Аталған шаралар оңалту рәсiмi шеңберiнде iске асырылады, оны жүзеге асырудың тәртібі мен мерзiмi банкроттық туралы заңдармен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 29.06.98 ж. № 238 55-бап Заңдарымен өзгертiлдi
55-бап. Конкурстық iстi қозғау салдары
1. Конкурстық iс қозғалған кезден бастап:
1) шамасы жоқ борышқордың мүлiктi иелiктен шығаруына (иелiктен шығаруға несие берушiлердiң жиналысы рұқсат еткен кезден басқа жағдайда), біреуге беруiне және мiндеттемелердi өтеуiне тыйым салынады;
2) шамасы жоқ борышқордың барлық борыштылық мiндеттемелерiнiң мерзiмi өткен деп саналады.
3) шамасы жоқ борышқор берешектерiнiң барлық түрлерi бойынша айыпақы мен сыйақыны (мүдденi) есептеу тоқтатылады;
4) шамасы жоқ борышқор мүлкiнен ақы өндiрiп алуға заңдармен қойылған шектеулердiң бәрi алынып тасталады;
5) егер шамасы жоқ борышқор қатысатын мүлiктiк сипаттағы сотта қаралып жатқан даулар туралы шешiм заңды күшiне енбеген болса, олар тоқтатылады.
2. Осы кезден бастап мүлiктiк сипаттағы барлық талаптар борышқорға тек конкурстық iстi жүргiзу шеңберiнде ғана қойылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 11.07.01 ж. № 239 Заңдарымен 56-бап өзгертiлдi
56-бап. Дәрменсіз борышқорды борышқордан босату
1. Мүлiктi сатқаннан кейiн және сатудан түскен ақшаны несие берушiлердiң арасында бөлгеннен кейiн дәрменсіз борышқор қалған мiндеттемелер мен орындауға ұсынылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде есепке алынған өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
2. Дәрменсіз борышқор, егер өзiнiң мүлкiнiң бір бөлiгiн тарату iс басталғанға дейiнгi екі жыл iшiнде жасырса немесе жасыру мақсатымен басқа адамға берiп жiберсе, бухгалтерлiк кiтаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажеттi есеп-қисап ақпаратын жасырса немесе қолдан жасаса мiндеттемелерiн орындаудан босатылмайды.
57-бап. Банкрот болған заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуы
1. Заңды тұлғаны соттың банкрот деп тануы оның таратылуына әкелiп соқтырады.
2. Банкрот кәсiпорын мемлекеттік тiркеу регистрiнен шығарылған кезден бастап оның қызметi тоқтатылды деп есептеледi.
II. Шаруашылық серіктестік
1. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi
58-бап. Шаруашылық серіктестік туралы негiзгi ережелер
1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серіктестік өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серіктестікке тиесiлi болады.
Шаруашылық серіктестіктi бір адам құруы мүмкiн, ол оның бірден-бір қатысушысы болады.
2. Шаруашылық серіктестіктер толық серіктестік, сенім серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серіктестік, қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестік нысандарында құрылуы мүмкiн.
3. Азаматтар ғана толық серіктестіктiң қатысушылары және сенім серiктестiгіндегі толық серiктер бола алады.
4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серіктестіктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бір адам (бір қатысушы) құрған шаруашылық серіктестіктiң құрылтай құжаты болып табылады.
5. Шаруашылық серіктестіктiң құрылтай құжаттарын (жарғы және құрылтай шартын) нотариат куәландыруға тиiс.
6. Шаруашылық серіктестіктiң құрылтай құжаттарында осы Кодекстiң 41-бабының 4 және 5-тармақтарында аталған мәлiметтерге қоса әрбір қатысушының үлес мөлшерi туралы; серіктестіктiң жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi және тәртібі туралы; серіктестіктiң жарғылық капиталына салым салу жөніндегі мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
7. алынып тасталды
8. Шаруашылық серіктестік, заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, басқа шаруашылық серіктестіктердiң құрылтайшысы болуы мүмкiн.
9. Акционерлер саны жүз және одан да көп акционерлік қоғам шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнен үзiндi көшiрме қатысушылар саны жүз және одан да көп акционерлік қоғамнан қайта құрылған шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына үлес құқығын растайтын құжат болып табылады. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың тiзiлiмiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленедi.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 59-бапқа өзгерістер енгiзiлдi
59-бап. Шаруашылық серіктестіктiң жарғылық капиталына салым салу. Шаруашылық серіктестіктiң жарғылық капиталындағы және мүлкіндегі қатысушының үлесi
1. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүлiктiк құқық, санаткерлiк қызмет нәтижесi құқығын қоса алғанда және өзге де мүлiк шаруашылық серіктестіктiң жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүлiктiк құқықтар түрiнде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келісімi бойынша немесе серіктестіктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын тәуелсіз сарапшы растауға тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiн қайта тiркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серіктестіктiң бухгалтерлiк құжаттарымен не аудиторлық қорытындымен расталуы мүмкiн.
Серіктестіктiң құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берiлген кезден бастап бес жыл бойы серіктестіктiң несие берушiлерi алдында салым бағасы арттырылған сома шегiнде бірлесiп жауап бередi.
Серіктестікке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлетiн жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтай құжаттарында көрсетiлген барлық мерзiмге есептелген осы мүлiктi пайдалану төлемiмен анықталады.
Салымдарды мүлiктiк емес жеке құқық және өзге де материалдық емес игiлiк түрiнде, сондай-ақ қатысушылардың серіктестікке қойған талаптарын есептеу жолымен енгізуге жол берiлмейдi.
2. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестерi және тиiсiнше олардың шаруашылық серiктестiгi мүлкiнiң құнындағы үлестерi (мүлiктегi үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.
Шаруашылық серіктестікке қатысушы серіктестік мүлкіндегі өз үлесiн, егер заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, салып қоюға және сатуға құқылы.
3. Жарғылық капиталға салым салудың тәртібі мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөніндегі мiндеттердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк заң құжаттарында және (немесе) құрылтай құжаттарында белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Олар бұл жағдайда серіктестіктiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе тиiстi мiндеттемелерiн орындауын және оның зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Осы тармақта белгiленген тәртiптi бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен серіктестіктi таратуға негiз болып табылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221 Заңдарымен 60-бап өзгертiлдi
60-бап. Шаруашылық серіктестіктi басқару
1. Шаруашылық серіктестіктiң жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы (өкiлдер жиналысы) болып табылады.
Бір тұлға құрған шаруашылық серіктестіктерде жалпы жиналыстың өкiлеттiгi оның бірден бір қатысушысына тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серіктестікте оның қызметiне күнделiктi басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына (өкiлдiк жиналысына) есеп берiп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн.
Серіктестіктiң алқалы органдары ретiнде:
1) басқарма (дирекция);
2) байқаушы кеңес;
3) заң актілерінде немесе шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының жалпы жиналысының (өкiлдерi жиналысының) шешiмiнде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкiн.
3. Шаруашылық серіктестіктiң органдарының құзыретi, оларды сайлау (тағайындау) тәртібі, сондай-ақ олардың шешiмдер қабылдау тәртібі осы Кодекске, заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
4. Шаруашылық серiктестiгi қаржы есептерiнiң дұрыстығын тексеру және растату үшiн серіктестікпен немесе оның қатысушыларымен мүлiктiк мүдделер жөнiнен байланысы жоқ кәсiпқой аудиторды тарта алады (сыртқы аудит).
Шаруашылық серiктестiгiн аудиторлық тексеру серіктестік бір немесе бірнеше қатысушысының талап етуi бойынша соның (солардың) есебiнен кез келген уақытта жүргiзiлуге тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiнiң қызметiне аудиторлық тексерудi жүргiзу тәртібі заңдармен және серіктестіктiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 61-бап өзгертiлдi
61-бап. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың:
1) құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен шаруашылық серіктестіктiң iстерiн басқаруға қатысуға;
2) шаруашылық серіктестіктiң қызметi туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен оның құжаттамаларымен танысуға;
3) таза табысты бөлiсуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бір немесе бірнеше қатысушыны пайданы бөлiсуге қатысудан шеттетудi көздейтiн ережелерi жарамсыз болып табылады;
4) шаруашылық серіктестік таратылған жағдайда несие берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған серіктестік мүлкіндегі өздерiнiң үлесiне сәйкес мүлiктiң бір бөлiгiн немесе оның құнын алуға;
5) алынып тасталды
2. Шаруашылық серіктестікке қатысушылар:
1) құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;
2) салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп, мөлшер, әдiстер және мерзiмдер бойынша салып отыруға;
3) шаруашылық серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Шаруашылық серіктестіктiң құрылтайшылары құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 16.07.99 ж. № 436-I Заңдарымен 62-бапқа өзгерістер енгізілді
62-бап. Шаруашылық серіктестіктердi қайта құру
1. Шаруашылық серіктестіктер заң құжаттарында белгiленген реттер мен тәртiп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмiмен шаруашылық серіктестіктiң бір түрiнен екiншi түрi не акционерлік қоғамдар немесе өндiрiстiк кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкiн.
2. Толық серіктестік немесе сенім серiктестiгi акционерлік қоғам, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестік болып қайта құрылған жағдайда акционерлік қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестіктiң қатысушысы болған әрбір толық серiктес толық серіктестіктен немесе сенім серiктестiгiнен акционерлік қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серіктестікке көшкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларды (үлестердi) иелiктен шығаруы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды.
2. Толық серіктестік
63-бап. Толық серіктестік туралы негiзгi ережелер
1. Толық серіктестіктiң мүлкi жеткiлiксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады.
2. Азамат бір ғана толық серіктестіктiң қатысушысы бола алады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi
64-бап. Толық серіктестіктiң жарғылық капиталы
1. Толық серіктестіктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары белгiлейдi, бірақ ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
2. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 65-бап өзгертiлдi
65-бап. Толық серіктестіктiң iсiн жүргiзу
1. Толық серіктестіктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серіктестіктiң iшкi мәселелерi жөнiнде шешiм барлық қатысушылардың жалпы келісімi бойынша қабылданады. Серіктестіктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, толық серіктестіктiң әрбір қатысушысының бір даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн.
2. Толық серіктестіктi осы баптың 1-тармағының ережелерiн ескере отырып басқаруды толық серіктестіктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртібі және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi.
3. Толық серіктестікке қатысушының қалған қатысушылардың келісімiнсіз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серіктестік қызметi мәнiмен біртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серіктестік өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серіктестікке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серіктестікке беруiн талап етуге құқылы.
4. Серіктестіктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серіктестіктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi.
5. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушыны, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серіктестік құны жөнiнен серіктестік шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серіктестіктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
66-бап. Толық серіктестікке қатысушы үлесiнiң үлесiнiң бір бөлiгiнiң) ауысуы
1. Толық серіктестікке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бір бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімiмен ғана беруiне болады.
2. Үлес (үлестiң бір бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бірге толық серіктестіктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады.
3. Толық серіктестіктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серіктестікке кiре алады.
4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серіктестік алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серіктестіктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серіктестік қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.
5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серіктестікке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серіктестік бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серіктестік мүлкіндегі үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi.
Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серіктестік мүлкiнiң мөлшерi азайтылады, бірақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Қатысушының толық серіктестіктен шығуы
1. Толық серіктестіктiң қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заң құжаттарында немесе құрылтай шартында көзделген мерзiмнен кешiктiрмей ескерте отырып, серіктестіктен кез-келген уақытта шыға алады.
2. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серіктестік сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серіктестік мүлкіндегі үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серіктестіктiң келiсуiмен салымды толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серіктестікте болған кезеңiнде серіктестіктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлi бір бөлiгi де төленедi.
Серіктестікке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады.
68-бап. Қатысушыны толық серіктестіктен шығару
1. Толық серіктестікке қатысушылар қалатын қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешiмi бойынша және оған дәлелдi себептер болған жағдайда, атап айтқанда оның (олардың) өз мiндеттерiн дөрекi бұзуы немесе iс жүргiзу қабiлетсіздiгi байқалған жағдайда қатысушылардың біреуiн немесе бірнешеуiн серіктестіктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы.
2. Толық серіктестіктен шығарылған қатысушыға осы Кодекстiң 67-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша мүлiктiң бір бөлiгiнiң құны төленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 69-бап өзгертiлдi
69-бап. Қатысушының толық серіктестіктегi үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауы
1. Қатысушының толық серіктестіктiң жеке борыштары бойынша өз үлесiн өндiрiп алуға өтiнiш жасауына борыштарды өтеу үшiн оның басқа мүлiктерi жеткiлiксіз болған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай қатысушының несие берушiлерi толық серіктестіктен серіктестік мүлкiнен ақы өндiрiп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесiне сәйкес мүлiктiң бір бөлiгiн бөлiп берудi талап етуге құқылы. Серіктестік мүлкiн бөлiп берiлуге жататын бөлiгi немесе оның құны несие берушiлердiң бөлiп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады.
2. Қатысушының толық серіктестік мүлкіндегі үлесiнен ақы өндiрiп алу оның серіктестікке қатысуын тоқтатады және осы Кодекстiң 70 және 71-баптарында көзделген салдарға әкелiп соқтырады.
70-бап. Қатысушылардың толық серіктестіктiң борыштары бойынша жауапкершiлiгi
1. Егер толық серіктестік таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшiн нақтылы мүлкi жетпейтiн болса, серіктестік үшiн жетiспейтiн бөлiгi жөнiнен оған қатысушылар ортақ жауапкершiлiктi өздерiнiң заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алынатын барлық мүлкiмен өз мойнына алады. Толық серіктестіктiң қатысушысы серіктестіктiң борышы бойынша егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оған өз кiргеннен кейiн немесе кiргенге дейiн пайда болғанына қарамастан жауап бередi.
2. Серіктестік мүлкіндегі өз үлесiнен астам бөлiгіндегі толық серіктестіктiң борыштарын өтеген қатысушы өзiнiң алдында серіктестік мүлкіндегі өз үлесiнiң мөлшерiне тең үлестiк жауапкершiлiктi мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиiстi бөлiгiнде керi талап қоюға құқылы.
3. Толық серіктестіктен өз қалауымен шыққан немесе серіктестіктен соттың шешiмi бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке кiруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серіктестіктен өздерi шыққан кезге дейiн пайда болған серіктестік мiндеттемелерi бойынша серіктестіктiң өздерi серіктестіктен шыққан жыл iшіндегі серіктестік қызметi туралы есеп бекітілген күннен бастап екi жыл бойы жауап бередi.
4. Өз үлесiн бір қатысушыға немесе үшiншi жаққа беру арқылы, серіктестік мүлкіндегі өз үлесiнен несие берушi (несие берушiлер) ақы өндiрiп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагерi) серіктестік мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
5. Толық серіктестік тоқтатылғаннан кейiн қатысушылар серіктестік тоқтатылған күннен бастап екi жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейiн пайда болған серіктестік мiндеттемелерi бойынша жауапты болады.
6. Толық серіктестіктiң осы бапта көзделген мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жауапкершiлiк тәртібін өзгертетiн қатысушылардың келісімi жарамсыз болып табылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 71-бап өзгертiлдi
71-бап. Толық серіктестіктi тарату
1. Толық серіктестік осы Кодекстiң 49-бабында аталған негiздерден басқа серіктестікте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай iшiнде серіктестіктi қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.
2. Толық серіктестікке қатысушылардың қайсы біреуi шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бірi хабар-ошарсыз кеттi, әрекет қабiлеттiгi жоқ немесе әрекет қабiлеттiгi шектеулi, не банкрот деп танылған немесе несие берушi бір қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесiне сәйкес келетiн мүлкiнен ақы өндiрiп алған реттерде, егер ол серіктестіктiң құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келiсетiн болса, серіктестік өз қызметiн жалғастыра бередi.
3. Егер қатысушылардың бірi осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша серіктестіктен шығып кетсе, серіктестіктiң жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейедi.
3. Сенім (коммандиттiк) серiктестiгi
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 72-бап өзгертiлдi
72-бап. Сенім серiктестiгi туралы ережелер
1. Серіктестіктiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң бүкiл мүлкiмен (толық серiктерiмен) қосымша жауап беретiн бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктiң (салымшылардың) мүлкiне өздерi салған салымдардың жиынтығымен шектелетiн бір немесе одан көп қатысушыларды да енгiзетiн және серіктестіктiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серiктестiгi деп танылады.
2. Сенім серiктестiгiне қатысатын толық серiктердiң құқықтық ережесi және олардың серіктестік мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi толық серіктестіктiң қатысушылары туралы ережемен белгiленедi.
3. Азамат тек бір ғана сенім серiктестiгiнiң толық серiктесi бола алады.
Сенім серiктестiгіндегі толық серiктес толық серіктестіктiң қатысушысы бола алмайды.
4. Сенім серiктестiгiне осы Кодекстiң сенім серіктестіктерi туралы ережелерiне қайшы келмейтiндiктен, осы Кодекстiң толық серіктестік туралы ережелерi қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 ; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi
73-бап. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы
1. Сенім серiктестiгiнiң салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдiс пен тәртiп бойынша салуға мiндеттi.
2. Сенім серiктестiгi салымшысының:
1) серіктестік таза табысының жарғылық капиталдағы өзiне тиесiлi үлесiн құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша алуға;
2) серіктестіктiң қаржылық есеппен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкiндiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
3) жарғылық капиталдағы өз үлесiн немесе оның бір бөлiгiн заң құжаттарында және серіктестіктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша басқа салымшыға немесе үшiншi жаққа беруге құқығы бар. Салымшының өз үлесiн басқа біреуге түгелдей беруi оның серіктестікке қатысуын тоқтатады;
4) заң актілерінде және құрылтай құжаттарында көзделген тәртiппен серіктестіктен шығуға.
3. Егер салымшы сенім серiктестiгiнiң мүдделерiн көздеп тиiстi өкiлеттiксіз мәмiле жасаса, оның әрекеттерiн серіктестік мақұлдаған жағдайда мәмiле бойынша ол несие берушiлердiң алдында толық көлемiнде жауап бередi. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшiншi жақтың алдында заңдар бойынша өзiнiң ақы өндiрiп алынатын бүкiл мүлкiмен жеке жауап бередi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 74-бап өзгертiлдi
74-бап. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы
1. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдiсiнде жарғылық қор өзгертiлуi мүмкiн. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серiктестердiң сенім серiктестiгi мүлкіндегі үлесiн белгiлейдi.
2. Жарғылық капиталдың мөлшерiн сенім серiктестiгiнiң толық серiктестерi белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
3. Сенім серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Несие берушiлер бұл ретте тиiстi мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздерi шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгiленген тәртiптi бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен сенім серiктестiгiн таратуға негiз болады.
75-бап. Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқару
Сенім серiктестiгiнiң iсiн басқаруды толық серiктестер жүзеге асырады. Сенім серiктестiгiнiң iсiн оның толық серiктестерiнiң басқару және жүргiзу тәртібін олар толық серіктестік туралы ережелер бойынша белгiлейдi. Салымшылардың сенім серiктестiгi iсiн басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серiктестiгi салымшыларының серіктестік iсiн басқару жөнiнде толық серiктестердiң әрекеттерiне дау жасауға құқығы жоқ.