85) хеджирлеу - мүлiктiк мүдделердi жай-күйi қаржы құралдарымен мәмiле жасасу арқылы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң кiрiстерi мен шығындарының туындауына байланысты болатын бағаның, айырбастау бағамының, сыйақы ставкаларының немесе өзге де ықтимал көрсеткiштердiң өзгеруi кезiндегi тәуекелдерден қорғау;
86) бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлеулердiң жиынтығы;
87) орталық депозитарий - бағалы қағаздар рыногының қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеудi, депоненттердiң (олардың клиенттерiнiң) қаржы құралдары бойынша құқықтарын eceпкe алу мен растауды, құжатты нысанда шығарылған қаржы құралдарын материалсыздандыру мен сақтауды, оның iшiнде депоненттер арасындағы қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша клирингтi, сондай-ақ тиiстi лицензиясы болған кезде бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын кәсiби қатысушысы;
88) эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде бiртектi белгiлер мен реквизиттерi болатын, осы шығарылым үшiн бiрыңғай жағдайлар негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
89) эмиссиялық консорциум - андеррайтерлердiң эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсету мақсатында бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылған бiрлестiгi;
90) эмитент - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға.
2-бап. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, осы Заңның нормалары банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарды, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу процесiнде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады.
3-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу
1. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып, бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру мен дамыту саласындағы басымдықтарды айқындайды;
2) Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар рыногының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және ұлттық бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымын қалыптастыру, бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
3) өз құзыретi шегiнде бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
4) бағалы қағаздармен қаржы рыногының активтерiн таниды;
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 5-тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
5) мемлекеттiк емес бағалы қағаздардың, туынды бағалы қағаздардың шығарылуы, айналысқа түсуi мен өтелуi және олардың мемлекеттiк тiркелуi , мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздарды орналастыру мен өтеу, сондай-ақ оларды жою қорытындылары туралы есептердi қарау, оның ішінде Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң және халықаралық ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында шығарылуға және орналастырылуға жататын эмиссиялық бағалы қағаздарын мемлекеттiк тiркеу талаптары мен тәртiбiн белгiлейдi;
6) Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиялар мен рұқсаттардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
7) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздардың орналастырылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздарды шығаруды жояды;
8) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызмет пен басқа да лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыру ережелерiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу, осы мәмiлелердi есепке алу және олар бойынша есеп беру шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды айқындайды;
9) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi кәсiби қызмет ретiнде мойындайды;
10) бағалы қағаздар рыногындағы қызмет түрлерi бойынша лицензиялар берудiң талаптары мен тәртiбiн айқындайды;
11) лицензиаттардың қаржылық тұрақтылығының пруденциалдық нормативтерiнiң түрлерi мен өзге де көрсеткiштерiн немесе өлшемдерiн (нормативтерiн), олардың есеп айырысуының және есеп айырысу әдiстемесiнiң тәртiбiн белгiлейдi;
12) бағалы қағаздар рыногында қызмет түрлерi бойынша лицензиялар бередi, лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
13) лицензиаттардың iшкi құжаттарын келiседi;
14) лицензиаттардың басшы қызметкерлерiнiң лауазымына кандидатураларды тағайындау үшiн келiсiм бередi;
15) лицензиаттардың есеп беру тәртiбiн және есептердiң нысандарын айқындайды;
16) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат бередi, осындай рұқсаттардың қолданылуын тоқтата тұрады, қайта жаңғыртады және мерзiмiн ұзартады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
17) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi және осы талаптардың сақталуын бақылайды;
18) жеке адамдарды бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына аттестаттауды, бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлердi қайта аттестаттауды жүргiзедi, аттестаттаудан өткен адамдарға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi және қайта аттестаттаудан өткен адамдардың бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, бiлiктiлiк куәлiктерiн керi қайтарып алады;
19) эмитенттердiң, лицензиаттардың және бағалы қағаздар рыногында жұмыс icтeу үшiн мамандар даярлайтын ұйымдардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде олардың қызметiне тексеру жүргiзедi;
20) бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлердiң қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
21) бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi туралы өзiнiң қолындағы мәлiметтердi пайдалана отырып (бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда), бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiндегi ақпаратты, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне қолданған шаралары туралы ақпаратты жариялайды;
22) бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiнде қолданылатын шараларды үйлестiру, бағалы қағаздар рыногындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен олардың жолын кесу мәселелерi және өзара мүдделiлiк туғызатын өзге де мәселелер бойынша бағалы қағаздар рыноктарын реттейтiн шетелдiк органдармен өзара iс-әрекет жасайды;
23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу жөнiндегi өзге де функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - ұйымдарының шығаруын осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган тiркеген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
2) Қазақстан Республикасының резиденттерi емес ұйымдардың шығаруын уәкiлеттi орган тiркеген немесе уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
3) Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - ұйымдарының шығаруы шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногына айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
4) халықаралық қаржы ұйымдарының шығаруын уәкiлеттi орган тiркеген немесе уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздары;
5) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар;
6) туынды бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногының объектiлерi болып табылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздардың түрлерi Азаматтық кодекспен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалады.
5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi
1. Жеке және институционалдық инвесторлар, эмитенттер, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, сауда-саттықты ұйымдастырушылар және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi болып табылады.
2. Жеке инвесторлар эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияны дербес немесе брокерлiк-дилерлiк қызметтi немесе инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиялары бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
3. Институционалдық инвесторлар инвестицияны, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының резидентi, егер оның бұрын шығарған эмиссиялық бағалы қағаздары қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тiзiмiне енгiзiлген жағдайда, шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыруды жүзеге асыруға құқылы.
2-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды
мемлекеттік тіркеу
6-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
2. Шығарылымы жойылған немесе Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлмеген эмиссиялық бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердiң объeктici бола алмайды.
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тiркелген эмиссиялық бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтердi уәкiлеттi орган Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне уәкiлеттi органның тиiстi шешiм қабылдаған күнiнен бастап бiр күн iшiнде енгiзедi.
7-бап. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару
1. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарудың, оларды тiркеудiң, орналастырудың, айналысқа жiберудiң және өтеудiң талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
8-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу
1. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi уәкiлеттi орган осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаппен және тәртiппен жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу:
1) табыс етiлген құжаттардың және олардың сараптамасының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн қарауды;
2) эмиссиялық бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн берудi және Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне олар және эмитент туралы мәлiметтер енгiзудi;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер берудi қамтиды.
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Инвестициялық пай қорларының пайларын шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының жеке заң актiсiмен айқындалады.
3. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы құжаттарды олар мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге қосымша құжаттар табыс етiлген жағдайда уәкiлеттi орган құжаттарды қарау мерзiмiн күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
4. Эмитент пен оның лауазымды адамдары уәкiлеттi органға мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз мәлiметтер бергенi үшiн, сондай-ақ құжаттарды табыс ету мерзiмiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
5. Уәкiлеттi органның мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды мақсатқа сай еместiк желеуiмен мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқығы жоқ.
9-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде:
1) эмитент пен оның қызмет түрлерi туралы;
2) эмитенттiң орналастырылған акцияларының (жарғылық капиталындағы үлестерiнiң) он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан да көп) процентiн иеленушi акционерлер (қатысушылар) туралы;
3) басшы қызметкерлер, олардың лауазымдары туралы соңғы үш жылдағы мәлiметтер, сондай-ақ эмитенттiң орналастырылған акцияларының оларға тиесiлi саны (жарғылық капиталындағы үлестерiнiң мөлшерi) туралы мәлiметтер көрсетiле отырып, эмитент органдарының құрылымы туралы;
4) баланстық құны көрсетiле отырып, эмитенттiң активтерi туралы, эмитенттiң өзi өндiретiн немесе тұтынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) жалпы құнының бес және одан да көп процентiн құрайтын көлемдегi тауарды (жұмысты, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылары және жеткiзiп берушiлерi туралы;
5) эмитенттiң мүлкiн бағалау туралы (қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);
6) кредиторлардың (дебиторлардың) тiзбесi көрсетiле отырып, эмитент активтерiнiң баланстық құнының бес және одан да көп процентiн құрайтын кредиторлық және дебиторлық берешектер, оларды өтеу мерзiмдерi туралы;
7) осы тармақтың 2) тармақшасында аталған тұлғаларды қоспағанда, эмитенттiң аффилиирленген тұлғалары туралы;
8) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi (санаты), төлеу тәсiлдерi, бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу, оның iшiнде облигациялардың нақтылы құны, олардың айналыс мерзiмi және өтелу тәртiбi туралы;
9) бағалы қағаздарды (айырбасталатын бағалы қағаздар шығарған кезде) айырбастау тәртiбi туралы;
10) облигация ұстаушылардың өкiлi туралы (ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);
11) төлем агентi туралы;
12) эмитенттiң бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2. Эмитенттiң (жаңадан құрылған эмитенттердi қоспағанда) соңғы екi қаржы жылындағы аудиторлық есептермен расталған қаржылық есептiлiк және эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге құжаттар беру алдындағы соңғы айдың аяғындағы жағдай бойынша қаржылық есептiлiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң құрылымы және оны жасау мен ресiмдеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
4. Осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көзделген мәлiметтердi қоспағанда, эмитент уәкiлеттi органға акциялар шығару проспектiсiнде бар мәлiметтердiң өзгергенi туралы ақпаратты аталған жағдай басталған күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде табыс етуге мiндеттi.
Облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiне қысым жасалатын жағдайларда эмитенттiң шығару проспектiсiнде белгiленген облигациялар бойынша шығару, орналастыру, айналысқа жiберу, сыйақы төлеу және оларды өтеу талаптарын өзгертуге құқығы жоқ.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне қойылатын талаптар агенттiк облигацияларын, айналым мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар, облигациялық бағдарламалар және облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигациялар шығару проспектiсiне қолданылмайды.
6. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi уәкiлеттi органға мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде табыс етiледi.
10-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тарту және олардың шығарылуын мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұру
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Эмитент шығару құжаттарын мемлекеттiк тiркеуге табыс ету талаптары мен тәртiбiн бұзған және құжаттарды қapaу процесiнде олардың Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiндiгi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.
2. Егер табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде эмитент пен оның қызметi туралы қосымша мәлiметтер алу қажеттiгi туындаса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұруға құқылы.
Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi эмитент қосымша мәлiметтердi табыс еткен күннен бастап қайта жаңғыртады.
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
11-бап. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу
1. Акционерлiк қоғам жарғысында белгiленген мөлшердегi жарияланған акцияларды шығару уәкiлеттi органда мемлекеттiк тiркелуге тиiс. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмдi акционерлiк қоғамның құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшысы) немесе акционерлерiнiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) қабылдайды. Акционерлiк қоғам өзiнiң заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап жарияланған акциялар шығару құжаттарын немесе акционерлердiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) жарияланған акциялар санының көбейтiлуi туралы шешiм қабылдаған күннен бастап, жарияланған акцияларды шығару проспектiсiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде табыс етуге мiндеттi.
2. Құрылтай жиналысының (жалғыз құрылтайшының) немесе акционерлердiң жалпы жиналысының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционердiң) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмiнде:
1) эмитенттiң атауы және оның орналасқан жерi көрсетiле отырып, құрылтай жиналысының (акционерлердiң жалпы жиналысының) өткiзiлетiн орны мен күні;
2) құрылтай жиналысына қатысқан құрылтайшылардың тiзiмi немесе акционерлiк қоғамның акционерлердiң жалпы жиналысына табыс етiлген дауыс берушi акцияларының саны туралы мәлiметтер;
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 3-тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) акциялардың түрлерi және олардың жалпы саны;
4) құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың саны және олардың акцияларды төлеу тәртiбi;
5) құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың нақтылы құны қамтылуға тиiс.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының ережелерi жалғыз құрылтайшы құрған акционерлiк қоғамға және дауыс беретiн барлық акциялары бip акционерге тиесiлi акционерлiк қоғамға қатысты қолданылмайды.
3. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу акционерлiк қоғам табыс еткен мынадай құжаттар:
1) еркiн нысанда жазылған өтiнiш;
2) құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшы шешiмiнiң) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы немесе акционерлердiң жалпы жиналысының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер шешiмiнiң) жарияланған акцияларды шығару проспектiсiне өзгерiстердi тiркеу туралы хаттамасының көшiрмесi;
3) акционерлiк қоғам жарғысының көшiрмесi;
4) акционерлiк қоғамды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң көшiрмесi;
5) акционерлiк қоғамның статистикалық карточкасының көшiрмесi;
6) акциялар шығару проспектiсiнiң екi данасы;
7) акционерлiк қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акциялар төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi акцияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн (ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн) беру және акционерлiк қоғамға жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк пен жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы уәкiлеттi орган белгi соққан акциялар шығару проспектiсiнiң бiр данасын беру (жiберу) арқылы жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 07.07.04 ж. N 577-II қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Жарияланған акцияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн (ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн) беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi. Барлық жарияланған бiр түрдегі акциялардың бiрыңғай ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi болады.
6. Тiркеушi акционерлiк қоғам құрылтайшыларының (жалғыз құрылтайшысының) акциялар жөнiндегi құқықтарын тiркеудi жарияланған акциялар шығару мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн жүзеге асырады.
7. Уәкiлеттi орган барлық жарияланған акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi (есептердi) бекiткеннен кейiн акционерлердiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) акционерлiк қоғам жарғысына және акцияларды шығару проспектiсiне тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып, жарияланған акциялардың жарғыда көрсетiлген санын көбейту туралы шешiм қабылдауға құқылы. Жарияланған акцияларды шығару проспектісіне мұндай өзгерiстердi тіркеуді және жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi ауыстыруды уәкiлеттi орган акционерлiк қоғам табыс еткен осындай өзгерiстердi растайтын құжаттар негiзiнде күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде жүзеге асырады.
12-бап. Мемлекеттiк емес облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу
1. Мемлекеттiк емес облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) еркiн нысанда жазылған өтiнiштi;
2) эмиссиялық органның облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесiнде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртiбi, облигациялардың шығарылу көлемi, саны мен түрi, облигациялардың нақтылы құны, облигациялар ұстаушылардың құқықтары туралы мәлiметтер бар облигациялар шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесiн;
3) облигациялар шығару проспектiсiнiң (облигациялық бағдарлама проспектiсiнiң) екi данасын;
4) жарғының көшiрмесiн;
5) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
6) статистикалық карточканың көшiрмесiн;
7) ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарылған жағдайда эмитенттiң мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз еткенiн растайтын құжаттарды және облигациялар ұстаушылардың өкiлiмен жасалған шарттың көшiрмесiн;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысының алдын ала шешiмiнсiз облигациялар шығаруды жүзеге асыру мүмкiн болмаса, акционерлердiң (қатысушылардың) жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесiн (хаттаманың үзiндiсiн) және акционерлердiң (қатысушылардың) облигациялар шығару туралы шешiм қабылданған жалпы жиналысын шақыру туралы хабарлама жарияланған баспасөз басылымы беттерiнiң көшiрмесiн табыс етуге мiндеттi.