3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.
180-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.
3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).
4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.
181-бап. Мiндеттемедегi адамдар өзгерген кездегi талап қою мерзiмi
Мiндеттемедегi адамдардың өзгеруi талап қою мерзiмi мен оны есептеу тәртібін өзгертуге әкелiп соқтырмайды.
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I Заңымен 182-бап өзгертiлдi
182-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi:
1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;
2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентінің жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий):
3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;
4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;
5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңдардың қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатыла тұрады.
Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.
3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.
183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуіндегі үзiлiс
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.
2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.
185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру
1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.
2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заң құжаттарына сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.
186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару
Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 187-бап өзгертiлдi
187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар
Талап қою:
1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;
2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;
3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;
4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;
5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.
2 бөлім. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар
8-тарау. Меншік құқығы.
Жалпы ережелер
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 188-бап өзгертілді
188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны
1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.
Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.
2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.
Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.
Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзіндегі тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.
3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөніндегі өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.
Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.
5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
6. Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.
189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы
1. Меншiк иесi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.
2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.
Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).
190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.
2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 191-бап өзгертiлдi
191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi
1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.
2. Заң құжаттарына сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.
02.03.98 ж. № 211; 04.11.99 ж. № 472; 02.03.01 ж. № 162 ; 21.05.02 ж. № 323; 2005.18.05 № 50-III ҚР Заңдарымен 192-бап өзгертiлдi
192-бап. Мемлекеттік меншiк құқығы
1. Мемлекеттік меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.
2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген мүлiктен тұрады.
Республикалық бюджеттiң қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, мемлекеттік меншiктiң осы Кодекстiң 193-бабында аталған объектiлерi және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілiп берiлмеген өзге де мемлекеттік мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасын құрайды.
3. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілiп берiлген мүлiктен тұрады.
Жергiлiктi бюджет қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілiп берiлмеген өзге де коммуналдық мүлiк жергiлiктi қазынаны құрайды.
4. Мемлекеттік меншiктегi мүлiк мемлекеттік заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiлуi мүмкiн.
5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заң актілерімен белгіленеді.
6. Мемлекеттік мүлiктi мемлекеттік меншiктiң бір түрiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілейтін тәртiппен жүзеге асырылады.
Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңына сәйкес 193-бап жаңа редакцияда
193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншiк
Жер, оның қойнауы, су, өсiмдiк және жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттік меншiкте болады. Жер заң актілерінде белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы да мүмкiн.
194-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтар
Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшелiктерi тұрғын үй заңдарымен реттеледi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 195-бап өзгертiлдi
195-бап. Меншiк иесi болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары
1. Меншiк құқығымен қатар заттық құқықтарға:
1) жердi пайдалану құқығы;
2) шаруашылық жүргiзу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
4) осы Кодексте немесе өзге заң актілерінде көзделген басқа да заттық құқықтар.
2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы
196-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның шаруашылық жүргiзу құқығы
Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
197-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.
198-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттік кәсiпорынға бекіту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады.
2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленетiн тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 199-бап өзгертiлдi
199-бап. Меншiк иесiнiң шаруашылық жүргiзудегi мүлiкке қатысты құқығы
Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктiң меншiк иесi заң құжаттарына сәйкес кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерiн шешедi, кәсiпорынға тиесiлi мүлiктiң өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
Меншiк иесi өзi құрған кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуіндегі мүлiктi пайдаланудан келтiрiлген таза табыстың бiр бөлiгiн алуға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 02.03.98 ж. № 211; 21.05.02 № 323 Заңдарымен 200-бап өзгертiлдi
200-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру ережелерi
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсiпорынның, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттік органның жазбаша келісімiнсiз:
1) өзiне тиесiлi үйлердi, құрылыстарды, жабдықты және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иеліктен айыруға немесе өзгеше әдiспен билiк етуге (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкілдіктер және еншiлес кәсiпорындар құруға, жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, олардың өзiнiң өндiрiстiк және ақша капиталын сатуға;
2-1) оған тиесiлi акцияларға (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге;
3) заемдар беруге;
4) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдеме немесе кепiлдiк беру.
2. Мемлекеттік кәсiпорын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, негiзгi құралдарға жатпайтын, өзiне шаруашылық жүргiзу құқығымен бекітілiп берiлген мүлiкке дербес билiк етедi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның мемлекеттік кәсіпорынның негізгі құралдарына жататын мүлiкке қатысты, сондай-ақ оған тиесілi акцияларды сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
201-бап. Мемлекеттік кәсiпорындар қатысатын қатынастарға меншiк құқығы туралы ережелердiң қолданылуы
Мемлекеттік кәсiпорындар қатысатын мүлiктiк қатынастарға егер осы Кодекстен және өзге заң құжаттарынан өзгеше туындамаса, осы Кодекстiң меншiк құқығы туралы ережелерi қолданылады.
10-тарау. Оралымды басқару құқығы
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 16.12.98 ж. № 320 Заңдарымен 202-бап өзгертiлдi
202-бап. Оралымды басқару құқығы ұғымы мен оның мазмұны
Оралымды басқару құқығы меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменiң, меншiк иесiнен мүлiк алушы және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмаларына және мүлiктiң мақсатына сәйкес заң құжаттарымен белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсiпорындардың заттық құқығы болып табылады.
203-бап. Оралымды басқару құқығына ие болу және тоқтату
Оралымды басқару құқығына ие болу мен тоқтату, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң 13 және 14-тарауларында көзделген ережелер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
ҚР 16.12.98 ж. № 320 Заңымен 204-бап өзгердi
204-бап. Оралымды басқаруға берiлген мүлiктi меншiктенушiнiң құқығы
1. Оралымды басқарудағы мүлiктi меншiктенушi заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік мекеме немесе қазыналық кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу мәселелерiн шешедi, мемлекеттік мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның заң жүзіндегі тағдырын, оның қызметiнiң мазмұнын белгiлеуге құқығы бар.
2. Меншiк иесi мемлекеттік мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның меншiк иесi берген мүлiктi тиiмдi пайдалануы мен сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік мекеменi бiрнеше меншiк иесi құрған жағдайда, олардың арасындағы қатынастар мен меншiк иелерiнiң өз мүлкiне билiк жүргiзу құқықтары құрылтай шартымен немесе сол сияқты келісіммен белгiленедi.
205-бап. Меншiк иесiнiң оралымды басқаруға берiлген мүлiктi қайтарып алу және қайта бөлу құқығы
Мемлекеттік мекемеге немесе қазыналық кәсiпорынға бекітілiп берiлген мүлiктi меншiктенушi, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, ол мүлiктi қайтарып алуға, не өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында өз қалауы бойынша қайта бөлуге құқылы.
ҚР 16.12.98 ж. № 320-1; 02.03.01 № 162-II; 21.05.02 ж. № 323 Заңдарымен 206-бап өзгердi
206-бап. Мемлекеттік мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билiк ету
1. Мемлекеттік мекеменiң, егер заң актісінде өзгеше белгіленбесе, өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен айыруға немесе өзгеше әдiспен оған билiк етуге құқығы жоқ.
2. Қазыналық кәсiпорын өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi, сол мүліктің меншік иесінің жазбаша келісімімен ғана иеліктен айыруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге, сондай-ақ дебиторлық берешекті, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, беруге және есептен шығаруға құқылы.
Қазыналық кәсiпорын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, өзi өндiрген өнiмдi дербес сатады.
Қазыналық кәсiпорынның табыстарын бөлу тәртібін оның мүлкiн меншiктенушi белгiлейдi.
3. Қазыналық кәсіпорынның өзінің негізгі құралдарына жататын мүлікті сатуға және оған қатысты сыйға беру мәмілелерін жасасуға құқығы жоқ.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 02.03.98 № 211; 16.12.98 ж. № 320-1 Заңдарымен 207-бап өзгертiлдi
207-бап. Қазыналық кәсiпорынның, мекеменiң және мемлекеттік мекеменiң борыштары бойынша құрылтайшының жауаптылығы
1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгіндегі ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынның ақшалай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы орган субсидиарлық жауаптылықта болады.
Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттік кәсiпорын туралы заң актілерінде белгiленген тәртiппен туындайды.
2. Мекеме мен мемлекеттік мекеменiң жауапкершiлiгi осы Кодекстiң 44-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен туындайды.
208-бап. Мекеменi меншiктену құқығының ауысуы
Мекеменi меншiктену құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзiне тиесiлi мүлiкке оралымды билiк жүргiзу құқығын сақтап қалады.
11-тарау. Ортақ меншік
ҚР 02.03.98 ж. № 211; ҚР 07.07.04 ж. № 577-II Заңдарымен 209-бап толықтырылды
209-бап. Ортақ меншiк ұғымы мен оның пайда болу негiздерi
1. Екi немесе бiрнеше адамның меншiгіндегі мүлiк оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Мүлiк меншiк иелерiнiң әрқайсысының меншiк құқығындағы үлестерi белгiлене отырып (үлестiк меншiк) немесе ондай үлестер белгiленбей (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
3. Мүлiкке ортақ меншiк үлестiк меншiк болып табылады, бұған мүлiкке ортақ меншiк құру заңда көзделген реттер қосылмайды.
4. Ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды. Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.
5. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың келісімi бойынша, ал келісімге қол жетпеген жағдайда - сот шешiмi бойынша ортақ меншiкке осы адамдардың үлестi меншiгi белгiленуi мүмкiн.
6. Жылжымайтын мүлiкке меншiк кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкiн, бұл жағдайда жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншiгiнде болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкте емес бөлiктерi ортақ үлестiк меншiк құқығымен жылжымайтын мүлiк бөлiктерiнiң иелерiне тиесiлi болады.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесi оның жылжымайтын мүлiктiң өзiне тиесiлi бөлiгiне бөлек меншiгiнен ажырағысыз.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дәрежесi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлiктiң дара (бөлек) меншiктегi бөлiктерiнiң мөлшерiне байланысты болады.
Кондоминиумның әр алуан түрлерiнiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалуы мүмкiн.
7. Инвестициялық пай қорының активтерiне ортақ үлестiк меншiктiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заң актiсiмен айқындалады.
210-бап. Үлестiк меншiк құқығындағы үлестi анықтау
1. Егер үлестi меншiкке қатысушылар үлестерiнiң мөлшерi заң құжаттары негiзiнде анықталуы және оған барлық қатысушылардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн болмаса, үлестер тең деп саналады.
2. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
211-бап. Үлестi меншiкке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары
1. Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тәртібін сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.
2. Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
212-бап. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету
1. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
213-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану
1. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келісімге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне және пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы.