3. Егер ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында ресми орналасқан жері болса және хабарларды Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, оның эфирлiк немесе кабельдiк хабар таратуды ұйымдастыру құқығы танылады.
4. Өзге де шетелдiк орындаушылардың, орындау жазбаларын, фонограммалар жасаушылардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қорғалады.
988-бап. Сабақтас құқықтар субъектiлерiнiң құқықтарын реттеу
Орындаушының, орындау жазбаларын немесе фонограмманы жасаған адамдардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының айрықша және өзге де құқықтарының көлемi мен мазмұнын, сондай-ақ аталған субъектiлердiң айрықша құқықтарын шектеу жағдайлары мен шектерi және оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк заң актiлерiмен реттеледi.
989-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Орындаушыға қатысты сабақтас құқықтар алғаш рет орындалғаннан кейiн немесе қойылғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады. Орындаушының өз аты-жөнiне және орындауды немесе қойылымды бұрмалаудан қорғауға құқықтары мерзiмсiз қорғалады.
2. Орындау жазбасын, фонограмма жасаушыға қатысты сабақтас құқықтар фонограмма алғаш рет жарияланғаннан кейiн елу жыл бойы не, фонограмма бұл мерзiм iшiнде жарияланбаса, ол алғаш рет жазылғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
3. Эфирлiк хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым эфирге алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
4. Кабельдік хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым кабель бойынша алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн елу жыл бойы күшiнде болады.
5. Осы баптың 1-4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу мерзiмi өтуiнiң басталуына негiз болатын заңды факт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.
990-бап. Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, орындау жазбаларын жасаушылардың, эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары
Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, орындау жазбаларын, фонограммалар жасаушылардың, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары, егер олар өздерiнiң алғашқы қойылымын, орындауын, жазбасын немесе эфирге хабар таратуын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырса, оның аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қолданылады.
52-тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік
үлгіге құқық
991-бап. Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау талаптары
1. Өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар алдын ала патент, патент беру, ал пайдалы модельге - тек патент беру жағдайында қорғалады.
2. Жаңа, өнертапқыштық деңгейi бар және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешiм құқықтық қорғау берiлетiн өнертабыс болып танылады.
3. Жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болатын өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындау құқықтық қорғау берiлетiн пайдалы модель болып танылады.
4. Бұйымның сыртқы түрiн белгiлейтiн, жаңа, түпнұсқалық және өнеркәсiпте қолдануға болатын көркемдiк-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.
5. Алдын ала патент және патент алу құқығы туындайтын өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге қойылатын талаптар, мемлекеттiк уәкiлеттi органның (бұдан әрi - патенттiк органның (ұйымның) оларды беру тәртiбi заң актiсiмен белгiленедi.
6. Патентке қабiлетi жоқ техникалық шешiмдердiң, өндiрiс құралдары мен тұтыну заттарын конструкторлық орындаулардың, бұйымдардың көркемдiк-конструкторлық шешiмдерiнiң тiзбесi заң актiлерiмен белгiленедi.
992-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалану құқығы
1. Патент иесiнiң өнiмдi қорғалған шешiмдердi қолдану арқылы өндiру, патентпен қорғалған технологиялық процестердi өз өндiрiсiнде қолдану, қорғанған шешiмi бар бұйымдарды сату немесе сатуға ұсыну, тиiстi бұйымдарды импорттау құқықтарын қоса алғанда, патентпен қорғалған өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
2. Осы Кодекске немесе басқа заң актiлерiне сәйкес патент иесiнiң құқықтарын бұзу болып табылмайтын пайдалану жағдайларын қоспағанда, басқа адамдардың өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi патент иесiнiң рұқсатынсыз пайдалануға құқығы жоқ.
3. Патенттелген өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi қолданып жасалған бұйымдарды рұқсатсыз жасау, қолдану, импорттау, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзгедей енгiзу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ өнертабысқа патентпен қорғалатын әдiстi қолдану немесе тiкелей өнертабысқа берiлген патентпен қорғалатын әдiс арқылы дайындалған бұйымды азаматтық айналымға енгiзу не осы мақсатпен сақтау патент иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып танылады.
Өзгеше дәлелденбейiнше бұйым патенттелген әдiспен жасалған болып саналады.
993-бап. Патентке және алдын ала патентке берiлетiн құқыққа билiк ету
Патентті және алдын ала берілетін патентті алуға құқық, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, патенттi және алдын ала берiлетiн патенттi иеленуге құқық, және патент пен алдын ала берiлетiн патенттен туындайтын құқықтар басқа тұлғаға толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.
994-бап. Авторлық құқық
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторына авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге арнайы ат қою құқығы берiледi.
2. Авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге басқа да жеке құқықтар патентке негiзделген құқықтардың туындаған кезiнен бастап пайда болады.
3. Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi авторына заң актiлерi арнайы құқықтарды, әлеуметтiк сипаттағы жеңiлдiктер мен артықшылықтарды бекiтiп бере алады.
4. Өтiнiмде автор ретiнде көрсетiлген тұлға өзгеше дәлелденгенше автор болып есептеледi. Дәлелдемелер ретiнде құқық пайда болғанға дейiн орын алған фактiлер мен мән-жайлар ғана тартылуы мүмкiн.
995-бап. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторлары
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторларының өзара қатынасы олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi жасауға шығармашылық емес жәрдем (техникалық, ұйымдастырушылық немесе өзге де көмек, құқықтарды ресiмдеуге жәрдемдесу және т.б.) тең авторлыққа әкеп соқпайды.
996-бап. Қызметтік өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер
Қызметкер өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындаған кезде жасаған (қызметтiк өнертабыс) өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала берiлетiн патентке, патентке берiлетiн құқықты, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушi иеленедi.
997-бап. Автордың қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы алуға құқығы
Авторға қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн берiлетiн сыйақының мөлшерi, төлеу талаптары және тәртiбi оның және жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiммен белгiленедi. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер қызметтiк өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi жасаудағы автор мен жұмыс берушiнiң үлесiн мөлшерлестiру мүмкiн болмаса, автордың жұмыс берушi алған немесе алуға тиісті пайдасының жартысына құқығы танылады.
998-бап. Алдын ала патент пен патенттiң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасы аумағында уәкiлеттi орган берген алдын ала патент, өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге патент, пайдалы модельге патент қолданылады.
2. Шет мемлекет немесе халықаралық ұйым берген патенттер, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда қолданылады.
3. Егер белгiленген тәртiпте мәлiмденген шешiм тиiсiнше өнертабыстарға, пайдалы модельдерге немесе өнеркәсiптiк үлгiлерге Қазақстан Республикасының заң актiлерi қоятын талаптарға сай келсе, шетелдiк азаматтар мен шетелдiк заңды тұлғалар немесе олардың құқықтық мирасқорлары Қазақстан Республикасында алдын ала патент пен өнертабысқа және өнеркәсiптiк үлгiге арналған патент, пайдалы модельге патент алуға құқылы.
999-бап. Алдын ала берiлетiн патент пен патенттiң қолданылу мерзiмi
1. Алдын ала берiлетiн патент пен патент патенттiк органына (ұйымына) өтiнiм түскен күннен бастап қолданылады және заң актiлерiнде белгiленген талаптар сақталған жағдайда:
1) өнертабысқа алдын ала берiлетiн патент - бес жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ үш жылдан аспауы керек;
2) өнертабысқа патент - жиырма жыл бойы;
3) пайдалы модельге патент - бес жыл бойы, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ үш жылдан аспауы керек;
4) өнеркәсiптiк үлгiге алдын ала берiлетiн патент - бес жыл бойы;
5) өнеркәсiптiк үлгiге патент - он жыл бойы күшiн сақтайды, патент иесiнiң өтiнiшi бойынша бұл мерзiмдi патент органы (ұйымы) ұзартуы мүмкiн, бiрақ бес жылдан аспауы керек.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау патент органына (ұйымына) өтiнiм келiп түскен күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау тек патент берiлгеннен кейiн ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент беруден бас тартылған жағдайда қорғауға алынбаған болып есептеледі.
3. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдығы заң актiлерiнде көзделген тәртiппен айқындалады.
1000-бап. Патенттiк құқықтарды беру туралы шарт
Алдын ала патент пен патенттi алуға деген құқықты беру туралы, сондай-ақ алдын ала патент пен патенттi беру туралы шарттар жазбаша нысанда жасалуы тиiс және патенттiк органында (ұйымында) тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
1001-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт
1. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және патенттiк органында (ұйымында) тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
2. Лицензиялық шарттың мазмұны осы Кодекстiң 966-бабында жазылған талаптарға сәйкес келуге тиiс.
1002-бап. Ашық лицензия
1. Патент иесi кез келген тұлғаға өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы патенттiк органына (ұйымына) өтiнiш бере алады.
2. Ашық лицензияны пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға патент иесiмен төлем туралы шарт жасасуға мiндеттi. Мұндай шарттың талаптары туралы дауларды сот шешедi.
Ашық лицензияға құқық беру туралы патент иесiнiң өтiнiшi қайтарып алуға жатпайды.
1003-бап. Алдын ала патент пен патентті бұзғаны үшін жауапкершiлiк
Патент иесiнiң талабы бойынша патенттi бұзу тоқтатылуы тиiс, ал оны бұзушы патент иесiне өзi келтiрген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы). Патент иесi келтiрiлген залалдың орнына тәртiп бұзушыдан өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi заңсыз пайдалану салдарынан алынған кiрiстi өндiрiп алуға құқылы.
1004-бап. Оған дейiн пайдалану құқығы
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында автордан тәуелсіз жасалған соған ұқсас шешімді адал ниетпен пайдаланған немесе осыған қажеттi дайындықтар жасаған кез келген тұлға пайдалану көлемiн кеңейтпестен оны әрi қарай тегiн пайдалану құқығын сақтайды.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi басымдық алған күнiнен кейiн, бiрақ өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптік үлгiге алдын ала патент немесе патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн адал ниетпен пайдалана бастаған тұлға патент иесінің талап етуi бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға мiндеттi. Алайда мұндай тұлға патент иесiне өзiнiң осындай пайдалануы нәтижесiнде келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi емес.
1005-бап. Патент иесiнiң құқықтарын шектеу
Патент иесiнiң құқықтарын шектеу негiзi, патенттi тоқтату (жою) талаптары, оны жарамсыз деп тану, оның қолданылуын тоқтату, лицензияларды мәжбүрлеп беру және патенттердi мәжбүрлеп иелiктен алу заң актiлерiмен белгiленедi.
53-тарау. Селекциялық жетістіктерге құқық
1006-бап. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқықты қорғаудың талаптары
1. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқық (селекциялық жетiстiктер) патент берiлген жағдайда қорғалады. Патент арқылы патент иесiнiң селекциялық жетiстiктердi, оның басымдығын пайдалануына және селекционердiң авторлығына айрықша құқықты куәландырады.
Өсімдік шаруашылығында жасанды жолмен немесе сұрыптау жолымен алынған және оны қолда бар өсiмдiктер сорттарынан ерекшелендiретiн бiр немесе бiрнеше шаруашылық белгiлерi бар өсiмдiк сорты селекциялық жетiстiк деп танылады.
Мал шаруашылығында адам жасап шығарған және оны осы түрдегi жануарлардың өзге тұқымдарынан айыруға мүмкiндiк беретiн генеологиялық құрылымы мен қасиетi бар және бiр тұқым ретiнде көбейту үшiн сан жағынан жеткiлiктi тұқым, яғни шығу тегi ортақ жануарлардың саны көп тұтас тобы селекциялық жетiстiк деп танылады.
2. Селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау талаптары, өсімдік сорттарында және жануарлар тұқымдарына патентті ресімдеу мен беру тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.
3. Осы тараудың ережелерінде және селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заңдарда өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiктерге құқықтар мен осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 992-998, 1000-1003-баптарының ережелерi қолданылады.
1007-бап. Автордың селекциялық жетiстiк атауын айқындау құқығы
1. Селекциялық жетiстiктiң авторы оның заңдарда белгiленген талаптарға сай келуге тиісті атауын айқындауға құқылы.
2. Қорғалатын селекциялық жетiстiктердi өндiру, ұдайы өндіру, сатуға ұсыну, сату және өткізудің өзге де түрлері кезінде олар үшін тіркелген атауларды қолдану мiндеттi. Өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға тiркелгеннен өзгеше атау беруге жол берiлмейдi.
3. Тiркелген селекциялық жетiстiктiң атауын оған қатысы жоқ өсiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдар мен асыл тұқымды материалға беру патент иесi мен селекционердiң құқықтарын бұзу болып табылады.
1008-бап. Селекциялық жетiстiк авторының сыйақы алуға құқығы
1. Патент иесi болып табылмайтын селекциялық жетiстiктiң авторы патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде патент иесiнен селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн сыйақы алуға құқылы.
2. Селекциялық жетiстiк авторына сыйақы төлеудiң мөлшерi мен талаптары оның өзi мен патент иесi арасында жасалған шартта белгiленедi. Бұл орайда сыйақының мөлшерi лицензияларды сатудан түскен түсiмдi қоса алғанда, патент иесi селекция жетiстiктерiн пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдер сомасының кемiнде бес процентi болуға тиiс.
Сыйақы авторға, егер автордың патент иесiмен шартында өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл аяқталғаннан кейін алты ай ішінде төленеді.
1009-бап. Патент иесiнiң селекциялық жетiстiкке құқығы
Селекциялық жетiстiк патентi иесiнiң осы жетiстiктi селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы заң актiлерiнде белгiленген шекте пайдалануға айрықша құқығы болады.
1010-бап. Патент иесiнiң мiндеттерi
Селекциялық жетiстiк патентiнiң иесi:
1) өндiрiсте пайдалануға жiберiлген сортты, тұқымды айналымға енгiзуге;
2) өсiмдiктiң тиiстi сортын немесе жануарлардың тиiстi тұқымын патенттi қолдану мерзiмi iшiнде сорттың немесе тұқымның сараптама органы белгiлеген ресми сипаттамасында көрсетiлген белгiлерi сақталатындай етiп ұстауға мiндеттi.
1011-бап. Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылу мерзiмi
Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылуы патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм берiлген күннен басталады және жиырма бес жыл бойына жалғасады.
Селекциялық жетiстiктердiң жекелеген түрлерi үшiн патенттi қолданудың неғұрлым ұзағырақ мерзiмi, сондай-ақ оларды патенттiк органның (ұйымның) ұзарту мүмкiндiгi селекциялық жетiстiктер туралы заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.
1012-бап. Селекциялық жетiстiктердi пайдалануға жіберу
1. Құқықтық қорғау берiлген (патентi бар) селекциялық жетiстiктер мен өндiрiсте пайдалануға жiберiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлгенi туралы мәлiметтердi пайдалануға жол берiледi.
2. Өндiрiсте пайдалануға жiберiлген өсiмдiк сорттары мен жануарлардың тұқымдарын Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзудi шаруашылыққа пайдалылығына мемлекеттiк сынақтың нәтижелерi бойынша, селекциялық жетiстiктерге сараптама мен сынақты басқаратын мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
54-тарау. Интегралды микротәсімдер
топологиясына құқықтар
1013-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына құқықтарды қорғау талаптары
1. Осы тарауда және өзге де заң актiлерiнде көзделген құқықтық қорғау интегралды микротәсiмдердiң түпнұсқа топологиясына ғана қолданылады.
Автордың шығармашылық қызметi нәтижесiнде жасалып, материалдық көздерде көрсетiлген интегралды микротәсiмдер мен олардың арасындағы байланыстардың элементтерi жиынтығының кеңiстiктiк-геометриялық орналасуы интегралды микротәсiмнiң түпнұсқалық топологиясы деп танылады.
2. Осы бөлiмнiң баптарымен берiлген құқықтық қорғау топологияда iске асуы мүмкiн идеяларға әдiстерге, жүйелерге, технологияға немесе кодтандырылған ақпаратқа қолданылмайды.
3. Интегралды микротәсiмдер топологиясы құқығына және осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 994-997-баптарының ережелерi қолданылады.
1014-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына айрықша құқық
1. Интегралды микротәсiмдер топологиясы авторының немесе өзге де құқық иесiнiң бұл топологияны өз қалауы бойынша, атап айтқанда, мұндай топологияны басқа тұлғалардың тиісті рұқсатсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, мұндай топологиясы бар интегралды микротәсiм дайындау жолымен пайдаланудың айрықша құқығы болады.
2. Топологияның бiрнеше авторына немесе өзге де құқық иелерiне тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Автордың рұқсатынсыз мынадай әрекеттердi жасау:
1) интегралды микротәсiмге енгiзу арқылы немесе өзге де түрде, оның түпнұсқа болып табылмайтын бөлiгiн қоспағанда, топологияны тұтас немесе оның бөлiктерiн көшiрiп алу;
2) топологияны немесе осы топология бар интегралды микротәсiмдi қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және өзге де айналымға енгiзу айрықша құқықты бұзу болып табылады.
4. Топологияға құқық иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып табылмайтын әрекеттердiң тiзбесi заң актiлерiнде белгiленедi.
1015-бап. Топологияларды тiркеу
1. Интегралды микротәсiм топологиясының авторы немесе өзге де құқық иесi уәкiлеттi мемлекеттiк органға өтiнiм беру жолымен топологияны тiркетуге құқылы.
2. Тiркеуге өтiнiм беру, егер топология қолданылған болса, оны алғаш рет қолданған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Топологияны, сондай-ақ оларға құқықты толық немесе iшiнара беру туралы шарттарды тiркеу тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.
1016-бап. Топологияны қолдануға айрықша құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Топологияны пайдалануға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Егер топологияны тiркеу жүргiзiлмесе, аталған он жыл мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралды тәсiмнің дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш рет пайдаланылғаны құжат арқылы расталған күннен бастап есептеледi.
2. Түпнұсқамен бiрдей басқа автор өз бетiмен жасаған топологияның пайда болуы осы баптың 1-тармағында аталған айрықша құқық мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды.
55-тарау Ашылмаған ақпаратты заңсыз
пайдаланудан қорғау құқығы
1017-бап. Ашылмаған ақпаратты құқықтық қорғау талаптары
1. Техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпаратты, оның iшiнде үшiншi тұлғаларға белгiсiз (ашылмаған ақпарат) өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) заңды түрде иеленетiн тұлғаның, егер осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында белгiленген талаптар сақталса, осы ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғауға құқығы бар.
2. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы осы ақпаратқа қатысты қандай да болсын шарттылықты орындауға (оны тiркеу куәлiк алу және т. б.) қарамастан туындайды.
3. Ашылмаған ақпаратты қорғау туралы ережелер, заң актiлерiне сәйкес қызметтiк немесе коммерциялық құпия бола алмайтын мәлiметтерге (заңды тұлғалар туралы мәлiметтер, мүлiкке құқықтар және олармен мәмiлелер туралы мәлiметтер; мемлекеттiк статистикалық есеп беру ретiнде ұсынылуға жататын мәлiметтер және басқалары) қатысты қолданылмайды.
4. Ашылмаған ақпаратты қорғау құқығы осы Кодекстiң 126-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталған жағдайда қолданыла бередi.
1018-бап. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Ашылмаған ақпаратты заңсыз негiзде алған немесе таратқан не оны пайдаланушы тұлға осы ақпаратқа заңды түрде иелік етушiге оны заңсыз пайдаланудан келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
2. Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланушы тұлға оны таратуға құқығы жоқ тұлғадан алса, ол туралы ақпаратты алушы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал ниеттi алушы), ашылмаған ақпараттың заңды иесi адал ниеттi алушы оны пайдалану заңсыз екенiн бiлгеннен кейiн одан ашылмаған ақпаратты пайдаланудан келтiрiлген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
3. Ашылмаған ақпаратқа заңды иелiк етушi тұлға оны кiм заңсыз пайдаланса, содан оның пайдаланылуын дереу тоқтатуды талап етуге құқылы. Алайда сот ашылмаған ақпараттан адал ниеттi алушының оны пайдалануға жұмсаған қаражатын ескере отырып, оны айрықша тегiн лицензия талаптарымен одан әрi пайдалануға рұқсат беруi мүмкiн.
4. Ашылмаған ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердi өз бетiнше және заңды түрде алған тұлға бұл мәлiметтердi тиiстi ашылмаған ақпарат иесінің құқықтарына қарамастан пайдалануға құқылы және мұндай пайдалану үшiн оның алдында жауап бермейдi.
1019-бап. Ашылмаған ақпараттан заңсыз пайдаланудан қорғауға құқықтың ауысуы
1. Ашылмаған ақпаратқа иелiк етушi тұлға осы ақпараттың мазмұнын құрайтын мәлiметтердiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн лицензиялық шарт бойынша басқа тұлғаға бере алады (осы Кодекстiң 966-бабы).
2. Лицензиат шарт бойынша алынған ақпарат құпиясын қорғауға тиiстi шараларды қолдануға мiндеттi және лицензиар сияқты оны үшiншi тұлғалардың заңсыз пайдалануынан қорғауға да сондай құқығы болады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиялық шарт тоқталғаннан кейiн де, егер тиiстi мәлiметтер ашылмаған ақпарат болып қала беретiн болса, ақпараттың құпиялылығын сақтау мiндетi лицензиатқа жүктеледi.
56-тарау. Азаматтық айналымға, тауарларға және
қызмет көрсетулерге қатысушыларды
дараландыру құралдары