2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары бiлiм беру ұйымдарының құрамында лицензияланады. Филиал туралы Ереже мен тiркеу құжаттары лицензиарға табыс етiлуге тиiс.
3. Бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына лицензияны (рұқсатты) бiлiм берудi басқаратын мемлекеттiк орган (лицензиар):
1) осы тармақтың 3) тармақшасында аталғандардан басқа, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беретiн заңды тұлғаларға, сондай-ақ мектеп жасына дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарға - облыстық, республикалық маңызы бар қала мен астананың білiм беру басқармалары (департаменттерi);
2) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына - Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы;
3) жалпы орта бiлiм беретiн халықаралық, шетелдiк, мемлекеттiк емес, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бередi.
4. Халықаралық және шетелдiк оқу орындары немесе олардың Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдары Қазақстан Республикасының оқу орындары сияқты шартпен және сондай тәртiппен лицензиялануға тиiс.
5. Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн белгіленген үлгiдегi арыз;
2) лицензиаттың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен шұғылдану құқығы үшiн лицензиялық алым төлегенiн растайтын құжат;
4) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
5) жұмыс бабындағы оқу жоспарлары.
Лицензиялар құжаттар тапсырылған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензия беру үшiн белгiленген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге жазбаша түрде дәлелденген жауап қайтарылады.
6. Кәсiптiк мектептердiң, кәсiптiк лицейлердiң, колледждер мен жоғары оқу орындарының бiлiм беру қызметiн олар үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негiздерде жүргiзiледi.
7. Лицензиардың қажет болған жағдайда лицензияны беру, керi қайтарып алу немесе оның қолданылуын тоқтата түру мәселелерiн алқалы түрде және жария қарау үшiн консультациялық-кеңесшi орган құруға құқығы бар.
8. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізу құқығына берiлген лицензияны кері қайтарып алуға немесе оның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар.
Лицензияның қолданылуын алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұруға:
бiлiктілiк талаптарына сәйкессiздiктiң анықталуы;
бiлiм беру сапасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес келмеуi негiз болады.
Лицензияны керi қайтарып алуға:
лицензиаттың лицензиядағы талаптарды орындамауы;
лицензиатқа өзiнiң жүзеге асыруына лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына соттың тыйым салуы;
лицензияның қолданылуын лицензиар тоқтатқан себептердiң жойылмауы негiз болып табылады.
9. Бiлiктiлiк талаптары мен бiлiм беру қызметiн лицензиялау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 13-бап толықтырылды
13-бап. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi қабылдау
1. Азаматты бiлiм беру ұйымына қабылдау кезiнде сол ұйым оны және (немесе) оның ата-анасын немесе өзге де заңды өкiлдерiн бiлiм беру ұйымының жарғысымен, бiлiм беру қызметiн жүргізу құқығына берiлген лицензиямен, қабылдау тәртiбiн және оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды реттейтiн басқа да құжаттармен таныстыруға мiндеттi.
2. Құрылтайшы бастауыш жалпы, негiзгi жалпы және орта жалпы бiлiм беру сатыларында мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына қабылдаудың осы аумақта тұратын және тиiстi деңгейде бiлiм алуға құқығы бар барлық азаматтардың қабылдануын қамтамасыз ететiн тәртiбiн белгiлейдi.
3. Азаматтарды кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптік бiлiм алу үшiн бiлiм беру ұйымына қабылдау тәртiбiн тиiстi түрдегi оқу орындарына қабылдаудың Yлгі ережелерiне сәйкес бiлiм беру ұйымы белгiлейдi.
Бюджеттен қаржыландыру, бiлiм беру гранттары мен кредиттер арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алуға конкурс өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама комиссиясының қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар азаматтардың басым құқығы болады.
"Алтын белгi" белгiсiмен марапатталған оқушылардың мемлекеттiк бiлiм беру грантын алуға құқығы бар және олар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырмай қабылданады. "Алтын белгi" белгiсi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарының жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың ағымдағы жылғы жеңiмпаздары болып табылатын (I, II, III дәрежелi дипломдармен марапатталған) түлектерi, сондай-ақ республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының (I, II, III дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздары таңдаған мамандықтар олимпиаданың, ғылыми жарыстың, конкурстың олар жеңiмпаз болып табылатын пәнiне сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын алуға құқығы бар және олар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырмай қабылданады.
Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша оқуға түскен кезде, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде оларды қабылдау квотасы көзделедi.
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарына оқуға түскен кезде, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде оларды қабылдау квотасы көзделедi.
4. Рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау орта бiлiмi бар азаматтар арасынан жүзеге асырылады.
5. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жекелеген мамандықтары бойынша азаматтарды қабылдау мамандандырылған мемлекеттiк оқу орындарында және басқа да мемлекеттiк оқу орындарының факультеттерiнде (бөлiмдерiнде) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Мұндай мамандықтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
6. Бiлiм беру ұйымдарына азаматтарды қабылдау тәртiбiн осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде құрылтайшы белгiлейдi және ол бiлiм беру ұйымының жарғысында бекiтiледi.
14-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру
1. Барлық деңгейдегi бiлiм беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жалпы негiзгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру бiтiрушiлердi мiндеттi мемлекеттiк қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
3. Бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларды аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртiбiн және мерзiмдiлiгін таңдауда дербес болады.
4. Бiлiм беру ұйымдарында тәртiп бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң, педагогтардың адамдық қадiр-қасиетін өзара құрметтеу негiзiнде сақталады. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдiстерiн қолдануға жол берiлмейдi.
5. Кәмелетке толмаған бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне бiлiм беру процесiнiң барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ бiлiм алушылардың үлгерiм бағаларымен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
6. Оқу орындарында оқыту төмендегiдей нысандарда: күндiзгi, сырттай, кешкi оқу, дистанциялық оқыту және экстернат нысандарында жүзеге асырылуы мүмкiн.
Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
7. Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары бiлiм беру бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады және бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң елжандылық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынта-ықыласы мен қабiлеттерiн дамытуға бағытталуға тиiс.
8. Бiлiм беру ұйымдарында нәсiлдiк, ұлттық, дiни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристiк және де халықаралық құқық пен iзгiлiктiң жалпы танылған принциптерiне қайшы келетiн өзге идеяларды таратуға тыйым салынады.
9. Әскерге шақырылуға дейiнгi және шақырылу жасындағы оқушы жастардың негiзгi жалпы бiлiм беру базасындағы бастапқы әскери даярлығы - жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында (арнаулы оқу орындарын қоспағанда), кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында, ал студенттердің әскери даярлығы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
15-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы
1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бiр бөлiгi болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және бiлiм беру ұйымдарындағы оқыту процесiнде алған бiлiмдi бекiтуге практикалық дағдылар алу мен озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған.
2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны бiлiм беру ұйымдарының оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгiленедi.
3. Бiлiм беру ұйымдары кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн шарттық негiзде практика базасы ретiндегi ұйымдарды анықтайды, олармен практиканы өткiзудiң бағдарламаларын және күнтiзбелiк кестесiн келiседi.
Шарттарда бiлiм беру ұйымдарының, практика базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi белгiленедi.
4. Кәсiптiк практикаға жұмсалатын шығындарды бiлiм беру ұйымдары мен практика базасы болып табылатын ұйымдар қарастырады.
Бұл шығындардың мөлшерi жасалған шарттарда белгіленедi.
5. Практиканы дайындау мен өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарының және практика базасының басшылары жауапты болады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 16-бап толықтырылды
16-бап. Бiлiм туралы құжаттар
1. Лицензиясы бар және жалпы бiлiм (мектепке дейiнгi бiлiмнен басқа) мен (немесе) кәсiптiк бiлiм беретiн бағдарламаларды iске асыратын бiлiм беру ұйымдары мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi (сатысы) туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi.
Мемлекеттiк үлгiдегi құжаттардың нысанын және оларды беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Тиiстi бiлiм деңгейi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат келесi деңгейдегi бiлiм беретiн ұйымдарда бiлiм алуды жалғастырудың қажеттi шарты болып табылады.
Кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген бiлiктiлiгіне, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген ғылыми дәрежелерiне сәйкес азаматтардың кәсiптiк қызметпен, оның iшiнде бiлiм деңгейiне бiлiктiлiк талаптары қойылатын қызметпен айналысуға құқығы бар.
3. Бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға белгіленген үлгiдегi анықтама берiледi.
4. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарын бiтiргенi туралы құжаттардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде танылуы тиiстi халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
Бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алған бiлiмi туралы құжаттарының Қазақстан Республикасында танылуы және тиiстi куәлiктер берiлуi білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 17-бап толықтырылды
17-бап. Қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi басқару органдары
Бiлiм алушылар мен бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң мүдделерiн қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi басқару органдары бiлдiре алады, кәсiби белгiлерi бойынша бiлiм беру ұйымдарының әдiстемелiк және оқу-әдiстемелiкбiрлестiктерi, ғылыми-әдiстемелiк, ғылыми-техникалық бiрлестiктерi, басқа да кеңестер мен комиссиялар сондай органдар ретiнде әрекет ете алады.
Бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiктерi мен қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi басқару органдарының өзара қатынастары олардың арасындағы шартпен белгiленедi.
Оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер қызметiнiң ережесiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтедi.
3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен
білім деңгейлері
18-бап. Бiлiм беру бағдарламалары
1. Бiлiм беру бағдарламалары тиiстi деңгейлер мен олардың сатыларының бiлiм беру мазмұнын айқындайды. Қазақстан Республикасында жалпы бiлiм беретiн (негiзгi және қосымша) және кәсiптiк (негiзгi және қосымша) болып бөлiнетiн бiлiм беру бағдарламалары iске асырылады.
2. Жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар жеке адамның жалпы мәдениетiн қалыптастыру, жеке адамды қоғамдағы өмiрге бейiмдеу мiндеттерiн шешуге, кәсiптi, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшiн негiз жасауға бағытталған.
3. Кәсiптiк бағдарламалар тиiстi кәсiбилiгi мен бiлiктiлiгi бар жұмысшылар мен мамандар даярлауға, бiлiм алушылардың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйектi түрде арттыруға бағытталған.
4. Негiзгi жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар мен негiзгi кәсiптiк бағдарламалар тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының негiзiнде әзiрленедi.
5. Қосымша бiлiм беретiн бағдарламалар азаматтардың, қоғамның, мемлекеттiң бiлiмге және мәдениетке деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатында iске асырылады.
Қосымша бiлiм беру бағдарламаларына:
1) тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарынан тыс жалпы бiлiм беру және кәсiби даярлық жүргiзiлетiн бiлiм беру ұйымдарында;
2) қосымша бiлiм беру ұйымдарында;
3) жеке педагогикалық қызмет арқылы iске асырылатын әртүрлi бағыттағы бiлiм беру бағдарламалары жатады.
6. Ерекше дарынды бiлiм алушылардың әлеуеттi мүмкiндiктерiн мейлiнше толық дамыту үшiн дарынды балаларға арнап мамандандырылған мектептерде iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
7. Азаматтардың жекелеген санаттары үшiн психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлген арнаулы білiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
8. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткiзу, бiлiм берудiң жаңа мазмұнын енгiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарында эксперимент тәртiбiмен iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленуi мүмкiн.
19-бап. Бiлiм берудiң балалар мен жасөспiрiмдерге арналған қосымша дамыту бағдарламалары
1. Бiлiм берудiң қосымша дамыту бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда iске асырылады.
2. Мемлекет мемлекеттiк мектептен тыс ұйымдардың бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi.
3. Мектептен тыс ұйымдар балалардың жеке басының дамуына, кәсiптiк бағдарын айқындауына, шығармашылық еңбегiне, олардың қабiлеттерiн iске асыруына, қоғам өмiрiне бейiмделуiне, азаматтық сана-сезiмiнiң, жалпы мәдениетінің, салауатты өмiр салтының қалыптасуына, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына жағдай жасайды.
4. Мектептен тыс ұйымдарға балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық сарайлары, үйлерi, орталықтары, кешендерi, студиялары;
жас техниктердiң, туристердiң, натуралистердiң станциялары мен базалары;
балалардың музыкалық, көркемөнер және спорт мектептерi, өнер мектептерi; ынта-ықыластары бойынша клубтар; спорттық, сауықтыру, туристiк лагерьлер; балалар парктерi, стадиондар, галереялар және басқа да ұйымдар жатады.
5. Мектептен тыс ұйымдардың қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi ережемен белгiленедi.
20-бап. Арнаулы бiлiм беру бағдарламалары
1. Арнаулы бiлiм беру бағдарламаларын арнаулы бiлiм беру ұйымдары iске асырады.
2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кенжелеушiлiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзелуге, диагноз қоюға мұқтаж балалар үшiн арнаулы ұйымдар (оңалту орталықтары, бала бақшалары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) құрылады.
3. Ұзақ емделуге мұқтаж адамдар үшiн, сондай-ақ әдеттегi бiлiм беру ұйымдарында оқытуға кедергiсi болатын даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдер үшiн толық мемлекет қамтамасыз ететiн арнаулы түзету ұйымдары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспiрiмдер бұл ұйымдарға ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар арқылы жiберiледi.
Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдердi кәсiптiк даярлауға мемлекет жәрдемдеседi.
4. Девианттық мiнез-құлықты адамдар үшiн адамгершiлiк сипатта ерекше ұсталатын бiлiм беру ұйымдары мен арнаулы бiлiм беру ұйымдары құрылады, олар тәрбиелеу мен оқытуды, әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз етедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы ұйымдарға жiберу аудан, қала әкiмдерi жанындағы кәмелетке толмағандар iстерi жөнiндегi комиссия арқылы, ал ерекше режимде ұстау ұйымдарында сот шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
21-бап. Жалпы және кәсiптiк бiлiм беру
1. Iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының сипатына қарай бiлiм беру жалпы бiлiм және кәсiптiк білiм беру болып бөлiнедi.
2. Жалпы бiлiм беруге:
1) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту;
2) жалпы бастауыш бiлiм беру;
3) жалпы негiзгi бiлiм беру;
4) жалпы орта бiлiм беру;
5) жалпы қосымша бiлiм беру кiредi.
Жалпы бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi жалпы бiлiм беру бағдарламасымен белгiленедi.
3. Кәсiптiк білім беруге:
1) кәсiптiк бастауыш бiлiм беру;
2) кәсiптiк орта бiлiм беру;
3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру;
5) қосымша кәсiптiк бiлiм беру кiредi.
Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi кәсiптiк бағдарламамен белгіленедi.
22-бап. Бiлiм деңгейлерi
Бiлiм беру бағдарламаларының үздiксiздiгi мен сабақтастығы принципi негiзiнде мынадай бiлiм деңгейлерi белгiленедi:
1) мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту;
2) орта бiлiм беру;
3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру.
23-бап. Мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту
1. Мектепке дейiнгi тәрбие отбасында және (немесе) мектепке дейiнгi ұйымда жүзеге асырылады.
2. Мектепке дейiнгi ұйымдар отбасымен қатар бiр жастан алты (жетi) жасқа дейiнгi мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқытуды, олардың дене және психикалық денсаулығын қорғап, нығайтуды, дамуында ауытқуы бар балалардың жеке қабiлеттерiн дамытуды және оған мұқтаж балаларға қажеттi түзету жасауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттiк бiлiм беру мен денсаулық сақтауды басқару органдары мектепке дейiнгi ұйымдар мен отбасына қажеттi әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетудi ұйымдастырады.
4. Бес (алты) жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау мiндеттi және ол отбасында, мектепке дейiнгi ұйымда немесе мектепте жалпы бiлiм беру бағдарламаларының шеңберiнде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн жасалады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 24-бап толықтырылды
24-бап. Орта бiлiм беру
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Орта білiм алу мiндеттi.
2. Мемлекеттiк күндiзгi жалпы бiлiм беретiн оқу орындарынан он алты жасқа дейiнгi балаларды шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, бiлiм беру ұйымының жарғысын өрескел және бiрнеше мәрте бұзғаны үшiн бiлiм беру басқармасы органдарының шешiмi бойынша ерекше жағдайларда ғана жол берiледi. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешiм қорғаншы және қамқоршы органдардың келiсiмiмен қабылданады.
3. Орта бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi негiзгi деңгей болып табылады және жалпы, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм берудi қамтиды. Орта бiлiм берудiң мiндеттілiгi мен оған қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн мемлекет орта бiлiм беру ұйымдарының сақталуына және дамуына жәрдемдеседi.
4. Жалпы орта бiлiм үш сатылы: бастауыш (1-4 сыныптар), негiзгi (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 (12) сыныптар) жалпы орта бiлiм беретiн оқу орнында кезең-кезеңмен алынады.
Мектептiң бiрiншi сыныбына балалар алты немесе жетi жастан бастап қабылданады.
Аталған сатылар бiрге немесе дербес жұмыс iстеуi мүмкiн. Олар тиiсiнше жалпы бастауыш, жалпы негiзгi, жалпы орта бiлiм берудi iске асырады. Жалпы бiлiм беретiн оқу орнының бастауыш, негiзгi және жоғары сатыларының бiлiм беру бағдарламалары сабақтас болып табылады, әрбiр келесi бағдарлама алдыңғысына негiзделедi.
5. Жалпы орта бiлiмнiң көп нұсқалылығына, бiлiм берудiң ауқымды инфрақұрылымын қалыптастыруға жалпы орта бiлiм беретiн ұйымдардың әралуан түрлерi мен үлгiлерiн: жалпы бiлiм беретiн мектеп, гимназия, лицей, мектеп-гимназия, мектеп-лицей және басқаларды құру арқылы қол жеткiзiледi.
6. Кәсiптiк бастауыш бiлiм кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлерде негiзгi жалпы бiлiм беру базасында алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметкерлердi) даярлауға бағытталған.
Кәсiптiк мектепте оқу мерзiмi - екi-үш жыл, кәсiптiк лицейде - үш жыл, ерекше күрделi кәсiптер бойынша, сондай-ақ бiрегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшiн - төрт жылға дейiн болады.
Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш бiлiм беру қысқартылған оқыту мерзiмiндегi жалпы орта бiлiм беруге негiзделуi мүмкiн.
Кәсiптiк оқыту тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн.
7. Кәсiптiк орта бiлiм колледждерде, училищелерде негiзгi жалпы білiм беру базасында конкурстық негiзде алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол кәсiптiк орта бiлiм алып шығатын мамандар даярлауға бағытталған.
Колледжде, училишеде оқу мерзiмi - үш-төрт жыл. Ұқсас мамандықтар бойынша жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiмi бар азаматтардың қысқартылған, жеделдетiлген бағдарламалар бойынша кәсiптiк орта бiлiм алуына болады.
Тиiстi лицензиясы болған жағдайда колледждерде, училищелерде жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша қысқартылған мерзiмде ақылы негiзде екiншi кәсiптiк орта бiлiм ала алады.
Колледждер мен училищелерде ұқсас мамандықтар бойынша республикалық оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер құрылады.
8. Кәсiптiк бастауыш немесе кәсiптiк орта бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламалары шегiнде алынатын кәсiптiк бiлiмнiң бейiнi ескерiле отырып, жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарты iске асырылады.
ҚР 11.06.01 ж. N 207-II Заңымен 25-бап толықтырылды
25-бап. Кәсiптiк жоғары бiлiм беру
1. Кәсiптiк жоғары бiлiмдi орта бiлiмi бар азаматтар алады.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн кәсiптiк жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының мынадай түрлерi белгiленедi: университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище).
Жоғары оқу орындарында тиiстi лицензиялары болған жағдайда жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
4. Бiрыңғай оқу-ғылыми-өндiрiстiк кешен ретiнде жұмыс iстейтiн жоғары оқу орнының құрамына жоғары оқу орнының құрылымдық бiрлiктерiнiң немесе заңды тұлға мәртебесi бар оқу, ғылыми, өндiрiстiк және басқа да бөлiмшелер кiре алады.
Медициналық бiлiм беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы болған жағдайда ғана жұмыс iстеуi мүмкiн.
5. Қазақстан Республикасында кәсiптiк жоғары бiлiмнiң мынадай құрылымы белгiленедi:
1) қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк пен "бакалавр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi төрт жылдық жоғары базалық бiлiм (бакалавриат);
қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк нен "магистр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi: жоғары базалық бiлiм негiзiнде - екi жылдық; жоғары арнаулы бiлiм негiзiнде бiр жылдық жоғары ғылыми-педагогикалық бiлім;
2) тиiстi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда,қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға "кәсiптiк жоғары бiлiмi бар маман" тиiстi бiлiктiлiгiнiң берiлуiмен расталатын, оқү мерзiмi кемiнде төрт жылдық жоғары арнаулы бiлiм.