214-бап. Тапсырма шарттары бойынша жүзеге асырылатын өткiзу бойынша айналымдар
1. Сенiм бiлдiрiлген адамның сенiм білдiрушiнiң атынан және соның есебiнен тауарды тиеп жөнелтуi, жұмыстарды орындауы немесе қызметтер көрсетуi сенiм бiлдiрілген адамның өткiзу бойынша айналымы болып табылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi:
1) сенiм бiлдiрiлген адамның сенiм бiлдiрушiге орындаған (көрсеткен) жұмыстарына (қызметтерiне);
2) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент емес сенiм бiлдiрушiден алынған тауарға қатысты қолданылмайды. Мұндай жағдайда тауарды тиеп жөнелту сенiм бiлдiрiлген адамның өткiзу бойынша айналымы болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 215-бап өзгертілді
215-бап. Тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) өткiзу орны
1. Тауарды өткiзу орны болып:
1) егер тауарды берушi, алушы немесе үшiншi тұлға тасымалдайтын (жiберетiн) болса, тауарды тасымалдау басталған орын;
2) басқа жағдайларда - тауарды алушыға беру орны танылады.
2. Жұмыстарды, қызметтердi өткiзу орны болып:
1) егер жұмыстар, қызметтер жылжымайтын мүлiкпен тiкелей байланысты болса, осы мүлiктiң орналасқан жерi;
2) егер олар жылжымалы мүлiкпен байланысты болса, жұмыстарды, қызметтердi нақты жүзеге асыратын орны;
3) егер қызметтер мәдениет, өнер, бiлiм, дене тәрбиесi немесе спорт саласындағы қызметтерге қатысты болса, қызметтердiң нақты көрсетiлетiн орны;
4) жұмыстарды, қызметтердi сатып алушының кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызмет орны танылады. Осы тармақша мынадай жұмыстарға, қызметтерге:
санаткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалануға құқық беру жөнiндегi;
консультациялық, аудиторлық, инжинирингтiк, заңдық, бухгалтерлiк, адвокаттық, жарнамалық қызмет көрсетулерге, сондай-ақ ақпаратты өңдеу жөнiндегi қызмет көрсетулерге;
қызметкерлердi беру жөнiндегi;
жылжымалы мүлiктi (көлiк құралдарынан басқа) жалға беру жөнiндегi қызметке;
тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алу жөнiндегi, сондай-ақ осы тармақшада көзделген қызметтердi жүзеге асыру үшiн шартқа (келiсiм-шартқа) негiзгi қатысушының атынан тұлға тартатын агенттiң қызметтерiне;
байланыс қызметiне;
туризмдi ұйымдастыру жөнiндегi қызметтерге қатысты қолданылады;
5) осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көзделмеген жұмыстар, қызмет көрсетулер болған жағдайда жұмыстарды орындайтын (қызметтер көрсететiн) тұлғаның кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызметтi жүзеге асыратын орны танылады.
3. Егер тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу басқа негiзгi тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуге қатысты көмекшi сипатта болса, негiзгi тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзiлген жер осындай көмекшi өткiзу орны болып танылады.
4. Осы баптың 2-тармағы 4) тармақшасының мақсаты үшiн, егер жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алушының кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызмет орны бiреуден артық болса, осындай жұмыстар, қызмет көрсетулер пайдаланылатын орын олар өткiзiлген орын болып есептеледі.
5. Осы баптың 2-тармағын қолдану кезiнде бiрнеше тармақшада аталған жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететiн жер осы тармақшалардың ретi бойынша бiрiншi болып белгiленедi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 216-бап өзгертілді
216-бап. Өткiзу бойынша айналым жасау күнi
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, тауарды тиеп жөнелту күнi тауар өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
Егер тауарды тиеп жөнелту жүзеге асырылмаған жағдайда, онда алушыға тауар меншiгiнiң құқығы берiлген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
2. Кепiл берушi кепiл ұстаушыға кепiлге салынған мүлiктi (тауарды) берген кезде кепiл ұстаушы бұл мүлiктi (тауарды) өндiрiп алған күн кепiл берушi үшiн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
211-баптың 1-тармағының 5) тармақшасында аталған жағдайларда тауар пайдалану кезiнде тауарды осындай пайдалануға берген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
210-баптың 5-тармағында аталған жағдайларда, қосылған құн салығын төлеушi есептен шығару туралы өтiнiш берген салық кезеңiнiң соңғы күнi өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
2-1. Лизинг алушының негізгі қаражат ретінде алуына жататын мүлікті қаржы лизингіне беру кезінде мыналар өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады:
1) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында аталған жағдайларды қоспағанда, қаржы лизингінің шартында белгіленген мерзімдік лизингтік төлемді алу мерзімінің басталу күні;
2) егер қаржы лизингінің шарты бойынша лизингтік төлемді алу мерзімінің басталу күні мүлікті лизинг алушыға беру күніне дейін белгіленсе, онда мүлікті қаржы лизингіне берген күн айналымды жасау күні болып табылады;
3) қаржы лизингінің шартында көзделген лизинг төлемдерін лизинг алушы мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, түбегейлі есеп айырысқан күн қаржы лизингінің осы шарты бойынша айналымды жасаған соңғы күн болып табылады.
3. Жұмыстарды, қызмет көрсетулердi өткiзу бойынша салық салынатын айналым жасау күнi төменде аталған шарттардың бiрi бiрiншi болып орындалған:
1) жұмыстарға, қызмет көрсетулерге қосылған құн салығымен бiрге шот-фактура жазылған;
2) жұмыстар орындалған, қызмет көрсетулер көрсетiлген жағдайда басталады.
4. Егер жұмыстар, қызметтер тұрақты (үзiлiссiз) негiзде өткiзiлетiн болса, онда:
1) қосылған құн салығы көрсетiлiп, шот-фактура жазылған күннiң;
2) әрбiр төлемдi (есеп айырысу нысанына қарамастан) алу күнiнiң қайсысы бiрiншi болса, сол күн өткiзу бойынша салық салынатын айналым жасау күнi болып табылады.
5. Қызметкерлерге жалақы есебiнен тауар берген, жұмыстар орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда қызметкерлерге тауарлар берiлген, жұмыстарды орындаған немесе қызметтер көрсетiлген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
6. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент еместен жұмыстар, қызмет көрсетулер алған жағдайда аталған жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алған күн айналым жасау күнi болып табылады.
35-тарау. Салық салынатын айналым мен салық
салынатын импорт мөлшерін анықтау
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 217-бап өзгертілді
217-бап. Салық салынатын айналым мөлшерi
1. Егер осы бапта және трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi мемлекеттiк бақылау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, салық салынатын айналым мөлшерi, оған қосылған құн салығын енгiзбей, мәмiле жасаған тараптар қолданатын бағалар мен тарифтердi негiзге ала отырып, өткiзiлетiн тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны негiзiнде анықталады.
2. Тауарларды тегiн берiлген кезде, сондай-ақ осы Кодекстiң 210-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, салық салынатын айналым мөлшерi, қосылған құн салығын енгiзбей, өткiзу бойынша айналым жасау күнi қалыптасқан бағалар деңгейi негiзге алына отырып анықталады, бiрақ бұл олардың баланстық құнынан кем болмауы керек.
Аталған тауарларды өткiзу күнiне бухгалтерлiк есепте көрсетiлген тауарлардың құны осы тармақтың мақсаттары үшiн баланстық құн болып табылады.
3. Кепiл берушi кепiлдiк мүлiктi (тауарды) берген кезде кепiл берушiдегi салық салынатын айналым мөлшерi, оған қосылған құн салығын енгiзбей, осы мүлiктi (тауарды) кепiлге беруден алынған заем қаражатының сомасы негiзге алына отырып анықталады.
4. Тауарды бөлiп-бөлiп төлеу шарттарымен өткiзу кезiнде салық салынатын айналым мөлшерi шарт талаптарымен көзделген барлық тиесiлi төлемдер ескерiле отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес анықталады.
5. Yшiншi тұлға үшiн төлеуге байланысты қызметтер көрсетiлген кезде салық салынатын айналымның мөлшерiне комиссиялық сыйақы қосылады.
6. Салық салынатын айналым мөлшерiне акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерi бойынша акциз сомалары енгiзiледi.
7. Осы Кодекстiң 236-бабына сәйкес оларды сатып алған кезде қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу көзделмеген тауарларды өткiзу кезiнде салық салынатын айналым мөлшерi тауардың өткiзiлу құны мен осы баптың 2-тармағына сәйкес белгiленетiн баланстық құны арасындағы оң айырма ретiнде анықталады.
8. Лизинг алушының негізгі қаражат ретінде алуына жататын мүлікті қаржы лизингіне беру кезінде салық салынатын айналым мөлшері:
1) қаржы лизингінің шартына сәйкес белгіленген лизингтік төлем мөлшері негізінде, оған сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 1) тармақшасында аталған айналым жасау күніне;
2) барлық мерзімдік лизингтік төлемдер сомасының негізінде, оларға алу мерзімі басталатын күн қаржы лизингінің шартына сәйкес мүлікті лизинг алушыға берген күнге дейін белгіленген сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 2) тармақшасында аталған айналым жасау күніне;
3) қаржы лизингі шарты бойынша алынуға жататын барлық лизингтік төлемдердің жалпы сомасы және оларға сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы шарт бойынша өткізу жөніндегі айналым жасаудың алдындағы күніне келетін салық салынатын айналымдар мөлшерінің сомасы ретінде белгіленетін салық салынатын айналым мөлшері арасындағы айырма ретінде, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 3) тармақшасында аталған айналым жасау күніне белгіленеді.
9. Көлік экспедициясының шарты бойынша қызмет көрсету кезінде экспедитордағы салық салынатын айналым мөлшері оның сыйақысы негізінде айқындалады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 218-бап өзгертілді
218-бап. Салық салынатын айналым мөлшерiн түзету
1. Өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) құны қандай да бiр өзгерiске түскен жағдайда, салық салынатын айналым мөлшерi тиiстi түрде түзетiледi.
2. Салық төлеушiнiң салық салынатын айналым мөлшерiн түзету:
1) тауарлар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәмiленiң шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн баға, өтем өзгерген;
4) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн теңгемен төлеу кезiнде құнының айырмасын алған.
5) осы Кодекстің 211-бабының 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өткізу жөніндегі айналымға енгізілген ыдыстарды қайтарған жағдайларда жүргізіледі.
3. Осы бапқа сәйкес салық салу айналымының мөлшерiн түзету қосымша шот-фактураның немесе осы баптың 2-тармағында аталған жағдайлардың болуын растайтын басқа да құжаттардың негiзiнде жүргiзіледi.
219-бап. Күмәндi талаптар бойынша салық салынатын айналым мөлшерiн түзету
1. Егер өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн төленетiн ақының бiр бөлiгі немесе бүкiл мөлшерi күмәндi талап болып табылса, қосылған құн салығын төлеушiнің мынадай жағдайларда:
1) күмәндi талаптың туындауына байланысты қосылған құн салығы ескерілген салық кезеңi аяқталғаннан кейiн үш жыл өткен соң;
2) банкрот деп танылған дебиторды заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiзiлiмiнен шығару туралы әдiлет органдарының шешiмi шығарылған салық кезеңiнде бюджетке жарна ретiнде енгiзiлуге тиiс қосылған құн салығының сомасын азайтуға құқығы бар.
2. Өткiзілген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн ақыны қосылған құн салығын төлеушi осы баптың 1-тармағында өзiне берiлген құқығын пайдаланғаннан кейiн алған жағдайда салық салынатын айналым мөлшерi ақы алынған сол салық кезеңiнде аталған ақының құнына арттырылуға тиiс.
3. Осы бапқа сәйкес салық салынатын айналым мөлшерiн түзету осы Кодекстiң 96-бабында аталған жағдайлар сақталған кезде жүргiзiледi.
220-бап. Салық салынатын импорт мөлшерi
Салық салынатын импорт мөлшерiне Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес белгiленетiн импортталатын тауарлардың кедендiк құны, сондай-ақ қосылған құн салығын қоспағанда, Қазақстан Республикасына тауарлар импорты кезiндегi салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомалары енгізiледi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 221-бап өзгертілді
221-бап. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент еместен жұмыстар, қызмет көрсетулер алу кезiнде салық салынатын айналым
1. Егер Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент емес ұсынған жұмыстарды, қызмет көрсетулердi өткiзу орны Қазақстан Республикасы болса, олар жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алатын Қазақстан Республикасы салық төлеушiсiнiң айналымы болып табылады және оларға осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығы салынуға тиiс.
2. Жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алушының салық салынатын айналымының мөлшерi осы баптың мақсаттары үшiн, оған Қазақстан Республикасындағы көздерден төленген табыстың төлем көзiнен ұсталуға тиiс салық сомасы ескерiле отырып, осы баптың 1-тармағында аталған резидент емеске төленуге тиiс сома негiзге алына отырып анықталады.
3. Осы бапқа сәйкес төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көзделген ставканы салық салынатын айналым мөлшерiне қолдану арқылы анықталады.
Алынған жұмыстар, қызмет көрсетулер үшiн төленетiн төлем шетел валютасымен жүргiзiлген жағдайда салық салынатын айналым жасау күні валюта алмастырудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен есептеледi.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес есептелген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 247-бабында белгiленген қосылған құн салығы бойынша декларация табыс етiлетiн мерзiмнен кешiктiрілмей төленедi.
5. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының төленгенiн растайтын төлем құжаты осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес салық сомасын есепке жатқызуға құқық бередi.
6. Егер берiлген жұмыстар, көрсетiлген қызметтер осы Кодекстiң 225-бабында аталған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер болып табылса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.
36-тарау. Нөлдік ставка бойынша салық
салынатын айналымдар
222-бап. Тауарлар экспорты
1. Түстi және қара металдар сынығының экспортын қоспағанда, экспортқа тауарлар өткiзу бойынша айналымға нөлдiк ставка бойынша салық салынады.
Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тауарлар әкету тауарлар экспорты болып табылады.
2. Осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес тауарлар экспорты расталмаған жағдайда аталған тауарларды өткiзу бойынша айналымға осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көрсетiлген ставка бойынша қосылған құн салығы салынуға тиiс.
223-бап. Тауарлар экспортын растау
1. Мыналар:
1) экспортталатын тауарларды беруге жасалған шарт (келiсiм-шарт);
2) тауар шығаруды экспорт режимiнде жүзеге асырған кеден органының белгiсi соғылған кедендiк жүк декларациясы тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Магистральдық құбыр жүйелерiмен немесе электр берiлiсi желiсiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмдерiн қолдана отырып, тауарларды экспорт режимiнде әкеткен жағдайда кедендiк ресiмдеудi жүргiзген кеден органының белгiсi соғылған толық кедендiк жүк декларациясы экспортты растауға қолданылады;
3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткiзу пунктiнде орналасқан кеден органының белгiсi соғылған тауардың iлеспе құжаттарының көшiрмесi тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Магистралдық құбыр жүйелерiмен немесе электр берiлiсi желiсiмен экспорт режимiнде тауарлар әкетiлген жағдайда тауардың ілеспе құжаттарының көшiрмесiнiң орнына тауарларды қабылдап алу-өткiзу актiсi табыс етiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттар, сондай-ақ экспорт режимiнде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан әкетiлген тауарлардың импорты елiнде ресiмделген кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi Қазақстан Республикасымен шекаралас Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге тауарлар экспортын растайтын өзге де тәртiп белгiлеуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерлерге бұдан бұрын кеден аумағынан тыс жерлерде ұқсату режимiнде әкетiлген тауарларды немесе оларды ұқсату өнiмдерiн одан әрi экспорттау жүзеге асырылған жағдайда экспортты растау осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес, сондай-ақ мынадай құжаттардың негiзiнде жүргiзiледi:
1) ұқсату режимi экспорт режимiне өзгертiлетiн кедендiк жүк декларациясы;
2) тауарларды кеден аумағынан тыс ұқсату режиммен ресiмделген кедендiк жүк декларациясы;
3) тауарларды шет мемлекет аумағына әкелу кезiнде оларды кеден аумағында ұқсату (тауарларды кеден бақылауымен ұқсату) режимiнен ресiмделген, осындай ресiмдеудi жүзеге асырған кеден органы куәландырған кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi;
4) тауарларды немесе олардың ұқсатылған өнiмдерiн өңдеген мемлекеттiң аумағынан әкету кезiнде экспорт режимiнде ресiмделген және осындай ресiмдеудi жүзеге асырған кеден органы куәландырған кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 224-бап жана редакцияда
224-бап. Халықаралық тасымалдарға салық салу
1. Халықаралық тасымалдар бойынша мынадай қызмет көрсетуді іске асыру жөніндегі айналымға:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, соның ішінде поштаны тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзит жүктерін тасымалдауға;
3) халықаралық қатынаста жолаушылар мен жолжүктерін тасымалдауға нөлдік ставкамен салық салынады.
2. Егер тасымалдауды ресімдеу бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарымен, ал экспортталатын тауарларды магистралдық құбыр желісінің жүйесі бойынша тасымалдау - экспортталатын тауарларды сатып алушыға не аталған тауарларды экспорттың кедендік режимінде ресімделген кедендік жүк декларациясын табыс ете отырып, одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға беруді растайтын құжаттармен жүзеге асырылған жағдайда, осы баптың 1-тармағының мақсаты үшін тасымалдау халықаралық тасымалдау деп есептеледі.
Жолаушыларды, экспортталатын тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асыратын жағдайда, халықаралық тасымалдың басталуы деп тасымалдауды Қазақстан Республикасының шекарасына дейін жүзеге асыратын көлік ұйымының жолаушыларды, тауарларды (поштаны, жолжүкті) тасымалдауы басталатын жер танылады.
Импортталатын тауарларды (поштаны, жолжүкті) тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асыратын жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жолаушыларды, тауарларды (поштаны, жолжүкті) көлік ұйымының көлігімен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымал халықаралық тасымалға жатады.
37-тарау. Қосылған құн салығынан босатылған
айналымдар және импорт
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 225-бап өзгертілді
225-бап. Қосылған құн салығынан босатылған айналымдар
Мынадай тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi):
1) пошталық ақы төлеудің мемлекеттік белгілері;
2) акциздiк алым маркаларын (осы Кодекстiң 549-бабына сәйкес акцизделетiн тауарларды таңбалауға арналған есеп-бақылау маркалары);
3) уәкiлеттi органдар жүзеге асыратын, соларға байланысты мемлекеттiк баж алынатын қызметтердi;
4) адвокаттық қызметтi, нотариаттық iс-әрекеттердi жүзеге асыру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өткiзетiн тауарлар (жұмыстар, қызметтерді);
6) мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру тәртiбiмен өткiзiлетiн мүлікті;!SUB 2250007
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк мекемелердiң пайдасына өтеусiз негiзде негiзгi құралдарды беру, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк кәсiпорындар пайдасына өтеусiз негiзде негiзгi құралдарды берудi;
8) жарғылық капиталға жарналарды;
9) жарғылық капиталға жарна ретiнде алынған мүлiктi қайтарып алуды;
10) жерлеу бюроларының әдет-ғұрыптық қызмет көрсетулерiн, зираттар мен крематорийлердің қызмет көрсетулерiн;
11) оларды өткiзу жөнiндегi қызмет көрсетулердi қоспағанда, лотереялық билеттердi өткiзу бойынша айналымды;
12) банк карталарымен операциялар бойынша есеп-қисаптарға қатысушыларға жинау, өңдеу және таратып беру жөнiндегi қызмет көрсетулердi қоса алғанда, есеп-қисаптарға қатысушылар арасында ақпараттық және технологиялық өзара iс-қимылды қамтамасыз ету жөнiнде көрсетiлетiн қызметтердi өткiзу бойынша айналымдар;
12-1) Қазақстан Республикасының кеден аумағына "Қазақстан Республикасының кеден аумағында тауарларды ұқсату" кеден режимінде әкелінген тауарларды ұқсату және (немесе) жөндеу бойынша қызмет көрсетулер;
12-2) осы Кодекстің 224-бабына сәйкес халықаралық тасымалдар болып табылатын тасымалдарға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсетулер, атап айтқанда: Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде почтаны, тиеу, түсіру, қайта тиеу (ағызу-құю), жөнелту бойынша жұмыстар, қызмет көрсетулер, сондай-ақ транзит жүктер; техникалық, аэронавигациялық, әуежай қызметін көрсету; халықаралық рейстерге көрсетілетін қызметтер бойынша теңіз айлақтарында қызмет көрсету;
12-3) тұрғын-үй қорын басқару, ұстау мен пайдалану жөнінде қызмет көрсету;
13) осы Кодекстiң 226-233-баптарында көрсетiлген өткiзу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 226-бап өзгертілді
226-бап. Жерге және тұрғын үй қорындағы ғимараттарға
байланысты айналымдар
1. Тұрғын үй қорындағы ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) өткiзу және (немесе) осындай ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) жалға беру, оның iшiнде қосалқы жалға беру мыналарды:
1) тұрғын үй қорының салынған ғимаратын (ғимаратының бiр бөлiгiн) бiрiншi рет өткiзудi;
2) қонақүй қызметiн көрсету мақсатында пайдаланылатын ғимаратты (ғимараттың бiр бөлiгiн) өткiзудi немесе жалға берудi;
3) қонақүйде тұру бойынша қызмет көрсетудi қоспағанда, қосылған құн салығынан босатылады.
Ғимаратқа құны бастапқы құнының кемiнде 50 процентi болатын қайта жаңғырту (жөндеу) жасалып, егер осы ғимарат қайта жаңғыртудан кейiн тұрғын үй мақсатында пайдаланылатын болса, бұл ғимаратта тұрғын үй қорының салынған ғимаратына жатады.
2. Жер учаскесiн иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру және (немесе) жер учаскесiн жалға, оның iшiнде қосалқы жалға беру, жер учаскесiн автомобильдердi, сондай-ақ өзге де көлiк құралдарын қою немесе сақтау үшiн беру ақысын қоспағанда, қосылған құн салығынан босатылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 227-бап өзгертілді
227-бап. Қаржылық қызмет көрсетулер
1. Егер қаржылық қызмет көрсетулер бойынша айналымдар осы баптың 2-тармағында көзделсе, ол қызмет көрсетулер қосылған құн салығынан босатылады.
2. Қосылған құн салығынан босатылатын қаржылық қызмет көрсетулерге мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң банк операцияларын жүргiзуге берген лицензиясы негiзiнде жүзеге асырылатын мынадай банк операциялары:
депозиттердi қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргiзу;
банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттiк шоттарын ашу және жүргiзу;
осы тұлғаға тиесiлi тазартылған қымбат металдардың нақты саны көрсетiлетiн жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргiзу;
аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың ақшаны аудару жөнiндегi тапсырмаларын орындау;
заем операциялары: ақшалай нысанда кредиттер беру;
факторингтiк және форфейтингтiк операциялар;
жеке және заңды тұлғалардың, оның iшiнде корреспондент банктердiң тапсырмасымен олардың банк шоттары бойынша есеп айырысуын жүзеге асыру;
сенiмгерлiк (траст) операциялары: сенiм бiлдiрушiнiң мүддесi үшiн және тапсырмасы бойынша ақшаны, тазартылған қымбат металдар мен бағалы қағаздарды басқару;
клирингтiк операциялар: төлемдердi жинау, салыстырып тексеру, сұрыптау және растау, сондай-ақ олардың өзара есепке алынуын жүргізу және клирингке қатысушылардың таза позицияларын айқындау;