2) кеден қоймасы иесінің кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жазбаша өтініш беруімен кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызметі тоқтатылған;
3) кеден қоймасын құруға арналған лицензиясы бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша өзінің қолданылуын тоқтатады.
2. Кеден қоймасын құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім, мұндай тоқтатудың себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
3. Кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызмет тоқтатылған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде кеден қоймасының иесі күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
4. Кеден қоймасының қызметін көрсету жөніндегі қызмет тоқтатылған кезде, кеден қоймасының кедендік режиміне орналастырылған тауарлар лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданғанға дейін осы Кодекстің 12-тарауында белгіленген тәртіпте басқа кеден қоймасына ауыстырылуы мүмкін не осы тауарларға қатысты кеден қоймасы кедендік режимінің қолданылуы лицензияның қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде аяқталуы тиіс.
5. Кеден органы құрған кеден қоймасының алдағы уақытта таратылатыны туралы кеден органы тауарларын сақтауға орналастырған тұлғаларды мұндай таратылуға дейін бір айдан кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
6. Кеден органы құрған кеден қоймасының қызмет көрсету жөніндегі қызметінің тоқтатылуына байланысты тауарларды беру кезінде осы кеден органы тауарларды сақтауға орналастырған тұлғаға нақты сақталған мерзімнің тауарлар сақтауға орналастырылған кезде белгіленген мерзімге қатынасына қарай сақтау үшін төленген кедендік алымдар сомаларының бір бөлігін қайтарып береді.
7. Кеден органы құрған кеден қоймасының қызметтерін көрсету жөніндегі қызметтің тоқтатылуына байланысты тұлғада пайда болған шығыстарды кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтейді.
19-тарау. Бажсыз сауда дүкені
141-бап. Бажсыз сауда дүкенінің кедендік режимін тағайындау
Бажсыз сауда дүкені - тауарлардың кейін Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілуі жағдайында, тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қоспағанда, тауарлар жеке тұлғаларға кедендік баждар, салықтар алынбай және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай сатылатын кедендік режим.
142-бап. Тауарларды бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне орналастырудың талаптары
1. Бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне Қазақстан Республикасына әкелінуге және Қазақстан Республикасынан әкетілуге тыйым салынған, Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық айналымнан алынған тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өзге де тауарларды қоспағанда, кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының аумағында сатылуы шектелген тауарлар бажсыз сауда дүкенінің кедендік режимінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар сақталған жағдайда сатылады.
3. Бажсыз сауда дүкенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын тауарлар бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне орналастыруға жатпайды.
143-бап. Тауарларды бажсыз сауда дүкенінде сату
1. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге кететін жеке тұлғаларға тауарларды бажсыз сауда дүкенінде сату фискалдық жады бар бақылау-касса машиналарын міндетті түрде қолдану арқылы жүзеге асырылады.
2. Бажсыз сауда дүкенінде сатылатын тауарлардың кеден органымен келісілген арнайы таңбасы болуы және сату үшін алдын ала оралуы тиіс.
3. Бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды сату Қазақстан Республикасының кедендік аумағында Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылаумен жүргізіледі.
144-бап. Бажсыз сауда дүкеніне түсетін және сатылатын тауарлар туралы есеп пен есептілік
1. Бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне орналастырылған тауарлар бажсыз сауда дүкені иесінің міндетті есепке алуына жатады.
2. Бажсыз сауда дүкеніне түсетін және сатылатын тауарлардың есебі мен есептілігі нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді. Бұл ретте тауарларды есепке алу міндетті түрде:
1) есеп кітабын;
2) кедендік есеп құжатын жүргізу арқылы жүргізіледі.
Жүктің кедендік декларациясы кедендік есеп құжаты болып табылуы мүмкін.
3. Бажсыз сауда дүкенінің иесі осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп кітабынан өзге, есепке алудың басқа, оның ішінде автоматтандырылған жүйелерін пайдалануға құқылы.
4. Кеден органы бажсыз сауда дүкенінің сауда залдарындағы, қосалқы үй-жайларындағы және қоймасындағы тауарларға түгендеу жүргізуге құқылы.
145-бап. Бажсыз сауда дүкенінің қызметіне қойылатын біліктілік талаптары
1. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған үй-жай мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:
1) ол дүкен иесінің меншігінде болуы не кемінде үш жыл мерзімге жалға алынуы керек;
2) сауда залы жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы жол жүрген кезде әкететін тауарларын кедендік ресімдеуді жүргізу үшін белгіленген орыннан тыс жерде болуы тиіс;
3) өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға сәйкес болуы керек.
2. Бажсыз сауда дүкенінің аумағында сауда операцияларын, сондай-ақ тауарларды сақтауды қамтамасыз ету және тауарларды сатуға әзірлеу (орамасын ашу, ыдысынан босату және басқалары) жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға арналған орындар болуы тиіс.
Осы мақсаттар үшін бажсыз сауда дүкенінің аумағында қоршалған орындар:
1) сауда залы (сауда залдары);
2) бажсыз сауда дүкенінің қоймасы (қоймалары) болуы тиіс.
3. Бажсыз сауда дүкенінің сауда залы және қоймасы тек бажсыз сауда дүкенінің кедендік режимі талаптарына ғана сәйкес пайдаланылуға тиіс. Аталған орындарды өзге мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.
146-бап. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензия
1. Бажсыз сауда дүкені оның иесі кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген лицензияны алғаннан кейін құрылады.
2. Лицензиялауға байланысты және осы тараумен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарымен реттеледі.
147-бап. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияны алу үшін қажетті құжаттар
1. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияны алу үшін мынадай құжаттарды тапсыру қажет:
1) белгіленген нысан бойынша лицензия беру туралы тұлғаның өтініші;
2) тіркеу құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері;
3) тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар берген өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға сәйкестікті растайтын құжаттар;
4) лицензия берілгені үшін алым төлегендігін растайтын құжаттар;
5) тиісті үй-жайларға қатысты меншік немесе иелік ету және пайдалану құқығын растайтын құжаттар;
6) бажсыз сауда дүкені ретінде мәлімделген үй-жайлардың жоспарлары, сызбалары.
2. Өтініште және осы баптың 1-тармағының 5) және 6) тармақшаларында белгіленген құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген кезде, лицензиат тиісті өзгерістер туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей кеден органын хабардар етеді.
148-бап. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру
1. Бажсыз сауда дүкенінің иесі өз міндеттерін және бажсыз сауда дүкенінің қызметіне қойылатын талаптарды орындамаған жағдайларда, лицензиясының қолданылуы соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұратын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себебі көрсетіле отырып, алты айға дейінгі мерзімге кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім тоқтата тұрудың себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен қабылданады.
3. Лицензияның қолданылуы тиісті шешім қабылданған күннен бастап тоқтатыла тұрады. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру кезінде бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
Лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға дейін бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне орналастырылған тауарлар өзге кедендік режимге ауыстырылуға тиіс.
4. Лицензияның қолданылуы оның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылғаннан кейін лицензияның қолданылуын жаңғырту туралы шешім қабылданған күннен бастап кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен жаңғыртылады.
149-бап. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияны қайтарып алу
1. Лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) көрінеу жалған мәліметтер берілген;
2) лицензиат лицензиядағы талаптарды орындамаған;
3) лицензияның қолданылуы бұрын тоқтатыла тұрған себептері жойылмаған;
4) сот лицензиатқа бажсыз сауда дүкені қызметін көрсету жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салған жағдайларда қайтарып алуы мүмкін.
2. Қайтарып алу туралы шешім, мұндай шешім негізделе отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын иеленушіден бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияны қайтарып алу соттың шешімі бойынша жүргізіледі.
4. Лицензияны қайтарып алу оны қайтарып алу туралы шешім қабылданған күннен бастап қолданылады.
5. Лицензия қайтарып алынған жағдайда, бажсыз сауда дүкенінің иесі қайтарып алу туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
6. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияны беру туралы қайталама өтініш оны қайтарып алуға негіз болған себептер жойылған жағдайда, белгіленген тәртіппен қаралуы мүмкін.
150-бап. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату
1. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензия:
1) лицензия қайтарып алынған;
2) бажсыз сауда дүкенінің қызметі бажсыз сауда дүкені иесінің кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жазбаша өтініш беруімен тоқтатылған;
3) бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензиясы бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша өзінің қолданылуын тоқтатады.
2. Бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім, мұндай тоқтатудың себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
3. Бажсыз сауда дүкенінің қызметі тоқтатылған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде бажсыз сауда дүкенінің иесі күнтізбелік он бес күн ішінде лицензияны кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
4. Бажсыз сауда дүкенінің қызметі тоқтатылған кезде бажсыз сауда дүкенінің кедендік режиміне лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданғанға дейін орналастырылған тауарлар, лицензияның қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзге кедендік режимге орналастырылуға жатады.
5. Бажсыз сауда дүкенінің иесі бажсыз сауда дүкенінің қызметін тоқтату туралы хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей кеден органына осы Кодекстің 144-бабына сәйкес тауарлар туралы есептілікті беруге міндетті.
6. Бажсыз сауда дүкенінің қызметі тоқтатылған кезде бажсыз сауда дүкенінің иесі есеп табыс еткеннен кейін кеден органы күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей тауарларға түгендеу жүргізеді.
151-бап. Бажсыз сауда дүкені иесінің міндеттері
Бажсыз сауда дүкенінің иесі:
1) бажсыз сауда дүкенінің қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын сақтауға;
2) бажсыз сауда дүкенінің үй-жайында орналасқан тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) қоймаларда, қосалқы үй-жайларда орналасқан тауарларға бөгде адамдардың қолжетімділігін болдырмауға;
4) сауда залдарына Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге кететін жеке тұлғалардың ғана кіруін қамтамасыз етуге;
5) түсетін және сатылатын тауарлардың осы Кодекстің 144-бабына сәйкес есебін жүргізуге және кеден органдарына олар туралы есептілікті табыс етуге;
6) шетелдік тауарлар жоғалған не олар бажсыз сауда дүкенінде сатудан өзгеше мақсаттарда пайдаланылған жағдайда кедендік баждар және салықтар төлеуге міндетті.
20-тарау. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу
152-бап. Тауарларды кедендік аумақта кедендік қайта өңдеу режимін тағайындау
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу - тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай және кедендік баждарды және салықтарды алмай, қайта өңдеу өнімдерін кейіннен Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкете отырып, Қазақстан Республикасының кедендік аумағында шетелдік тауарларды қайта өңдеу үшін пайдалануға арналған кедендік режим.
2. Осы тарауда белгіленген жағдайларда кедендік аумақта тауарларды кедендік қайта өңдеу режиміне орналастырылған шетел тауарларын қазақстандық тауарлармен ауыстыруға жол беріледі.
153-бап. Тауарларды кедендік аумақта кедендік қайта өңдеу режиміне тауарларды орналастыру талаптары
1. Тауарларды кедендік аумақта кедендік қайта өңдеу режиміне тауарларды орналастыруға:
1) осы Кодекстің 157-бабында белгіленген тәртіппен кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің талаптары туралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органның қорытындысы берілген жағдайда жол беріледі. Егер қайта өңдеудің мақсаты жөндеу болса, аталған қорытындыны беру талап етілмейді;
2) кедендік режим осы Кодекстің 160-бабына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін, балама тауарларды әкетумен аяқталатын жағдайды қоспағанда, кеден органдары шетел тауарларын қайта өңдеу өнімдерінде бірдейлендірген жағдайда жол беріледі.
2. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тізбе бойынша кедендік қайта өңдеу режиміне орналастыруға тыйым салынса, кедендік аумақта тауарларды кедендік қайта өңдеу режимін пайдалануға жол берілмейді.
3. Кедендік аумақта тауарларды кедендік қайта өңдеу режимін осы Кодекстің 374-бабына сәйкес декларант ретінде болуы мүмкін тұлға мәлімдеуі мүмкін.
4. Шетел тауарларын қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде қазақстандық тауарлар пайдаланыла алады.
154-бап. Қайта өңдеу өнімдеріндегі шетел тауарларын бірдейлендіру
1. Әкелінген тауарларды қайта өңдеу фактісін белгілеу мақсатында мынадай тәсілдердің бірін пайдалана отырып қайта өңдеу өнімдеріндегі әкелінген тауарларды бірдейлендіру жүргізіледі:
1) тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген қорытындыда аталмаған тауарларды өндірістік процесте пайдалануға жол бермеу мақсатында, белгілі бір технологиялық операцияларды орындайтын қойма үй-жайларына, технологиялық желілер учаскелеріне пломба түрінде кедендік қамтамасыз етуді орнату;
2) декларанттың, қайта өңдеушінің немесе кеден органдары лауазымды адамдарының қайта өңдеуге арналған шетел және (немесе) қазақстандық бастапқы тауарларға мөрлер, мөртабандар, цифрлық және басқа да таңбаларды қоюы;
3) өндірісте пайдаланылатын шикізат, материалдар және жинақтаушы заттар туралы мәліметтерді қоса алғанда, қайта өңдеуге арналған тауарларды сипаттау;
4) қайта өңдеуге арналған тауарларды ауқымында суретке түсіру, кескіндеу;
5) тауарлардың алдын ала іріктеп алынған сынамаларын, үлгілерін қайта өңдеу өнімдерімен салыстыру;
6) тауарлардағы (двигательдердің, шанақ бөлшектерінің және басқаларының) зауыт нөмірлері түріндегі бар таңбаларды пайдалану.
2. Егер:
1) қайта өңдеу үшін өндірістің үздіксіз циклына жататын технологиялық процесс пайдаланылса;
2) қайта өңдеуші Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңдеудің ұқсас өнімдерін өндіруді болдырмайтын бірегей технологиялық процесті пайдаланса, қайта өңдеу өнімдеріндегі тауарларды бірдейлендіру талап етілмейді.
Аталған технологиялық процестердің тізбесін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
155-бап. Кедендік аумақтағы тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) бірдейлендіру қайта өңдеудің міндетті шарты болып табылатын кезде, шетел тауарлары қайта өңдеу өнімдеріндегі әкелінген тауарларды бірдейлендіруге мүмкіндік беретін қайта өңдеу өнімдеріндегі сипаттамаларды сақтай отырып жеке сипатын жоғалтатын, тауарларды қайта өңдеуді немесе өңдеуді;
2) әкелінген тауарлардың негізгі сипаттамасы сақталатын монтаждау, жинау мен шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды;
3) тауарды, оны қалпына келтіруді, құрамдас бөлшектерін ауыстыруды қоса алғанда, жөндеуді;
4) егер бұл тауарлар қайта өңдеу процесінде толық немесе ішінара тұтынылса да, қайта өңдеу өнімдерінің өндірісіне жәрдемдесетін немесе оны жеңілдететін тауарларды шикізат ретінде пайдалануды қамтиды. Бұл операция осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген операциялардың біреуімен бір мезгілде орындалуы тиіс.
2. Тауарларды қайта өңдеу операцияларына:
1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі, сатуға және тасымалдауға даярлау жөніндегі операциялар;
2) төл алу, малдарды, құстарды, балықтарды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тәріздестер мен моллюскілерді өсіру;
3) ағаштар мен өсімдіктер өсіру;
4) пайдалы қазбаларды өндіру;
5) балықты, шаян тәріздестер мен моллюскілерді аулау;
6) аңшылық;
7) саңырауқұлақтар мен өсімдіктер жинау;
8) ақпаратты, дыбыс- және бейне жазбаларды ақпарат жеткізуші көздердің кез келген түрлеріне көшіру және көбейту;
9) шетел тауарларын технологиялық процесте көмекші құралдар ретінде (жабдық, станоктар, тетіктер және басқаларын) пайдалану жатпайды.
156-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің мерзімдері
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген, бірақ тауарлар кедендік режимге орналастырылған күннен бастап үш жылдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.
2. Қайта өңдеу мерзімін декларант немесе қайта өңдеуді жүзеге асыратын тұлға белгілейді және ол:
1) тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) қайта өңдеу өнімдерін нақты әкету үшін қажетті уақытты қамтиды.
3. Тауарларды қайта өңдеу мерзімін үш жыл шегінде ұлғайту туралы мәселені шешу үшін декларант бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімінің аяқталуына дейін бір айдан кешіктірмей, тиісті уәкілетті мемлекеттік органның қайта өңдеу мерзімін ұлғайтудың орындылығы туралы қорытындысын қоса тіркеп, осындай ұзартудың қажеттілігі туралы өтініш береді.
4. Қайта өңдеу мерзімін ұлғайту туралы өтінішті қарау мерзімі өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
5. Егер мерзімді мұндай ұзартуды тиісті уәкілетті мемлекеттік орган орынсыз деп таныған жағдайда, сондай-ақ декларант кедендік ережелерді бұзған жағдайда, қайта өңдеудің мерзімін ұлғайтудан бас тартылуы мүмкін.
6. Тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағында қайта өңдеу мерзімін ұлғайту туралы кеден органының шешімі өтініш берушінің назарына жазбаша нысанда жеткізіледі.
7. Қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда кедендік аумақта кедендік қайта өңдеу режиміне орналастырылған тауарлар өзге кедендік режимге мәлімделуге жатады.
157-бап. Тиісті уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу талаптары туралы қорытындысы
Тиісті уәкілетті мемлекеттік органның кеден аумағындағы тауарларды қайта өңдеу талаптары туралы қорытындысында мынадай мәліметтер болуы тиіс:
1) тауарлар мен қайта өңдеу өнімдерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, жіктемесі, олардың саны және құны;
2) қайта өңдеуге арналған шарттың (келісім-шарттың) күні мен нөмірі, тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің мерзімі;
3) қайта өңдеу өнімдерінің шығарылу нормасы;
4) қайта өңдеудің сипаты;
5) бірдейлендіру тәсілдері;
6) қайта өңдеуді жүзеге асыратын декларант пен тұлға туралы мәліметтер;
7) қалдықтар мен артық қалдықтарды пайдалану мүмкіндігі.
Әкету кезінде тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын және (немесе) кеден баждары өндіріп алынатын қазақстандық тауарлар пайдаланылған жағдайда тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің талаптары туралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органның қорытындысында олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атаулары, тауарлардың жіктемесі, саны және құны көрсетілуі тиіс.
Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу талаптары туралы қорытындының нысанын тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
158-бап. Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу өнімдерінің шығарылу нормасы
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығарылу нормасы деп қайта өңдеу процесінде абсолюттік мәнде немесе проценттік қатынаста пайдаланылатын тауарлар санының бір бірлігінен өндірістік процеске сәйкес алынатын қайта өңдеу өнімдерінің саны түсініледі.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағында әкелінген тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің шығарылу нормасын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
159-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу нәтижесінде алынған қалдықтар мен артық қалдықтар
Өңделмей әкелінген шетелдік тауарлардың қалдықтары мен қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған артық қалдықтар, аталған қалдықтар мен артық қалдықтар оларды одан әрі пайдалануға жарамсыз күйде өңделген жағдайды қоспағанда, өзге кедендік режимге орналастыруға жатады.
160-бап. Балама тауарлар
1. Кедендік аумақта кедендік қайта өңдеу режиміне орналастырылған шетел тауарларын тұлғаның дәлелді сұратуы бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен балама тауарлармен ауыстыруға жол беріледі.
2. Өзінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша шетел тауарларымен сәйкес келетін қазақстандық тауарлар балама тауарлар ретінде түсініледі.
3. Балама тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімдер осы тараудың ережелеріне сәйкес шетел тауарларын қайта өңдеу өнімдері ретінде қаралады.
4. Балама тауарлар - шетел тауарларының мәртебесін, ал оларды ауыстырған тауарлар - қазақстандық тауарлар мәртебесін алады.
161-бап. Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу кезіндегі кедендік бақылау ерекшеліктері
1. Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің кедендік режимін қолдануға кедендік бақылауды өзінің қызмет аймағында тауарларды қайта өңдеу жүзеге асырылатын кеден органы жүзеге асырады.
2. Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің кедендік режиміне тауарларды орналастырған тұлға қайта өңдеу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде кеден органына кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің кедендік режимін пайдаланғандығы туралы толық есеп беруге міндетті. Есеп беру нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
3. Қайта өңдеу өнімдерін дайындау кезіндегі өндірістік процесс нәтижесінде құралатын өндірістік шығындар кедендік ресімдеуге жатпайды.
162-бап. Қайта өңдеу өнімдеріне кедендік баждарды, салықтарды және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану
Шетел тауарларының қайта өңдеу өнімдері әкетілімдік кеден баждарынан босатылады. Аталған өнімдерге тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
Қайта өңдеу өнімдерін еркін айналыс үшін шығарудың кедендік режиміне орналастырған жағдайда, кедендік баждар және салықтар, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шаралары қайта өңдеу өнімдеріне қолданылады.
163-бап. Кедендік аумақта тауарларды кедендік қайта өңдеу режимін аяқтау
1. Осы Кодекстің 156-бабына сәйкес белгіленген кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімінің аяқталу күнінен кешіктірілмей, қайта өңдеу өнімдері Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілуі немесе өзге кедендік режимге мәлімделуі тиіс.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетілетін қайта өңдеу өнімдерін кедендік ресімдеу кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Егер қайта өңдеу өнімдері кедендік аумақтан тысқары жерлерге бірнеше лекпен әкетілсе, қайта өңдеу өнімдері санының сәйкестігін түпкілікті салыстыра тексеру қайта өңдеу өнімдерін әкетуден кейін мезгіл-мезгіл, бірақ үш айда бір реттен жиі емес және тауарлардың соңғы легін әкеткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жүргізілуі мүмкін.
4. Кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеудің кедендік режимінде мәлімделген шетелдік тауарлар, оның ішінде оларды қайта өңдеу өнімдері осы режимнің талаптарын сақтау шартымен өзге кедендік режимге орналастырылуы мүмкін. Кедендік аумақта тауарларды кедендік қайта өңдеу режимінің қолданылуы осы Кодекске сәйкес аталған кедендік режимнің қолданылу мерзіміне аяқталады.
21-тарау. Тауарларды еркін айналыс үшін қайта өңдеу