2. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақ беруден бас тартуға құқылы және олар бұл үшiн қандай да болмасын жауаптылыққа тартылуы мүмкiн емес.
23-бап. Бiлiктi заң көмегiн алуға құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркiмнiң әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында заңға сәйкес бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар.
2. Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегi тегiн көрсетiледi.
24-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң
жариялылығы
1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) осы iстердi жүргiзудi ашық түрде жүзеге асырады.
2. Заңға сәйкес мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар iстерге қатысты, сондай-ақ соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз ету, жеке бастың, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, азаматтар өмiрiнiң интимдiк жақтары туралы мәлiметтердi сақтау қажеттiлiгiне не ашық қарауға кедергi келтiретiн өзге де мән-жайларға сiлтеме жасаған iске қатысушы адамның өтiнiшiн қанағаттандыру кезiнде iс жүргiзу жабық түрде жүзеге асырылады.
3. Азаматтардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары тек осы хат жазысу мен телеграф хабарламаларын өзара алмасқан адамдардың келiсiмiмен ғана ашық iс жүргiзу барысында жария етiлуi мүмкiн. Керiсiнше жағдайда осы адамдардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары жабық iс жүргiзу тәртiбiнде жария етiледi және зерттеледi. Аталған ережелер жеке сипаттағы мәлiметтерi бар фото- және киноқұжаттарды, дыбыстық және бейнежазбаларды зерттеу кезiнде де қолданылады.
4. Iске қатысушы адамдар мен ашық iс жүргiзуге қатысып отыратын азаматтар iс жүргiзiлiп жатқан үй-жайдағы өздерi иеленген орыннан iс жүргiзудiң барысын жазбаша түрде немесе аудиожазуды пайдалана отырып жазып алуға құқылы. Iс жүргiзу барысында кино- және фотосуретке түсiруге, бейнежазбаға, тiкелей радио- және телехабарларды таратуға соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) рұқсаты бойынша, iске қатысушы адамдардың пiкiрлерi ескерiле отырып жол берiледi. Бұл iс-әрекеттер iстiң қалыпты жүруiне кедергi жасамауға тиiс және оларға уақыт жағынан шектеу қойылуы мүмкiн.
25-бап. Iс жүргiзу барысында қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қалыпты жұмысын және iс жүргiзуге қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайда өтедi. Қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында судья, лауазымды адам iс жүргiзу кезiнде қатысып отыруға тiлек бiлдiрген адамдардың жеке бастарын куәландыратын құжаттарын тексерудi, өздерiн тексерiп қарауды және олар әкелген заттарды тексерiп қарауды қоса алғанда, оларды тексеру жөнiнде өкiм бере алады.
26-бап. Iс жүргiзу iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану
бостандығы
1. Соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағымдануға болады.
2. Iске қатысушы адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларды осы Кодексте белгiленген тәртiппен қайта қаратуға құқығы бар.
3. Шағымды шағым берген адамға зиян келетiндей етiп немесе шағым өз мүддесiне орай берiлген адамға зиян келетiндей етiп қарауға жол берiлмейдi.
27-бап. Адамның құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн
сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Мүдделi адам құқықтары, бостандықтары немесе заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылғанда немесе дауға түскенде, оны қорғау үшiн заңда белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Прокурор өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың, ұйымдардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттiк мүдделердi қорғау үшiн сотқа талап қойып (арыз жазып) жүгiнуге құқылы.
3. Ешкiмге ол үшiн заңмен көзделген соттылығы оның келiсiмiнсiз өзгертiлуге тиiс емес.
2-бөлiм. Әкімшілік құқық бұзушылық және
әкімшілік жауаптылық
Жалпы бөлім
3-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық
28-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық
1. Жеке адамның осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасалған) iс-әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы iс-әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
2. Жеке адамға әкiмшiлiк жаза қолдану заңды тұлғаны осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықтан босатпайды, сол сияқты заңды тұлғаның әкiмшiлiк жауапқа тартылуы да кiнәлi жеке адамды осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықтан босатпайды.
3. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшiн, егер бұл құқық бұзушылықтар өзiнiң сипаты бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкiмшiлiк жауаптылық туындайды.
29-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қасақана жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке адам өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) құқыққа қарсы сипатын сезiнсе, оның залалды салдарын алдын ала бiлсе және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайды қараса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.
30-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты абайсызда жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке адам өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) зиянды салдарының туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлсе, бiрақ жеткiлiктi негiзсiз оның алдын алуға болады деп ұшқары ойласа, не тиiстi назар салған және ескерген жағдайда оның алдын алуға болса да осындай салдардың туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.
4-тарау. Әкімшілік жауаптылық
31-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс тұлғалар
Әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс тұлғалар:
1) ақыл-есi дұрыс, осы Кодекс бойынша белгiленген жасқа жеткен жеке адам;
2) заңды тұлға.
32-бап. Жеке адамның әкiмшiлiк жауаптылығы туындайтын жасы
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
33-бап. Ақыл-естiң кемдiгi
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы әрекет жасаған кезде ақыл-есi кем жағдайда болған, яғни өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн түсiне алмаған немесе созылмалы психикалық сырқатының, уақытша психикасы бұзылуының, ақыл-ес кемдiгiнiң немесе психиканың өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан ақыл-есi кем жағдайда болған жеке адам әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.
34-бап. Басқару функцияларын орындайтын лауазымды және өзге де
адамдар мен жеке кәсiпкерлердiң әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Лауазымды адам қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiстi дәрежеде орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жайлар болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды адам жалпы негiздерде жауаптылықта болуға тиiс.
2. Ұйымдық-билiк ету немесе әкiмшiлiк-шаруашылық мiндеттердi орындауға байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған, заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын азамат (бұдан әрi - жеке кәсiпкер), сондай-ақ мемлекеттiк органдар немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары болып табылмайтын ұйымдардың жетекшiлерi, басқару функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлерi лауазымды адамдар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
3. Осы Кодекстiң баптарында заңды тұлғаның жауаптылығы көзделген жағдайларда жеке кәсiпкер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 19-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер ескерiле отырып, заңды тұлға ретiнде жауаптылықта болады.
Ескерту. Осы Кодексте тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын (яғни оларға қызмет жағынан тәуелдi емес адамдарға қатысты заңда белгiленген тәртiппен мемлекет атынан немесе оның органдарының атынан заңдық маңызы бар актiлер шығару құқығы немесе билiк ету өкiлеттiгi берiлген) не мемлекеттiк органдарда, жергiлiктi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдық-билiк ету немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
ҚР 12.07.01 ж. N 240-II; 03.07.03 ж. N 464-II (бұр. ред. қара); 05.12.03 ж. N 506-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Тәртiптiк жарғылардың не арнайы ережелердiң күшi
қолданылатын әскери қызметшiнiң, прокурордың және өзге де
адамдардың әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн
әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген азаматтар әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады. Прокурорлар, iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдары, қаржы полициясы мен кеден органдарының қызметкерлерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн тиiстi органдарда қызмет өтеу тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жауаптылықта болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн, Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткiзу бекеттерiндегi режимдi, санитариялық заңдарды, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын, жолда жүру ережелерiн, қызмет орындарынан тыс кеден ережелерiн, аң аулау, балық аулау ережелерiн, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғаудың басқа да ережелерi мен нормаларын бұзғаны үшiн жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Аталған адамдарға - атылатын және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкiмшiлiк қамауға алу түрiнде, ал шақыру бойынша әскери қызметiн өтеп жүрген әскери қызметшiлерге, әскери және арнаулы оқу орындарының курсанттарына (тыңдаушыларына) айыппұл түрiнде де әкiмшiлiк жаза қолдануға болмайды.
3. Қызмет туралы тәртiптiк жарғылардың немесе арнайы ережелердiң күшi қолданылатын, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталғандардан басқа адамдар осы актiлерде тiкелей көзделген жағдайларда - қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта, ал қалған жағдайларда жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
4. Әкiмшiлiк жаза қолдану құқығы берiлген органдар (лауазымды адамдар) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға әкiмшiлiк жаза қолданудың орнына, кiнәлi адамдарды тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн тиiстi органдарға құқық бұзушылық туралы материалдарды беруi мүмкiн.
5. Тәртiп туралы жарғылардың күшi қолданылатын темiр жол, теңiз, өзен көлiгi мен азаматтық авиацияның қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мынадай құқық бұзушылық жасағаны үшiн осы жарғыларға сәйкес:
темiр жол көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 439, 440, 441-баптарында, 477-бабының бiрiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
теңiз көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 448, 449, 450-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
өзен көлiгiнiң қызметкерлерi - осы Кодекстiң 441, 450-453, 455-баптарында, 477-бабының екiншi бөлiгiнде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшiн;
азаматтық авиация қызметкерлері - осы Кодекстің 443, 446-баптарында, 447-бабының бірінші бөлігінде, 477-бабының үшінші бөлігінде, 479, 480-баптарында көзделген құқық бұзушылық үшін тәртіптік жауаптылықта болады.
36-бап. Заңды тұлғалардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде тiкелей көзделген жағдайларда заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
2. Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнде көзделген әрекеттi заңды тұлғаны басқару функциясын жүзеге асыратын орган немесе адам жасаса, рұқсат берсе, мақұлдаса, заңды тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
3. Егер осы Кодекстiң нормаларында олар жеке адамға немесе заңды тұлғаға қолданылатын-қолданылмайтыны көрсетiлмесе, осы нормалардың мәнi бойынша олар тек жеке адамға қатысты және соған ғана қолданылуы мүмкiн жағдайларды қоспағанда, осы нормалар жеке адамға және заңды тұлғаға қатысты бiрдей дәрежеде қолданылады.
4. Дербес салық төлеушi болып табылатын және салық салу саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
37-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және
азаматтығы жоқ адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасының аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарына қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар, азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс.
3. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және қорғанышты пайдаланатын өзге де шетелдiктер Қазақстан Республикасының аумағында жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
5-тарау. Әкімшілік жауаптылықты болдырмайтын мән-жайлар
38-бап. Қажеттi қорғану
1. Қажеттi қорғану жағдайында, яғни жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және қорғанушының немесе өзге де адамдардың басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғушыға зиян келтiру арқылы құқыққа қарсы қол сұғылудан қорғау кезiнде, егер бұл ретте қажеттi қорғану шегiнен шығып кетуге жол берiлмеген болса, осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Өздерiнiң кәсiби немесе өзге де арнаулы даярлықтарына және қызмет жағдайына қарамастан, барлық адамдар бiрдей дәрежеде қажеттi қорғаныс құқығына ие. Құқыққа қарсы қол сұғушылықтан аулақ болу не басқа адамдарға немесе мемлекеттiк органдарға көмек сұрап жүгiну мүмкiндiгi болғанына қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болады.
3. Қол сұғу сипаты мен дәрежесiне қорғанудың айқын сәйкес келмеуi, осының нәтижесiнде қол сұғушыға жағдайдан туындамаған шектен тыс айқын зиян келтiру қажеттi қорғану шегiнен шығып кету деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Құқыққа қарсы қол сұғудан туындаған үрейдiң, қорқудың немесе сасқалақтап қалудың салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен асып кеткен адам әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс емес.
39-бап. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау
1. Құқыққа қарсы қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде, бұл адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қол сұғушылықтар жасауын болдырмау үшiн, егер мұндай адамды басқаша құралдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шараларды асыра қолдануға жол берiлмесе, осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға қажеттiлiктен асып, шектен тыс, жағдайдан туындамаған айқын зиян келтiрген кезде, олардың ұсталған адам жасаған қол сұғушылықтың сипаты мен қауiп дәрежесiне және ұстаудың мән-жайына көрiнеу сәйкес келмеуi қол сұғушылық жасаған адамды ұстау үшiн қажеттi шараларды асыра қолданушылық деп танылады. Мұндай асыра қолдану тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қол сұғушылықты жасаған адамды ұстау құқығына оған арнаулы уәкiлеттiгi бар адамдармен қатар жәбiрленушiлер мен басқа азаматтар да ие болады.
40-бап. Аса қажеттiлiк
1. Аса қажеттiлiк жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса және бұл орайда аса қажеттiлiк шегiнен асуға жол берiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Қатер төндiрген қауiптiң сипаты мен дәрежесiне және қауiп жойылған, құқық қорғау мүдделерiне тең немесе зиянды болдырмаудан айтарлықтай көбiрек зиян келтiрген, жағдайға анық сәйкес келмейтiн зиян келтiру аса қажеттiлiк шегiнен асып кету деп танылады. Мұндай асып кету тек қасақана зиян келтiрген жағдайда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
41-бап. Негiздi тәуекел
1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа жету үшiн негiздi тәуекел жасалған кезде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер тәуекелмен байланысты емес iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) аталған мақсатқа қол жеткiзу мүмкiн болмағанда және тәуекел жасаған адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келуiн болдырмау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел негiздi деп танылады.
3. Егер тәуекел адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрумен, экологиялық апатпен, қоғамдық жұтау немесе өзге де аса ауыр зардаптармен көрiнеу ұштасса, тәуекел негiздi деп танылмайды.
42-бап. Күштеп немесе санаға әсер етiп мәжбүрлеу
1. Егер мәжбүрлеу салдарынан адам өз iс-әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) басқара алмаса, күштеп немесе санаға әсер етiп мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодексте көзделген әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Санаға әсер етiп мәжбүрлеу нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеу нәтижесiнде, адам соның салдарынан өз iс-әрекеттерiн басқару мүмкiндiгiн сақтаса, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлгендiгi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 40-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
43-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн әрекет еткен адамның осы Кодексте көзделген әрекеттi жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды. Осындай әрекеттiң жасалуына заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау әкiмшiлiк жауаптылықты болдырмайды.
6-тарау. Әкімшілік жаза және әкімшілік-құқықтық
ықпал ету шаралары
44-бап. Әкiмшiлiк жаза ұғымы және мақсаттары
1. Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және осындай құқық бұзушылық жасаған адамның осы Кодексте көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе оларды шектеуге саяды.
2. Әкiмшiлiк жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және құқық бұзушылықты жасаған адамды заңдар талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, сол сияқты басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
3. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға тән азабын тарттыруды немесе оның адамгершiлiк қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян тигiзудi мақсат тұтпайды.
ҚР 09.12.04 ж. N 10-III Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
45-бап. Әкiмшiлiк жазалардың түрлерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн жеке адамға мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту жасау;
2) әкiмшiлiк айыппұл салу;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстердi, ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу;
5) арнаулы құқықтан айыру;
6) лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiктен) айыру немесе қызметтiң белгiлi бiр түрiне не белгiлi бiр iс-әрекеттер жасауға оның қолданылуын тоқтата тұру;
7) жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
8) өз бетiмен салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау;
9) әкiмшiлiк қамауға алу;
10) шетелдiктi немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен кетiру.
Осы Кодекстiң 461-472,476-баптарында көзделген жағдайларда қолданылған әкiмшiлiк жаза түрлерi туралы ақпарат уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзушi куәлiгiнiң талонына енгiзiледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн заңды тұлғаларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1)-6), 8) тармақшаларында аталған әкiмшiлiк жазалар, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкiн.
46-бап. Негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалау шаралары
1. Ескерту, әкiмшiлiк айыппұл салу және әкiмшiлiк қамауға алу тек негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
2. Азаматқа немесе заңды тұлғаға берiлген арнаулы құқықтан айыру, лицензиядан (арнайы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiктен) айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен кетiру негiзгi де, сол сияқты қосымша да әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы немесе оның тiкелей объектiсi болған затты өтемiн төлеп алып қою, тәркiлеу, салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау тек қосымша әкiмшiлiк жаза ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
47-бап. Ескерту
Ескерту әкiмшiлiк жаза қолдануға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде терiс баға беруiнен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мiнез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. Ескерту жазбаша түрде жасалады.
48-бап. Әкiмшiлiк айыппұл
1. Әкiмшiлiк айыппұл (бұдан әрi - айыппұл) - әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген жағдайларда және шекте, әкiмшiлiк жаза қолдану кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сай келетiн дәрежеде салынатын ақшалай жаза.