2. Жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алушының салық салынатын айналымының мөлшерi осы баптың мақсаттары үшiн, оған Қазақстан Республикасындағы көздерден төленген табыстың төлем көзiнен ұсталуға тиiс салық сомасы ескерiле отырып, осы баптың 1-тармағында аталған резидент емеске төленуге тиiс сома негiзге алына отырып анықталады.
3. Осы бапқа сәйкес төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көзделген ставканы салық салынатын айналым мөлшерiне қолдану арқылы анықталады.
Алынған жұмыстар, қызмет көрсетулер үшiн төленетiн төлем шетел валютасымен жүргiзiлген жағдайда салық салынатын айналым жасау күні валюта алмастырудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен есептеледi.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес есептелген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 247-бабында белгiленген қосылған құн салығы бойынша декларация табыс етiлетiн мерзiмнен кешiктiрілмей төленедi.
5. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының төленгенiн растайтын төлем құжаты осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес салық сомасын есепке жатқызуға құқық бередi.
6. Егер берiлген жұмыстар, көрсетiлген қызметтер осы Кодекстiң 225-бабында аталған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер болып табылса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.
36-тарау. Нөлдік ставка бойынша салық
салынатын айналымдар
222-бап. Тауарлар экспорты
1. Түстi және қара металдар сынығының экспортын қоспағанда, экспортқа тауарлар өткiзу бойынша айналымға нөлдiк ставка бойынша салық салынады.
Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тауарлар әкету тауарлар экспорты болып табылады.
2. Осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес тауарлар экспорты расталмаған жағдайда аталған тауарларды өткiзу бойынша айналымға осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көрсетiлген ставка бойынша қосылған құн салығы салынуға тиiс.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 223-бап өзгертілді
223-бап. Тауарлар экспортын растау
1. Мыналар:
1) экспортталатын тауарларды беруге жасалған шарт (келiсiм-шарт);
2) тауарлар шығаруды экспорт режимiнде жүзеге асыратын кеден органының белгiсi соғылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы бекетте орналасқан кеден органының белгiсi соғылған кедендiк жүк декларациясы тауарлар экспортын растайтын құжат болып табылады.
Тауарларды магистральдық құбырлар жүйесi бойынша немесе электр тарату желiлерi бойынша не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмiн қолдана отырып экспорт режимiнде шығарған жағдайда кедендік ресiмдеудi жүргiзген кеден органының белгiсi бар толық кедендiк жүк декларациясы экспортты растаушы болып қызмет етедi;
3) тауардың ілеспе құжаттарының көшiрмелерi тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Тауарларды магистральдық құбырлар жүйесi бойынша немесе электр тарату желiлерi бойынша экспорт режимiнде шығарған жағдайда тауардың iлеспе құжаттары көшiрмелерiнiң орнына тауарларды қабылдау-өткiзу актiсi табыс етiледі;
4) зияткерлiк меншiк құқығын қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның магнит жеткiзгiште тауардың және оған авторлық құқықтардың болуы туралы, сондай-ақ зияткерлік меншiк объектiсiн экспорттаған жағдайда оның құны туралы растамасы тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттар, сондай-ақ экспорт режимiнде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан әкетiлген тауарлардың импорты елiнде ресiмделген кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi Қазақстан Республикасымен шекаралас Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге тауарлар экспортын растайтын өзге де тәртiп белгiлеуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерлерге бұдан бұрын кеден аумағынан тыс жерлерде ұқсату режимiнде әкетiлген тауарларды немесе оларды ұқсату өнiмдерiн одан әрi экспорттау жүзеге асырылған жағдайда экспортты растау осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес, сондай-ақ мынадай құжаттардың негiзiнде жүргiзiледi:
1) ұқсату режимi экспорт режимiне өзгертiлетiн кедендiк жүк декларациясы;
2) тауарларды кеден аумағынан тыс ұқсату режиммен ресiмделген кедендiк жүк декларациясы;
3) тауарларды шет мемлекет аумағына әкелу кезiнде оларды кеден аумағында ұқсату (тауарларды кеден бақылауымен ұқсату) режимiнен ресiмделген, осындай ресiмдеудi жүзеге асырған кеден органы куәландырған кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi;
4) тауарларды немесе олардың ұқсатылған өнiмдерiн өңдеген мемлекеттiң аумағынан әкету кезiнде экспорт режимiнде ресiмделген және осындай ресiмдеудi жүзеге асырған кеден органы куәландырған кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 224-бап жана редакцияда
224-бап. Халықаралық тасымалдарға салық салу
1. Халықаралық тасымалдар бойынша мынадай қызмет көрсетуді іске асыру жөніндегі айналымға:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, соның ішінде поштаны тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзит жүктерін тасымалдауға;
3) халықаралық қатынаста жолаушылар мен жолжүктерін тасымалдауға нөлдік ставкамен салық салынады.
2. Егер тасымалдауды ресімдеу бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарымен, ал экспортталатын тауарларды магистралдық құбыр желісінің жүйесі бойынша тасымалдау - экспортталатын тауарларды сатып алушыға не аталған тауарларды экспорттың кедендік режимінде ресімделген кедендік жүк декларациясын табыс ете отырып, одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға беруді растайтын құжаттармен жүзеге асырылған жағдайда, осы баптың 1-тармағының мақсаты үшін тасымалдау халықаралық тасымалдау деп есептеледі.
Жолаушыларды, экспортталатын тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асыратын жағдайда, халықаралық тасымалдың басталуы деп тасымалдауды Қазақстан Республикасының шекарасына дейін жүзеге асыратын көлік ұйымының жолаушыларды, тауарларды (поштаны, жолжүкті) тасымалдауы басталатын жер танылады.
Импортталатын тауарларды (поштаны, жолжүкті) тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асыратын жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жолаушыларды, тауарларды (поштаны, жолжүкті) көлік ұйымының көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымал халықаралық тасымалға жатады.
37-тарау. Қосылған құн салығынан босатылған
айналымдар және импорт
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 225-бап өзгертілді
225-бап. Қосылған құн салығынан босатылған айналымдар
Мынадай тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi):
1) пошталық ақы төлеудің мемлекеттік белгілері;
2) акциздiк маркаларын (осы Кодекстiң 549-бабына сәйкес акцизделетiн тауарларды таңбалауға арналған есеп-бақылау маркалары);
3) уәкiлеттi органдар жүзеге асыратын, соларға байланысты мемлекеттiк баж алынатын қызметтердi;
4) адвокаттық қызметтi, нотариаттық iс-әрекеттердi жүзеге асыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өткiзетiн тауарлар (жұмыстар, қызметтерді);
6) мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру тәртiбiмен өткiзiлетiн мүлікті;
6-1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн сатып алынған мүлiк;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк мекемелердiң пайдасына өтеусiз негiзде негiзгi құралдарды беру, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк кәсiпорындар пайдасына өтеусiз негiзде негiзгi құралдарды берудi;
8) жарғылық капиталға жарналарды;
9) жарғылық капиталға жарна ретiнде алынған мүлiктi қайтарып алуды;
10) жерлеу бюроларының әдет-ғұрыптық қызмет көрсетулерiн, зираттар мен крематорийлердің қызмет көрсетулерiн;
11) оларды өткiзу жөнiндегi қызмет көрсетулердi қоспағанда, лотереялық билеттердi өткiзу бойынша айналымды;
12) банк карталарымен операциялар бойынша есеп-қисаптарға қатысушыларға жинау, өңдеу және таратып беру жөнiндегi қызмет көрсетулердi қоса алғанда, есеп-қисаптарға қатысушылар арасында ақпараттық және технологиялық өзара iс-қимылды қамтамасыз ету жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi өткiзу бойынша айналымдар;
12-1) Қазақстан Республикасының кеден аумағына "Қазақстан Республикасының кеден аумағында тауарларды ұқсату" кеден режимінде әкелінген тауарларды ұқсату және (немесе) жөндеу бойынша қызмет көрсетулер;
12-2) осы Кодекстің 224-бабына сәйкес халықаралық тасымалдар болып табылатын тасымалдарға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсетулер, атап айтқанда: Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде почтаны, тиеу, түсіру, қайта тиеу (ағызу-құю), жөнелту бойынша жұмыстар, қызмет көрсетулер, сондай-ақ транзит жүктер; техникалық, аэронавигациялық, әуежай қызметін көрсету; халықаралық рейстерге көрсетілетін қызметтер бойынша теңіз айлақтарында қызмет көрсету;
12-3) тұрғын-үй қорын басқару, ұстау мен пайдалану жөнінде қызмет көрсету;
13) осы Кодекстiң 226-233-баптарында көрсетiлген өткiзу;
14) ұлттық валюта;
15) егер мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерi, сондай-ақ өндiрiстiк ұйымдары мына шарттарға сәйкес келсе:
осындай өндiрiстiк ұйымдар қызметкерлерi жалпы санының кемiнде 51 процентi мүгедектер болса;
мүгедектерге еңбекақы төлеу бойынша шығыстар еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемiнде 51 процентi (есту, сөйлеу, көру қабiлетiнен айрылған мүгедектер жұмыс iстейтiн мамандандырылған ұйымдарда - кемiнде 35 процентi) болса, осындай бiрлестiктер мен ұйымдардың тауарлары (жұмыстары, қызмет көрсетулерi) бойынша айналымдар (сауда-делдалдық қызметтен түскен тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу жөнiндегi айналымдардан және акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерiн өндiру мен өткiзу бойынша айналымдардан басқа);
16) экспортқа шығарылатын түстi және қара металдар сынығын өткiзу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 226-бап өзгертілді
226-бап. Жерге және тұрғын үй қорындағы ғимараттарға
байланысты айналымдар
1. Тұрғын үй қорындағы ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) өткiзу және (немесе) осындай ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) жалға беру, оның iшiнде қосалқы жалға беру мыналарды:
1) тұрғын үй қорының салынған ғимаратын (ғимаратының бiр бөлiгiн) бiрiншi рет өткiзудi;
2) қонақүй қызметiн көрсету мақсатында пайдаланылатын ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) өткiзудi немесе жалға берудi;
3) қонақүйде тұру бойынша қызмет көрсетудi қоспағанда, қосылған құн салығынан босатылады.
Ғимаратқа құны бастапқы құнының кемiнде 50 процентi болатын қайта жаңғырту (жөндеу) жасалып, егер осы ғимарат қайта жаңғыртудан кейiн тұрғын үй мақсатында пайдаланылатын болса, бұл ғимаратта тұрғын үй қорының салынған ғимаратына жатады.
2. Жер учаскесiн иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру және (немесе) жер учаскесiн жалға, оның iшiнде қосалқы жалға беру, жер учаскесiн автомобильдердi, сондай-ақ өзге де көлiк құралдарын қою немесе сақтау үшiн беру ақысын қоспағанда, қосылған құн салығынан босатылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 227-бап өзгертілді
227-бап. Қаржылық қызмет көрсетулер
1. Егер қаржылық қызмет көрсетулер бойынша айналымдар осы баптың 2-тармағында көзделсе, ол қызмет көрсетулер қосылған құн салығынан босатылады.
2. Қосылған құн салығынан босатылатын қаржылық қызмет көрсетулерге мыналар жатады:
1) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банк операцияларын жүргiзуге берген лицензиялары негiзiнде жүзеге асырылатын мынадай банк операциялары:
депозиттердi қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргiзу;
банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттiк шоттарын ашу және жүргiзу;
осы тұлғаға тиесiлi тазартылған қымбат металдардың нақты саны көрсетiлетiн жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргiзу;
аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың ақшаны аудару жөнiндегi тапсырмаларын орындау;
заем операциялары: ақшалай нысанда кредиттер беру;
факторингтiк және форфейтингтiк операциялар;
жеке және заңды тұлғалардың, оның iшiнде корреспондент банктердiң тапсырмасымен олардың банк шоттары бойынша есеп айырысуын жүзеге асыру;
сенiмгерлiк (траст) операциялары: сенiм бiлдiрушiнiң мүддесi үшiн және тапсырмасы бойынша ақшаны, тазартылған қымбат металдар мен бағалы қағаздарды басқару;
банкаралық клиринг: төлемдердi жинау, салыстырып тексеру, сұрыптау және растау, сондай-ақ оларды өзара есепке алуды жүргiзу және клирингке қатысушылардың - банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдардың таза позицияларын айқындау;
ломбард операциялары: депозиттелетiн тез сатылатын бағалы қағаздар мен өзге де жылжымалы мүлiктiң кепiлi бойынша қысқа мерзiмдi кредиттер беру;
шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру;
төлем құжаттарын (вексельдерден басқа) инкассоға қабылдау;
ақшалай нысанда орындауды көздейтiн кепiлдiктер беру;
аккредитивтi ашу (шығарып қою) мен растау және ол бойынша мiндеттемелердi орындау;
кассалық операциялар : банкноттар мен монеталарды қабылдап алу, беру, қайта санау, ұсақтау, айырбастау, сорттау, буып-түю және сақтау;
құжатсыз нысанда шығарылған бағалы қағаздарды сақтау;
үшiншi тұлғалар үшiн ақшалай нысанда орындау көзделетiн банк кепiлдiктерiн және өзге де мiндеттемелер беру;
2) бағалы қағаздармен жасалатын операциялар, бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың қызметi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру жөнiндегi ұйымдардың қызметтерi;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) жөнiндегi операциялар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау жөнiнде сақтандыру брокерлерiнiң (сақтандыру агенттерiнің) қызмет көрсетуi;
4) төлем карточкаларымен, чектермен, вексельдермен, депозиттiк сертификаттармен жасалатын операциялар;
5) зейнетақы активтерiн, сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорларының активтерiн басқару жөнiнде инвестициялық қызметтер көрсету;
5-1) ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша талап құқықтарын басқару жөнінде қызмет көрсету;
6) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту жөнiнде зейнетақы активтерiнен алынған инвестициялық табысты бөлу мен есептеу жөнiнде көрсететiн қызметтерi;
7) кәсiпорынның жарғылық капиталына қатысу үлесiн өткiзу.
8) микрокредиттер беру жөнiндегi операциялар.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 228-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
228-бап. Қаржы лизингiне берiлген мүлiк
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, мынадай талаптар сақталған жағдайда:
1) мұндай беру осы Кодекстiң 74-бабында белгiленген талаптарға сай келсе;
2) лизинг алушы мүлiктi негiзгi құрал ретiнде алса, мүлiктi қаржы лизингiне беру лизинг берушi алуға тиiс сыйақы сомасы бөлiгiнде қосылған құн салығынан босатылады.
2. Мүлiктi қаржы лизингiне беру осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталған кезде, сондай-ақ егер берілетiн мүлiктің импорты осы Кодекстiң 234-бабының 12) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынан босатылған болса, қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
229-бап. Коммерциялық емес ұйымдар көрсететiн қызметтер
Осы Кодекстiң 120-бабының 1-тармағында аталған коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыратын қызметтердi көрсету бойынша айналымдар, егер олар:
1) балаларды, қарттарды, соғыс және еңбек ардагерлерi мен мүгедектердi қорғау және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiнде қызмет көрсетумен;
2) дiни ұйымдардың әдет-ғұрыптар мен рәсiмдердi жүзеге асыруына және дiни қажеттiлiк заттарын өткiзуiне байланысты болса, қосылған құн салығынан босатылады.
ҚР 29.11.03 ж. N 500-II Заңымен 230-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
230-бап. Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстары
Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстарын iске асыру бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстары деп көмiрсутектi және минералдық шикiзат кен орындарын (кендерiн) iздестiрудi, барлауды, бағалау мен игеруге дайындауды қамтамасыз ететiн, өзара байланысты, белгiлi бiр кезекпен қолданылатын жұмыстардың жиынтығы ұғынылады.
Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жер қойнауын пайдалануға жасалған:
жер қойнауы учаскелерiнде (геологиялық бөлiп берiлген жерде) барлау жөнiнде жұмыстарды жүргiзуге;
барлау жүргiзу кезеңiнде жер қойнауы учаскелерiнде (геологиялық бөлiп берiлген жерде) бiрлескен барлау және өндiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттың;
2) жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеудi жүзеге асыру жөнiнде жұмыстарға мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың аясында салық төлеушi (мердiгер, қосалқы мердігер) жүзеге асыратын геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстарына қатысты босату қолданылады.
Геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстары нақты түрлерiнiң, сондай-ақ геологиялық барлау және геологиялық-iздестiру жұмыстарының құрамдас бөлiгi болып табылатын арнайы жұмыстардың жекелеген түрлерiнiң тiзбесi, олардың көлемi және құны геологиялық объектiнi зерттеу мақсаты мен оның ерекшелiктерiн, ғылыми-техникалық мүмкiндiктердi, геологиялық барлау және геологиялық-іздестіру жұмыстарын жүргiзуге қойылатын геологиялық-әдiстемелiк талаптарды, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi талаптарды ескере отырып, әрбір геологиялық (ғылыми-геологиялық) объектіге арналған жобалау-сметалық құжаттамада айқындалуға тиіс.
231-бап. Мәдениет, ғылым және бiлiм беру саласындағы қызмет көрсетулер, жұмыстар
Мәдениет, ғылым және бiлiм беру саласындағы қызмет көрсетулер, жұмыстар, егер олар мынадай:
1) шоу-бизнес саласындағы қызметтердi қоспағанда, театр-концерт қызметiн жүзеге асыру жөнiндегi;
2) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту; бастауыш, негiзгi, орта, қосымша жалпы бiлiм беру; бастауыш, орта, жоғары және жоғары оқу орындарынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру; қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру салаларында қызметтiң осы түрлерiн жүргiзуге құқық беретiн тиiстi лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын бiлiм беру;
3) мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде жүзеге асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына;
4) кiтапхана қызметiн көрсету жөнiндегi;
5) тарихи және мәдени мұраны, мұрағаттық құндылықтарды сақтау жөнiндегi қызмет көрсетулерге, жұмыстарға жататын болса, қосылған құн салығынан босатылады.
232-бап. Медициналық және мал дәрiгерлiк қызмет саласындағы тауарлар мен қызмет көрсетулер
1. Медициналық және мал дәрiгерлiк қызмет көрсетумен байланысты тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзу бойынша айналымдар:
1) кез келген нысандағы дәрi-дәрмектiк заттарды, сондай-ақ оларды өндiру үшiн қажет материалдар мен жинақтаушы заттарды өткiзген;
2) медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдарды, оның iшiнде протездiк-ортопедиялық бұйымдар мен медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда, сондай-ақ оларды өндiру үшiн қажет материалдар мен жинақтаушы заттарды өткiзген;
3) косметологиялық қызметтi қоспағанда, медициналық (мал дәрiгерлiк) қызмет көрсетiлген жағдайларда қосылған құн салығынан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
233-бап. Кәсiпорынды сату
1. Қосылған құн салығын төлеушiнiң бiреуi екiншi бiр қосылған құн салығын төлеушiге кәсiпорынды немесе кәсiпорынның дербес жұмыс iстеп тұрған бөлiгiн өткiзуi:
1) берiлетiн активтерiн, оларды қалыптастыру көздерiн және (немесе) олар бойынша мiндеттемелердi көрсете отырып, кәсiпорынның тарату балансы және (немесе) бөлу мен беру балансы негiзiнде;
2) осы тармақта көзделген, айналым жасалғаннан кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей тиісті салық органдарына ұсынылған қосылған құн салығынан босатуды қолдану жөнiндегi операцияға қатысушылардың екеуi де қол қойған өтiнiш негiзiнде қосылған құн салығынан босатылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережесi жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiм-шарт беретiн құқықтарды қайтадан басқа бiреуге берген жағдайда да қолданылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 234-бап өзгертілді
234-бап. Қосылған құн салығынан босатылатын импорт
1. Қосылған құн салығынан мынадай тауарлардың импорты босатылады:
1) ұлттық валюта, шетел валютасы (нумизматикалық мақсатта пайдаланатыннан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздар импорты;
2) жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша тауарлар импорты;
3) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен iзгiлiк көмек ретiнде әкелiнген тауарлар импорты;
4) акцизделетiн тауарларды қоспағанда, мемлекет, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiлерi бойынша қайырымдылық көмек мақсатында әкелiнген тауарлар импорты, оның iшiнде техникалық жәрдем көрсету;
5) шет елдің дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ солармен бiрге тұратын олардың отбасы мүшелерiн қоса алғанда, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiнiң жеке пайдалануы үшiн әкелiнген және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес салықтан босатылған тауарлар импорты;
6) салық төлеуден босатуды белгілейтiн кеден режимдерiнде Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес декларациялануға тиiстi тауарлар импорты;
7) дәрi-дәрмектiк заттардың, оның iшiнде субстанция-дәрiлер; протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, сурдотифлотехниканы және медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдар; протездiк-ортопедиялық бұйымдарды және медициналық (мал дәрiгерлiк) техниканы қоса алғанда, дәрi-дәрмек және диабет заттарын өндiруге арналған материалдар мен жинақтаушы заттар, медициналық (мал дәрiгерлiк) мақсаттағы бұйымдар импорты.
Осы тармақшада аталған тауарлардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi;
8) пошта маркаларының (коллекциялық маркалардан басқа) импорты;
9) қағаз ақша белгілерi өндiрiсi үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын шикiзат импорты;
10) төлем карточкаларымен қызмет көрсетуге арналған құрал-жабдықтар импорты;
11) мемлекеттердiң, мемлекеттер үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлар импорты.
12) қаржы лизингi шарты бойынша қаржы лизингіне беру мақсатында лизинг беруші әкелген негізгі құралдар импорты.
Осы тармақшада көрсетiлген негiзгi құралдар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
38-тарау. Қосылған құн салыҒы бойынша есепке жатқызу
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 29.11.03 ж. N 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 235-бап өзгертілді
235-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы
1. Егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушының бюджет жарнасына жатқызылуға тиiс салық сомасын анықтау кезiнде, негiзгi құралдарды қоса алғанда, алынған тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, сондай-ақ, егер мынадай шарттар орындалса:
1) тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы осы Кодекстiң 207-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығын төлеушi болып табылса;