5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және (немесе) өздерiнiң тиiмдi басқару орны (нақты басқару органдары) Қазақстан Республикасында орналасқан өзге заңды тұлғалар да осы Кодекстiң мақсатында резиденттер деп танылады.
Негiзгi басқаруды жүзеге асыратын және заңды тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу үшiн қажет стратегиялық коммерциялық шешiмдердi қабылдайтын орын тиiмдi басқару орны (нақты басқару органы) деп танылады.
6. Осы баптың ережелерiне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар осы Кодекстiң мақсатында резидент еместер деп танылады.
29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 177-бап өзгертілді
177-бап. Резидент еместiң тұрақты мекемесi
1. Кәсiпкерлiк қызметтi, оның iшiнде уәкiлеттi тұлға арқылы жүзеге асырылатын қызметтi толық немесе iшiнара жүзеге асыратын тұрақты қызмет орны, атап айтқанда:
1) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, тауарларды өндiрумен, ұқсатумен, жинақтаумен, орап-буумен, берумен, өткізумен байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, резидент еместiң кез келген басқару орны, филиалы, бөлiмшесi, өкiлдiгi, бюросы, кеңсесi, офисi, кабинетi, агенттiгi, фабрикасы, шеберханасы, цехы, зертханасы, дүкенi, қоймасы;
3) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, көмiрсутектерiн өндiру орындарын қоса алғанда, табиғи ресурстарды өндiрумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын кез келген орын: шахта, кенiш, мұнай және (немесе) газ скважинасы, карьер, жер үстi немесе теңiз мұнаралары және (немесе) скважиналары;
4) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, құбырмен, газ құбырымен, табиғи ресурстарды барлаумен және (немесе) игерумен, құрал-жабдықтарды орнатумен, монтаждаумен, құрастырумен, жөнге келтiрумен, iске қосумен және (немесе) қызмет көрсетумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын (оның iшiнде бақылау және байқау қызметiн жүзеге асыратын) кез келген орын;
5) қызмет көрсету мерзiмдерiне қарамастан, ойын автоматтарын (жалғамаларын қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды, көлiк немесе өзге де инфрақұрылымды пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын кез келген тұрақты орын резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесi деп танылады.
2. Құрылыс алаңы, монтаждау немесе құрастыру объектiсi, жобалау жұмыстарын жүргізу, жұмысты жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, тұрақты мекеме құрады.
Бұл ретте, атап айтқанда, жылжымайтын мүлiк объектілерін тұрғызу және (немесе) қайта жаңарту жөніндегі қызметтi жүзеге асыру, оның iшiнде үйлер, ғимараттар салу және (немесе) монтаждау жұмыстарын жүргiзу, көпiрлер, жолдар, каналдар салу және (немесе) қайта жаңарту, құбырлар тарту, энергетикалық, технологиялық немесе өзге де жабдықтарды және (немесе) басқа да осыған ұқсас жұмыстарды жүзеге асыру орны құрылыс алаңы (объектiсi) деп түсiнiледi.
Құрылыс алаңы (объект) пайдалануға берiлген объектiнi (орындалған жұмыстың көлемiн) қабылдау туралы актiге қол қойылған және құрылысқа толық ақы төленген күннен кейiнгi күннен бастап өзiнiң iс-әрекетiн тоқтатады.
3. Резидент емес, сондай-ақ, егер:
1) уәкiлетті тұлға арқылы Қазақстан Республикасында тәуекелді сақтандырушы немесе қайта сақтандыруды жүзеге асырса;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қызметшiлер немесе осы мақсаттар үшiн жалданған қызметкер арқылы осы салық кезеңiнде аяқталатын кез келген үзiлiссiз он екi айлық кезеңде үздiксiз күнтiзбелiк тоқсан күннен астам қызмет көрсетсе;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн жай серiктестікке (бiрлескен қызмет туралы шартқа) қатысушы болып табылса;
4) Қазақстан Республикасында ақылы негiзде және (немесе) тауарлар сатуды iске асыратын көрме өткiзсе;
5) резидентке немесе резидент емеске шарт қатынастары негiзiнде Қазақстан Республикасында оның мүддесiн бiлдiруге, iс-әрекет жүргiзуге немесе оның атынан келісім-шарт (шарт, келісім) жасасуға құқық берсе, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
4. Осы бапта көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезіндегі уақытша немесе маусымдық үзiлiстер тұрақты мекеменi таратуға әкеп соқпайды.
5. Осы резидент еместiң атынан келісім-шартқа қол қоюға уәкiлеттiк берiлмеген тәуелсiз делдал (тапсырма, комиссия, консигнация шарты немесе басқа да осыған ұқсас шарт негiзiнде жұмыс iстейтiн брокер және (немесе) өзге де тәуелсiз агент) арқылы Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыратын резидент емес тұрақты мекеме құрушы ретiнде қарастырылмайды.
Өзінің әдеттегі (негiзгi) қызметi аясында әрекет ететiн және резидент еместен заң жағынан да, экономикалық жағынан да тәуелсiз болып табылатын тұлға тәуелсiз делдал деп түсiнiледi.
6. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған резидент емес заңды тұлғаның еншiлес ұйымы, егер еншілес және негiзгi ұйымдардың арасында осы баптың 3-тармағы 5) тармақшасының ережелерiне сай келетiн қатынастар туындамаса, өзiнiң негiзгi ұйымының тұрақты мекемесi ретiнде қарастырылмайды.
6-1. Өзге де заңды тұлғаға, оның ішінде тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент емеске Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну жөнінде қызметтер көрсететін резидент емес мынадай шарттарды бiр мезгілде орындаған кезде:
егер мұндай персонал тек өзiн ұсынған заңды тұлғаның атынан және оның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрсететiн резидент емес осындай персоналдың Қазақстан Республикасында орындайтын жұмыс нәтижелеріне жауапты болмаса;
шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрсетуден алынатын резидент еместiң табысы осындай персоналдың өзін ұсынған заңды тұлғаның атынан және оның мүдделерiн көздеп өз міндеттерін орындаған уақытын ескере отырып анықталса және резидент емес тұлғаның осындай персоналды ұсыну шығындары жалпы сомасының он процентінен аспауға тиіс болса, Қазақстан Республикасындағы осындай қызметтер бойынша тұрақты мекеме құрмайды.
Шетелдiк персоналды ұсыну жөнiнде қызмет көрceтуге арналған шығындардың жалпы сомасын растау үшін резидент емес қызмет көрсетудi алушыға есеп құжаттамасының көшiрмелерін табыс етуi міндетті.
Осы тармақта белгiленген шарттар орындалған кезде және резидент емес шетелдiк қызметкердi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсыну жөніндегі қызметтер көрсеткен жағдайда резидент еместiң мұндай қызметтерi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде көрсетiлген қызметтер болып табылады.
7. Резидент еместiң қызметi оның салық органында тiркеу есебiне тұруына немесе тұрмауына қарамастан, осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 178-бап өзгертілді
178-бап. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары
Табыстардың мынадай түрлерi:
1) Қазақстан Республикасында тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен табыстар;
2) нақты қызмет көрсетiлген жерiне қарамастан, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызмет атқаратын және осындай тұрақты мекемемен байланысты резиденттерге немесе резидент еместерге көрсетiлетiн басқару, қаржылық (сақтандыру және (немесе) тәуекелдердi қайта сақтандыру жөніндегі қызмет көрсетулердi қоспағанда), консультациялық, аудиторлық, заңдық (адвокаттық қызмет көрсетулердi қоспағанда) қызмет, бағдарламалық өнiмдердi демеу және қолдау бойынша қызмет көрсетуден алынатын табыстар;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлiктi өткізу;
резиденттер шығарған бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан резидент заңды тұлғаға, консорциумға
немесе мүлiкке қатысу үлесiн өткізу нәтижесiнде алынған құн өсiмiнен түскен табыстар;
4) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiне байланысты резиденттiң немесе резидент еместің борышты қайтаруды талап ету құқығын басқаға беруден түскен табыстар;
5) резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы қызметi барысында туындаған мiндеттемелерiн, оның iшiнде жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) жасасқан келісім-шарттар (шарттар, келісімдер) бойынша және (немесе) тауарларды жеткізуге сыртқы сауда келісім-шарттары бойынша мiндеттемелерiн резиденттер мен резидент еместердiң орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсiмпұлдар);
6) резидент заңды тұлғадан дивидендтер түрiнде түсетiн табыстар және осындай заңды тұлғаға қатысу үлесiнен түсетiн табыстар;
7) мыналардан:
резиденттерден;
егер осы резидент еместердiң берешегi олардың тұрақты мекемесiне немесе мүлкiне қатысты болса, Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесi немесе мүлкi бар осы резидент еместерден алынған, борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар нысанындағы табыстар;
8) мыналардан:
резидент - эмитенттерден;
егер осы резидент еместердiң берешегi олардың тұрақты мекемесiне немесе мүлкiне қатысты болса, Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесi немесе мүлкi бар резидент емес эмитенттерден алынатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар нысанындағы табыстар;
9) тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметiне байланысты резиденттерден немесе резидент еместерден алынатын роялти түріндегі табыстар;
10) Қазақстан Республикасында орналасқан мүлiктi жалға беруден түскен табыстар;
11) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстар;
12) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдердi сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары нысанындағы табыстар;
13) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық тасымалдарда көлiк қызметiн көрсетуден түскен табыстар;
14) Қазақстан Республикасында жеке еңбек шарты (келісім-шарт) бойынша немесе өзге де азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметтен түскен табыстар;
15) осындай тұлғаларға резидент заңды тұлғаға қатысты жүктелген басқару міндеттерiн орындауға байланысты басшылардың қаламақылары және (немесе) басқару органының директорлар кеңесінің, басқарманың немесе өзге де органының мүшелерi алатын өзге де төлемдер. Бұл ретте осындай тұлғалардың басқару мiндеттемелерін iс жүзінде орындаған жер маңызды емес;
16) Қазақстан Республикасында тұруға байланысты төленетiн үстемеақылар;
17) материалдық, әлеуметтiк игiлiктер үшiн жұмыс берушi немесе жалдаушы шеккен шығыстардың өтем нысанындағы табыстары немесе Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн резидент емес жеке тұлғалардың өзге де материалдық пайдалары, оның iшiнде тамақтандыруға, тұруға, оқу мекемелерiнде балалар оқытуға жұмсалған шығыстар, отбасы мүшелерiнiң демалысқа барып-келу шығыстарын қоса алғанда, демалысқа байланысты шығыстар;
18) резидент жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы төлемдерi;
19) кiмге төлем жүргiзiлетiнiне қарамастан, өнер қызметкерлерiне: театр, кино, радио, теледидар артистерiне, музыканттарға, суретшiлерге, спортшыларға Қазақстан Республикасындағы қызметтен төленетiн табыстар;
20) резиденттер төлейтiн ұтыстар;
21) Қазақстан Республикасында жеке (кәсiби) тәуелсiз қызмет көрсетуден алынған табыстар;
22) Қазақстан Республикасында орналасқан мүлiктi тегiн алу нысанындағы табыстар, оның iшiнде осындай мүлiктен түсетiн табыстар;
23) Қазақстан Республикасындағы қызмет негiзiнде туындайтын, алдыңғы тармақшаларда қамтылмаған табыстар резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстары деп танылады.
28-тарау. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмай
қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды
тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі
23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 179-бап өзгертілді
179-бап. Төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстаудың тәртібі
1. Резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген, Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемемен байланысты емес табыстарына осы Кодекстің 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша шегерiмдi жүргiзбестен төлем көзiнен табыс салығы салынуға тиiс.
2. Қолма-қол және (немесе) қолма-қол емес нысандарда ақша, бағалы қағаздар, қатысу үлесiн, тауарлар, мүлiк беру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету, табыс алушы резидент еместiң борышты талап етуін Қазақстан Республикасындағы көздерден резидент еместiң алдындағы табыстарды төлеу жөніндегі берешектi өтеу есебiне жүргiзiлетiн есептен шығару немесе есепке алу табысты төлеу деп түсініледi.
3. Төлем көзiнен салық салуға мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда операциялары бойынша тауарларды жеткізумен байланысты төлемдер;
2) резидент банктердің корреспонденттiк шоттарын ашуға және жүргiзуге, олар бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға, сондай-ақ халықаралық төлем карточкалары арқылы есеп айырысуды жүзеге асыруға байланысты қызмет көрсетуден түскен табыстар;
3) бағалы қағаздарды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстар;
4) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттік облигацияларымен жүргізілген операциялардан түскен табыстар;
5) бiртұтас құбыр жүйесi бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тасымалданатын шикi мұнай сату құнының сапасы бойынша түзетуге байланысты төлемдер;
6) сатып алушы-резиденттер борыштық бағалы қағаздар бойынша оларды сатып алу кезiнде резидент еместерге төлеген жинақталған (есептелген) сыйақылар сомасы;
7) Осы Кодекстiң 198-бабына сәйкес резидент еместiң шартты банк салымдары бойынша сыйақылары;
8) халықаралық қаржы лизинг шарттары бойынша қаржы лизингіне негізгі қаражатты беруден түскен табыстар;
9) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, осы Кодекстiң 178-бабының 2) тармақшасында көрсетiлмеген жұмыстарды орындаудан, қызметтердi көрсетуден түскен табыстар жатпайды.
4. Резидент еместiң өз табыстарын үшiншi тұлғалардың және (немесе) басқа мемлекеттердегi өз бөлiмшелерiнiң пайдасына жұмсауына қарамастан, резидент еместiң табыстарына төлем көзiнен салық салынады.
4-1. Резидент еместермен жасалған келісім-шарттарда Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) алуан түрлерi орындалуын көздейтiн ережелер болған жағдайда осы бапта белгiленген төлем көздерiнен табыс салығын есептеу және ұстау тәртібі жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) әрбiр түрiне бөлек қолданылады. Бiртұтас өндiрiстiк-технологиялық цикл шеңберiнде резидент емес орындаған жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) әрбiр кезеңi резидент еместер табыстарынан төлем көзi табыс салығын есептеу мен ұстау мақсатындағы жұмыстардың (көрсетiлетiн қызметтердiң) жекелеген түрi ретiнде қарастырылады.
Бұл ретте жоғарыда аталған келісім-шарттар бойынша резидент емес табыстарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде жұмыстарды (көрсетiлетiн қызметтердi) орындаудан алынған табыстарға негiзделiп бөлiнуге тиiс.
Осы тармақтың ережелерiн қолдану мақсатында резидент емес Қазақстан Республикасында жұмыстарды (көрсетiлетiн қызметтердi) атқарудан алынған табыстарға және одан тыс жерлерде атқарылған жұмыстардан (көрсетiлетiн қызметтерден) алынған табыстарға резидент емес табысының жалпы сомасы негiзделiп бөлiнгенiн растайтын есеп құжаттамасының көшiрмесiн көрсетiлетiн қызметтердi алушыға табыс етуге мiндеттi.
Осы баптың ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салынуға тиiстi резидент емес табысының сомасы төмендеуiне алып келетiн резидент еместiң табысы негiзсiз бөлiнген жағдайда Қазақстан Республикасында, сондай-ақ одан тыс жерлерде атқарылған жұмыстардан, көрсетiлетiн қызметтерден жоғарыда аталған келісім-шарттар бойынша алынған резидент емес табысының жиынтық сомасына салық салынуға тиiс.
5. Осы Кодекстiң 178-бабының 8) тармақшасында белгiленген борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстаудың тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
6. Мемлекеттік бюджетке төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу бойынша мiндет пен жауапкершiлiк табыстарды төлеушi тұлғаға (соның iшiнде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес) жүктеледi. Осындай тұлға осы Кодекстiң 10-бабы 1-тармағына сәйкес салық агентi болып танылады.
Егер резидент еместiң қызмет кезеңi тұрақты мекеме құру үшiн белгiленген мерзiмнен асып кетсе, ол Қазақстан Республикасында қызмет атқара бастаған кезден бастап салық агентi болып танылады.
6-1. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстар төлеудің көзі осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті болып табылады.
7. Төлем көзiнен табыс салығы табыс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан ұсталады.
180-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығының ставкалары
Резидент еместердің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеге байланысты емес көздерден алатын табыстарының төлем көзiне мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиiс:
1) дивидендтер, қатысу үлесiнен түскен табыстар және сыйақылар | 15 процент |
2) тәуекелдердi сақтандыру шарттары бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары | 10 процент |
3) тәуекелдердi қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары | 5 процент |
4) халықаралық тасымалдарда көлiк қызметтерiн көрсетуден түскен табыстар | 5 процент |
5) осы баптың 1)-4) тармақшаларында аталған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген табыстар | 20 процент |
181-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығын төлеу тәртібі мен мерзiмдерi
Резидент емес заңды тұлғаның табыстарынан ұсталатын төлем көзiнен табыс салығы мемлекеттік бюджетке:
1) табыстың төленген сомасы бойынша - төлем төленген ай аяқталғаннан кейiнгi бес жұмыс күнi iшiнде;
2) есептелген, бiрақ шегерiмге жатқызылған кезде төленбеген табыс сомасы бойынша - корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде төленуге тиiс.
Өтеу мерзiмдерi осы тармақшада белгiленген мерзiм аяқталған соң туындайтын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға осы тармақшаның ережелерi қолданылмайды.
182-бап. Салық есептілігiн табыс ету
Салық агенттерi төлем көзiнен табыс салығын ұстап қалу жөнiнде мiндеттеме туындаған есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, тiркелген жерi бойынша салық органдарына төлем көзiнен алынған табыс салығы жөнiнде тоқсан сайын есеп-қисапты табыс етуге мiндеттi.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 183-бап өзгертілді
183-бап. Бағалы қағаздарды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарға салынатын салықты есептеу мен төлеу ерекшелiктерi
1. Қор биржасының өткізілетін күнгі "А" және "В" ресми тiзiміндегі акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды және агенттiк облигацияларды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарды қоспағанда, резидент еместiң резиденттер шығарған бағалы қағаздарды өткізу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставка бойынша салық салынуға тиiс.
2. Корпорациялық табыс салығын резидент емес заңды тұлға өз бетiмен есептеп шығарады және салық осы Кодекстің 127-бабының 4-тармағымен белгіленген мерзімде эмитент тiркелген жерi бойынша салық органына корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны мiндеттi түрде табыс ете отырып, төленуге тиiс.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес салық салуға жатпайтын кірістерді қоспағанда, резидент емес заңды тұлғаға бағалы қағаздарды сатудан түскен кірістер төлейтін тұлға эмитент тіркелген жер бойынша салық органын төлем сомасы туралы кіріс төленген кезден бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
29-тарау. Қазақстан Республикасында тұрақты
мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын
резидент емес заңды тұлғалардың
табыстарына салық салу тәртібі
184-бап. Қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау ерекшелiктерi
1. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның салық салынатын табысын анықтау, корпорациялық табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі осы баптың және осы Кодекстің 79-135-баптарының ережелерiне сәйкес жүргiзіледi.
2. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына тұрақты мекеменiң қызметiне байланысты табыстардың барлық түрлерi жатады.
3. Егер резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметiне ұқсас немесе сондай қызметтi Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын болса, осындай қызметтен түскен табыстар тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен түсетiн табыстарға жатады.
4. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатқызылмайтын шығыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын қызметтен табыстар алуға тiкелей байланысты шығыстар Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде жасалғанына қарамастан шегерiмге жатады.
5. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
1) осы резидент емес заңды тұлғаның меншiгiн немесе санаткерлiк меншiгiн пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергенi үшiн төленетiн роялти, қаламақылар, алымдар және басқа да төлемдер;
2) қызмет көрсеткенi үшiн алынатын комиссиялық табыстар;
3) осы резидент емес заңды тұлға берген заемдар бойынша сыйақылар;
4) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметiнен табыстар алуымен байланысты емес шығыстар;
5) құжатпен расталмаған шығыстар;
6) резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде шеккен басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстары ретiнде ұсынылған соманы тұрақты мекемеден шегерiмге жатқызуға құқығы жоқ.
185-бап. Резидент емес заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен таза табысына салық салу тәртібі
1. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен алынған таза табысына 15 проценттiк ставка бойынша салық салынады.
Есептелген корпорациялық табыс салығының сомасы алып тасталған салық салынатын табыс таза табыс деп танылады.
2. Таза табысқа есептелген салық сомасы корпорациялық табыс салығы жөніндегі декларацияда көрсетiледi.
3. Резидент емес заңды тұлға тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен түскен таза табысына корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде салық төлеуге мiндеттi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 186-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
186-бап. Резидент емес заңды тұлғаның табыстарына жекелеген жағдайларда салық салу тәртібi
1. Салық органында тiркемеген резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырған қызметiнен алатын табыстарына төлем көзінен жиырма проценттік ставка бойынша шегерім жасалмай табыс салығы салынуға тиіс.
Бұл ретте салық агентінің төлем көзінен ұстаған табыс салығы тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент еместің салық міндеттемелерін өтеу шотының eceбiнe жатқызылуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес салық төлеуші куәлігiнің нотариат куәландырған көшiрмесi резидент емес заңды тұлғаның салық органында тiркелуiн растау болып табылады.