8. Егер тауардың шығарылуы туралы сертификатты табыс ету талап етілмесе, онда тауардың шығарылған елі тауардың шығарылуы туралы декларациямен расталады.
42-бап. Тауардың шығарылу себептері бойынша тауарды жіберуден бас тарту үшін негіздемелер
1. Егер тауардың шығарылған елі Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тауарлары Қазақстан Республикасына әкелуге жатпайтын ел болып табылатын жағдайда кеден органы тауарларды жіберуден бас тартады. Кеден органының бұл бас тартуы декларантқа жазбаша түрде табыс етіледі.
2. Тауардың шығарылуы туралы сертификатты немесе тауардың шығарылуы туралы декларацияны дұрыс ресімдемей табыс ету немесе оларды табыс етпеу, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды жіберуден бас тарту үшін негіздеме болмайды.
3. Тауардың шығарылған елі расталмаған жағдайларда мұндай тауарларға қатысты кедендік баждың екі есе көбейтілген ставкалары қолданылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған тауарларға қатысты кеден органы кедендік декларация қабылданған күннен бастап бір жыл өткенге дейін сол тауарлардың шығарылған елін растауды алған жағдайда артықшылық режимі немесе ең қолайлы режим қолданылады (қалпына келтіріледі).
43-бап. Тауарлардың шығарылған елін анықтауға қатысты
қосымша ережелер
1. Қазақстан Республикасының тарифтік артықшылықтары "тікелей тиеп жіберу" ережелері сақталған жағдайда беріледі. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларда, қатысушы елдер үшін тарифтік артықшылықтар беру шарты ретінде "тікелей сатып алу" ережелерінің орындалуы қажет.
2. Белгілі бір тауарлар транзит елдерінде болған жағдайда, соның ішінде бұл елдердің аумағында олар қоймаға уақытша қойылған немесе кедендік қоймаға қойылған кезінде кедендік бақылауда болған жағдайда, экономикалық, географиялық, техникалық немесе көліктік себептердің салдарынан тауарлар бір немесе бірнеше елдің аумағы арқылы өткізілетін реттерді қоспағанда, тауарды өзге мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдамай (алып жүрмей), тауарды ол шығарылған елден Қазақстан Республикасына жеткізу "тікелей тиеп жіберу" деп ұғынылады.
3. Мынадай шарттар орындалған:
1) тауарлар өздері шығарылған елдің аумағынан көрмелер немесе жәрмеңкелер өткізілетін елдің аумағына жеткізілген және оларды өткізу кезінде кедендік бақылауда болған;
2) тауарлар оларды көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелткен кезден бастап көрсетуден басқа қандай да бір өзге мақсаттарға пайдаланылмаған;
3) табиғи тозу не тасымалдаудың (алып жүрудің) және сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған тауарлардың жай-күйіндегі өзгерістер ескеріле отырып, тауарлар Қазақстан Республикасына олардың көрмеге немесе жәрмеңкеге қойылған күйінде жеткізілген жағдайда көрмелерде немесе жәрмеңкелерде сатып алынған тауарлар да "тікелей тиеп жіберу" ережелеріне жатады.
4. Қазақстандық тұлға мен Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа қатысушы ел резидентінің арасындағы шарт негізінде тауарлардың Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі "тікелей сатып алу" ережелеріне жатады.
8-тарау. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
номенклатурасы
44-бап. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
номенклатурасы
1. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы - цифрлық белгі немесе цифрлық белгілер тобы (кодтары) түріндегі тауар топтарын, позицияларын, субпозицияларын, кіші субпозицияларын қамтитын тауарлар жіктеушісі. Жіктеудің кез келген деңгейіндегі позицияларға ескертулер, сондай-ақ Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын түсіндірудің негізгі ережелері Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы тарифтік және тарифтік емес реттеу, Қазақстан Республикасының кедендік статистикасын жүргізу үшін қолданылады.
3. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Қазақстан Республикасында қолданылатын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес келеді.
45-бап. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар
номенклатурасын жүргізу
Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізуді жүзеге асырады.
Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) халықаралық ұйымдарда халықаралық негізді әзірлеу, өзгерту, толықтыру, түсіндіру және қолдану бөлігінде қазақстандық тараптан өкілдік етеді;
2) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы халықаралық негізінің өзгерістері мен толықтыруларын, бұл негізді түсіндіру жөнінде халықаралық анықтаулар мен шешімдерді қадағалауды қамтамасыз етеді;
3) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын оның халықаралық негізіне сәйкес келтіру жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізеді;
4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын әзірлеу, өзгерту және толықтыру туралы ұсыныстар дайындауды қамтамасыз етеді;
5) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының эталон данасын әзірлейді және оны сайма-сай қалыпта ұстап отырады;
6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын, халықаралық түсініктемелер мен халықаралық негізді түсіндіру жөніндегі шешімдердің жариялануын қамтамасыз етеді;
7) жекелеген тауарларды жіктеу бойынша орындау үшін міндетті шешімдерді әзірлейді, бекітеді және жариялауды қамтамасыз етеді;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізуге қажетті өзге де функцияларды жүзеге асырады.
46-бап. Тауарларды жіктеу
1. Тауарларды декларациялау кезінде олар жіктелуге тиіс, яғни тауарларға қатысты Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша коды (кодтары) белгіленеді.
2. Тауарларды декларациялау кезінде декларант олардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кодын дұрыс көрсетпеген жағдайда кеден органы мұндай тауарды өз бетінше жіктеуге құқылы.
3. Кеден органдарының тауарларды жіктеу жөніндегі шешімдері міндетті болып табылады. Кеден органдарының шешімдеріне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
4. Тауарларды жіктеу кезінде кеден органдары тауарлар кодтарын Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес қолданады. Тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілетін мәліметтер, сондай-ақ сараптама ұйымдары беретін қорытындылар, анықтамалар, сараптама актілері көмекші (ақпараттық) сипатта болады және тауарларды жіктеу кезінде назарға алынады.
5. Тұлғаның сұратуы бойынша кеден органы осы бөлімге сәйкес тауардың жіктемесі бойынша алдын ала шешім қабылдайды.
9-тарау. Алдын ала шешім
47-бап. Алдын ала шешім қабылдау
1. Кеден бекеттері мен бақылау өткізу пункттерін қоспағанда, кеден органдары тұлғаның (өтініш берушінің) өтініші бойынша нақты тауар жөнінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың жіктемесіне қатысты алдын ала шешім қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған кеден органдары осы Кодекстің ережелеріне сәйкес тауардың шығарылған елін және кедендік құнын анықтаудың әдіснамасын қолдану жөнінде алдын ала шешімдер қабылдауға құқылы. Аталған мәселелер бойынша алдын ала шешім қабылдаудың тәртібі мен нысанын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
3. Аталған шешімді қабылдағаны үшін осы Кодекстің 299-бабына сәйкес алдын ала шешім үшін ақы алынады.
48-бап. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш
1. Өтініш беруші осы Кодекстің 47-бабында көрсетілген кеден органына жазбаша нысанда жазылған өтініш жолдайды.
2. Өтініште тауар туралы алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті мәліметтер болуға тиіс. Өтініш берумен бір мезгілде тауарлардың сипаттамасы, олардың фотолары, суреттері, сызбалары, коммерциялық, техникалық не алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті өзге де құжаттар табыс етіледі. Мүмкін болған жағдайда өтініш беруші алдын ала шешім қабылданатын тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін де табыс етеді.
3. Өтінішті кеден органы қарайды және өзге де ақпарат не сараптама жүргізу талап етілмесе, алдын ала шешім, өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде беріледі.
4. Егер өтініш беруші табыс еткен мәліметтер алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, кеден органы табыс ету мерзімін белгілей отырып, қосымша ақпарат беру қажет екендігі туралы тұлғаны хабардар етеді. Егер ақпарат белгіленген мерзімде берілмесе, алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш қабылданбай тасталады. Қосымша ақпарат берудің жалпы мерзімі өтініш берушіні жазбаша хабардар еткен кезден бастап бір айдан аспауға тиіс.
5. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш қабылданбаған жағдайда кеден органы өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуын жеті жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Өтінішті қабылдамау өтініштің қабылданбауына негіз болған себептерді жойған жағдайда өтініш берушінің алдын ала шешім қабылдау туралы қайталап жүгінуіне кедергі болмайды.
6. Алдын ала шешімге не кеден органдарының белгіленген мерзімде оны қабылдамауына осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
49-бап. Алдын ала шешімнің қолданылу мерзімі
Кеден органдарының алдын ала шешімі ол қабылданған кезден бастап үш жыл бойы қолданылады.
Алдын ала шешімнің өзгертілуі оның қолданылу мерзімін ұзартпайды.
50-бап. Алдын ала шешімінің күшін жою немесе өзгерту
1. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өзі не кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі мен кеден қабылдаған алдын ала шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге құқылы.
2. Егер алдын ала шешім өтініш беруші табыс еткен толық емес немесе дұрыс емес ақпарат негізінде қабылданса, ондай шешімнің күші жойылады. Күшін жою жаңадан алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
3. Алдын ала шешім:
1) Дүниежүзілік кеден ұйымы Қазақстан Республикасында қолдану үшін міндетті шешімдер қабылдаған;
2) алдын ала шешім Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға қайшы келген;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңдары алдын ала шешім қабылдау бөлігінде өзгертілген;
4) алдын ала шешім қабылдау кезінде жол берілген жолсыздықтар анықталған жағдайларда өзгертіледі.
4. Алдын ала шешімді өзгерту өтініш беруші өзгеріс туралы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының кеден заңдары өзгертіліп, соның нәтижесінде алдын ала шешім Қазақстан Республикасының кеден заңдарына қайшы келетін жағдайда, кеден органдарының шешімі Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актісі қолданысқа енгізілген кезден бастап күші жойылған болып танылады.
5. Аталған жағдайларда алдын ала шешімді алушыға жазбаша хабарлама жіберіледі, онда күшін жоюдың немесе өзгертудің себептері көрсетіледі.
6. Алдын ала шешім жойылған немесе өзгертілген жағдайда алдын ала шешім қабылдау үшін алынған кеден алымдары қайтарылмауға тиіс, бұған мұндай жою немесе өзгерту кеден органы жіберген қатеге байланысты болған жағдайлар қосылмайды.
51-бап. Алдын ала шешімнің жариялылығы
Кеден органдары қабылдаған алдын ала шешімдер, құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда, жариялануы және жазбаша сұратуы бойынша кез-келген тұлғаға берілуі мүмкін.
52-бап. Тауарды кедендік ресімдеу кезінде алдын ала
шешімді табыс ету
1. Осы Кодекстің 47-бабында аталған, кеден органдары қабылдаған алдын ала шешім кеден органдары үшін міндетті болып табылады.
2. Алдын ала шешім кеден органына кедендік декларациямен бірге табыс етіледі.
3. Кедендік ресімдеу және кедендік бақылау мақсаттары үшін алдын ала шешімнің түпнұсқасы не осы Кодекстің 47-бабында аталған, осындай шешімді берген кеден органы растаған көшірмесі пайдаланылады.
4. Белгілі бір тауарды әртүрлі уақытта және (немесе) әртүрлі кеден органдарына лектеп жеткізіп беру жүзеге асырылатын жағдайда, тауарды жіктеу жөніндегі алдын ала шешімді тауардың алғашқы легін кедендік ресімдеуді жүзеге асыратын кеден органы қабылдайды, бұл орайда ұқсас тауардың келесі лектерін ресімдеу үшін, осындай шешім қабылдаған кеден органы растаған алдын ала шешімнің көшірмелерін пайдалануға жол беріледі.
5-Бөлім. Тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге
байланысты алдын ала операциялар, кедендік
операциялар мен рәсімдер
10-тарау. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу
53-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізу кезінде алдын ала операцияларды жүзеге асыру тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізу кезіндегі алдын ала операциялар мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту;
2) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту туралы кеден органдарына хабарлау;
3) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу;
4) тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды межелі кеден органына жеткізу;
5) тауарлар мен көлік құралдарын жеткізу туралы межелі кеден органына хабарлау;
6) тауарлар мен көлік құралдарын уақытша сақтау.
2. Осы тараудың ережесі құбыр тасымалын пайдалану арқылы және электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарларға қолданылмайды.
54-бап. Қазақстан Республикасының кедендік
шекарасынан өту
1. Тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік аумағына іс жүзінде өткізу тауарлар мен көлік құралдарының Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтуі болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлғаға тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды өткізу пунктінде орналасқан кеден органына мүмкіндігінше қысқа мерзімде жеткізу міндетін жүктейді.
55-бап. Өткізу пунктін анықтау
Мыналар:
1) әуе көлігімен өткізілетін тауарлар үшін, - межелі әуежай немесе тауарлар тасымалдаушы әуе кемесінің Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы қонатын және тауарларды түсіретін алғашқы әуежайы;
2) теңіз көлігімен өткізілетін тауарлар үшін, - Қазақстан Республикасының кедендік аумағындағы алғашқы түсіру порты немесе қайта тиеу порты;
3) көліктің басқа түрлерімен өткізілетін тауарлар үшін - жүру жолындағы бірінші кеден органы;
4) құбыр тасымалымен және электр беру желілері бойынша өткізілетін тауарлар үшін, - кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммерциялық есептеу аспаптары орнатылған жерлер тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункті болып табылады.
56-бап. Кеден органдарын Қазақстан Республикасының
кедендік шекарасынан өту туралы хабардар ету
1. Тасымалдаушы не тауарларды өткізуші тұлға өткізу пунктінде орналасқан кеден органын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өтуі туралы хабардар етуге міндетті.
2. Кеден органдарын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту туралы хабардар ету - бұл Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан кеден органына шекарадан өту фактісі туралы хабарлау.
3. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өту кезінде кеден органын хабардар ету тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған тауарға ілеспе құжаттарды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан кеден органына табыс ету арқылы жүргізіледі.
4. Кеден органының лауазымды адамдары осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
57-бап. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу
1. Негізгі кедендік ресімдеу алдындағы және тыйым салынған тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына өткізуге жол бермеу үшін жүзеге асырылатын іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде алдын ала кедендік ресімдеу кезінде:
1) орналасуы кеден органдарымен келісілген тиеу-түсіру операцияларын жүргізу үшін арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда тауарлармен және көлік құралдарымен тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асыруға;
2) тауарлармен және көлік құралдарымен тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асырушы тұлғаның сұрауы бойынша тауарлар тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асыруға қажетті мерзім ішінде уақытша сақтау орнына қойылмастан мұндай операцияларды жүргізу орындарында болуына жол беріледі. Бұл тауарларды сақтаудың жалпы мерзімі тауарларды уақытша сақтаудың осы Кодексте белгіленген мерзімінен аспауы керек. Бұл ретте тауарлар жоғалған не олар кеден органдарының рұқсатынсыз басқа тұлғаларға берілген жағдайда, аталған тұлғалар кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу бойынша жауапты болады.
3. Тауарларды негізгі кедендік ресімдеу кедендік ресімдеу үшін қажетті жағдайлар болған кезде Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктінде не осы Кодекске сәйкес басқа да кеден органында жүргізілуі мүмкін.
58-бап. Тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды межелі кеден органына жеткізу
1. Тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды жеткізу осы Кодекстің 12-тарауында көзделген ішкі кедендік транзит рәсіміне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушы тауарларды, көлік құралдарын және оларға арналған құжаттарды, тасымалдау мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи тозуы немесе табиғи кемуі салдарынан өзгеруін қоспағанда, өзгермеген күйінде кеден органы белгілеген орынға және мерзімінде жеткізуге міндетті.
59-бап. Тауарлар мен көлік құралдарының межелі кеден
органына жеткізілгендігі туралы хабардар ету
Тауарлар мен көлік құралдарын межелі кеден органына жеткізген кезде тасымалдаушы немесе тауарлар мен көлік құралдарын өткізуші тұлға:
1) жеткізуді бақылау құжаттарын;
2) көлік және коммерциялық құжаттарын;
3) әкелінген тауарлар мен көлік құралдарын табыс ету арқылы тауарлардың жеткізілгендігі туралы хабардар етеді.
60-бап. Авария немесе ырық бермес күштің әсері кезінде қолданылатын шаралар
1. Авария немесе ырық бермес күштің әсері жағдайларында, сондай-ақ теңіз, ішкі су не әуе кемесі Қазақстан Республикасының аумағында мәжбүрлі түрде аялдама жасаса немесе қонса, тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға және ең жақын кеден органына осы мән-жайлар мен тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға міндетті.
2. Оқиға туралы хабарлама алған кеден органы оқиғаның сипатына, тауар сапасын жоғалтуы дәрежесіне және көлік құралының техникалық жай-күйіне қарай кедендік бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды белгілейді.
3. Тасымалдаушыларда осы баптың талаптарын сақтауға байланысты туындаған шығыстарды кеден органдары өтемейді.
11-тарау. Кедендік тасымалдаушы
61-бап. Кедендік тасымалдаушы
Меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде көлік құралдарын иеленуші, ақы алып немесе жалдану арқылы тауарларды тасымалдау жөнінде қызметтер көрсететін, тиісті уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен берілген тиісті лицензиясы бар және қызметін кедендік тасымалдаушы ретінде жүзеге асыруға кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның лицензиясын алған қазақстандық тұлға кедендік тасымалдаушы бола алады.
62-бап. Кедендік тасымалдаушының қызметі
1. Кедендік тасымалдаушының қызметі кедендік бақылаудағы тауарларды осы Кодексте көзделген нормаларды сақтай отырып тасымалдау болып табылады.
2. Кедендік тасымалдаушының тауарларды өткізуші тұлғамен қатынастары шартпен реттеледі.
63-бап. Кедендік тасымалдаушының қызметіне қойылатын біліктілік талаптары
Қызметін кедендік тасымалдаушы ретінде жүзеге асыру үшін қазақстандық тұлға мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келуге:
1) тауарларды тасымалдауға арнап тиісті уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен берген лицензиясы болуға;
2) осы Кодекстің 43-тарауында көзделген тәртіппен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген он мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомаға кедендік төлемдер және салықтар төлеуді қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 81-бабында белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталған көлік құралдары болуға;
4) кедендік бақылаудағы тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізуді және олар бойынша есептілікті қамтамасыз етуге тиіс.
64-бап. Қызметін кедендік тасымалдаушы ретінде жүзеге асыруға лицензия беру тәртібі
1. Лицензия алу үшін:
1) тұлғаның белгіленген нысан бойынша лицензия алуға өтініші;
2) тіркеу құжаттарының нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
3) лицензия беру үшін алым төленгендігін растайтын құжаттар;
4) осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес қызмет аймағында өтініш беруші тіркелген кеден органының қорытындысы қажет.
2. Өтінішті кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ол тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
3. Тауарларды тасымалдауға арналған лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған, қайтарып алынған немесе тоқтатылған жағдайда тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бұл туралы күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органды хабардар етеді.
4. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган кедендік тасымалдаушылардың тізілімін жүргізеді және оны баспасөз басылымдарында жариялауды жүзеге асырады.
65-бап. Кедендік тасымалдаушының міндеттері
Кедендік тасымалдаушы:
1) осы Кодексте белгіленген шарттар мен талаптарды сақтауға;
2) кедендік бақылаудағы тасымалданатын тауарлардың есебін жүргізуге және мұндай тауарларды тасымалдау туралы кеден органдарына есеп беруге;
3) кедендік бақылаудағы тауарлармен бірге бір мезгілде өзге де тауарларды тасымалдамауға;
4) тауарлар мен оларға арналған құжаттарды межелі кеден органына көрсетуге;
5) тауарларды кедендік бақылау аймағына орналастыруға;
6) осы Кодекстің 81-бабына сәйкес көлік құралдарын тиісті техникалық жағдайда ұстауға және олардың кеден бақылауындағы тауарларды тасымалдауға арналған көлік құралдарын жабдықтауға қойылатын талаптарға сай келуін қамтамасыз етуге;
7) тауарлар мен оларға арналған құжаттарды жеткізудің жөнелтуші кеден органы белгілеген мерзімі мен жүру маршрутын сақтауға;
8) тасымалдаудың және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи тозу мен табиғи кему салдарынан болатын өзгерістерді қоспағанда, тауарлар мен көлік құралдарын өзгермеген күйінде, қандай да болсын өзге мақсаттарға пайдаланбай жеткізуге;
9) тауарларды жеткізгеннен кейін оларды межелі кеден органының рұқсатынсыз қараусыз қалдырмауға, тауарлардың бастапқы тұрған жерін өзгертпеуге, ораманы ашпауға, тауарларды орамауға және қайта орамауға, сондай-ақ кедендік бірдейлендіру құралдарын өзгертпеуге, алып тастамауға және жоймауға;
10) тауарлар жоғалған не олар кеден органдарының рұқсатынсыз басқа тұлғаларға берілген жағдайда кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге;
11) кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметі тоқтатылған жағдайда лицензияны он бес жұмыс күні ішінде кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
66-бап. Кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыру лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Лицензияның қолданылуын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, лицензиясының қолданылуы сот шешімі бойынша тоқтатыла тұратын шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, тоқтата тұрудың себептерін көрсете отырып:
1) тұлғаның кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті уақытша тоқтату туралы өтінішінің негізінде;
2) кедендік тасымалдаушы осы Кодекстің 65-бабында көзделген өз міндеттерін орындамаған жағдайларда, кедендік тасымалдаушы тіркелген кеден органы қорытындысының негізінде;
3) тауарларды тасымалдауға тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде, алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруы мүмкін.
2. Лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде тұлғаның кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ. Лицензияны тоқтата тұру кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті тоқтата тұру туралы бұйрық қабылданған күннен бастап қолданылады.
3. Лицензияның қолданылуы оның тоқтатыла тұруына негіз болған себептер жойылғаннан кейін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының тиісті бұйрығымен жаңғыртылады.
67-бап. Кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияны қайтарып алу
1. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) тауарларды тасымалдауға тиісті уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия қайтарып алынған жағдайда;
2) лицензия кедендік тасымалдаушы табыс еткен дұрыс емес мәліметтер негізінде берілген жағдайда;
3) осы тарауда белгіленген шарттар сақталмаған жағдайда;
4) осы Кодекстің 66-бабында белгіленген мерзім ішінде лицензияның қолданылуының бұрын тоқтатыла тұруына негіз болған себептер жойылмаған жағдайда, лицензияны қайтарып алады.
2. Лицензияны қайтарып алу туралы шешім кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының осындай шешімді негіздеп берген бұйрығымен ресімделеді.
3. Шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын кедендік тасымалдаушы ретіндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияны қайтарып алу соттың шешімі бойынша жүргізіледі.