Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы
1997 ж. 27 наурыздағы № 87-I Қазақстан Республикасының Заңы
(22.12.98 ж. № 327-I; 23.06.00 ж. № 55-II; 15.06.04 ж. № 563-II;
2004.20.12 № 13-III Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 10 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1 тарау. Жалпы ережелер (1 - 6 баптар)
2 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары (7 - 15 баптар)
3 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының (16 - 20 баптар)
төтенше жағдайларды жоюға қатысуы
4 тарау. Құтқарушылар және олардың мәртебесi (21 - 30 баптар)
5 тарау. Қорытынды ережелер (31 - 33 баптар)
Осы Заң табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшiн құрылған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының ұйымдастырылуы мен қызметi кезiнде қоғамдық қатынастарды реттейдi, құтқарушылардың мәртебесiн белгiлейдi.
1 тарау. Жалпы ережелер
ҚР 15.06.04 ж. № 563-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
авариялық-құтқару қызметi - негiзiн өзiне құрылымдық жағынан авариялық-құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды орындайтын атқарушы-құтқарушыларды, кiшi, орта және жоғары құрамдағы осы жұмысты басқарушы-құтқарушыларды және осы жұмысты техникалық жағынан қамтамасыз ететiн көмекшi қызметтердi қамтитын авариялық-құтқару құрамалары , оның iшiнде аэроұтқыр отрядтар құрайтын, қызмет мiндеттерi жағынан бiртұтас жүйеге бiрiктiрiлген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мiндеттердi шешуге арналған басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;
авариялық-құтқару құрамасы - негiзiн арнаулы техникамен, жабдықтармен, құралдармен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылған және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiлген құтқарушылар бөлiмшелерi құрайтын, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған дербес немесе авариялық-құтқару қызметiнiң құрамына енетiн құрылым;
құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени қазыналарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды бiр шектен шығармау және соларға тән қауiптi факторлардың ықпалын басу немесе мүмкiн болатын ең төменгi деңгейiне түсiру жөніндегі iс-қимылдар;
төтенше жағдайларды жою кезіндегі шұғыл жұмыстар - құтқару жұмыстарын жан-жақты қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда зардап шеккен халыққа медициналық және басқа да көмек түрлерiн көрсету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, олардың жұмыс қабiлетiн қолдау үшiн қажеттi жағдайлар жасау жөніндегі қызмет;
құтқарушы - құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арнайы даярлық пен аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өткен азамат;
құтқарушылардың мәртебесi - Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген құтқарушылардың құқықтары мен мiндеттерiнiң жиынтығы;
авариялық-құтқару құралдары - техникалық, ғылыми-техникалық және санаткерлiк өнiм, оның iшiнде байланыс пен басқарудың мамандандырылған құралдары, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың технологиясы жөніндегі техника, жабдықтар, құралдар, мүлiк пен материалдар, әдiстемелiк, бейне-кино-фотоматериалдар, сондай-ақ электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалық деректер базасы және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге арналған өзге құралдар;
төтенше жағдайды жою басшысы - төтенше жағдайды жою кезiнде жұмыстарды жүргiзудi басқаратын басты өкiмшi және жауапты адам немесе өкiлеттiгiне төтенше жағдайларды жою жатқызылып, орталық немесе жергiлiктi атқарушы органдар тағайындаған адам;
әскерилендiрiлген авариялық-құтқару бөлiмi - қауiптi өндiрiстiк объектiлерге тәулiк бойы қызмет көрсетуге арналған, дара басшылық принциптерiмен әрекет етiп, соны басшылыққа алатын және көтерiңкi қауiп-қатер жағдайында, құтқарушылардың денсаулығы мен өмiрiне жол беруге болатын шектегi тәуекелмен авариялық-құтқару жұмыстарын атқаратын мамандандырылған ұйым.
2-бап. Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары туралы заңдары
Қазақстан Республикасының авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңынан, осы Заңнан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
3-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң негiзгi принциптерi
Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызметiнiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдардың өмiрiн құтқару мен олардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мiндеттерiнiң басымдығын көздейтiн iзгiлiк пен қайырымдылық;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына дара басшылық;
құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде өзiн-өзi ақтайтын тәуекелдiлiк және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайларға жедел назар аударуға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiгi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
4-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының мiндеттерi
1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының негiзгi мiндеттерi:
төтенше жағдайлардың туындауы және оларды жою кезiнде адамдарды құтқару және көшiру жөніндегі құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстар;
адамдарды құтқаруға және төтенше жағдайларды жоюға әзiрлiктi қамтамасыз ету жөніндегі профилактикалық жұмыстар;
кәсiптiк шеберлiктi жетiлдiру және авариялық құтқару қызметi мен құрамаларының басқару органдарын, күштерi мен құралдарын төтенше жағдайлар аймақтарына баруға және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге ұдайы әзiрлiкте ұстау;
құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтардың даярлығын бақылау;
қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу болып табылады.
Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына сонымен бiрге:
қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жоспарларын, басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезiнде өзара iс-қимыл жоспарларын жасауға қатысу;
қызмет көрсетiлетiн объектiлер мен аумақтар бойынша, сондай-ақ аталған объектiлерде халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ете алатын процестер бойынша iске асыруға ұйғарылған жобалар мен шешiмдерге сараптама жасауға қатысу;
халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы білімдi насихаттау, халықты және ұйымдар қызметкерлерiн төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимылдарға даярлауға қатысу;
құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу мәселелерi жөніндегі нормативтiк құжаттарды әзiрлеуге қатысу;
құтқару iсi және аварияға қарсы қорғаныс бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық жұмыстар өткізу, жабдықтар жасау мен енгiзудi ұйымдастыру;
төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі бiрыңғай мемлекеттік жүйеге жүктелетiн, iзгi мiндеттердiң шеңберiнен шықпайтын басқа да мәселелер жөніндегі мiндеттер жүктелуi мүмкiн.
2. Нақты авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына жүктелетiн мiндеттердiң толық тiзбесiн оларды құрған орган белгiлейдi және авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамалары туралы ережелерде немесе аталған қызметтер мен құрамалардың жарғыларында баянды етiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
5-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын мемлекеттік қолдау
Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюдың бiрыңғай мемлекеттік жүйесiнiң күштерi болып табылатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына мемлекет барынша қолдау көрсетедi, бұл үшiн:
авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары үшiн жеңiлдiктер жүйесiн белгiлейдi;
ұйымдарға өздерi құратын ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын даярлауға жәрдем көрсетедi, сондай-ақ құтқарушылар даярлау бағдарламасы бойынша оқып-үйренуге тiлек бiлдiрген азаматтарды даярлауға жәрдемдеседi;
құтқарушыларды құқықтық және әлеуметтiк қорғау жөніндегі шаралар жүйесiн қарастырады;
халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау мүддесiн негiзге ала отырып, авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына қаржы жағынан қолдау көрсетедi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
6-бап. Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың түрлерi
Құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарға iздестiру-құтқару, тау-кен құтқару, газдан құтқару, суда құтқару, атқыламаға қарсы жұмыстар, сондай-ақ өрт сөндiруге және төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық зардаптарын жоюға байланысты жұмыстар және тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң Қаулысымен толықтырылуы мүмкiн төтенше және авариялық жағдайларда жүргiзiлетiн басқа да арнайы жұмыстар жатады.
2 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
7-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын құру
15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары:
тұрақты штат негiзiнде - кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары, оның iшiнде әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару және төтенше жағдайлар саласындағы басқа да мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер;
ерiктiлiк негiзiнде - ерiктi авариялық-құтқару құрамалары, оның iшiнде ерiктi тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару, өртке қарсы және суда құтқару құрамалары құрылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары:
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша республикалық (оның iшiнде республикалық мемлекеттік кәсiпорындар) және аумақтық;
ұйымдар басшылығының тарапынан - объектiлiк (қызметiн жүзеге асыру үшiн өз авариялық-құтқару қызметi мен құрылымдары мiндеттi түрде болуы Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген ұйымдарда) болып құрылады.
Кәсiби суда құтқару қызметтерiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары құрады.
3. Ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын өз қызметкерлерiнен жасақталған ұйымдар құрады.
15.06.04 ж. № 563-II ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Кәсiби авариялық-құтқару құрамалары арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен, материалдармен жарақтандырылады және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етiледi.
Кәсiби авариялық-құтқару құрамаларын жарақтандырудың және кинологиялық қызметпен қамтамасыз етудiң нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
8-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының құрамы
Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының құрамы мен құрылымын - Қазақстан Республикасының Үкіметі, суда құтқару қызметтерiнiң құрамы мен құрылымын - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
9-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын жасақтау
1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады.
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне, құтқарушылар даярлау жөніндегі білім беру мекемелерiнде оқуға кәмелетке толған, медициналық байқауда құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған және олардың кәсiби даярлығы мен дене шымырлығына белгiленген талаптарға, сондай-ақ моральдық-психологиялық қасиеттерiне қойылатын талаптарға сай келетiн азаматтар қабылданады.
3. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларында құтқарушылар мiндетiн атқаруға жасы 18-ге толған, құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өткен азаматтар жiберiледi.
Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының орта, аға және жоғары басшы құрамы қызмет көрсетiлетiн ұйымның инженер-техник қызметкерлерiнен жасақталады.
4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларына құтқарушылар қызметiне азаматтарды қабылдау кезiнде олармен еңбек шарты (келісім-шарт) жасалынады, онда жұмысқа қабылдау мен жұмыстан шығару шарттары; құтқарушылар жұмысының ерекшелiктерi мен режимi; еңбекақы төлеудiң тәртібі мен шарттары; құтқарушыларға арналған әлеуметтiк кепiлдiктер мен жеңiлдiктер; құтқарушылардың өздерiне жүктелген мiндеттердi және кезекшiлiкте, құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу кезiнде аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары басшыларының өкiмдерiн мүлтiксiз орындау мiндеттемесi баянды етiледi.
10-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын тiркеу
1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын заңды тұлға ретiнде мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларын белгiленген тәртiппен тiркеудi (есепке алуды) - төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы орган, суда құтқару қызметтерiн - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.
23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді
11-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметi
1. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметi ерекше сипатта болады, аталған қызмет пен құрамалардың басшылары берген бұйрықтар мен өкiмдердi олардың барлық қызметкерлерiнiң мүлтiксiз орындауын көздейдi. Бұл талаптар ерiктi авариялық-құтқару құрамалары төтенше жағдайды жоюға тартылған кезден бастап оларға да қойылады.
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары объектiлер мен аумақтарға қызмет көрсету жөніндегі өз жұмысын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарттық негiзде iске асыра алады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге дайындығы өз өкiлеттiгi шегiнде төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы орган iске асыратын аттестаттау және тұрақты тексерулер барысында тексерiледi.
4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының тұрақты дайындығы олардың құрамын кәсiби даярлау және қайта даярлау бойынша жүйелi сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткізу арқылы қамтамасыз етiледi.
5. Кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жедел көлiгi дыбыс шығару, жарық беру белгiлерi бар арнаулы құрылғылармен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы, сәулелi таңбалармен мiндеттi түрде жабдықталады.
6. Ерiктi авариялық-құтқару құрамалары құрылған объектiлердiң басшылары құтқарушыларды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзудiң арнайы дағдыларына оқытып-үйрету жөнiнде тұрақты сабақтар өткiзедi және оларды бұл үшiн арнаулы киім-кешекпен қамтамасыз етедi.
23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын аттестаттау
1. Барлық авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген аттестатталуға тиiс.
2. Аттестаттаудан өткен және тексерулер барысында төтенше жағдайларға назар аударуға және құтқару жұмыстарын жүргiзуге дайындығы расталған авариялық құтқару қызметi мен құрамаларына құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу құқығына лицензиялар берiледi.
3. Егер аталған ұйымдар құрған немесе оларға шарттар бойынша қызмет көрсететiн объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының дайындығы және жай-күйi авариялық-құтқару қызметiн қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сай келмеген жағдайда, ондай ұйымдардың қызметi толық немесе iшiнара тоқтатыла тұрады. Аталған ұйымдардың қызметiн тоқтата тұру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
13-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiру
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiрудi төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiру:
төтенше жағдайларды жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;
халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде мемлекеттік органдарға келісілген ұсыныстар жасау;
авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары жұмысының нормативтiк құқықтық базасын бiр iзге түсiру;
авариялық-құтқару құралдарын өндiру саласында және авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерiнде бiрыңғай мемлекеттік саясат жүргiзу;
авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары және басқа күштер, соның iшiнде тиiстi аумақтарда құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзу үшiн бөлiнген әскери бөлiмдер мен бөлiмшелер арасындағы өзара iс-қимылды пысықтау;
құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстарды жүргiзуге қатысатын авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының құтқарушыларын, лауазымды адамдарын даярлау мәселелерiн шешу мақсатында жүзеге асырылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың аумақтарындағы авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жұмысын үйлестiрудi атқарушы органдардың жанындағы халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы мiндеттердi шешуге арнайы уәкiлеттi жергiлiктi басқару органдары жүзеге асырады.
14-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының орнын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу, тарату
1. Мiндеттi түрде құрылуы қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару жұмыстары мен шұғыл жұмыстардың басқа түрiне қайта бейiмдеуге немесе таратуға олар қызмет көрсететiн ұйымдардың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуы немесе аталған қызметтер мен құрамалар алдын алу және жою үшiн құрылған төтенше жағдайлардың пайда болу қаупiнiң жойылуы негiз болып табылады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Мiндеттi түрде құрылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының орындарын ауыстыру, оларды қайта бейiмдеу немесе тарату туралы шешiмдердi:
1) республикалық және аумақтық кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) кәсiби суда құтқару қызметтерiне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары;
3) объектiлiк кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларына қатысты - төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның келісімi бойынша ұйымдардың басшылығы қабылдайды.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң шешiмi бойынша құрылған ерiктi авариялық-құтқару құрамаларын тарту туралы шешiмдер қабылданған кезде, олар төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органға хабарлайды.
22.12.98 ж. № 327-I ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді; 23.06.00 ж. № 55-II ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда
15-бап. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қызметін қаржыландыру
Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3 тарау. Авариялық-құтқару қызметi мен
құрамаларының төтенше жағдайларды
жоюға қатысуы
16-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын төтенше жағдайларды жоюға тарту
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2004.20.12. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларын төтенше жағдайларды жоюға тарту:
аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары қызмет көрсететiн объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жоспарларына сәйкес;
басқа объектiлер мен аумақтарда төтенше жағдайларды жою кезіндегі өзара iс-қимыл жоспарларына сәйкес;
төтенше жағдайлардың пайда болуы мен өрiстеуi кезіндегі iс-қимылдардың белгiленген тәртібімен;
аумағында төтенше жағдайлар қалыптасқан немесе өкiлеттiгiне аталған төтенше жағдайларды жою жатқызылған төтенше жағдайлар жөніндегі орталық атқарушы органның , ұйымдардың сұрау салуы негiзiнде, төтенше жағдайларды жою басшыларының сұрау салуы негiзiнде не аталған органдардың және төтенше жағдайларды жою басшыларымен келісім бойынша - аталған авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының қызметiне басшылықты жүзеге асыратын не соған Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өкiлеттiгi бар орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың соған уәкiлеттi лауазымды адамдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.