2. Фитосанитариялық есептіліктің түрлерін, нысандарын және оларды табыс ету мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
14-бап. Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу
Пестицидтерді (улы химикаттарды) мемлекеттік тіркеу уәкілетті орган тіркеу және өндіру сынақтарының қорытындылары бойынша мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісе отырып белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдануға рұқсат етіледі және олар уәкілетті орган жүргізетін тізімге енгізіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өтпеген пестицидтерді, сондай-ақ тіркеу, өндірістік сынақтар мен ғылыми зерттеулер үшін әкелінетін тәжірибелік үлгілерді қоспағанда, тіркелмеген пестицидтерді (улы химикаттарды) өндіру үшін бастапқы компоненттерді өндіруге (формуляциялауға), әкелуге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге және қолдануға тыйым салынады. Тіркеу, өндіру сынақтары мен ғылыми зерттеулер үшін әкелінетін пестицидтердің (улы химикаттардың) мөлшерін уәкілетті орган айқындайды.
14-1-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру
1. Тыйым салынған, жарамсыз болып қалған пестицидтер мен олардың ыдыстары залалсыздандырылуға жатады. Пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру тәртібін уәкілетті орган мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісе отырып айқындайды.
2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру үшін арнаулы сақтау орындары (көмінділер) пайдаланылады.
3. Арнаулы сақтау орындарын (көмінділерді) салуға, сондай-ақ пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыруға рұқсатты мемлекеттік экологиялық бақылау органы береді.
4. Аймақтарда арнаулы сақтау орындарын (көмінділерді) орналастырудың орындылығын және олардың санын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті мемлекеттік басқару органдары уәкілетті органмен және мемлекеттік экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісе отырып айқындайды.
14-2-бап. Пестицидтердің (улы химикаттардың) запасы
1. Пестицидтердің (улы химикаттардың) запасы дегеніміз пестицидтердің (улы химикаттардың) ұдайы жаңартылып отыратын белгілі бір көлемі және ол уәкілетті органның қарауындағы (билігіндегі) мемлекеттік меншік болып табылады.
2. Пестицидтердің (улы химикаттардың) запасы ерекше қауіпті зиянды организмдердің тосыннан жаппай таралуын жоюға арналған және қалыптасқан фитосанитариялық ахуалды ескере отырып, фитосанитариялық мониторинг негізінде бюджет қаражаты есебінен сатып алынған пестицидтер (улы химикаттар) көлемінен қалыптастырылады.
3. Пестицидтердің (улы химикаттардың) түрлері бойынша запастың нормативін және оларды пайдалану тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
14-3-бап. Фитосанитариялық нормативтер
1. Фитосанитариялық нормативтер фитосанитариялық ахуалды өсімдік шаруашылығы өніміне, ауыл шаруашылығы мақсатындағы объектілерге қауіпсіздігі тұрғысынан сипаттайтын көрсеткіштердің жол берілетін сандық және (немесе) сапалық мәнін айқындайды.
2. Фитосанитариялық нормативтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін зерттеулер негізінде белгіленеді.
3. Фитосанитариялық нормативтер фитосанитариялық іс-шаралар көлемін объективті және негіздеп жоспарлауды жүргізу, сондай-ақ зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің жаппай көбею, таралу және оларды жою мүмкіндігін болжау үшін негіз болып табылады.
4. Фитосанитариялық нормативтер өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды жүргізуі үшін негіз болып табылады.
14-4-бап. Өсімдіктерді қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердi
және өсімдіктерді қорғау жөніндегі мамандарды
даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жөніндегi
қызметті үйлестіру
1. Уәкілетті орган өсімдіктерді қорғау саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды, фитосанитариялық іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібі мен тәсілдерін регламенттейтін зерттеулер нәтижесінде әзірленген әдістерді, әдістемелерді, ұсыныстарды бекітеді.
2. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқыту бағдарламалары (оқу бағдарламалары) уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
14-5-бап. Қызметі мемлекеттік фитосанитариялық бақылау
объектілеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың
міндеттерi
Қызметі мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілеріне байланысты жеке және заңды тұлғалар:
1) фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге және зиянды организмдердің зиян тигізудің экономикалық шегінен көп дамуы мен таралуына жол бермеуге;
2) пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану ережелерін сақтауға;
3) фитосанитариялық есепке алуды жүргізуге және уәкілетті органға есептілікті табыс етуге;
4) пестицидтердің (улы химикаттардың) тіркеу және өндіру сынақтарын ережелерге сәйкес жүргізуге;
5) пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыруға және арнаулы сақтау орындарын (көмінділерді) тиісті жағдайда ұстауға;
6) қызметтің лицензияланатын түрлеріне қойылатын талаптарды сақтауға;
7) Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасына сәйкес өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың ұйғарымдарын орындауға;
8) өсімдіктерді қорғау жөніндегі инспекторларға олардың Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасын орындауына жәрдемдесуге міндетті.
4-тарау. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылау
15-бап. Мемлекеттік фитосанитарлық бақылауға жататын
объектілер
Мемлекеттік фитосанитариялық бақылауға жататын объектілер:
1) зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің тіршілік ететін орындары болып табылатын ауыл шаруашылығына арналған объектілер, автомобиль жолдарының, темір жолдардың бөлінген белдеулері мен күзет аймақтары және өзге де аумақтар, сондай-ақ өсімдіктен алынатын өнім;
2) зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер;
3) фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу үшін пайдаланылатын арнаулы техника мен пестицидтер (улы химикаттар);
4) арнаулы сақтау орындары (көмінділер) болып табылады.
16-бап. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды жүзеге
асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
2. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың:
1) Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын тексеру мақсатында олардың фитосанитариялық бақылау объектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедергісіз кіруге;
2) жеке және заңды тұлғаларға анықталған Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар шығаруға;
3) айрықша жағдайларда үш күннен аспайтын мерзімде міндетті түрде сотқа талап-арыз бере отырып, аталған мерзімге жеке кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың қызметін сот шешімінсіз тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға құқығы бар. Бұл ретте, тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы акт сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады;
4) Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасы бұзылған жағдайда жеке және заңды тұлғаларды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапқа тартуға құқығы бар.
3. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға болады.
17-бап. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылаудың міндеттерi
Мемлекеттік фитосанитариялық бақылау:
1) фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шаралардың жүргізілуіне;
2) пестицидтерді сақтауға, тасымалдауға және қолдануға;
3) фитосанитарлық есепке алу мен есептіліктің жүргізілуіне және табыс етілуіне;
4) пестицидтердің (улы химикаттардың) тіркеу және өндіру сынақтарының жүргізілуіне;
5) пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру мен арнаулы сақтау орындарының (көмінділердің) жай-күйіне;
6) лицензиялық ережелердің сақталуына бақылаудан тұрады.
18-бап. Фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық
іс-шаралардың жүргізілуін бақылау
1. Фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шаралардың жүргізілуін бақылау зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің тіршілік ететін орындары болып табылатын ауыл шаруашылығына арналған объектілерде, автомобиль жолдарының, темір жолдардың бөлінген белдеулері мен күзет аймақтарында және өзге де аумақтарда, сондай-ақ өсімдіктен алынатын өнімдерде зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің болуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық іс-шаралардың жүргізілуін бақылау жылына үш реттен аспайтын кезеңділікпен және ұзақтығы екі күннен асырылмай, зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуының оңтайлы мерзімдері басталған кезеңде жүргізіледі.
19-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау
және қолдануды бақылау
Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдануды бақылау пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау, тасымалдау және қолдану шарттарының технология мен қауіпсіздіктің міндетті талаптарына сәйкестігі нысанында тексеру жүргізу кезеңінде жүзеге асырылады.
19-1-бап. Фитосанитариялық есепке алу мен есептіліктің
жүргізілуін және табыс етілуін бақылау
1. Фитосанитариялық есептілікті табыс етудің толықтылығы мен уақтылылығы тұрғысында фитосанитариялық есепке алу мен есептіліктің жүргізілуін және табыс етілуін бақылау ұдайы жүзеге асырылады.
2. Фитосанитариялық есепке алу мен есептіліктің жүргізілуін және табыс етілуін бақылау есептілікті табыс етудің белгіленген мерзімдерінде үш реттен аспайтын кезеңділікпен және ұзақтығы екі күннен асырылмай жүзеге асырылады.
19-2-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тіркеу және өндіру
сынақтарының жүргізілуін бақылау
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тіркеу және өндіру сынақтарының жүргізілуін бақылау әдістемелік орындылығын айқындау үшін жүргізіледі.
2. Тіркеу және өндіру сынақтарын жүргізу тәртібін мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының келісімі бойынша уәкілетті орган белгілейді.
3. Тіркеу және өндіру сынақтарының жүргізілуін бақылау оларды жүргізу кезеңінде екі реттен аспайтын кезеңділікпен және ұзақтығы екі күннен асырылмай жүзеге асырылады.
19-3-бап. Пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыруды
және арнаулы сақтау орындарының (көмінділердің)
жай-күйін бақылау
1. Пестицидтерді залалсыздандыруды бақылау фитосанитариялық бақылауға жататын объектілерде тыйым салынған, жарамсыз жағдайға келген пестицидтер мен пестицидтердің ыдыстарын, сондай-ақ арнаулы сақтау орындарының (көмінділердің) жай-күйін анықтау үшін жүзеге асырылады.
2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) залалсыздандыру тәртібін, сондай-ақ арнаулы сақтау орындарын (көмінділерді) тиісті жағдайда ұстау шарттарын мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының келісімі бойынша уәкілетті орган анықтайды.
3. Пестицидтерді залалсыздандыруды бақылау жылына екі реттен көп емес кезеңділікпен және екі күннен көп емес ұзақтылықпен дала жұмыстары аяқталғаннан соң жүзеге асырылады.
19-4-бап. Лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау
1. Лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау лицензияланатын қызметті жүзеге асыру кезеңінде, лицензиат пен ол жүзеге асыратын қызметтің лицензияда көзделген біліктілік талаптарына сәйкестігі мәнінде жүргізіледі.
2. Лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау лицензияланатын қызметті жүзеге асыру кезеңінде жылына екі реттен аспайтын кезеңділікпен және ұзақтығы екі күннен асырылмай жүзеге асырылады.
19-5-бап. Мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды аяқтау нысаны
1. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асырудың нәтижелері бойынша тексеру актісін жасайды.
2. Тексеру актісі үш (Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда - төрт) данада жасалады және оған тексеру жүргізген тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы қол қояды.
Актінің бірінші данасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына тапсырылады, екінші данасы тексерілген жеке немесе заңды тұлғаға қол қойғызылып, беріледі, үшіншісі тексерген өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторда қалады, ал төртіншісі мемлекеттік инспектордың ұйғарымы орындалмаған жағдайда, сотқа талап-арыз ұсыну үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өсімдіктерді қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторға жолданады.
Тексерілген субъекті тексеру актісін қабылдаудан бас тартқан жағдайда, акт хабардар етілетін тапсырыс хатпен жолданады.
3. Тексеру актісі нөмірленген, тігілген және уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекітілген болуға тиіс арнайы тіркеу журналында тіркеледі.
4. Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау жөніндегі заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор өз құзыреті шегінде тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтардың сипаттамасына байланысты, бұзушылықтарды жою жөніндегі ұйғарым жасайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарады немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды және сотқа талап жолдайды.
5. Анықталған бұзушылық болмаған жағдайда тексеру актісіне тиісті белгі қойылады.".
44. "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 15, 148-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат):
1) 14-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
"3-1. Адамдардың өмірі мен денсаулығына және олардың мемлекеттік ветеринариялық бақылау объектілеріне жататын мүлкін сақтауға бағытталған мемлекеттік ветеринариялық бақылау тексеру тағайындау туралы акті шығарылмай жүзеге асырылады.";
2) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:
"14-1-бап. Қазақстан Республикасында мемлекеттік
ветеринариялық бақылауды жүзеге асыру тәртібi
1. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында мемлекеттік ветеринариялық бақылау:
1) базарларда - жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, ветеринариялық препараттарды, жемшөпті және жемшөптік қоспаларды сату орындарын қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орындарында;
2) жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өндіру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткізу жөніндегі ұйымдарда;
3) мынадай қызмет түрлерін:
ветеринариялық емдеу-алдын алуды;
ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндіру мен өткізуді;
ветеринариялық мақсаттарға арналған биологиялық препараттарды, зоогигиеналық құралдар мен зооветеринариялық мақсаттағы атрибуттарды өткізу;
базарлардағы ветеринариялық-санитарлық сараптаманы жүзеге асыратын тұлғаларда;
4) мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда;
5) шекаралық және кедендік пункттерде (Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы мемлекеттік ветеринариялық бақылау бақылайтын жүктердің орнын ауыстыру кезінде;
6) мемлекеттік ветеринариялық бақылау бақылайтын жүктерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
7) жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
8) тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруты өтетін мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
9) мемлекеттік ветеринариялық бақылау бақылайтын жүктерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын, сондай-ақ ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне;
10) мемлекеттік ветеринариялық бақылау бақылайтын жүктерді ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық бақылау объектілерін орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 10) тармақшаларында көрсетілген объектілердегі мемлекеттік ветеринариялық бақылау тиісті аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық инспекторларының мемлекеттік ветеринариялық бақылау бақылайтын жүктерді ветеринариялық-санитариялық зерттеу жолымен, олардың ілеспе ветеринариялық құжаттарға сәйкестігін тексеруді қоса алғанда, тексеруі түрінде жүзеге асырылады.
3. Базарларда, жануарларды өсіру, дайындау (сою), сақтау, пайдалану, өңдеу және өткізу жөніндегі ұйымдарда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты шекаралық және кедендік пункттерде (Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы мемлекеттік ветеринариялық бақылауға жататын жүктердің орнын ауыстыру кезінде жануарлардың жұқпалы ауруларының белең алуын болғызбау, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағын жануарлардың аса қауіпті және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғау жөніндегі ветеринариялық-санитариялық ережелер мен нормативтер талаптарының орындалуын мемлекеттік ветеринариялық бақылау күн сайын жүзеге асырылады.
4. Жеке және заңды тұлғалардың қызметінде Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы жөніндегі тексеруді жүргізу ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ветеринариялық бөлімшелері басшыларының шешімі бойынша жылына кемінде екі рет жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының нормаларының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша тексеруші мемлекеттік ветеринариялық инспектор, тиісті мемлекеттік органдардың объектілерін мемлекеттік ветеринариялық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінің ветеринариялық инспекторларын қоспағанда, тексеру актісін жасайды.
6. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік ветеринариялық инспектор тексеру нәтижелері бойынша өз құзыреті шегінде айқындалған бұзушылықтардың сипатына қарай әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ұйғарым жасайды, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарады.
7. Тексеру аяқталғанда қандай да бір бұзушылықтар айқындалмаған жағдайда, бұл туралы тексеру актісінде тиісті жазба жасалады.
8. Тексеру актісіне тексеру барысында алынған құжаттардың қажетті көшірмелері мен басқа да материалдар қоса беріледі.
9. Тексеру актісі үш (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда - төрт) данада жасалады және оған тексеру жүргізген тиісті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторы қол қояды.
Актінің бірінші данасын тексеруші мемлекеттік ветеринариялық инспектор құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға және оның аумақтық органдарына тапсырады, ал екінші данасы тексерілген адамға қол қойғызылып, беріледі, үшіншісі - тексеруші мемлекеттік ветеринариялық инспекторда қалады, ал төртіншісі - сотқа талап-арыз беру үшін тиісті аумақтың ветеринариялық инспекторына беріледі. Тексерілген адам актіні қабылдаудан бас тартқан жағдайда актінің тиісті данасы поштамен жіберіледі.
10. Тексеру актісі нөмірленген, тігілген және ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың ветеринариялық бөлімшелерінің мөрімен бекітілген болуға тиіс арнайы тексеру актілерін тіркеу журналында тіркеледі.".
45. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 17, 154-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат):
52-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"52-бап. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы
заңнамасының сақталуына бақылау жасау
1. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының сақталуына бақылау жасау баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған және оны уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Жеке және заңды тұлғалардың баланың құқықтарын іске асыруға бағытталған қызметі бақылау объектісі болып табылады.
3. Бақылау тексерулер (жоспарлы, жоспардан тыс) түрінде жүзеге асырылады.
4. Жоспарлы тексерулер уәкілетті мемлекеттік органдар бекітетін кестелерге сәйкес жылына бір рет кезеңділікпен жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексерулер баланың қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу қаупін дереу жоюды талап ететін, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне дереу назар аударуды талап ететін жағдайларда жүзеге асырылады.
Тексеруді жүргізу мерзімі бес күннен аспауға тиіс.".
46. "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 21, 176-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат):
1) мынадай мазмұндағы 10-1-баппен толықтырылсын:
"10-1-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің
лауазымды адамдарының мемлекеттік
санитарлық-эпидемиологиялық бақылау
объектілеріне тексеру жүргізуi
1. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектісінде тексерудің мынадай түрлерін жүргізеді:
1) жоспарлы - мемлекеттік орган жоспарлаған, алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт аралығы ескеріліп жүргізілетін тексеру;
2) жоспардан тыс - жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға төнген қауіпті дереу жоюды талап ететін қалыптасқан әлеуметтік экономикалық жағдайға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы жолданымдарда және өзге де ақпараттарда жазылған фактілер бойынша, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылу белгілерінің тікелей анықталуына байланысты, сондай-ақ жоспарлы тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуына бақылау жасау мақсатында тағайындалатын тексеру;
3) рейдтік - Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша бірнеше кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бір мезгілде қамтитын тексеру.
2. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектісін тексеру жүргізу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, актіні табыс еткен кезден бастап отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
3. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектісін тексеруге:
1) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органының Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру жөніндегі жұмыс жоспары;
2) Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасы талаптарын бұзушылықтарды жою және санитарлық-індетке қарсы іс-шараларды жүргізу туралы нұсқамалардың орындалуына бақылау жасау;
3) объектінің халықтың денсаулығына және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына қауіп төндіруі және жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен уланулардың пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін қызметіне байланысты авариялық жағдайлар;
4) халық арасында жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен уланулардың туындауы және таралуы;
5) топтық және жаппай жұқпалы, паразиттік, кәсіби аурулар мен уланулардың, оның ішінде этиологиясы белгісіз аурулардың туындауы мен таралуы;
6) объектіні пайдалануға, қолайсыз санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және сапасы төмен өнімді анықтауға байланысты өтініштер негіздеме болуы мүмкін.
4. Осы Заңның 10-бабы 1-тармағының екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектілерін тексеруді осы баптың 3-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздемелер бойынша жүргізеді.
5. Осы Заңның 10-бабы 1-тармағының төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарында көрсетілген санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектілерін тексеруді осы баптың 3-тармағында көзделген негіздемелер бойынша жүргізеді.";
2) 11-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамасы нормаларының орындалуын тексеру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін - тоқсанына бір рет, объектінің эпидемиологиялық маңыздылығына қарай - айына бір рет, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектілерін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген бару жиілігіне сәйкес кедергісіз (қызмет куәлігін көрсетіп) тексеруге;";