49. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi қабылдаған орган таратылған, қайта ұйымдастырылған немесе қайта құрылған жағдайда оның кесiмдерiнiң күшi жойылды деп тану, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәселелердi оның құқықтық мұрагерi немесе жоғары тұрған орган шешедi.
6. Yкiмет енгiзетiн Президент кесiмдерiнiң
жобаларын дайындау
50. Үкiмет енгiзетiн Президент кесiмдерiнiң жобаларын дайындауды қолданыстағы заңнамаға және осы Регламентке сәйкес тиiстi орган жүзеге асырады.
Президент кесiмдерiнiң жобалары Президент Әкiмшiлiгiне Үкiмет қаулыларымен не Премьер-Министрдiң немесе оны алмастырушы адамның хаттарымен енгiзiледi. Бұл ретте, әдетте, Президент Әкiмшiлiгi бұрын жетiлдiру үшiн қайтарған жобалар хаттармен қайта енгiзіледi.
Президент кесiмдерiнiң жобаларын келiсу кесiм жобасы мәтiндерiнiң (мемлекеттiк және орыс тілдерiндегi) түпнұсқаларына қол қойып (бұрыштама қою) және/немесе оның келiсу парағына бұрыштама қойып бекiтуден тұрады.
51. Үкiмет Президент Әкiмшiлiгiне енгiзетiн, мемлекеттік және орыс тілдерiнде дайындалған Президент кесiмдерiнiң жобалары мыналарды қамтуға тиiс:
1) белгіленген тәртiппен Үкiмет мөрiмен куәландырылған Президент кесiмiнiң жобасын енгiзу туралы Үкiмет қаулысының көшiрмесi немесе Премьер-Министрдiң не оны алмастырушы адамның Президентке жолданған хатының түпнұсқасы;
2) Премьер-Министр немесе оны алмастырушы адам, Кеңсе Басшысы, Әдiлет министрi және жобаны әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысы бұрыштама қойған тиiстi бланкідегi Президент кесiмiнiң жобасы. Жобаны әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысы немесе оның мiндетiн атқарушы адам Президент кесiмiнiң жобасы мен оған қосымшалардың әр парағына алдын ала қол қоюы тиiс. Басқа да келiсушi органдардың басшылары жобаның келiсу парағына бұрыштама қояды. Премьер-Министр немесе оны алмастырушы адам және Кеңсе Басшысы бұрыштама қойған тиiстi бланкідегi Президент кесiмiнiң жобасына, егер Кеңсенiң жобаны бланкiге көшiруi кезiнде оған елеулi өзгерiстер енгiзілмесе, әзiрлеушi орган басшысы мен Әдiлет министрiнiң бұрыштамасы бар жай қағаз парағында ұсынылған, Үкiметке енгiзiлген Президент кесiмiнiң жобасын қоса беруге рұқсат етiледi. Мұндай жағдайда Кеңседегi жобаның өтуiне жауапты құрылымдық бөлiмшенiң басшысы Президент кесiмiнiң жобасы мен оған қосымшалардың әр парағына алдын ала қол қоюы тиiс;
3) Премьер-Министр немесе оны алмастырушы адам қол қойған, көлемi 3 парақтан, ал күрделi мәселелер бойынша - 5 парақтан аспайтын түсiндiрме жазба, онда мәселенiң мәнi мен Президент кесiмiн қабылдау қажеттiгiнiң, оның iшiнде қаржы-экономикалық негiздемесi, осы мәселе бойынша бұрын қабылданған Президент кесiмдерiнiң тiзбесi және олардың орындалуы туралы ақпарат, осы жобаны қабылдаудан күтiлетiн салдарлардың болжамы жазылады;
4) егер Президент кесiмiнiң енгiзiлетiн жобасымен Президенттiң қолданыстағы кесiмдерiне өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзу көзделетiн болса, әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысының не оның мiндетiн атқарушы адамның әр парағына алдын ала қолы қойылған Президент кесiмiнiң бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесi;
5) Президент Әкiмшiлiгi белгiлеген нысан бойынша жасалған Президент кесiмiнiң жобасын келiсу парағы;
6) өзге де қажеттi материалдар.
52. Премьер-Министр немесе оны алмастырушы адам не Кеңсе Басшысы Үкiметке тапсырмалар қамтылатын Президент кесiмi күшiне енген күнiнен бастап 3 жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде осы тапсырмалардың орындалуы үшiн жауапкершiлiк жүктелетiн лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарды айқындайды.
7. Yкiметтiң заң шығару қызметi
53. Үкiметтiң заң шығару қызметi Үкiметтiң Заң жобалау жұмыстарының жоспарына (бұдан әрi - Жоспар) сәйкес жүзеге асырылады.
54. Үкiметтiң заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларын қалыптастыру Президенттiң тапсырмалары, Үкiметтiң Бағдарламасы, мемлекеттiк бағдарламалар және Үкiмет бекiтетiн бағдарламалар, мемлекеттiк бағдарламаларды iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарлары, сондай-ақ Премьер-Министрдiң шешiмдерi ескерiле отырып жүзеге асырылады.
Жоспар заң жобаларының, соның iшiнде заң жобаларын әзiрлеушi мемлекеттiк органдарды, нақты заң жобаларын Әдiлет министрлiгiне, Үкiметке және Қазақстан Республикасының Парламентiне (бұдан әрi - Парламент) енгiзу мерзiмдерiн, сондай-ақ заң жобаларын әзiрлеу мен енгiзу үшiн жауапты лауазымды адамдарды көрсете отырып, қолданыстағы заңнамалық кесiмдерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi көздейтiн заң жобаларының тiзбесiн білдiредi.
55. Алдағы жылға арналған Жоспардың жобасын Әдiлет министрлiгi мемлекеттiк органдар мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Заң жобалау қызметi мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi Ведомствоаралық комиссия) ұсыныстарының негiзiнде қалыптастырады және жыл сайын 1 қарашаға дейiн Yкiмет қаулыларының жобаларын енгiзу үшiн белгiленген тәртiппен Үкiметке ұсынады. Бұл ретте Әдiлет министрлiгi Жоспардың жобасына енгiзiлген әрбiр заң жобасын әзiрлеу қажеттiгiнiң негiздемесiн қамтитын анықтаманы Жоспардың жобасына қоса бередi.
Жоспарға қандай да бiр заң жобасын енгiзу үшiн - Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысының, ал халықаралық ұйымдарға кiру және олардан шығу, халықаралық шарттарға қосылу мәселелерi бойынша заң жобаларын Жоспарға енгiзу қажет болған жағдайда - Сарапшылық кеңестiң қорытындысының болуы мiндеттi шарт болып табылады.
56. Жоспарды Президентпен келiсу Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентiмен және Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне Үкiмет енгiзетiн заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсу ережелерiн бекiту туралы" 2002 жылғы 17 мамырдағы N 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
57. Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзiмдерiн ауыстыру туралы, сондай-ақ заң жобаларын ағымдағы жылдың Жоспарынан алып тастау немесе оған толықтыру енгiзу туралы мәселелер заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша алдын ала Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады. Мемлекеттiк орган Жоспарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Yкiмет қаулысының жобасын енгiзген кезде түсiндiрме жазбада мiндеттi түрде Ведомствоаралық комиссияның осы мәселе жөнiндегi негіздемесі мен шешiмi көрсетiледi.
Ведомствоаралық комиссиямен мемлекеттiк және Yкiметтiң өзге де бағдарламалары, тұжырымдамалары, iс-шаралары жобаларының нормалары (ережелерi) заң жобаларын қамтамасыз ету бөлiгiнде келiсiледi.
Мемлекеттiк және өзге де бағдарламаларға қоғамдық қатынастарды заңнамалық реттеудiң жаңа тетiктерiн енгiзу перспективалық Жоспарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзумен қатар жүргiзiлуге тиiс.
58. Перспективалы және ағымдағы Жоспарлардың орындалуын жалпы бақылауды Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.
Әдiлет министрлiгi ай сайын Yкiметтiң заң жобалау қызметiнiң барысын қорытады және есептіден кейiнгi айдың 1-күнiне ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есептi, оның iшiнде жоспарланған заң жобаларының мемлекеттiк органдар мен Парламентте өтуi туралы ақпаратты ұсынады.
Жоспарланған заң жобаларын әзiрлеу мерзiмдерi бұзылған кезде Кеңсе Әдiлет министрлiгi ақпаратының негiзiнде Премьер-Министрге заң жобаларын әзiрлеу мерзiмдерiнiң бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы ұсыныстар енгiзуi мүмкiн.
59. Жоспардан тыс заң жобалары - Ведомствоаралық комиссиямен, ал халықаралық ұйымдарға кiру және олардан шығу, халықаралық шарттарға қосылу мәселелерi бойынша - Сарапшылық кеңеспен алдын ала келiсiлуге тиiс, олардың оң қорытындылары заң жобаларын белгiленген тәртiппен Үкiметке енгiзу үшiн негiз болады.
60. Заң жобаларын әзiрлеудiң және ұсынудың сапасы, уақтылылығы үшiн Жоспарда көрсетiлген лауазымды адамдар жеке жауапкершiлiкте болады.
61. Жоспардың негiзiнде заңдардың жобаларын әзiрлеушi мемлекеттiк органдар белгiленген мерзiмдерде заң жобаларын Кеңсеге осы заң жобаларын Парламенттiң Мәжiлiсiне енгiзу туралы Үкiмет қаулыларының жобаларымен бiрге енгiзедi.
Көрсетiлген жобаларды ресiмдеудi дайындау, келiсу, дауыс беру және енгiзу, сондай-ақ олар бойынша келiспеушiлiктердi қарау тәртiбi "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң Регламентiнде және осы Регламентте көзделген ерекшелiктерiмен бiрге Үкiмет қаулыларының жобаларын енгiзу үшiн белгiленген тәртiпке ұқсас.
Үкiметтiң Парламенттiң қарауына енгiзетiн заң жобалары бойынша "Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысымен бекiтiлген Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу ережесiне сәйкес заң жобасымен реттелетiн құқықтық қатынастарға қарай тиiстi ғылыми (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және басқа да) сараптама жүргiзу мiндеттi. Бұл ретте оларды қабылдаудан күтiлетiн салдарлар экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер тудыруы мүмкiн заңнамалық кесiмдер жобалары мiндеттi экологиялық сараптамадан өтуi тиiс. Заң жобасын әзiрлеушi оны мүдделi мемлекеттiк органдармен келiскенге дейiн жобаға тиiстi сараптама жүргiзудi қамтамасыз етедi, оның нәтижелерi бойынша қорытынды мiндеттi түрде Кеңсеге заң жобасының басқа да материалдарымен бiрге мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұсынылады.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 62-тармақ өзгертілді
62. Үкiметтiң Парламент Мәжiлiсiне енгiзетiн заңдарының жобаларын Президент Әкiмшiлiгiмен келiсу Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заң жобалары жұмыстарының жоспарларын Қазақстан Республикасының Президентiмен және Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне Үкiмет енгiзетiн заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгімен келiсу ережелерiн бекiту туралы" 2002 жылғы 17 мамырдағы N 873 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылады.
Президент Әкiмшiлiгiмен:
1) Парламентте қаралуы Президент атынан шұғыл немесе басымдықты болып жоспарланатын заң жобалары. Президенттiң, соның iшiнде Үкiметтiң бастамасы бойынша заң жобаларын шұғыл немесе басым деп жариялау Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 29 сәуiрдегi N 1074 Жарлығымен бекiтiлген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесiне сәйкес жүзеге асырылады;
2) Yкiмет Президенттiң тапсырмасы бойынша әзiрлеген және Парламент Мәжiлiсiне енгiзуi тиiс заң жобалары;
3) конституциялық заңдардың, кодекстердiң жобалары, сондай-ақ қолданыстағы конституциялық заңдар мен кодекстердi өзгертуге және толықтыруға бағытталған заң жобалары;
4) жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды және жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды, елiмiздiң саяси және сайлау жүйелерiн жетiлдiруге бағытталған заң жобалары;
5) қорғаныс және ұлттық қауiпсiздiк саласындағы құқықтық қатынастарды регламенттейтiн заң жобалары мiндеттi түрде алдын ала келiсiлуге тиiс.
Президент Әкiмшiлiгiнiң онымен келiсiлетiн заң жобалары бойынша ескертулерi толық ескерiлмейтiн жағдайда, Кеңсе бұл туралы Президент Әкiмшiлiгiн хабардар етедi.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 62-1-тармақпен толықтырылды
62-1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы жолдауымен басым деп белгiленген заң жобаларын (бұдан әрi басым заң жобалары) әзiрлеушi мемлекеттiк органдар осы Регламентке сәйкес келiсiлген заң жобаларын заң жобасы басым деп белгiленген күннен бастап 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей Кеңсеге енгiзуi тиiс. Бұл ретте басым заң жобаларын мемлекеттiк органдармен келiсудің мерзiмдерi олардың түскен күнiнен бастап 5 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiлгеннен кейiн Үкiмет басым заң жобаларын 10 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде Парламент Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзедi.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 62-2-тармақпен толықтырылды
62-2. Шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттiк органдар осы Регламентке сәйкес келiсiлген заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 29 сәуiрдегi N 1074
Жарлығымен бекiтiлген Заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеу, сондай-ақ заң жобасының қаралуын шұғыл деп жариялау ережесiнiң 1-тармағына сәйкес Үкіметке немесе тиiстi мемлекеттiк органға хабарлама келiп түскеннен кейiн 10 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей Кеңсеге енгiзуi тиiс. Бұл ретте шұғыл деп жариялау жоспарланған заң жобаларын мемлекеттiк органдармен келiсудің мерзiмдерi олардың түскен күнiнен бастап 3 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгiмен келiсiлгеннен кейiн Үкiмет шұғыл деп жариялау жоспарланған басым заң жобасын 7 күнтiзбелiк күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде Парламент Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзедi.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 62-3-тармақпен толықтырылды
62-3. Қазақстан Республикасының Президентi шұғыл деп жариялаған заң жобасы Парламентте Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы жолдауы жария етiлгеннен немесе осы жолдау Қазақстан Республикасының Парламентіне жолданғаннан кейiн келесi күннен кешiктiрiлмей Парламент Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзіледi.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 63-тармақ өзгертілді
63. Кеңседе басым заң жобалары мен шұғыл деп жариялау жоспарланған, Кеңседе өту мерзiмдерi 10 күнтiзбелiк күннен (жобаның тiркелген күнiнен бастап қол қойылған құжатты шығаруға тапсырғанға дейiн) аспауға тиiс заң жобаларынан басқа, заң жобаларын сараптау және олар бойынша қорытындылар дайындау Кеңседе тiркелген күнiнен бастап 10 жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде жүзеге асырылады. Осы Регламентте көзделген негiздемелер бойынша Кеңсе заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органға заң жобаларын жетiлдiру үшiн қайтаруы мүмкiн.
64. Кеңсеге заң жобасы бойынша енгiзiлетiн материалдар мемлекеттiк және орыс тілдерiнде дайындалған:
1) заң жобасын, ал қажет болған кезде қолданыстағы заңнамалық кесiмдерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзу туралы не негiзгi жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық кесiмдердiң күшi жойылды деп тану туралы заңдардың жобаларын және заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы әрбiр бетiне алдын ала қол қойған, Үкiмет қаулылары үшiн осы Регламентте белгiленген тәртiппен келiсiлген (бұрыштама соғылған) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжiлiсiне енгiзу туралы Үкiмет қаулысының жобасын;
2) осы Регламенттiң 26-тармағының талаптарына сәйкес дайындалған Yкiмет қаулысының жобасына түсiндiрме жазбаны;
3) заң жобасының мақсаттарының, мiндеттерi мен негiзгi ережелерiнiң өрiстетілген сипаттамасы, қажет болған кезде заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы әрбiр парағына алдын ала қол қойған қаржы-экономикалық есептердi және статистикалық деректердi қоса бере отырып, жобаны қабылдаудың ықтимал салдарының болжамы бар жобаны қабылдау қажеттiгiнiң негiздемесi мен заң жобасына (заң жобаларына) түсiндiрме жазбаның (жазбалардың) жобасын;
4) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсу парағын (парақтарын);
5) заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелерi бойынша қорытындыны (қорытындыларды);
6) заң жобасын (заң жобаларын) әзiрлеушi мемлекеттік органның бiрiншi басшысы қол қойған iлеспе хатты қамтиды, бұл ретте Yкiмет қаулысының әрбiр жобасы жеке iлеспе хатпен енгiзiледi;
7) қолданыстағы заңнамалық кесiмдерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi көздейтiн заң жобасына заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы әрбiр парағына алдын ала қол қойған және қолданыстағы заңнамалық кесiмнiң бұрынғы және жаңа редакциядағы қол қойылған салыстырма кестесi қоса берiледi;
8) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды бекiтуге Парламентке енгiзу туралы заң жобасына Сыртқы iстер министрлiгi куәландырған, мемлекеттiк, орыс және оларға қол қойылған өзге де тiлдердегi бекiтуге енгiзілетiн құжаттардың көшiрмелерi қоса берiледi;
9) белгiленген нысандағы анықтама парақты қамтиды.
Кеңсеге енгiзілген, олар бойынша мемлекеттiк органдардың ескертулерi бар заң жобалары осы мәселелерге жетекшілiк ететiн Премьер-Министрдiң орынбасарында өтетiн мәжiлiсте мiндеттi түрде қаралады, оның нәтижелерi хаттамамен ресiмделедi. Талқыланатын мәселе бойынша мәжiлiстерде келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда Премьер-Министрдiң орынбасары заң жобасы бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн бұл туралы Премьер-Министрдi хабардар етедi.
ҚР Үкіметінің 01.07.03 ж. N 635 қаулысымен 64-1-тармақпен толықтырылды
64-1. Заң жобаларын әзiрлеушi мемлекеттiк органдар оларды Yкіметке енгiзу кезiнде нақты заң жобасын қарауды басым деп белгiлеу немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялау туралы ұсынысты бiр мезгiлде енгiзуге құқылы. Бұл ретте заң жобасына түсiндiрме жазба, соның iшiнде оны басым деп белгiлеу немесе шұғыл деп жариялау қажеттiлiгiнiң негiздемесiн қамтуы тиiс.
Үкiмет оның әзiрлеп жатқан заң жобаларына қатысты Президентке нақты заң жобасын басым деп белгiлеу немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялау туралы ұсыныс енгiзедi. Бұл ретте Yкiметтiң ұсынысына тиiстi заң жобасы мен Парламенттiң заң жобасын қарауын басым деп белгiлеу немесе оның қаралуын шұғыл деп жариялау қажеттілігінiң негiздемесi бар және заң жобасының нақты мақсаттары мен оның шешетiн мiндеттерiн ашатын түсiндiрме жазба қоса берiлуге тиiс.
65. Кеңседе заң жобасы бойынша сараптама жүргiзiлгеннен және қорытынды дайындалғаннан, сондай-ақ ол Премьер-Министрдiң орынбасарларымен келiсiлгеннен кейiн Үкiмет қабылдайтын шешiмдердiң заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасы, әдетте, Үкiметтiң кезектi мәжiлiсiнiң қарауына шығарылады. Үкiмет мәжiлiстерiнiң арасында нақты заң жобасын Парламентке шұғыл енгiзу қажет болған жекелеген жағдайларда, ол Yкiметтiң мәжiлiсiне шығарылмай, Кеңсе осы Регламенттiң 34-тармағында көзделген тәртiппен Үкiмет мүшелерiне дауыс беруге жiбередi.
66. Yкiметтiң бастамашылығы бойынша Парламент Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлетiн заң жобаларының түпнұсқаларына мiндеттi түрде: заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк органның басшысы, Әдiлет министрi, Кеңсе Басшысы, Премьер-Министрдiң, оның орынбасарлары мен Кеңсе Басшысының арасындағы мiндеттердi бөлуге сәйкес Премьер-Министрдiң заң жобасында қаралатын мәселелерге жауап беретiн тиiстi орынбасары және Премьер-Министр не оның мiндетiн атқарушы адам бұрыштама қояды. Үкiмет бланкiсiне шығарылған заң жобасына түсiндiрме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама қояды және Премьер-Министр не оның мiндетiн атқарушы адам қол қояды.
67. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобалары, оның iшiнде мемлекеттiк кiрiстердi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығыстарды арттыруды көздейтiн заң жобалары бойынша Үкiмет Парламентке мемлекеттiк және орыс тілдерiнде қорытынды ұсынады.
Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкiметке келiп түскен заңнамалық кесiмдердiң жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиiс. Ведомствоаралық комиссия заң жобасы Кеңседе тiркелген күнiнен бастап 15 күн мерзiмде не Премьер-Министрдiң немесе оның орынбасарының тапсырмасында белгiленген одағы қысқа мерзiмде депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасын оң не өзгеше бағалау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi.
Қорытындының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетiн қатынастар құзыретiне енетiн мемлекеттiк орган әзiрлейдi. Қорытындының жобасы форматы A4 жай парақта дайындалады және мiндеттi түрде Әдiлет, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктерiмен келiсiледi (олардың басшылары бұрыштама қояды). Қажет болған кезде әзiрлеушi қорытындының жобасына мемлекеттiк кiрiстердi қысқарту немесе мемлекеттiк шығыстарды арттыру бөлiгiндегi қаржы-экономикалық есептердi қоса бередi. Қорытындының дайындалуына жауапты мемлекеттiк орган, егер Премьер-Министрдiң немесе оның орынбасарының тапсырмасында өзге мерзiм белгiленбесе, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы Кеңседе тiркелген күнiнен бастап 25 күн мерзiмнен кешiктiрмей Кеңсеге оның келiсiлген жобасын, оның iшiнде магниттiк жеткiзгiшпен енгiзуге тиiс.
68. Қорытынды жобасын Кеңседе сараптаудан кейiн оның түпкiлiктi нұсқасын Кеңсе Премьер-Министрдiң немесе оны алмастырушы адамның қолымен Үкімет бланкiсiне шығарып ресiмдейдi. Yкiмет қорытындысы оның ұжымдық заңды пiкiрiн бiлдiруi тиiстiгiне байланысты ол Үкiмет қаулысымен немесе оның мәжiлiсi хаттамасымен мақұлданғаннан не оған Үкiмет мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi бұрыштама қойғаннан кейiн ғана Парламентке жiберiлуi мүмкін.
69. Үкiмет енгiзген заңдардың жобаларын Парламентте ұсынушы өкiлеттi адамдардың оларды Парламенттiң қарауы кезiнде заңның тұжырымдамасына немесе оның құқықтық мазмұнын өзгертуге байланысты, сондай-ақ мемлекеттiк кірiстердi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығыстарды арттыруды көздейтiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге Үкiметтiң рұқсатынсыз келiсiм бiлдiруiне тыйым салынады. Бұл ретте Парламентте тиiстi заң жобаларын ұсынушы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары көрсетiлген өзгерiстер мен толықтырулар туралы Кеңсеге дереу жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Парламентте тиiстi заң жобаларын ұсынушы мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары Үкiметпен келiсусiз көрсетiлген өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзуге келiскенi үшiн жауапты болады.
Парламент депутаттары Үкiметпен келiсiлмеген көрсетiлген өзгерiстер мен толықтыруларды дауысқа салған жағдайда заңдардың жобаларын ұсынушы адамдар мәжілістiң стенограммасында өздерiнiң қарсылықтарын көрсетудi талап етуге және Кеңсеге осы өзгерiстер немесе толықтырулар туралы дереу хабарлауға мiндеттi. Yкiмет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент енгiзген тұжырымдамалық өзгерiстер мен толықтыруларды заң жобасын әзiрлеушi салыстырмалы кесте түрiнде қысқаша түйiнiмен Кеңсеге жiбередi, оларды Кеңсе осы өзгерiстер мен толықтырулар бойынша Үкiметтiң бiрыңғай ұстанымын анықтау үшiн Әдiлет, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктерiне, сондай-ақ басқа да мүдделi мемлекеттiк органдарға жiбередi.
70. Үкiмет енгiзген заңдардың жобаларын Парламентте ұсынушы өкiлеттi адамды (заң жобасы бойынша баяндама жасаушыны) ауыстыру қажет болған кезде Премьер-Министрдiң не оның қаралып отырған заң жобасы құзыретiне жататын орынбасарының қолымен Парламентке тиiстi хат жiберiледi.
71. Парламентте Үкiмет шешiмiнiң өтуiн бақылауды Үкiметтiң Парламенттегi Өкiлдiгi (бұдан әрi - Өкiлдiк) жүзеге асырады.
Өкiлдiк Премьер-Министрдi, оның орынбасарларын және Кеңсе Басшысын Үкiмет енгiзген заң жобаларының өтуi және Парламент қарайтын әрi Үкiметтiң қызметiне қатысы бар басқа да мәселелер туралы тұрақты түрде хабардар етiп отырады.
72. Үкiметтiң Парламенттен заң жобасын қайтарып алуы Үкiметтiң қаулысымен жүзеге асырылады, оның жобасын осы Регламентте белгiленген тәртiппен заң жобасын әзiрлеушi енгiзедi.
73. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолымен бекiтуге жiберiлетiн барлық заңдар бойынша заң жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк орган (немесе оның құзыретiнiң күшiне орай) Әдiлет, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктерiмен келiсiм бойынша заң қабылданған күннен бастап үш күн мерзiмде қорытынды жасалады және Кеңсеге жiберiледi, онда мынадай:
1) Yкiмет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезiнде депутаттар енгiзген өзгерiстер мен толықтырулар туралы;
2) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық кесiмдерге қайшылықтардың бар екендiгi туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары туралы;
3) заңды Премьер-Министрдiң қолымен бекiтудiң мүмкiндiгi туралы ақпарат айтылады. Осы тармақта көзделген рәсiмдердiң орындалуын бақылауды Кеңсе жүзеге асырады.
74. Жобаны әзiрлеушi мемлекеттiк орган (немесе оның құзыретiнiң күшiне орай) заңнамалық кесiм күшiне енген (қолданысқа енгiзiлген) күннен бастап 15 жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде Кеңсеге мыналарды:
1) қабылдануы осы заңнамалық кесiмге негiзделген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеу жөнiндегi жауапты орындаушы (жауапты орындаушылар) етiп мемлекеттiк органды (мемлекеттiк органдарды) белгiлеудi;
2) нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу мен енгiзудiң екi айдан аспауы тиiс және өкiмнiң жобасында қамтылатын өзге де тапсырмаларды орындаудың нақты мерзiмдерiн;
3) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың кесiмдерiн қабылдау және/немесе қабылданған заңнамалық кесiмге сәйкес келтiру туралы тапсырманы көздейтiн, белгiленген тәртiппен келiсiлген Премьер-Министр өкiмiнiң жобасын енгiзедi.
75. Бұған дейiн заңнамалық кесiммен реттелген қатынастар бойынша заң жобаларын әзiрлеу туралы ұсыныстар алдын ала Ведомствоаралық комиссияның отырысында, кейiннен Үкiметтiң мәжiлiсiнде қаралады.