261-бап. Салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкасы белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрiлген, өткiзiлген заттай нысандағы акцизделетiн тауарлар көлемi ретiнде белгiленедi.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарлар бойынша салық базасы өндiрушi осы тауарды акциздер мен қосылған құн салығын енгiзбей беретiн бағалар бойынша анықталатын өндiрiлген, өткiзiлген акцизделетiн тауарлар құны ретiнде белгiленедi.
3. Лотереяларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтi жүзеге асыру кезіндегі салық базасы лотереяны ұйымдастырушы салық органында лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеген кезде жүлде қорына жатқызылатын сома алып тасталған, оған акциз сомасы қосылмай мәлімделген түсім сомасы ретiнде анықталады және шығарылым тiркелгеннен кейiн ол өзгертiлмеуге тиiс.
262-бап. Түрлi ставкалар белгiленген жағдайда спирттiң барлық түрiне салық салу ерекшелiктерi
1. Осы Кодекстiң 258-бабының 3-тармағына сәйкес спирттiң барлық түрiне әртүрлi акциз ставкалары белгiленген жағдайда, салық базасы сол бiр ставкамен салық салынатын операциялар бойынша жеке-жеке анықталады.
2. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер базалық ставкадан төмен акцизбен сатып алған спирттi алкоголь өнiмiн өндiруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде осы спирт бойынша акциз сомасы алкоголь өнiмiн өндiрушiсi болып табылмайтын тұлғаларға сатылатын спирттiң барлық түрлерi үшiн белгiленген акциздiң базалық ставкасы бойынша қайта есептеліп, бюджетке төленуге тиiс. Қайта есептеу мен салық төлеудi спирттi алушы жүргiзедi.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiру және медициналық қызмет көрсету үшiн алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Осы спирт бойынша емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек өндiрушiлер мен спирттi акцизсiз алған мемлекеттік медициналық мекемелер акциз төлеушiлер болып табылады.
263-бап. Акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бүлiнген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленедi.
Осы ереже одан әрi өткізу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны бүлiнген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаты үшiн акцизделетiн өнiмнiң бүлiнуi, жоғалуы болып осы Кодекстiң 237-бабының 2-тармағында сипатталған оқиғалар ұғылады.
264-бап. Акциз маркаларының бүлiнуi, жоғалуы
1. Осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, акциздiк маркалар жоғалған, бүлiнген кезде акциз мәлiмделген ассортимент мөлшерiнде төленедi.
Осы Кодекстiң 549-бабына сәйкес алкоголь өнiмiн таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның iшiнде ұрланған) акциздiк маркалар бойынша акциздi есептеу маркада көрсетiлген сауыттың (ыдыстың) көлемiне қолданылатын белгiленген ставка негiзге алынып жүргiзiледi.
Маркада сауыттың (ыдыстың) көлемi белгiленбеген жағдайда бүлiнген немесе жоғалған акциздiк маркалары бойынша акциздi есептеу акциз маркалары бүлiнген, жоғалған кезеңнiң алдындағы салық кезеңi iшiнде өнiм құю (орау) жүргiзiлген сауыттың (ыдыстың) неғұрлым үлкен көлемi негiзге алынып жүргiзiледi.
2. Акциз маркалары бүлiнген, жоғалған кезде мынадай жағдайларда:
1) акциз маркалары төтенше жағдайлар салдарынан бүлiнсе, жоғалса;
2) бүлiнген акциз маркаларын салық органдары жоюға жасалған есептен шығару актiсi негiзiнде қабылдаса, акциз төленбейдi.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын көтерме және бөлшек саудада өткізуге жатқызу өлшемдерi
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы аталған акцизделетiн тауарларды қабылдауға және оларды одан әрi өткізу үшiн пайдалануға мiндеттенсе, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
Көтере өткізу саласына одан әрі өткізу үшін құрылымдық бөлімшелерге бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын тиеп жөнелту де жатқызылады.
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өндiрушi;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын одан әрi өткізу мақсатында сатып алуды не олардың импортын жүзеге асырған салық төлеушi өнiм берушiлер болып табылған жағдайда, бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын өткізу көтерме саудада өткізу саласына жатқызылады.
2. Бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын бөлшек саудада өткізу саласына осы баптың 1-тармағында аталған берушiлер жүзеге асыратын мынадай:
1) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын заңды тұлғаларға (оның iшiнде шетелдiк заңды тұлғаларға) және жеке кәсiпкерлерге олардың өндiрiстiк қажеттерi үшiн өткізу;
2) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын жеке тұлғаларға өткізу;
3) өндiрiлген немесе одан әрi өткізу үшiн сатып алынған бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда) мен дизель отынын өзiнiң өндiрiстiк қажеттерiне пайдалану операциялары жатады.
266-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметке салық салу
1. Ойын бизнесi (лотереяларды қоспағанда) саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде мыналар:
1) ойын столы;
2) ақшалай ұтысы бар ойын автоматы;
3) тотализатор кассасы;
4) букмекер кеңселерiнiң кассасы салық салу объектiсi болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ұғымдар осы Кодекстiң 391-бабымен анықталады.
267-бап. Лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге салық салу
1. Лотерея ұйымдастырушысының лотерея билеттерiн сатуға шығаруы лотерея бойынша салық салу объектiсi болып табылады.
Осы баптың мақсаттары үшiн лотерея ұйымдастырушысы өткізуге әзiрлеген лотерея билеттерiнiң саны сатуға шығару деп ұғылады.
2. Лотерея билеттерiн сатуға шығарудың әрбiр шығарылымы және оның ақша түріндегі көлемi лотерея билеттерiн өткізу басталғанға дейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмей салық органдарында мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.
Лотерея билеттерiн сатуға шығаруды тiркеу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңымен 268-бап өзгертілді
268-бап. Акцизделетiн тауарлар экспортын растау
1. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткізу кезiнде осы Кодекстiң 259-бабының 2-тармағына сәйкес салық салудан босатудың негiздiлiгiн растау үшiн салық төлеушi тiркелген орны бойынша салық органына алпыс жұмыс күнiнің ішінде міндетті түрде мына құжаттарды:
1) экспортталатын акцизделетiн тауарларды беруге шартты (келісім-шартты);
2) акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгiлерi бар кедендiк жүк декларациясын немесе оның кеден органы куәландырған көшiрмесiн табыс етедi.
Акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде магистральдық құбыр жүйесiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмiн қолдана отырып әкеткен жағдайда кеден ресiмдеуiн жүргiзген кеден органының белгiлерi соғылған толық кедендiк жүк декларациясы экспортты куәландыру болып табылады;
3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткізу пунктiнде орналасқан кеден органының белгiсi соғылған тауарға iлеспе құжаттардың көшiрмелерiн табыс етедi.
Акцизделетiн тауарларды экспорт режимiнде магистральдық құбыр жүйесiмен әкеткен жағдайда тауарға iлеспе құжаттар көшiрмелерiнің орнына тауарларды қабылдау-тапсыру актiсi табыс етiледi;
4) салық төлеушiнің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасында ашылған шоттарына акцизделетiн тауарлар өткізуден түскен нақты түсiмді растайтын төлем құжаттары мен банк көшiрмесiн табыс етедi.
2. Қазақстан Республикасы акцизделетiн тауарлар экспортын акцизден босатуды көздейтiн халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге акцизделетiн тауарлар экспортталған кезде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимiнде әкетiлген акцизделетiн тауарларды импорттаған елде ресiмделген кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi қосымша табыс етiледi.
3. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, мұндай өткізуге Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарларды өткізу үшiн осы тарауда белгiленген тәртiппен акциз салынуға тиiс.
269-бап. Акциз сомасын есептеу
1. Акциз сомасын есептеу белгiленген акциз ставкасын салық базасына қолдану арқылы жүргiзiледi.
2. Ойын бизнесi бойынша акциз сомасын есептеу салық кезеңiне белгiленген акциз ставкасын салық салынатын объектiлердiң санына қолдану арқылы анықталады.
Салық кезеңiнде салық салынатын объектiлердiң саны өзгерсе, енгiзiлген (шығып қалған) объектiге акциз сомасы толық көлемде төленедi.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 270-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
270-бап. Салықтан шегеру
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 269-бабына сәйкес белгiленген салық сомасын осы бапта белгiленген шегерiмдерге кемiтуге құқығы бар.
2. Акцизделетiн тауарларды (спирттiң барлық түрiн, шикi мұнайды, газ конденсатын қоспағанда) сатып алған немесе оны Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттаған кезде, егер аталған тауарлар бұдан әрi акцизделетiн тауарлар өндiру үшiн негiзгi шикiзат ретiнде пайдаланылған болса, Қазақстан Республикасының аумағында төленген акциз сомалары шегерiлуге тиiс.
Осы тармаққа сәйкес салық кезеңiнде акцизделетiн тауарлар дайындауға нақты пайдаланылған акцизделетiн шикiзат көлемi негiзге алынып анықталған акциз сомасына шегерiм жасалады.
Осы баптың ережелерi акцизделетiн алыс-берiс шикiзаты мен материалдарынан дайындалған акцизделетiн тауарларды беру кезiнде де, акцизделетiн алыс-берiс шикiзаты мен материалдарының меншiк иесi акциздiң төленгенiн растаған жағдайда қолданылады.
23.11.02 ж. № 358-II; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңдарымен 271-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
271-бап. Акциз төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акцизделетiн тауарларға акциз:
1) салық кезеңінің алғашқы он күні ішінде жасалған операциялар бойынша айдың он үшінші күнінен;
2) салық кезеңінің екiншi он күні ішінде жасалған операциялар бойынша айдың жиырма үшiншi күнінен;
3) салық кезеңiнiң қалған күндерінде жасалған операциялар бойынша есептi айдан кейiнгi айдың үшiншi күнінен кешiктiрiлмей бюджетке аударылуға тиiс.
2. Алыс-берiс шикiзаты мен материалдарынан өндiрiлген акцизделетiн тауарлар бойынша акциз тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға өнiм берiлген күнi төленедi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген шикi мұнайды, газ конденсатын, өнеркәсiптiк ұқсатуға берген кезде акциз ол берiлген күнi төленедi.
4. 23.11.02 ж. № 358-II ҚР Заңымен алып тасталды
5. Өз өндiрiсiнің акциз салынуға тиiстi шикiзатынан акцизделетiн тауарлар өндiрген кезде осы шикiзатқа акцизделетiн дайын тауарлар бойынша акциз төлеуге белгiленген мерзiмде акциз төленедi.
6. Ойын бизнесi бойынша акциз осы Кодекстiң 395-бабында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде төленедi.
7. Лотерея ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтi жүзеге асырудан түскен акциз осы Кодекстiң 267-бабына сәйкес жүзеге асырылатын лотерея билеттерiн сатуға шығару тiркелген күнге дейiн немесе тiркелген күнi төленедi.
272-бап. Акциз төленетiн жер
1. Акциз төлеу осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, акциз төлеушiнiң тiркелген жерi бойынша жүргiзiледi.
2. Құрылымдық бөлiмшелерi бар акциз төлеушiлер, егер олар:
1) осы Кодекстiң 257-бабы 1-тармағының 1)-2) тармақшаларында көрсетiлген акцизделетiн тауарларды өндiрудi және (немесе) оларды құюды;
2) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткізудi жүзеге асыратын болса, осы Кодекстiң 273-бабында көзделген тәртiппен құрылымдық бөлiмшелердің орналасқан жерi бойынша акциз төлейдi.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Салық төлеушiлердiң құрылымдық бөлiмшелерi үшiн акциз есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы Кодекстiң 272-бабының 2-тармағында көрсетiлген және құрылымдық бөлiмшелерi бар акциз төлеушiлер құрылымдық бөлiмшелердi олардың орналасқан жерi бойынша салық органдарында тiркеу есебiне қоюға және өзiнің құрылымдық бөлiмшелерiн тiркеу есебiне қойғаны туралы өзi тiркелген жерi бойынша салық органына хабарлауға мiндеттi.
2. Құрылымдық бөлiмше үшiн төленуге тиiс акциз сомасы әр құрылымдық бөлiмше бойынша жасалған құрылымдық бөлiмше жөніндегі акциз есебi негiзiнде анықталады.
3. Акциз есебiн құрылымдық бөлiмшелер бойынша жасаған кезде акциз салынған және салық кезеңi iшiнде құрылымдық бөлiмшелер жүргiзген операциялар ескерiледi.
4. Акциз төлеушiлер құрылымдық бөлiмшелерi үшiн төлеуге тиiс акциз сомалары бойынша есептi құрылымдық бөлiмшенің тiркелген жерi бойынша салық органына осы Кодекстің 275-бабында белгiленген мерзiмдерде табыс етуге мiндеттi.
5. Ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз төлеудi акциз төлеушi заңды тұлға тiкелей өзiнiң есеп шотынан төлейдi немесе ол құрылымдық бөлiмшеге жүктеледi.
6. Осы бапта белгiленген тәртiп осы Кодекстiң 272-бабының 2-тармағында аталған қызметтi өзi тiркелген орнынан тыс жерде жүзеге асыратын жеке кәсiпкер акциз төлеген жағдайда да қолданылады. Жеке кәсiпкер, ағымдағы төлемдердi қоса алғанда, акциз төлеудi өзi қызметiн жүзеге асыратын жерi бойынша жүргiзедi.
274-бап. Салық кезеңi
Акцизге қатысты күнтiзбелiк ай салық кезеңi болып табылады.
275-бап. Салық декларациясы
1. Әрбiр салық кезеңi аяқталған соң, салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, салық төлеушi өзi тiркелген жерi бойынша салық органдарына акциз жөніндегі декларация табыс етуге мiндеттi.
2. Осы Кодекстің 272-бабының 2-тармағында аталған акциз төлеушiлер декларациямен бiр мезгiлде құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз бойынша есептi табыс етедi.
3. Декларация мен құрылымдық бөлiмшелер үшiн акциз бойынша есеп-қисаптар салық органына салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмей табыс етiледi.
44-тарау. Акцизделетін тауарлардың импортына салық салу
276-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарлардың салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарларды Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттау кезiнде салық базасы импортталатын акцизделетiн тауарлардың заттай түрдегi көлемi ретiнде белгiленедi.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгiленген акцизделетiн тауарларды импорттау кезiнде салық салынатын база импортталатын акцизделетiн тауарлардың Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалатын кедендiк құны ретiнде анықталады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 277-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
277-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз төлеу мерзiмдерi
1. Импортталатын тауарларға акциздер, уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден iсi мәселелерi жөнiндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңдарында кеден төлемдерiн төлеу үшiн белгiленген күнi төленедi.
2. Осы Кодекстің 549-бабына сәйкес таңбалануға тиiстi импортталатын акцизделетiн тауарларға акциздiк маркаларын алған күнге дейiн немесе алған күнi акциз төленедi.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған акцизделетiн тауарларды iс жүзiнде импорттауды жүзеге асыру кезiнде акциз сомасы нақтылануға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 278-бап өзгертілді
278-бап. Акцизден босатылған акцизделетiн тауарлардың импорты
1. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен нормалар бойынша импорттайтын акцизделетiн тауарларына акциз төленбейдi.
2. Төмендегi тiзiп көрсетiлген импортталатын тауарлар:
1) жол бойы бағытында және аралық аялдама пункттерiнде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарын пайдалану үшiн қажеттi, сондай-ақ аварияны (сынып қалуды) жою үшiн шет елден сатып алынған акцизделетiн тауарлар;
2) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзгенге дейiн бүлiнуi салдарынан бұйым және материал ретiнде пайдалануға жарамсыз болып қалған тауарлар;
3) шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктердiң ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiнің, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, жеке пайдалануы үшiн әкелiнген және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес акцизден босатылатын тауарлар;
4) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзiлетiн, "Еркiн айналыс үшiн тауарлар шығару" режимiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен белгiленген кеден режимi шеңберiнде акцизден босатылатын тауарлар;
5) сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын тұтынушы ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы өнiм (бальзамдардан басқа) акциз төлеуден босатылады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 9-1-бөліммен толықтырылды
9-1-бөлiм. Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына
салынатын рента салығы
44-1-тарау. Жалпы ережелер
278-1-бап. Төлеушiлер
Өнiмдi бөлу туралы келісім-шарттар жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, шикi мұнайды, газ конденсатын экспортқа өткiзетiн жеке және заңды тұлғалар экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына салынатын рента салығын төлеушiлер болып табылады.
278-2-бап. Салық салу объектiсi
Экспортқа өткiзiлетiн шикi мұнайдың, газ конденсатының көлемi экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығын салу объектiсi болып табылады.
44-2-тарау. Есептеу тәртібі және салық ставкалары
278-3-бап. Есептеу тәртібі
1. Экспортқа нақты өткiзiлетiн шикi мұнайдың, газ конденсатының көлемi салық төлеушiнiң оларды тасымалдауға жұмсаған шығыстарын шегере отырып, осы баптың 3-тармағына сәйкес шикi мұнайдың, газ конденсатының сапасына төмендетiлген баға (үстеме баға) ескерiлген нарықтық бағасын негiзге алып есептелген экспортталатын шикi мұнайдың, газ конденсатының құны экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығын есептеу базасы болып табылады.
2. Өткiзiлетiн шикi мұнайдың, газ конденсатының нарықтық бағасын айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Егер салық төлеушiнiң шикi мұнайының, газ конденсатының сапа көрсеткiштерi магистральдық құбыр жолы арқылы тасымалданатын шикi мұнай, газ конденсаты қоспалары көрсеткiштерiнен төмен болса, шикi мұнай, газ конденсаты сапасына төмендетiлген баға ұсынылады. Егер салық төлеушiнiң шикi мұнайының, газ конденсатының сапа көрсеткiштерi магистральдық құбыр жолы арқылы тасымалданатын шикi мұнай, газ конденсаты қоспалары көрсеткiштерiнен жоғары болса, шикi мұнай сапасына үстеме баға ұсынылады.
278-4-бап. Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығының ставкалары
Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығының ставкалары мынадай мөлшерлерде белгiленедi:
Нарықтық бағасы | Ставкасы |
бiр баррель үшiн 19 АҚШ долларынан кем | 0 процент |
бiр баррель үшiн 19-дан 20 АҚШ долларына дейiн | 1 процент |
бiр баррель үшiн 20-дан 21 АҚШ долларына дейiн | 4 процент |
бiр баррель үшiн 21-ден 22 АҚШ долларына дейiн | 7 процент |
бiр баррель үшiн 22-ден 23 АҚШ долларына дейiн | 10 процент |
бiр баррель үшiн 23-тен 24 АҚШ долларына дейiн | 12 процент |
бiр баррель үшiн 24-тен 25 AҚШ долларына дейiн | 14 процент |
бiр баррель үшiн 25-тен 26 АҚШ долларына дейiн | 16 процент |
бiр баррель үшiн 26-дан 27 АҚШ долларына дейiн | 17 процент |
бiр баррель үшiн 27-ден 28 АҚШ долларына дейiн | 19 процент |
бiр баррель үшiн 28-ден 29 АҚШ долларына дейiн | 21 процент |
бiр баррель үшiн 29-дан 30 АҚШ долларына дейiн | 22 процент |
бiр баррель үшiн 30-дан 31 АҚШ долларына дейiн | 23 процент |
бiр баррель үшiн 31-ден 32 АҚШ долларына дейiн | 25 процент |
бiр баррель үшiн 32-ден 34 АҚШ долларына дейiн | 26 процент |
бiр баррель үшiн 34-тен 36 АҚШ долларына дейiн | 28 процент |
бiр баррель үшiн 36-дан 37 АҚШ долларына дейiн | 29 процент |
бiр баррель үшiн 37-ден 38 АҚШ долларына дейiн | 30 процент |
бiр баррель үшiн 38-ден 40 АҚШ долларына дейiн | 31 процент |
бiр баррель үшiн 40 АҚШ долларынан астам | 33 процент |
44-3-тарау. Салық кезеңi, төлеу мерзiмдерi және салық
декларациясы
278-5-бап. Салық кезеңi
Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығын төлеу бойынша салық кезеңi күнтiзбелiк ай болып табылады.
278-6-бап. Төлеу мерзiмдерi
Салық төлеушi бюджетке салықтың есептелген сомасын салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
278-7-бап. Салық декларациясы
Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсатына рента салығы бойынша декларация тiркеу орны бойынша салық органына салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрiлмей берiледі.
10-бөлім. Жер қойнауын пайдаланушыларға
салық салу
45-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 279-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 279-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
279-бап. Осы бөлiмде реттелетiн қатынастар
1. Осы бөлiмде мұнай операцияларын және өндiрумен байланысы жоқ жер асты құрылыстарын салу мен пайдалану жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргiзу жөніндегі қызметке салық салудың ерекшелiктерi реттеледi және жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай салықтары мен арнайы төлемдерiн:
1) үстеме пайда салығын;
2) 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен алып тасталды
3) жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы төлемдерiн:
а) бонустарды (қол қойылатын, коммерциялық табу);
б) роялтидi;
в) өнiмдi бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесiн;
г) қызметiн өнiмдi бөлу туралы келісім-шарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемiн есептеу мен төлеу тәртібі белгiленедi.
Осы Кодексте "жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар", "мұнай операциялары", "мұнай" және "келісім-шарттық аумақ" ұғымдарының Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы және мұнай туралы заңдарында айқындалған маңызы бар.
2. Мұнай операцияларын қоса алғанда жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар жүргiзу жөніндегі қызметке осы Кодексте белгiленген тәртiппен салық салынуға тиiс.
280-бап. 29.11.03 ж. № 500-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
281-бап. Жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалануға келісім-шарттар жасалғанға дейiн салық салу
Пайдалы қазбалар өндiрудi жер қойнауын пайдалануға келісім-шарт жасалғанға дейін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдаланғаны үшiн республикалық бюджеттің кiрiсiне Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейтiн мөлшерде роялти түрiнде аударымдар жасайды.
Бұл ретте салық салу объектiлерi мен осы аударымдарды төлеу мерзiмдерiн айқындау осы Кодексте роялти төлеу үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзіледi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 282-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 282-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
282-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу жөніндегі қызметке салық салу
1. Салық режимiнiң бiрiншi үлгiсi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да міндеттi төлемдер бойынша салық мiндеттемелерiн есептеу оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер пайда болған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүргізіледi.
2. Мiндетті салық сараптамасынан өткен және 2004 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен отандық немесе шетелдiк жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарда айқындалған салық режимi олардың қолданылуының белгіленген бүкiл мерзiмi ішiнде сақталады және қолданылады әрі Қазақстан Республикасы салық заңдарының өзгеруіне байланысты тараптардың келісімі бойынша түзетiлуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 283-бабында көрсетілген екiншi үлгі бойынша салық режимi өнiмдi бөлу туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жасалған келісім-шартта ғана айқындалады.
Өнiмдi бөлу туралы келiсім-шартта белгіленетiн салық режимi келісім-шартқа қол қойылған (жасалған) күні қолданылатын жеке және заңды тұлғалардың салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуiн реттейтiн Қазақстан Республикасының салық заңдарының ережелерiне сәйкес болуға тиіс.
Салық сараптамасы жүргізілген күн мен өнімді бөлу туралы келісім-шартқа қол қойылған күн аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасының салық заңдары өзгерген жағдайда қайтадан сараптама жүргізіле отырып, салық режимi осы өзгерістерге сәйкес келтірілуге тиiс.
4. Өнімді бөлу туралы бiр келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдалануды бiрнеше салық төлеушi жүзеге асыратын жағдайда келісім-шартта белгіленген салық режимi олардың барлығы үшін ортақ болып табылады. Бұл ретте: