«Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешендi шешу жөнiндегі
2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 қыркүйектегі № 927 Қаулысы
(2006.24.05. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешендi шешу жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама) бекітілсiн.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар Бағдарламада көзделген iс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсiн және жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 20 қаңтардан және 20 шiлдеден кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне олардың iске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 1 ақпаннан және 1 тамыздан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын.
4. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкiмдерiне әзiрленетiн өңiрлiк бағдарламаларда "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңы қолданылатын аумақтарды дамыту жөніндегі кешендi шараларды және тетiктердi көздеу ұсынылсын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А.С.Есімовке жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 927 қаулысымен
бекітілген
БҰРЫНҒЫ СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ
ПРОБЛЕМАЛАРЫН КЕШЕНДI ШЕШУ ЖӨНІНДЕГІ
2005-2007 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАЗМҰНЫ
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кiрiспе
3. Проблеманың қазiргi жай-күйiн талдау
§ 1. Жалпы сипаттамасы
§ 2. Халық денсаулығының жай-күйі
§ 3. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы радиациялық ахуал
§ 4. Әлеуметтiк инфрақұрылым объектілерiнiң жай-күйі
§ 5. Өңiр халқын әлеуметтiк қорғау
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгі бағыттары мен тетігі
§ 1. Халықты медициналық оңалту және өңірде ауруға
шалдығу деңгейiн азайту
§ 2. Радиациялық және ядролық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету және Семей өңiрi үшiн жарылыстардан кейiнгі құбылыстардың ауқымын бағалау
§ 3. Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту және халықты
әлеуметтік қорғау
§ 4. Ғылыми-техникалық әлеуеттi әртараптандыру
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi
7. Бағдарламаны іске асырудан күтiлетін нәтижелер
8. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын
кешендi шешу жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған
бағдарламаны iске асыру жөнiндегі iс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы Әзiрлеу үшiн негiздеме Негiзгі әзірлеуші Мақсаты Мiндеттерi Қаржыландыру көздерi Бағдарламаны iске асырудан күтiлетін нәтижелер радиациялық ахуалды жақсартуға жәрдем | Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешендi шешу жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама "Қазақстан Республикасыныңәлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 31 тамыздағы № 917 қаулысы; "Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының және Арал өңiрiнiң проблемаларын кешендi шешу бойынша ұсыныстар әзiрлеу жөніндегi ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнің 2003 жылғы 22 тамыздағы № 182-ө өкімінiң 2-тармағы; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2004 жылғы 8 маусымдағы № 20-58/Ұжым-792,1 тапсырмасы; Семей өңiрiнiң проблемалары жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2002 жылғы 14 мамырдағы хаттамалық шешiмi; Қазақстан Республикасының Yкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның 2003 жылғы 13 наурыздағы № 24-2/005-528-1 хаттамалық шешiмi; Бұрын КСРО әскери ведомстволарының мүддесiне пайдаланылған бұрынғы әскери сынақ полигондарының жерлерін оңалту және пайдалану бойынша ұсыныстар әзiрлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 2004 жылғы 20 ақпандағы хаттамалық шешiмi; Өңірлік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2005 жылғы 18 мамырдағы № 11-9/005-920 хаттамалық шешiмi. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі; Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Өңiр халқының тұрмыс-тiршiлiгінің сапалық деңгейiне әсер ететiн экологиялық, экономикалық және медициналық-әлеуметтiк факторларды жақсарту Халықты медициналық оңалту және өңiрдегі ауруға шалдығу деңгейiн азайту; радиоактивтік зақымдануға ұшыраған аумақтарды радиологиялық бағалау және халықтың қауiпсіздiгін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау; әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту; бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының ғылыми-техникалық әлеуетiн әртараптандыру Бағдарламаны iске асыру 4945,2 млн. теңге, оның iшiнде 2005 жылы 1634,3 млн. теңге, 2006 жылы 2517,97 млн. теңге, 2007 жылы 792,9 млн. теңге мөлшерiнде республикалық бюджет қаражатынан қаржыландыруды талап етедi Бағдарламаны iске асыру және онда көзделген барлық шараларды қабылдау өңiрдегі ауруға шалдығу деңгейiн азайтуға, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының жекелеген учаскелеріндегі |
Iске асыру | 2005-2007 жылдармерзiмi |
2. Кiрiспе
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешендi шешу жөнiндегі 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама мүдделі мемлекеттік органдардың, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары әкiмдiктерiнің және "Бұрынғы Семей ядролық полигонының және Арал өңiрiнiң проблемаларын кешендi шешу бойынша ұсыныстар әзiрлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 тамыздағы № 182-ө өкімімен құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары негiзiнде әзiрлендi.
Республиканың экологиялық қауiпсіздiгi проблемасы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының (бұдан әрі - ССП) аумағындағы радиациялық ахуалмен тiкелей байланысты.
Қазiргi уақытта радиоактивтiк зақымдануға ұшыраған аумақтардың шекаралары аяғына дейiн анықталмаған және бекiтілмеген.
ССП маңындағы аумақтарда халықтың ауруға шалдығуының жоғары екендiгi байқалады.
Ядролық сынақ жүргiзу инфрақұрылымын жою жөнiндегі жұмыстардың, халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберiнде зерттеулердің орындалуы барысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 1999 жылғы 12 наурыздағы № 235 қаулысымен бекiтілген "Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту" атты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны iске асыру кезiнде алынған нәтижелер өңiрдiң радиоэкологиясының проблемаларымен қатар тұтастай бірқатар жаңа проблемаларды анықтады. Бұл проблемалар, ең алдымен ядролық әрi радиациялық қауіпті объектілердiң қауiпсіздiк және таратпау режимi мәселелерiмен байланысты.
ССП аумағында шаруашылық қызмет реттелмеген. Жеке және заңды тұлғалардың санкцияланбаған қызметі және осыған байланысты радиоактивтіліктiң қайталама көшу мүмкіндігі пайда болуы байқалуда.
ССП проблемаларын шешу қажеттігiн халықаралық қоғамдастық мойындады. БҰҰ Бас Ассамблеясы жағдайдың маңыздылығын мойындап, өңiрге көмек көрсету мәселесi бойынша үш резолюция қабылдады:
1997 жылғы 19 желтоқсандағы N A/RES/52/169/M "Қазақстанның Семей өңiрiнiң халқы мен экологиясын оңалту және оны экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен қызметтi үйлестіру";
1998 жылғы 19 қарашадағы N A/RES/53/1H "Қазақстандағы Семей өңiрi халқының денсаулығы мен табиғи ортасын оңалту және экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен қызметті үйлестiру";
2000 жылғы 27 қарашадағы N A/RES/55/44 "Қазақстанның Семей өңiрiнiң халқы мен экологиясын оңалту және оны экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және жұмысты үйлестіру".
Халықаралық көмектiң жекелеген мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалар шеңберiнде қабылданып жатқан шараларына қарамастан, өңiрдiң проблемаларын шешу жөніндегі тұтас ұстаным жоқ.
Экология су ресурстарының жай-күйін, халық денсаулығын зерделеу жөніндегі жүйелi жұмыс жоқ.
Бұрын жүргізілген зерттеулер мәнi бойынша фрагменттік сипатта болады. Осының барлығы бар проблемаларды кешендi шешудi көздейтiн бірыңғай бағдарламалық құжат әзiрлеуге қажеттілік туғызды, бұл өңiрдiң жүйелiк мониторингін жүргізуге және алынған нәтижелер негiзiнде барабар басқару шешiмдер қабылдауға мүмкіндiк бередi.
3. Проблеманың қазiргi жай-күйiн талдау
§ 1. Жалпы сипаттамасы
Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның үш: Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қиылысында орналасқан және жалпы 18 мың шаршы км. алаңды қамтиды. ССП жұмыс iстеген уақытта (1949-1989 жылдар) оның аумағында 466 ядролық сынақ, оның ішiнде: 30 жер үсті, 88 әуе және 348 жер асты ядролық жарылыстары жүргiзiлдi, бұл ретте 13 жарылыс радиоактивтi газдың атмосфераға шығарылуына алып келдi. Сарапшылардың түрлі бағалаулары бойынша шамамен 1,2 миллион тұрғын радиациялық сәулеленудің әсерiне ұшырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы № 409 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.
"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған аумақтар белгiлендi. Оларға бұрынғы Семей облысының аумақтары, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан, Зайсан, Зырян, Тарбағатай аудандары, Өскемен, Риддер қалалары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Таврия, Самар, Серебрянск аудандарының шекарасы шегіндегі елдi мекендер, Павлодар облысының Баянауыл, Май, Лебяжi аудандары, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, осы облыстың бұрынғы Егіндiбұлақ ауданының елдi мекендерін қоса алғанда (бұдан әрі - Семей өңiрi) жатқызылды.
Көрсетiлген аумақтарды жіктеген кезде бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Сарыжал ауылдық кеңесiнiң, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелi ауылдық кеңестерінің, бұрынғы Жаңасемей ауданындағы Сарыапан және Иса елдi мекендерінің шекарасы шегіндегі елдi мекендер төтенше радиациялық қауiптi аймаққа жатқызылды.
Ең жоғары радиациялық қауiптi аймаққа бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандарының елдi мекендері, сондай-ақ бұрынғы Абыралы және Жаңасемей аудандарының, Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар және Малдар ауылдық кеңестерiнiң шекаралары шегіндегі елдi мекендер жатқызылды.
Полигонды жапқаннан кейiн басталған ядролық сынақтардың салдарларын жою жөнiндегі жұмыс ядролық қаруды сынау инфрақұрылымын жоюды, әскери-өнеркәсіп кешенiнiң объектілерiн конверсиялауды, табиғи ортаның радиоактивтi ластануының ауқымы мен дәрежесiн объективтi бағалауды, сондай-ақ ядролық сынақ салдарларының халық денсаулығына әсер етуiн болдырмайтын шараларды әзiрлеудi және iске асыруды қамтиды.
§ 2. Халық денсаулығының жай-күйі
ССП-ға жататын аумақтарда тұратын халықтың мақсатты бағытталған медициналық сауықтыру бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында 1949-1990 жылдары сынаулар салдарынан зардап шеккен халықты медициналық оңалту бағдарламасы Қазақстан республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 17 наурыздағы № 336 қаулысымен бекітілгеннен кейiн басталды.
Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты жүргiзетiн ғылыми зерттеулер радиациялық ахуал мен сәулелену дозаларының өлшемдерi туралы деректер алуға, сынақ салдарынан халықтың денсаулығын бағалауға мүмкiндiк бердi.
Республикалық бюджет қаражаты есебiнен радиациялық медицина және экология ҒЗИ 2003 жылы 45 млн. теңге сомасында Семей өңiрiнiң 1300 тұрғынына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетті. Ұлы Отан соғысы мүгедектерiнiң республикалық госпиталі 127 млн. теңге сомасына ядролық сынақтар салдарынан 3000-ға жуық зардап шеккендерге жоғары біліктi медициналық көмек көрсетті.
Семей өңiрiнің халқына медициналық қызмет көрсетудi жақсарту жөніндегі мәселелерді шешуге халықаралық ұйымдар да көмек көрсетуде.
Жапония Үкiметі медициналық жабдықтар жеткізудi және бірқатар онкологиялық ауруларды алдын ала диагностикалаудың жаңа технологияларын енгізудi қорытындылайтын жобаны iске асырды. Осы жобаны техникалық қолдау арқасында 2002-2003 жылдар iшiнде Шығыс Қазақстан облысының Абай және Бесқарағай аудандарында тұратын тұрғындарға тексеру жүргізiлдi.
2001 жылдан бастап Қазақстан халқы үшін радиациялық және химиялық ластанудың генетикалық салдарларын бағалау жөніндегі ТАСИС жобасы iске асырылуда.
Сонымен бірге, жоғарыда көрсетілген "Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында сынақтар салдарынан зардап шеккен халықты медициналық оңалту бағдарламасымен" көзделген iс-шаралар олардың тиiмдiлігіне әсер ететiн шектелген сипатқа бар.
2002-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы халықтың ауруға шалдығуы осы уақыт кезеңіндегі республикалық көрсеткiштерден 1,25 есе артты. Осылайша 2002 және 2003 жылдары ауруға шалдығу өңiр бойынша 100 мың халыққа шаққанда көрсетілген жылдары тиiсiнше 57517,8 және 56413,9 республикалық көрсеткiштерге қарағанда тиiсiнше 71825,7 және 69638,0 құрады.
Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында балалардың ауруға шалдығуы 2002-2003 жылдары республикалық көрсеткiштерден 1,21-1,25 есеге артты және 100 мың балаға шаққанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша - 107584,5 және 120479,2, Қарағанды облысы бойынша - 90235,1 және 103846,5, Павлодар облысы бойынша - 86602,2 және 103440,2, көрсетiлген жылдарда республикалық көрсеткіштерге қарағанда тиiсiнше 78315,2 және 87619,3 құрады.
Өңiр халқының Республика бойынша онкологиялық ауруға шалдығуы ең жоғары және 2002-2003 жылдары 100 мың тұрғынға шаққанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша - 1143,6 және 1121,0, Қарағанды облысы бойынша - 688,7 және 635,2, Павлодар облысы бойынша - 476,8 және 506,2 құрады, көрсетілген жылдардағы республикалық көрсеткiштерге қарағанда тиiсiнше 523,0 және 519,2 құрады.
Осы облыстарда жалпы өлiм жоғары болып қалуда және 100 мың тұрғынға шаққанда 2002-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1229,8 және 1276,4 (оның ішінде онкологиялық ауруға шалдығу - тиiсiнше 185,7 және 190,0), Қарағанды облысы бойынша - 1237,1 және 1299,3 (158,9 және 152,8), Павлодар облысы бойынша - 1095,4 және 1152,7 (154,4 және 162,5) құрады.
Бұл ретте, республика бойынша 2002-2003 жылдары өлiм көрсеткішi 100 мың тұрғынға шаққанда тиiсiнше 1005,3 және 1041,5, оның iшiнде онкологиялық аурулардан - 128,7 және 126,6 құрады.
Осыған байланысты ССП-ға жатқызылған аумақтарда тұратын халық денсаулығының жай-күйіне кешендi талдауды дайындаудың және оны сауықтыру бойынша қосымша шараларды iске асырудың қажеттілігі пайда болады.
§ 3. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының
аумағындағы радиациялық ахуал
1993 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Континентаралық баллистикалық зымырандарды шахталық iске қосу қондырғыларын жоюға, авариялық жағдайлардың зардаптарын жоюға және ядролық қарудың таралуын болдырмауға қатысты келісімдi орындау үшін ядролық сынақтарды өткізу инфрақұрылымын жою жөніндегi жұмыстар орындалды.
Жер асты сынақтарын өткізуге арналған объектілер - Дегелең тау алқабының 181 штольнясы, 13 пайдаланылмаған ұңғыма және Балапан алаңындағы 12 шахталық iске қосу қондырғысы ядролық қаруды сынау үшін оларды қолдануға мүмкіндік бермейтiн жағдайға келтiрілген (порталдарды жабу, объектілердi жою).
Ресей Федерациясы ?кіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң арасындағы 1997 жылғы 28 наурыздағы келісімге сәйкес ССП-ның "сезiмтал" ақпарат тасығыштары объектілерiн және кейбір сынақ алаңдарында орналасқан қару-жарақ қызметiнiң қалдықтарын консервациялау жөнiндегі жұмыстардың бір бөлiгi орындалды.
2004 жылы республикалық бюджет қаражаты есебiнен бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының шекарасын нақтылау және келiсу жөніндегі жұмыстар басталды.
Сонымен қатар 1990 жылдардың басынан берi МАГАТЭ-ны қоса алғанда, бірқатар халықаралық ұйымдар, полигонға және оның маңындағы аумақтарға бағалау жүргiздi, бірақ осы күнге дейiн олардың жан-жақты радиологиялық бағалауы өткiзілген жоқ.
Полигонның шекаралары соңына дейiн анықталмаған және бекiтілмеген.
ССП-ның барлық аумағының алаңымен салыстырғанда зерттелген алаң өте аз.
Қазiргі уақытта алаңдық зерттеуде - 25 %, жергілікті (локальдi) зерттеуде 90 % дұрыстығымен полигон аумағының 40 % жуығы зерттелген.
Шектелген қаржыландыруға байланысты алаңдық зерттеулер шағын ауқымды кесте бойынша жүргiзiледi. Жоғары радиациялық учаскелер аясы табылғанда iрi ауқымды кесте бойынша жергiлiктi зерттеу жүзеге асырылады.
Соңғы жылдары ССП аумағында жүргізiлген радиоэкологиялық зерттеулер нәтижелерi ядролық материалдармен ластануды қоса алғанда едәуiр радиоактивтi ластану учаскелерiн анықтады. Бірiншi кезекте бұл ластанулар сынақ алаңдарымен және ядролық жарылыс бұлттарының iздерiмен байланысты.
ССП-ның маңызды проблемасы кейiннен өз кезегiнде су көздерін ластауға әкеліп соғуы мүмкiн топырақтың радионуклидтермен ластануы болып табылады.
Бұрын радиациялық жағынан (ССП солтүстiк және батыс бөлiктерi) қолайлы болып саналған аумақтарда әскери радиоактивтi заттарды сынақтан өткізу орны ретінде сәйкестендiрілген учаскелер табылды. Зымыран отынының құрамдастарымен ластанған орындар бар. Көлемi аз жергiлiктi сипатта және мамандардың пiкiрi бойынша санкцияланбаған қызметтiң нәтижелерiне байланысты елеулi радиоактивтi ластанған учаскелер анықталуда. Әдетте бұл қара және түсті металдар сынықтарын iздеу.
Бұдан басқа ССП аумағында Қазақстанда бар төрт ядролық зерттеу реакторларының үшеуі осы аумақта орналасқан. Олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының екі эксперименттік кешенiнде (алаңдарында) орналасқан, оның біреуiнде республикалық маңызы бар иондаушы сәулеленудің пайдаланылған ампулды көздерiн ұзақ мерзiмдi сақтау пунктi де орналасқан.
Қазiргi уақытта "Байкал" кешенiнде орналасқан қойма Қазақстан Республикасының барлық аумағынан иондаушы сәулеленудiң 20 мыңнан астам ампулдық көздерін қамтиды. Осы жерде тоқтатылған БН-350 реакторынан шығарылатын пайдаланылған ядролық отынды да орналастыру жоспарлануда.
Мұның бәрi бұрын ядролық қару сынауды жүргізу инфрақұрылымына кiрген және оларды жою жұмыстарын жүргізу барысында жойылған (консервацияланған) объектілердiң де полигонның тұтастай аумағында қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесiн өзекті ете түседi.
Бұрынғы полигонның қауiпсіздiгi проблемасы бұрынғы полигон аумағында санкцияланбаған қызмет жүргізумен тікелей байланысты және осының салдарынан радиоактивтіліктің қайталама көшу мүмкіндігі пайда болады.
Мұндай қызметтi анықтау және оның жолын кесу мақсатында "Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында патруль жасайтын ұтқыр топтардан тұратын Шаруашылық қызметiнiң мониторингі қызметi құрылады.
Алайда, жеке тұлғалар тарапынан қара және түсті металдар сынығын айырып алу мақсатында бұрын жабылған штольняларға кіру әрекеттерiн толық болдырмау әлі қамтамасыз етілмей келедi. 2002 жылдың соңындағы жағдай бойынша жабылған 181 штольняның 109-на кіру әрекеттерi болған. Бұл ретте, ядролық қару-жарақ қызметiнiң қалдықтарын айырып алу мақсатында штольняға кіру мүмкiндiктерi жоқ деуге болмайды.
ССП аумағында шаруашылық қызмет жүргізу Қазақстан Республикасының Жер Кодексiмен, "Атом энергиясын пайдалану туралы", "Халықтың радиациялық қауіпсіздiгi туралы", "Лицензиялау туралы", "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының заңдарымен "Атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметте лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1998 жылғы 12 ақпандағы № 100 қаулысымен регламенттеледi.
ССП-да жұмыстар жүргiзген кезде радиациялық қауiпсіздiктi қамтамасыз етуге мемлекеттік қадағалау функциялары ССП-дағы шаруашылық қызметтiң кез келген түрiмен атом энергиясын пайдалануға байланысты қызмет ретiнде лицензиялауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Атом энергетикасы комитетiне жүктелген.
Алайда, қазiргi уақытта ССП аумағында өз қызметін атқаратын 17 заңды тұлғадан, тек 3 кәсiпорында Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитетiнiң лицензиясы бар. Мұның негiзгi себебi бұрынғы полигон шекарасының абсолюттi ашықтығы болып табылады.
Мұның барлығы ядролық және радиациялық қауiптi объектiлердiң қауiпсіздігiн қамтамасыз етудің тұрақты мониторингін ұйымдастыру қажеттілігін туындатады.
Ядролық сынақтар, жоғарыда аталған проблемалардан басқа радиофобия проблемасын да тудырды. Осыған байланысты жұртшылықты ССП-да болып жатқан құбылыстардың мәнi туралы кеңiнен ақпараттандыруды ұйымдастыру қажеттілігi туындайды. Бұдан басқа, ССП аумағында шаруашылық қызметтi жүргізуді регламенттейтiн проблемаларды және нормативтік құқықтық базаны бiлу заңды және жеке тұлғалардың радиациялық және экологиялық қауiпсіздiк талаптарын сақтауына жәрдем етедi.
§ 4. Әлеуметтiк инфрақұрылым объектілерiнiң жай-күйі
Соңғы жылдары ССП маңындағы аумақтардың әлеуметтiк инфрақұрылымын дамыту жөнiнде бірқатар шаралар қабылданды.
2000-2003 жылдар аралығында ССП өңiрiнде республикалық және жергілікті бюджеттер есебiнен жалпы құны 991,7 млн. теңгеге 9 мектеп, 2 мектеп жанындағы интернат, спорт кешенi және 5 ауыз сумен жабдықтау объектiсi тұрғызылды.
Ауылдық жерде ауруларды скринингтеу бойынша іс-шаралар өткізу үшін Семей қаласындағы радиациялық медицина және экология ҒЗИ жанынан консультативтiк-диагностикалық емхана ашылды.
Қатерлі, әсiресе сүт безi рагіне ауруларына шалдыққан науқастардың көбеюiне байланысты Семей қаласында онкологиялық диспансер жанынан 2003 жылы маммологиялық орталығы салынды.
2004 жылы осы аумақта республикалық қаражат есебiнен екi мектептiң, үш денсаулық сақтау объектісінiң құрылысы, оның iшiнде Семей қаласында радиологиялық орталықтың құрылысы басталды. Бұл мақсаттарға республикалық бюджетте 649,2 млн. теңге көзделген.
Облыстағы ірі емдеу орталығы болып табылатын Шығыс-Қазақстан облыстық халықты оңалту орталығы - Семей мемлекеттік медициналық академиясының клиникалық оқу орталығы жұмыс iстейдi. Оның Қазақстандағы басқа орталықтармен, сондай-ақ АҚШ және Жапониямен диагностика мәселесi бойынша әріптестік қатынастары бар. Орталық көмекші бөлiмшелермен және тәжiрибелi кадрлармен жергілікті көлемде қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, өңiрде сәулемен емдеу әдістерін, онкологиялық науқастарды сәулемен емдеудiң бірлескен әдiстерiн, диагностикалаудың, дозиметриялаудың радиоизотоптық әдiстерiн бірлесіп жүргiзу үшін қазiргi заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандырылған мамандандырылған медициналық ұйымдар жеткіліксіз екендiгi аталып өтіледi.
Қолданыстағы денсаулық сақтау объектілерi негiзiнен қазiргi санитарлық талаптарға сай емес лайықталған үй-жайларда орналасқан және қажеттi жабдықтармен жеткiлiктi жарақтандырылмаған.
ССП маңындағы аумақтарда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты проблема тұр.
Шығыс-Қазақстан облысында халық орташа 70,2% құбыр суымен, 27,8% - орталықсыздандырылған көздердiң суымен, 0,5% - тасымалдау суымен, 1,5% - ашық су тоғандарының суымен қамтамасыз етілуде, ал ауылдық жерлерде 2004 жылдың бірiншi жарты жылындағы мәлiметтер бойынша халықтың тек 19,4 % ғана құбыр суын пайдаланады.