235-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушының бюджет жарнасына жатқызылуға тиiс салық сомасын анықтау кезiнде, негiзгi құралдарды қоса алғанда, алынған тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, сондай-ақ, егер мынадай шарттар орындалса:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы осы Кодекстiң 207-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын төлеушi болып табылса;
2) тауар берушi Қазақстан Республикасының аумағында өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) шот-фактурасын немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес берілетін басқа да құжат табыс еткен болса. Егер тауар берушi осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығының төлеушiсi болып табылмаса, осы баптың 2-тармағына сәйкес берілетін шот-фактура немесе басқа құжат "ҚҚС жоқ" белгiсімен жазылады;
3) тауарлар импорты жағдайында - қосылған құн салығы бюджетке төленген болса;
4) осы Кодекстiң 221-бабында көзделген жағдайларда - қосылған құн салығын төлеу жөнiндегі салық мiндеттемесi орындалса, олар үшiн төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
1-1. Лизинг берушінің қаржы лизингіне беруге жататын мүлікті сатып алуымен байланысты шығыстары салық салынатын айналымның мақсаты үшін шеккен шығыстар ретінде қарастырылады.
2. Мыналар:
1) осы тармақтың 1-1), 1-2) және 1-3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы бөлiп көрсетiлген шот-фактуралар бойынша өнiм берушi төлеуге тиiс салық сомасы;
1-1) оларда қосылған құн салығымен бөліп көрсетіле отырып ұсынылған шот-фактуралар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар төлеуге жататын, бірақ осы Кодекстің 245-бабының 1-тармағында белгіленген ставкадан аспайтын салық сомасы;
1-2) осы Кодекстің 242-бабының 5-1-тармағына сәйкес қаржы лизингi шарты бойынша (қайтарымды лизинг шартын қоспағанда) жазылған шот-фактуралар бойынша төлеуге жататын, бірақ осы Кодекстің 217-бабының 8-тармағына сәйкес лизинг берушінің айналым жасау күніне айқындалатын салық салынатын айналым мөлшеріне келетін салық сомасынан аспауға тиіс салық сомасы;
1-3) қайтарымды лизинг шарттары бойынша осы Кодекстiң 242-бабының 5-1-тармағына сәйкес жазылған шот-фактуралар бойынша төленуге тиiс салық сомасы;
2) Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес ресiмделiп, кедендiк жүк декларациясында көрсетiлген және белгiленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бюджетiне төленген және кеден режимiнiң шарттарына сәйкес қайтарылуға жатпайтын салық сомасы;
3) осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес қосылған құн салығының төленгенін растайтын төлем құжатында немесе салық органы берген құжатта көрсетiлген салық сомасы;
4) темір жол немесе әуе көлiгінде тасымалдаушының салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрiн көрсете отырып берiлетiн жол жүру билетiнде жеке жолмен бөлiнген салық сомасы;
5) есеп айырысулары банктер арқылы жүргiзiлетiн, коммуналдық қызметтер көрсетушi қолданатын құжаттарда көрсетiлген салық сомасы;
6) осы Кодекстiң 208-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, осы баптың тиiстi тармақшаларына сәйкес расталған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша есепке қойылған күнге жасалған тауарлардың қалдықтарын түгендеу тiзiмдемеде көрсетiлген салық сомасы;
7) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) қолма-қол есеп айырысу арқылы сатып алған жағдайда, бақылау-касса машинасының чегiнде көрсетiлген салық сомасы осы баптың 1-тармағына сәйкес есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы болып табылады.
3. Халықаралық шартқа сәйкес оларға қатысты тауарлардың экспорты мен импортына салық салудың өзгеше тәртібі қолданылатын, Қазақстан Республикасына импортталатын тауарларды берушiлерге төленуге тиiс қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен есепке жатқызылады.
4. Қосылған құн салығы осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) алынған салық кезеңiнде есепке жатқызылады.
Егер осы баптың 4-1-тармағында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес төленген жағдайда, төленген салық қосылған құн салығын төлеу жөніндегі салық мiндеттемесi орындалған салық кезеңiнде есепке жатқызылады.
4-1. Егер шот-фактураның жазбасы осы Кодекстің 242-бабының 4-тармағында көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өткізу бойынша айналым жасау күнінен кейін жүзеге асырылса, қосылған құн салығы шот-фактура жазу күнінің сол салық кезеңінде есепке жатқызылады.
5. Қосылған құн салығын төлеушiде салық салынатын және салық салынбайтын, оның iшiнде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар болған кезде, қосылған құн салығы осы Кодекстің 239-бабында көзделген тәртiппен есепке жатқызылады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 235-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
236-бап. Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы
Қосылған құн салығы, егер:
1) қосылған құн салығын төлеушiнiң кәсiпкерлiк қызметiне жатпайтын шаралар өткізумен байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi);
2) қонақүй ретiнде пайдаланылатын ғимараттарды қоспағанда, тұрғын үй қорындағы ғимараттарды (ғимараттың бiр бөлiгiн);
3) негізгi құралдар ретiнде сатып алынған жеңiл автомобильдердi;
4) жалдау шартына сәйкес жөндеу шығыстарын жалға берушi өтеген және жөндеудi жүзеге асырған жалға алушының салық салынатын айналымы болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй қорындағы жалға алынған ғимараттарды жөндеуге пайдаланылған тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетудi);
5) өтеусiз алынған мүлiктi (тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi), осындай мүлiк Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден әкелiнген және осы мүлiктi алушы импорт кезiнде қосылған құн салығын төлеген жағдайларды қоспағанда, алумен байланысты төленуге тиiс болса, есепке жатқызылмайды.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 237-бап өзгертілді
237-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
1) салық салынатын айналым мақсаттарында пайдаланылмаған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша;
2) негiзгi құралдарды қоса алғанда, тауарлар бүлiнген, жоғалған жағдайда (төтенше жағдайлар салдарынан туындаған реттердi қоспағанда), олар бойынша;
Негізгі құралдар бүлінген, жоғалған жағдайда, қосылған құн салығы негізгі құралдардың теңгерім құнына жататын құн бөлігінің есебінен алып тасталады;
3) табиғи монополиялар субъектiсi нормативтен тыс шеккен шығыстар бойынша;
4) осы Кодекстiң 242-бабында белгiленген ережелер сақталмаған жағдайда есептен шығарылып тасталуға тиiс.
2. Осы баптың мақсаттары үшiн тауардың (мүлiктiң) барлық немесе жекелеген сапасының (өзiндiк қасиеттерiнiң) нашарлауы, соның салдарынан осы тауардың (мүлiктің) салық салынатын айналым мақсатында пайдалануға келмей қалуы тауардың (мүлiктiң) бүлiнуiн бiлдiредi.
Салдары тауардың (мүлiктiң) жойылуына және (немесе) ысырап болуына әкеп соққан оқиға тауардың (мүлiктің) жоғалуы деп ұғынылады. Салық төлеушi табиғи залалдың Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нормалар шегiнде шеккен тауар (мүлiк) ысырабы жоғалту болып табылмайды.
3. Осы Кодекстiң 218-бабының 2-тармағында аталған жағдайларда алынған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) құны өзгерген кезде, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы тиiсiнше түзетiледi.
4. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осы баптың 1 және 3-тармақтарында аталған жағдайлар туындаған нақ сол салық кезеңiнде жүргiзiледi.
238-бап. Күмәндi мiндеттемелер бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасын түзету
1. Тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша күмәндi мiндеттеме сомасын табысқа енгiзген кезде осындай тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы, ол есепке жатқызылған кезден бастап үш жыл өткен соң есептен шығарып тасталуға тиiс.
Егер қосылған құн салығы шығарып тасталғаннан кейiн қосылған құн салығын төлеушi тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн ақы төлеген жағдайда, осы аталған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша салық сомасы сол ақы төленген салық кезеңіндегі есепте қалпына келтiрiлуге тиiс.
2. Қосылған құн салығын өнiм берушi-төлеушi банкрот деп танылған жағдайда, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомаларын есептен шығарып тастау банкрот деп танылған қосылған құн салығын өнiм берушi-төлеушiнi заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмiнен алып тастау туралы әдiлет органдарының шешiмi шығарылған салық кезеңiнде жүргiзiледi.
3. Күмәндi мiндеттемелер ұғымы осы Кодекстiң 84-бабына сәйкес анықталады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 239-бап өзгертілді
239-бап. Қосылған құн салығы салынбайтын өткізу бойынша айналымдар болған кезде қосылған құн салығын есепке жатқызу тәртібі
1. Салық салынбайтын айналымдар мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша өнiм берушiге төленуге тиiс және импорт бойынша қосылған құн салығы есепке жатқызылмайды.
2. Салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар болған кезде қосылған құн салығын төлеушiнiң таңдауы бойынша барабарлық немесе бөлек есептеу әдiсiмен анықталған қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылады.
Есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтаудың таңдап алынған әдiсi күнтiзбелiк жыл iшiнде өзгертiлмеуге тиiс.
3. Осы бапқа сәйкес есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы салық салынатын табысты анықтау кезiнде осы Кодексте белгiленген тәртіппен шегерiмге жатқызылады.
240-бап. Барабарлық әдiсi
1. Есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы барабарлық әдiс бойынша салық салынатын айналымның жалпы айналым сомасындағы үлес салмағына қарай анықталады.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшiн бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операцияларды жүзеге асыру кезiнде бағалы қағаздарды өткізу кезiнде алынған өсiм өткізу бойынша айналымға қосылады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 241-бап өзгертілді
241-бап. Бөлек есептеу әдiсi
1. Бөлек есептеу әдiсi бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтау кезiнде, қосылған құн салығын төлеушi алған, салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша шығыстар мен қосылған құн салығының сомалары бойынша бөлек есеп жүргiзедi.
2. Есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн пайдаланатын банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және микрокредиттiк ұйымдардың кепiлдегi мүлiктi (тауарларды) алуға және өткізуге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдiсiн қолдануға құқығы бар.
3. Қаржы лизингiне мүлiктi берген кезде есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн пайдаланатын лизинг берушінің қаржы лизингiне мүлiктi беруге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдiсiн қолдануға құқығы бар.
39-тарау. Шот-фактура
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Шот-фактура
1. Шот-фактура осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық қосылған құн салығын төлеушiлер үшiн мiндеттi құжат болып табылады.
2. Қосылған құн салығы салынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткізудi жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушi аталған тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы тұлғаға, осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы көрсетiлген шот-фактураны беруге мiндеттi.
3. Осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшiн негiздеме болып табылатын шот-фактурада:
1) шот-фактураның реттiк нөмiрi мен толтырылған күнi;
2) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушi мен алушының тегi, аты, әкесiнiң аты не толық атауы, мекен-жайы және тiркеу нөмiрi, сондай-ақ өнiм берушiнiң қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғаны туралы куәлiктiң нөмiрi;
3) өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) атауы;
4) салық салынатын айналымның мөлшерi;
5) қосылған құн салығының ставкасы;
6) қосылған құн салығының сомасы;
7) қосылған құн салығы ескерiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны көрсетiлуге тиiс.
4. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кешiктiрiлмей жазылады және берушiнiң басшысы мен бас бухгалтерiнің, не осыған уәкiлеттi өзге де лауазымды адамдардың қолымен куәландырылады.
Қосылған құн салығы салынатын электр энергиясын, су, газ сатуды, байланыс қызметтерін, коммуналдық қызмет көрсетулерді, темір жол тасымалдарын, көлік-экспедиторлық қызмет көрсетуді, банк операцияларын жүзеге асыратын салық төлеушілер салық кезеңінің қорытындысы бойынша шот-фактуралар жазып беруге құқылы.
5. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, салық салынатын айналымның мөлшерi шот-фактурада тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) әрбiр атауы бойынша бөлек көрсетiледi.
Егер мұндай шот-фактураға өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) тiзбесi көрсетiлген құжат қоса тiркелген болса, айналымның жалпы мөлшерiн көрсетуге жол берiледi.
Бұл ретте шот-фактурада құжаттың нөмiрi мен күнiне, сондай-ақ оның атауына сiлтеме болуға тиiс.
5-1. Лизинг беруші өзі беретін лизинг нысанасына жазатын шот-фактурада салық салынатын айналым мөлшері оған сыйақы және қосылған құн салығы сомалары енгізілместен қаржы лизингінің шартына сәйкес барлық лизинг төлемдерінің жалпы сомасы ескеріле отырып көрсетіледі.
5-2. Жүкті жөнелтушілер немесе алушылар үшін жүктерді тасымалдауға шот-фактураның жазбасын, егер аталған тасымалдау көлік экспедициясы шартына сәйкес жүргізілсе, экспедитор жүзеге асырады. Мұндай шот-фактураларда салық салынатын айналымның мөлшері тасымалдаушылар және басқа да жеткізушілер көлік экспедициясы шартының шеңберінде орындаған және көрсеткен жұмыстар мен қызметтер құны ескеріле отырып көрсетіледі.
Осы тармаққа сәйкес шот-фактуралардың жазбасы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген тәртiппен және нысан бойынша шот-фактуралар жазады.
Осы тармақта көрсетiлген қосылған құн салығын төлеушiлер осы Кодекстiң 388-бабының 2-тармағына сәйкес табыс бойынша есептелген салық сомасынан аспайтын жалпы сомаға қосылған құн салығын қоса отырып шот-фактуралар жазады.
7. Сыртқы сауда келісім-шарттары бойынша тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткізу жағдайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны және қосылған құн салығының сомасы шот-фактурада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiледi.
8. Шот-фактураны ресiмдеу мынадай жағдайларда:
1) бухгалтерлiк есеп жүргiзуде негiздеме болатын бастапқы құжаттарды қолдана отырып, банктер арқылы халыққа көрсетiлген коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтерi үшiн есеп айырысуды жүзеге асырғанда;
2) жолаушыларды тасымалдау жол билеттерiмен ресiмдегенде;
3) қолма-қол есеп айырысу арқылы халыққа тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзген жағдайда, сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегiн берген кезде;
4) қосылған құн салығынан босатылатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) табыс еткен кезде талап етiлмейдi.
243-бап. Салық салынатын айналым түзетiлген кезде шот-фактуралар жасау
1. Салық салынатын айналым мөлшерiн түзету кезiнде қосымша шот-фактура жасалады, онда:
1) қосымша шот-фактураның рет нөмiрi мен жасалған күнi;
2) қосымша шот-фактурасы жасалатын шот-фактураның рет нөмiрi мен жасалған күнi;
3) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушi мен алушының атауы, мекен-жайы және тiркеу нөмiрi;
4) қосылған құн салығын есепке алмай, салық салынатын айналымды түзету мөлшерi;
5) қосылған құн салығының сомасы көрсетiледi.
2. Қосымша шот-фактураны тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушi жасайды және аталған тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы растайды.
40-тарау. Салықты есептеу және төлеу тәртібі
244-бап. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы
Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 245-бабына сәйкес салық салынатын айналым бойынша есептелген қосылған құн салығының сомасы мен осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес есепке жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретiнде анықталады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 245-бап өзгертілді
245-бап. Қосылған құн салығының ставкалары
1. Қосылған құн салығының ставкасы 15 процентке тең болады және осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық салынатын айналым мөлшерiне қолданылады.
2. Осы Кодекстiң 222-224-баптарында аталған тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткізу бойынша айналымдарға қосылған құн салығы нөлдiк ставка бойынша салынады.
3. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, салық салынатын импорт бойынша қосылған құн салығының ставкасы осы Кодекстiң 220-бабында белгiленген салық салынатын импорт мөлшерiнiң 15 процентiне тең болады.
Жеке тұлғалар оңайлатылған тәртiппен өткiзетiн тауарлар импорты кезiнде қосылған құн салығын осы Кодекстiң 516-бабының 2-тармағына сәйкес жиынтық кедендiк төлем құрамында төлей алады, оның мөлшерi Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалады.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 246-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
246-бап. Салық кезеңi
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi күнтiзбелiк ай болып табылады.
2. Егер алдыңғы тоқсан үшiн бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығының орташа айлық сомасы 1000 айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, онда салық кезеңi тоқсан болып табылады.
3. Егер күнтiзбелiк ай iшiнде есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы есептелген салық сомасынан асып түскен жағдайда, қосылған құн салығын төлеушi дербес айқындаған күнтiзбелiк ай не тоқсан салық кезеңi болып табылады.
4. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер үшiн аталған арнаулы салық режимiнiң күшi қолданылатын қызметтi жүзеге асырудан бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi салық жылы болып табылады.
Басқа да қызмет түрлерiн жүзеге асырудан бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi осы баптың 1-3-тармақтарына сәйкес айқындалады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II Заңымен 247-бап өзгертілді
247-бап. Салық декларациясы
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеушi әрбiр салық кезеңi үшiн қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
2. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер әр тоқсан үшiн қосылған құн салығы бойынша декларацияны есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
3. Декларациямен бiрге салық кезеңi iшiнде (осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда - есептi тоқсан iшiнде) сатып алынған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша шот-фактуралардың тiзiлiмi табыс етiледi. Шот-фактуралар тiзiлiмiнiң нысанын уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлейдi.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 248-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
248-бап. Қосылған құн салығын төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы Кодекстің 389-бабында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеушi қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн мерзiмi белгiленген күнге дейiн немесе сол күнi бюджетке әрбiр салық кезеңi үшiн салық төлеуге мiндеттi.
2. Осы Кодекстің 250-бабында аталған жағдайларда салық төлеушi төлеуге тиiс қосылған құн салығын қоспағанда, импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы уәкiлеттi мемлекеттік органмен келісім бойынша кеден iсi мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, кеден төлемдерiн төлеу үшiн Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген күнi төленедi.
3. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмi осы Кодекстiң 249-бабында белгiленген тәртiппен өзгертiлуi мүмкін.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-II; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 249-бап өзгертілді
249-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту
1. Салық органдары егер:
1) импортталатын тауарлар өнеркәсiптiк ұқсатуға арналған;
2) су, газ, электр энергиясы импортталатын тауарлар болып табылған жағдайларда импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгертедi.
2. Осы баптың мақсаты үшiн, егер бұл орайда төменде аталған шарттардың ең болмаса бiреуi орындалатын болса:
1) өндiрiстiк ұқсатудан кейiн алынған өнiмде (тауарда) пайдаланылған тауарлардан өзгеше алғашқы кез келген төрт белгi деңгейiнде сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды болса;
2) өндiрiс процесiнде тауарларға қосымша еңбек пайдаланыла отырып, химиялық әсер жасалса, өндiрiс процесiнде тауарларды одан әрi пайдалану оларды өнеркәсiптiк ұқсату деп ұғылады.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту өсiмпұл есептелмей, кеден органы кедендiк жүк декларациясын қабылдаған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiмге жасалады.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту мына құжаттар:
уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша өтiнiш;
тауарларды беруге арналған шарттың (келісім-шарттың) көшiрмесi негiзiнде жасалады.
Төлеу мерзiмiн өзгертуге құқығын растау үшiн салық органдары қосылған құн салығын төлеушiнiң өндiрiстiк қуаттарын және үй-жайларын тексерiп қарауға құқылы.
5. Уәкiлеттi мемлекеттік орган өнеркәсiптiк ұқсату үшiн үнемi импорт бойынша тауарларды алып тұратын қосылған құн салығын төлеушiлерге, қосылған құн салығын өзгертiлген мерзiмдер бойынша төлеткiзе отырып, тауарларды кедендiк ресiмдеудi жүзеге асыруы үшiн күнтiзбелiк жыл iшiнде қолданылатын рұқсат бередi.
Осы тармақта көзделген рұқсат, қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн кеден органы кедендiк жүк декларациясын қабылдаған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiмге өзгерте отырып, тауарларды кедендiк ресiмдеуге негiздеме болып табылады.
Рұқсат алу үшiн уәкiлеттi мемлекеттік органға осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеушiнің тiркелген жерi бойынша салық органының оның өндiрiстiк қуаттары мен үй-жайларының бар-жоғы жөніндегі қорытындысы табыс етiледi.
5-1. Салық органдары осы баптың 1-тармағында көрсетiлген импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту туралы шешiмдi қосылған құн салығын төлеушiден өтiнiш пен осы бапта белгiленген растау құжаттарын алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қабылдайды.
6. Төлеу мерзiмдерi осы бапқа сәйкес өзгертiлген салық сомаларын өтеудi үш айлық кезең iшiнде салық органдары өткiзiлген тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетуге) қатысты қосылған құн салығы бойынша бюджетпен өзара есепке жатқызу әдiсiмен жүргiзедi.
Өтелмеген берешектiң сомасына аталған үш айлық кезең аяқталғаннан кейiнгi бiрiншi күннен бастап өсiмпұл есептеледi.