68-бап. Кедендік тасымалдаушы тасымалдайтын кедендік бақылаудағы тауарлардың есебі
Кедендік тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізеді және кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен олар бойынша есептілік табыс етеді.
69-бап. Кедендік тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тауарлар жоғалған не олар кеден органының рұқсатынсыз берілген жағдайда, кедендік тасымалдаушы кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша жауапты болады.
2. Тауарлар, көлік құралдары және оларға арналған құжаттар межелі кеден органына жеткізілмеген жағдайда, кедендік тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
70-бап. Кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтату
1. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) тауарларды тасымалдауға тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия кері қайтарып алынғанда;
2) кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия кері қайтарып алынғанда;
3) кедендік тасымалдаушы қызметін тоқтататыны туралы өтініш бергенде;
4) заңды тұлға болып табылатын кедендік тасымалдаушы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда тоқтатылады.
2. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда, тұлға он бес жұмыс күні ішінде кедендік бақылаумен тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізетін кеден органына өзі кедендік тасымалдаушы ретінде орындаған тасымалдар туралы есеп беруге міндетті.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтату кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті тоқтату себептері көрсетіле отырып, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
12-тарау. Ішкі кедендік транзит
71-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) ішкі кедендік транзит рәсімі - тауарлар мен көлік құралдарын жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін кедендік бақылаумен өткізудің осы Кодексте және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда белгіленген тәртібі;
2) аралық кеден органы - ішкі кедендік транзит рәсімі бойынша өткізілетін тауарларды ішінара түсіру жүргізілетін кеден органы.
72-бап. Жалпы ережелер
Осы тараудың ережелері, уақытша сақтау орындарының, еркін және кеден қоймаларының, арнайы экономикалық аймақтардың арасындағы өткізуді қоса алғанда, кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағы немесе шет мемлекеттің кедендік аумағы бойынша өткізудің барлық жағдайларында қолданылады.
Осы тараудың ережелері құбыр тасымалымен және электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларға, сондай-ақ әуе кемесі тұрақты халықаралық рейс жасау кезінде тауарлар келетін жерде тауарларды ішінара түсірместен аралық немесе мәжбүрлі (техникалық) түрде қонса, әуе көлігімен тасымалданатын тауарларға қолданылмайды.
73-бап. Ішкі кедендік транзит
1. Ішкі кедендік транзит - кедендік бақылаудағы тауарлар Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша, сондай-ақ осы тарауда белгіленген шарттар сақталған жағдайда, шет мемлекеттің аумағы арқылы өткізілетін кездегі кедендік рәсім.
2. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін тасымалдаушының және (немесе) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаның жауапкершілігімен өткізіледі.
3. Тауарларды бірдейлендіру құралдарын, тасымалдаушылар мен жөнелтушілердің пломбаларын пайдалана отырып, ішкі транзит рәсімі бойынша темір жол көлігімен өткізуге жол беріледі.
4. Транзиттік тауарларды ішкі кедендік транзит рәсімі бойынша Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында аталған шаралардың бірі сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
74-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізу шарттары
1. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізуге мынадай шарттар сақталған жағдайда:
1) тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетуге тыйым салынбаған;
2) жеткізуді бақылау құжаты осы Кодекстің 76-бабына сәйкес ресімделген;
3) осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шараларының бірі сақталған жағдайда жол беріледі.
2. Ішкі кедендік транзиттің рәсіміне сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шараларына:
1) тауарларды алушының осы баптың 6-тармағына сәйкес жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттемесін табыс етуі;
2) кез келген кеден органында кедендік төлемдердің және салықтардың төленуін қамтамасыз ету;
3) тауарларды кедендік тасымалдаушының өткізуі;
4) тауарларды кедендік алып жүру жатады.
Тасымалдаушы және (немесе) тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлға аталған шаралардың кез келгенін таңдауға құқылы.
3. Тауарларды ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес темір жол көлігімен өткізу кезінде осы баптың 2-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларының ережелері қолданылмайды.
4. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын жеткізуді қамтамасыз ету шаралары Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес тауарларды өткізу кезінде және әуе көлігімен тасымалдау кезінде қолданылмайды.
5. Кеден төлемдерін және салықтарды төлеуді міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша өткізілетін тауарлар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Тауарларды жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттемені алушы толтырады және оны межелі кеден органы тіркейді. Тауарларды жеткізіп беру жөніндегі кепілдік міндеттеменің нысаны мен тіркеу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
75-бап. Ішкі кедендік транзитті қолдану үшін табыс етілетін құжаттар
1. Тасымалдаушы тауарларды жеткізуді бақылау құжатын ресімдеуді жүргізу үшін жөнелтуші кеден органына тауарға ілеспе құжаттарды табыс етеді.
2. Табыс етілген құжаттарды жеткізуді бақылау құжатының тіркеу нөмірін көрсете отырып, жөнелтуші кеден органының лауазымды адамы куәландырады.
76-бап. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты
1. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты - Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын, кеден органдарының тауарлардың межелі кеден органына дейін жеткізілуін бақылауды жүзеге асыруы үшін қажетті құжат.
2. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты бір немесе бірнеше тауарға ілеспе құжаттармен тасымалданатын тауарлардың әрбір легіне ресімделеді. Тауарларды топтасып тасымалдау кезінде жеткізуді бақылау құжаты әрбір жүк жөнелтуші мен жүк алушыға жеке-жеке ресімделеді.
3. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжатын декларант, ал декларант болмаған кезде кеден органының лауазымды адамы толтырады.
4. Тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты нысанын және толтыру тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін қатаң есептілік құжаты болып табылады.
5. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаты ретінде осындай шарттармен белгіленген құжаттар пайдаланылады.
77-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік төлемдер және салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты пайдаланып жеткізу
1. Кедендік бақылаудағы тауарлар мен көлік құралдары ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша кедендік төлемдер және салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты пайдаланып өткізілуі мүмкін.
2. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжатты толтырудың және кеден органына табыс етудің нысанын, тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
78-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит кезінде кедендік алып жүру
1. Кедендік алып жүру рәсімі - кеден органдары лауазымды адамдарының кедендік бақылаудағы тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін, сондай-ақ бір кеден органының қызмет аймағында алып жүруі.
2. Кедендік алып жүруді кеден органдары, осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шаралар сақталмаған жағдайда, кеден органы лауазымды адамының жазбаша шешімі бойынша Қазақстан Республикасының кедендік аумағы бойынша өткізілетін тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды жеткізуді қамтамасыз етудің айрықша шарасы ретінде қолданады.
3. Кедендік алып жүру бір көлік құралына да, бірнеше (оннан аспайтын) көлік құралына да жүргізілуі мүмкін.
4. Кедендік алып жүру көлік құралы кеден органына келген кезден бастап бір тәуліктен кешіктірілмей басталады.
5. Кедендік алып жүру тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
79-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын ішкі кедендік транзит кезінде межелі кеден органдарына дейін жеткізу мерзімі
Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын межелі кеден органдарына дейін жеткізу мерзімін көлік құралының, белгіленген маршруттың мүмкіндіктеріне және басқа да тасымалдау шарттарына сүйене отырып, дағдылы жеткізу мерзімдеріне сәйкес жөнелтуші кеден органы белгілейді, бірақ ол бір айға екі мың километр есебімен белгіленетін шекті мерзімнен аспауға тиіс.
80-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіруді қамтамасыз ету
1. Жөнелтуші кеден органы тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіруді қамтамасыз етеді, ал межелі кеден органы ішкі кедендік транзитке сәйкес оларды өткізген кезде тауарлар мен көлік құралдарын бірдейлендіру құралдарының сақталуын тексереді. Аралық кеден органдары тауарға ілеспе құжаттарға жаңа бірдейлендіру құралдарының қойылғаны туралы белгі соғады.
2. Кеден органдары бірдейлендіру құралдары ретінде осы Кодекстің 81-бабына сәйкес көлік құралдарына қойылған кедендік пломбаларды және мөрлерді пайдаланады.
3. Осы Кодекстің 81-бабына сәйкес кедендік пломбалар мен басқа да бірдейлендіру құралдары жеткіліксіз немесе сенімсіз деп қарастырылатын жағдайларды қоспағанда, кеден органдары шет мемлекеттердің кеден органдарының кедендік пломбалары мен басқа да бірдейлендіру құралдарын мойындайды.
81-бап. Кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау кезінде көлік құралдарын жабдықтау
1. Кедендік пломбалары және мөрлері бар тауарларды тасымалдау үшін көлік құралдары мынадай талаптарды:
1) кедендік пломбаларды және мөрлерді қою мүмкіндігін;
2) тауарды көлік құралының пломбаланған бөлігінен кедендік пломбаларды және мөрлерді бүлдірместен алу немесе оған қою мүмкіндігінің болмауын;
3) тауарларды жасырып қалуға арналған жасырын орындардың болмауын;
4) тауарларды кедендік тексеруге еркін қол жеткізілуін қамтамасыз етуді сақтай отырып құрастырылуға және жабдықталуға тиіс.
2. Кедендік пломбаларды және мөрлерді пайдалану мүмкін болмаған кезде тауарларды бірдейлендіру осы Кодекстің 476-бабына сәйкес жүргізіледі.
82-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлармен жасалатын операциялар
1. Ішкі кедендік транзитке сәйкес тасымалданатын тауарлармен жүк операцияларын жүргізуге қызмет аймағында осы операцияларды жүзеге асыру қажеттігі туындаған кеден органының бақылауымен жол беріледі.
2. Егер тауарларды қойылған кедендік пломбаларын және мөрлерін бұзбай бір көлік құралынан екіншісіне қайта тиеу мүмкін болса, қызмет аймағында осы операция жүргізілетін кеден органына алдын ала хабарлау арқылы мұндай қайта тиеуге жол беріледі.
3. Тұлғаның өтініші бойынша кеден органы кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде жүргізуге рұқсат етеді.
83-бап. Тасымалдаушының ішкі кедендік транзит кезіндегі міндеттері
Тауарларды ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес тасымалдау кезінде тасымалдаушы:
1) тауарлар мен оларға арналған құжаттарды жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімде тауарлардың жеткізілуін бақылау құжаттарында көрсетілген межелі кеден органына жеткізуге;
2) тауарлар, сондай-ақ кедендік пломбалар және мөрлер не өзге де бірдейлендіру құралдары пайдаланылған болса, олардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 82-бабында көзделген жағдайда, тауарларды басқа көлік құралына қайта тиеуді қоспағанда, кеден органдарының рұқсатынсыз тауарлармен жүк операцияларын жасауға жол бермеуге міндетті.
84-бап. Тасымалдаушының ішкі кедендік транзит кезіндегі жауапкершілігі
1. Тауарлар, көлік құралдары және оларға арналған құжаттар межелі кеден органына жеткізілмеген жағдайда тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Тасымалдаушы кедендік төлемдердің және салықтардың төленуі үшін, сондай-ақ осы Кодекстің 85-бабында көзделген жағдайларда тауарларды түсіргені, қайта тиегені, орамаларын ашқаны немесе қайта орағаны, бірдейлендіру құралдарын өзгерткені, алып тастағаны, жойғаны немесе зақымдағаны үшін жауапты болмайды. Бұл орайда тасымалдаушы мұндай операцияларды жасауды жолаушылар мен көлік құралы экипажының өмірі мен денсаулығына нақты қатер төнгенін, тауарлар мен көлік құралдарының жойылуы, жоғалуы, біржола жоғалуы немесе елеулі түрде бүлінуі туғызғанын растайтын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген құжаттарды табыс етеді.
3. Тауарларды ішкі кедендік транзитке сәйкес тасымалдау кезінде кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша тауарларды жоғалтқан не оларды кеден органының рұқсатынсыз берген тасымалдаушы жауапты болады.
85-бап. Ішкі кедендік транзит кезінде тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға кедергі жасайтын авария және (немесе) ырық бермес күштердің әсері кезінде қолданылатын шаралар
Авария және (немесе) ырық бермес күштердің әсері кезінде тасымалдаушы:
1) тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың бәрін қолдануға;
2) ең жақын кеден органын кейіннен хабардар ете отырып, тиісті уәкілетті мемлекеттік органға аталған оқиға туралы дереу хабарлауға міндетті. Хабарламаны алған кеден органы жөнелтуші және межелі кеден органдарына дереу хабарлауға, сондай-ақ ішкі кедендік транзит рәсімдерін сақтай отырып, тауарларды одан әрі тасымалдау мүмкіндіктері туралы шешім қабылдауға міндетті.
Осы бапта көзделген шаралардың қолданылуына байланысты тасымалдаушы шеккен шығындарды кеден органдары өтемейді.
86-бап. Ішкі кедендік транзит рәсімінің аяқталуы
1. Ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары көлік құралының келгендігі туралы тасымалдаушыға жазбаша растама берілген кезден бастап жеткізілді деп есептеледі.
2. Межелі кеден органы көлік құралының келгендігін және ішкі транзит рәсімінің аяқталғандығын осы Кодекстің 59-бабына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарының жеткізілгендігі туралы хабарланған кезден бастап үш сағаттың ішінде тіркейді және тасымалдаушыға нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін көлік құралының келгендігі туралы жазбаша растама береді.
Кеден ісі саласында құқық бұзушылық анықталған жағдайда көлік құралының келгендігі туралы растаманы беру мерзімі талқылау аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
3. Тауарлар мен көлік құралдары тауарларды жеткізу рәсімі аяқталғанға дейін межелі кеден органының қызмет аймағындағы тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген жеткізу орнында орналастырылуға тиіс.
13-тарау. Уақытша сақтау
87-бап. Уақытша сақтау
Уақытша сақтау - әкелінген тауарлар белгілі бір кедендік режимге сәйкес межелі кеден органына табыс етілген кезден бастап олар шығарылғанға дейін не осы Кодексте белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне айналдырылғанға дейін кедендік бақылауда сақталатын кедендік рәсім.
88-бап. Уақытша сақтау орындары
1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайларда, ашық алаңдарда, көлік құралдарында, сондай-ақ уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, еркін қоймаларда, алушының қоймаларында жүзеге асырылады.
2. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау орындары мыналар болып табылады:
1) топтастырылған жүктерді жеткізу жағдайларын қоспағанда, тауарлар жеткізілген көлік құралдары;
2) ашық алаңдар - тауар иелерінің:
әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының, өнеркәсіп орындарының осы тұлғалардың тауарларын уақытша сақтауға арналған күзетілетін аумақтарында;
осы тұлғалардың өз тауарларын уақытша сақтау үшін арнайы бөлінген және күзетілетін аумақтарында орналасқан алаңдары.
Көлік құралдарындағы тауарларды ашық алаңда сақтауға жол беріледі;
3) арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайлар - тауарлар иесінің өз тауарларын уақытша сақтауға арналған үй-жайлары немесе үй-жайдың арнайы бөлінген және жайластырылған бөлігі;
4) уақытша сақтау қоймалары - тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтауға арнайы арналған, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жұмыс істейтін қоймалар;
5) кеден қоймалары мен еркін қоймалар - бір бөлігі уақытша сақтау үшін пайдаланылатын, кеден қоймасының және еркін қойманың кедендік режимдеріне сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын орналастыруға арнайы арналған, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін кеден қоймасын немесе еркін қойма құруға арналған лицензия негізінде жұмыс істейтін қоймалар;
6) осы Кодекстің 95-бабында көзделген тәртіппен тауар алушылардың қоймалары.
3. Арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жай немесе ашық алаңша, тиісті орын біртұтас және бөлінбейтін кешен болып табылатын және бір мекен-жайда орналасқан жағдайда уақытша сақтау орны деп танылады.
Осы Кодекстің 96-бабына сәйкес кеден органы беретін уақытша сақтау орны деп тану туралы шешім арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жайлар мен ашық алаңдарды уақытша сақтау орны ретінде тануға растама болып табылады.
89-бап. Уақытша сақтау орындарына қойылатын талаптар
1. Осы Кодекстің 104-бабының 2), 3), 4), 6) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, арнайы бөлінген және жайластырылған үй-жай уақытша сақтау қоймасын құруға қойылатын талаптарға сай келуге тиіс.
2. Кеден немесе еркін қойма үй-жайының бір бөлігі уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылған жағдайда ол үй-жайдың қалған бөліктерінен темірбетоннан, бетоннан, кірпіштен, металқұрылымынан не сол материалдарды араластырып жасалған тұтас қоршаумен оқшаулануға тиіс.
3. Ашық алаңшаның аумағы:
1) бүкіл периметрі бойынша белгіленуге және қоршалуға тиіс. Ашық алаңшалардың аумағының қоршауы темірбетоннан, бетоннан, кірпіштен, металқұрылымынан не осы материалдарды араластырып жасалған және биіктігі кемінде 2,2 метр тұтас құрылыс болуға тиіс;
2) қажетті тиеу-түсіру техникасымен қамтамасыз етілуге тиіс;
3) осы Кодекстің 104-бабының 1), 3)-5), 7) тармақшаларында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.
Әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының аумағындағы ашық алаңшаларға арналған кедендік бақылау аймақтарын белгілеу мүдделі тұлғалармен (әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының, темір жол станцияларының әкімшілігімен) келісу арқылы жүзеге асырылады.
4. Көлік құралдары:
тауарлар халықаралық жол тасымалы рәсімін пайдалана отырып тасымалданған және жеткізілген жағдайда;
көлік құралдары кедендік мөр басып және пломбалап тауарларды тасымалдау үшін жабдықтауға және рұқсат етуге белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда уақытша сақтау орны ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Көлік құралындағы тауарлардың сақталуы, бірдейлендіру құралдарының бүтіндігі үшін кедендік ресімдеу рәсімі аяқталғанға және тауарды алушыға бергенге дейін тасымалдаушы жауапты болады.
5. Уақытша сақтау орындары оларды уақытша сақтау орны ретінде пайдаланудың бүкіл мерзімі бойында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
90-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау орындарына орналастыруға қажетті құжаттар
1. Қысқаша декларация тауарлар мен көлік құралдарының уақытша сақтау орындарына орналастырылғанын растайтын құжат болып табылады.
2. Қысқаша декларацияны тасымалдаушы не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға тауарлар мен көлік құралдарын кеден органына ұсынғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Егер тауарлар осы мерзім ішінде белгілі бір кедендік режиммен орналастырылса, қысқаша декларация берілмейді.
3. Қысқаша декларация тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген және тауарларды бірдейлендіру үшін қажетті мәліметтерді, сондай-ақ әкелінген тауарлардың мәлімделген уақытша сақтау орны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
4. Қысқаша декларацияның нысаны мен оны толтырудың тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
91-бап. Уақытша сақтау мерзімі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау орындарында уақытша сақтау мерзімі екі айдан аспауға тиіс.
2. Кеден ісі саласындағы қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша заттай айғақтар болып табылатын тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
3. Осы бапта көзделген уақытша сақтау мерзімдері біткеннен кейін тауарлар мен көлік құралдарына билік ету Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
4. Тауарларды көлік құралдарында уақытша сақтау мерзімі он күннен аспауға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес уақытша сақтау кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады. Тауарларды халықаралық жол тасымалы рәсімін пайдалана отырып келген көлік құралында сақтау кезінде төлеуді қамтамасыз ету қолданылмайды.
92-бап. Уақытша сақтаудағы тауарлармен жасалатын операциялар
1. Уақытша сақтау қоймасы және өзге де уақытша сақтау орындары иесінің, тауарларды алушының, кедендік брокердің, тауарларға қатысты өкілеттігі бар өзге де тұлғаның және олардың өкілдерінің уақытша сақтау орындарындағы тауарларды тексеруі мен өлшеуіне және кеден органының рұқсатымен тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алуына болады.
2. Уақытша сақтаудағы тауарларға, бүлінген орамаларын жөндеуді қоса алғанда, олардың өзгеріссіз жағдайда сақталуын қамтамасыз ету үшін кеден органының рұқсатымен қажетті операциялар жасалуы мүмкін.
3. Уақытша сақталуы кезеңінде ырық бермес күштің әсері салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе зақымданған тауарлар декларант айқындаған, егер олар жарамсыз, бүлінген немесе зақымданған жағдайда әкелінгендей болса, кедендік режимге орналастырылуға тиіс.
4. Көлік құралдарында уақытша сақтаудағы тауарлармен қандай да бір жүк операцияларын жүргізу (түсіру, тауарлардың салмағын, санын нақтылау, сараптама жүргізу мақсатында сынамалар мен үлгілерін алу) қажет болатын жағдайда, олар бірдейлендіру құралдарын пайдалану арқылы не тауарлар өзге де уақытша сақтау орындарына орналастырылған жағдайда кеден органы лауазымды адамының қатысуымен кедендік уақытша бақылау аймағында жүргізіледі.
93-бап. Уақытша сақтау орындарына орналастыруға болатын тауарлар
1. Уақытша сақтау орындарына, құбыр көлігімен және электр беру желілері бойынша тасымалданатындардан басқа, кез келген тауарларды орналастыруға болады.
2. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін тауарлар мұндай тауарларды сақтау үшін арнайы лайықталған уақытша сақтау қоймаларында сақталуға тиіс.
94-бап. Темір жол көлігімен тасымалданатын тауарларды уақытша сақтаудың ерекшеліктері
1. Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу қамтамасыз етілген жағдайда, темір жол көлігімен тасымалданатын ерекше тауарлар мен сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін тауарларды қарауында темір жол учаскесі бар тұлғаның сұратуы бойынша уақытша сақтауға жол беріледі.
2. Тауарларды уақытша сақтау оларды түсіргенге дейін орналасатын жері кеден органдарымен келісілген, аталған тұлғалардың темір жолдарындағы тікелей көлік құралдарында жүзеге асырылады.
3. Аталған орындар уақытша кедендік бақылау аймағы болып табылады.
4. Тауарларды түсіруге және оларды кез келген басқа жерге ауыстыруға кеден органының рұқсатымен ғана жол беріледі.
5. Қарауында темір жол учаскесі бар тұлға:
1) уақытша сақтаудағы тауарларды кедендік бақылаудан тыс, көлік құралынан алып қою мүмкіндігін болдырмауға;
2) уақытша сақтаудағы тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) кедендік бақылаудың жүзеге асырылуына жәрдемдесуге;
4) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көлік құралында сақтаулы тауарлар туралы есеп жүргізуге және есептілікті кеден органына табыс етуге;
5) бөгде адамдардың сақтаудағы тауарларға кеден органдарының рұқсатынсыз қолжетімділігін болдырмауға;
6) тауарлар жоғалған не кеден органының рұқсатынсыз басқа тұлғаларға берілген жағдайда кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге міндетті.
95-бап. Тауарларды алушының қоймасында уақытша сақтау
1. Уақытша сақтау қоймасын құруға лицензиясы және уақытша сақтау орны деп тану туралы шешім болмағанда кеден органының рұқсатымен:
1) ерекше тауарларды немесе ерекше жағдайда сақтауды талап ететін тауарларды уақытша сақтау қажет болған жағдайда;
2) тауарлар жеткізілген жерде уақытша сақтау қоймасы болмаған жағдайда, кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу қамтамасыз етілген шартпен тауарларды алушының қоймасында уақытша сақтау жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Тауарларды алушы сақтау кезінде кеден органдарының рұқсатынсыз бөгде адамдардың сақтаудағы тауарларға қолжетімділігін болдырмауға міндетті.