрлері:
жоспарлы - алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт аралықтары ескеріліп жүргізілетін әділет органдары алдын-ала жоспарлаған тексеру;
жоспардан тыс - нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық туралы өтініштер және өзге де ақпараттар, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық белгілерінің тікелей анықталуымен байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау мақсатында әділет органдары жүргізетін тексеру.
4. Тексерілетін бір субъектіге қатысты жоспарлы тексеру жылына бір реттен аспайтындай етіп жүргізілуі тиіс.
Әділет органдарының жоспарлы тексерулер жүргізу жөніндегі жұмыс жоспарларын Әділет министрі бекітеді. Жоспарда тексеру жүргізу көзделіп отырған нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды жүзеге асыратын тұлғалардың тізбесі және тексеру жүргізудің кезеңі қамтылуға тиіс.
5. Нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда әділет органдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды.".
42. "Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы" 2002 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 7-8, 77-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат):
1) мәтіндегі "мен қадағалау" деген сөздер алып тасталып, "бақылау мен қадағалауды" деген сөздер "бақылауды" деген сөзбен ауыстырылсын;
2) 1-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).";
3) 4-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ өндірістік қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізумен қамтамасыз етіледі.";
4) 6-бапта:
тақырыбындағы "өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы" деген сөздер алып тасталсын;
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асыруды қамтамасыз етеді;";
2) тармақшадағы "қабылдайды" деген сөз "бекітеді" деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) уәкілетті органның ведомстволары жанында екі немесе бірнеше әкімшілік-аумақтық бірліктерде арнайы бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелер құрады.";
5) 7-бапта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Уәкілетті орган:";
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;";
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіреді;";
2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"2) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық ұйымдардағы қауіпті объектілерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы, оның ішінде мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту арқылы салааралық нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, аталған нормативтік құқықтық актілерді бекітеді немесе келіседі;";
мынадай мазмұндағы 15) және 16) тармақшалармен толықтырылсын:
"15) мүдделі орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, олардың құзыреті шегінде авариялардың себептерін тексеруді жүргізеді;
16) халықты және ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы хабарландырудың тәртібін белгілейді.";
6) 11-баптың 9), 11), 13) және 15) тармақшаларындағы "мемлекеттік", "өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы" деген сөздер алып тасталсын;
7) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"12-бап. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін
өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кәсіби
даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру
1. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кәсіби даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру қауіпті өндірістік объектілері бар қауіпті өндірістік объектілердің иелеріне жүктеледі.
2. Даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламалары уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілуге тиіс.
3. Емтихан комиссиясын:
жоғары және орта кәсіптік білімі бар мамандар үшін - уәкілетті органның өкілі;
жұмысшы мамандықтары үшін - уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілі басқарады.
4. Жұмысты қауіпсіз орындау ережелерін оқытудың жыл сайынғы бағдарламасының ұзақтығы қырық сағаттан аз болмауға және оны уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бекітуге тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде жұмыспен қамтылған барлық адамдардың білімі тексерілуге тиіс.
6. Емтихан қабылдау жөніндегі комиссия білімі тексерілуден өткен адамдардан құралуға тиіс. Комиссияның құрамын қауіпті объектінің иесі айқындайды, ол уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісіледі.
7. Қауіпті өндірістік объектілердің қызметкерлерін оқыту және олардан емтихан қабылдау уәкілетті орган аккредиттеген оқу ұйымында жүргізілуі мүмкін.
8. Комиссия құрамы үш адамнан артық болуы керек.
9. Емтихан билеттерін уәкілетті орган бекітеді.
10. Білімді тексеру нәтижелері хаттамамен ресімделеді. Білімді тексеру хаттамасы үш жыл бойы сақталады.
11. Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясының төрағасы қол қойған куәлік беріледі.
12. Куәлік онда көрсетілген мерзім ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
13. Емтиханды қайтадан тапсыра алмаған адамдар жұмысқа жіберілмейді.
14. Мерзімі өткен куәлігі бар адамдар жұмысқа жіберілгеннен кейін бір ай ішінде емтихан тапсыруға тиіс.
15. Оқытуды ұйымдастыру жөніндегі, соның ішінде емтихан комиссиясы мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі барлық шығыстар қауіпті өндірістік объектінің иесіне жүктеледі.";
8) мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
"4-1-тарау. Инциденттердің, авариялардың себептерін тексеру және
есепке алу
14-1-бап. Қауіпті өндірістік объекті иесінің іс-әрекетi
1. Қауіпті өндірістік объектінің иесі қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылар жұмыс істемей қалған немесе олар зақымданған, технологиялық процесс режимінен ауытқыған (бұдан әрі - инцидент) кезде:
үш тәулік ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар етеді;
инцидентті тексеруді жүргізеді;
инциденттерді болғызбау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;
болған инциденттердің есебін жүргізеді.
2. Авария болған кезде:
болған авария туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органға дереу хабарлайды;
хабарлама алған орган инстанция бойынша жоғары тұрған органдарды болған авария туралы хабардар етеді;
аварияның себептерін тексеру жөніндегі комиссияға аталған комиссияның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін қажетті барлық ақпаратты табыс етеді;
комиссия жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асырады.
14-2-бап. Аварияларды тексеру жөніндегі комиссия
1. Қауіптілігі декларациялануға тиіс объектілердегі аварияны уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексереді.
2. Қалған аварияларды уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексереді.
3. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілі аварияларды тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
4. Комиссияның құрамына қауіпті өндірістік объекті иесінің өкілі кіреді.
14-3-бап. Комиссияның құқықтары
1. Комиссия төрағасы аварияны тексеруге қатысты мәселелер бойынша сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптама комиссиясы аварияны тексеру жөніндегі комиссия төрағасының өкімімен тағайындалады. Сараптамалық қорытындыны қажет ететін мәселелер жазбаша нысанда қойылады. Сараптама комиссиясының барлық мүшелері қол қойған материалдар аварияны тексеру жөніндегі комиссияға комиссия төрағасы белгілеген мерзімде табыс етіледі.
3. Тексеру барысында аварияны тексеру жөніндегі комиссияның болған оқиғаны көрген адамдардан, лауазымды адамдардан және басқа да адамдардан жазбаша және ауызша түсініктеме алуға құқығы бар.
14-4-бап. Тексерудің міндеттерi
Комиссия тексеру барысында аварияның алдында болған мән-жайларды анықтайды, оның себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану талаптарын, технологиялық процестерді бұзудың сипатын, өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды айқындайды, олардың салдарларын жою және мұндай авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды белгілейді, материалдық залалды анықтайды.
14-5-бап. Тексеру материалдары
Аварияны тексеру материалдарына:
1) аварияның себептерін тексеру үшін комиссия тағайындау (құру) туралы бұйрық;
2) аварияның себептерін тексеру актісі, оған:
авария болған жерді қарау хаттамасы, жоспарлар, сызбалар, фото-суреттер;
авария орнының эскизі;
комиссия төрағасының техникалық сараптама тағайындау туралы өкімі және аварияны тексеру жөніндегі комиссия шығарған басқа да өкімдер;
сараптама комиссиясының аварияның себептері туралы қорытындысы, зертханалық және басқа да зерттеулердің, эксперименттердің, талдаулардың нәтижелері қоса беріледі;
3) авариялық-құтқару қызметі қызметкерлерінің (егер олар аварияны жою үшін шақырылған болса) баянхаттары;
4) аварияға қатысы бар адамдарды, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға жауапты лауазымды адамдардан жауап алу хаттамалары мен олардың түсініктемелері;
5) қызмет көрсететін персоналды өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқыту, олардың білімін тексеру, нұсқама алуы туралы анықтамалар;
6) аварияның мән-жайы мен себептерін сипаттайтын басқа да материалдар кіреді.
Тексеру материалдарын техникалық ресімдеу қауіпті өндірістік объектінің иесіне жүктеледі, ол аварияны тексеру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірмей:
1) декларацияланған объектідегі авария жөніндегі материалды - уәкілетті органға;
2) қалған авариялар жөніндегі материалдарды - уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Комиссияның шешімі бойынша аварияның себептерін тексеру материалдары объект орналасқан жердегі сотқа жіберілуі мүмкін.
14-6-бап. Тексеру қорытындылары
1. Объект иесі аварияның себептерін тексерудің нәтижелері бойынша он күн ішінде бұйрық шығарады.
Бұйрықта аварияның мән-жайы мен себептері туралы комиссияның қорытындылары жариялануға, оның салдарын жою жөніндегі шаралар, сондай-ақ мұндай авариялардың алдын алу жөніндегі және кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы шаралар белгіленуге тиіс.
2. Объект иесі аварияны тексеру нәтижелері бойынша ұсынылған іс-шаралардың орындалу мерзімі туралы жазбаша хабарламаны уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне табыс етеді.
3. Егер авария техникалық құрылғылардың конструкциялық кемшіліктерінен болса, қауіпті объект иесі оны әзірлеушіге рекламация, ал уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оның көшірмесін жібереді.
14-7-бап. Аварияларды тексеру жөніндегі шығыстар
Аварияны тексеруге байланысты барлық шығыстарды қауіпті өндірістік объектінің иесі көтереді.";
9) 5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік
бақылау";
10) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"15-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік
бақылау
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарын орындауы мақсатында уәкілетті орган жүзеге асырады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы;
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - уәкілетті орган басшысының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның барлық санаттағы мамандары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің мамандары жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалуын тексеру үшін қажетті құжаттармен танысуға;
2) анықталған өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беруге;
3) адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін бұзушылықтар кезіндегі ерекше жағдайларда, талап арызды сотқа белгіленген мерзімде міндетті түрде табыс ете отырып, үш күннен аспайтын мерзімге субъектінің қызметіне тыйым салуға құқығы бар. Бұл орайда қызметке тыйым салу актісі сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады.".
43. "Өсімдіктерді қорғау туралы" 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жаршысы, 2002 ж., № 13-14, 140-құжат; 2004 ж., № 17, 98-құжат; № 23, 142-құжат):
1) 6-бапта:
1-тармақтың 21) тармақшасындағы "қатысу енеді." деген сөздер "қатысу;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 23) тармақшамен толықтырылсын:
"23) фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шаралардың жүргізілуін;
пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтауды, тасымалдауды және қолдануды;
фитосанитариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу және табыс етуді;
пестицидтерді (улы химикаттарды) тіркеу және өндіру сынақтарын жүргізуді;
пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыруды және арнаулы сақтау орындарының (көмінділердің) жай-күйін;
лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау енеді.";
2) 7-баптың 1-тармағының үшінші бөлігінде "Өсімдіктерді қорғау жөніндегі функцияларды" деген сөздер "Фитосанитариялық бақылауды" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 3 және 4-тараулар мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі талаптар
11-бап. Фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық
іс-шаралар
Қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында қызметі мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілерімен байланысты жеке және заңды тұлғалар өз аумақтарында фитосанитариялық мониторингті жүзеге асыруға және зиян тигізудің экономикалық шегінен көп зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер анықталған жағдайда фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге міндетті.
12-бап. Пестицидтерді сақтау, тасымалдау және қолдану
1. Пестицидтерді сақтау, тасымалдау және қолдану пестицидтердің (улы химикаттардың) адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауын қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану жағдайларына қойылатын міндетті талаптарды мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және көліктік бақылау органдарымен келісім бойынша уәкілетті орган белгілейді.
13-бап. Фитосанитариялық есепке алу және есептілік
1. Қызметі мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілерімен байланысты жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық есепке алуды жүргізеді және уәкілетті органға фитосанитариялық есептілікті табыс етеді.