"Алтын белгі" белгісі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1999 жылғы 23 тамыздағы N 1219 Қаулысы
(ҚР Үкіметінің 16.08.99 ж. N 428 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 4 ақпандағы N 107 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған:
1) "Алтын белгi" белгiсi туралы ереже;
2) "Алтын белгi" белгiсiнiң сипаттамасы бекiтiлсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын.
1) "Жалпы бiлiм беретiн орта мектептi бiтiрушiлерге арналған кеудеге тағатын "Алтын белгi" белгiсi мен ерекше үлгiдегi аттестат туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 22 сәуiрдегi N 1146 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 33, 308-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 22 шiлдедегi N 1146 қаулысымен бекiтілген жалпы бiлiм беретiн орта мектептi бiтiрушiлерге арналған кеудеге тағатын "Алтын белгi" белгiсi мен ерекше үлгiдегi аттестат туралы ереженiң 1 тармағын ресми түсiндiру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 29 қыркүйектегi N 968 қаулысы.
ҚР Үкіметінің 16.04.04 ж. N 428 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді
3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, бiлiм және спорт министрлiгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгiне бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру үшiн бөлiнетiн қаржының шегінде "Алтын белгi" белгiсiнiң қажетті санын дайындасын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1999 жылғы 23 тамыздағы
N 219 қаулысымен
бекiтiлген
"Алтын белгі" белгiсi туралы ереже
1. Осы Ереже "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.
ҚР Үкіметінің 16.04.04 ж. N 428 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. "Алтын белгi" белгiсiмен мына талаптардың жиынтығына сәйкес келген жағдайда:
1) үлгiлi мiнез-құлық көрсеткен және мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм стандарттарына сәйкес оқу жоспарының барлық пәндерi бойынша оқу кезеңiнде орта бiлiмнiң негiзгi және жоғары сатыларында "5" деген жылдық қорытынды бағалары бар;
2) жалпы орта білiм курсы үшiн мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан өте жақсы деген бағамен мараппатталады;
3) республикалық (халықаралық) олимпиадалардың (жарыстардың) жеңiмпазы (жүлдегерi) болған оқушылар марапатталады.
Олимпиадалар мен жарыстарды республикалыққа және халықаралыққа жатқызу туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы бекітеді.
3. "Алтын белгi" белгiсiмен оқушылар облыстар, Астана және Алматы қалалары бiлiм басқармаларының (департаменттерiнiң) марапаттауға ұсынылатын оқушының осы Ереженiң талаптарына сай екендiгiн растайтын құжаттары қоса берiлген ұсыныстарының негiзiнде Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органының бұйрық шығаруы жолымен марапатталады.
4. "Алтын белгi" белгiсiмен марапаттау салтанатты жағдайда өткiзiледi.
5."Алтын белгi" белгiсiмен марапатталғандарға мемлекеттiк бiлiм беру гранттары берілуiне және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдау емтиханын тапсырмастан қабылдануға кепілдік беріледі.
6. Заңдарда белгіленген тәртіппен таңдаған жағдайда "Алтын белгі" белгісімен марапатталғандарға:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары үшін көзделген мөлшерде беріледі;
2) "Алтын белгі" белгісімен марапатталушы Қазақстан Республикасының денсаулық жағдайы бойынша арнайы талаптар көзделген жоғары оқу орындарына, денсаулығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген арнайы талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана, қабылдау емтиханын тапсырмастан қабылдана алады.
7. Осы Ереже меншік үлгісіне, түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, белгіленген тәртіппен жалпы орта білім беру бағдарламасын іске асыратын барлық білім ұйымдарының оқушыларына қолданылады.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1999 жылғы 23 тамыздағы
N 1219 қаулысымен
бекiтiлген
"Алтын белгі" белгісiнiң сипаттамасы
"Алтын белгi" белгiсi диаметрi 40 мм, қалыңдығы 2,5 мм, ішiнде көгiлдiр түстiң бетiнде - "Қазақстан. Алтын белгi" деген жазу бар дөңгелек түрiнде, төрт бұрышты планка түрiндегi негiзге шынжырмен бекiтiлген болады, Л80 металдардың (мыс пен мырыштың) арнайы қорытпасынан жасалады.
Белгiнiң бет жағында көгiлдiр түстiң бетiнде шығып келе жатқан күн мен оның сәулелерi, алтын контурмен жиектелген ашық кiтап бейнеленген. Бұл бейнелерден төменде "Алтын белгi" деген алтынмен жазылған жазу шығыңқырап тұрады және белгiнiң контуры бедер түрiнде 1,0 мм алға шығып тұрады, одан кейiн кiтаптың бедерi мен оның сәулелерi 0,5 мм шығып тұрады, ал кiтаптың сары контуры 0,2 мм шығыңқырап тұрады.
Белгiнiң контуры, "Қазақстан. Алтын белгi" деген жазу шығып келе жатқан күн және кiтаптың жиектерi алтындалған.