95-бап. Мәжіліс депутаттарының сайлауы кезiнде қайта дауыс беру
1. Егер сайлау бюллетенiне екеуден артық Мәжіліс депутаттығына кандидаттар енгiзiлсе және олардың бірде-біреуi сайланбай қалса, округтiк сайлау комиссиясы неғұрлым көп дауыс алған екi кандидат бойынша депутат сайлауы жөнiнде қайта дауыс берудi тағайындайды. Кандидаттардың бipeуi шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетенiне неғұрлым көп дауыс алған келесі кандидат енгiзiледi.
2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптары сақтала отырып екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 96-бап өзгертілді
96-бап. Мәжіліс депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса не екi кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу туралы шешiм қабылдайды. Дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде және бастапқы сайлау өткізу үшiн жасалған сайлаушылар тiзiмi бойынша өткiзiледi.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей немесе тиiстi округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мерзiмде өткiзiледi. Қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау өткізу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
4. алынып тасталды
5. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 97-бап өзгертілді
97-бап. Мәжіліс депутаттары сайлауының нәтижелерiн анықтау және жариялау
1. Республиканы тұтас алғанда Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде анықтайды.
2. Мәжіліс депутатының сайлауында:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының елу процентiнен астамының даусын алған;
2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда сайлаушылар даусының көбірек санын алған;
3) алынып тасталды
3. Сайлау қорытындыларын анықтауға және жариялауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 97-1-баппен толықтырылды; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 97-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
97-1-бап. Депутаттық мандаттарды партиялық тiзiмдер бойынша дауыс берудiң қорытындыларына қарай бөлу
1. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының жетi және одан да көп процентiн алған әрбір партиялық тiзiм үшiн біртұтас жалпыұлттық округтiң аумағы бойынша берiлген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жетi проценттiк кедергiден өткен саяси партияны жақтап дауыс берген сайлаушылар дауысының жиынтығы онға біртұтас жалпыұлттық округтiң аумағы бойынша бөлiнетiн депутаттық мандаттар санына бөлiнедi. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.
2. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысқан әрбір партиялық тiзiм алған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлiнедi. Санды бөлу нәтижесiнде алынған тұтас бөлiк партиялық тiзiм құрған тиiстi саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
3. Егер осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргiзiлген iс-әрекеттен кейiн бөлiнбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргiзiледi. Бөлiнбеген мандаттар осы баптың 2-тармағына сәйкес бөлудiң нәтижесiнде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлiгiне (қалдығына) ие болған партиялық тiзiмдерге бір-бірден берiледi. Ең көп қалдық тең болған жағдайда басымдық бұрын тiркелген партиялық тiзiмге берiледi.
4. Депутаттық мандаттар кандидаттарды тиiстi партиялық тiзiмге орналастырудың ретiне қатаң сәйкес бөлiнедi.
5. Партиялық тiзiмдердi құраған саяси партиялар арасындағы депутаттық мандаттарды бөлудiң нәтижесiнде сайланған депутат мерзiмiнен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен нақ сол партиялық тiзiм бойынша сайланған келесi кандидатқа берiледi.
Тиiстi партиялық тiзiмде кандидаттар қалмаған жағдайда Мәжіліс депутаттарының келесi сайлауына дейiн мандат бос қалады.
Саяси партияны тарату не саяси партиядағы мүшелiгiн тоқтату осы партияның партиялық тiзiмi бойынша сайланған Парламент Мәжілісi депутаттарының өкiлеттiгін тоқтату үшiн негiз болып табылады.
Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш және саяси партияның жоғары органы отырысы хаттамасынан үзiндi көшiрме бере отырып, кандидаттардың партиялық тiзiмдегi кезектілігiн өзгертуге құқылы.
ҚР 06.05.99 ж. № 133-I; 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңдарымен 98-бап өзгертілді
98-бап. Мәжіліс депутаттарын тiркеу
1. Орталық сайлау комиссиясы сайланған Мәжіліс депутаттарын округтiк сайлау комиссиялары хаттамаларының негiзiнде тiркейдi.
2. Орталық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы немесе азаматтардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алған болса, Мәжіліс депутаттары сайлауын жарамсыз деп тануы және Мәжіліс депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiнiң қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Мәжіліс депутаттығына кандидаттар сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде шешiм қабылдайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 99-бап өзгертілді
99-бап. Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын және шығып қалған депутаттар орнына сайлау өткізу
1. Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы және шығып қалған депутаттар орнына сайлау осы Конституциялық заңның Мәжіліс депутаттарының кезектi сайлауы үшiн белгiленген ережелерiне сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткізу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Мәжіліс депутаттары өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмi бiтуiне бір жыл қалғанда, шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткiзiлмейдi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 100-бап өзгертілді
100-бап. Конституциялық Кеңестiң Мәжіліс депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi қарауы
1. Республика Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бір бөлiгiнiң, Республика Премьер-Министрінің сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейiн он күн ішінде берiлуi мүмкін ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Мәжіліс депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Бұл жағдайда сайланған Мәжіліс депутаттарын тiркеу ұсынысты қарау уақытына тоқтатыла тұрады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткізуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.
3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған сайлау округтерiнде Мәжіліс депутаттары сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлау округіндегі сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған сайлау округтерiнде екi ай iшiнде қайта сайлау өткізу туралы шешiм қабылдайды.
13-тарау. Республика мәслихаттары депутаттарының
сайлауы
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 101-бап өзгертілді
101-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауын тағайындау
1. Мыналар:
1) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуы заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда кезектi сайлауды;
2) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқталуы кезектен тыс сайлауды;
3) депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқталуы, оны мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғандардың орнына депутат сайлауын тағайындау үшiн негiз болып табылады.
2. Мәслихат депутаттарының кезектi сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттардың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуынан кемiнде үш ай бұрын тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуына кемiнде бір ай қалғанда өткiзiлуге тиiс.
3. Өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Сенат шешiмiнiң негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
4. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар және республика астанасының) сайлау комиссиясы депутаттың мандаты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және одан айырылған не ол қайтыс болған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей тағайындайды.
5. Барлық деңгейдегi мәслихаттар депутаттарының кезектi сайлауы бір мезгiлде өткiзiледi және мерзiмi жөнiнен Президент сайлауына, Парламент Сенаты сайлауына тұспа-тұс келмеуге тиiс.
6. Сайлау күнi туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 102-бап өзгертілді
102-бап. Мәслихаттар депутаттарына қойылатын талаптар
Мәслихат депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуға тиiс.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 103-бап өзгертілді
103-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгiленген тәртiп бойынша тiркелген республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бірлестiктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерi және өзiн-өзi ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады.
2. Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бірлестіктердiң, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуын, әрбір кандидат дауысқа түсетін сайлау округін көрсете отырып, олардың жоғары органдары жүргiзедi. Қоғамдық бірлестiктiң осы қоғамдық бірлестiктің мүшесі болып табылмайтын адамдарды депутаттыққа кандидат етіп ұсынуға құқығы жоқ. Қоғамдық бірлестік не оның құрылымдық бөлiмшесi әрбір сайлау округiнде мәслихат депутаттығына бір ғана кандидат ұсына алады. Mәcлихат депутаттығына кандидаттар ұсыну туралы шешiм республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бірлестіктiң, оның құрылымдық бөлiмшесiнiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамадан үзiндi көшiрмемен ресiмделедi.
3. Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бірлестiк жоғарғы органының шешiмi:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшiмен бірге тиiстi округтiк сайлау комиссиясына жiберiледi.
4. Азаматтардың мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуы өзiн-өзi ұсыну тәртібімен тиiстi округтiк сайлау комиссиясына осы аумақтық сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзiледi.
5. Ешкiм біреуден артық сайлау округiнде кандидат болып ұсыныла алмайды.
6. Сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгiленбесе, депутаттыққа кандидаттар ұсыну, сайлау күнiнен екi ай бұрын басталып, сайлау күнiне бір ай қалғанда аяқталады.
7. Егер кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталған күнi тиiстi сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы тиiсті округтiк сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттар ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
8. Округтiк сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заңда өзiне қойылған талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 104-бап өзгертілді
104-бап. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркеу
1. Депутаттыққа кандидаттарды тiркеудi округтiк сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бірлестiктен ұсынылған кандидатты тiркеу мынадай құжаттар:
1) қоғамдық бірлестiктiң жоғары органының, осы қоғамдық бірлестiктiң әдiлет органдарында тiркелгенi туралы құжаттың көшiрмесi тiркеле отырып, тиiстi сайлау округi бойынша кандидат ұсыну жөніндегі отырысы хаттамасының үзiндiсi;
2) азаматтың өзiн ұсынған қоғамдық бірлестiктен осы сайлау округi бойынша депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшi;
3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер бар болған ретте жүргiзiледi;
4) алынып тасталды
3. Өзiн-өзi ұсынған жағдайда кандидатты тiркеу мынадай құжаттар:
1) осы сайлау округi бойынша кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiшi;
2) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;
3) алынып тасталды
4. Тiркеуге мәслихат депутаттығына кандидаттардың кез келген саны ұсынылады.
5. Мәслихат депутаттығына кандидаттар тiркеу туралы округтiк сайлау комиссиясы хаттама жасайды, ол бес күн мерзiм iшiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына табыс етiледi.
6. Округтiк сайлау комиссиясы:
1) кандидаттарды тiркегеннен кейiн жетiншi күннен кешiктiрмей жергiлiктi баспасөз құралдарында әр кандидаттың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн, сондай-ақ кандидаттың өз қалауына қарай оның қоғамдық бірлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi көрсете отырып тiркеу туралы хабар жариялайды;
2) тiркеген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiктер бередi;
3) мынадай жағдайда:
кандидат ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды табыс етпеген;
кандидат Конституцияда және осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
кандидат өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
кандидат сайлау алдындағы үгітті өзiн тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
кандидаттың және (немесе) оның сенім білдiрiлген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi таратқан фактiсiн сот анықтаған;
сот кандидат пен оның сенім бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнің күшiн жояды;
3-1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңдарына сәйкес кандидаттың немесе оның жұбайының (зайыбының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгі анықталғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
Тiркеуден бас тартуға немесе тiркеудiң күшiн жоюға қатысты кандидаттар тиiстi сотқа шағым жасай алады.
Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi.
7. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе тiркеу туралы шешiмнiң жойылуына қоғамдық бірлестiк немесе кандидаттың өзi аумақтық сайлау комиссиясына немесе сотқа жетi күн мерзiм iшiнде шағым бере алады. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берiлген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде шешiм шығарады.
8. Мәслихат депутаттығына кандидатты тiркеу, егер сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгiленбесе, сайлау күнiнен екi ай бұрын басталып, сайлау күнiне жиырма бес күн қалғанда аяқталады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 105-бап өзгертілді
105-бап. Кандидатурасын алып тастау, мәслихат депутаттығына кандидат етiп ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою
1. Мәслихат депутаттығына кандидат тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi уақытта бұл туралы округтiк сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын қайтып ала алады.
2. Республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бірлестiктiң, қоғамдық бірлестiктiң құрылымдық бөлiмшесiнің жоғары органы тiркеуге дейiнгi және одан кейiнгi уақытта округтiк сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс берiп, мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну туралы шешiмiнiң күшiн жоя алады.
3. Мұндай жағдайларда округтiк сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi немесе кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
4. Егер кандидатурасын алып тастау немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр ететiн себептерсiз жүргiзiлген болса, онда округтiк сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткізуге республикалық бюджеттен жұмсалған қаражаттың бір бөлiгiн кандидаттың немесе оны ұсынған тиiстi қоғамдық бірлестiктiң есебiне жатқызуға хақылы.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 106-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
106-бап. Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшерi
Кандидаттың сайлау қоры:
1) жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ең төменгi жалақының жүз есе мөлшерiнен аспауға тиiс кандидаттың жеке қаражатынан;
2) кандидатқа өзiн ұсынған қоғамдық бірлестiк бөлген, жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ең төменгі жалақының екi жүз есе мөлшерiнен аспауға тиiс қаражаттан;
3) жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ең төменгi жалақының үш жүз есе мөлшерiнен аспауға тиiс Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 107-бап өзгертілді
107-бап. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кандидаттардың шығып қалуы нәтижесiнде тиiстi сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына екiден кем кандидат қалған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы тиiстi округтік сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша өз шешiмiмен сайлау мерзiмiн ұзартады, бірақ ол екi айдан аспауға тиiс.
2. Мұндай жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 108-бап өзгертілді
108-бап. Мәслихат депутатын сайлау кезiнде дауыстарды санау
1. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды, ол дереу округтiк сайлау комиссиясына жiберiледi.
2. Мәслихат депутатын сайлау нәтижелерi учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады. Мәслихат депутаттары сайлауының нәтижелерi туралы округтiк комиссия төрағасы мен мүшелерiнiң қолы қойылып, сайлау өткiзiлген күннен бастап екi күннен аспайтын мерзiмде тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жіберілетін хаттама жасалады.
3. Дауыс беру нәтижесi мен сайлау нәтижесiн анықтаумен байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 109-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
109-бап.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 110-бап өзгертілді
110-бап. Мәслихаттар депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау жарамсыз деп танылса аумақтық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды. Дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде бастапқы сайлауды өткізу үшiн жасалған сайлаушылар тiзiмдерi бойынша өткiзiледi.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта сайлауда жүзеге асыру көзделген сайлау шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн аумақтық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау өткізу туралы жергiлiктi ақпарат құралдарында хабарланады.
4. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 111-бап өзгертілді
111-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап бес күн мерзiмнен кешiктiрмей анықтайды.
2. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылар басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс берген кандидат мәслихаттың сайланған депутаты болып есептеледі.
3. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау мен жариялауға байланысты басқа мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 112-бап өзгертілді
112-бап. Мәслихаттар депутаттарын тiркеу
1. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде сайланған мәслихаттар депутаттарын тiркейдi.
2. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы округтiк сайлау комиссиясының ұсынысы немесе азаматтардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алса, мәслихат депутаты сайлауын жарамсыз деп тануы және мәслихат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл орайда мәслихат депутаттығына кандидаттар аумақтық сайлау комиссиясының осы шешіміне оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде сотқа шағым бере алады, ол он күн iшiнде шешiм қабылдайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 113-бап өзгертілді
113-бап. Мәслихаттар депутаттарының қайта сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын өткізу
1. Мәслихаттар депутаттарының қайта сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауы осы Конституциялық заңда мәслихаттар депутаттарының кезектi сайлауы үшiн белгiленген ережелерге сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткізу мерзiмiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Мәслихат өкiлеттігінің конституциялық мерзімiнiң аяқталуына бір жыл қалғанда шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткiзiлмейдi.
14-тарау. Қазақстан Республикасының жергiлiктi
өзiн-өзi басқару органдарына сайлау
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
114-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлау тағайындау
1. Мыналар:
1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының заңмен белгiленген өкiлеттiгi мерзiмiнiң аяқталуы сайлау тағайындауға;
2) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, оның мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғанның орнына мүше сайлауын тағайындауға негiз болып табылады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының сайлауын аумақтық сайлау комиссиясы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде екi ай бұрын тағайындайды және олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiне кемiнде бір ай уақыт қалғанда өткiзiлуге тиiс.
Сайлауларды өткізу тәртібін Орталық сайлау комиссиясы осы Конституциялық заңға сәйкес айқындайды.
3. Сайлау күнi туралы хабар жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 115-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
115-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне қойылатын талаптар
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшесi болып сайлану үшiн азамат Қазақстан Республикасының тиiстi заңымен белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ оның Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес сайлану құқығы болуға тиiс.
116-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезіндегі сайлау округтерi мен сайлау комиссиялары
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде:
1) халық топтары жинақы тұратын ауылдық және қалалық жергiлiктi қауымдастықтардың аумақтары сайлау округтерi болып табылады.
2) округтiк сайлау комиссиясының қызметiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы атқарады.
3) сайлауды ұйымдастыру мен өткізудi учаскелiк сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 117-бап өзгертілді
117-бап. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар ұсыну
1. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар ұсыну құқығы сайлау құқығы бар әрi ауылдық және қалалық жергiлiктi қауымдастықтарда жинақы тұратын кемiнде елу азамат болған жағдайда құқылы азаматтар жиналысында, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен азаматтарда болады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына кандидаттар ұсыну туралы шешiмдi жиналысқа қатысқан азаматтар санының көпшiлiк даусымен қабылданады, ол тиiстi хаттамамен ресiмделедi.
3. Азаматтар жиналысының шешiмi:
1) ұсынылған кандидаттың назарына жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келісімi туралы өтiнiшiмен бірге тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жiберiледi.
4. Азаматтардың жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар ұсынуы өзiн-өзi ұсыну тәртібімен тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне тиiстi ауылдық немесе қалалық жергiлiктi қауымдастық аумағы бойынша кандидат болып дауысқа түсу ниетi туралы өтiнiш беру жолымен жүргiзiледi.
5. Осы ауылдық немесе қалалық жергiлiктi қауымдастық аумағында тұрмайтын азамат жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат болып ұсыныла алмайды.
6. Ұсынылатын кандидаттар саны шектелмейдi.
7. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiнгi келесi күннен басталып сайлау күнiнен он төрт күн бұрын аяқталады.