2. Облигацияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн берудiң және мемлекеттiк емес облигацияларды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi. Облигациялық бағдарлама шегiнде облигацияларды әрбiр шығарудың өз ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi болады.
3. Эмитент мемлекеттiк емес облигациялар шығару құжаттарын мемлекеттiк тiркеуге құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) жарғылық капиталды төлеген соң және соңғы қаржы жылы iшiнде залал шекпей қызмет iстеген жағдайда, өзi өмiр сүрген екiншi жылдан кейiн табыс етуге құқылы.
13-бап. Облигациялық бағдарламаны және облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң ерекшелiктерi
1. Облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеудi уәкiлеттi орган облигациялық бағдарлама проспектiсiн алған күннен бастап күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде жүзеге асырады.
Облигациялық бағдарлама проспектiсiнiң және облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарудың құрылымы мен мазмұны, сондай-ақ оларды ресiмдеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялардың алғашқы шығарылуын мемлекеттiк тiркеу эмитенттiң тiлегi бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеумен бiр мезгiлде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Тiркелген облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға эмитент табыс еткен құжаттарды уәкiлеттi орган олар табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде қарауға тиiс.
3. Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент табыс еткен құжаттар осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган осындай мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады және эмитентке облигациялық бағдарламаның немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарудың мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiк бередi.
4. Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент табыс еткен құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себебiн дәлелдей отырып жiбередi.
Эмитeнт мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себептерiн жойғаннан кейiн уәкiлеттi орган құжаттарды қарауды осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.
5. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайда, егер:
1) қор биржасында осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигациялар бойынша сауда-саттық тоқтатыла тұрса;
2) осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигацияларға делистинг жүргiзiлсе;
3) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу нәтижесiнде айналыстағы облигациялар шығарылымының жалпы сомасы осындай облигациялық бағдарламаның тiркелген көлемiнен асып кетсе;
4) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар табыс етiлген күнi эмитент осы Заңның 14-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.
3-тарау. Облигациялар шығару мен олардың
айналысының ерекше талаптары
14-бап. Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығару
1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитент мынадай талаптарды сақтаған жағдайда:
1) дефолт фактiлерi болмаған;
2) соңғы үш жыл iшiнде қызметтi залал шекпей жүзеге асырған;
3) облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигацияларды сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзуге үмiткер эмитенттерге сауда-саттықты ұйымдастырушы қойған талаптарға сай келген жағдайларда облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
2. Эмитент облигациялық бағдарлама шегiнде құрылымы бойынша әртүрлi облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
3. Облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылған облигацияларды мерзiмiнен бұрын өтеу талаптары мен тәртiбiне қойылатын талаптар, облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыратын эмитент орындауға тиiс ерекше талаптар мен шектеулер облигациялық бағдарлама проспектiсiмен белгiленедi.
15-бап. Облигациялардың кейiнгi шығарылуы
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Егер облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға табыс ету күнi эмитентте сыйақы төлеу немесе бұрын шығарылған облигацияларды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерiн уақтылы орындамаған немесе орындамаған жағдайлар болмаса, өзi бұрын шығарған облигациялар бағалы қағаздардың қайталама рыногында айналыста болған кезде және ол төмендегi талаптардың бiрiн сақтаған жағдайда:
1) облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға табыс ету күнi эмитентте уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген талаптарға сәйкес рейтинг агенттiктерiнiң бiреуi талап ететiн ең төменгi рейтингi болса;
2) облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға табыс ету алдындағы соңғы тоқсанның қорытындылары бойынша эмитенттiң левередж шамасы екеуден аспаса және жаңа шығарылымның барлық облигацияларын орналастыру нәтижесiнде көрсетiлген шамадан аспайтын болса;
3) жаңадан шығарылған облигациялар ипотекалық облигациялар болса, эмитент облигациялардың одан кейiнгi шығарылымын жүзеге асыруға құқылы.
2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгiленген талаптар сақталған жағдайда, өзi бұрын шығарған облигацияларды қайталама бағалы қағаздар рыногына айналысқа жiберген кезде облигациялардың кейiнгi шығарылуын жүзеге асыруға құқылы.
16-бап. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығару
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығаруды бағалы қағаздары листингтiң ең жоғары санаты бойынша қор биржасы тiзiмiне енгiзiлген эмитент жүзеге асыруға құқылы.
2. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигацияларды орналастыру және айналысқа жiберу қор биржасының сауда жүйесiнде ғана жүзеге асырылады.
3. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
17-бап. Айырбасталатын облигациялар шығару
1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитент айырбасталатын облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Айырбасталатын облигациялар шығару мүмкiндiгi акционерлiк қоғамның жарғысында көзделуге тиiс.
2. Облигацияларды акционерлiк қоғамның акцияларына айырбастау облигацияларды эмитенттiң акцияларына айырбастаудың облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген талаптары мен тәртiбiне сәйкес жүргiзiледi.
18-бап. Қаржы агенттiгi. Агенттiк облигациялар шығару
1. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi құрған банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға мынадай құжаттар:
1) өтiнiш;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асырудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерi;
3) өтiнiш берушiнiң мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыру жөнiндегi қызметiнiң талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн және қарыз алудың, инвестициялық шешiмдердi iске асырудың, тәуекелдердi басқарудың ережелерi бар iшкi құжаттары;
4) соңғы айдың аяғындағы жағдай бойынша қаржылық есептiлiк және қаржы агенттiгi үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген пруденциалдық нормативтердiң есебi негiзiнде қаржы агенттiгi мәртебесiн бередi.
Қаржы агенттiгi мәртебесiн беру үшiн табыс етiлген құжаттарды уәкiлеттi орган олар табыс етiлген күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.
Қаржы агенттiгiн берудi уәкiлеттi орган табыс етiлген құжаттар бойынша өзiнiң ескертпелерi болмаған жағдайда жүзеге асырады.
Қаржы агенттiгiнiң мәртебесiн жою талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
2. Агенттiк облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу мақсатында уәкiлеттi органға қаржы агенттiгi табыс ететiн агенттiк облигацияларды шығарудың, айналысқа жiберудiң және өтеудiң талаптары мен тәртiбi, құжаттар тiзбесi және шығарылуын мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
19-бап. Облигацияларды ұстаушылардың өкiлi
1. Ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялардың шығарылуы мен айналысы кезiнде эмитент алдында облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкiл) жүзеге асырады.
Өкiлдi таңдауды бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және (немесе) брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар арасынан эмитент дербес жүзеге асырады.
Өкiл эмитенттiң аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
2. Облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiру туралы эмитент пен өкiл арасында жасалатын шарттың мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ өкiлдiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату тәртiбi мен жағдайлары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
20-бап. Өкiлдiң функциялары мен мiндеттерi
1. Өкiл мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген мiндеттемелерiн орындауын бақылайды;
2) эмитенттiң облигацияны ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiн бақылайды;
3) эмитентпен эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке қатысты кепiл шартын жасасады;
4) облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған шаралар қолданады;
5) облигацияларды ұстаушыларға осы тармақтың 1)-4) тармақшаларына сәйкес өзiнiң iс-әрекеттерi туралы және мұндай iс-әрекеттiң нәтижелерi туралы хабарлайды.
2. Өкiл облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында:
1) облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соғуы мүмкiн мән-жайларды анықтауға және көрсетiлген мән-жайлар туралы оларға күнтiзбелiк үш күн iшiнде хабарлауға;
2) эмитенттiң облигацияларды ұстаушылардың алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке кепiл құқығын ресiмдеуге және тiркеуге байланысты құқықтық қатынастарда облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiруге;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiне бақылауды жүзеге асыруға;
4) облигациялар бойынша сыйақының уақтылы төленуiн бақылауды жүзеге асыруға;
5) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйi туралы хабарлауға;
6) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға эмитентпен шартты бұзған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өзiнiң өкiл ретiндегi өкiлеттiктерiнiң тоқтатылғаны туралы хабарлауға;
7) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға олардың сұратуы бойынша өзiнiң өкiл ретiндегi қызметiне қатысты ақпарат пен құжаттарды беруге;
8) қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге;
9) эмитент облигацияларды ұстаушылар алдындағы өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктi өткiзуге мiндеттi.
3. Өкiлдiң осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған функциялар мен мiндеттердi орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.
4-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
21-бап. Инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы ақпарат алуға құқығы
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестордың бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiн немесе оның көшiрмесiн беруге мiндеттi.
2. Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң көшiрмесiн бергенi үшiн инвестордан оны дайындауға жұмсалған шығыс көлемiнен аспайтын мөлшерде ақы алуға құқылы.
3. Инвестор эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi көшiрмесiнiң уәкiлеттi органдағы проспектiсiне сәйкес келуiн тексеру туралы, ocы мақсатта мұндай көшiрменi уәкiлеттi органға бере отырып, уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға құқылы.
22-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру тәртiбi
1. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген шектеулер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында жазылым жүргізу арқылы жүзеге асыруға құқылы.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында орналастыру сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркегеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде оларды инвесторлардың шек қойылмаған тобы арасында орналастырғанға дейiн мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде баспасөз басылымдарында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарлама жариялауға мiндеттi.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарда:
1) эмитенттiң толық атауы және орналасқан жерi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу күнi, олардың түрi және орналастырылуға тиiстi саны;
3) эмитенттiң бөлiмшелерi мен лауазымды адамдары, эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiмен немесе олар туралы өзге де ақпараттармен танысуға мүмкiн болатын андеррайтердiң (эмиссиялық консорциумның) атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiметтер;
4) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру бағасы мен оларды төлеу туралы мәлiметтер болуға тиiс.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында орналастыру эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық консорциумға) инвесторлар табыс еткен жазбаша өтiнiмдер негiзiнде аукцион өткiзу немесе жазылым жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Аукцион өткiзудiң немесе жазылым жүргiзудiң шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптар эмитенттiң iшкi құжаттарымен белгiленедi.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде акционерлердің акцияларды немесе акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын пайдалану жағдайларын қоспағанда, немесе туынды бағалы қағаздарды ұстаушылардың осы эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарын сатып алу құқығын белгiлейтiн, эмитент өзiнiң бұрын қабылдаған мiндеттемелерiн орындаған жағдайда, бiр инвестордың екiншi бiр инвестор алдында эмиссиялық бағалы қағазды сатып алуға артықшылықты құқық белгiлеуге тыйым салынады.
5. Эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық консорциумға) акцияларды орналастыру кезiнде оларды қайта сатып алу мiндеттемесiмен мәмiле жасауға тыйым салынады.
6. Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестор бағалы қағаздарға ақы төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн орындаған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi инвестордың жеке шотына сатып алынған эмиссиялық бағалы қағаздарды аудару туралы бұйрықты тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға) табыс етуге мiндеттi.
23-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарға ақы төлеу
1. Акцияларға ақы төлеудiң тәртiбi мен ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
2. Облигацияларға ақы төлеу тек қана ақшалай жүзеге асырылады.
3. Акцияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру осы орналастыру шегiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды caтып алушы барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай бағамен жүзеге асырылады.
Облигацияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген талаптар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
24-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есеп
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарап, бекiту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау жөнiндегi өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептiлiктi;
3) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген талаптарға сәйкес жасалған және ресiмделген есептi табыс етедi.
2. Эмитент уәкiлеттi органға эмиссиялық бағалы қағаздар толық орналастырылғанға дейiн әрбiр алты айдың қорытындылары бойынша (есептi жарты жылдық аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде), сондай-ақ оларды толық орналастыру аяқталғаннан кейiн эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырудың қорытындылары туралы есеп берiп отыруға мiндеттi.
Эмитент уәкiлеттi органға бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi осы тармақта көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн табыс етуге құқылы.
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
Егер құжаттарды қарау барысында олардың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеу фактiлерi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартуға құқылы.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартқан жағдайда эмитент бас тартуды алған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде уәкiлеттi органға пысықталған есептi қайта табыс етуге мiндеттi.
25-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұpу
1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi табыс етпеген жағдайда, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау процесiнде есепте көрсетiлген мәлiметтердiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттарға сәйкес еместiгi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке, сол бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмiн алған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде баспасөз басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлама жариялауға және анықталған бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға жәрдемдесетiн барлық iс-әрекеттi қолдануға мiндеттi. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қайта жаңарту, анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейiн, уәкiлеттi органның жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.
26-бап. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлау
1. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлауды эмитент:
1) баспасөз басылымында тиiстi хабар жариялау;
2) тiркеушiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану арқылы тиiстi хабарды тарату жолымен жүргiзедi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарда:
1) эмитенттiң толық атауы мен орналасқан жерi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу күнi;
3) уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру жөнiндегi шешiмi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
27-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тануға:
1) эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы;
2) эмитенттi заңды тұлға ретінде мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыруға негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу жүргiзуге негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы негiз болып табылады.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жою үшiн негiз болып табылады.
5-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы
28-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысының тәртiбi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың қайталама бағалы қағаздар рыногындағы айналысы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында осы бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың және оларды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркеудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес белгiленедi.
29-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының:
1) инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуы процесiнде олардың құқықтары мен мүдделерiн;
2) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген талаптар бұзылған жағдайда, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде және (немесе) бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде барлық немесе жекелеген жеке шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың бәрiн немесе бiр бөлiгiн оқшаулау арқылы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке және мәмiле жасасуға қатысатын (қатысқан) тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқама жiбередi. Аталған тұлғалар анықталған тәртiп бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға және нұсқаманың орындалғаны туралы не анықталған бұзушылықтарды жою мүмкiн еместiгi туралы уәкiлеттi органға жазбаша есеп беруге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiмдi эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
4. Тiркеушi және орталық депозитарий уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы хабарламасын алған кезден бастап бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi айналысы тоқтатыла тұрған бағалы қағаздармен мәмiлелердiң тiркелуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
5. Нақтылы ұстаушы орталық депозитарийдiң хабарламасын алған кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде өзiнiң клиентiн клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiле жасасуын тiркеудi тоқтата тұруы туралы жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
6. Бұзушылықтар жойылғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту уәкiлеттi органның эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту туралы шешiм қабылданған кезден бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жiберiлген жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.