Коммерциялық емес ұйымдар туралы Қазақстан Республикасының
2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142-II Заңы
(ҚР 24.12.01 ж. № 276-II; 16.05.03 ж. № 416-II; 18.03.04 ж. № 537-II;
11.05.04 ж. № 552-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2005 ж. 8 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 7 баптар)
2-тарау. Коммерциялық емес ұйымдардың (8 - 18 баптар)
ұйымдық-құқықтық нысандары
3-тарау. Коммерциялық емес ұйымды құру, (19 - 31 баптар)
қайта ұйымдастыру және тарату
4-тарау. Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі (32 - 37 баптар)
5-тарау. Коммерциялық емес ұйымды басқару (38 - 39 баптар)
6-тарау. Мемлекет және коммерциялық емес ұйымдар (40 - 43 баптар)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетін мәселелер
Осы Заңмен реттелетiн мәселелер коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Саяси партиялардың, кәсiптiк одақтардың құқықтық жағдайларының, құрылуының, қызметiнiң, қайта ұйымдастырылуының және таратылуының ерекшелiктерi арнайы заңдармен регламенттеледi.
2-бап. Коммерциялық емес ұйым ұғымы
Кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады.
3-бап. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және басқа да заң актілерінен тұрады.
2. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететiн шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (оқшауланған бөлiмшелерiнiң) кез-келген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымының қызметiне қолданылады.
3. Жекелеген коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшелiктер осы Заңмен және өзге де заң актілерімен реттеледi.
4-бап. Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары
Коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, білім беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткізу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушылардың) игiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкiн.
Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары құрылтай құжаттармен айқындалады.
5-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшiн коммерциялық емес ұйымдардың:
1) заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;
2) мемлекеттік және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөртабаны және бланкiлерi, сондай-ақ белгiленген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;
3) меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;
4) мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;
5) егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлғалар құруға;
6) филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;
7) қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;
8) жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға қаражаттарды пайдалануға;
9) сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Коммерциялық емес ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға;
2) белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге;
3) өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен (мекемелердi қоспағанда) жауап беруге;
4) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.
6-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың нысандары
Коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бірлестiк, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативi, қор, дiни бірлестiк, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестiгi нысанында және заң актілерінде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.
7-бап. Коммерциялық емес ұйымның атауы және орналасқан жерi
1. Коммерциялық емес ұйымның атауы оның атын және ұйымдық-құқықтық нысанының көрсетпесiн қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша ақпаратты қамтуы мүмкiн.
Коммерциялық емес ұйымның атауында заңдардың талаптарына немесе қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетiн атауларды; егер (қатысушылардың есiмiмен үйлесiмдi болмаса не егер жеке есiмiн пайдалануға бұл адамдардың (олардың мұрагерлерiнiң) рұқсатын қатысушылар алмаған болса, адамдардың өз аттарын пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Коммерциялық емес ұйымның тұрақты қызмет iстейтiн органы орналасқан жер оның орналасқан жерi деп танылады.
3. Коммерциялық емес ұйымның атауы мен орналасқан жерi оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.
2-тарау. Коммерциялық емес ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысандары
8-бап. Мекеме
1. Құрылтайшысы басқару, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады.
Мекеменiң өзiне бекітілiп берiлген мүлiкке құқығы азаматтық заңдарға сәйкес айқындалады.
2. Меншiк нысанына байланысты мекемелер мемлекеттік және жеке меншiк мекемелер болып бөлiнедi.
3. Мекемелердiң жекелеген түрлерiнiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заң актілерімен реттеледi.
ҚР 11.05.04 ж. № 552-II Заңымен 9-бап өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара)
9-бап. Мемлекеттік мекеме
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес мемлекет құрған немесе егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктерінің нормативтік құқықтық актілерімен құрылған және тек қана мемлекеттік бюджет есебiнен ұсталатын мекеме мемлекеттік мекеме деп танылады.
Мемлекеттік мекеменiң мүлкi оған оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiледi.
2. Мемлекеттік мекеменiң өз мiндеттемелерi бойынша жауаптылығы азаматтық заңдармен реттеледi.
3. Мемлекеттік меншiктi иелену, пайдалану, билiк ету құқығы белгiленген тәртiппен берiлген мекемелердi қоспағанда, мемлекеттік мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
4. Мемлекеттік мекемелер жасасатын азаматтық-құқықтық мәмiлелер Қазақстан Республикасының ?кіметі белгіленген тәртiппен тiркелуге тиiс.
10-бап. Жеке меншiк мекеме
1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрған, мемлекеттік құрылымның бөлiгi болып табылмайтын ұйым жеке меншiк мекеме деп танылады.
2. Жеке меншiк мекеменiң мүлкi оған оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiледi.
3. Жеке меншiк мекеме өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билiгіндегі ақшамен жауап бередi. Ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда мемлекеттік емес мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.
11-бап. Қоғамдық бірлестiк
1. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтардың ерiктi бірiгуi нәтижесiнде құрылған ұйым қоғамдық бірлестiк болып табылады.
2. Қоғамдық бірлестiктер мүшелерiнiң (қатысушыларының) сол бірлестiктерге өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ. Өздерi мүшелерi (қатысушылары) ретiнде қатысатын қоғамдық бірлестiктердiң мiндеттемелерi бойынша олар жауап бермейдi, ал аталған бірлестiктер өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қоғамдық бірлестiктердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi "Қоғамдық бірлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
12-бап. Қор
1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.
2. Қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органы - қордың атқарушы органы тағайындайтын қамқоршылық кеңесi құрылады, ол қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сай келуiне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекітілген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Жұбайлық және жақын туыстық байланысы бар адамдар қордың қамқоршылық кеңесiнiң көпшiлiк мүшесi, сондай-ақ осы қордың штаттағы қызметкерлерi бола алмайды.
3. Қордың атқарушы органы қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органының (қамқоршылық кеңестiң) шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында жұмыс iстейдi және соларға есеп бередi.
Қордың атқарушы органының басшысы мен мүшелерi қордың құрылтай құжаттарын, осы заңды және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерін бұза отырып өздерi қабылдаған шешiмдерiнiң салдарынан келтiрiлген шығынның орнын бірлесе толтыруға мiндеттi. Мұндай шешiм қабылданған кезде қарсы дауыс берген, қалыс қалған немесе отырысқа қатыспаған адамдар шығынның орнын толтыру мiндетiнен босатылады.
4. Қордың некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтерi болуға тиiс. Бір адамның екi қызметтi қатар iстеуiне болмайды. Басшы құрылтай құжаттарының, қорды басқару органының шешiмдерi негiзiнде қордың атынан мәмiлелер жасауға құқылы. Қордың жарғысында өз бетінше әрекет етiп, мәмiлелер жасай алатын басқа уәкiлеттi адамдардың қызмет аясы белгiленуi мүмкiн. Қор басшысының сотта, мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ұйымдарда қордың атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етуге құқығы бар.
5. Қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады.
Қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқығы жоқ және оларды мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жарғыда белгiленген тәртiппен құрылтайшылардың жалпы жиналысы қордан шығаруы мүмкiн.
6. Қор жарғыда белгiленген мерзiмде қаржы қызметiн тексерудi жүзеге асыруға мiндеттi. Тексерудi тексерушi немесе аудитор жүзеге асырады. Тексерушiнi сайлау тәртібі жарғыда белгiленедi; аудиторлар заңдарда белгiленген тәртiппен тартылады.
7. Қор жыл сайын ресми басылымдарда өз мүлкiн пайдалану туралы есептi жариялауға мiндеттi.
13-бап. Қордың түрлерi
1. Құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтiк, қоғамдық, мемлекеттік қорлар құрылуы мүмкiн.
Қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, білім қорлары және өзге де қорлар құрылуы мүмкiн.
2. Бір жеке адамның немесе жеке адамдардың - бір отбасы мүшелерiнiң өзiнiң (өздерiнiң) жеке қаражаттары есебiнен құрған қоры жеке қор деп танылады. Жеке қор, сондай-ақ жеке адамның нотариалды куәландырылған өсиетi бойынша да құрылуы мүмкiн.
Жеке қордың мүлкi жеке тұлғадан (құрылтайшыдан) немесе жеке тұлғалардан - бір отбасы мүшелерiнен (құрылтайшылардан) бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, өсиет бойынша түскен мүлiктен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және жеке қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.
3. Бір заңды тұлғаның немесе бірнеше заңды тұлғалардың - коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардың осы ұйымдардың қаражаттары есебiнен құрған қоры корпоративтiк қор деп танылады.
Корпоративтiк қордың мүлкi бір немесе бірнеше заңды тұлғалардан коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардан (құрылтайшылардан) бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және корпоративтiк қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.
4. Бір отбасының мүшелерi болып табылмайтын жеке адамдардың және (немесе) заңды тұлғалардың - қоғамдық бірлестiктердiң құрған қоры қоғамдық қор деп танылады.
Қоғамдық қордың мүлкi заңды тұлғалардан - қоғамдық бірлестiктер мен жеке тұлғалардан бір жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және қоғамдық қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.
Қоғамдық қордың мүлкi бір отбасы мүшелерiнен - аталған қордың бірден бір қатысушыларынан түсетiн түсiмдер есебiнен құрала алмайды.
5. Мемлекеттік органдардың шешiмiмен құрылған, белгiленген тәртiппен мемлекеттік меншiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы берiлген; қордың мақсаттары мен мiндеттерiн мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асыратын қор мемлекеттік қор деп танылады.
Мемлекеттік қордың мүлкi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетiнiң қаражаты есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және мемлекеттік қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.
6. Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген мiндеттi төлемдер есебiнен құрылған қорлардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және (немесе) таратылуына байланысты туындайтын қатынастар осы Заңмен реттелетiн мәселелер болып табылмайды.
14-бап. Тұтыну кооперативi
1. Мүшелiк негiзде қатысушыларының материалдық және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бірiктiру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бірлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.
Заң актілерінде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар да кiре алады.
2. Селолық тұтыну кооперативтерi тек өз мүшелерiнiң ғана емес, ауылдық жерде тұратын басқа да азаматтардың материалдық және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшін құрылуы мүмкін.
3. Тұтыну кооперативтерiнiң мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша кооператив мүшелерiнiң қосымша жарнасының енгiзiлмеген бөлiгi шегiнде ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.
4. Тұтыну кооперативi алған кiрiстердi оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және олар жарғылық мақсаттарға жұмсалады.
5. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi жинақталып қалған шығынды жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейiн үш ай iшiнде қосымша жарналар арқылы жабуға мiндеттi. Бұл мiндеттеме орындалмаған жағдайда кооператив кредит берушiлердiң талабы бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкiн.
6. Тұтыну кооперативтерiн, соның iшiнде селолық кооперативтердi құқықтық реттеу ерекшелiктерi арнаулы заң актiсiмен реттеледi.
15-бап. Дiни бірлестiк
1. Рухани қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде заң актілерінде белгiленген тәртiппен бірiккен азаматтардың ерiктi бірлестiгi дiни бірлестiк деп танылады.
2. Дiни бірлестiк қатысушыларының (мүшелерiнiң) осы ұйымға өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар дiни бірлестiктiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал дiни бірлестiк өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Дiни бірлестiктiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заңмен реттеледi.
16-бап. Коммерциялық емес акционерлік қоғам
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын, кiрiстерi тек қана осы қоғамды дамытуға пайдаланылатын заңды тұлға коммерциялық емес акционерлік қоғам деп танылады.
2. Коммерциялық емес акционерлік қоғамдардың артықшылықты акциялар, туынды және айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның құрылтай шарты осы шартқа әрбір құрылтайшының немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қол қоюы арқылы жасалады.
4. Коммерциялық емес ұйым ретiнде құрылған қоғамның коммерциялық ұйым болып қайта құрыла алмайтыны сияқты коммерциялық ұйым ретiнде құрылған қоғам да коммерциялық емес ұйым болып қайта құрыла алмайды.
17-бап. Коммерциялық емес ұйымның өзге де
ұйымдық-құқықтық нысаны
1. Коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.
2. Нотариалдық палаталар, адвокаттар алқалары, сауда-өнеркәсiп палаталары, аудиторлар палаталары, меншiк пәтер иелерi кооперативтерi және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрыла алады.
3. Өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заң актілерімен реттеледi.
18-бап. Заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестiгi
1. Коммерциялық ұйымдар өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметтерiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүлiктiк және өзге де мүдделердi бiлдiру және қорғау мақсатында өзара шарт бойынша, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдармен бірлесiп қауымдастықтар (одақтар) нысанында бірлестiктер құра алады.
2. Коммерциялық емес ұйымдар осы ұйымдардың қауымдастықтарына (одақтарына) ерiктi түрде бірiге алады.
3. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi өзiнiң дербестiгiн және заңды тұлға құқықтарын сақтап қалады.
4. Қауымдастық (одақ) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде және тәртiпте субсидиарлық жауаптылықта болады.
5. Қауымдастық (одақ) мүшелерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қаржы жылы аяқталған соң өзiнiң қалауы бойынша қауымдастықтан (одақтан) шығуға құқылы. Бұл жағдайда қауымдастық (одақ) мүшесi өзi қауымдастықтан шыққанға дейiн туындаған мiндеттемелерi бойынша шыққан кезiнен бастап екi жыл бойына оның өзiнiң жарнасына бара-бар субсидиарлық жауаптылықта болады.
Қауымдастық (одақ) мүшесi қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында белгiленген реттерде және тәртiппен қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң шешiмi бойынша одан шығарылуы мүмкiн. Қауымдастықтың (одақтың) шығарылған мүшесiнiң жауапкершiлiгiне қатысты қауымдастықтан (одақтан) шығуға жататын ереже қолданылады.
6. Қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң келісімiмен оған қауымдастықтың жаңа мүшесi кiре алады. Қауымдастыққа (одаққа) жаңа мүшенiң кiруi қауымдастықтың (одақтың) ол кiргенге дейiн туындаған мiндеттемелерi бойынша оның субсидиарлық жауаптылықта байланыстырылуы мүмкiн.
7. Қауымдастықтың (одақтың) атауында "қауымдастық" немесе "одақ" деген сөздердi қоса отырып, осы қауымдастық (одақ) мүшелерi қызметiнiң негiзгi мәнiне көрсетпе болуға тиiс.
3-тарау. Коммерциялық емес ұйымды құру,
қайта ұйымдастыру және тарату
19-бап. Коммерциялық емес ұйымды құру
1. Коммерциялық емес ұйым, оны қалыптастыру арқылы, сондай-ақ бұрын бар коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылуы мүмкін.
2. Коммерциялық емес ұйымды (қоғамдық және дiни бірлестiктердi қоспағанда), оны қалыптастыру арқылы құру құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамдық және дiни бірлестiктер құрылтай жиналысын (съезд, конференция) шақырушы кемiнде он адамнан тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады, онда жарғы қабылданады және оның органдары қалыптастырылады.
3. Заңды тұлға ретiнде коммерциялық емес ұйымның құқық қабiлеттiлiгi ол мемлекеттік тiркелуден өткен кезден бастап туындайды.
Коммерциялық емес ұйымның айналысуға лицензия алу қажет болатын қызмет саласындағы құқық қабiлеттiлiгi осындай лицензияны алған кезден бастап туындайды.
20-бап. Коммерциялық емес ұйымның құрылтайшылары
1. Коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай, егер осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар оның құрылтайшылары бола алады.
2. Коммерциялық емес ұйымды, тұтыну кооперативiн, қауымдастықтарды (одақтарды) құру жағдайларын және коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерi туралы заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, жеке тұлға құруы мүмкiн.
21-бап. Коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттары
1. Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтай құжаттары:
1) мекеме үшiн - меншiк иесi (меншiк иелерi) бекiткен ереже (жарғы) және меншiк иесiнiң (меншiк иелерiнiң) құру туралы шешiмi;
2) қор, тұтыну кооперативi, коммерциялық емес акционерлік қоғам қауымдастық (одақ) нысанындағы, өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалар бірлестiктерi үшiн - құрылтайшылар бекiткен жарғы және құрылтай шарты;
3) қоғамдық бірлестiк, дiни бірлестiк үшiн - жарғы болып табылады.
2. Коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарының талаптары коммерциялық емес ұйымның өзiнiң, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) орындауы үшiн мiндеттi.
3. Коммерциялық емес ұйымның бірiнiң құрылтай шарты мен жарғысы арасында қарама-қайшылықтар болған жағдайда:
1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;
2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынасы үшiн маңызды болса, жарғының талаптары қолданылуға тиiс.
22-бап. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы
1. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы:
1) коммерциялық емес ұйымның атауын, соның iшiнде ұйымдық-құқықтық нысанын, қызметiнiң мәнi мен мақсатын;
2) коммерциялық емес ұйымның орналасқан жерiн;
3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құрылымын, қалыптастыру тәртібін және құзыретiн;
4) коммерциялық емес ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерiн;
5) коммерциялық емес ұйымның мүшелiгiне (егер коммерциялық емес ұйымның мүшелiгi болған жағдайда) қабылдау және одан шығу шарты мен тәртібін;
6) коммерциялық емес ұйымның мүлкiн құрау көздерiн;
7) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін;
8) коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату шартын;
9) коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану тәртібін;
10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтердi көздеуге тиiс.
2. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, өзге де ережелердi көздеуi мүмкiн.
3. Егер коммерциялық емес ұйымды бір тұлға құрған болса, онда оның жарғысында мүлiктердi құрау және кiрiстердi пайдалану тәртібі де белгiленедi.
4. Осы баптың 1-тармағы 4) және 5)-тармақшаларының ережелерi қорларға қолданылмайды. Қордың жарғысында осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, қор органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды қызметiнен босату тәртібі туралы, ол таратылған жағдайда қор мүлкiнiң тағдыры туралы нұсқау болуға тиiс.