"Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының
2002 жылғы 15 қаңтардағы № 280-ІІ Заңы
1-бап. "Мемлекеттік статистика туралы" 1997 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 9, 91-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
1. Заңның бүкiл мәтiнi бойынша:
"статистикалық жұмыстардың жоспары", "статистикалық жұмыстар жоспарын", "статистикалық жұмыстар жоспарында", "статистикалық жұмыстар жоспарына", "статистикалық жұмыстар жоспарларына" деген сөздердегi "статистикалық" деген сөз бас әрiппен жазылсын;
қазақша мәтiн өзгерiссiз қалдырылсын;
"орталық атқарушы", "өзге де орталық атқарушы" деген сөздер тиiсiнше "мемлекеттік" деген сөзбен ауыстырылсын;
"заңды және жеке" деген сөздер "жеке және заңды" деген сөздермен ауыстырылсын.
2. 1 және 2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi жеке тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын заңды тұлғалардың-резидент еместердiң филиалдары мен өкiлдiктерiне (бұдан әрi - заңды тұлғалар) қолданылады.
Осы Заң Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтiк, демографиялық және экологиялық (бұдан әрi - әлеуметтiк-экономикалық) салаларында болып жатқан құбылыстар мен процестер туралы статистикалық деректер жинаудың, өңдеудiң және таратудың негiзгi принциптерiн айқындайды.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
ведомстволық статистикалық байқаулар - Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүргiзетiн байқаулар;
мемлекеттік статистика - мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын бiрыңғай статистикалық ақпарат жүйесi;
мемлекеттік статистикалық есептiлiк - жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар, бұл орайда жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi хабарланатын мәлiметтердiң берiлуi мен дұрыстығына жауапты адамдар қол қойған есептердi мемлекеттік статистика органдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ұсынады;
статистикалық байқау - әлеуметтiк-экономикалық өмiрдiң құбылыстары мен процестерi туралы деректердi алдын ала әзiрленген бағдарлама бойынша тiркеу арқылы жоспарлы түрде, ғылыми ұйымдастырып жинау. Мемлекеттік статистикалық байқаулар жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулардан тұрады;
жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар - уәкiлеттi орган жүргiзетiн байқаулар;
бастапқы статистикалық ақпарат - статистикалық байқау жүргiзiлген кезде мемлекеттік статистика органдарына статистикалық мақсаттарда пайдалану үшiн табыс етiлген нақты жеке тұлға, заңды тұлға және оның құрылымдық бөлiмшесi туралы деректер;
Статистикалық жұмыстар жоспары - Мемлекеттік статистиканы жетiлдiру бағдарламасы негiзiнде әзiрленiп, уәкiлеттi орган ұйымдастыратын мемлекеттік статистикалық байқаулар мен басқа да статистикалық жұмыстардың толық тiзбесi;
статистикалық байқау бағдарламасы - байқау жүргiзудiң мақсаты мен мiндеттерi, деректер жинау жүзеге асырылатын көрсеткiштердiң (сұрақтардың) тiзбесi, нысан, сұрақтама, сауалдама, санақ парағы, есепке алу мөрқағазы және басқа (бұдан әрi - статистикалық нысандар) түрiнде ұсынылған, оларды есептеп шығарудың әдiстемесi және статистикалық байқау жүргiзу жөніндегі нұсқаулықтар;
тарату - құпия болып табылмайтын статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың, осы ақпаратты пайдалану нысандары мен құралдарына қарамастан, оған қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқаулар - жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық байқаулар, бұл ретте бастапқы статистикалық ақпаратты жинау есептер негiзiнде емес, басқа тәсiлдермен жүзеге асырылады. Бастапқы статистикалық ақпаратты жинау тәсiлi бойынша сауалдамалық, декларациялық, корреспонденттiк және инспекциялық байқаулар, есепке алу және санақ жүргiзу болып бөлiнедi;
статистикалық қызмет - қоғамдағы бұқаралық сипаты бар құбылыстардың сандық деректерiн статистикалық стандарттар негiзiнде жинауға, өңдеуге және таратуға байланысты қызмет;
мемлекеттік статистикалық байқаулардың типтерi - мемлекеттік статистикалық есептiлiк және арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқаулар;
уәкiлеттi орган - мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын, өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын орталық атқарушы орган.".
3. 3-бапта:
1) үшiншi және төртiншi бөлiктер мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының статистика саласындағы мемлекеттік саясаты әдiснамалық тұтастық және орталықтандыру принциптерiне құрылады. Уәкiлеттi орган мемлекеттік органдардың статистикалық қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады және мемлекеттік статистикалық байқаулар жүйесiнде жетекшi орын алады. Уәкiлеттi органға қарағанда мемлекеттік органдар неғұрлым дұрыс статистикалық көрсеткіштерді әзiрлеудi қамтамасыз ететiн болған жағдайда, мемлекеттік органдар статистикалық байқаулар өткiзедi.
Заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жеке тұлғалардың бастапқы статистикалық ақпаратты ұсынуы мiндеттi болып табылады және өтеусiз негiзде жүзеге асырылады.";
2) мынадай мазмұндағы бесiншi бөлiкпен толықтырылсын:
"Мемлекеттік статистикалық байқаулардың жалпы санын Қазақстан Республикасының Үкіметі Статистикалық жұмыстар жоспары мен жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептiлiк нысандарының тiзбелерiн бекіту арқылы бақылайды. Уәкiлеттi орган мен басқа да мемлекеттік органдар мемлекеттік статистикалық есептiлiк жинауды жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептiлiк нысандарының бекітілген тiзбесi шегiнде жүзеге асырады.".
4. 5-баптың тақырыбы мен бiрiншi бөлiгiнде "статистика" деген сөздiң алдынан "мемлекеттік" деген сөзбен толықтырылсын.
5. 6-бапта:
1) тақырыптағы "Статистика" деген сөз кiшi әрiппен жазылып, алдынан "Мемлекеттік" деген сөзбен толықтырылсын;
2) баптың мәтiнiнде "ұйымдар арасындағы" деген сөздерден кейiн "мемлекеттік" деген сөзбен толықтырылсын, "заңдарда белгiленген тәртiппен" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен" деген сөздермен ауыстырылсын.
6. 8-бапта:
1) бiрiншi бөлiктiң екiншi сөйлемi мынадай редакцияда жазылсын:
"Статистикалық есеп жүргiзудiң әдiснамасы мен әдiстемесi мәселелерiнде тәуелсiз болады, өзiнiң аумақтық бөлiмшелерiне басшылық жасауды жүзеге асырады, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметiн үйлестiредi.";
2) үшiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:
"Уәкiлеттi органның статистиканы ұйымдастыру жөніндегі нормативтiк құқықтық актілері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жеке тұлғалар үшін, сондай-ақ заңды тұлғалар үшiн мiндеттi.";
3) төртiншi бөлiктiң екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"статистикалық байқаулар бағдарламаларын бекіту негiзiнде мемлекеттік органдардың статистикалық қызметiн үйлестіреді;";
4) төртiншi бөлiктiң төртiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"мемлекеттік статистика мәселелері жөнiнде нормативтік құқықтық актiлер шығарады.".
7. 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"9-бап. Мемлекеттік статистикалық тiркелiм
Мемлекеттік статистикалық тiркелiм статистикалық есеп жүргiзудiң құралы болып табылады және онда статистикалық есеппен қамтылған барлық жеке және заңды тұлғалар туралы қысқаша әкiмшiлiк және экономикалық ақпарат болады. Оны жүргізудi халықаралық стандарттарға сәйкес уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
Жеке және заңды тұлғалар туралы тiркелiмдер мен ақпараттық деректер базаларын жасайтын және жүргiзетiн мемлекеттік органдар мен олардың бағынысындағы ұйымдар мемлекеттік статистика органдарына бiрыңғай Мемлекеттік статистикалық тiркелiмдi қалыптастыруға және оған көкейкестi сипат беруге қажеттi ақпаратты тегiн бередi.".
8. Мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:
"9-1-бап. Елдi мекендерде әр шаруашылық бойынша есеп жүргiзу
Әр шаруашылық бойынша есеп жүргiзу ауылдық жерлерде тұратын жеке тұлғаларды, сондай-ақ тұратын жерiне қарамастан жеке үй (қосалқы) шаруашылығы бар жеке тұлғаларды мемлекеттік статистикалық байқау болып табылады.
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкімі әр шаруашылық бойынша кiтаптарға тiркеу жазбаларын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражат есебiнен жүргiзудi ұйымдастырады. Уәкiлеттi орган әр шаруашылық бойынша есеп жүргiзудi әдiснамалық тұрғыдан басқаруды жүзеге асырады және осы есептiң деректерін тиісті статистикалық көрсеткiштер түзу үшін пайдаланады.".
9. 10-бапта:
1) екiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"Статистикалық жұмыстар жоспарында белгiленген мөлшерде және мерзiмдерде заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнен шынайы мемлекеттік статистикалық есеп-қисапты тегiн алуға;";
2) мынадай мазмұндағы бесiншi, алтыншы, жетiншi және сегiзiншi абзацтармен толықтырылсын:
"мемлекеттік статистикалық байқаулар бағдарламаларын әзiрлеуге және бекітуге;
Мемлекеттік статистикалық тiркелiм жүргiзу үшiн, сондай-ақ мемлекеттік органдар қалыптастыратын жиынтық статистикалық деректердi қайталамайтын статистикалық деректердi түзу үшiн мемлекеттік органдардан бастапқы статистикалық ақпаратты, сондай-ақ орындайтын функцияларына қарай оларда болатын басқа да ақпаратты алуға;
жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларды бастапқы және статистикалық есепке қою iсiн бақылауды жүзеге асыруға;
мемлекеттік тапсырыс шеңберiнде жекелеген статистикалық жұмыстар жүргiзудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаржыландыруды жүзеге асыруға;".
10. 11-бапта:
1) мынадай редакциядағы үшiншi абзацпен толықтырылсын:
"әдiстемелiк нұсқаулықтардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;";
2) үшiншi абзацтағы "мемлекеттік статистикалық байқаулар" деген сөздер "жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) алтыншы абзацтағы "статистикалық есептiлiк" деген сөздер "статистикалық нысандар" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) сегiзiншi абзацтағы "қолданылып жүрген заңдарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының заңдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;", "сақтауға" деген сөзден кейiн нүктелi үтiр қойылып, "мiндеттi." деген сөз алып тасталсын;
5) мынадай редакциядағы тоғызыншы абзацпен толықтырылсын:
"статистика саласында ғылыми-зерттеу әзiрлемелерiн ұйымдастыруға мiндеттi.".
11. 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"12-бап. Статистикалық қызмет жүргiзетiн мемлекеттік органдар
мен олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң құқықтары
мен мiндеттерi
Статистикалық қызмет жүргiзетiн мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi өз құзыретi шегiнде:
ведомстволық статистикалық байқаулар жүргiзуге;
ведомстволық статистикалық байқаулардың бағдарламаларын әзiрлеуге;
жеке және заңды тұлғалардан статистикалық ақпарат алуға;
мемлекеттік органдардан орындайтын функцияларына қарай оларда болатын ақпаратты статистикалық деректер түзу үшiн алуға;
ұйымдарда бастапқы есеп пен статистикалық есептiлiктiң жолға қойылуын бақылауды жүзеге асыруға, өздерi алған деректердiң дұрыстығын тексеруге құқылы.
Статистикалық қызметтi жүргізетін мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерi:
уәкiлеттi органға әдiстемелiк нұсқаулықтардың орындалуы туралы мәлiметтер беруге;
мемлекеттік және коммерциялық құпияларды, бастапқы статистикалық ақпараттың құпия болуын сақтау принципiн ұстануға жүргiзiлетiн статистикалық байқаулар бағдарламалары мен әдiстемелiк әзiрлемелер жобаларын уәкiлеттi органның келiсуi мен бекітуiне табыс етуге мiндеттi.".
12. 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"13-бап. Жеке және заңды тұлғалар құқықтарының кепiлдiктерi
Жеке және заңды тұлғаларға бастапқы статистикалық ақпараттың құпия болуына жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептiлiк тiзбелерiне, Статистикалық жұмыстар жоспарына қол жеткiзуге болатындығына кепiлдiк берiледi. Бастапқы статистикалық ақпаратты тек қана ақпаратты берген жеке және заңды тұлғалардың келісімiмен немесе аты-жөнiн көрсетпей таратуға болады.".
13. 14-бапта:
1) тақырыбындағы "және материалдық-техникалық қамтамасыз ету" деген сөздер алып тасталсын;
2) бiрiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:
"Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiткен статистиканы жетiлдiру бағдарламаларына, Статистикалық жұмыс жоспарлары мен жалпымемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептiлiк нысандары тiзбелерiне сәйкес мемлекеттік статистика органдары орындайтын статистикалық жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.";
3) екiншi және үшiншi бөлiктер алып тасталсын.
14. ІV тараудың тақырыбындағы "Заңды" деген сөз "Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңдарын" деген сөздермен ауыстырылсын.
15. 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика
саласындағы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңдарының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жауапты болады.".
16. Тараулардағы "I, II, III, IV" деген цифрлар тиісінше "1, 2, 3, 4" деген цифрлармен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының