4. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық төлеушi салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектілердi тiркеу (қайта тiркеу) туралы өтiнiштi олардың орналасқан жерi бойынша бередi.
Салық салу объектiлерi мен салық салумен байланысты объектiлердi тiркеудi (қайта тiркеудi) салық органы өтiнiш берiлген күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде жүргiзедi және ол объектiлердi есепке алуды тiркеу (қайта тiркеу) журналында белгiлейдi.
5. Салық органдарында тiркелмеген салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi пайдалану Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
6. Лотереялар ұйымдастыру, өткiзу және лотерея билеттерiн сату бойынша қызметтi жүзеге асыратын салық төлеушi оларды сату басталғанға дейiн он күнтiзбелiк күн бұрын лотерея билеттерiнiң әрбiр шығарылымын салық органында тiркетуге мiндеттi.
7. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушiлердi есепке алу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілейдi.
532-бап. Қосылған құн салығын төлеушiлердi есепке алу
1. Қосылған құн салығы бойынша төлеушiлердi есепке қою талаптары осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде айқындалады.
2. Қосылған құн салығы бойынша төлеушiнi есепке қою тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
94-тарау. Салық тексерулері
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ; 13.03.03 ж. N 394-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 533-бап өзгертілді
533-бап. Салық тексерулерi ұғымы мен түрлерi
1. Салық тексеруi - салық қызметi органдары жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы салық заңдарының орындалуын тексеру. Ұйғарымда көрсетiлген салық қызметi органдарының лауазымды адамдары, осы Кодекске сәйкес тексеруді жүргізуге тартылатын өзге де адамдар мен салық төлеушi салық тексерулерiне қатысушылар болып табылады.
1-1. Арнайы білімді және дағдыны талап ететін мәселелерді зерттеу және консультация алу үшін, қажет болған жағдайларда, салық қызметі органы салықтық тексеруге салықтық тексерудің нәтижесіне мүдделі емес маманды тартуы мүмкін.
Алға қойылған мәселелер бойынша маман қорытынды жасайды, ол салықтық тексеру актісіне қоса беріледі.
2. Салық тексерулерiн салық қызметi органдары ғана жүзеге асырады.
3. Салық тексеруi мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) құжаттық тексеру;
2) рейдтiк тексеру;
3) хронометраждық зерттеу.
4. Құжаттық тексеру мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) кешендi тексеру - салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң барлық түрлерi бойынша салық мiндеттемелерiнiң орындалуын тексеру;
2) тақырыптық тексеру - салықтың жекелеген түрі және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем бойынша салық міндеттемесінің орындалуын, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалудың және (немесе) аударымдардың толымдылығы мен уақтылылығын, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодекспен белгіленген, сондай-ақ трансферттік бағаларды қолданған кезде мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша міндеттерді орындауын тексеру;
3) қарсы тексеру - егер салықты тексерудi жүргiзу кезiнде салық органында аталған тұлғаларға байланысты салық төлеушiлердiң жүргiзген операцияларының салық есебiнде дұрыс көрсетiлуi туралы қосымша ақпарат алу қажеттiгi туындаған жағдайда үшiншi бiр тұлғаларға қатысты жүргiзiлетiн тексеру.
5. Рейдтiк тексерудi салық қызметi органдары жекелеген салық төлеушiлерге қатысты олардың Қазақстан Республикасы заңдарының жекелеген талаптарын, атап айтқанда:
1) салық төлеушiлердiң салық органдарында тiркеу есебiне қойылуы;
2) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолданудың дұрыстығы;
3) лицензияның, біржолғы талонның және өзге де рұқсат ету құжаттарының болуы;
4) акцизделетiн өнiмдi өндiру, сақтау және сату ережесiн сақтауы талаптарын орындауы мәселелерi бойынша жүргiзедi.
6. Хронометраждық зерттеудi салық органдары салық төлеушiнiң нақты кiрiсiн және кiрiс алуға байланысты нақты шығындарды анықтау мақсатымен жүргiзедi. Хронометраждық зерттеу уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен тәртіппен жүргiзiледi.
7. Салық тексеруiн жүргiзу, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушiнің қызметiн тоқтатпауға тиiс.
8. Салық органы заңды тұлғаның өзiне салық тексеруiнiң жүргiзiлуiне қарамастан заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiн тексеруге құқылы.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 534-бап өзгертілді
534-бап. Салық тексерулерiн жүргiзудiң мерзiмдiлiгi
1. Салық тексерулерi мынадай мерзiмдiлiкпен жүргiзiледi:
1) кешендi - жылына бiр реттен жиi емес;
2) тақырыптық - салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемнiң белгiлi бiр түрi бойынша, сондай-ақ банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте белгіленген міндеттемелерді орындау және трансферттік бағалар қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша жарты жылда бiр реттен жиi емес.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шектеулер мынадай жағдайларда қолданылмайды:
1) заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруға немесе таратуға және жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтатуға байланысты жүзеге асырылатын құжаттық тексерудi жүргiзу кезiнде, сондай-ақ салық төлеушiнiң өтiнiшi негiзiнде қосылған құнға салынатын салық бойынша есептен алып тастаған жағдайда.
Бұл орайда тексеру салық төлеушiнiң өтiнiшiн алғаннан кейiн отыз күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей жүргiзiлуге тиiс;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi өтуiне байланысты жүзеге асырылатын құжаттық тексерудi жүргiзу кезiнде;
3) қарсы тексерудi жүргiзу кезiнде;
4) қайтарылуға қойылған қосылған құн салығы сомасының дұрыстығына салық төлеушiнiң өтiнiшi негізiнде тақырыптық тексеру жүргiзу кезiнде;
5) салық тексеруi актiсi бойынша хабарламаға салық төлеушiнің шағымын қарайтын органның шешiмi негiзiнде жүргiзiлетiн қосымша тексерулер кезiнде;
6) нақты салық төлеушiге қатысты уәкілеттi мемлекеттiк орган басшысының бұйрығына сәйкес жүргiзiлетiн кезектен тыс құжаттық тексеру кезiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген негiздер бойынша.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 535-бап өзгертілді және толықтырылды
535-бап. Салық тексерулерiн жүргiзудiң мерзiмдерi
1. Берiлетiн нұсқамаларда көрсетiлетiн салық тексерулерiн жүргiзудің мерзiмi, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, нұсқама тапсырылған кезден бастап отыз жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
1-1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, трансферттік бағалар қолдану кезінде мемлекеттік бақылау мәселесі бойынша тексеру жүргiзу мерзiмi нұсқама тапсырылған кезден бастап жүз сексен жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
2. Құрылымдық бөлiмшесi бар заңды тұлғаға салық тексеруiн жүргiзген кезде салық тексеруiн жүргiзудің мерзімін салық органы алпыс жұмыс күнiне дейiн ұзартуы мүмкiн.
3. Ерекше күрделi мәселелердi тексеру кезiнде салық тексеруiн жүргiзудiң мерзiмiн салық қызметiнің жоғары тұрған органы құрылымдық бөлiмшесi жоқ заңды тұлға үшiн елу жұмыс күнiне дейiн, құрылымдық бөлiмшесi бар заңды тұлға үшiн сексен жұмыс күнiне дейiн арттыруы мүмкiн. Ерекше күрделi мәселелер салық қызметiнiң жоғары тұрған органының салық төлеушiге тапсыратын негiзделген жазбаша шешiмiмен расталады.
4. Салық тексеруiн жүргiзу мерзiмi құжаттарды тапсыру туралы салық органының талаптарын салық төлеушiге беру кезi мен салық тексеруін жүргiзу кезінде сұралатын құжаттарды салық төлеушiні табыс етуi аралығындағы уақыт кезеңiнде, сондай-ақ салық органының мәлiметтер мен құжаттарды сұратып алу кезiнде тоқтатыла тұрады.
Салықтық тексеру мерзiмiнің ішінде халықаралық келісімдерге сәйкес шет мемлекеттерге салық қызметі органдарының ақпарат беру және ол бойынша мәлiметтер алу туралы сұрау салған кездерінің арасындағы уақыт кезеңінде де тоқтатыла тұрады.
5. Хронометраждық зерттеулер жүргiзудiң мерзiмi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен хронометраждық зерттеулер жүргiзу тәртiбiне сәйкес белгiленедi.
95-тарау. Салық тексерулерін жүргізу тәртібі
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 536-бап өзгертілді
536-бап. Салық тексеруiн жүргiзу негiздемесi
1. Салық тексеруiн жүргiзу үшiн мынадай деректемелердi:
1) нұсқаманың салық органында тiркелген күнi мен нөмiрiн;
2) нұсқама шығарған салық органының атауын;
3) салық төлеушiнің толық атауын;
4) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн;
5) тексеру түрiн;
6) тексеретiн адамдардың, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылған өзге де адамдардың лауазымын, тегiн, атын, әкесiнің аты;
7) тексеру жүргiзiлетiн мерзiмiн;
8) құжаттық тексерулер кезiндегi тексерiлетiн салық кезеңiн қамтитын нұсқама негiздеме болып табылады.
2. Рейдтiк тексеру тағайындалған кездегi нұсқамада аумақтың тексерiлетiн учаскесi, тексеру барысында анықталуға жататын мәселелер, сондай-ақ осы баптың 3), 4) және 7) тармақшаларын қоспағанда, 1-тармағында көзделген мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
3. Тақырыптық, қарсы тексерулер тағайындалған кезде нұсқамада салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң тексерiлетiн түрi, сондай-ақ банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте белгіленген міндеттемелерді орындау және трансферттік бағалар қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау мәселелері көрсетiледi.
4. Нұсқамаға салық органының бiрiншi басшысы немесе оны ауыстыратын адам қол қоюға, ол салық органының елтаңбалы мөрiмен расталуға және уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiпке сәйкес арнаулы журналда тiркелуге тиiс.
5. Осы Кодекстің 535-бабында көзделген тексеру мерзiмi ұзартылған жағдайда қосымша нұсқама ресiмделiп, онда бұдан бұрынғы нұсқаманың нөмiрi мен тiркелген күнi, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын адамдардың тегi, аты, әкесiнің аты көрсетіледi.
6. Бiр ұйғарым негiзiнде бiр ғана салық тексеруi жүргiзiлуi мүмкiн.
537-бап. Салық тексеруiн жүргiзудiң басталуы
1. Салық төлеушiге (салық агентiне) нұсқама берiлген кез салық тексеруiн жүргiзудiң басталуы болып есептеледi.
2. Салық органының салық тексеруiн жүргiзушi лауазымды адамдары салық төлеушiге (салық агентiне) қызмет куәлiгiн көрсетуге мiндеттi.
3. Салық органының салық тексеруiн жүргiзушi лауазымды адамы, рейдтiк тексеруді қоспағанда, салық төлеушiге нұсқаманың түпнұсқасын табыс етедi. Нұсқаманың көшiрмесiне салық төлеушi (салық агентi) нұсқамамен танысқаны және оны алғаны туралы белгi қояды.
4. Рейдтiк тексеру жүргiзiлген кезде салық төлеушiге танысу үшiн нұсқаманың түпнұсқасы көрсетiледi және оның көшiрмесi табыс етiледi. Нұсқамамен таныстырылғаны және оның көшiрмесiн алғаны туралы түпнұсқаға белгi қойылады.
5. Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) нұсқаманы алудан бас тартуы салық тексеруiн жүргiзудің күшiн жоюға негiз болып табылмайды.
6. Салық тексерулерiн жүзеге асыру кезеңiнде тексерiлетiн салық кезеңiндегi салық есептiлiгiне салық төлеушiнiң өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуiне жол берiлмейдi.
538-бап. Салық қызметi органы лауазымды адамдарының тексерудi жүргiзу үшiн аумаққа немесе үй-жайға жiберiлуi
1. Салық төлеушi салық қызметi органының салық тексеруiн жүргiзетiн лауазымды адамдарын табыстарды алу үшiн пайдаланылатын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайлардан басқа) не салық салу объектiлерi мен салық салумен байланысты объектiлерге жiберуге мiндеттi.
2. Салық қызметi органының салық тексеруiн жүргiзушi лауазымды адамдарының көрсетiлген аумақтарға немесе үй-жайларға (тұрғын үйлерден басқа) кiруiне бөгет жасалған жағдайда хаттама жасалады.
3. Хаттамаға салық органының тексерудi жүргiзушi лауазымды адамдары және салық төлеушi (салық агентi) қол қояды. Аталған хаттамаға қол қоюдан бас тартқан кезде салық төлеушi (салық агентi) бас тартуының себептерi туралы жазбаша түсiнiктеме беруге мiндеттi.
4. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес салық төлеушінің аумағына немесе үй-жайына кіру үшін арнаулы рұқсат қажет болатын болса, салық қызметi органы лауазымды адамдарында ол болуға тиiс.
5. Салық төлеушiнiң мынадай жағдайларда, егер:
нұсқама белгiленген тәртiппен тапсырылмаса не ресiмделмеген болса;
нұсқамада көрсетiлген тексеру мерзiмдерi әлi басталмаған немесе өтiп кеткен болса;
бұл адамдар нұсқамада көрсетiлмеген болса;
тексерiлетiн салық кезеңiне қатысы жоқ құжаттамалар сұратылса, салық органының лауазымды адамдарын салық тексеруiн жүргiзу үшiн аумаққа немесе үй-жайға жiбермеуге құқығы бар.
539-бап. Құжаттарды алып қою
Құжаттарды алып қою Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.
540-бап. Салық тексеруiн аяқтау
1. Салық тексеруi аяқталған соң салық қызметi органының лауазымды адамы мыналарды:
1) салық тексеруiнің жүргiзілген орнын, актi жасалған күнiн;
2) тексерудiң түрiн;
3) салық қызметi органының салық тексеруiн жүргiзген лауазымды адамдарының қызметiн, тегiн, атын, әкесiнің атын;
4) салық төлеушiнiң (салық агентiнің) тегiн, атын, әкесiнiң атын не толық атауын;
5) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) орналасқан жерiн, банктiк деректемелерiн, сондай-ақ оның тiркеу нөмiрiн;
6) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) салық есептiлiгi мен бухгалтерлiк есептiлiктi, салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге тексеру жүргiзуге жауапты басшысы мен лауазымды адамдарының тегiн, атын, әкесiнiң атын;
7) алдыңғы жүргiзiлген тексеру мен бұрын анықталған салық заңдарын бұзушылықтарды жою жөнiнде қолданылған шаралар туралы мәлiметтердi;
8) тексерiлетiн салық кезеңiн және тексеру жүргiзу үшiн салық төлеушi (салық агентi) табыс еткен құжаттар туралы жалпы мәлiметтердi;
9) Қазақстан Республикасының салық заңдарының тиiстi нормасына сiлтеме жасай отырып, салық бұзушылығының егжей-тегжейлi жазылған сипаттамасын;
10) салық тексеруiнiң нәтижелерiн көрсете отырып, салық тексеруiнің актiсiн жасайды.
2. Салық тексеруiнiң актiсi салық төлеушiге тапсырылған күн салық тексеруi мерзiмiнiң аяқталуы болып есептеледi.
3. Салық тексеруiнiң аяқталуы бойынша салық заңдарының бұзылуы анықталмаған жағдайда, онда бұл туралы салық тексеруi актiсiне тиiстi белгi қойылады.
4. Салық тексеруi актiсiне қажеттi құжаттардың көшiрмелерi, салық қызметi органының лауазымды адамы жүргiзген есеп-қисаптар және салық тексеруi барысында алынған басқа да материалдар қоса тiркеледi.
5. Салық тексеруi актiсi кем дегенде екi дана етiп жасалады және оған салық тексеруiн жүргiзген салық қызметi органының лауазымды адамдары қол қояды.
6. Салық тексеруi актiсi салық тексеруi актiлерi мен хабарламаларын тiркейтiн арнаулы журналда тiркеледi, ол нөмiрленуге, бау өткiзiлуге және салық қызметi органының мөрiмен куәландырылуға тиiс.
7. Салық тексеруi актiсiнің бiр данасы салық төлеушiге (салық агентiне) тапсырылады. Салық төлеушi (салық агентi) салық тексеруi актiсiн алған кезде оны алғаны туралы белгi қоюға мiндеттi.
541-бап. Салық тексеруi нәтижелерi бойынша шешiм
1. Салық тексеруi актiсiнде көрсетiлген нәтижелер негiзiнде салық тексеруiн аяқтау бойынша салық қызметi органы осы Кодекстiң 31-бабына сәйкес белгiленген мерзiмде салық төлеушiге (салық агентiне) жiберiлетiн салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есептелген сомалары, өсiмпұлдар мен айыппұлдар туралы хабарлама шығарады.
2. Салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомалары туралы хабарламаны және салық тексеруi актiсiн тiркеудi, осы баптың 5-тармағында белгiленген жағдайды қоспағанда, салық қызметi органы бiр нөмiрмен жүзеге асырады.
3. Салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомалары туралы хабарламада мынадай деректемелер мен мәлiметтер:
1) хабарламаны және салық тексеруi актiсiн тiркеу күнi мен нөмiрi;
2) салық төлеушiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты не толық атауы;
3) салық төлеушiнің тiркеу нөмiрi;
4) салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомасы;
5) төлеу туралы талап және төлеу мерзiмi;
6) тиiстi салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың деректемелерi;
7) шағым жасау мерзiмi мен орны болуға тиiс.
4. Салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсімпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомалары туралы хабарламаны алған салық төлеушi, егер салық төлеушi салық тексеруi нәтижелерiне шағым жасамаса, оны хабарламада белгiленген мерзiмде орындауға мiндеттi.
5. Егер салық тексеруiнiң аяқталуы бойынша салық заңдарын бұзу анықталмаған болса, салық тексеруi нәтижелерi бойынша хабарлама шығарылмайды.
96-тарау. Камералдық бақылау
542-бап. Камералдық бақылау ұғымы
1. Камералдық бақылау - салық төлеушiлер берген салық есептiлiгiн және басқа да құжаттарды зерделеу мен талдау негiзiнде тiкелей салық органы жүзеге асыратын бақылау.
2. Камералдық бақылау тiкелей салық органының орналасқан жерi бойынша жүзеге асырылады.
543-бап. Камералдық бақылау нәтижелерi
Салық органы салық есептiлiгiн қателiктер тапқан, салық есептiлiгiнде келтiрiлген мәлiметтердiң арасынан қайшылық табылған, сондай-ақ шағын бизнес субъектiлерi үшiн көзделген шарттарды асыра пайдаланған кезде осы Кодекстiң 31-бабына сәйкес салық төлеушiге жiберiлген қателiктердi өз бетiнше жоюы үшiн, сондай-ақ салық салудың жалпыға бiрдей белгiленген тәртiбiне көшуi үшiн хабарлама жiберiледi.
97-тарау. Мониторинг
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 544-бап өзгертілді
544-бап. Салық төлеушiлер мониторингi ұғымы
1. Салық төлеушiлер мониторингi салық төлеушiлердiң нақты салық салынатын базасын анықтау және тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) өзiндiк құнын қалыптастырудың негiздiлiгiне талдау жүргiзу, қаржы, валюта заңдарын, қолданылатын нарықтық бағаларды сақтау мақсатында салық төлеушілердiң қаржы-шаруашылық қызметiн байқау жүйесiн қолдану жолымен жүзеге асырылады.
2. Электронды мониторинг - осы баптың 1-тармағында белгiленген, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталып, электрондық құжат нысанында ақпарат беретiн мониторинг түрi.
3. Салық төлеушiлердiң мониторингi республикалық және аймақтық деңгейде жүзеге асырылады.
545-бап. Мониторингке жататын салық төлеушiлер
1. Республикалық мониторингке жататын салық төлеушiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
2. Аймақтық мониторингке жататын салық төлеушiлердiң тiзбесiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
3. Мониторингке жататын салық төлеушiлер уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен тәртiппен салық есептiлiгiн тапсырады.
98-тарау. Фискальдық жады бар бақылау-касса
машиналарын қолдану
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 546-бап өзгертілді
546-бап. Фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану
1. Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру кезiнде немесе қолма-қол ақша, банктiк төлем карточкалары, чектер арқылы қызмет көрсеткенде тұтынушылармен ақшалай есеп айырысу мiндеттi түрде фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану және тұтынушының қолына бақылау чегiн беру арқылы жүргiзiледi.
Осы тармақтың ережесi:
1) жеке кәсiпкерлердің (акцизделетiн тауарларды өткiзушiлерден басқа):
қызметiн шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимi шеңберiнде бiр жолғы талон немесе патент негiзiнде жүзеге асыратындарының;
егер салық төлеушi жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден берi 6 ай өтпеген болса;
қызметiн шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимi шеңберiнде жүзеге асыратындарының;
2) салық төлеушiлердiң:
қызметiн осы Кодекстiң 391-397-баптарында белгiленген арнаулы салық режимi шеңберiнде жүзеге асыратындарының;
квитанцияларды, билеттердi, талондарды, пошта төлемi белгiлерiн немесе құзыретті мемлекеттік орган енгізген қорытынды негізінде уәкілетті мемлекеттік орган бекiткен нысан бойынша есептесу чектерiне теңестiрiлген қатаң есептiлiктiң басқа да құжаттарын бере отырып халыққа қызмет көрсету бөлiгiнде жүзеге асыратындарының;
3) адвокаттардың ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.
2. Фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану мен пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Фискалдық жады бар бақылау-касса машиналары тауарлар сату мен қызмет көрсету кезiнде тұтынушылармен ақшалай есеп айырысуды тiркеу үшiн пайдаланылатын, ақпараттың маусым сайын түзетілмей тiркелуiн және энергияға тәуелсiз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететiн, фискалдық жады блогы бар электронды құрылғылар және (немесе) банктiк компьютерлiк жүйелер. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етiлген Фискалдық жады бар бақылау-касса машиналарының мемлекеттiк тiзiлiмiн (бұдан әрі Мемлекеттік тізілім) және оны қалыптастырудың ережесін бекiтедi.
Компьютерлік жүйе Мемлекеттік тізілімге (тізілімнен) байланыс және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган беретін қорытындының негізінде қосылады (ажыратылады).
Қорытынды, компьютерлік жүйенің осы бапта белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігін растайтын құжат болып табылады. Қорытындыны берудің тәртібін байланыс және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Фискальдық жады бар бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайда сатып алушыларға уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша тауар чектерін пайдалануға және беруге рұқсат етiледi.
547-бап. Фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану жөнiндегi талаптар
Фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қолдану кезiнде мынадай талаптар қойылады:
1) қызмет басталғанға дейiн фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын тiркеу қызметтi жүзеге асыру орны бойынша салық органдарында жүргiзiледi;
2) техникалық қызмет көрсетуге фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарын қою жүзеге асырылады;
3) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарының чегiн беру жүзеге асырылады;
4) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарына салық органдарының енуi қамтамасыз етiледi.
548-бап. Бақылау-касса машиналарының қолданылу және пайдаланылу тәртiбiнiң сақталуына салық бақылауын жасау
Салық органдары:
1) фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарының қолданылу және пайдаланылу тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
2) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу бойынша салық төлеушiнің салық мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi салық тексерулерiн жүргiзу кезiнде фискальдық жады бар бақылау-касса машиналарының фискальдық блогындағы сақтаулы деректердi пайдаланады.
99-тарау. Акцизделетін тауарларға, мемлекеттің
меншігіне айналдырылған мүлікті есепке
алу, сақтау, бағалау және өткізу тәртібін
сақтауға бақылау жасау, уәкілетті
органдарға бақылау жасау
549-бап. Акцизделетiн тауарларға бақылау жасау
1. Сыраны қоспағанда, осы Кодекстiң 257-бабының 1)-4) тармақшаларында белгiленген тауарлар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен және жағдайларда акциз алымы таңбаларымен және есептiк-бақылау таңбаларымен таңбалануға тиiс.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған акциз алымы таңбаларымен және есептiк-бақылау таңбаларымен таңбалауға акцизделетiн тауарларды дайындаушылар мен импортерлер жауапты болып табылады.
3. Салық органы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн таңбалаудың ережесiн акцизделетiн тауарларды дайындаушының сақтауына бақылау жасайды.
4. Салық органы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен акцизделетiн тауарларды өндiрудi жүзеге асыратын салық төлеушінің аумағында акциздiк постылар белгiлейдi.
550-бап. Мемлекет меншiгiне айналдырылған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және өткiзу тәртiбiн сақтауға бақылау жасау