432-бап. Тауарлар жиынтығы
1. Егер шартта сатушының сатып алушыға белгiлi бiр жиынтықтағы тауарлар жинағын (тауарлар жиынтығын) беру мiндетi көзделсе, жиынтыққа енгiзiлген барлық тауарлар берiлген кезден бастап мiндеттеме орындалған болып есептеледi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе және ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, сатушы сатып алушыға жиынтыққа енетiн барлық тауарды бiр мезгiлде беруге мiндеттi.
433-бап. Жиынтықталмаған тауарлар берудiң салдары
1. Жиынтықталмаған тауарлар берiлген жағдайда (осы Кодекстiң 431-бабы) сатып алушы өз таңдауы бойынша сатушыдан:
1) сатып алу бағасын сол мөлшерде кемiтудi;
2) тауарларды қисынды мерзiмде толымды жиынтықтауды;
3) жиынтықталмаған тауарды жиынтықталған тауармен алмастыруды;
4) шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшін төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген салдарлар, егер заңдарда не шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса сатушы сатып алушыға тауарлар жиынтығын (осы Кодекстiң 432-бабы) беру мiндеттемесiн бұзған жағдайда да қолданылады.
434-бап. Тауарды салатын ыдыс және оны буып-түю
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және мiндеттеменiң мәнiнен немесе тауарлардың сипатынан туындамаса, сатушы сатып алушыға тауарды ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп беруге мiндеттi.
2. Егер шартта ыдыс пен буып-түюге талаптар белгiленбесе, тауар, осындай тауарға арналған әдеттегi әдiспен, ал бұлай болмағанда сақтау мен тасымалдаудың әдеттегi жағдайларында осы тектес тауарлардың сақталуын қамтамасыз ететiн әдiспен ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге тиiс.
3. Егер заңдарда белгiленген тәртiппен ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға тауарды осындай міндетті талаптарға сай келетiн ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп беруге мiндеттi.
435-бап. Тауарды ыдыссыз және (немесе) буып-түюсiз не тиiстi ыдысқа салмай және (немесе) буып-түймей берудiң салдары
1. Ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге тиіс тауар сатып алушыға ыдыссыз және (немесе) буып-түюсiз не тиiстi ыдысқа салынбай және (немесе) буып-түйiлмей берiлген жағдайда сатып алушы сатушыдан, егер шарттан, мiндеттеменiң мәнiнен немесе тауардың сипатынан өзгеше туындамаса, тауарды ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп берудi не тиiстi дәрежеде емес ыдысты және (немесе) буып-түйiлген орауышты алмастыруды талап етуге құқылы.
2. Сатушыға осы баптың 1-тармағында аталған талаптар қоюдың орнына, сатып алушы оған тиiстi сапасы жоқ тауар беруден туындайтын өзге де талаптар қоюға құқылы (осы Кодекстiң 428-бабы).
436-бап. Сатушыға шартты тиiсiнше орындамағаны туралы хабарлау
1. Сатып алушы шарттағы тауардың саны, түр-түрі, сапасы, жиынтықталуы, ыдысқа салынуы және (немесе) буып-түйiлуi туралы талаптардың бұзылғандығы жөнінде сатушыға заң актiлерiнде, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген мерзiмде, ал егер мерзiм белгiленбесе тауарлардың сипаты мен мақсатын негiзге ала отырып, шарттағы тиiстi талаптың бұзылуы байқалуға тиiс болғаннан кейiн қисынды мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
2. Сатып алушы осы баптың 1-тармағына көзделген мiндеттi орындамаған жағдайда, егер мұндай дер кезiнде хабарламау өзiнiң талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн болмауына әкеп соққанын немесе шарт талаптарының бұзылуы туралы дер кезiнде хабарлаған жағдаймен салыстырғанда сатушыға өлшеусiз шығындар келтiретiнiн дәлелдесе, сатушы сатып алушының тиiстi талаптарын қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Егер сатушы сатып алушыға берiлген тауарлардың шарт талаптарына сәйкес келмейтiндiгiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, оның сатып алушының осы баптың 1-тармағында көзделген мiндеттi орындамауына сiлтеме жасауына құқығы жоқ.
437-бап. Сатып алушының тауарды қабылдау мiндетi
1. Осы тараудың ережелерiне сәйкес тауарды ауыстыруды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға өзi құқылы болатын жағдайларды қоспағанда, сатып алушы өзіне сатушы берген тауарды қабылдауға мiндеттi.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы әдетте қойылатын талаптарға сәйкес, тиісті тауар беруді және алуды қамтамасыз ету үшiн өз тарапынан қажеттi iс-қимылдар жасауға міндеттi.
3. Сатып алушы заң актiлерiн немесе шартты бұза отырып, тауарды қабылдамаған не қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, сатушы сатып алушыдан тауарды қабылдауды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
438-бап. Тауардың бағасы
1. Сатып алушы тауарға шартта көзделген баға бойынша, не ол шартта көзделмесе және оны шарт талаптарын негiзге ала отырып белгiлеу мүмкiн болмаса, осы Кодекстiң 385-бабының ережелерiне сәйкес белгіленетін баға бойынша ақы төлеуге, сондай-ақ өз есебінен заң актiлерiне, шартқа немесе әдетте қойылатын талаптарға сәйкес төлемді жүзеге асыру үшiн қажеттi iс-қимылдар жасауға мiндеттi.
2. Баға тауардың салмағына қарай белгiленген кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ыдыссыз таза салмағы бойынша айқындалады.
3. Егер шартта тауар бағасын (өзiндiк құн, шығынды және т.б.) көрсететiн көрсеткiштерге қарай тауар бағасының өзгеруі тиiс екендігі көзделсе, бірақ бағаны қайта қарау әдісі белгіленбесе, баға көрсеткіштердің шарт жасасу кезіндегі және тауар беру жөніндегі мiндеттi орындау кезiндегi арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi. Сатушы тауар беру жөнiндегi мiндеттiң орындалуын кешiктiрiп алған жағдайда бағам көрсеткiштердiң шарт жасасу кезiндегi және шартта көзделген тауар берiлетiн күндегi, ал шартта мұндай күн көзделмесе, осы Кодекстiң 277-бабына сәйкес белгiленген күнгi арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi.
Егер осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгіленбесе не ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы тармақта көзделген ережелер қолданылады.
439-бап. Тауарға ақы төлеу
1. Егер шарт пен заң актiлерi талаптарынан бағаны белгiлi бiр мерзiмде төлеу мiндетi туындамаса, сатып алушы оны өзiне тауар немесе сол тауарға арналған тауарға билiк ету құжаттары берiлгеннен кейін кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
2. Егер шартта берiлген тауар ақысын бөлiп-бөлiп төлеу көзделмесе, сатушыға сатып алушы берiлген тауардың толық бағасы мөлшерiндегi соманы төлеуге мiндеттi.
3. Егер сатып алушы шартқа сәйкес берiлген тауарға ақы төлемесе, сатушы одан тауар ақысын төлеудi және басқа бiреудiң ақшасын пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбын төлеудi талап етуге құқылы (осы Кодекстiң 353-бабы).
4. Егер сатып алушы шартты бұза отырып, тауарды қабылдаудан және оған төлеуден бас тартса, сатушы өз таңдауы бойынша тауарға ақы төлеуді талап етуге не шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
5. Сатушы шартқа сәйкес сатып алушыға ақы төленбеген тауарлардан басқа да тауарлар беруге міндетті болған жағдайларда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, ол бұрын берілген барлық тауарларға ақы толық төленгенге дейін сол тауарларды беруді тоқтата тұруға құқылы.
440-бап. Тауарға алдын ала ақы төлеу
1. Шартта сатушы тауарды бергенге дейін бағасын толық немесе ішінара төлеу (алдын ала төлеу) жөнінде сатып алушының міндеті көзделген жағдайларда сатып алушы ақыны шартта көзделген мерзімде, ал егер шартта мерзім көзделмесе, осы Кодекстің 277-бабына сәйкес белгіленген мерзімде төлеуге тиіс.
2. Сатып алушы тауарға алдын ала ақы төлеу жөнiнде шартта көзделген мiндеттi орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 284-бабында көзделген ережелер қолданылады.
3. Алдын ала төленетiн ақы сомасын алған сатушы өзiнiң тауар беру жөнiндегi мiндетiн белгiленген мерзiмде (осы Кодекстiң 409-бабы) орындамаған жағдайларда сатып алушы одан ақы төленген тауарды берудi немесе сатушы бермеген тауар үшiн алдын ала төленген ақы сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
4. Сатушы ақысы алдын ала төленген тауарды беру жөнiндегi мiндетiн орындамаған және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмеген жағдайда осы Кодекстің 353-бабына сәйкес тауар беру жүргізілуге тиіс болған күннен бастап сатып алушыға тауар беретін немесе оның алдын ала төлеген сомасы қайтарылатын күнге дейiн алдын ала төленген ақы сомасына тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс. Шартта сатушының осы соманы алған күннен бастап алдын ала ақы төлеу сомасына тұрақсыздық айыбын төлеу мiндетi көзделуі мүмкiн.
441-бап. Кредитке сатылған тауарға ақы төлеу
1. Шартта сатып алушыға тауар берiлген соң белгiлi бiр уақыттан кейiн оған ақы төлеу (тауарды кредитке сату) көзделген жағдайларда сатып алушы ақыны шартта көзделген мерзiмде, ал егер шартта мерзiм көзделмесе, осы Кодекстiң 277-бабына сәйкес белгiленген мерзiмде төлеуге тиiс.
2. Сатушы тауар беру жөнiндегi мiндеттi орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 284-бабында көзделген ережелер қолданылады.
3. Тауарды алған сатып алушы оның ақысын төлеу мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайларда сатушы берiлген тауарға ақы төлеудi немесе ақы төленбеген тауарларды қайтаруды талап етуге құқылы.
Сатып алушы берiлген тауарға ақы төлеу жөнiндегi мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде орындамаған және осы Кодекс пен шартта өзгеше көзделмеген жағдайларда мерзiмi өткiзiлген сомаға осы Кодекстiң 353-бабына сәйкес, сатып алушы тауарға ақы төлеуге тиiс болған күннен бастап, оның тауарға ақы төлеген күнiне дейiн тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс.
4. Шартта сатушының тауар берген күнiнен бастап, тауардың бағасына сәйкес келетiн сомаға сатып алушының тұрақсыздық айыбын төлеу мiндетi көзделуі мүмкiн.
5. Кредитке тауар сату оның сатылған күнiнде қолданылған бағасы бойынша жүргiзiледi. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, кредитке сатылған тауардың бағасында кейiннен жасалған өзгеріс қайта есеп айырысуға әкеп соқпайды.
442-бап. Тауарды кредитке сату кезiнде төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу
1. Тауарды кредитке сату туралы шартта төлемді бөліп-бөліп төлеу көзделуi мүмкiн.
Егер сатып алу-сату шартында басқа да елеулi талаптармен қатар, баға төлемдердiң тәртiбi, мерзiмi мен мөлшерi көрсетiлсе, төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу талабымен тауарды кредитке сату туралы шарт жасалған болып есептеледi.
2. Сатып алушы бөлiп-бөлiп төлеу арқылы сатылған тауар үшiн кезектi төлемдi шартта белгiленген мерзiмде төлемесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы, сатып алушыдан алған төлем сомасы тауар бағасының жартысынан асатын жағдайларды қоспағанда, шартты орындаудан бас тартуға және сатылған тауардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
443-бап. Тауарды сақтандыру
1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шартында сатушының немесе сатып алушының тауарды сақтандыру мiндетi көзделуi мүмкiн.
2. Тауарды сақтандыруға мiндеттi тарап сақтандыруды шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырмаған жағдайда, екiншi тарап тауарды сақтандыруға және міндетті тараптан сақтандыруға жұмсалған шығындарды өтеуін талап етуге не шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
444-бап. Сатушының тауарға меншiк құқығының сақталуы
1. Тауардың ақысы төленгенге дейiн немесе өзге бiр мән-жайлар басталғанға дейiн сатушының сатып алушыға берiлген тауарға меншiк құқығы сақталатындығы шартта көзделген жағдайларда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе не ол тауардың мақсаты мен қасиеттерiнен туындамаса, сатып алушының өзiне меншiк құқығы көшкенге дейiн тауарды иелiктен айыруға немесе оған өзгеше түрде билiк етуге құқығы жоқ.
2. Берiлген тауардың ақысы шартта көзделген мерзiмде төленбеген немесе меншiк құқығы сатып алушыға көшетiн өзге де мән-жайлар басталмаған жағдайларда сатушы сатып алушыдан, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды өзiне қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Бөлшектеп сатып алу-сату
445-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты
Тауар сату жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, әдетте жеке өзiне, отбасында, үйiнде немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды беруге мiндеттенедi.
Бөлшектеп сатып алу-сату шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
446-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының нысаны
Егер заң актiлерiнде немесе бөлшектеп сатып алу-сату шартында, соның iшiнде сатып алушы қосылатын (осы Кодекстiң 389-бабы) формулярлардың немесе өзге де стандарттық нысандардың талаптарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға касса немесе тауар шегiн немесе тауарға ақы төленгенiн растайтын өзге де құжатты берген кезден бастап бөлшектеп сатып алу-сату шарты тиiстi нысанда жасалған болып есептеледi. Аталған құжаттардың сатып алушыда болмауы оны шарттың жасалғандығын және оның талаптарын растайтын куәлiк айғақтарға сүйену мүмкiндiгiнен айырмайды.
447-бап. Тауардың көпшiлiкке арналған офертасы
1. Тауарларды көруге қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе тауарлар сатылатын жерде сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер (сипаттамалар, каталогтар, фотосуреттер және т.б.) беру, сатушы тиістi тауарлардың сатуға арналмағандығын айқын көрсеткен жағдайларды қоспағанда, бағаның және сатып алу-сату шартының басқа да елеулі талаптарының көрсетілгенiне қарамастан, көпшiлiкке арнаған оферта болып танылады.
2. Тауардың оның жарнамасында, каталогтарында, сондай-ақ тауар сатылмайтын жерлерде тауардың беймәлім адамдар тобына арналған және тауардың сатып алу-сату шартының елеулi талаптары болмаған басқа да сипаттамаларында көрсетiлген ұсынымы көпшiлiкке арналған оферта деп танылмайды.
448-бап. Сатып алушыға тауар туралы ақпарат беру
1. Сатушы сатуға ұсынылатын тауар туралы сатып алушыға қажетті және анық ақпарат беруге мiндеттi. Бұл ақпарат заң актiлерiнде белгiленген талаптарға және әдетте бөлшек саудада осындай ақпарат берудiң мазмұны мен әдiсiне қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиiс.
2. Сатып алушы шарт жасалғанға дейiн, егер бұған тауардың сипатына байланысты тыйым салынбаса және бөлшек саудада қабылданған ережелерге қайшы келмесе, тауарды көруге, өзiнiң қатысуымен тауардың қасиеттерiн тексерудi немесе оның пайдаланылуын көрсетудi талап етуге құқылы.
3. Сатып алушыға тауар туралы тиісті ақпарат алуға мүмкіндік бермеген сатушы тауардың оны сатып алушыға бергеннен кейін пайда болған, сатып алушы өзiнде ақпараттың болжауына байланысты туындағанын дәлелдеген кемшiлiктерi үшiн де жауап бередi.
449-бап. Сатып алушының тауарды белгiлi бiр мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт
1. Тараптар сатып алушының тауарды шартты белгiленген мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт жасасуы мүмкiн, осы мерзiм iшiнде тауарды басқа сатып алушыға сатуға болмайды.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушының келмей қалуын немесе шартта белгiленген мерзiмде тауарды қабылдап алу үшiн өзге де қажеттi әрекеттер жасалмауын сатушы сатып алушының шартты орындаудан бас тартуы ретiнде қарастыруы мүмкiн.
3. Шартта белгiленген мерзiмде сатып алушыға тауар берудi қамтамасыз ету жөнiндегi сатушының қосымша шығындары, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауардың бағасына енгiзiледi.
450-бап. Тауарларды үлгiлерi бойынша сату
1. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты сатып алушының сатушы ұсынған тауар үлгiсімен (оның сипаттамасымен, тауарлар каталогымен және т.б.) танысуы негiзiнде жасалуы мүмкiн.
2. Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шартта көрсетiлген жерге тауар жеткiзiлген кезден бастап, ал егер шартта тауар беретін орын белгіленбесе, азаматтың тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жерi бойынша сатып алушыға тауар жеткiзiлген кезден бастап шарт орындалған болып есептеледi.
3. Сатушы шартты орындау жөнiнде әрекет жасалуына байланысты қисынды шығындарды өтеген жағдайда сатып алушы тауар берiлгенге дейiн шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
451-бап. Автоматтарды пайдалана отырып тауар сату
1. Тауар сату автоматтарды пайдалана отырып жүргiзiлген жағдайларда автоматтардың иесi сатып алушыларға тауар туралы (атауы, саны, бір тауардың бағасы және т.б.) автоматқа орналастыру арқылы тауардың сатушысы туралы ақпарат жеткiзуге немесе сатып алушыларға сатушының атауы (фирмалық атауы), оның орналасқан жерi, жұмыс режимi, сондай-ақ сатып алушының тауар алу үшiн жасайтын қажеттi әрекеттерi туралы өзге де әдiстермен мәлiметтер беруге мiндеттi.
2. Сатып алушы тауар алуға қажеттi әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.
3. Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берiлмесе, сатушы тауардың сатып алушыға дереу берiлуiн немесе оның сатып алушының сол тауар үшiн төлеген ақша сомасының қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.
452-бап. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылатын шарт
1. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылып шарт жасалған жағдайларда сатушы тауарды сатып алушы көрсеткен жерге шартта белгіленген мерзімде жеткізіп беруге міндетті.
2. Егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушыға, ал ол болмаған кезде шарттың жасалғандығын немесе тауарды жеткізіп берудің ресімделуін куәландыратын түбіртекті немесе өзге бір құжатты көрсеткен кез келген адамға тауар табыс етілген кезден бастап сатушы шартты орындады деп есептеледі.
453-бап. Тауардың бағасы және оған ақы төлеу
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындама, сатып алушы шарт жасасу кезінде сатушы жариялаған баға бойынша тауарға ақы төлеуге міндетті.
2. Шартта тауарға алдын ала ақы төлеу (осы Кодекстің 440-бабы) көзделген жағдайларда сатып алушының шартта белгіленген мерзімде тауарға ақы төлемеуі, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, сатып алушының шартты орындаудан бас тартқаны деп танылады.
3. Тауарларды кредитке бөлшектеп сатып алу-сату, соның ішінде сатып алушының тауарларға төлемді бөліп-бөліп төлеу талабы қойылған шартына осы Кодекстің 441-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген ережелер қолданылмауға тиіс.
4. Сатып алушы тауарға ақыны бөліп-бөліп төлеудің шартта белгіленген кезеңі шегінде тауарға кез келген уақытта толық төлем жасауға құқылы.
454-бап. Сапасы лайықты тауарды алмастыру
1. Сатып алушы азық-түлікке жатпайтын тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды сату орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жинақтылығы және т.б. бойынша соған ұқсас тауармен алмастырып алуға құқылы.
2. Сатушыдан алмастыруға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақша сомасын алуға құқылы.
3. Егер тауар пайдаланылмай, оның тұтыну қасиеттері сақталса және оның сол сатушыдан сатып алынғандығына дәлелдер болса, сатып алушының тауарды алмастыру немесе оны қайтару туралы талаптары қанағаттандырылуға тиіс.
4. Осы бапта аталған негiздемелер бойынша алмастырылуға немесе қайтарылуға жатпайтын тауарлардың тiзбесi заңдарда белгiленген тәртiппен айқындалады.
455-бап. Сатып алушының оған сапасы лайықсыз тауар сатылған жағдайдағы құқықтары
1. Сапасы лайықсыз тауар сатылған сатып алушы, егер сатушы оның кемшiлiктерiн айтпаған болса, осы Кодекстiң 428-бабының 1-тармағында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда сатып алушы сатушының талап етуi бойынша және оның есебiнен алынған сапасы лайықсыз тауарды қайтарып беруге тиiс.
2. Тауар үшiн төленген ақша сомасын сатып алушыға қайтарған кезде сатушының одан тауарды толық немесе iшiнара пайдаланудан, оның тауар түрiн жоғалтудан және т.б. болған тауар құнының төмендеген сомасын ұстап қалуға құқығы жоқ.
456-бап. Тауарды алмастыру, сатып алу бағасын кеміту және сапасы лайықсыз тауарды қайтару кезiнде баға айырмасының орнын толтыру
1. Сапасы лайықсыз тауарды шартқа сәйкес сапасы лайықты тауарға алмастыру кезiнде сатушының шартта белгiленген тауар бағасы мен тауарды алмастыратын немесе тауарды алмастыру туралы сот шешім шығарған кезде қолданылатын тауар бағасы арасындағы айырманың орны толтырылуын талап етуге құқығы жоқ.
2. Сапасы лайықсыз тауарды соған ұқсас, бiрақ көлемi, пiшiнi, сорты және т.б. жағынан өзгеше сапасы лайықты тауарға алмастырған кезде алмастырылатын тауардың айырбастаған кездегі бағасы мен сапасы лайықсыз тауардың орнына берілетін тауар бағасының арасындағы айырманың орны толтырылуға тиiс.
Егер сатушы сатып алушының талабын қанағаттандырмаса, бұл баға тауарды алмастыру туралы сот шешiм шығарған кезде белгiленедi.
3. Тауардың сатып алу бағасын соған орай кемiту туралы талап қойылған жағдайда бағасын арзандату жөнiнде талап қойылған кездегi, ал егер сатып алушының талаптары ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, бағаны соған орай кемiту туралы сот шешiм шығарған кездегi тауар бағасы есепке алынады.
4. Сапасы лайықсыз тауарды сатушыға қайтарған кезде сатып алушы шартта белгiленген тауар бағасы мен сатып алушының талабын ерiктi түрде қанағаттандырған кездегi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, сот шешiм шығарған кездегi тиістi тауар бағасы арасындағы айырманың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
457-бап. Сатушының жауапкершілігі және мiндеттеменi заттай орындау
Сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемесiн орындамаған жағдайда залалдарды өтеу мен тұрақсыздық айыбын төлеу сатушыны мiндеттемесiн заттай орындаудан босатпайды.
3. Тауар жеткiзiлiмi
458-бап. Тауар жеткiзiлiмiнiң шарты
Кәсiпкер болып табылатын сатушы (тауар берушi) сатып алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді.
459-бап. Тауар жеткiзiлiмi шартын жасасу кезiндегi келiспеушiлiктердi реттеу
1. Тауар жеткiзілiмi шартын жасасу кезiнде тараптар арасында шарттың жекелеген талаптары бойынша келіспеушіліктер пайда болған жағдайда шарт жасасуды ұсынған және басқа тараптан осы талаптарды келісу туралы ұсыныс алған тарап осы ұсынысты алған күннен бастап отыз күн iшiнде, егер өзге мерзiм тараптармен келiсiлмеген болса, шарттың тиiстi талаптарын келiсу жөнiнде шаралар қолдануға не басқа тарапты оны жасасудан бас тарту туралы жазбаша түрде хабарландыруға тиiс.
2. Шарттың тиiстi талаптары бойынша ұсыныс алған, бiрақ тауар беру шартының талаптардың келiсу жөнiнде шара қолданбаған және осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмде шарт жасасудан бас тарту туралы екінші тарапқа хабарламаған тарап шарт талаптарын келісуден жалтару туғызған залалдарды өтеуге міндетті.
460-бап. Тауар жеткiзiлiмi шартының қолданылу мерзiмi
1. Тауар жеткiзiлiмi шарты бiр жылға, бiр жылдан астам мерзiмге (ұзақ мерзiмдi шарт) немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де мерзiмге жасалуы мүмкiн.
Егер шартта оның қолданылу мерзiмi белгiленбесе және ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, шарт бiр жылға жасалған деп танылады.
2. Егер ұзақ мерзiмдi шартта берiлуге тиiс тауардың саны немесе өзге де шарт талаптары бiр жылға немесе неғұрлым ұзақ мерзiмге белгiленсе, шарттың қолданылу мерзiмi бiткенге дейiн кейiнгі кезеңдерге арналған тиiстi талаптар тараптардың келiсу тәртiбiмен белгiленуге тиiс. Шартта келiсу тәртiбi болмаған жағдайда шарт тиiсiнше бiр жылға немесе шарт талаптары келiсiлген мерзiмге жасалған болып танылады.
461-бап. Тауар жеткiзiлiмi кезеңдерi
1. Егер тараптар шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде тауарлардың жекелеген топтармен жеткiзiлiмiн көздеген болса және онда жекелеген топтардың жеткізілімі мерзімдері (жеткізілім кезеңдерi) белгiленбесе, заң актiлерiнен, iскерлiк айналым дағдыларынан немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамаса, тауарлар ай сайын бiркелкi топтармен жеткiзiлiп отыруға тиiс.
2. Шартта тауар жеткiзiлiмi кезеңдерiн айқындаумен қатар, тауарлар жеткiзiлiмi (онкүндiк, тәулiктiк, сағаттық және т.б.) кестесi белгіленуі мүмкін.
3. Тауарлардың мерзiмiнен бұрын жеткiзiлiмi сатып алушының келiсуiмен жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Мерзiмiнен бұрын берiлген және сатып алушы қабылдап алған тауарлар келесi кезеңде берiлуге тиiс тауарлар санының есебiне енгiзiледi.
462-бап. Тауарлар жеткiзiлiмiнiң тәртiбi
1. Тауар беруші сатып алушыға немесе шартта сатып алушы ретінде көрсетілген адамға шарт бойынша тауарды тиеп-жөнелту (беру) жолымен тауарлар жеткiзiлiмiн жүзеге асырады.
2. Шартта тауар берушіге тауарларды алушыларға тиеп-жөнелтуi туралы сатып алушының нұсқау (тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаз) беру құқығы көзделген жағдайларда тауар берушi тауарларды тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазда көрсетiлген алушыларға тиеп-жөнелтудi (берудi) жүзеге асырады.
3. Тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаздың мазмұны және оны сатып алушының тауар берушiге жiберу мерзiмi шартта белгiленедi. Егер шартта тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаз жiберу мерзiмi көзделмесе, ол жеткiзiлiм кезеңi басталғанға дейiн отыз күннен кешiктiрiлмей тауар берушiге жiберiлуге тиiс.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушының тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазының белгiленген мерзiмде табыс етiлмеуi тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға құқық бередi.