76-бап. Сенім серiктестiгiнiң тоқтатылуы
1. Сенім серiктестiгi оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серiктестер сенім серiктестiгiн таратудың орнына оны толық серіктестік етiп қайта құруға құқылы. Сенім серiктестiгi толық серіктестіктi тарату үшiн көзделген негiздер бойынша да таратылады.
2. Салымшылар сенім серiктестiгi таратылған кезде оның несие берушiлерiнiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiнгi қалған серіктестік мүлкiнен салымдарды алуға толық серiктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенім серiктестiгiнiң бұдан кейiнгi қалған мүлкi толық серiктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе олардың серіктестік мүлкiне қосқан үлесiне қарай бөлiнедi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I ; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 16.07.99 ж. № 436-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 77-бап өзгертiлдi
77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік туралы негiзгi ережелер
1. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серіктестік жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серіктестікке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серіктестіктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актілерінде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбір қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестікке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң жалғыз қатысушы ретiнде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік өзге де шаруашылық серіктестік акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
5.алынып тасталды
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 78-бап өзгертiлдi
78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң жарғылық капиталы
1. Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң құрылтайшылары (қатысушылары) белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
2. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1 Заңдарымен 79-бап өзгертiлдi
79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктегi басқару
1. Серіктестік органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серіктестік атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртібі осы Кодекске, заң актілеріне және серіктестік жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серіктестіктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) серіктестіктiң атқарушы органын құру және оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктi немесе оның мүлкiн сенімгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылдау және осындай беру шарттарын белгiлеу;
3) серіктестіктiң қаржылық есебiн бекіту және оның таза табысын бөлу;
4) серіктестіктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серіктестіктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестік тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекіту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серіктестіктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды бекіту;
7) серіктестіктiң өзге де шаруашылық серіктестіктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бірлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серіктестіктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 80-бап өзгертiлдi
80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң қатысушысы серіктестіктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бір бөлiгiн өз қалауынша осы серіктестіктiң бір немесе бірнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2. Егер серіктестіктiң құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серіктестікке қатысушының өз үлесiн (оның бір бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестікке қатысушылар үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бір бөлiгiн сатып алуға артықшылық берiлген құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серіктестік қатысушыларының келісімiмен өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бір бөлiгiн) сатып алуға артықшылық берiлген құқықты қатысушылар серіктестіктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлес (оның бір бөлiгi) сатып алуға артықшылық берiлген құқық бұзыла отырып сатылған кезде жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бір бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серіктестіктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серіктестік қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бір бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серіктестіктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серіктестіктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серіктестіктiң қалған қатысушыларының келісімiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң жарғылық капиталындағы үлес серіктестіктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келісім беруден бас тарту серіктестіктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серіктестіктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актілерінде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 22.04.98 ж. № 221-1 Заңына сәйкес 81-бап жаңа редакцияда
81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік қатысушыларының қосымша жарналары
Егер жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серіктестік мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгізуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серіктестіктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiң қатысушысы заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серіктестік алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн серіктестіктiң қатысушымен келісімiнде белгiленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келісімге қол жетпеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестiң бағасын сот белгiлейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 83-бап өзгертiлдi
83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серіктестіктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серіктестікке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксіз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
5. Қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестік
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 22.04.98 ж. № 221-1 Заңдарымен 84-бап өзгертiлдi
84-бап. Қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестік туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серіктестік мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксіз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серіктестік қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестік деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бірi банкрот болған жағдайда оның серіктестік мiндеттемелерi жөніндегі жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестікке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік туралы ережелерi қолданылады.
III. Акционерлік қоғам
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 13.10.03 ж. № 486-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 85-бап өзгертiлдi
85-бап. Акционерлік қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады. Акционерлік қоғамның акционерлерi осы заң актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлерi аталған қорлардың мiндеттемелерi бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ортақтасып жауап бередi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бір акционер сатып алған жағдайда акционерлік қоғам бір адамнан құрылуы немесе бір адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлік қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 86-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 87-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
87-бап. Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары
1. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарында осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады.
2. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттік тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады.
3. Акционерлік қоғамның жарғысын бекіту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 88-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
88-бап. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының мөлшерi және оны қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ оны ұлғайту мен азайту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 89-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 90-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 91-бап өзгертiлдi
91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру
1. Акционерлік қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актілерінде белгiленедi.
Акционерлік қоғамның тек атаулы акциялар шығаруға құқығы бар.
2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес айқындалады.
3. Акционерлік қоғам мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген, үшiншi тұлғалардың кепiлдiктерiмен қамтамасыз етiлген облигациялар, қамтамасыз етiлмеген облигациялар шығаруға құқылы. Акционерлік қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртібі бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртібі акционерлік қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiмен заң актілерінде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi
5. Акционерлік қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:
1) өз капиталының терiс мөлшерi кезiнде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшерi дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде терiс болса;
2) егер ол Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңдарына сәйкес төлем қабiлетсіздiгi немесе дәрменсіздiк белгiлерiне сәйкес келсе не аталған белгiлер қоғамда дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде пайда болса дивидендтер төлеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заң актілерімен акционерлік қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.
6. Акционерлік қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 92-бап өзгертiлдi
92-бап. Акционерлік қоғамды басқару
1. Акционерлік қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актілерімен белгiленедi.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлік қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.
4. Акционерлік қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлік қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген жағдайларда, бір акционерi бар акционерлік қоғамда қоғамның жарғысымен директорлар кеңесiн құрмай-ақ акционерлік қоғамды басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
5. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлік қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлік қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады.
6. Акционерлік қоғамда заң актілеріне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
7. Акционерлік қоғам органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртібі осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
8. алынып тасталды
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 93-бап өзгертілді
93-бап. Акционерлік қоғамды қайта құру және тарату
1. Акционерлік қоғам акционерлер жиналысының шешiмi бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Акционерлік қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртібі осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Акционерлік қоғам шаруашылық серiктестiгi немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
IV. Еншiлес және тәуелдi акционерлік қоғам
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 94-бап өзгертiлдi
94-бап. Еншiлес ұйым
1. Жарғылық капиталының басым бөлiгiн басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негiзгi ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешiмдерiн айқындай алатын заңды тұлға еншiлес ұйым болып табылады.
2. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.
Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқығы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бірге субсидиарлық жауапты болады.
Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.
3. Егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
4. Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 95-бап өзгертiлдi
95-бап. Тәуелдi акционерлік қоғам
1. Егер акционерлік қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады.
2. Басымырақ (қатысушы) заңды тұлға тәуелдi акционерлік қоғам акцияларының тиiстi бөлiгiн сатып алғаны туралы мәлiметтi заң құжаттарында көзделген тәртiп бойынша дереу жариялауға мiндеттi.
3. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғамдардың бір-бірiнiң жарғылық капиталдарында өзара қатысуы әрбір жарғылық капиталдың жиырма бес процентiнен аспауға тиiс. Бір-бірiнiң жарғылық капиталына өзара қатысатын акционерлік қоғамдар басқа қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында жиырма бес проценттен артық дауысты пайдалана алмайды.
4. Бір-бірiнiң жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлік қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалады.
V. Өндiрiстiк кооператив
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 96-бап өзгертiлдi
96-бап. Өндiрiстiк кооператив туралы жалпы ережелер
1. Азаматтардың бірлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бірiктiруiне негiзделген ерiктi бірлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.
2. Кооператив мүшелерi екеуден кем болмауға тиiс.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелерi кооператив мiндеттемелерi бойынша Өндiрiстiк кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң және оның мүшелерiнiң құқықтық жағдайы осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 97-бап өзгертiлдi
97-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысы
Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа кооператив мүшелерi жарнасының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна қосу тәртібі және олардың жарналарды енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооператив қызметiне оның мүшелерiнiң еңбекпен қатысу сипаты мен тәртібі және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтiң таза табысын бөлу тәртібі туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бірауыздан немесе біліктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөніндегі шешiмдер қабылдау тәртібі туралы ережелер болуға тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 98-бап өзгертiлдi
98-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң мүлкi
1. Өндiрiстiк кооперативтiң меншiгіндегі мүлiк, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң пайларына олардың жарналарына барабар бөлiнедi.
2. Кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнедi.
3. Өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 99-бап өзгертiлдi
99-бап. Өндiрiстiк кооперативтi басқару
1. Өндiрiстiк кооперативтi басқарудың жоғары органы оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
Өндiрiстiк кооперативте кооперативтiң атқарушы органдарының қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын қадағалау кеңесi құрылуы мүмкiн. Қадағалау кеңесi мүшелерiнiң өндiрiстiк кооператив атынан әрекет жасауға құқығы жоқ.
Басқарма және (немесе) оның төрағасы кооперативтiң атқарушы органдары болып табылады. Олар кооператив қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және қадағалау кеңесi мен кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Тек кооператив мүшелерi ғана қадағалау кеңесi мен өндiрiстiк кооператив басқармасының мүшесi бола алады. Кооператив мүшесi бір мезгiлде қадағалау кеңесiнiң мүшесi және басқарма мүшесi бола алмайды.
2. Өндiрiстiк кооперативтi басқару органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және кооператив атынан әрекет жасау тәртібі заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының ерекше құзыретiне мыналар жатады:
1) кооператив жарғысын өзгерту;
2) атқарушы, тексерушi органдарды және қадағалау кеңесiн құру мен олардың мүшелерiн керi шақырып алу;
3) кооператив мүшелерiн қабылдау және шығару;
4) кооперативтiң қаржы есебiн бекіту және оның таза табысын бөлу;
5) кооперативтi қайта құру мен таратуды шешу.
Жалпы жиналыстың ерекше құзыретiне заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында басқа мәселелердi шешудi де жатқызуы мүмкiн.
Жалпы жиналыстың немесе кооперативтiң қадағалау кеңесiнiң ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi олар кооперативтiң атқарушы органдарының шешуiне бере алмайды.
4. Жалпы жиналыс шешiмдер қабылдаған кезде кооператив мүшесiнiң бір даусы болады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 100-бап өзгертiлдi
100-бап. Өндiрiстiк кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы
1. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен өз қалауымен шығуға құқылы. Бұл ретте оған оның жарнасы төленуге немесе берiлуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа төлемдер төлеу жүзеге асырылуға тиiс.
Кооперативтен шығатын мүшеге жарна мен басқа мүлiк есептi кезең аяқталып, кооперативтiң қаржы есебi бекітілгеннен кейiн берiледi.
2. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өзiне кооператив жарғысында жүктелген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, сондай-ақ заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да реттерде жалпы жиналыстың шешiмi бойынша кооперативтен шығарылуы мүмкiн.