5. Мемлекеттік маңызы бар, Қазақстан Республикасының Yкіметі анықтайтын теңiз порттарын салу, реконструкциялау үшiн жер учаскелерi Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкін.
33-бап. Теңiз порты режимiнiң сақталуы
Теңiз портында болған уақытта кеменiң экипажы Қазақстан Республикасының портта жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі заңдарын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың талаптарын сақтауға мiндеттi.
34-бап. Теңiз порты аумағын пайдалану
Теңiз портындағы ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) үй-жайлардың иелерi өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен қажеттi ғимараттар, құрылыстар және (немесе) үй-жайлар бередi және қызмет көрсетедi.
35-бап. Теңiз портында көрсетiлетiн қызметтер
1. Теңiз порты жүк тиеудi (түсiрудi) және кемелерге олардың келу кезектiлiгi тәртібімен қызмет көрсетудi, жүкпен көлiктiк-экспедиторлық және қойма операцияларын, көлiктің басқа түрлерiнен жүктi теңiз көлiгiне ауыстырып тиеудi және керiсiнше iстеудi, теңiз кемелерi жолаушыларына қызмет көрсетудi, сондай-ақ порт кемелерiнде және көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауды жүзеге асырады.
2. Тиеу-түсiру жұмыстарын және өзге де техникалық операцияларды теңiз терминалының операторы жүзеге асыра алады.
3. Теңiз портының мiндеттi қызмет көрсету тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi. Теңiз портының мiндеттi қызмет көрсетуiне баға (тарифтер) мен оның шектi деңгейiн белгілеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
4. Тiзбеге енбейтiн мiндеттi қызмет көрсетулер үшiн төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен айқындалады.
36-бап. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жауапкершiлiгi
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi), сондай-ақ оны өз қарамағына қабылдап алған кезiнен бастап, берген кезiне дейiн берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн мүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
2. Теңiз портына (теңiз терминалының операторына) техникалық операциялар салдарынан келтiрілген залал, оларға:
1) жүк жоғалтылған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалтылған немесе кем шыққан жүк құнының мөлшерiнде;
2) жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған мүлiктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған кезде оның құны мөлшерiнде өтеледi.
3. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) жүк берiлу мерзiмi өтiп кеткен уақыт үшiн жауапкершiлiгi шартта белгіленедi.
37-бап. Мiндеттемелердi қамтамасыз ету
1. Теңiз порты (теңiз терминалының операторы) тиеу-түсiру жұмыстары мен өзге де техникалық операцияларды жүзеге асырғаны үшiн өзiне тиесiлi төлемдердi қамтамасыз ету мақсатында жүктердi ұстап қалып, оны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
2. Теңiз портының (теңiз терминалы операторының) контейнерлердi және (немесе) тасымалдаушыға немесе жөнелтушiге тиесiлi емес, өзге де сол сияқты тасымалдау және буып-түю құралдарын, осы құралдарды жөндеуге немесе жетiлдiруге жұмсалған шығындарды өтеу жағдайларын қоспағанда, сатуға құқығы жоқ.
38-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану кезіндегі шектеулер
Соттардың немесе өзге де құзыреттi органдардың жалпыға ортақ пайдаланудағы теңiз порты мүлкiне тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануы мұндай мүлiктi пайдаланудың әдеттегi тәртібін қамтамасыз етуге тиiс.
7-тарау. Теңіз портындағы мемлекеттік бақылау
39-бап. Порттың теңiз әкiмшілiгi
1. Порттың теңiз әкiмшiлiгi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi болып табылады.
2. Порттың теңiз әкiмшiлiгi мынадай функцияларды:
1) кемелердiң тiзiлiмiн және мемлекеттік тiркелуiн жүргiзудi, тиiстi кеме құжаттарын берудi;
2) кемеге және жасалып жатқан кемеге меншiк құқықтарын, кеме немесе жасалып жатқан кеме кепiлiн және оларға өзге де құқықтарды мемлекеттік тiркеудi, тиiстi құжаттар берудi;
3) кеме экипажының мүшелерiне дипломдар, біліктiлiк куәлiктерiн, олардың берiлгенiне растамалар мен теңiзшi паспортын берудi;
4) кеме құжаттарын, дипломдарды, біліктiлiк куәлiктерiн және дипломдар мен біліктiлiк куәлiктерiне растамаларды тексерудi;
5) кемелердiң портқа кіру және олардың порттан шығу тәртібі туралы талаптардың сақталуына бақылау жасауды;
6) кемелердiң портқа келуiн және олардың порттан шығуын ресiмдеудi;
7) лоцмандық қызмет көрсету жұмысына және кемелер жүрiсiн басқару жүйесiне бақылау жасауды;
8) кемелердi портқа кiрерде және порт айдынының шегiнде мұзжарғыштардың iлестiрiп өтуiне бақылау жасауды;
9) теңiзге батқан мүлiктi көтеріп шығаруға рұқсаттар берудi;
10) портта құрылыс, гидротехникалық және өзге де жұмыстарды жүргiзуге рұқсаттар берудi;
11) уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес кемелердің авариялық оқиғаларын тексерудi;
12) мемлекеттік (кедендiк, шекаралық, санитариялық-карантиндiк, фитосанитариялық, ветеринариялық және басқа) органдардың теңiз порты аумағында орналасатын жерiн белгiлеудi;
13) порттағы құрылыстардың және оларды пайдаланудың техникалық жай-күйiне бақылау жасауды;
14) өртке қарсы бақылау жасауды жүзеге асырады.
40-бап. Теңiз портының капитаны
1. Теңiз портының капитаны порттың теңiз әкiмшiлiгiн басқарады және өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Теңiз портының капитаны қызметiне арнаулы жоғары білімi, капитан дипломы және порттың теңiз әкiмшiлiгiнде кемiнде үш жыл жұмыс стажы бар адам тағайындалады.
3. Порт капитанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган қызметке тағайындайды және қызметiнен босатады.
4. Теңiз портының капитаны өз құзыретi шегiнде:
1) порттағы барлық кемелерге, жеке және заңды тұлғаларға мiндеттi өкiмдер шығаруға;
2) портта тұрған кеменi порт айдыны шегінде апатқа ұшыраған адамдар мен кемелердi құтқару iсiне қатыстыру үшiн тартуға;
3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жазалар қолдануға;
4) кемелердiң мiндеттi түрде лоцмандық алып өтiлуiн белгiлеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда кеменi қарап тексеруге;
6) кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат беруге кедергi жасайтын кемшiлiктердiң жойылуын тексеру мақсатында кемеге бақылаушылық тексеру жүргiзуге;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кеменiң портқа кіруi мен одан шығуы туралы шешiмдер қабылдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.
5. Теңiз портының капитаны:
1) теңiзге шығатын кемелерге бақылау жасауды жүзеге асыруға;
2) кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат беруге;
3) осы Заңда белгiленген жағдайларда кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат беруден бас тартуға;
4) суға батқан мүлiктi алып шығу үшiн белгiленген мерзiмдер туралы мәлiметтердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыруға мiндеттi.
41-бап. Кемелерге бақылау жасау
1. Теңiзге шығатын кемелерге бақылау жасауды жүзеге асыру кезiнде теңiз портының капитаны:
1) кеме құжаттарының болуын;
2) кеменiң негiзгi сипаттамасының кеме құжаттарына сәйкестiгiн;
3) кеме экипажын жинақтауға қойылатын талаптардың сақталуын тексередi.
2. Кеме құжаттары болмаған немесе кеменiң теңiзде жүзу қауiпсiздiгi талаптарын қанағаттандырмайтынына жеткiлiктi негiздер болған жағдайда теңiз портының капитаны кеменi тексерiп қарай алады.
3. Кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат беруге кедергi жасайтын кемшiлiктердің жойылғанын тексеру мақсатында теңiз портының капитаны кеменi бақылап тексеруi мүмкiн.
42-бап. Кемелердің теңiз портынан шығуына рұқсат беру
1. Әрбір кеме теңiз портынан шығуға дейiн бұған теңiз портының капитанынан рұқсат алуға мiндеттi.
2. Теңiз портының капитаны кеменiң теңiз портынан шығуына мына жағдайларда:
1) кеме жүзуге жарамсыз болғанда;
2) тиеуге, жабдықтауға, экипаж жасақтауға қойылған талаптар бұзылғанда немесе кеменiң жүзу қауiпсiздiгiне, кемедегi адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн басқа да кемшiлiктер, сондай-ақ теңiз ортасына залал келтiру қаупi болғанда;
3) кеме құжаттарына қойылатын талаптар бұзылғанда;
4) тиiстi мемлекеттік органдар (кедендiк, шекаралық, санитариялық-карантиндiк, фитосанитариялық және өзге де органдар) нұсқама бергенде;
5) порттың теңiз әкiмшiлiгi алатын порт алымдары төленбегенде рұқсат беруден бас тартады.
43-бап. Кеменi кiдiрте тұру
1. Теңiз портының капитаны құтқару операцияларын жүзеге асыруға, кемелердiң соқтығысуына, порт құрылыстарының, су бассейндерiнiң, кеме жүзетiн жолдар мен навигациялық жағдай құралдарының зақымдануына байланысты немесе өзге де зиян келтiрiлуiне байланысты туындаған талабы бар тұлғаның өтiнiшi бойынша кеменi кеме иесiнің, жүк иесiнiң мiндеттемелерi қамтамасыз етілгенге дейiн кiдіртіп қоюы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында тiзiп келтiрiлген талаптар бойынша кеменi кідiрте тұру туралы өкiм, ресми түрде жұмыс күндерi емес деп қаралатын күндердi қоспағанда, жетпiс екi сағат бойы күшiнде болады. Аталған мерзiм iшiнде кеменi құзыреттi органдар тұтқындамаған жағдайда, ол дереу босатылуға тиiс.
3. Кеменi негiзсiз кiдiртуден келтiрiлген залал үшiн кiдiртiп қоюды талап еткен адам жауапты болады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 44-бап өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
44-бап. Навигациялық жағдай құралдары қолданылатын аймақтағы құрылыс
Теңiз жолдарының навигациялық жағдайының құралдары қолданылатын аймақтағы құрылыс уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының Әскери-теңiз Күштерiнiң гидрографиялық қызметiмен келісілуге тиiс.
8-тарау. Теңіз лоцмандары
45-бап. Кемелердi лоцмандық алып өту
1. Кемелердi лоцмандық алып өту жүзу қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету және кемелердiң оқиғаларға ұшырауын болдырмау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн ережелерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Теңiз лоцмандары ретiнде жұмысқа Қазақстан Республикасының азаматтары, олар уәкiлеттi орган белгiлеген біліктiлiк талаптарына сәйкес болған жағдайда, жiберiлуi мүмкiн.
3. Уәкiлеттi орган кемелердi лоцмандық алып өтудiң мiндеттi аудандары мен мiндеттi емес аудандарын белгiлейдi және мұндай аудандарды теңiз порттары мен лоцияларына жалпыға бірдей ақпарат етiп жеткізеді.
4. Айдындары шектес теңiз порттарындағы кемелердi лоцмандық алып өту тәртібін теңiз порттарының капитандары белгiлейдi.
46-бап. Кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өту
1. Кемелердi лоцмандық алып өту ережелерiне сәйкес мiндеттi лоцмандық алып өтуден босатылатын кемелер санаттарын қоспағанда, кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өту аудандарында кеме лоцмансыз жүзудi жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Лоцмандық алып өтуден босатылатын кемелер санаттары туралы ақпарат теңiз порттарына жалпыға бірдей мәлiмет ретiнде мiндеттi түрде жеткiзiледi.
47-бап. Кемелердi мiндеттi емес лоцмандық алып өту
1. Кемелердi лоцмандық алып өту мiндеттi болып табылмайтын аудандарда кеме капитаны кемеге лоцман алуға құқылы.
2. Кемелердi лоцмандық алып өту мiндеттi емес аудандарда теңiз портының капитаны:
1) кеме немесе ол тасымалдап келе жатқан жүк теңiз ортасына зиян келтiруi мүмкiн болған;
2) кеменiң корпусында, механизмдерiнде немесе жабдықтарында порттағы теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне едәуiр ықпал жасауы мүмкiн елеулi ақаулары болған жағдайларда кемелердi мiндеттi лоцмандық алып өтудi белгілеуге құқылы. Бұл жағдайда кеме капитанына теңiз портының капитаны оның кемесi мiндеттi лоцмандық алып өтуге ерiп отыруға тиiс екендiгi туралы хабарлайды.
48-бап. Кеме лоцманы мен капитанының жауапкершiлiгi
Кемеде лоцманның болуы кеме капитанының кеме басқаруға жауапкершiлiгiн жоққа шығармайды. Лоцман ұсыныстарының дұрыстығына күдiктенуге жеткiлiктi негiздер болған кезде кеме капитаны кеме жүзуiнiң қауiпсiздiгi мақсатында ол лоцманның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқылы. Кеменi лоцмандық алып өту мiндеттi болған жағдайда кеме капитаны лоцманды ауыстыруды талап етуге тиiс.
49-бап. Кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiк үшiн жауапкершiлiк
1. Лоцманның немесе ол қызметкерi болып табылатын ұйымның кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiгi үшiн жауапкершiлiгi осындай қызмет көрсету үшiн төленетiн ақының он есесiне тең сомамен шектеледi.
2. Егер тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiк салдарынан кемеге келтiрiлген залалдар лоцманның немесе ол қызметкерi болып табылатын ұйымның қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасаған әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан болғаны дәлелденсе, лоцман немесе ол қызметкерi болып табылатын ұйым толық көлемiнде жауапты болады.
3. Кеменi тиiсiнше лоцмандық алып өтпегендiгi үшiн кiнәлi лоцман кемелердi лоцмандық алып өту ережелерiнде белгiленген тәртiппен және жағдайларда біліктiлiк дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
9-тарау. Суға батқан мүлік
50-бап. Суға батқан мүлiктi оның меншiк иесiнің шығарып алуы
1. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшінде өзiнiң сол мүлiктi шығарып алу ниетi бар екенiн ең жақын теңiз портының капитанына хабарлауға тиiс.
2. Теңiз портының капитаны суға батқан мүлiктің меншiк иесiнің өтiнiшiн алған күннен бастап үш ай iшiнде суға батқан мүлiктi шығарып алудың тәртібі мен мерзiмiн белгiлейдi. Суға батқан мүлiктің меншiк иесiнiң рұқсат алған кезден бастап бір жыл iшiнде оны шығарып алуды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Егер суға батқан мүлiк теңiзде жүзу қауiпсiздiгiне немесе теңiздi ластау арқылы залал келтiру қатерiн төндiрсе, не судағы биологиялық ресурстар кәсіпшiлiгiн жүзеге асыруға, порт қызметiне және порттағы жұмыстарға кедергi келтiрсе, суға батқан мүлiктің меншiк иесi суға батқан мүлiктi теңiз порты капитанының талабы бойынша және ол белгiлеген ақылға қонымды мерзiмде шығарып алуға, ал қажет болған жағдайда оны аластауға немесе жоюға мiндеттi.
4. Суға батқан мүлiк иесi белгiсiз болған жағдайда теңiз портының капитаны суға батқан мүлiктi шығарып алу үшiн белгiленген мерзiмдер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мәлiмет жариялайды. Егер бұл орайда суға батқан кеменiң туы белгiлi болса, теңiз портының капитаны кеме тиесiлi мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық тұлғасына тиiстi хабар жiбередi.
5. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мәлiмдеме жасамаған немесе мүлiктi осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес шығарып алмаған жағдайда мұндай мүлiктi құрайтын заттар иесiз деп танылады.
51-бап. Порттың теңiз әкiмшiлiгiнiң суға батқан мүлiктi шығарып алуы, аластауы немесе жоюы
1. Порттың теңiз әкiмшiлiгiнің, егер:
1) суға батқан мүлiктiң иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде анықталмаса;
2) меншiк иесi осы Заңның 50-бабының 3-тармағында көзделген мiндеттемелердi орындамаса немесе тиiсiнше орындамаса;
3) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi оны шығарып алу, аластау, жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген техникалық қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн құралдар қолданса;
4) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi анықталмаса, адамдардың өлiмiне, олардың денсаулығына, қоршаған орта мен шаруашылық жүргiзу объектілеріне зиян келтiруге халықты едәуiр материалдық шығынға ұшыратуға және оның тiршiлiк жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн аварияларды, зiлзалаларды немесе апаттарды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдарына сәйкес суға батқан мүлiктi шығарып алуға және қажет болған жағдайда оны аластауға немесе жоюға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда суға батқан мүлiктi шығарып алу, аластау немесе жою мүлiктiң меншiк иесiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер суға батқан мүлiк шығарып алынған кезден бастап бір жылдан аспайтын уақыт өтсе, оның меншiк иесi өзiнiң суға батқан мүлкiн шығарып алуға жұмсаған шығындарын және осыған байланысты басқа да келтiрiлген, оны сақтауға жұмсалған шығындарды өтегеннен кейiн, суға батқан, осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес шығарып алынған мүлiктi талап етуi мүмкiн.
52-бап. Келтiрiлген шығындарды порттың теңiз әкiмшiлiгiнің толық өтеттiру құқығы
Суға батқан мүлiктi шығарып алу, аластау немесе жою осы Заңның 51-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, шығарып алынған кезден бастап бір жыл өткеннен кейiн порттың теңiз әкiмшiлігiнің:
1) суға батқан мүлiктi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатудан түскен соманың есебiнен, оны шығарып алуға және сақтауға кеткен шығындардың орнын толтыруға құқығы бар. Суға батқан мүлiктi сатудан түскен сома, одан шығындар шегерiле отырып, оның меншiк иесiне, ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және осы Заңның 50-бабының 5-бабында көзделген негiздер бойынша меншiк иесi меншiк құқығынан бас тартқан жағдайда - мемлекеттің кiрiсiне берiледi;
2) суға батқан мүлiктiң иесiнен сатудан түскен сомадан асып түсетiн (соның iшiнде мүлiктердi жоюға жұмсалған) шығындарды өтеттiрiп алуға құқығы бар.
53-бап. Суға батып, кездейсоқ шығарып алынған мүлiк (олжа)
Қазақстан Республикасының аумақтық суларында немесе ашық теңiзде сауда мақсатында теңiзде жүзуге байланысты операцияларды жүзеге асыру кезiнде суға батып, кездейсоқ шығарып алынған мүлiк Қазақстан Республикасының ең жақын теңiз портына өткiзiлуге тиiс. Теңiз әкiмшiлiгi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында осындай мүлiкке қатысты көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
10-тарау. Жүкті теңіз арқылы тасымалдау шарты
54-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi белгiленген портқа жеткізуге және жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға (алушыға) беруге мiндеттенедi, ал жөнелтушi немесе алушы жүктi тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге және жүктi қабылдап алуды қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты жүктi теңiз арқылы тасымалдау үшiн бүкiл кеменi, оның бір бөлiгiн немесе кемедегi белгілi бір жайларды (чартер) беру талабымен, сондай-ақ мұндай талап қойылмай жасалуы мүмкiн.
55-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының нысаны
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты коносаментпен, чартермен, теңiз жүкқұжатымен ресiмделедi. Коносаменттiң, чартердiң, теңiз жүкқұжатының нысаны тасымалдау ережелерiмен белгіленедi.
56-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмді шарт
1. Жүк тасымалдауды үнемi жүзеге асыру қажет болған жағдайда тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші жүкті теңіз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасаса алады.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келісілген көлемде табыс етуге мiндеттенедi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдаудың көлемi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалданатын жүктi табыс етудiң басқа да талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де талаптары белгiленедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттағы келісілген жүктi тасымалдау талаптары, егер тараптар өзгеше келісімге келмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына енгiзiлген болып есептеледi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының талаптары жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптарына қайшы келген жағдайда жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының ережесi қолданылады.
3. Коносаментке енгiзiлмеген жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптары, үшiншi тұлға үшiн, егер ол кеменi жалдаушы болмаса, мiндеттi болмайды.
57-бап. Чартердiң мазмұны. Чартер бойынша құқықтар беру
1. Чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, жүктiң тегi мен түрiне сiлтеме, жалдау ақысының мөлшерi, жүктiң тиелген порты, тиелген орны, сондай-ақ кеменің баратын порты немесе бағыты көрсетiлуге тиiс. Тараптардың келісімi бойынша чартерге өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
2. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде кеменi жалдаушы тасымалдаушының келісімiмен жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша үшiншi тұлғаға өз құқығын беруге құқылы. Кеменi жалдаушы, сондай-ақ ол өзiнiң құқығын берген үшiншi тұлға, егер чартерде өзгеше көзделмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындамағаны үшiн тасымалдаушының алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.
58-бап. Чартер мен коносаменттiң арақатынасы
Чартер шартының тарабы болып табылмайтын тасымалдаушы және алушы арасындағы қатынастар коносаментпен айқындалады. Егер коносаментте чартердiң талаптарына сiлтеме жасалса, олар алушы үшiн мiндеттi болады.
59-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша кеменiң теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
1. Тасымалдаушы дер кезiнде, рейс басталғанға дейiн кеменi теңiзде жүзетiн жағдайға келтiруге: кеменiң жүзуге техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, кеменi тиiстi деңгейде жарақтауға, оны экипажбен жасақтауға және не қажеттiнiң бәрiмен жабдықтауға, сондай-ақ трюмдер мен кеменiң басқа да жүк тасымалданатын жайларын жүктi тиiсiнше қабылдауды, тасымалдауды және сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiрiп қоюға мiндеттi.
2. Егер жүктi тасымалдау коносамент негiзiнде жүзеге асырылса немесе коносамент чартерге сәйкес берiлiп, тасымалдаушы мен кеменi жалдаушы болып табылмайтын коносамент ұстаушының арасындағы қатынасты реттейтiн болса, тараптардың осы баптың 1-тармағына қайшы келетiн келісімi жарамсыз болады.
60-бап. Кеменi ауыстыру
Жүк белгiлi бір кемеде тасымалдануға тиiс болған жағдайда, оны тиеу басталғаннан кейiн пайда болған техникалық қажеттердің салдарынан жүктi қайта тиеудi қоспағанда, жүк кеменi жалдаушының немесе жөнелтушiнiң келісімiмен ғана басқа кемеге тиелуi мүмкiн.
61-бап. Кеменiң жүк тиеуге дайын екендiгi туралы хабарлау
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушыға немесе жөнелтушiге, егер ол кеменi жалдаушы болып көрсетiлсе, кеменің жүк тиеуге дайын екенiн немесе белгiлi бір уақытта дайын болатынын жазбаша нысанда хабарлауға мiндеттi. Мұндай хабар кеме тиеу портында немесе осы порт үшiн әдеттегi күту орнында тұрған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген хабар берудің күнi мен сағаты тараптардың келісімiмен, ал келісім болмаған жағдайда - осы порттағы үрдiстермен белгiленедi.
3. Кеме хабарда көрсетiлген уақытта жүк тиеуге дайын болмаған жағдайда, осыған байланысты кеменi жалдаушыға келтiрiлген залалды тасымалдаушы өтеуге тиiс.
62-бап. Жүк тиеу орны
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушы көрсеткен жүк тиелетiн орынға кеменi қоюға мiндеттi. Кеменi жалдаушы жүктi тиеу үшiн қауiпсiз және жарамды, кеме жүзетiн күйiнде тұра алатын орынды көрсетуге тиiс. Егер кеменi жалдаушы көрсеткен орын жүк тиеуге жарамсыз болса немесе бірнеше кеменi жалдаушы жүк тиеуге әртүрлi орын көрсетсе, тасымалдаушы кеменi сол портта әдетте пайдаланып жүрген жүк тиеу орнына қоюға құқылы, бұл туралы кеменi жалдаушыға алдын ала ескертедi.
Кеменi жалдаушы өз есебiнен кеменi басқа жүк тиеу орнына қоюды талап етуге құқылы.
2. Желілік қатынаста жүк тасымалдау кезінде жүк тиелетiн орынды тасымалдаушы белгiлейдi. Егер жүк тиеу аталған порт үшiн әдеттен тыс орында жүргiзiлсе, тасымалдаушы жөнелтушiге жүк тиелетiн орын туралы хабарлайды.
63-бап. Кеменiң берiлу мерзiмi
Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi чартерде келісілген мерзiмде беруге мiндеттi. Кеме аталған мерзiмде берiлмеген жағдайда кеменi жалдаушы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартынан бас тартып, зияндардың өтелуiн талап етуге құқылы.
64-бап. Сталиялық уақыт
1. Сталиялық уақыт тараптардың келісімiмен, мұндай келісім болмаған жағдайда - тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдермен белгiленедi.
2. Сталиялық уақыт жөнелтушiге, кеменi жалдаушыға кеменiң жүк тиеуге дайын екенi туралы хабар жiберiлгеннен кейiнгi келесi күннен бастап жұмыс күндерiмен, сағаттарымен және минуттарымен есептеледi.
3. Тасымалдаушыға байланысты себептер бойынша не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан немесе жүктің сақталуына қауiп төндiретiн немесе оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлардың салдарынан жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.