2. Қосымша шот-фактураны тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушi жасайды және аталған тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) алушы растайды.
40-тарау. Салықты есептеу және төлеу тәртібі
244-бап. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы
Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 245-бабына сәйкес салық салынатын айналым бойынша есептелген қосылған құн салығының сомасы мен осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес есепке жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретiнде анықталады.
245-бап. Қосылған құн салығының ставкалары
1. Қосылған құн салығының ставкасы 16 процентке тең болады және осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық салынатын айналым мөлшерiне қолданылады.
2. Осы Кодекстiң 222-224-баптарында аталған тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) өткiзу бойынша айналымдарға қосылған құн салығы нөлдiк ставка бойынша салынады.
3. Салық салынатын импорт бойынша қосылған құн салығының ставкасы осы Кодекстiң 220-бабында белгiленген салық салынатын импорт мөлшерiнiң 16 процентiне тең болады.
246-бап. Салық кезеңi
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi күнтiзбелiк ай болып табылады.
2. Егер алдыңғы тоқсан үшiн бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығының орташа айлық сомасы 1000 айлық есептiк көрсеткiштен кем болса, онда салық кезеңi тоқсан болып табылады.
3. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер үшiн аталған арнаулы салық режимiнiң күшi қолданылатын қызметтi жүзеге асырудан бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi салық жылы болып табылады.
Басқа да қызмет түрлерiн жүзеге асырудан бюджетке төленуге тиiс қосылған құн салығы бойынша салық кезеңi осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес анықталады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 247-бап өзгертілді
247-бап. Салық декларациясы
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеушi әрбiр салық кезеңi үшiн қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық кезеңiнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
2. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын қосылған құн салығын төлеушiлер әр тоқсан үшiн қосылған құн салығы бойынша декларацияны есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етуге мiндеттi.
3. Декларациямен бiрге салық кезеңi iшiнде (осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда - есептi тоқсан iшiнде) сатып алынған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша шот-фактуралардың тiзiлiмi табыс етiледi. Шот-фактуралар тiзiлiмiнiң нысанын уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
248-бап. Қосылған құн салығын төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы Кодекстің 389-бабында өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеушi қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн мерзiмi белгiленген күнге дейiн немесе сол күнi бюджетке әрбiр салық кезеңi үшiн салық төлеуге мiндеттi.
2. Осы Кодекстің 250-бабында аталған жағдайларда салық төлеушi төлеуге тиiс қосылған құн салығын қоспағанда, импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы кеден төлемдерiн төлеу үшiн Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген күнi төленедi.
3. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмi осы Кодекстiң 249-бабында белгiленген тәртiппен өзгертiлуi мүмкін.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 249-бап өзгертілді
249-бап. Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту
1. Салық органдары егер:
1) импортталатын тауарлар өнеркәсiптiк ұқсатуға арналған;
2) су, газ, электр энергиясы импортталатын тауарлар болып табылған жағдайларда импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгертедi.
2. Осы баптың мақсаты үшiн, егер бұл орайда төменде аталған шарттардың ең болмаса бiреуi орындалатын болса:
1) өндiрiстiк ұқсатудан кейiн алынған өнiмде (тауарда) пайдаланылған тауарлардан өзгеше алғашқы кез келген төрт белгi деңгейiнде сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды болса;
2) өндiрiс процесiнде тауарларға қосымша еңбек пайдаланыла отырып, химиялық әсер жасалса, өндiрiс процесiнде тауарларды одан әрi пайдалану оларды өнеркәсiптiк ұқсату деп ұғылады.
3. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту өсiмпұл есептелмей, кеден органы кедендiк жүк декларациясын қабылдаған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiмге жасалады.
4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн өзгерту мына құжаттар:
уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша өтiнiш;
тауарларды беруге арналған шарттың (келiсiм-шарттың) көшiрмесi негiзiнде жасалады.
Төлеу мерзiмiн өзгертуге құқығын растау үшiн салық органдары қосылған құн салығын төлеушiнiң өндiрiстiк қуаттарын тексерiп қарауға құқылы.
5. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган өнеркәсiптiк ұқсату үшiн үнемi импорт бойынша тауарларды алып тұратын қосылған құн салығын төлеушiлерге, қосылған құн салығын өзгертiлген мерзiмдер бойынша төлеткiзе отырып, тауарларды кедендiк ресiмдеудi жүзеге асыруы үшiн күнтiзбелiк жыл iшiнде қолданылатын рұқсат бередi.
Осы тармақта көзделген рұқсат, қосылған құн салығын төлеу мерзiмiн кеден органы кедендiк жүк декларациясын қабылдаған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiмге өзгерте отырып, тауарларды кедендiк ресiмдеуге негiздеме болып табылады.
Рұқсат алу үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеушiнің тiркелген жерi бойынша салық органының оның өндiрiстiк қуаттары мен үй-жайларының бар-жоғы жөнiндегi қорытындысы табыс етiледi.
5-1. Өнеркәсіптік ұқсатуға арналған импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту туралы шешімді салық органдары салық төлеушіден өтініш пен осы бапта белгіленген растау құжаттары алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
6. Төлеу мерзiмдерi осы бапқа сәйкес өзгертiлген салық сомаларын өтеудi үш айлық кезең iшiнде салық органдары өткiзiлген тауарларға қатысты қосылған құн салығы бойынша бюджетпен өзара есепке жатқызу әдiсiмен жүргiзедi.
Өтелмеген берешектiң сомасына аталған үш айлық кезең аяқталғаннан кейiнгi бiрiншi күннен бастап өсiмпұл есептеледi.
7. Тауарларды өнеркәсiптiк ұқсатусыз өткiзген жағдайда, қосылған құн салығы осы Кодекстiң 244-бабына сәйкес белгiленген тәртiппен өсiмпұл салына отырып есептеледi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 250-бап өзгертілді
250-бап. Импортталатын тауарларға арналған қосылған құн салығын есепке жатқызу әдiсiмен төлеу
1. Қосылған құн салығы осы бапта мынадай тауарлардың:
1) жабдықтың;
2) ауылшаруашылық техникасының;
3) автомобиль көлігінің жылжымалы жүк құрамының;
4) өзінің өндірістік мұқтажы үшін әкелінетін қосалқы бөлшектердің импорты бойынша белгіленген тәртіппен есепке жатқызу әдісімен төленеді.
Аталған тауарлар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Қосылған құн салығын төлеушi кеден органына қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлiктiң көшiрмесiн, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша декларацияда осы баптың 1-тармағында аталған тауарлардың импорты бойынша төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасын көрсету жөнiндегi мiндеттеменi табыс етедi.
Мiндеттеме уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда екi дана етiп толтырылады.
Мiндеттеме негiзiнде тауарларды еркiн айналысқа шығару - белгiленген тәртiппен кеден төлемдерiн, ал акцизделетiн тауарлар бойынша акциздердi де төлеген жағдайда, қосылған құн салығы iс жүзiнде төленбей жүргiзiледi.
3. Мiндеттемеде көрсетiлген қосылған құн салығының сомасы қосылған құн салығы жөнiндегi декларацияда осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес бiр мезгiлде есепке жатқызыла отырып, салықтың есептелген сомасы ретiнде көрсетiледi.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған тауарларды одан әрi пайдалануға осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығы салынуға тиiс.
41-тарау. Қосылған құн салығы бойынша
бюджетпен өзара қатынас
251-бап. Есепке жатқызылған салық сомасы салық кезеңi iшiнде есептелген салық сомасынан асып кеткен жағдайларда бюджетпен өзара қатынас
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, есепке жатқызылған салық сомасының салық кезеңi iшiнде есептелген салық сомасынан асып кетуi қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдердiң есебiне жатқызылады.
2. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша осы баптың 1-тармағында аталған асып кету сомасы, егер де мына шарттар орындалатын болса:
1) қосылған құн салығын төлеушi нөлдiк ставка бойынша салық салынатын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) тұрақты өткiзудi жүзеге асырып отырса;
2) қайтарып алуға өтiнiш берген айдың алдындағы тоқсан iшiнде нөлдiк ставка бойынша салық салынатын өткiзу жөнiндегi айналым өткiзу бойынша жалпы салық салынатын айналымның кемiнде 70 процентi болса, қосылған құн салығын төлеушiге осы Кодекстің 252-бабында белгiленген тәртiппен қайтарылады.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар орындалмаған жағдайда, асып кеткен сома қосылған құн салығын төлеушiге оның өткен салық кезеңдерi үшiн қосылған құн салығы бойынша мiндеттемелерiн есепке ала отырып, нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымының мақсаттары үшiн пайдаланылған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша есепке жатқызылған салық сомасы бөлiгiнде қайтарылады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес қайтарылуға тиiс қосылған құн салығының сомасын анықтау кезiнде салық төлеушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ашылған банк шоттарына валюталық түсiм түсiрген тауарлардың экспорты есепке алынады.
5. Егер нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдары бар қосылған құн салығын төлеушi қосылған құн салығының сомасын қайтару туралы салық органына өтiнiш жасамаса, онда осы баптың 2-тармағында аталған асып кету сомасы есептi салық кезеңiнен кейiнгi салық кезеңiнде қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылады.
6. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталған жағдайлардан басқа мынадай жағдайларда:
1) грант қаражаттары есебiнен алынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) берушiлерге осы Кодекстiң 253-бабында көзделген тәртiппен төленген;
2) дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер шетелдiк дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге ресми пайдалануға, сондай-ақ осы өкiлдiктердiң дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық қызметкерлерiне, олармен бiрге тұратын отбасыларының мүшелерiн қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулердi) берушiлерге осы Кодекстiң 254-бабында көзделген жағдайларда төлеген қосылған құн салығы;
3) бюджетке артық төленген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 39 және 40-баптарында белгiленген тәртiппен қайтарылуға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 252-бап өзгертілді
252-бап. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар
бойынша қосылған құн салығын қайтару
1. Нөлдiк ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша қосылған құн салығын қайтару салық органы қосылған құн салығын төлеушiнiң уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша салықты қайтару туралы өтiнiшiн алған кезден бастап алпыс жұмыс күнi iшiнде және:
1) салық кезеңi iшiндегi қосылған құн салығы жөнiндегi декларация;
2) осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес тауарларды (жұмыстар, қызмет көрсетулер) экспорттың растау үшiн қажет құжаттар
3) салық органы жүргiзген салық тексеру актiсiне сәйкес қайтаруға ұсынылған салық сомасының дұрыстығын растау негiзiнде жүргiзiледi.
2. Қосылған құн салығын қайтару:
1) қосылған құн салығын осы салықты төлеушiнiң басқа салықтар бойынша салық берешегiн өтеу есебiне есепке жатқызу;
2) тауарлардың импорты кезiнде төленуге тиiс қосылған құн салығының есебiне есепке жатқызу;
3) осы Кодекстiң 221-бабына сәйкес төленуге тиiс қосылған құн салығының есебiне есепке жатқызу;
4) қосылған құн салығын төлеушiнiң банк шотына ақша аудару арқылы жүргiзiледi.
Осы тармаққа сәйкес қосылған құн салығын қайтару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
3. Қосылған құн салығын төлеушiнің банк шотына қосылған құн салығын қайтару оның басқа салықтар бойынша мемлекеттiк бюджетке салық берешегi болмаған кезде жүргiзiледi.
Басқа салықтар бойынша салық берешегi болған жағдайда, бюджеттен қайтарылуға тиiстi салық сомасы осы берешектi өтеуге жатқызылады.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде қосылған құн салығын төлеушiнің берушiлерi қарсы салық тексеруiн өткiзу барысында анықталған бұзушылықтарды жоймаса, мұндай қосылған құн салығын төлеушiлерге салықты қайтару бұзушылықтар анықталмаған не бұзушылықтар жойылған сомалар шегiнде жасалады.
Осы бапқа сәйкес расталған, бірақ белгіленген мерзімдерде қайтарылмаған қосылған құн салығының сомасына бұзылған қайтару мерзімінің әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландыру ставкасының 2 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау үшiн берушiге тексеру тағайындау туралы шешiм уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен, мынадай жағдайлар:
1) бұл салық төлеушiнің қосылған құн салығын қайтаруға өтiнiш беру кезiнiң алдындағы он екi ай кезеңi ішінде аталған салық төлеушiге айына кемінде бiр рет талаптар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзудi жүзеге асырған өнiм берушiлерге , сондай-ақ электр және жылу энергиясын, суды, газды, байланыс қызметін жеткізушілерге қарсы тексеру жасалмайтыны;
2) қосылған құн салығы 1 миллион теңгеден астам сомаға көрсетiлiп шот-фактура жазған берушiлер (жоғарыда аталғандарды қоспағанда) мiндеттi тексеруге жататыны ескерiле отырып қабылданады.
5. Осы бапта көзделген қосылған құн салығы:
1) шағын бизнес субъектiлерi;
2) шаруа (фермер) қожалықтары;
3) ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғалар үшiн белгiленген арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушiлерге қайтарылмайды.
253-бап. Грант қаражаттары есебiнен сатып алынатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) бойынша төленген қосылған құн салығын қайтару
1. Грант қаражаттары есебiнен алынатын тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерге төленген қосылған құн салығын, егер бiр мезгiлде мынадай шарттар сақталса:
1) тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) алынатын грант қаражаттары мемлекеттер, мемлекеттер үкiметтерi, халықаралық ұйымдар желiсi бойынша берiлсе;
2) тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тек грант мақсаттарын iске асыру үшiн ғана алынса;
3) тауарларды өткiзу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету грант алушымен не грант мақсаттарын жүзеге асыру үшiн грант алушы тағайындаған орындаушымен жасалған шартқа (келiсiм-шартқа) сәйкес жүзеге асырылса, салық органдары отыз жұмыс күнi ішiнде қайтарады.
2. Осы бапқа сәйкес грант алушыларға қосылған құн салығын қайтару осы Кодекстің 252-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген тәртiппен, қосылған құн салығы грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жүргiзiледi. Қосылған құн салығының грант қаражаттары есебiнен төленгенiн растайтын құжаттардың тiзбесiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
254-бап. Қосылған құн салығын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару
1. Осы Кодекстің 251-бабы 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген қосылған құн салығын қайтару Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда мұндай қайтару көзделген жағдайда жүргiзiледi.
2. Қосылған құн салығы сомаларын Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге қайтару осы дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жасаған жиынтық ведомостардың (тiзiлiмдердiң) және қосылған құн салығының төленген фактiсiн растайтын құжаттардың (шот-фактуралардың, чектердiң және т.б.) көшiрмелерi негiзiнде жүзеге асырылады.
Жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда орындалып, дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктер жанама салықтар (қосылған құн салығы және акциз) бойынша жеңілдiктер беру кезiнде өзара түсiнiстiк принципiн сақтау жөнiндегi Ноталармен алмасуды растау үшiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне табыс етедi. Расталғаннан кейiн жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) уәкiлеттi мемлекеттiк орган қайтару жүргiзудi белгiлейтiн салық органына тапсырылуға тиiс.
Егер жиынтық ведомостарға (тiзiлiмдерге) қоса тiркелетiн құжаттарда қосылған құн салығының сомалары жеке жолмен бөлiнiп көрсетiлмесе, салық бойынша қайтарымды алу құқығы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) берушiлерден олардың қосылған құн салығын шот-фактураға енгiзуi туралы растауы алынған кезде ғана мүмкiн болады.
3. Салық органдары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерге салықты қайтаруды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнен жиынтық ведомостар (тiзiлiмдер) алғаннан кейiн отыз жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
Бюджеттен қайтарылуға тиiс салық сомалары дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң тиiстi шотына аударылады.
9-бөлім. Акциздер
42-тарау. Жалпы ережелер
255-бап. Акциздердi қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға, сондай-ақ тiзбесi осы Кодекстiң 257-бабында анықталған қызмет түрлерiне акциз салынады.
256-бап. Төлеушiлер
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарлар шығаратын;
2) акцизделген тауарларды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына импорттайтын;
3) Қазақстан Республикасының аумағында бензиннiң (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынының көтерме, бөлшек саудасын жүзеге асыратын;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасының аумағында аталған тауарлар бойынша акциз төленбесе, тәркiленген, иесi жоқ акцизделетiн тауарларды, сондай-ақ мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетiн тауарларды өткiзудi жүзеге асыратын;
5) Қазақстан Республикасының аумағында қызметтiң акцизделетiн түрлерiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар акциз төлеушiлер болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, резидент емес заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлiмшелерi де акциз төлеушiлер болып табылады.
257-бап. Акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерiнiң тiзбесi
1. Мыналар:
1) спирттің барлық түрлерi;
2) алкоголь өнiмi;
3) темекi бұйымдары;
4) құрамында темекi бар басқа бұйымдар;
5) бекiре және қызыл балық уылдырығы;
6) алтыннан, платинадан немесе күмiстен жасалған зергерлiк бұйымдар;
7) бензин (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отыны;
8) жеңiл автомобильдер (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын автомобильдерден басқа);
9) атыс және газ қарулары (мемлекеттiк билiк органдарының қажеттiлiктерi үшiн алынғандардан басқа);
10) газ конденсатын қоса алғанда, шикi мұнай акцизделетiн тауарлар болып табылады.
2. Қызметтің акцизделетiн түрлерi мыналар болып табылады:
1) ойын бизнесi;
2) лотереяны ұйымдастыру мен өткiзу.
258-бап. Акциз ставкалары
1. Акциз ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және тауар құнына процентпен (адвалорлық) және (немесе) заттай нысандағы өлшем бiрлiгiне абсолюттiк сомада (тұрлаулы) белгiленедi.
2. Алкоголь өнiмiне акциздер ставкасы осы баптың 1-тармағына сәйкес не онда су араластырылмаған (жүз проценттiк) спирттiң болу көлемiне байланысты бекiтiледi.
3. Спирттiң барлық түрлерiне акциз ставкалары спирттiң бұдан әрi пайдаланылу мақсаттарына қарай сараланады.
Алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн өткiзілетiн спиртке акциз ставкасы алкоголь өнiмдерiн өндiру үшiн пайдаланбайтын адамдарға өткiзiлетiн спиртке белгiленетiн базалық ставкадан төмен белгiленуi мүмкiн.
4. Ойын бизнесi объектілерiне акциздiң базалық ставкасының ең жоғары және ең төмен шектерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бiр жылға есептеп белгiлейдi.
Жергiлiктi өкiлдi органдар ойын бизнесi объектiлерiне белгiленген базалық ставкалар шегiнде қызметiн бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жүзеге асыратын барлық салық төлеушiлер үшiн бiрыңғай акциз ставкасын белгiлейдi.
43-тарау. Қазақстан Республикасында өндірілетін,
өткізілетін акцизделетін тауарларға және
акцизделетін қызмет түрлеріне салық салу
259-бап. Салық салу объектiсi
1. Мыналар:
1) акциз төлеушiнiң өзi жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған акцизделетiн тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялары:
акцизделетiн тауарларды өткiзуi;
акцизделетiн тауарларды алыс-берiс негiзiнде ұқсатуға беруi;
алыс-берiс, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды ұқсату өнiмдерi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беруi;
жарғылық капиталға жарнасы;
заттай ақы төлеген кезде акцизделетiн тауарларды пайдалануы;
тауар өндiрушiнiң акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне тиеп жөнелтуi;
тауар өндiрушiлердің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйылған тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждарына пайдалануы;
2) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзуi;
3) бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзуi;
4) тәркiленген және (немесе) иесi жоқ, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделген тауарларды өткiзуi;
5) ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруы;
6) лотереяларды ұйымдастыруы және өткiзуi;
7) акцизделетiн тауарлардың, акциз алымы маркаларының бүлiнуi, жоғалуы акциз алынатын объект болып табылады.
2. Мыналарға:
1) егер осы Кодекстiң 268-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспортына;
2) этил спиртiн өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн квоталар шегiндегi этил спиртi:
тауар өндiрушiде аталған өнiмдi өндiру құқығына Қазақстан Республикасының лицензиясы бар болған жағдайда емдiк және фармацевтiк дәрi-дәрмек әзiрлеу үшiн;
мемлекеттiк медицина мекемелерiне босатылса;
3) тұтынушының сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дәрiлiк құрал ретiнде тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы (бальзамнан басқа) өнiмге акциз салынбауға тиiс.
260-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетiн тауарларды сатып алушыға тиеп жөнелту (беру) күнi операция жасалған күн болып табылады.
2. Тауар өндiрушi өзi өндiрген акцизделетiн тауарларды өзiнiң құрылымдық бөлiмшелер желiсi арқылы өткiзген жағдайда тауарларды құрылымдық бөлiмшелерге тиеп жөнелткен күн операция жасалған күн болып табылады.
3. Акцизделетiн алыс-берiс тауарларын беру кезiнде аталған тауарларды мердiгерге (ұқсатушыға) берген күн операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-берiс тауарларынан акцизделетiн тауарлар әзiрленген кезде әзiрленген акцизделетiн тауарларды тапсырыс берушiге немесе тапсырыс берушi көрсеткен тұлғаға берген күн операция жасалған күн болып табылады.