Медициналық бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша оқу мерзiмi жетi жыл болады және соңғы оқу жылы интернатура нысанында ұйымдастырылады.
Интернатурадан өтпеген бiтiрушiлер клиникалық практикаға жiберiлмейдi.
Университеттер мен академиялар бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, кәсiптiк жоғары бiлiм берiлетiн нақты мамандықтар бойынша кадрлар даярлау құрылымын белгiлейдi.
6. Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған, жеделдетiлген бiлiм бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтар жөнiнде жоғары кәсiптiк бiлiм алуы мүмкiн.
Кәсiптiк жоғары бiлiмi бар азаматтар ақылы негiзде қысқартылған мерзiмде екiншi кәсiптiк жоғары бiлiм алуы мүмкiн.
Кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң көп деңгейлi құрылымы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
7. Жоғары оқу орны өзiнiң ғылыми қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.
8. Жоғары оқу орнының тәрбиелеу мiндеттерi студенттердiң, оқытушылар мен қызметкерлердiң бiрлескен оқу, ғылыми, шығармашылық, өндiрiстiк қызметiмен iске асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 26-бап толықтырылды
26-бап. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру
1. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң жоғары сатысы ретiнде бiлiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлауды көздейдi.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмдi арнаулы жоғары бiлiмi немесе "магистр" академиялық дәрежесi бар бiлiктi мамандықтағы азаматтар алады.
2. Ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау жоғары оқу орындарының клиникалық ординатурасында, ассистентура-тағылымдамасында адъюнктурасында және докторантурасында, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, сондай-ақ ғылым кандидаттарын аға ғылыми қызметкер қызметiне, iзденушiлiкке ауыстыру, шығармашылық демалыстар беру нысанында жүзеге асырылады.
3. Аспирантура мен адъюнктурада оқу мерзiмi күндiзгi оқу нысанында - үш жылдан, сырттай оқу нысанында - төрт жылдан, магистр дәрежесi бар адамдар үшiн тиiсiнше екi және үш жылдан аспауға тиiс.
Ассистентура-тағылымдамада тағылымдамадан өту мерзiмi күндiзгi оқу нысаны бойынша - екi жылдан, сырттай оқу нысаны бойынша үш жылдан аспауға тиiс.
Докторантурада болу мерзiмi - үш жылдан, докторлық диссертация әзiрлеу үшiн аға ғылыми қызметкер қызметiне ауыстыру екi жылдан аспауға тиiс.
4. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм туралы ереженi Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
27-бап. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау
1. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау қосымша кәсiптiк білiм берудiң негiзгi нысандары болып табылады және кәсiптiк бiлiмдерi мен дағдыларын тереңдету, жаңа кәсiптер мен мамандықтарды игерту мақсатында тиiстi бiлiм беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды бiлiм беру ұйымдары, ұйымдар, ғылыми және оқу орталықтары, мемлекеттiк жұмыспен қамту қызметi жүргiзедi. Олар мемлекет есебiнен де, шарт негiзiнде де жүзеге асырылуы мүмкiн.
4-тарау. Білім беру жүйесін басқару
28-бап. Білiм беру жүйесiн басқару органдары
1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдары, жергiлiктi атқарушы органдар және жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары жүзеге асырады.
2. Барлық бiлiм беру ұйымдарына жалпы ғылыми-әдiстемелiк басшылықты, олардың ведомстволық бағыныштылығына және меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
3. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомстволық мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына тiкелей басшылықты тиiстi орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Бiлiм беру жүйесiн басқару органдарының мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорындарының бюджеттен тыс қаражат есебiнен сатып алған мүлкiне билiк етуге, олардың бюджеттен тыс қаражат есебiнен жүзеге асыратын қызмет көрсетуi мен жұмысына баға белгiлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк бiлім беру кәсiпорындарына бөлiнген бюджеттiк сомалар шегiнен тыс еңбекке ақы төлеу қорларын белгiлеуге құқығы жоқ.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 29-бап толықтырылды
29-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бiлiм беру саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
2) бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
3) кәсiптiк жоғары бiлiмi және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi бар, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат алатын ұйымдарда кәсiптiк орта бiлiмi бар мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
4) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша бiлiм беру жүйесiнiң қызметiн осы Заңға сәйкес реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
5) бiлім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша республикалық бюджеттен қаражат алатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 30-бап өзгертілді
30-бап. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның құзыретi
Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы мынадай мiндеттердi атқарады:
1) бiлiм беру саласында салалық үйлестiрудi жүзеге асырады;
3) бiлiм беру ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
4) бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялау мен аттестаттауды жүргiзу үшiн үлгi ережелердi (нұсқаулықтарды, регламенттердi) әзiрлейдi және бекiтедi;
5) мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен, өзге де орталық атқарушы органдармен бiрлесiп, бiлiм беру мен ғылым саласында нысаналы және халықаралық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
6) меншiк нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарындағы оқу жылының басталу және аяқталу уақытын белгiлейдi;
7) бiлiм беру ұйымдарының үлгiлерi мен түрлерi бойынша сыныптардың (топтардың) санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес толықтырылуын айқындайды;
8) мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушiлермен және басқа да әлеуметтiк әрiптестермен өзара iс-қимыл жасай отырып, кадрлар даярлау бойынша кәсiптер мен мамандықтар тiзбесiн белгiлейдi;
9) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсiптiк орта бiлiм, кәсiптiк жоғары бiлiм және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялаумен аттестаттауды жүргiзедi;
9-1) оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер мен кәсiптiк-бiлiм беру бағдарламаларын оқу- және ғылыми-әдiстемелiк, ақпараттық қамтамасыз ету жөнiндегi кеңестердiң жұмысын үйлестiредi;
9-2) кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредитациялауды ұйымдастырады және жүргiзедi;
10) оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдарды дайындау және басып-шығару, оқу-ғылыми жабдықтарын әзiрлеу мен өндiру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
11) бiлiм беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттердi пайдалануға рұқсат етедi;
12) бiлiм мен ғылымға бағытталатын бюджеттiк қаржы үшiн бағдарламалар мен тақырыптарды iрiктеуге, iске асыруға қатысады;
13) республикалық бюджеттен қаржыландыру есебiнен конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастырады;
14) бiлiм беру ұйымдарына, магистратураға, аспирантура мен докторантураға оқуға қабылдаудың жалпы тәртiбiн және үлгi ережелерiн бекiтедi;
15) ведомостволық бағыныстағы бiлiм беру ұйымдары мен республикалық бағыныштағы кәсiпорындардың жарғыларын бекітедi;
16) бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының, ведомостволық бағыныстағы ұйымдардағы бюджет және қаржы тәртiбiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындалуына мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асырады;
17) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында еңбекке ақы төлеудiң мемлекеттiк нормативтерi туралы ұсыныстар әзiрлейдi;
18) республикалық бюджеттен ұсталатын ведомостволық бағыныстағы ұйымдардың белгiленген тәртiппен қаржыландырылуын жүзеге асырады;
19) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомостволық бағыныстағы мемлекеттiк жоғары оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының бiрiншi басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
20) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, басқа да орталық атқарушы органдардың мемлекеттiк колледждерiнiң, жоғары оқу орындарының бiрiншi басшыларын тағайындауға және қызметтен босатуға келiсiм бередi;
21) салалық көтермелеу жүйесiн жасайды және бекiтедi;
22) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жоспарлайды және ұйымдастырады;
23) шетелдiк әрiптестермен келiссөздер жүргiзiп, өз құзыретi шегiнде бiлiм беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) және бағдарламаларға қол қояды;
24) жасалған шарттарға (келiсiмдерге) сәйкес заңдарда белгіленген тәртiппен шет елдерде өз өкiлдiктерiн және Қазақстан Республикасында шетелдiк әрiптес ұйымдардың өкiлдiктерiн ашады;
24-1) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн белгiлейдi;
25) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.
ҚР 22.11.99 ж. N 484-1 Заңымен 31-бап өзгертілді
31-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бiлiм беру саласындағы құзыретi
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағындағы жергiлiктi атқарушы органдар ұсынған бiлiм беру ұйымдарын дамыту бағдарламаларын бекiтедi, олардың орындалуы туралы есептердi тыңдайды;
2) ауылдық (селолық) жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отын сатып алуға жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылдайды;
3) бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы шешiм қабылдайды.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясында белгiленген мiндеттi орта білiм алу құқығын қамтамасыз етедi; бiлiм берудi дамытуға бағытталатын жергiлiктi бюджеттi әзiрлейдi;
2) мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн алуды жүзеге асырады, олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын қамтамасыз етедi;
3) өз аумағындағы бiлiм беру ұйымдарының қызметi үшiн қажеттi материалдық-техникалық және басқа жағдайларды қамтамасыз етедi;
4) бiлiм беру қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi;
5) жетiм балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың белгiленген тәртiппен мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етiлуiн, олардың мiндетті түрде жұмысқа орналасуын және тұрғын үймен қамтамасыз етiлуiн жүзеге асырады;
6) бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық қызмет көрсетудi ұйымдастырады;
7) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
8) ауылдық (селолық) жерлерде оқушыларды мектепке тегiн апару мен қайтып жеткiзiлуiн ұйымдастырады; жергiлiктi өкiлдi органдарға бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы ұсыныстар енгізедi;
9) бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң жұмыспен қамту қызметi арқылы жұмысқа орналасуына жәрдемдеседi;
10) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында жұмысшылар мен мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
11) бiлiм беру объектiлерiн салу мәселелерiн үйлестiредi;
12) ауылдық (селолық) жердегi білім беру ұйымдарына келген жас мамандар үшiн тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етедi;
13) аудандық бiлім берудi басқару органдарының бiрiншi басшыларын және орталық атқарушы органдармен келiсе отырып облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, сондай-ақ жергiліктi бюджеттен қаражат алатын колледждердiң бiрiншi басшыларын тағайындайды және босатады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдарының құзыретi
Облыстардың (қалалардың, аудандардың), республикалық маңызы бар қала мен астананың жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары:
1) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын бiлiм беру ұйымдарының құрылтайшылары болады;
2) мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн жүргiзедi және олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын ұйымдастырады;
3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға қамқоршылық және қорғаншылық жасауды ұйымдастырады, оларды балалар үйлерiне немесе интернаттық ұйымдарға орналастырады;
4) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жергiлiктi бағыныстағы бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi мазмұнының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары талаптарына сәйкес келуiне мезгiл-мезгiл бақылау жасауды ұйымдастырады және оны өз құзыретi шегiнде жүргiзiп отырады;
5) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес педагог қызметкерлердi аттестаттауды өткiзедi және оларға бiлiктiлiк разрядтарын бередi;
6) кәсiптiк мектептерде, кәсiптiк лицейлер мен колледждерде жұмысшылар мен мамандар даярлауға конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлім беру тапсырысын орналастырады;
7) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мектепке дейiнгi тәрбие және оқу ұйымдарының, мектептен тыс ұйымдар мен орта бiлiм беру ұйымдарының басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
8) мектепке дейiнгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптік орта бiлiм беру мәселелерi бойынша жоғары тұрған органдарға статистикалық есеп берiп отырады;
9) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын мемлекеттік бiлім беру ұйымдарының жарғыларын бекiтедi;
10) аймақтық деңгейде педагог кадрларды қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды, әдiстемелiк кабинеттер желiсi арқылы әдiстемелiк қамтамасыз етудi жоспарлайды және ұйымдастырады;
11) өз құзыретi шегiнде бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау мен аттестаттауды жүргiзедi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 33-бап өзгертілді
33-бап. Білiм беру ұйымдарының құзыретi
1. Бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережелер мен бiлiм беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесiн жүзеге асыруда, кадрларды iрiктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысы уәкiлеттi басқару органдарымен келiсiм бойынша өз орынбасарларын тағайындайды және қызметiнен босатады. Оларды тағайындау және қызметтен босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен белгiленедi.
3. Бiлiм беру ұйымының құзыретiне мынадай мiндеттер жатады:
1) жарғының жобасын әзiрлеу;
2) iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу және бекiту;
3) оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесiнiң күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту;
4) осы Заңда және тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Yлгi ережеде өзгеше көзделмесе, бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер контингентiн бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияға сәйкес қалыптастыру;
5) оқу-тәрбие процесiн әдiстемелiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру және жетiлдiру;
6) бiлiм алушылардың үлгерiмiне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргiзу;
8) өздерiнiң қаржы қаражаты шегiнде және республикалық нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген шектеулердi ескере отырып, мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы қызметкерлердiң жалақысы мен лауазымдық айлықақысының ставкаларын белгiлеу;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң лауазымдық айлықақыларына үстеме ақы мен қосымша ақы, оларға сыйлық берудiң тәртiбi мен мөлшерiн белгiлеу;
10) бiлiм беру ұйымдарын нормативтiк талаптарға сәйкес материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, жарақтау мен жабдықтау;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарғылық қызметтi жүзеге асыру үшiн қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерiн тарту;
12) қоғамдық тамақтандыру ұйымдары бөлiмшелерiнiң және медициналық ұйымдардың жұмыс iстеуiне қажеттi жағдайлар жасау, олардың жұмыстарына бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлер мен қызметкерлердiң денсаулықтарын қорғау және нығайту мақсатында бақылау жасау;
13) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қосымша жеңiлдiктер мен материалдық қамтамасыз ету түрлерiнiң уақытылы берiлiп отыруын қамтамасыз ету;
14) тәрбиеленушiлер мен бiлiм алушылардың күтiмi мен тұру жағдайларының белгiленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
15) оқытушылық (педагогикалық) ұйымдар мен бiрлестiктердiң қызметiне жәрдемдесу;
16) құрылтайшылар мен мүдделi адамдарға қаржылық және материалдық ресурстардың түсуi мен жұмсалуы туралы есеп беру;
17) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагог қызметкерлерiне тиiстi оқу орнының доцентi және профессоры академиялық атақтарын беру. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органының алдында доцент және профессор ғылыми атақтарын беру туралы өтiнiш жасау;
18) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және бiлiм беру ұйымының жарғысында көзделген өзге де қызметтi жүзеге асыру.
34-бап. Бiлiм беру ұйымдарын басқару
1. Бiлiм беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңдарына, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымы туралы Үлгi ереже мен бiлiм беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бiлiм беру ұйымының кеңесi, қамқоршылық кеңес, жалпы жиналыс, педагогикалық (әдiстемелiк) кеңес және басқа да нысандар мемлекеттік бiлiм беру ұйымын алқалы басқару нысандары болып табылады. Алқалы басқару органдарын сайлау тәртібiн қоса алғанда, олар туралы Ереженi бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекітедi.
3. Бiлiм беру ұйымын тiкелей басқаруды меңгерушi, директор, ректор немесе өзге де басшы жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысын құрылтайшы тағайындайды.
5. Бiлiм беру ұйымы басшысының мәртебесi, бiлiм беру ұйымының алқалы басқару органдарының құрамы, өкiлеттiгi, оларды сайлау және қызмет тәртiбi, олардың арасындағы өкілеттiктiң ара-жiгiн ажырату тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережемен белгiленiп, олардың жарғыларымен бекiтiледi.
6. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының басшыларына өздерiнiң қызметтерiн бiлiм беру ұйымдары iшiндегі немесе одан тыс жерлердегi басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк басшылықтан басқа) қызметтермен қоса атқаруға рұқсат етiлмейдi.
7. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары, олардың филиалдары (бөлiмдерi) басшыларының қызметтiк мiндеттерiн қоса атқаруға болмайды.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасау
1. Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасау бiлiм беру саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қамтамасыз етуге, бiтiрушiлер мен мамандар даярлау сапасын арттыруға, бiлiм берудi қаржыландыруға бөлiнетiн мемлекеттiк бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға бағытталған.
Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасауды мемлекеттiк бiлiм берудi басқару органдары мезгiл-мезгiл аттестаттау және тексеру нысанында жүзеге асырады.
2. Бiлiм беру ұйымдарының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарын орындауына және бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарын сақтауына мемлекеттiк бақылау жасаудың негiзгi нысаны мемлекеттiк аттестаттау болып табылады.
Бiлiм беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау мен аккредитациялау өткiзу шығындары бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларының есебiнен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк бiлiм берудi басқару органдары, меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарына жоспарлы түрде бес жылда бiр рет аттестаттау мен аккредитациялау өткiзiп отырады.
4. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
5-тарау. Білім беру процесі субъектілерінің
құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері
36-бап. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бiлiм беру ұйымын және қабылдау шарттарына сәйкес бiлiм алу нысандарын таңдауға құқығы бар.
Бiлiм алушылар тiлек бiлдiрген жағдайда бiлiм беру ұйымы олармен тараптардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлетiн оқу шартын (келiсiм-шартын) жасасуға мiндеттi.
2. Бiлiм алатын азаматтар бiлiм алушылар немесе тәрбиеленушiлер болып табылады.
Бiлiм алушыларға оқушылар, студенттер, магистранттар, курсанттар, тыңдаушылар, тағлымдамадан өтушiлер, аспиранттар, адъюнктер және докторанттар жатады.
Тәрбиеленушiлерге мектепке дейiнгi, интернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетiн адамдар жатады.
3. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң:
1) мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттарына сәйкес бiлiм алуға;
2) Бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмiмен жалпы мiндеттi мемлекеттiк бiлiм беру стандарттары шеңберiнде жеке оқу жоспарлары, жеделдетiлген бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуға;
3) өзiнiң бейiмдiлiгi мен қажеттерiне қарай қосымша бiлiм беру қызметiн пайдалануға, бiлiм алуға, оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстар таңдауға;
4) бiлiм беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен оқу орнына қайта қабылдануға және бiреуiнен екiншiсiне, бiр мамандықтан екiншiсiне немесе оқудың бiр нысанынан екiншiсiне, мемлекеттiк емес оқу орнынан мемлекеттiк оқу орнына ауысуға;
6) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бiлiм беру ұйымдары кiтапханаларының ақпараттық ресурстарын тегiн пайдалануға, оқулықтармен тегiн қамтамасыз етiлуге;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен халықты жұмыспен қамту саласының жағдайы туралы ақпарат алуға және кәсiби-диагностикалық зерттеуден өтуге;
8) өз пiкiрi мен сенiмiн еркiн бiлдiруге;
9) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне;
10) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегi табыстары үшiн көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.
4. Меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiнiң:
1) жергiліктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша қоғамдық көлiкте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге;
2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылудан кейiнге қалдырылуға құқығы бар.
5. Бiлiм беру ұйымдарында негiзгi жұмысынан қол үзбей (сырттай, кешкi және дистанциялық оқу нысандары бойынша) оқитын азаматтарға, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, жұмыс берушiлер жалақысын сақтап және сақтамай ақы төленетiн және ақы төленбейтiн қосымша демалыстар, жұмыстан бос күндер беруi де мүмкiн.
6. Меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң келесi деңгейдегi бiлiм беру ұйымына түсу кезiнде және жұмысқа орналасу кезiнде құқықтары тең болады.
7. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк стипендиялар төленедi.
8. Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi бiлiм беру ұйымдары өздерi белгiлеген тәртiппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етедi.
9. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқу процесiнен алаңдатуға жол берiлмейдi.
10. Мемлекет жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн балалар үйлерiн, интернаттық ұйымдар, сондай-ақ отбасылық үлгiсiндегi балалар үйлерiн құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар балалар үйлерi мен интернаттық ұйымдарда тәрбиеленедi, оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
11. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да жеңiлдiктер берiледi.
12. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттары көлемiнде бiлiмдi, шеберлiк пен практикалық дағдыларды меңгеруге, iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, бiлiм беру ұйымының жарғысында көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi.