1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы ерiктi сақтандыруды жеке және заңды тұлғалар өздерiнiң ерiк бiлдiруiне қарай жүзеге асырады. Ерiктi сақтандырудың түрлерi, талаптары мен тәртібі тараптардың келісімiмен белгіленедi.
2. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласында азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктің мiндеттi сақтандырылуға тиiстi түрлерiне:
1) жолаушының өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушы жауапкершiлiгiнiң тәуекелi;
2) өз қызметкерлерiнiң қызметтiк міндеттерiн орындауы кезiнде олардың өмiрiне, денсаулығына зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жұмыс берушi жауапкершiлiгінің тәуекелi;
3) қауiптi жүктердi тасымалдау кезіндегі, сондай-ақ кемелерден аққан (екi мың және одан да көп тонна мұнай тасымалдау кезiнде) мұнаймен теңiздi ластаудан келтiрiлген залал үшiн тасымалдаушы жауапкершiлiгiнiң тәуекелi жатады.
Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мiндеттi сақтандыруды жүргiзудiң талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленедi.
8-бап. Сертификаттау
1. Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы қызметке жататын өнiмдi, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi мiндеттi сертификаттау Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шет мемлекет берген сертификат, сертификаттардың сәйкестiгiн өзара тану туралы үкiметаралық келісім жасалған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
2-тарау. Кеме
9-бап. Кемеге меншiк құқығы
1. Кемелер:
1) мемлекеттің;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының;
3) егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттердiң, шетелдiктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгінде болуы мүмкiн.
2. Кеменiң меншiк иесi кемеге қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекет iстеуге, соның iшiнде кеменi басқа тұлғалардың меншiгiне берiп, иелiктен айырылуға, меншiк иесi болып қала отырып, оларға кеменi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын беруге, кеме ипотекасын белгiлеуге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық салуға, өзге де түрде билiк етуге құқылы.
10-бап. Кеме атауы. Кеменi дараландыру тәртібі
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 10-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттік тiркелуге тиiстi кеменiң өз атауы болуға тиiс.
Меншiк иесi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен кеме атауын қояды және өзгертедi.
2. Кеме атауының өзгертiлгенi туралы меншiк иесi кеменiң тiркелген кепiлдерiн кепiлге ұстаушыларға дереу хабарлайды.
3. Кеменi дараландыру және белгi беру дабылын, сондай-ақ спутниктiк байланыстағы кеме станциясының сәйкестендiрiлген нөмiрiн беру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
11-бап. Кеменiң ұлттығы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын пайдаланушы кеме Қазақстан Республикасының ұлттығында болады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттығын иеленушi кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге мiндеттi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 11-баптың 3-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеме осы Заңның 16-бабының 1-тармағында аталған Қазақстан Республикасының кемелерi тiзiлiмдерiнiң бірiнде мемлекеттік тiркелген кезден бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығына ие болады.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 11-баптың 4-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде меншiкке иемденiп алынған кеме Қазақстан Республикасының консулдық қызметi мұндай құқықты куәландыратын және кеме Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттік тіркелгенге дейiн жарамды болатын, бірақ бір жылдан аспайтын уақыт қолданылатын уақытша куәлiк берген кезден бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын пайдаланады.
5. Шет мемлекеттің кемелер тiзiлiмiнде тiркелген, уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен бербоут-чартер бойынша қазақстандық кеме жалдаушының пайдалануына берiлген кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы уақытша берiлуi мүмкiн.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын пайдаланбайтын кемеде осы тудың көтерiлгенi үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген жауаптылықты мойнына алады.
12-бап. Кеменi шет мемлекет туын көтеруге уақытша көшiру
Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында тiркелген кеме бербоут-чартер бойынша шетелдiк кеме жалдаушының иеленуiне немесе пайдалануына берiлген жағдайда мұндай кеме уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде тиiстi тiзiлiмге тiркелiп және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы тоқтатылып, шет мемлекеттің туын көтеріп жүзуге уақытша көшiрiлуi мүмкін.
13-бап. Кеменi сенімгерлiк басқаруға беру
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кеменiң меншiк иесi меншiк иесiнiң мүдделерiне сыйақы алу үшiн кеменi басқаруды сенімгерлiк басқару шарты бойынша жүзеге асыру үшiн сенімгер басқарушыға беруге құқылы.
Шаруашылық жүргiзудегi немесе оралымды басқарудағы кеменi меншiк иесiнің немесе уәкiлеттi органның келісімiнсiз сенімгер басқаруға беруге болмайды.
Кеменiң сенімгерлiк басқаруға берiлуi оған меншiк құқығымен сенімгерлiк басқарушыға ауысуына әкеп соқпайды.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 13-баптың 2-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Кеменiң сенімгерлiк басқаруға берiлуi Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мiндеттi түрде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
3. Кемелердi басқару және оларды пайдалану саласында құзыреттi тұлға сенімгер басқарушы бола алады.
4. Кеменi сенімгерлiк басқару шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
14-бап. Кеме құжаттары
1. Кеменiң, тiзбесi мен жүргiзiлу тәртібін уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелермен белгiленетiн кеме құжаттары болуға тиiс.
2. Шетелде жүзуге шығатын кемелердiң, Қазақстан Республикасының суларында жүзуге арналған тиiстi ережелерде көзделген құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген құжаттары болуға тиiс.
3. Шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасының аумақтық суларына кiретiн кемелерiнде Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген құжаттар болуға тиiс.
15-бап. Кемелердi техникалық қадағалау
1. Кеме теңiзде жүзу қауiпсiздiгi талаптарын қанағаттандыратыны белгiлi болғаннан кейiн ғана жүзуге жiберiлуi мүмкін.
2. Теңiз кемелерiне техникалық қадағалауды және оларды сыныптауды Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртіппен уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарының кемелерге және кеменің жекелеген элементтерiне техникалық қадағалау жүргiзуiне жол берiлмейдi.
Кемеге сынып беру уәкiлеттi орган беретiн сыныптық куәлiкпен куәландырылады.
3. Кеме құжаттары болмаған кезде немесе шетел туын көтеріп жүзiп жүрген кеме Қазақстан Республикасының теңiз портына келген кезде, тиiстi құжаттарының болуына қарамастан, теңiзде қауіпсiз жүзудің уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарын қанағаттандырмаса, уәкiлеттi орган мұндай кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзушi кемелермен бірдей негiзде куәландырудан өткізуге құқылы.
3-тарау. Кемелерді және оларға құқықтарды
мемлекеттік тіркеу
16-бап. Қазақстан Республикасының кеме тiзiлiмдерi
1. Кеме Қазақстан Республикасы кеме тiзiлiмдерiнiң (бұдан әрi - кеме тiзiлiмдерi) бірiнде:
1) Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде;
2) кеме кiтабында;
3) бербоут-чартер тiзiлiмiнде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Кемеге меншiк құқығы және өзге де заттық құқықтар, сондай-ақ онымен жасалатын мәмiлелер кеме тiркелген тиiстi тiзiлiмде мiндеттi түрде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 16-баптың 3-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Мемлекеттік тiркелуге тиiс, жасалып жатқан кеме жылжымайтын мүлiкке теңестiрiледi.
Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы киль салынған немесе сарапшының қорытындысымен расталған тең бағалы құрылыс жұмыстары жағдайында жасалып жатқан кемелер тiзілiмiнде тiркелуi мүмкiн. Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркеген кезде тиiстi куәлiк берiледi.
4. Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде жолаушылар, жүк-жолаушылар, мұнай құйып тасушы, сүйретiп жүзушi кемелер, қалқымалы бұрғылау құрылғылары, құрғақ жүк тасушы кемелер, қалқымалы крандар және техникалық флот кемелерi (жер снарядтары және басқалар), сондай-ақ қуаттылығы елу бес киловаттан кем емес бас двигательдi өздiгiнен жүретiн кемелер және сыйымдылығы сексен тоннадан кем емес өздiгiнен жүрмейтiн кемелер тiркеледi.
5. Кеме кiтаптарында бас двигательдердiң қуаттылығына және сыйымдылығына қарамастан, спорттық, серуендiк кемелер, сондай-ақ осы баптың 4-тармағында аталмаған кемелер тiркеледi.
6. Мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде және кеме кiтаптарында гидроұшақтар, сондай-ақ шлюпкалар мен кеменiң керек-жарақтары болып табылатын өзге де қалқымалы құралдар тiркелмейдi.
7. Бербоут-чартер тiзiлiмiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзуге уақытша құқық берiлген кемелер тiркеледi.
8. Теңiз кемелерiн мемлекеттік тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде алым алынады.
17-бап. Кеме тiзіліміне енгiзiлетiн мәлiметтердiң өзгертiлуi
Кемелер тiзiлiмiне енгiзiлуге тиiстi мәлiметтердiң кез келген өзгерiсi туралы кеменің меншiк иесi немесе оны бербоут-чартер бойынша кеменi жалдаушы кеме тiркелген порттың теңiз әкiмшiлiгiне екi апта iшiнде хабарлауға мiндеттi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
18-бап. Мемлекеттік органдар пайдаланатын кемелердi мемлекеттік тiркеу
Әскери корабльдердi, әскери-қосалқы кемелер мен шекара корабльдерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының меншiгіндегі және мемлекеттік органдар өздерiне жүктелген функцияларды атқару үшiн пайдаланатын кемелердi мемлекеттік тiркеу мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
Мұндай кемелер коммерциялық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда олар қайта тiркелуге тиiс.
19-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеуден бас тарту
Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттік тiркеуден:
1) мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiштi тиiстi емес тұлға жасаған;
2) кемелердi және оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу ережелерiнде көзделген талаптар сақталмаған;
3) мемлекеттік тiркеу үшiн ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарға сай келмеген жағдайларда бас тартылуы мүмкiн.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
20-бап. Кеменi мемлекеттік тiркеу портының өзгертiлуi
Кеменi мемлекеттік тiркеу порты кеменiң меншiк иесiнің өтiнiшi бойынша өзгертiлуi мүмкiн. Кеменi мемлекеттік тiркеу портының өзгертiлуiн мемлекеттік тiркеу кемелердi және оларға құқықтарды тiркеу ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап. Кемелердi мемлекеттік тiркеу ережелерiн бұзғандық үшiн жауаптылық
Кеменi мiндеттi мемлекеттік тiркеуден жалтарған тұлға, сондай-ақ кеменi кеме тiзiлiмдерiнiң бірiнде белгіленген тәртiптi бұза отырып тiркеген немесе кеме тiзiлiмдерiне енгiзiлген мәлiметтердiң өзгергенi туралы хабарлау мiндетiн бұзған тұлға Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауаптылықты мойнына алады.
4-тарау. Кеме экипажы
22-бап. Кеме экипажының құрамы
1. Кеме экипажының құрамына кеме капитаны, кеменiң командалық құрамының басқа да адамдары мен кеме командасы кiредi.
2. Кеменiң командалық құрамына кеме капитанының көмекшiлерi, механиктер, электр механиктерi, радиомамандар мен дәрiгерлер енедi. Уәкiлеттi орган басқа мамандарды да кеменiң командалық құрамына енгізуi мүмкiн.
3. Кеме командасы кеменiң командалық құрамына жатқызылмайтын адамдардан тұрады.
23-бап. Кеме экипажының ең аз құрамы
1. Әрбір кеменiң бортында экипаж болуға, оның құрамы кеменiң жүзу қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету үшiн кеме экипажының ең аз құрамына қойылатын талаптарға сай болуға тиiс.
2. Кеменiң типi мен арналған мақсатына, сондай-ақ оның жүзу ауданы мен жүрген жерiне қарай экипаждың ең аз құрамын уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Кеменiң жүзу қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн экипаждың ең аз құрамы туралы куәлiктi кеменi мемлекеттік тiркеу жүзеге асырылған теңiз портының капитаны бередi.
24-бап. Кеме экипажының мүшелерiне қойылатын талаптар
1. Кеме экипажы мүшелерiнiң қызметтерiн атқаруға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен кеме экипажының мүшелерiн дипломдау ережелерiне сәйкес тиiстi біліктiлiгi бар адамдар жiберiледi.
2. Кемеде жұмыс iстеуге өздерiнiң денсаулық жағдайы бойынша осындай жұмысқа жарамдылығын куәландыратын куәлiктерi бар адамдар жiберiледi.
25-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң азаматтығы
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетiн кеме экипажының құрамына Қазақстан Республикасының азаматтарынан басқа, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кіруi мүмкiн, олар кеме капитаны, капитанның аға көмекшiсi, аға механик және радио маманы қызметiн атқара алмайды.
2. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кеме экипажы құрамына кiре алатын жағдайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган айқындайды.
26-бап. Кемедегi еңбек қатынастары
Кеме экипажының мүшелерiн жұмысқа алу тәртібі, олардың құқықтары мен мiндеттерi, еңбек және ақы төлеу жағдайлары, сондай-ақ оларды жұмысынан босатудың тәртібі мен негiздемесi Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен, осы Заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
27-бап. Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралуы
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде еңбек мiндеттерiн атқарушы кеме экипажы мүшелерiнiң:
1) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi бiткен;
2) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес кеме иесiнiң немесе кеме экипажы мүшесiнiң бастамасымен жеке еңбек шарты бұзылған;
3) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарында көзделген тәртiппен кеме капитаны қызметтiк міндеттерiн атқарудан шеттеткен;
4) кеме апатқа ұшыраған;
5) кемеден тыс емдеудi талап ететiн аурумен ауырған;
6) кеме иесiнiң банкроттық, кеменi сату немесе мемлекеттің кеменi тiркеудi өзгертуi салдарынан өзiнiң кеме экипажының мүшелерiне қатысты Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары мен еңбек шарттарында көзделген мiндеттерiн орындауы мүмкiн болмаған;
7) экипаж мүшелерiнiң келісімiнсiз кеме соғыс қимылдары аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда отанына оралуға құқығы бар.
2. Кеме экипажы мүшесiнiң тiлегi бойынша:
1) өзi тұратын мемлекетке;
2) өзi кемеге жұмысқа алынған портқа;
3) жеке еңбек шартын жасау кезiнде көрсетiлген басқа пунктке қайтып оралуы жүзеге асырылады.
3. Кеме иесi отанына оралтуды тиiсiнше әрi тез ұйымдастыруға мiндеттi. Отанына оралу әуе көлiгiмен, ал ол болмаған кезде немесе тараптардың келісімi бойынша, көлiктiң өзге де түрлерiмен жүзеге асырылады.
4. Отанына оралу шығындарын кеме иесi көтередi.
Кеме экипажы мүшелерiнiң отанына оралу шығындары:
1) оралу орнына дейiнгi жолақы құнын;
2) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, экипаж мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi тамағы мен тұрағының құнын;
3) егер қажет болса, экипаж мүшесi денсаулық жағдайы бойынша отанына оралу орнына баруға жарамды болғанға дейiнгi экипаж мүшесiнiң емделу құнын;
4) отанына оралу орнына дейiн отыз килограмм багаж алып жүруді;
5) экипаж мүшесi кеменi тастап шыққан кезден бастап, кеме экипажының мүшесi отанына оралу орнына жеткен кезге дейiнгi жеке еңбек шарты бойынша төлемдi қамтиды.
5. Экипаж мүшесiнiң отанына оралуын туғызған себептер оның еңбек мiндеттерiн орындау кезіндегі өз кiнәсiнен туындаған жағдайда не кеме экипажы мүшесiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда оның отанына оралуына жұмсалған шығындарды кеме иесiнiң өтеткiзiп алуға құқығы бар.
28-бап. Кеме иесiнiң мiндеттерi
1. Кеме иесi экипаж мүшелерi кемеде болған уақытта оларды:
1) қауiпсiз еңбек жағдайларымен;
2) денсаулығын сақтаумен және медициналық көмекпен;
3) құтқару құралдарының болуымен;
4) азық-түлiкпен және сумен iркiлiссiз жабдықтаумен;
5) демалу, тамақтану, емделу, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетілуi үшiн санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетiн орындармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме иесi кеме экипажы мүшелерiнiң еңбек мiндеттерiн атқаруы кезiнде олардың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңдарына сәйкес жауапкершiлiгiн сақтандыруға мiндеттi.
3. Кеме ұшыраған оқиғаның салдарынан экипаж мүшесiнiң мүлкi жойылған немесе зақымданған жағдайда кеме иесi экипаж мүшесiне келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi. Кеме ұшыраған оқиғаға кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген залал өтелуге жатпайды.
5-тарау. Кеме капитаны
29-бап. Кеме капитаны
1. Кеме капитанына кеменi басқару, соның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, кемедегi тәртiптi сақтау, кемеге, кемедегi адамдар мен жүкке зиян келтiрудi болғызбау жөнiнде шаралар қолдану жүктеледi.
2. Кеме иесi, жүк иесi немесе олардың заңды өкiлдерi болмағанда, кеме, жүк немесе жүзу жөнiнен қажеттi мәмiлелер жасалған кезде, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою жасалған жағдайда кеме капитаны кеме иесi мен жүк иесiнiң өкiлi болып табылады.
3. Кеме капитанының қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi болатын ерекше жағдайларда (қайтыс болуы, ауыруы және өзге де жағдайларда) кеме капитанының мiндеттерi кеме иесiнiң тиiстi өкімі алынғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
30-бап. Кеме капитанының құқықтары
Капитан өз өкiлеттiктерi шегiнде:
1) кемедегi барлық адамдар орындауға тиiстi өкiм беруге;
2) кеменiң опат болу қатерi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде барлық шараларды қолданғаннан кейiн, экипаж мүшелерiнiң кемеден кетуiне рұқсат етуге;
3) экипаж мүшелерiне Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес көтермелеудi қолдануға және жаза қолдануға;
4) экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
5) кеменiң және (немесе) ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды, соның iшiнде жұқпалы аурулар жұқтырады деп сезiк келтiрiлген адамды мiндеттi түрде оқшаулауға;
6) Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды ұстауға және оны Қазақстан Республикасының кеме кiретiн бірiншi портындағы құзыреттi органдарға беру үшiн арнайы бейiмделген орында ұстауға;
7) егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта көзделсе, Қазақстан Республикасының азаматын, сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасы болып табылатын азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған қылмыс жасады деп сезiк келтiрiлген адамды шет мемлекеттің құзыреттi органдарына беруге;
8) қажет болған жағдайда азаматтың өсиетiн куәландыруға құқылы, ол Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариаттың куәландыруына теңестiрiледi. Өсиеттi куәландырған кеме капитаны өсиет куәландырылған күннен бастап он күн iшінде, ал егер бұл дәлелдi себептермен мүмкiн болмаса, осындай мүмкiндiк тууына қарай куәландырылған өсиеттiң бір данасын өсиет қалдырушының тұрақты тұрғылықты жерi бойынша нотариустың сақтауына беруге мiндеттi;
9) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдарына сәйкес куәлар қойған қолдың шын өз қолдары екенiн куәландыруға құқылы.
31-бап. Кеме капитанының міндеттері
1. Кеме капитаны:
1) осы Заңның 129-бабына сәйкес кеме иесi мен кеменi жалдаушының өкiмдерiн орындауға;
2) егер көмек көрсету өз кемесіне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрiлмей жасалатын болса, теңiзде апатқа ұшыраған адамға көмек көрсетуге;
3) кемелер соқтығысқан жағдайда, егер қолданылатын шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей жасау мүмкiн болса, екiншi кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданып, мүмкiн болған жағдайда өз кемелерiнiң атауларын, олар тiркелген порттарды, сондай-ақ шыққан және баратын порттарын хабарлауға;
4) кеме бортындағы адамға шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, ол көмектi кеме теңiзде жүрген кезде көрсету мүмкiн болмаса, мұндай жағдайды кеме иесiне хабарлап, ең жақын портқа кіруге немесе ондай адамды ең жақын портқа жеткізу жөнiнде шаралар қолдануға; кеме шетелдiк портқа кiрген немесе әлгiндей адам шетелдiк портқа жеткiзiлген жағдайда Қазақстан Республикасының консулдық мекемесiне де хабарлауға;
5) шығатын порт немесе баратын порт ауданында не кеме жүрiп өтуге тиiстi ауданда соғыс қимылдары жүрiп жатқан жағдайларда, сондай-ақ соғыс қаупi бар өзге де жағдайларда кемедегi адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, кеменiң опат болуы мен басып алынуын болғызбау, кеме құжаттарының, жүктiң және өзге де мүлiктiң сақталуы жөнiнде барлық шараларды қолдануға;
6) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда кемедегi жолаушылардың қауiпсiздiгiн және кеме құжаттары мен өзге де құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануға;
7) кеменiң опат болу қаупi төнген жағдайда, кеме экипажы жолаушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі барлық шараларды қолданғаннан кейiн кемеден ең соңынан кетуге;
8) қажет болған жағдайда 30-баптың 6) тармақшасында аталған адамды анықтау материалдарын берiп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзіп жүрген басқа кемемен Қазақстан Республикасына жiберуге;
9) iс жүзiне асыруға болатын жағдайда кеме шет мемлекеттің аумақтық суларына кiргенге дейiн оның құзыреттi органдарына 30-баптың 7) тармақшасында аталған адамды өзiнiң оларға беру ниетi және оны берудiң себептерi туралы хабар жiберуге, сондай-ақ аталған органдарға қолда бар дәлелдемелердi беруге;
10) кеме Қазақстан Республикасының портында болған кезде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгiлерi байқалған жағдайда, ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
11) алыста жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыс белгілерi байқалған жағдайда Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарына сәйкес анықтау органының функцияларын атқаруға;
12) кеме журналына азаматтың туу немесе қайтыс болу фактілері туралы жазба жасауға;
13) азамат қайтыс болған жағдайда жұбайына (зайыбына) не жақын туыстарының бірiне хабарлауға, сондай-ақ өлген адамның кемедегi мәйiтi мен мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етiп, оларды Қазақстан Республикасының кеме кiретiн алғашқы портының капитанына тiзбеге сәйкес беруге;
14) карантиндiк немесе ерекше қауiптi жұқпалы ауру деген сезiк болған жағдайда өлген адамның немесе жануардың мәйiтiн зарарсыздандыру жөнiнде шаралар қолдануға;
15) өлген адамның мәйiтiн сақтау және отанына жiберу жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi. Мұндай мүмкiндiк болмаған жағдайда өлген адамның мәйiтiн жерге көмуге немесе оны кремациялап, күл салынған сауытты оның отанына жiберуге мiндеттi.
Кеме ұзақ уақыт бойы ашық теңiзде жүзуге тиiс болып және өлген адамның мәйiтiн сақтау мүмкiн болмаған ерекше жағдайда, өлген адамның мәйiтi тиiстi акт жасалып, теңiз ғұрыптарына сәйкес теңiзге тасталуы керек.
2. Кеме капитаны осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгiленген мiндеттердi бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
6-тарау. Теңіз порты
32-бап. Теңiз порттарының құқықтық мәртебесi мен түрлерi
1. Теңiз портының құқықтық мәртебесi осы Заңмен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалады.
2. Теңiз порттары мемлекеттік меншiкте, сондай-ақ азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
Халықаралық маңызды мәртебесi бар теңiз порттары тек мемлекеттік меншiкте ғана бола алады.
Халықаралық маңызы бар теңiз портының мәртебесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
3. Теңiз порттары жалпыға ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады және мақсатына қарай - сауда порттары және мамандандырылған порттар (балық, мұнай және басқалар) болып бөлiнедi.
4. Теңiз порты үшiн жер учаскелерiн беру, сондай-ақ бұл учаскелердi алып қою Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.