Темір жол көлігімен тасымалданатын транзиттік тауарларды кедендік
ресімдеу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 18
наурыздағы № 258 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 14.04.03 ж. № 357 қаулысымен енгізілген
өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 13 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Заңды және жеке тұлғалар жүк қатынасында темір жол көлігімен Қазақстан Республикасының кеден аумағы арқылы транзит режимімен тасымалдайтын тауарларды кедендік ресімдеуді реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы темір жол көлігімен тасымалданатын транзиттік тауарларды кедендік ресімдеудің тәртібі бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Н. Балғымбаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1999 жылғы 18 наурыздағы № 258 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы темір жол
көлігімен тасымалданатын транзиттік тауарларды
кедендік ресімдеудің
Тәртібі
ҚР Үкіметінің 14.04.03 ж. № 357 қаулысымен мәтіндегі сөздер ауыстырылды
1. Осы Тәртіп заңды және жеке тұлғалар қатынасында темір жол көлігімен Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзит режимімен тасымалдайтын және "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - "Қазақстан темір жолы" РМК) тасымалдайтын тауарларды кедендік ресімдеу кезінде қолданылады.
2. Осы Тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) салық салынатын тауарлардың бірлігі - бір темір жол жүк қағазы (коносаменті, өзге де көлік құжаты) бойынша тасымалданатын тауарлардың партиясы;
2) жөнелтуші кеден органы - тауарлар партиясы үшін кедендік бақылау мен Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы тасымалдау басталатын кеден органы;
3) арналған кеден органы - тауарлардың партиясы үшін кедендік бақылау мен Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы тасымалдау аяқталатын кеден органы.
3. Темір жол станциялары жөнелтуші кеден органына жол ведомосын (үш данада) және басқа да тауарға ілеспе құжаттарды ұсыну арқылы тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағына келгендігі туралы хабарлауға міндетті.
4. Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың партиясы тізілімге енгізіледі. Тізілімді жасауды жол ведомостары мен темір жол жүк қағазы деректерінің негізінде жөнелтуші кеден органдарымен бірлесіп "Қазақстан темір жолы" РМК-нің тиісті аумақтық құрылымдары жүзеге асырады.
Тізілімге енгізілуге жататын мәліметтердің нысаны мен тізбесін Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi белгілейді.
Тізілімдердің көшірмелері бақылау үшін Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi белгілейтін кеден органына жолданады.
5. Жөнелтуші кеден органының лауазымды тұлғасы жол ведомосына Қазақстан Республикасының кедендік аумағына келген тауарларды кедендік бақылаудың басталғандығы туралы куәландыратын белгіленген үлгідегі мөртаңба мен ішкі транзиттік құжаттарды тіркеу журналы бойынша берілетін анықтамалық нөмір қояды.
Жол ведомосының бір данасы жөнелтуші кеден органында қалады, ал басқа екі данасы арналған кеден органына жеткізу үшін тасымалдаушыға беріледі.
6. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету кезінде арналған кеден органының лауазымды тұлғасы жол ведомосына тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан шығару үшін негіз болып табылатын кедендік бақылаудың аяқталғандығы туралы қажетті белгілер соғады.
Жол ведомосының бір данасы арналған кеден органында қалады, арналған кеден органының тиісті белгілері бар келесі данасы тасымал- даушыға беріледі.
7. Арналған кеден органы тауарлар өткеннен кейін он күндік мерзім ішінде жөнелтуші кеден органына тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілгендігі туралы жазбаша құлақтандыру жібереді.
8. Транзиттік тауарларды кедендік ресімдеуге арналған кедендік алымдар 14 АҚШ долларына бара-бар мөлшерде алым салынатын тауарлардың бірлігі үшін арнаулы ставка бойынша есептеледі.
Транзиттік тауарларды кедендік ресімдеуге арналған кедендік алымдарды Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi белгіленген кеден органы алады.
Қазақстан Республикасының Көлік, коммуникациялар және туризм министрлігі көрсетілген кедендік алымдарды республикалық бюджетке уақытылы аударуды қамтамасыз етеді.
9. Транзиттік тауарларды кедендік ресімдеуге арналған кедендік алымдарды төлеу тізілімдердің негізінде "Қазақстан темір жолы" РМК жасайтын жиынтық ведомость пен оның электронды көшірмесінің негізінде жүргізіледі.
"Қазақстан темір жолы" РМК бекіткен жиынтық ведомость темір жол көлігімен Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеу кезінде декларацияның нысаны болып табылады.
Жиынтық ведомость пен оның электронды көшірмесі кеден органына айына бір рет ұсынылады.
Қазақстан Республикасының кедендік аумағы арқылы транзитпен тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының заң актілері мен осы қаулыда көзделмеген өзге де алымдар мен төлемдерді алуға жол берілмейді.
10. Төлеуге жататын транзиттік тауарларды кедендік ресімдеуге арналған кедендік алымдардың сомасы ай сайын жиынтық ведомстың негізінде есепті айдың бірінен бастап соңғы күніне дейінгі кезең үшін есептеледі.
11. Транзиттік тауарларды кедендік ресімдеуге арналған кедендік алымдарды декларациялау мен төлеу Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi белгілейтін тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.