Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 30 мамырдағы N 598 қаулысы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 4 қыркүйектегі N 898 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
2. Заң жобаларын әзiрлеушi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар көрсетiлген Ереженiң талаптарына сәйкес барлық заң жобасы бойынша ғылыми сараптама жүргiзудi қамтамасыз етсiн.
3. Орталық атқарушы және өзге де мүдделi мемлекеттiк органдар белгiленген тәртiппен:
2002 жылы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiмен бірлесiп 2002 жылға арналған республикалық бюджетте "Заң жобалау жұмыстары" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзудi қамтамасыз етсiн;
мемлекеттiк тiлде заң жобаларын дайындаудың жай-күйiн жақсартсын және тиiстi мәселелерге тiкелей жетекшiлiк ететiн лауазымды адамдардың жауапкершiлiгiн арттыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын;
2002 жылдың үшiншi тоқсаны iшiнде жоғары тұрған кесiмдердiң орындалуы үшiн қабылдануы тиiс қолда бар ведомстволық нормативтiк құқықтық кесiмдерге талдау жасасын және талдау нәтижелерi бойынша олардың уақытында қабылдануын қамтамасыз етсiн.
4. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар 2002 жылдың үшiншi тоқсаны iшiнде бұл органдардың тиiстi бекiтiлген штат саны лимитiнiң шегiнде әрi оларды ұстауға көзделген әкiмшiлiк шығындардың есебiнен заңгерлiк қызметтердi толық жинақтауды және заңгерлiк бөлiмшелер құрылмаған органдарда оларды құруды жүргiзудi жүзеге асырсын әрі жұмыстың нәтижелерi тyралы Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi:
2002 жылдың үшiншi тоқсанында орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың заңгерлiк қызмет қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарын бiлуiн тестiлеудi жүргiзсiн және тестiлеу нәтижелерi туралы тиiстi мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етсiн.
6. Премьер-Министрдiң 2001 жылғы 2 шiлдедегi N 51 өкiмiнде көрсетiлген мемлекеттiк органдар:
дайындау мерзiмi аяқталған нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын Қазақстан Республикасының Yкiметiне 2002 жылдың 1 шiлдесiне дейiн енгiзсiн;
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң лауазымды адамдарының шешiмдерiмен бақылаудан алынған тармақтар бойынша көрсетiлген өкiмге белгiленген тәртiппен тиiстi өзгерiстер енгiзсiн.
7. Осы қаулының iске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Б.Ә.Мұхамеджановқа жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов
|
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң 2002 жылғы
30 мамырдағы N 598 қаулысымен
бекiтiлген
Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу
ережесi
Осы Ереже "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына сәйкес заң актiлерiн әзiрлеу бойынша мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында әзiрлендi.
1. Жалпы қағидалар
1. Заң жобаларының ғылыми сараптамасын қаралатын жобаның мазмұнына қарай, тиiстi бейiндегi ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, ғалымдар мен мамандар арасынан тартылатын сарапшылар (бұдан әрi - Сарапшылар) жүргiзедi.
2. Заң жобалары бойынша тиiстi ғылыми сараптама (құқықтық, экономикалық, экологиялық, қаржылық және тағы басқа) заң жобасында реттелетiн құқықтық қатынастарға байланысты жүргiзiлуi тиiс.
3. Қазақстан Республикасының Yкiметi бастамашылық еткен заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзудi ұйымдастыру заң жобаларын әзiрлеушi уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға (бұдан әрi - Сараптаманы ұйымдастырушылар) жүктеледi.
4. Заң жобасына ғылыми сараптама жүргiзу туралы шешiмдi Сараптаманы ұйымдастырушылар заң жобалары тиiстi мемлекеттiк органдарға келiсуге жiберiлгенге дейiн қабылдайды.
2. Заң жобалары ғылыми сараптамасының мiндеттерi
5. Заң жобаларына ғылыми сараптаманың негiзгi мiндеттерi:
1) заң жобасын қабылдаудың сапасын, негiздiлiгiн және уақтылылығын бағалау;
2) заң жобасының Қазақстан Республикасының Конституциясына, жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлерге, Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкестiгiн тексеру;
3) заң жобасын қабылдаудың әлеуметтiк, экономикалық, ғылымитехникалық, экологиялық және өзге де салдарларын бағалау;
4) заң жобасының мүмкiн болатын тиiмдiлiгiн айқындау;
5) заң жобасы қабылдануына байланысты сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар жасау үшiн жағдайлар пайда болуын айқындау;
6) Сараптаманы ұйымдастырушы қойған өзге де сұрақтарға жауаптар алу.
3. Ғылыми сараптаманы жүзеге асыратын сарапшылар.
Ғылыми сараптама жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары
6. Сарапшылар ретiнде жобаны дайындауға тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар тартылады.
7. Сарапшылар ретiнде басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан мамандар тартылуы мүмкiн.
Жоба ғылыми сараптау үшiн шетелдiк және халықаралық ұйымдарға жiберiлуi мүмкiн.
8. Сарапшының жоғары бiлiмi және ғылыми сараптамасының белгiлi бiр түрi саласында арнаулы ғылыми бiлiмi болуы тиiс.
9. Заң жобаларына ғылыми сараптама жүргiзу үшiн сарапшыларды iрiктеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
10. Ғылыми сараптама жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Сараптаманы ұйымдастырушы мен сарапшы арасында жасасылған азаматтық-құқықтық шартта белгiленедi.
4. Ғылыми сараптамалардың әр түрлiлiгi
11. Заң жобалары бойынша кешендi, дербес, комиссиялық, қайталама және қосымша ғылыми сараптамалар жүргiзiлуi мүмкiн.
Кешендi сараптама заң жобасын бiлiмнiң түрлi салалары негiзiнде зерттеу қажет болған жағдайларда жүргiзiледi.
Дербес сараптама заң жобасын бiлiмнiң бiр саласы негiзiнде зерттеу қажет болған жағдайларда жүргiзiледi.
Комиссиялық сараптаманы бiр мамандық сарапшыларының комиссиясы жүргiзедi.
Қайталама сараптама осы мәселелер бойынша алдыңғы сараптама нәтижелерi жөнiндегi сарапшы қорытындысы жеткiлiктi негiзделмеген не оның дұрыстығы күмән туғызған жағдайларда жүргiзiледi.
Қосымша сараптама заң жобасына оны пысықтау нәтижесiнде тұжырымды өзгерiстер енгiзiлген жағдайда жүргiзiледi.
5. Ғылыми сараптама жүргiзудi қаржыландыру
12. Ғылыми сараптама жүргiзудi қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық бюджетте көзделген қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
6. Ғылыми сараптама жүргiзу үшiн ұсынылатын құжаттар
13. Сараптаманы ұйымдастырушы заң жобасының көшiрмесiмен бiрге сарапшыға мынадай құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады:
заң жобасына түсiндiрме жазба;
заң жобасына салыстырмалы кесте.
Сарапшының сұратуы бойынша Сараптаманы ұйымдастырушы сол сияқты заң жобасында қозғалған мәселелерге қатысты өзге материалдарды да ұсынуы мүмкiн.
14. Ғылыми сараптама жүргiзу үшiн тапсырылған құжаттар мiндеттi түрде қайтарылуға жатады.
7. Сараптама жүргiзу мерзiмдерi
15. Ғылыми сараптама сарапшыға заң жобасы және оның материалдары ұсынылған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмде жүргiзiлуi тиiс.
Қажет болған ретте сараптаманы жүргiзу мерзiмi Сараптаманы ұйымдастырушының келiсiмi бойынша ұзартылуы мүмкiн.
8. Сарапшының құқықтары мен мiндеттерi
16. Сарапшының мынаған құқығы бар:
сараптама жүргiзу үшiн қажеттi, соның iшiнде сарапшылық жұмыс жүргiзу барысында туындаған мәселелер бойынша да барлық ақпаратты алуға;
орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға;
Сараптаманы ұйымдастырушының келiсiмi бойынша өзiнiң алдына қойылған мәселелер бойынша ғана емес, өз құзыретi шегiндегi өзге мәселелер бойынша да қорытындылар беруге;
сараптаманы жүзеге асыру кезiнде оның орындалуына, егер шартта өзгесi көзделмесе, үшiншi тұлғаларды тартуға.
17. Сарапшы мынаған мiндеттi:
Сараптаманы ұйымдастырушы оның алдына қойған мәселелер бойынша уәждi, ғылыми негiзделген, шынайы және толық қорытынды беруге;
өз күшiмен, өз есебiнен және Сараптаманы ұйымдастырушы белгiлеген мерзiмде ғылыми сараптама жүргiзу барысында өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi жоюға;
Сараптаманы ұйымдастырушыға күтiлген нәтижелердi алу мүмкiн болмайтынын анықтағаны немесе одан әрi ғылыми сараптама жүргiзудiң орынсыздығы туралы дереу хабарлауға;
Сараптаманы ұйымдастырушыға сараптама жүргiзу барысында шеккен шығыстары туралы есеп беруге;
ғылыми сараптама жүргiзудiң мәнiсіне қатысты мәлiметтердiң, оның орындалу барысының және ғылыми нәтижелерiнiң жасырын болуын қамтамасыз етуге;
шартта белгiленген өзге де мiндеттердi алады.
9. Сараптамалық қорытынды
18. Жүргiзiлген ғылыми сараптама нәтижелерi бойынша сараптама жүргiзудiң мәнiсi жөнiнде сарапшылардың уәждi, ғылыми негiзделген, шынайы және толық тұжырымы болуы тиiс сараптамалық қорытынды жасалады.
Сараптаманы ұйымдастырушыда сараптамалық қорытынды тұжырымдарына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, ол тиiстi түсiндiрмелер беруi үшiн сарапшыға жүгiне алады не оған Сараптаманы ұйымдастырушы белгiлеген мерзiмде қайталама сараптама жүргiзудi мiндеттей алады.
19. Сараптамалық қорытынды сараптама жүргiзген ұйымның фирмалық бланкiсiнде дайындалады, ал сараптаманы жеке тұлға жүргiзген жағдайда, қорытындыда оның аты-жөнi және оның құзыретiн көрсететiн деректер көрсетiледi.
20. Сараптамалық қорытындыда мыналар көрсетiлуi тиiс:
сараптама жүргiзген ұйым немесе адам;
сараптама жүргiзiлген ғылым саласы;
Сараптаманы ұйымдастырушы;
сараптаманың мәнiсi мен мақсаттары, сарапшы алдына қойылған сұрақтар;
заң жобасының атауы;
заң жобасының арналуы;
заң жобасының құрылымы;
қойылған сұрақтарға негiзделген және толық жауаптар.
21. Сараптама үшiн бiрнеше заң жобасы ұсынылған жағдайда сарапшы заң жобаларының әрқайсысы бойынша сараптама жүргiзедi және қорытынды жасайды.
22. Сараптамалық қорытындыға сараптама жүргiзушi ұйымның бiрiншi басшысы немесе ғылыми сараптама жүргiзген жеке тұлға қол қояды.
23. Ғылыми сараптама тұжырымдары ұсынымдық сипатта болады. Ғылыми сараптама терiс қорытынды берген кезде, Сараптаманы ұйымдастырушы заң жобасын сараптамалық қорытындының ұсыныстарына сәйкес пысықтау туралы өз бетiмен шешiм қабылдайды.
Заң жобасы мен оған берiлген сараптамалық қорытындыны Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қарауына енгiзген кезде Сараптаманы ұйымдастырушы заң жобасы бойынша сараптамалық қорытындыдағы ұсынымдарды қабылдамау себептерiнiң уәждi негiздемесiн беруi тиiс.