"Мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық
ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу
туралы" Ережені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет, Ақпарат
және Қоғамдық келісім министрлігінің 2000 ж. 5 қантардағы N 1 бұйрығы
Осы редакция ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 75 бұйрығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңын, мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу ережелерін реттеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі N 499 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі туралы Ережеге сәйкес
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Мемлекеттік органдардың немесе басқа ұйымдардың жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу туралы" Ереже бекітілсін.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары Департаменті (Омаров Ж.С.) белгіленген заң тәртібімен осы Ережені Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен, нормативтік құқықтық акт ретінде, мемлекеттік тіркеуден өткізсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Бұқаралық ақпарат құралдары Департаментінің директоры Ж.С.Омаровқа жүктелсін.
Министрдің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы
Мәдениет, ақпарат және
қоғамдық келісім министрінің
2000 жылғы 5 қаңтар
N 1 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН
Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында
бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің
журналистерін тіркеу туралы
ЕРЕЖЕ
Осы Ереже Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының немесе өзге ұйымдарының жанында бұқаралық ақпарат құралдарының және ақпарат агенттіктерінің журналистерін тіркеу тәртібін реттейді.
Ереже "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (1999 жылғы 27 шілде, N 451-1 ҚРЗ) талаптарына сәйкес және Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі туралы (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 29 сәуірдегі N 499 қаулысы) Ережесінің негізінде жасалды.
1. Жалпы ережелер
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі БАҚ) және ақпарат агенттіктерінің (бұдан әрі Агенттік) журналистерін тіркеу билік пен басқарудың атқарушы, өкілетті органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де ұйымдарының қызметі туралы жұртшылыққа кеңінен әрі жедел хабарлау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орган немесе өзге ұйым, БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі осы органдармен немесе ұйымдармен өз журналистерін келісім бойынша тіркелетін жағдайда, журналистерді тіркеуді жүзеге асырады.
3. Тіркелген журналист өзін тіркеген мемлекеттік органнан немесе ұйымнан аталған органның немесе ұйымның бірінші басшысы қол қойған тіркеу туралы куәлігін алады.
4. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында тіркелген БАҚ немесе Агенттік журналистерінің құқықтық дәрежесі мен кәсіптік қызметі Қазақстан Республикасының заң актілерімен және осы Ережемен реттелінеді.
5. Тіркеу тұрақты негізде бір жыл мерзімде беріліп, әрі қарай тағы осындай мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Уақытша тіркеу алты ай мерзімге дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында олардың мекен-жайларына қарамастан, тіркеуге тұратын журналистер ретінде БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі не БАҚ меншік иесінің өкілетті редакциясы арқылы журналистерді, олардың тұрақты тұрып жатқан жеріне қарамастан тіркеуге болады.
2. Журналистерді тіркеу тәртібі
7. Мемлекеттік органдардың немесе өзге ұйымдардың жанында өз журналистерін тіркеу үшін БАҚ немесе Агенттік иесі не БАҚ меншік иесінің өкілетті редакциясы өтініш береді және онда төмендегідей мәліметтер көрсетілуі керек:
журналист тіркелетін органның немесе ұйымның атауы;
БАҚ немесе Агенттіктің атауы;
БАҚ немесе Агенттіктің орналасқан жері;
ұйымдық-құқықтық нысаны және БАҚ немесе Агенттік меншік иесінің атауы, оның орналасқан жері;
Бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті орган берген БАҚ немесе Агенттікті есепке қою туралы куәліктің берілген уақытымен нөмірі;
тіркелген журналистің аты-жөні, оның лауазымы;
БАҚ немесе Агенттік журналисінің қызмет және үй телефондары.
Өтінішке тіркелетін журналистің қызмет куәлігінің көшірмесі және екі 3,5 х 4,5 көлемдегі фотосуреті қоса беріледі.
Егер өтініш БАҚ редакциясы тарапынан берілетін болса, онда өтінішке журналисті тіркетуге қажетті жұмыстар жүргізу үшін БАҚ меншік иесінің сенімхаты қоса беріледі.
8. БАҚ немесе Агенттік журналисін тіркеу жөніндегі өтініш тіркейтін органға түскен күннен бастап он бес күн ішінде қаралуға тиіс.
9. Өтінішті қарағаннан кейін мемлекеттік орган немесе өзге ұйым журналисті тіркеу жөнінде немесе төмендегі негіздер бойынша тіркеуден бас тарту жөнінде шешім қабылдайды:
өтініштің мазмұны осы Ереженің 7-тармағының талаптарына сәйкес келмейді;
тіркеген орган бұдан бұрын сол журналисті тіркеу туралы куәлік берген және оның жаңа өтініш түскен кезде әлі күші бар;
тіркелген журналист бұрын тіркеу ережесін бұзғаны үшін не өзін тіркеген органның немесе өзге ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргені үшін тіркеуден босатылған.
10. Журналисті тіркеу туралы шешім қабылдаған жағдайда тіркеген орган оған осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес тіркеу туралы куәлігін береді.
11. Куәлік бір жыл мерзімге беріледі және тіркелу мерзіміне әрі қарай ұзартылады. Егер журналист алты ай мерзімге дейін ғана тіркелсе, онда оған нақты мерзімі көрсетілген уақытша куәлік беріледі.
Журналисті тіркеу туралы куәлік қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
12. Куәлікте мыналар көрсетілуі тиіс:
журналисті тіркеген мемлекеттік органның немесе өзге ұйымның атауы;
журналистің аты-жөні;
журналист мүддесін білдіретін БАҚ немесе Агенттіктің атауы;
куәліктің нөмірі мен қол қойылған күні.
13. Куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда, тіркелген журналист бұл туралы өзін тіркеген органға хабарлауға міндетті.
Жаңа куәлік беру тіркеген орган куәлік жоғалды немесе бүлінді деген хабар алғаннан кейінгі жеті күн ішінде жүзеге асырылады.
3. Тіркелген журналистің құқықтары мен
міндеттері
14. Тіркелген журналист құқылы:
жабық іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданған жағдайларды қоспағанда өзін тіркеген органның өткізетін барлық отырыстарына, кеңестеріне және басқа да шараларына қатысуға;
өзінің қызмет бабындағы міндеттерін жүзеге асыруға байланысты өзін тіркеген органның лауазымды адамдарының қабылдауында болуға;
Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар жасауға, соның ішінде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-, фото түсіру құралдарын пайдалануға;
мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар үзінділерінен өзге құжаттармен және материалдармен танысуға мүмкіндік алуға;
ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;
алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;
алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезінде мамандарға жүгінуге;
дайындаған хабарлар мен материалдарға өз қолын немесе шартты атын (бүркеншік атын) қойып таратуға;
егер тіркеуден өткізген органның берген материалдары журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, ол материалдарды өз қолын қойып жариялаудан бас тартуға;
соттың талап етуімен жарияланған жағдайларды қоспағанда авторлық және ақпарат көздерінің құпиялығын сақтауға.
15. Тіркелген журналист міндетті:
Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзі келісім шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;
шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға;
ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтініштерді қанағаттандыруға.
жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзіне жүктелген өзге де міндеттерді орындауға.
16. Өзін тіркеген мемлекеттік органның немесе өзге ұйымдарының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін тіркелген журналист тіркеуден босатылуы мүмкін.
4. Қорытынды ережелер
17. Келіспеушіліктер (даулар) туындаған жағдайда, тіркеуден өткізген орган және БАҚ немесе Агенттіктің меншік иесі не тіркелген журналист оны келіссөздер арқылы шешеді.
Егер туындаған даулар мен келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, онда олар сот тәртібімен шешілу тиіс.
18. Мемлекеттік органдар және өзге ұйымдар, сондай-ақ тіркелген журналистер осы Ережені бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауапкершілік алады.