Тапсырысшыға жұмыстардың нәтижелерiн өткiзген кезде мердiгер оған дайындалған немесе қайта жасалған затты не орындалған жұмыстың өзге нәтижесiн тиiмдi және қауiпсiз пайдалану үшiн сақталуы қажет талаптар туралы, сондай-ақ тиісті талаптардан сақтамауын тапсырыс берушiнiң өзiне және басқа адамдарға келтiрiлуi мүмкiн зардаптары туралы хабарлауға мiндеттi.
644-бап. Тапсырысшыға жұмыс туралы ақпарат беру
1. Мердiгер тұрмыстық мердiгерлiк шарт жасалғанға дейiн тапсырысшыға ұсынылатын жұмыстар, олардың түрлерi мен ерекшелiктерi туралы, жұмыстың бағасы мен оған ақы төлеудiң нысаны туралы қажеттi және сенiмдi ақпарат беруге, сондай-ақ тапсырысшыға оның өтiнiшi бойынша шартқа және тиiстi жұмысқа сәйкес басқа да мәлiметтердi хабарлап отыруға мiндеттi. Егер жұмыстың сипаты бойынша мұның маңызы болса, тапсырысшыға мердiгер оны орындайтын нақты тұлғаны көрсетуге тиiс.
2. Тапсырысшы мердiгерден алынған ақпараттың толық немесе сенiмдi болмауының салдарынан тапсырысшы көздеген қасиеттерi жоқ жұмыстарды орындауға шарт жасалған жағдайларда тапсырысшы тұрмыстық мердiгерлiк шартты бұзуды және зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
645-бап. Жұмысты мердiгердiң материалынан орындау
1. Егер тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс мердiгердiң материалынан орындалатын болса, шартты жасау кезiнде тапсырысшы материал үшiн толық немесе тапсырысшы мердiгер орындаған жұмыстың нәтижесiн алған кезде түпкiлiктi есеп айырыса отырып, шартта көрсетiлген бөлiгi үшiн ақы төлейдi.
Шартқа сәйкес материалды мердiгер кредитке, оның iшiнде тапсырысшының материалға ақыны бөлiп-бөлiп төлеуi талабымен беруi мүмкiн.
2. Мердiгер берген материал бағасының шарт жасалғаннан кейiн өзгеруi қайта есептеуге әкеп соқпайды.
646-бап. Жұмысты тапсырысшының материалынан орындау
Егер тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс тапсырысшының материалынан орындалатын болса, түбiртекте немесе шарт жасасу кезiнде мердiгер тапсырысшыға беретiн өзге де құжатта материалдың дәл атауы, саны, сипаты мен тараптардың келiсiмi бойынша белгiленетiн бағасы көрсетiлуге тиiс. Түбiртектегi немесе сол сияқты өзге де құжаттағы материалды бағалауға тапсырысшы жазбаша дәлелдемелер ұсыну арқылы кейiн сотта дау айтуы мүмкiн.
647-бап. Жұмыстың бағасы және оған ақы төлеу
Тұрмыстық мердiгерлiк шартында жұмыстың бағасы тараптардың келiсiмiмен белгiленедi және ол мердiгер жарияланған прейскурантта көрсетiлгеннен жоғары болмауы керек. Тапсырысшы жұмысқа ақыны мердiгер оның нәтижесiн түпкiлiктi тапсырғаннан кейiн төлейдi.
Тараптардың келiсiмi бойынша жұмысқа тапсырысшы шарт жасасу кезiнде толық немесе аванс беру арқылы ақы төлеуi мүмкiн.
648-бап. Орындалған жұмыстан кемшiлiктер табудың зардабы
1. Тапсырысшы жұмыстың нәтижелерiн қабылдаған кезде немесе мердiгерлiк нысанасын пайдалану кезiнде кемшiлiктер тапқан жағдайда осы Кодекстiң 630-бабында көзделген жалпы мерзiмдердiң iшiнде, ал кепiлдi мерзiмдер болған кезде - сол мерзiмдердiң iшiнде осы Кодекстiң 635-бабында көзделген құқықтардың бiрiн жүзеге асыра алады.
2. Тұрмыстық мердiгерлiк шарт бойынша орындалған жұмыстың кемшіліктерін тегін жою туралы талап, егер заң актілерінде белгіленген тәртiпте өзге мерзiм (қызмет мерзiмi) көзделмесе, ол кемшiлiктер тапсырысшының өзiнiң және басқа да адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi болған жағдайда тапсырысшы немесе оның құқық мирасқоры жұмысты қабылдаған кезден бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн. Мұндай талап бұл кемшiлiктердiң қай уақытта анықталғанына қарамастан, оның iшiнде кепiлдiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн анықталған кезде де қойылуы мүмкiн.
Мердiгер аталған талапты орындамаған жағдайда тапсырысшы нақ сол мерзiм iшiнде не жұмыс үшiн төленген бағаның бiр бөлiгiн қайтаруды, не кемшiлiктердi өз күшiмен немесе үшiншi тұлғалардың көмегiмен жоюға кеткен шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.
649-бап. Тапсырысшының орындалған жұмыс нәтижесiн алуға келмеуiнiң зардабы
1. Тапсырысшы орындалған жұмыс нәтижесiн алуға келмеген немесе тапсырысшы оларды қабылдаудан өзгедей жалтарған жағдайда мердiгер тапсырысшыға жазбаша түрде ескерте отырып, сол ескерткен күннен бастап екi ай өткен соң мердiгерлiк нысанасын қисынды бағаға сатуға, ал одан түскен соманы, мердiгерге тиесiлi барлық төлемдi шегерiп, осы Кодекстiң 291-бабына сәйкес тапсырысшының атына нотариустың депозитіне салуға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларда мердiгер мердiгерлiк нысанасына сатудың орнына оны ұстап қалу (осы Кодекстiң 624-бабы) немесе тапсырысшыдан келтiрiлген залалды өндiрiп алу құқығын пайдалана алады.
650-бап. Шарттағы тараптардың бiрiнiң қайтыс болуының зардабы
Тұрмыстық мердiгерлiк шарт тараптардың бiрiнiң қайтыс болуы негiзiнде тоқтатылған жағдайда (осы Кодекстiң 376-бабы) шарттың тоқтатылу зардабы тиiстi тараптың құқықтық мирасқоры мен оның келiсiм-шарт жасасушы агентiнiң арасындағы келiсiм бойынша, ал олар келiсiмге келмеген кезде орындалған жұмыстың мөлшерi мен оның бағасы, жұмсалған және сақталған материалдың құны, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайлар ескерiле отырып сот арқылы айқындалады.
3. Құрылыс мердiгерлiгiнiң ерекшелiктерi
651-бап. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты
1. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты бойынша мердiгер тапсырысшының тапсырмасы бойынша шартта белгiленген мерзiмде белгiлi бiр объектiнi салуға не өзге де құрылыс жұмысын орындауға мiндеттенедi, ал тапсырысшы мердiгерге жұмысты орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға, оның нәтижесiн қабылдап алуға және ол үшiн келiсiлген бағаны төлеуге мiндеттенедi.
2. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты кәсiпорынды, үйдi (оның iшiнде тұрғын үйдi), ғимаратты немесе өзге де объектiнi салуға немесе қайта жаңартуға, сондай-ақ монтаждау, iске қосу-жөнге келтiру және салынып жатқан объектiмен тығыз байланысты өзге де жұмыстарды орындауға жасалады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтың ережелерi үйлер мен ғимараттарды күрделi жөндеу кезiнде де қолданылады.
Егер мұның өзi шартта көзделген болса, мердiгер объектiнi пайдалануға берудi тапсырысшы объектiнi қабылдағаннан кейiн шартта көрсетiлген мерзiм iшiнде қамтамасыз етуге мiндеттеме алады.
3. Құрылысты толық аяқтау туралы шарт жасасу кезiнде мердiгер өзiне құрылыс және оны қамтамасыз ету жөнiндегi барлық мiндеттеменi алады және шарт ережелерiне сәйкес тапсырысшыға пайдалануға дайын объектiнi тапсыруға тиiс.
4. Аяқталмаған құрылыстың иесi оны тапсырысшыға тапсырғанға дейiн және оған төлем жасалғанға дейiн мердігер болып табылады.
5. Құрылыс, мердiгерлiгi шарты бойынша жұмыс азаматтың (тапсырысшының) тұрмыстық немесе басқа жеке қажеттерiн қанағаттандыру үшiн орындалатын жағдайда мұндай шартқа тиiсiнше тұрмыстық мердiгерлiк шарт бойынша тапсырысшының құқықтары туралы ережелер қолданылады.
652-бап. Құрылыс мердiгерлiгi шарты бойынша тәуекелдi бөлісу
1. Құрылыс объектiсi жұмысты өткiзудiң шартта белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн дүлей күштiң салдарынан қираған немесе бүлiнген кезде тапсырысшы, егер шартта өзгеше көзделмесе, орындалған және (немесе) қалпына келтiру жұмыстарының құнын төлеуге мiндеттi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыстарды орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмай қалу қаупiн олар өткiзiлгенге дейiн тапсырысшы көтередi.
3. Жұмыстың кездейсоқ қымбаттау қаупiн мердiгер көтередi.
4. Шартта құрылыста болуы ықтимал барлық тәуекелдi мердiгердiң көтеретiндiгi көзделуi мүмкiн (құрылысты толық аяқтау).
5. Шартта мердiгердiң тәуекелдерiн сақтандыру көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда сақтандыру жөнiндегi шығындар орындалған жұмыстар үшiн сыйақыныайқындау кезiнде ескерiлетiн құрылыс жөнiндегі шығыстарға енгiзiледi.
653-бап. Жүргiзiлетiн жұмыстардың қауiпсiздiгi үшiн жауаптылық
Жүргiзiлетiн жұмыстардың қауiпсiздiгi үшiн мердiгер жауапты болады.
654-бап. Жобалау-сметалық құжаттама
1. Мердiгер құрылысты және оған байланысты жұмыстарды жұмыстың көлемi мен мазмұнын және жұмысқа қойылатын басқа да талаптарды айқындайтын жобалау құжаттамасы мен жұмыстың бағасын айқындайтын сметаға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
Шартта өзге нұсқаулар болмаған кезде мердiгер жобалау-құжаттамасына және сметада (жобалау-сметалық құжаттамада) көрсетiлген барлық жұмыстарды орындауға мiндеттi деп түсiнiледi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шетел тiлiнде жасалған жобалау-сметалық және басқа техникалық құжаттама мердігерге мемлекеттік немесе орыс тiлдерiне аударылып берiледi. Өлшем бiрлiктерi заң актiлерiнде белгiленген метрикалық жүйеге сәйкес болуға тиiс.
3. Құрылыс мердігерлігі шартында жобалау-сметалық құжаттаманың құрамы мен мазмұны айқындалуға тиiс, сондай-ақ тараптардың қайсысы және қандай мерзiмде тиiстi құжаттаманы беру керек екенi көзделуге тиiс.
4. Құрылыс жүргiзу барысында жобалау-сметалық құжаттамада есептелiнбеген жұмыстарды және осыған байланысты қосымша жұмыстар жүргiзу мен құрылыстың сметалық құнын өсiру қажеттiгiн анықтаған мердiгер тапсырысшыға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
Мердiгер өз хабарламасына тапсырысшыдан он күн iшiнде жауап алмаған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта бұл үшiн өзгеше мерзiм көзделмесе, бос тұрыстан келтiрiлген залалдарды тапсырысшының есебiне жатқыза отырып, тиiстi жұмысты тоқтата алады.
5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген мiндеттердi орындамаған мердігер, егер тапсырысшының мүдделерi үшiн шұғыл iс-қимыл жасау қажеттiгiн, атап айтқанда, жұмыстың iркiлуi салынып жатқан объектiнiң қирауына немесе бүлiнуiне әкеп соқтыратынына байланысты шұғыл iс-әрекеттiң қажеттiгiн дәлелдей алмаса, тапсырысшыдан қосымша жұмысты орындағаны үшiн ақы және осыдан туған залалдардың орнын толтыруды талап ету құқығынан айырылады.
6. Тапсырысшы қосымша жұмысқа және оған ақы төлеуге келiсiм берген кезде, жұмыс мердiгердiң кәсiби қызмет аясына кiрмейтiн не мердiгерге байланыссыз себептермен орындалмайтын болған жағдайларда ғана мердiгердiң аталған жұмысты орындаудан бас тартуға құқығы бар.
655-бап. Жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерiстер енгiзу
1. Тапсырысшы жобалау-сметалық құжаттамаға мердiгер үшiн қосымша шығындарға және (немесе) жұмыстың орындалу мерзiмiн ұзартуға байланысы жоқ өзгерiстер енгiзудi талап етуге құқылы.
2. Мердiгер үшiн қосымша шығындарды керек ететiн жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерiстер енгiзу тараптардың келiсiлген қосымша сметасының негiзiнде тапсырысшының есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер мердiгерге байланыссыз себептермен жұмыс құны сметадан кемiнде он процентке асып кетсе, ол сметаны қайта қарауды талап етуге құқылы.
4. Жобалау-сметалық құжаттамадағы, мұндай құжаттама өзiнiң тапсырысы бойынша жасалған жағдайларды қоспағанда, мердiгер жобалау-сметалық құжаттамада жаңсақтықтарды анықтауға және жоюға байланысты шығарған қисынды шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.
656-бап. Жұмыстарды материалдық қамтамасыз ету
1. Егер шартта тапсырысшының құрылысты тұтасымен немесе белгiлi бір бөлігінде материалдық қамтамасыз етуі көзделмесе, бөлшектер мен конструкцияларды қоса алғанда, құрылысты материалдармен, сондай-ақ жабдықтармен қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi мердiгер мойнына алады.
2. Мiндетiне құрылысты материалдық қамтамасыз ету кiретiн мердігер өзі берген материалдарды (бөлшектерді, конструкцияларды) немесе жабдықтарды орындалатын жұмыстардың сапасын нашарлатпай пайдалану мүмкiн болмай қалатындығы анықталатын тәуекелге барады.
3. Тапсырысшы берген материалдарды (бөлшектердi, конструкцияларды) немесе жабдықтарды орындалатын жұмыстардың сапасын нашарлатпай пайдалану мүмкiн болмай қалатындығы анықталған жағдайларда мердiгер тапсырысшыдан оларды қисынды мерзiмде ауыстыруын талап етуге мiндеттi, ал бұл талап орындалмаған жағдайда мердiгер шарттан бас тартуға және тапсырысшыдан шарттың орындалған жұмыс бөлігіне бара-бар бағасын төлеуді, сондай-ақ осы сомамен жабылмаған залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.
657-бап. Жұмысқа ақы төлеу
1. Орындалған жұмысқа ақыны тапсырысшы сметада көзделген мөлшерде заң актiлерiнде немесе шартта белгiленген мерзiмде және тәртiппен төлейдi. Заң актiлерiнде немесе шартта тиiстi нұсқаулар болмаған жағдайда мердігер орындаған жұмысқа ақы төлеу осы Кодекстің 623-бабына сәйкес жүргiзiледi.
2. Толық анықталатын құрылыс кезiнде шартта көрсетiлген баға, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, тапсырысшы объектiнi қабылдап алған соң толық көлемiнде төленедi.
658-бап. Құрылыс салу үшiн жер учаскесiн беру
Тапсырысшы құрылыс салу үшiн жер учаскесiн шартта көрсетiлген көлемде және сондай күйде уақытылы беруге мiндеттi. Шартта мұндай нұсқау болмаған жағдайда жер учаскесiнiң көлемi мен күйi жұмыстың уақытылы басталуын, оның қалыпты жүргiзiлуiн және мерзiмiнде аяқталуын қамтамасыз етуге тиiс.
659-бап. Тапсырысшының құрылыс мердiгерлiгі шартындағы қосымша мiндеттерi
Тапсырысшы құрылыс мердiгерлiгi шартында көзделген жағдайлар мен тәртiпте мердiгерге жұмыстарды жүргiзу үшiн қажеттi үйлер мен ғимараттар беруге, мердiгердiң мекен-жайына жүктердiң тасымалдануын қамтамасыз етуге, энергиямен жабдықтау желiлерiн, су және бу құбырларын уақытша жүргiзуге, басқа да қызметтер көрсетуге мiндеттi. Ақы шартта көзделген талаптар бойынша төленедi.
660-бап. Тапсырысшының шарт бойынша жұмыстың орындалуын бақылау мен қадағалауы
1. Тапсырысшы құрылыс мердiгерлiгi шартында орындалып жатқан жұмыстың барысы мен сапасына, олардың орындалу мерзімінің (кестесінің) сақталуына, мердігер берген материалдардың сапасына, сондай-ақ тапсырысшының материалдарын мердiгердiң дұрыс пайдалануына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда ол мердiгердiң жедел-шаруашылық қызметiне араласпайды.
2. Орындалып жатқан жұмысты бақылау мен қадағалау кезінде шарт талаптарын жұмыс сапасын нашарлататын ауытқуды немесе ондағы өзге де кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы ол туралы дереу мердігерге мәлімдеуге міндетті. Мұндай мәлімдеме жасамаған тапсырысшы кейін өзі анықтаған кемшіліктерге сілтеме жасау құқығынан айырылады.
3. Мердiгер құрылыс барысында тапсырысшыдан алған нұсқауларды, егер ондай нұсқаулар шарттың талаптарына қайшы келмесе және мердігердің жедел-шаруашылық қызметіне араласу болмаса, орындауға мiндеттi.
4. Жұмысты тиiстi дәрежеде орындамаған мердiгер оның орындалуына тапсырысшының бақылау мен қадағалау жасамағанына сiлтеме жасауға құқылы емес, бұған мұндай бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру міндеті заң актілерінде немесе шартта тапсырысшыға жүктелген жағдайлар қосылмайды.
661-бап. Мердiгердiң қоршаған ортаны қорғау және құрылыс жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi мiндеттерi
Егер қоршаған ортаны қорғау және құрылыс жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу туралы тараптар үшiн мiндеттi тараптарды бұзуға әкелiп соғатын болса, мердiгердiң жұмысты жүзеге асыру барысында тапсырысшы берген материалдарды (бөлшектердi, конструкцияларды) және жабдықтарды пайдалануға немесе оның нұсқауларын орындауға құқығы жоқ.
662-бап. Тараптардың құрылысты консервациялау кезiндегi мiндеттерi
Егер тараптарға қатысы жоқ себептермен құрылыс мердігерлігі шарты бойынша жұмыс тоқтатылып, құрылыс объектiсі консервацияланса, тапсырысшы мердігерге консервацияланған кезге дейін толық орындалған жұмыс көлеміне ақы төлеуге, сондай-ақ жұмыстың тоқтатылуы мен құрылысты консервациялау қажеттігінен туған шығындарды өтеуге міндетті.
663-бап. Жұмыс нәтижелерін тапсыру және қабылдау
1. Құрылыс мердігерлігі шарты бойынша орындалған жұмысты не, егер бұл шартта көзделсе, жұмыстың бір кезеңін тапсыруға дайын екендігі туралы мердігердің хабарын алған тапсырысшы дереу оның нәтижелерін қабылдауға кірісуге міндетті.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы жұмыс нәтижелерін қабылдауды өз есебінен ұйымдастырады және жүзеге асырады. Заң актілерінде көзделген жағдайларда жұмыс нәтижесін қабылдауға мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысуға тиіс.
3. Жұмыстың жекелеген кезеңдерін алдын-ала қабылдаған тапсырысшы оның мердігердің кінәсінсіз жойылу немесе бүліну қаупін мойнына алады, бұған оның ішінде шартта жұмысты мердігердің тәуекелімен орындау көзделген жағдайлар да кіреді.
4. Мердігердің жұмыс нәтижелерін тапсыруы және тапсырысшының оны қабылдауы екі тарап, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері де қол қойған актімен ресімделеді. Тараптардың бірі актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл туралы белгі қойылып, актіге екінші тарап қол қояды. Жұмыс нәтижелерін бір жақты тапсыру немесе қабылдау актісін актіге қол қоюдан бас тарту себептерін сот негізсіз деп таныған жағдайда ғана сот жарамды деп тануы мүмкін.
5. Бұл заң актілерінде немесе шартта көзделген не құрылыс мердігерлігі шарты бойынша орындалатын жұмыстың сипатынан туындаған жағдайда, оның нәтижелерін қабылдауға алдын ала сынақ жұмыстары жүргізілуге тиіс. Мұндай жағдайларда жұмыс нәтижелерін қабылдау алдын ала жасалған сынақтың нәтижелері оң болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Тапсырысшы шартта көрсетілген мақсат үшін жұмыс нәтижелерін пайдалану мүмкін болмайтын кемшіліктер анықталған жағдайда және оларды мердігер, тапсырысшы немесе үшінші тұлға жоя алмайтын болса, жұмыс нәтижелерін қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Қабылдау кезінде өзге кемшіліктер анықталған жағдайда олар туралы осы баптың 4-тармағында көзделген актіде көрсетілуге тиіс.
7. Заң актілерінде көзделген жағдайларда салынған объектілерді мемлекеттік комиссия қабылдауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі салынған объектілерді мемлекеттік қабылдаудың тәртібін белгілейді және мемлекеттік органдардың аралық қабылдауларға қатысу мүмкіндігін айқындайды.
664-бап. Мердiгердiң жұмыстардың сапасы үшiн жауаптылығы
Мердiгер шартта, жобада және тараптар үшiн мiндеттi құрылыс нормалары мен ережелерінде көзделген талаптардан жол берілген ауытқулар үшін, сондай-ақ сондай-ақ құрылыс объектiсiнiң жобалық-сметалық құжаттамада көрсетiлген көрсеткiштерiне, оның iшiнде кәсiпорынның өндiрiстiк қуаты сияқты көрсеткiштерге жете алмағандығы үшiн тапсырысшының алдында жауапты болады.
Yйдi немесе ғимаратты қайта жаңғырту кезінде (жаңартқанда, қайта салғанда, қалпына келтiргенде және т.б.) мердiгерге үйдiң, ғимараттың немесе оның бөлігінің беріктігін, орнықтылығын, сенімділігін төмендеткені немесе жойғаны үшін жауаптылық жүктеледі.
665-бап. Құрылыс мердігерлігі шартындағы сапа кепiлдiктерi
1. Егер құрылыс мердігерлігі шартында өзгеше көзделмесе, мердігер құрылыс объектiсiнiң жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген көрсеткiштерге жеткiзiлуiне және шартқа сәйкес кепiлдi мерзiм iшiнде объектiнi пайдалану мүмкiндiгiне кепiлдiк бередi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгедей кепiлдiк мерзiм көзделмесе, кепілдiк мерзiмi тапсырысшы объектiнi қабылдаған күннен бастап он жыл болады.
2. Кепілдiк мерзiмi шегiнде анықталған кемшiлiктер үшiн егер, объектiнiң немесе оның бөлiктерiнiң қалыпты тозуының, оны дұрыс пайдаланбаудың немесе тапсырысшы өзi немесе ол тартқан үшiншi тұлғалар жасаған пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың дұрыс болмауының, объектіні тапсырысшының өзі немесе ол тартқан үшінші тұлғалар жөндеуді тиісті дәрежеде жүргізбеуі салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, мердігер жауапты болады.
3. Мердiгер жауап беретiн кемшіліктердің (ақаулардың немесе шала істелген жұмыстың) салдарынан объект пайдаланыла алмаған барлық уақытқа кепiлдiк мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
4. Кепілдік мерзімнің ішінде осы Кодекстің 630-бабының 4-тармағында көрсетiлген кемшiлiктер анықталған кезде тапсырысшы олар анықталғаннан кейін қисынды мерзімде олар туралы мердігерге мәлімдеуге тиіс.
5. Құрылыс мердігерлігі шартында кепілдік мерзім анықталғанға дейiн сметада көрсетiлiп, шартта көзделген жұмыс бағасының бiр бөлiгiн тапсырысшының ұстап қалу құқығы көзделуі мүмкін.
666-бап. Кемшіліктерді тапсырысшының есебінен жою
1. Құрылыс мердiгерлiгi шартында тапсырысшының талап етуi бойынша және тапсырысшының есебiнен мердiгер жауапты болмайтын кемшiлiктердi (ақаулар мен шала iстелген жұмыстарды) мердiгердiң жою мiндетi көзделуi мүмкiн.
2. Шарттың нысанасымен тiкелей байланысты болмаған немесе өзiне қатысы жоқ себептермен мердiгердiң орындауы мүмкiн болмаған жағдайда мердiгер осы баптың 1-тармағында көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуға құқылы.
4. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiктiң
ерекшелiктерi
667-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер (жобалаушы, iздестiрушi) тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) iздестiру жұмыстарын жүргiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы оларды қабылдап алуға және ақы төлеуге міндеттенедi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе жобалау және (немесе) іздестіру жұмыстарына арналған шартта өзгеше көзделмесе, жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған шартты орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмауының тәуекелi тапсырысшыға жүктеледi.
668-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректер
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша тапсырысшы мердігерге жобалауға тапсырма, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшiн қажеттi бастапқы деректердi беруге мiндеттi. Тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалауға тапсырманы мердiгер дайындауы мүмкiн, бұл жағдайда тапсырма тапсырысшы оны бекіткен кезден бастап тараптар үшін міндетті болады.
2. Мердігер тапсырмадағы және іздестіру жұмыстарын жобалау мен орындауға арналған басқа да бастапқы деректердегi талаптарды сақтауға мiндеттi және одан тек тапсырысшының келiсiмiмен ғана ауытқуға құқылы.
669-бап. Тапсырысшының мiндеттерi
Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша, егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы:
1) мердiгерге барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін белгiленген бағаны төлеуге немесе оны жұмыстың жекелеген кезеңдерi аяқталғаннан кейiн бөлiп төлеуге;
2) мердiгерден алынған жобалау-сметалық құжаттаманы тек шартта көзделген мақсаттарға пайдалануға, жобалау-сметалық құжаттаманы үшiншi тұлғаларға бермеуге және ондағы деректердi мердiгердiң келiсiмiнсiз жария етпеуге;
3) мердiгерге шартта көзделген көлем мен жағдайда жобалау және iздестiру жұмыстарын орындауына қызмет көрсетуге;
4) мердігермен бiрге дайын жобалау-сметалық құжаттаманы құзыреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарымен келiсуге қатысуға;
5) мердiгерге қатысы жоқ мән-жайлардың салдарынан жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректердiң өзгеруiнен пайда болған қосымша шығындарды өтеуге;
6) жасалған жобалау құжаттамаларының немесе орындалған iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерiне байланысты үшiншi тұлға тапсырысшыға қойған талап бойынша мердiгердi iске қатысуға тартуға мiндеттi.
670-бап. Мердiгердiң мiндеттерi
Жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша мердiгер:
1) жұмыстарды шарт жасасу кезiнде жобалауға берiлген бастапқы деректерге сәйкес орындауға;
2) дайын жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырысшымен, ал қажет жағдайда тапсырысшымен бірге құзыреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарымен келiсуге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға дайын жобалық-сметалық құжаттаманы және iздестiру жұмыстарының нәтижесiн бір мезгiлде беруге;
4) тапсырысшының келісімінсіз жобалау-сметалық құжаттаманы үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.