4. Егер кепiлге салынған нәрсенiң бүлiнуi салдарынан ол өзiнiң тiкелей мақсатында пайдаланыла алмайтындай болып өзгерiп кетсе, кепiл берушi одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқылы.
5. Шартта кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуы немесе зақымдануы арқылы келтiрiлген өзге де шығындарды өтеуi көзделуi мүмкiн.
6. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышқор болып табылатын кепiл берушi кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген шығындарды өтеу туралы талапты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындауға қоса есептеуге құқылы.
314-бап. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру және қалпына келтiру
1. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыруға, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепiл ұстаушының келісімiмен жол берiледi.
2. Егер кепiлге салынатын нәрсе жойылса немесе бүлiнсе не оған меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер бойынша тоқтатылса, кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ақылға қонымды мерзiмде қалпына келтiруге немесе оны басқа бір сондай мүлiкпен алмастыруға құқылы.
315-бап. Кепiлге салынған нәрсенi пайдалану және оған билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен өзгеше туындамаса, кепiл берушi кепiл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның iшiнде одан жемiстер мен табыстар табуға құқылы.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен туындамаса, кепiл берушi кепiл ұстаушының келісімiмен кепiлге салынған нәрсенi меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару иелiгiнен айыруға, оны басқа жаққа жалға немесе тегiн пайдалануға беруге не өзге түрде оған билiк етуге құқылы.
Кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi өсиет етiп қалдыру құқығын шектейтiн келісімi жарамсыз болады.
3. Кепiл ұстаушы өзiне кепiлге берiлген нәрсенi шартта көзделген реттерде ғана кепiл берушiге оны пайдалану туралы үнемi есеп бере отырып пайдалануға құқылы. Шарт бойынша кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң негiзгi мiндеттеменi өтеу мақсаттарында немесе кепiл берушiнiң мүдделерi үшiн жемiстер мен табыстар табу мiндетi жүктелуi мүмкiн.
316-бап. Кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсе жөніндегі құқықтарын қорғау
1. Кепiлге салынған мүлiк болған немесе болуға тиiс кепiл ұстаушы оны өзгенiң заңсыз иеленуiнен, соның iшiнде кепiл берушiнiң өзiнен де талап етiп алуға құқылы.
2. Шарт ережелерi бойынша кепiл ұстаушыға өзiне кепiлге берiлген нәрсенi пайдалану құқығы берiлген реттерде, ол басқа адамдардан, соның iшiнде кепiл берушiден де өз құқығының қандай да болсын бұзылуы иелiктен айырумен байланысты болмағанымен, оның бұзылуын жоюды талап ете алады.
317-бап. Кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу негiздерi
1. Борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
2. Егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
318-бап. Кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алу тәртібі
1. Кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заң құжаттарында көзделген реттерде кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс күштеу тәртібімен сауда өткізу (аукцион) арқылы өз бетiмен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететiн кепiлге салынған нәрсенi сату жөнiнде кепiл ұстаушы банктiң де осындай құқығы болады.
ҚР 08.11.00 ж. № 96-II Заңымен 319-бап өзгердi
319-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сату
1. Осы Кодекстiң 20-бабына сәйкес кепiлге салынған ақы өндiрiлiп алынған мүлiктi өткізу (сату), егер заң құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе, iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргiзiледi.
2. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату ерекшелiктерi осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер. егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.
3. Кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша сот кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу туралы шешiмiнде оның жария саудаға салынып сатылуын бір жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы. Кейiнге қалдыру осы мүлiктi кепiлге салу арқылы қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiне әсер етпейдi және борышқордың кейiнге қалдырылған уақыт iшiнде несие берушiнiң өскен шығындары мен айып төлеу сомасын өтеуден босатпайды.
4. Кепiл берушi мен кепiл ұстаушыны қоса алғанда, кез келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.
Сауда басталардың алдында сот немесе сенім бiлдiрiлген жақ (осы Кодекстiң 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепiлдiк жарна төлеудi талап етуге құқылы. Кепiлдiк жарналар сауда аяқталғаннан кейiн қайтарылып берiлуге тиiс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепiлдiк жарнасы түпкiлiктi бағаның есебiне есептеледi. Саудада ұтып шыққан, бірақ түпкiлiктi бағаны төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенім бiлдiрiлген жақтың билiгiнде қалады.
5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себептi сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi сот шешiмiмен немесе мүлiктi бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қорытындысы негiзiнде сенім бiлдiрiлген жақ белгiлеген оның ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншiгiне аударуға, не жаңадан сауда белгiлеудi талап етуге құқылы.
6. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткізу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксіз болса, ол заң құжаттарында немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткiлiксіз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.
Егер кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының кепiлмен қамтамасыз етiлген талабы мөлшерiнен асып кетсе, айырмасы кепiл берушiге қайтарылады.
7. Борышқор мен үшiншi жақ болып табылатын кепiл берушi (зат берушi) кепiлге салынған нәрсе сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта одан ақы өндiрiп алуды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтiн келісім жарамсыз болады.
320-бап. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату
1. Кепiлге салынған мүлiк соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сатылған жағдайда сауданы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бұзылған ретте кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiктi өткізуге сенімхаты бар сенім бiлдiрiлген заңды тұлға мен азамат жүргiзедi.
2. Сенім бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:
1) кепiл берушiге мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама жазады және оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркейдi;
2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бірақ мұны кепiл берушiге жiберер кезден бастап екi айдан кейiн, кепiлге салынған мүлiктiң саудасы туралы хабарлама жазады, оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркеп кепiл берушiге тапсырады;
3) сауда туралы хабарландыруды жергiлiктi баспасөзде ресми түрде жариялайды.
321-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындау және кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу
1. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен тыс бұрын орындауды мына жағдайларда:
1) егер кепiл туралы шарттың ережелерiне сәйкестендiрiлмей кепiлге салынған нәрсе қалдырылған кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетсе;
2) кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру туралы ережелердi бұзған (осы Кодекстiң 314-бабы);
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабындағы 2-тармақта көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiл ұстаушы жауап бермейтiн (осы Кодекстiң 313-бабының 2-тармағы) мән-жайлар бойынша кепiлге берiлген нәрсе жоғалған жағдайда талап етуге құқылы.
2. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқылы, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса:
1) кепiл берушi кейiнгi кепiл туралы ережелердi бұзған;
2) кепiл берушi осы Кодекстiң 312-бабындағы 1-тармақтың 1 және 2-тармақшасында және 2-тармақта көзделген мiндеттемелердi орындамаған;
3) кепiл берушi кепiлге салынған мүлiкке билiк ету туралы ережелердi (осы Кодекстiң 315-бабының 2-тармағы) бұзған жағдайда кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алуға құқылы.
322-бап. Кепiлдi тоқтату
1. Кепiл:
1) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер тоқтатылғанда;
2) осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағында көзделген негiздер болған кезде кепiл берушiнiң талабы бойынша;
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабының 2-тармағында көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiлге салынған зат құрыған немесе кепiлге салынған құқық тоқтатылған ретте;
4) кепiлге салынған мүлiктi жария саудаға салып сатқан ретте, сондай-ақ оны сату мүмкiн болмаған ретте (осы Кодекстiң 319-бабы) тоқтатылады.
2. Кепiлдiң тоқтатылғаны туралы кепiл туралы шарт тiркелген реестрде белгi соғылуға тиiс.
3. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердiң орындалуы салдарынан не кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл тоқтатылған кезде (осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағы) кепiл ұстаушы өзiнде кепiлде болған мүлiктi кепiл берушiге дереу қайтаруға мiндеттi.
323-бап. Кепiлге салынған мүлiкке құқық басқа тұлғаға құқықты мирасқорлық тәртібімен көшуi кезiнде кепiлдiң сақталуы
1. Кепiлге салынған мүлiктi ақылы немесе тегiн иелiктен айыру нәтижесiнде не әмбебап құқықты мирасқорлық тәртiп бойынша мүлiкке меншiк құқығы немесе шаруашылық жүргiзу құқығы кепiл берушiден басқа адамға көшкен ретте кепiл құқығы сақталып қалады.
Кепiл берушiнiң құқықты мирасқоры кепiл берушiнiң орнын басады және, егер кепiл ұстаушымен келісімде өзгеше белгiленбесе, кепiл берушiнiң барлық мiндеттерiн атқарады.
2. Егер кепiл берушiге кепiлге салынған нәрсе болып табылатын мүлкi құқықты мирасқорлық тәртібімен бірнеше адамға көшсе, құқықты мирасқорлардың әрқайсысы (мүлiктi иеленушiлер) аталған мүлiктiң өзiне көшкен бөлiгiне кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамағандығы жөніндегі кепiлден туындайтын зардаптарын көтередi. Алайда кепiлге салынған нәрсе бөлiнбейтiн болса немесе өзге негiздер бойынша құқықты мирасқорлардың бірлескен ортақ меншiгiнде қалса, олар ортақ кепiл берушiлерге айналады.
324-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күштеп алу салдары
1. Егер кепiл берушiнiң кепiлге салынатын мүлiкке меншiк құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша мемлекеттік қажеттер үшiн алып қою (сатып алу), реквизициялау немесе ұлт меншiгiне айналдыру салдарынан тоқтатылып, кепiл берушiге басқа мүлiк немесе тиiсiнше өтем берiлсе, кепiл құқығы оның орнына берiлген мүлiкке қолданылады, не тиiсiнше кепiл ұстаушы кепiл берушiге тиесiлi өтем сомасынан өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығына ие болады. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап ете алады (осы Кодекстiң 321-бабының 1-тармағы).
2. Кепiлге салынатын нәрсе болып табылатын мүлiк заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша осы мүлiктiң шын мәніндегі меншiк иесi басқа тұлға болып табылатындығына сүйенiп, не қылмыс iстегенi үшiн немесе өзге де құқық бұзғаны үшiн жазалау түрiнде кепiл берушiден алынған реттерде бұл мүлiктiң кепiлге салынғаны тоқтатылады. Бұл ретте кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 325-бап өзгертілді
325-бап. Кепiл туралы шарт бойынша құқықтарды беру
1. Кепiл ұстаушы кепiл туралы шарт бойынша несие берушiнiң құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып талапқа көну арқылы өз құқықтарын басқа жаққа беруге (осы Кодекстiң 339-347-баптары) құқылы.
2. Кепiл туралы шарт бойынша кепiл ұстаушының өз құқықтарын басқа адамға беруi, егер кепiлмен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорға талап ету құқықтары нақ сол адамға берiлсе, заңды болады.
3. алынып тасталды
326-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышты аудару
Егер кепiл берушi жаңа борышқор үшiн жауап беруге несие берушiге келісім бермесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша кепiл борышты басқа адамға аудару арқылы тоқтатылады.
327-бап. Айналымдағы тауарларды кепiлге салу
1. Тауарлардың жалпы құны кепiл туралы шартта көрсетiлгенiнен кем болмайтын жағдайда оларды кепiл берушiде қалдыру және кепiл берушiге кепiлге салынған мүлiктiң (тауар қоры, шикiзат, материалдар, жартылай фабрикаттар, дайын өнiмдер және т.б.) құрамы мен нақты түрiн өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепiлге салу айналымдағы тауарларды кепiлге салу деп танылады.
Айналымдағы кепiлге салынған тауарлар құнының кемуi, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалған бөлiгiне сәйкес болуына жол берiледi.
2. Кепiл берушi иелiктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепiлге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепiл берушi сатып алған, кепiл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепiл берушiнiң меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы пайда болған кезден бастап кепiлге салынған нәрсеге айналады.
3. Айналымдағы тауарларды кепiлге берушi кепiлдердi жазу кiтабын жүргiзуге мiндеттi, оған тауарларды кепiлге салу шарттары туралы, кепiлге салынған тауарлар құрамының немесе нақты түрiнiң операция жүргiзiлетiн соңғы күнде өзгеруiне әкелiп соқтыратын, соның iшiнде оларды ұқсатуды қамтитын барлық операциялар туралы жазбалар жасалады.
4. Кепiл берушi айналымдағы тауарларды кепiлге салу шарттарын бұзған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған тауарларға өзiнiң белгiлерi мен мөрiн қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейiн олармен операциялар жасауды тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 02.03.01 ж. № 162 Заңдарымен 328-бап өзгертiлдi
328-бап. Ломбардқа зат салу
1. Қысқа мерзiмдi несиелердi қамтамасыз ету үшiн азаматтардан жеке тұтынуға арналған қозғалмалы мүлiктi кепiлге алуды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде мамандандырылған ұйымдар - бұған лицензиясы бар ломбардтар жүзеге асыра алады.
2. Ломбардқа заттарды кепiлге салу туралы шарт ломбард берген кепiлдiк билетпен ресiмделедi.
3. Кепiлге салынатын заттар ломбардқа берiледi. Ломбард кепiл берушiнi кепiл етiп қабылданған заттар есебiнен олардың осындай заттар мен әдетте оларды кепiлге алу кезiнде саудада алынатын сапасына сәйкес белгiленетiн бағаның толық сомасында сақтандыруға мiндеттi.
Ломбардтың кепiлге қойылған заттарды пайдалануға және оларға билiк етуге құқығы жоқ.
4. Егер жоғалу немесе бүлiну дүлей күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, ломбард кепiлге қойылған заттардың жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауапты болады.
5. алынып тасталды
6. Ломбардтардың азаматтарға тиесiлi заттарды кепiлге алу арқылы азаматтарға несие беру ережелерi, сондай-ақ ломбардтарға лицензия беру тәртібі осы Кодекске сәйкес заң құжаттарымен белгiленедi.
7. Заттарды ломбардқа кепiлге салу туралы шарттың, осы Кодексте және тиiстi заң құжатында кепiл берушiге берiлетiн құқықтармен салыстырғанда оның құқықтарын шектейтiн ережелерi шарт жасасқан кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай ережелердiң орнына осы Кодекстiң және заң құжатының тиiстi ережелерi қолданылады.
4. Кепілдік және кепіл болушылық
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңына сәйкес 329-336 баптары жаңа редакцияда
329-бап. Кепiлдiк
1. Кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенедi.
2. Бірлесiп кепiлдiк берген адамдар, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, несие берушi алдында ортақтасып жауап бередi.
3. Кепiлдiк шарты болашақта туындайтын мiндеттеменi қамтамасыз ету үшiн де жасалуы мүмкiн.
330-бап. Кепiл болушылық
Кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 331-бап өзгертілді
331-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың негiзi мен нысаны
1. Кепiл болушылық немесе кепiлдiк шарттарының негiзiнде кепiлдiк және кепiл болушылық пайда болады. Кепiлдiктi қолдану заңмен белгiленуi мүмкiн.
2. Кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартының жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
3. Егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы борышқордың мiндеттеменi орындауын өз жауапкершiлiгiне алатынын несие берушiге жазбаша түрде хабарласа, ал несие берушi кепiлдiк берушiнiң немесе кепiл болушының ұсыныстарынан бұл үшiн жеткiлiктi болатын қажеттi уақыт iшiнде бас тартпаса, кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттарының жазбаша нысаны сақталған деп есептеледi.
4. Екiншi деңгейдегi банктер банктiк кепiлдiктермен кепiлгерлiктердi осы Кодекске сәйкес, уәкiлеттi мемлекеттік органның лицензиясы негiзiнде берудi жүзеге асыра алады.
332-бап. Кепiлдiк берушiнiң және кепiл болушының жауапкершiлiгi
1. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгiленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсіздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкершiлiктен босатылмайды.
2. Кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөніндегі сот шығындарын және борышқордың мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушiнiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi.
3. Кепiл болушы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепiл болушылықта көрсетiлген сома шегiнде жауапты болады. Қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс.
333-бап. Кепiлдiк берушiнiң өзiне несие берушi талаптар қойған жағдайдағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Кепiлдiк берушi, несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырғанға дейiн бұл туралы борышқорға ескертуге, ал егер кепiлдiк берушiге қуыным жасалса, борышқорды iске қатыстыруға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда борышқор өзiнiң несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын кепiлдiк берушiнiң қайтарып қойған талабына қарсы қоюға құқылы.
2. Кепiлдiк берушi, егер кепiлдiк шартынан өзгеше туындамаса, несие берушiнiң талабына қарсы борышқор қоя алатын қарсылықтарды қоюға қақылы. Кепiлдiк берушi бұл қарсылықтарға құқығын тiптi егер борышқор олардан бас тартқан немесе өзiнiң қарызын мойындаған жағдайда да жоғалтпайды.
334-бап. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi мен кепiл болушының құқықтары
1. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушiге несие берушiнiң осы мiндеттеме жөніндегі барлық құқықтары және кепiл ұстаушы ретiнде несие берушiге тиесiлi құқықтар кепiлдiк берушi несие берушiнiң талабын қанағаттандырған көлемде көшедi. Кепiлдiк берушi, сондай-ақ, борышқордан несие берушiге төленген соманың айыпақысын және сыйақысын (мүддесiн) төлеудi және борышқор үшiн жауапкершiлiкке байланысты шеккен өзге де залалдардың орнын толтыруды талап етуге қақылы.
2. Кепiлдiк берушi мiндеттеменi орындағаннан кейiн несие берушi борышқорға қойылған талапты куәландыратын құжаттарды кепiлдiк берушiге тапсыруға және осы талапты қамтамасыз ететiн құқықтарды беруге мiндеттi.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер, егер заңдарда немесе кепiлдiк берушiнiң борышқорымен шартында өзгеше көзделмесе және олардың арасындағы қатынастарда өзгеше туындамайтын болса, қолданылады.
4. Кепiл болушы дәл осындай құқықтарға борышқордың несие берушi алдындағы мiндеттемесiн өзi орындаған бөлiгiнде ие болады.
335-бап. Борышқордың мiндеттеменi орындағаны туралы кепiлдiк берушi мен кепiл болушыға хабарлауы
Кепiлдiктен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған борышқор кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға бұл туралы дереу хабарлауға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда өз кезегiнде мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiден негiзсіз алынғанды өндiрiп алуға, не борышқорға керi талап қоюға қақылы. Соңғы жағдайда борышқор несие берушiден тек негiзсіз алынғанды ғана өндiрiп алуға қақылы.
336-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың тоқтатылуы
1. Кепiлдiк және кепiл болушылық өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменiң тоқтатылуымен бірге, сондай-ақ осы мiндеттеме кепiлдiк берушi мен кепiл болушының жауапкершiлiгiн соңғылардың келісімiнсіз арттыруға немесе өзге де қолайсыз салдарға әкелiп соқтыратындай өзгерген жағдайда, тоқтатылады.
2. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiге жаңа борышқор үшiн жауап беруге келісім бермесе, кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеме жөніндегі борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.
3. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер олар өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменi орындау мерзiмiнiң басталуына қарай борышқор немесе кепiлдiк берушi мен кепiл болушы ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан несие берушi бас тартса тоқтатылады.
4. Кепiлдiк және кепiл болушылық оларға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартында көрсетiлген мерзiм бiткен кезде тоқтатылады. Егер мұндай мерзiм белгiленбесе, егер несие берушi кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындау мерзiмi басталған күннен бастап бір жылдың iшiнде кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға қуыным жасамаса, ол тоқталады. Негiзгi мiндеттеменiң орындалу мерзiмi көрсетiлмеген және белгiлеуге болмайтын немесе талап етуiмен белгiленген кезде, кепiлдiк және кепiл болушылық егер несие берушi кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарты жасалған күннен бастап екi жылдың iшiнде қуыным жасамаса, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кепiлдiк пен кепiл болушылық тоқтатылады.
5. Кепілпұл
337-бап. Кепiлпұл ұғымы. Кепiлпұл туралы келісім нысаны
1. Уағдаласушы тараптардың біреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.
2. Кепiлпұл туралы келісім кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл ереже негiзгi мiндеттеме нотариалдық жолмен куәландырылуға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Келісімнiң жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепiлпұл келісімiн жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.
338-бап. Кепiлпұлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi тоқтатудың және орындамаудың салдары
1. Мiндеттеменiң орындалуы басталғанға дейiн тараптардың келісімi бойынша не олардың кiнәсiнсіз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс.
2. Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың
ауыстырылуы
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 339-бап өзгертілді
339-бап. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысу негiздерi мен тәртібі
1. Мiндеттеме негiзiнде несие берушiге тиесiлi құқықтың (талап етудiң) ол мәмiле (талап етудi беру) бойынша басқа адамға берiлуi; немесе ол құқық заң құжатының негiзiнде басқа адамға ауыстыруы мүмкiн.
Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы жөніндегі ережелер регрестi талаптарға қолданылмайды.
2. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы үшiн, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқордың келісімi талап етiлмейдi.
3. Егер несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысқаны жөнiнде борышқорға жазбаша түрде хабарланбаса, жаңа несие берушi осыдан туындайтын өзiне қолайсыз салдарға тәуекел етедi. Бұл жағдайда бастапқы несие берушiге мiндеттеменi орындағаны тиiстi несие берушiге орындағаны болып табылады.
4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша талап ету құқығын берудiң ерекшелiктерi заң актілерінде белгiленуi мүмкiн.