82-тарау. Жер үсті көздерінің су ресурстарын
пайдаланғаны үшін төлемақы
451-бап. Жалпы ережелер
1. Жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) жер үстi көздерiнен суды ала отырып немесе оны алмай, арнаулы су пайдаланудың барлық түрлерi үшiн алынады.
2. Арнаулы су пайдалану су ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
Су пайдаланудың арнаулы түрлерi Қазақстан Республикасының су заңдарымен белгiленедi.
3. Су ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органдар есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерiне уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
452-бап. Төлеушiлер
Құрылыстарды, техникалық құралдарды немесе құрылғыларды қолдана отырып, жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдалануды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар төлемақыны төлеушілер болып табылады.
453-бап. Салық салу объектiлерi
1. Төлемақы салынатын объектiлер:
1) жер үстi су көзiнен алынған судың көлемi;
2) өндiрiлген электр энергиясының көлемi;
3) су көлiгiмен тасымалдау көлемi;
4) балық аулау көлемi және су пайдаланудың басқа да көлемдерi болып табылады.
2. Су ресурстарын жекелеген азаматтарға бекiтiп бермей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолданбай жүзеге асырылатын кеме тiркемесiнсiз ағашты ағызуға, рекреацияға, жер қазатын техниканы қолдануға, батпақты құрғатуға, жалпы су пайдалануға төлемақы қолданылмайды.
454-бап. Төлемақы ставкалары
1. Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Су жинаудың нақты көлемi су ресурстарын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген лимиттен асып кеткен жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгiленген төлемақы ставкалары осындай асып кеткен бөлiгiнде үш есе ұлғайтылады.
3. Су объектiлерiн тиiстi рұқсатсыз пайдаланған кезде осы баптың 1-тармағында белгiленген төлемақы ставкалары бес есе ұлғайтылады.
455-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлем сомасын су пайдаланудың нақты көлемi мен белгiленген ставкаларды негiзге ала отырып төлеушi дербес айқындайды.
2. Төлеушiлер (шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемi үшiн ағымдағы төлем сомаларын есептi айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей ай сайын бюджетке енгiзуге мiндеттi.
3. Төлем бойынша түпкiлiктi есеп айырысу декларация беру мерзiмi басталғаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзiледi.
4. Төлем рұқсат құжаттарында аталған арнаулы су пайдаланылатын жер бойынша бюджетке төленедi.
5. Артық төленген төлем сомасы осы төлем бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлем бойынша алдағы төлемдердiң есебiне жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 456-бап өзгертілді
456-бап. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарының төлемақыны есептеу мен төлеу ерекшелiктерi
1. Шаруа (фермер) қожалықтары және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлер төлем сомаларын төлеудi мына тәртiппен жүргiзедi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезеңге есептелген ағымдағы төлемдер сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 20 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңге есептелген сома есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 20 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
2. Өнеркәсіп орындары өндірістік қажеттер үшін су шаруашылығы жүйелерінен алатын суға, ол тікелей су шаруашылығы жүйелерінен, басқа өнеркәсіп орындарынан немесе тұрғын үй пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарынан келетініне қарамастан, төлемақы төлейді.
3. Тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары өнеркәсiп орындарына берiлетiн судың көлемiн шегере отырып, жер үстi көздерiнен алынатын су үшiн бюджетке төлемақы төлейдi.
4. Жеке және заңды тұлғалар суды қысыммен ағызатын және суды реттейтiн құрылыстары бар су көздерiнде жүк тасымалы үшiн төлемақы төлейдi.
5. Жылу энергетикасы кәсiпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қажеттер үшiн жылу энергиясын өндiруге жұмсалатын су үшiн төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгілейдi.
6. Агрегаттарды суыту (суды қайталап тұтыну) үшiн технологиялық қажеттерге суды жинау лимитi шегiнде су алатын жылу энергетикасы кәсiпорындары төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгiлейдi. Суды қайтарусыз тұтыну төлемақысының мөлшерi өнеркәсiп орындары үшiн белгiленген ставкалар бойынша айқындалады.
457-бап. Салық кезеңi
Жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн бюджетке төлемдi есептеу және енгiзу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
458-бап. Салық есептiлiгi
1. Төлемақы төлеушiлер арнаулы су пайдалану орны бойынша салық органдарына ағымдағы ақы төлемдерi сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Төлемақы төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын, осы баптың 4-тармағында аталған төлемдердi қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер су үшiн төлемақы жөнiндегi декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары бойынша декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомасының есебi мен төлемақы сомалары жөнiндегi декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн су ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
83-тарау. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы
459-бап. Жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгіленген арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асырғаны үшiн алынады.
2. Арнайы табиғат пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Қоршаған ортаны белгiленген тәртiппен ресiмделмеген рұқсат бойынша ластау белгiленген лимиттерден тыс ластау ретiнде қаралады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдар тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
460-бап. Төлеушілер
Арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
461-бап. Салық салу объектiсi
Ластағыш заттарды белгiленген лимиттер шегiнде және (немесе) олардан тыс шығарудың, тастаудың (авариялық тастауды қоса алғанда), өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың нақты көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
462-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жасаған есептер негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдар жыл сайын белгiлеп отырады.
Қоршаған ортаны белгiленген лимиттерден тыс ластағаны үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiмен жергiлiктi өкiлдi органдар бекiткен төлемақы ставкалары он есе ұлғайтылады.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 463-бап өзгертілді
463-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақы сомасын салық төлеушілер қоршаған орта ластануының және белгiленген ставкалардың нақты көлемiн негiзге ала отырып дербес есептейдi.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдарға шағын көлемдi төлемдер төлейтiн ұйымдар үшiн (жылдық жиынтық көлемде 100 есептiк көрсеткiшке дейiнгi) төлемақыларды қоршаған ортаны ластауға лимиттi сатып алу нысанында жеткiзуiне рұқсат етiледi. Лимиттi сатып алу рұқсат ресiмделген жағдайда есептi жыл үшiн алдын ала толық төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Уәкілетті орган оларды мемлекеттік тіркеуден өткізген жер бойынша бюджетке төлемақы енгізілетін ластанудың жылжымалы көздерін қоспағанда, бюджетке төлемақы енгiзу қоршаған ортаны ластау көзiнiң (объектiсiнің) рұқсат құжатта аталған орналасқан жерi бойынша жүргiзiледi.
4. Төлеушiлер қоршаған орта ластануының нақты көлемi үшiн төленетiн төлемақының ағымдағы сомаларын, осы баптың 2 және 6-тармақтарында аталған салық төлеушiлердi қоспағанда, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей төлейдi.
5. Төлемақы бойынша түпкiлiктi есеп айырысу декларация тапсыру мерзiмi басталғаннан кейiнгi бес күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзiледi.
6. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлердiң төлемақы сомаларын төлеуi мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезең үшiн есептелген ағымдағы төлем сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 20 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезең үшiн есептелген сомалар есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 20 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
7. Артық төленген төлемақы сомасы, осы төлем бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн, осы төлем бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
464-бап. Салық кезеңi
Қоршаған ортаны ластанғаны үшiн төлемақыны бюджетке есептеу мен енгiзу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес айқындалады.
465-бап. Салық есептiлiгi
1. Төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төленген төлемдер сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабы төлем төлеушiлер, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы жөнiндегi декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары жөнiндегi декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы мен төлемақы сомалары жөнiндегi декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
84-тарау. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы
466-бап. Жалпы ережелер
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн жануарларды табиғи ортадан айырғаны үшiн алынады.
2. Жануарларды ен салу және сақина салу мақсаттары үшiн ұстап алып, кейiннен табиғи ортаға жiберген кезде төлемақы алынбайды.
3. Жануарлар дүниесiнiң мынадай санаттары:
аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерi;
өзге де шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жануарлар түрлерi (аңшылықтан және балық аулаудан басқа) үшiн төлемақы белгiленедi.
4. Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң санаттары үшiн төлемақы осы хайуанаттардың бағалы түрлерiне ғана белгiленедi.
Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың бағалы түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
5. Жануарлар дүниесiн пайдалану жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн пайдалану үшiн төлемдi әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан аулауға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
7. Жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерiне уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер табыс етедi.
467-бап. Төлеушiлер
Жануарлар дүниесiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
468-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
469-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақы сомасы ставкалар мен жануарлардың саны (су жануарларының жеке түрлерi үшiн салмағы) негiзге алына отырып белгiленедi.
2. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi төлемақы сомасын қабылдауды қатаң есеп бланкiлерi негiзiнде қолма-қол ақшамен жүзеге асырады.
Қатаң есеп бланкiлерiнің нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке енгiзу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгілейдi.
4. Төлеушiлер төлемақы сомасын белгiленген ставкалар бойынша дербес есептейдi және жануарлар дүниесiн басқару жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнен рұқсат алғанға дейiн төлейдi.
5. Бюджетке төлемақы енгізу жануарлар дүниесiн пайдалану орны бойынша жүргiзiледi.
6. Төлемақының төленген сомалары қайтарылмауға тиiс.
85-тарау. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 470-бап толықтырылды
470-бап. Жалпы ережелер
1. Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) орманды пайдаланудың мынадай түрлерi үшiн алынады:
1) ағаш дайындау;
2) шайыр дайындау;
3) қосымша ағаш материалдарын (қабықты, ағаш көгiн және басқаларын) дайындау;
4) ағаш шырындарын дайындау;
5) орманды жанама пайдалану (шөп шабу және мал жаю, шипалы өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және орманның басқа да тағамдық өнiмдерiн дайындау және жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру);
6) орманды мәдени-сауықтыру және ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану;
7) орман қоры учаскелерiн аңшылық шаруашылығы қажеттерi үшiн пайдалану.
2. Орманды пайдалану құқығы орман шаруашылығын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органдар және орман иеленушiлер беретiн мынадай арнайы рұқсат құжаттары:
1) меншiк иесiнiң орман қоры учаскесiн ұзақ мерзiмдi (елу жылға дейiнгi мерзiмге) пайдалану құқығын куәландыратын жалдау шарты;
2) меншiк иелерiнiң орман ресурстарын немесе орман қоры учаскелерiн қысқа мерзiмге (бiр жылға дейiнгi мерзiмге) пайдалану құқығын куәландыратын ағаш кесуге рұқсат билетi, ордерi, орман билетi негiзiнде берiледi.
3. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу орман пайдалану орыны бойынша банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде тиiстi органда ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептiлiк бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке есептеу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
4. Орман шаруашылығын басқару жөнiндегi аумақтық уәкiлеттi органдар мен орман иеленушiлер тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 471-бап өзгертілді
471-бап. Төлеушiлер 1. Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген тәртiппен орман пайдалануды жүзеге асыру құқығын алған жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрi - орман пайдаланушылар) төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) орман иелері ағашты түбірімен жөнелткені үшін:
орманды күтiп-баптау кезiнде ағаш кесуді, санитариялық кесуді (iрiктеп және жаппай), құндылығы шамалы орман ағашы екпелерiн жаңғыртуға байланысты кесуді жүзеге асыру, орманды орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау;
өтпе жол салу, орман орналастыру және ормандарды өртке қарсы жайғастыру іс-шараларын жүргізу кезiнде;
2) орман пайдаланушылар - ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн жүзеге асыратын ағаш ресурстарын, шайырды, қосымша орман материалдарын алу кезiнде төлемақы төлеушiлер болып табылмайды. Бұл орайда, алынған өнiм, оның ғылыми зерттеулердi орындау үшiн қажеттi бөлiгiн қоспағанда, орман қоры учаскелерi иелерiнің меншiгi болып табылады. Оның тiзбесi мен көлемi зерттеулердiң бағдарламаларын және әдiстемелерiн негiзге ала отырып белгiленедi және орман шаруашылығы басқармасының аумақтық органдарымен жасалған келiсiмде немесе шартта көрсетiледi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 472-бап өзгертілді
472-бап. Салық салу объектiсi
Пайдалануға берiлетiн орман пайдаланудың көлемi және (немесе) орман қоры учаскелерінің аумағы төлемақы салу объектiсi болып табылады.
473-бап. Төлемақы ставкалары
1. Осы баптың 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, төлемақы ставкаларын орман шаруашылығын басқару жөнiндегi уәкiлеттi орган жасаған есеп-қисаптар негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi.
2. Тамырымен жiберiлетiн ағаш төлемақысы жөнiндегi базалық ставкаларды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi. Бұл орайда жергiлiктi өкiлдi органдардың ставкалар мөлшерiн екi есеге дейiн арттыруға құқығы болады.
474-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақыны есептеу тәртiбiн және бюджетке енгiзу мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Төленген сомалар қайтарылуға тиiс емес.
86-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдаланғаны үшін төлемақы
475-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн өтемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ғылыми, мәдени-ағарту, оқыту, туристiк, декреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ әкiмшілiгi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
476-бап. Төлеушiлер
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлеушiлер болып табылады.
477-бап. Төлемақы ставкалары
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
2. Жергілiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын жергiлiктi атқарушы органдардың ұсынуы бойынша жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi.
478-бап. Төлемақы төлеу тәртiбi және мерзiмдерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орналасқан жерi бойынша бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын мекемелер арқылы аудару не ерекше қорғалатын табиғи аумақтар әкiмшiлiктерi белгiлеген бақылау-өткiзу пункттерiнде не өзге де арнайы жабдықталған орындарда қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептiлiк бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларының бюджетке енгiзiлу тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейдi.
2. Қолдарында төлем төлегенiн растайтын құжаттар болған кезде ғана ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды төлемақы төлеушiлердiң пайдалануына жол берiледi.
3. Төленген төлемақы сомалары қайтарылмайды.
87-тарау. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны
үшін төлемақы
479-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бөлген радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары (белдеулерi, диапазондары) (бұдан әрi - радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары) үшiн алынады.
2. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы байланыс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берген рұқсат құжаттармен куәландырылады.
3. Радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарын бөлу конкурстық негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлуi мүмкiн.
Бұл орайда, конкурс қорытындылары бойынша жеңiмпаз Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде мемлекеттiк бюджетке бiр жолғы төлемақы енгiзедi.
4. Бюджетке төленуге тиiс бiр жолғы төлемақы сомасы осы баптың 3-тармағына сәйкес төлем есебiне есептелмейдi.
480-бап. Төлеушiлер
1. Заң актiсiнде белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) өздерiне жүктелген негiзгi функционалдық мiндеттерiн орындау кезiнде радиожиiлiк спектрiн пайдаланатын мемлекеттiк мекемелер;
2) осы Кодекстің 442-бабында аталған салық төлеушілер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
481-бап. Төлемақы ставкалары
Жылдық төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
482-бап. Есептеу мен төлеу тәртiбi
1. Төлемақыны есептеудi байланыс саласындағы уәкiлеттi орган рұқсат құжаттарында көрсетілген техникалық параметрлерге сәйкес, радио байланысының түрi мен радиожиiлiк спектрiн пайдалану аумағына қарай, жылдық ставкалар негiзiнде жүргiзедi.
2. Есептi салық кезеңiндегi радиожиiлiк спектрiн пайдалану кезеңi бiр жылдан кем болған жағдайда төлемақы сомасы жыл бойына есептелген төлем сомасын он екiге бөлiп, оны радиожиiлiк спектрi пайдаланылған айлардың санына көбейту арқылы анықталады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті органдар төлемақының жылдық сомасын көрсетiп хабарлама жазады және оны төлеушiлерге ағымдағы есептi кезеңнің 20 ақпанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жiбередi.
4. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган салық төлеушiге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеушi радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат алған айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей хабарлама жiбередi.
5. Жылдық төлемақы сомасы салық төлеушінің тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша бюджетке ағымдағы жылдың 20 наурызынан, 20 маусымынан, 20 қыркүйегiнен және 20 желтоқсанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмдерде тең үлеспен төленедi.
6. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, рұқсат құжатын алған күннен кейiнгi кезектi мерзiм алғашқы төлеу мерзiмi болып табылады.
7. Салық кезеңiнің қорытындылары бойынша төлемақы жөнiндегi түпкiлiктi есеп айырысу декларация мерзiмi басталғаннан кейiн он күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жүргiзiледi.
8. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды ақы есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлемақы бойынша алдағы төлемдегі есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.