2. Ата-аналардың қосымша шығындарды көтеруге қатыстырылу тәртібі мен бұл шығындардың мөлшерін сот ата-аналар мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып ай сайын төленуге тиісті алимент төленетін кездегі айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынасында белгілейді.
3. Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығындарды өтеуге де, балаларды асырап-бағуға болашақта жасалуға тиіс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуға міндеттеуге құқылы.
131-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын асырап-бағу жөніндегі міндеттері
1. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Әрбір баладан өндіріп алынатын алимент мөлшерін сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынастарында белгілейді.
4. Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот, балаларының бәріне, олардың біреуіне немесе олардың бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, осы атаананың еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларының бәрін ескеруге құқылы.
5. Егер сот ата-аналардың ата-ана міндеттерін орындаудан жалтарғанын анықтаса, балаларының өздерінің еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін.
Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
132-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарына жасалған қосымша шығындарға қатысуы
1. Кәмелетке толған балалар ата-аналарына қамқорлық жасамағанда және ерекше мән-жайлар болғанда (ата-анасы ауыр науқастану, мертігу, оны бөгде адамның бағып-күткені үшін ақы төлеу, оны халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің интернат үйіне орналастыру қажет болғанда және т.с.с) кәмелетке толған балаларын сот осы мән-жайлар туғызған қосымша шығындарды көтеруге қатыстыруы мүмкін.
2. Кәмелетке толған балалардың әрқайсысының қосымша шығындарды көтеру тәртібі мен осы шығындардың мөлшерін сот осы Заңның 131-бабының 3, 4, 5-тармақтарының ережелері сақталған жағдайда ата-аналар мен балаларының материалдық және отбасы жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін ескере отырып белгілейді.
3. Қосымша шығындарды көтеру тәртібі мен бұл шығындардың мөлшері тараптардың келісуімен белгіленуі мүмкін.
18-тарау. Ерлі-зайыптылардың және бұрынғы ерлі-
зайыптылардың алименттік міндеттемелері
133-бап. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін асырап-бағу жөніндегі міндеттері
1. Ерлі-зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға міндетті.
2. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент төлеуге қажетті қаражаты бар жұбайдан:
1) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының;
2) жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы әйелінің;
3) ортақ мүгедек баланы бағып отырған мұқтаж жұбайының бала он сегіз жасқа толғанға дейін;
4) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін бағып-күтіп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толғаннан соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда мұқтаж жұбайының алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқығы бар;
134-бап. Бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы
1. Алимент төлеуге қажетті қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге:
1) жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы әйелінің;
2) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін бағып-күтіп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының;
3) неке бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының құқығы бар.
2. Алименттің мөлшері мен оны неке бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайына берудің тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келісім бойынша белгіленуі мүмкін.
135-бап. Ерлі-зайыптылардан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
Ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда жұбайдан (бұрынғы жұбайдан) сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) материалдық және отбасы жағдайын, тараптардың бақа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген есептік көрсеткішке еселенген қатынаста сот белгілейді.
136-бап. Жұбайды екінші жұбайды асырап-бағу жөніндегі міндеттен босату немесе бұл міндеттің мерзімін шектеу
1. Сот жұбайдың еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж екінші жұбайды асырап-бағу міндетінен босатуы немесе некеде тұрған кезеңде де, неке бұзылғаннан кейін де бұл міндетті белгілі бір мерзімге мынадай жағдайларда:
1) спирт ішімдіктеріне, есірткі заттарына, психотропты заттарға салынып кетуі салдарынан немесе қасақана қылмыс жасауы салдарынан көмекке мұқтаж жұбайы еңбекке жарамсыз болып қалған;
2) ерлі-зайыптылар некеде ұзақ тұрмаған;
3) алимент төлеуді талап ететін жұбайдың отбасында өзін лайықты ұстамаған жағдайларда шектеуі мүмкін.
2. Бұрынғы жұбайын асырап-бағу жөніндегі міндет мынадай жағдайларда:
1) көмек алуға құқығы бар жұбай жаңа некеге тұрғанда;
2) осы Заңның 134-бабына көзделген мән-жайлар жойылғанда сот шешімімен тоқтатылады.
19-тарау. Отбасының басқа мүшелерінің алименттік
міндеттемелері
137-бап. Ағалары мен апаларының өздерінің кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз, кәмелетке толған інілері мен сіңлілерін (қарындастарын) асырау жөніндегі міндеттері
Кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж інілері мен сіңлілерінің (қарындастарының) өз ата-аналарынан қаражат алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған ағалары мен апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар. Еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж кәмелетке толған ағалары мен апаларына да, егер олар өздерінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларынан, жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) немесе ата-анасынан көмек ала алмаса, осындай құқық беріледі.
138-бап. Немерелерін асырап-бағу жөніндегі атасы мен әжесінің міндеттері
Өздерінің ата-аналарынан көмек алуы мүмкін болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған, көмекке мұқтаж немерелердің өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар. Өздерінің жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) немесе ата-анасынан көмек ала алмаса, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж кәмелетке толған немерелерге де осындай құқық беріледі.
139-бап. Немерелердің атасын және әжесін асырап-бағу міндеті
Өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) қажетті қаражат ала алмаған жағдайда, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж аталар мен әжелер өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар кәмелетке толған немерелерінен сот тәртібімен алимент талап етуге құқылы.
140-бап. Тәрбиеленушілердің өздерін нақты тәрбиелеушілерді асырап-бағу міндеті
1. Кәмелетке толмаған балаларға нақты тәрбие беруді, асырап-бағуды жүзеге асырушы, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж адамдар, егер олар өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) көмек ала алмаса, олар өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды тәрбиеленушілерінен көмек беруді сот тәртібімен талап етуге құқылы.
2. Егер тәрбиелеушілер тәрбиеленушілерді бес жылдан аз уақыт асырапбағып, тәрбиелесе, сондай-ақ өздерінің тәрбиеленушілерінен тиісті түрде асырап-бақпаған және тәрбиелемеген болса, сот тәрбиеленушілерді нақты тәрбиеленушілерін асырап бағу жөніндегі міндеттен босатуға құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген міндеттер қорғаншылықта (қамқоршылықта), патронатта болған адамдарға жүктелмейді.
141-бап. Өгей ұлдар мен өгей қыздардың өгей әкесін және өгей шешесін асырап-бағу жөніндегі міндеттері
1. Өгей ұлдар мен өгей қыздарын тәрбиелеп, асырап-баққан, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж өгей әке мен өгей шешенің, егер өздерінің кәмелетке толған еңбекке жарамды балаларынан немесе жұбайларынан (бұрынғы жұбайларынан) көмек ала алмаса, осыған қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған өгей ұлдарынан немесе өгей қыздарынан асырап бағуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
2. Егер өгей әке мен өгей шеше өгей балалары мен өгей қыздарын бес жылдан аз уақыт тәрбиелеп, асырап-бақса, сондай-ақ олар өздерінің тәрбиелеу және асырау міндеттерін тиісті түрде атқармаса, сот өгей ұлдар мен өгей қыздарды өгей әкесі мен өгей шешесін асырап-бағу міндеттерінен босатуға құқылы.
142-бап. Отбасының басқа мүшелерінен сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
1. Осы Заңның 139-141-баптарында аталған адамдарға алименттің мөлшері мен оны төлеу тәртібі тараптардың келісімімен белгіленуі мүмкін.
2. Тараптардың келісімі болмаған жағдайда сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін сот әрбір жеке жағдайда алимент төлеуші мен алушының материалдық және отбасы жағдайы мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін ескере отырып, алимент төлеген кезде қолданылып жүрген есептік көрсеткішке еселенген қатынаста белгілейді.
3. Егер отбасының алимент талап етуші мүшесін бір мезгілде бірнеше адам асырап-бағуға міндетті болса, сот олардың материалдық және отбасы жағдайына қарай әрқайсысының алимент төлеу міндеттерін орындауға қатысу мөлшерін белгілейді. Алимент мөлшерін белгілеу кезінде сот, алимент төлеуге міндетті барлық адамдардың бәріне, олардың біреуіне немесе олардың бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, сол адамдардың бәрін ескеруге құқылы.
20-тарау. Алимент төлеу туралы келісім
143-бап. Алимент төлеу туралы келісім жасау
Алимент төлеу (алименттің мөлшері, оны төлеуді шарттарымен тәртібі) туралы келісім алиментті төлеуге міндетті адам мен оны алушы адам арасында, ал алиментті төлеуге міндетті адам және (немесе) алимент алушы әрекетке қабілетсіз болған жағдайда осы адамдардың заңды өкілдері арасында жасалады.
144-бап. Алимент төлеу туралы келісімінің нысаны
1. Алимент төлеу туралы келісім жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс.
Алимент төлеу туралы келісімнің заңда белгіленген нысанының сақталмауы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 157-бабында көзделген салдарларға әкеп соғады.
2. Алимент төлеу туралы нотариат куәландырған келісім атқару парағының күшіне ие болады.
145-бап. Алимент төлеу туралы келісімді жасасу, атқару, өзгерту, бұзу және жарамсыз деп тану тәртібі
1. Алимент төлеу тәртібі туралы келісімді жасасуға, атқаруға, бұзуға және жарамсыз деп тануға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасасуды, атқаруды, бұзуды және жарамсыз деп тануды реттейтін нормалары қолданылады.
2. Алимент төлеу туралы келісім екі жақтың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу алимент төлеу туралы келісімнің өзі сияқты нысанда жасалуға тиіс.
3. Алимент төлеу туралы келісімді орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді.
4. Тараптардың материалдық немесе отбасы жағдайлары елеулі өзгеріске ұшыраған жағдайда және алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу жөніндегі келісімге қол жетпеген кезде мүдделі тарап осы келісімді өзгерту туралы немесе бұзу туралы сотқа талап беруге құқылы. Алимент төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы мәселені шешкен кезде сот тараптардың назар аударарлық кез келген мүддесін ескеруге құқылы.
146-бап. Алимент алушының мүдделерін бұзатын алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану
Егер алимент төлеу туралы келісімде көзделген кәмелетке толмаған баланы немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесін асырапбағу шарттары олардың мүдделерін айтарлықтай бұзатын болса, атап айтқанда, осы Заңның 147-бабы 2-тармағының талаптары сақталмаған жағдайда кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесінің заңды өкілінің, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органның немесе прокурордың талап етуі бойынша сот тәртібімен мұндай келісім жарамсыз деп танылуы мүмкін.
147-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшері
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша төленетін алименттің мөлшерін тараптар сол келісімде белгілейді.
2. Кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу жөніндегі келісім бойынша белгіленетін алименттің мөлшері олардың сот тәртібімен алимент өндіріп алған жағдайда алатын алименттің мөлшерінен төмен болмауы керек (осы Заңның 125-бабы).
148-бап. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің әдістері мен тәртібі
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеудің әдістері мен тәртібі сол келісіммен белгіленеді.
2. Алименттің алимент төлеуге міндетті адам табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлес есебімен; дүркін-дүркін төленіп тұратын тұрақты ақша сомасымен; бір жолғы төленетін тұрақты ақша сомасымен; мүлік беру жолымен, сондай-ақ келісімде қол жеткеніне қарай өзге де әдістермен төленуі мүмкін.
Алимент төлеу туралы келісімде алимент төлеудің түрлі әдістерін ұштастыру көзделуі мүмкін.
21-тарау. Алиментті сот тәртібімен төлеттіру
және өндіріп алу тәртібі
149-бап. Алиментті сот шешімімен өндіріп алу
Осы Заңның 124-142-баптарында аталған отбасы мүшелері алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
150-бап. Алимент алу үшін арыз беру мерзімдері
1. Алимент алуға құқығы бар адам, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, сотқа алимент өндіріп алу туралы арыз беруге құқылы.
2. Алимент сотқа өтініш жасалған кезден бастап беріледі.
Егер сотқа арыз беруден бұрын асырап-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтаса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алынуы мүмкін.
151-бап. Ұйым әкімшілігінің алиментті ұстап қалу міндеті
Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару парағының негізінде алимент төлеуге міндетті адамның жалақысынан және өзге де кірісінен алимент алушы адам үшін ай сайын алимент ұстап қалуға және оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен алимент төлеуге міндетті адамға жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.
152-бап. Алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалу
Нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алимент осындай келісімнің және атқару құжаттарының негізінде ұсталып қалатын жалпы сома алимент төлеуге міндетті адам жалақысының және өзге де кірісінің елу процентінен асқан жағдайда да ұсталып қалуы мүмкін.
153-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орнын ауыстырғаны туралы хабарлау міндеті
1. Сот шешімі немесе нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалушы ұйымның әкімшілігі алиментті өндіріп алу жөніндегі шешім орындалатын жердегі сот орындаушысына және алимент алушы адамға алиментті төлеуге міндетті адамның жұмыстан босағаны туралы, сондай-ақ, өзіне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орнын немесе тұратын жерін үш күн мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Алимент төлеуге міндетті адам сот орындаушысы белгілеген мерзімде соңғысына және алимент алушы адамға, жұмыс орнының немесе тұратын жерінің өзгергені туралы, ал кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеген жағдайда қосымша табысының немесе өзге де кірісінің болуы туралы хабарлауға тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған деректерді дәлелсіз себептермен хабарламаған жағдайда бұған кінәлі лауазымды адамдар және өзге де азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады.
154-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның мүлкінен өндіріп алу
1. Алимент төлеу туралы келісіммен немесе сот шешімімен белгіленген мөлшерде алимент, сондай-ақ алимент бойынша берешек алимент төлеуге міндетті адамның табысынан және өзге де кірісінен өндіріп алынады, табысы және өзгеде кірісі жеткіліксіз болған жағдайда алимент сол алимент төлеуге міндетті адамның банктердегі шотындағы немесе банктік емес қаржы мекемелеріндегі ақша қаражатынан ұсталады. Бұл қаражат жеткіліксіз болған жағдайда ол алимент төлеуге міндетті адамның заң бойынша өндіріп алуға болатын кез келген мүлкінен өндіріліп алынады.
2. Алимент төлеуге міндетті адамның шотындағы ақша қаражатынан және оның өзге де мүлкінен алимент өндіріп алу заңдарда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
155-бап. Алимент бойынша берешекті белгілеу
1. Алимент төлеу жөніндегі келісім негізінде немесе атқару парағының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару парағы немесе нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келісім табыс етілгеннен бұрынғы үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
2. Атқару парағы негізінде немесе нотариат куәландырған келісім негізінде алимент ұстау алиментті төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімге қарамастан және асырап-бағуға алимент төлеу белгіленген адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.
3. Берешек мөлшерін сот шешімінде немесе алимент төлеу туралы келісімде белгіленген алимент мөлшерін негізге ала отырып, сот орындаушысы анықтайды.
4. Осы Заңның 125-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшері алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі табысы мен өзге де кірісі негізге алына отырып анықталады. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның табысы мен өзге де кірісін куәландыратын құжат тапсырылмаса, алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа жалақы мөлшері негізге алына отырып анықталады. Егер берешекті бұлайша анықтау тараптардың бірінің мүддесіне елеулі түрде нұқсан келтірсе, онда мүддесіне нұқсан келтірілген тарап сотқа жүгінуге құқылы, ол тараптардың материалдық және отбасы жағдайын, басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, берешекті тұрақты ақша сомасында анықтауы мүмкін.
5. Сот орындаушысының алимент бойынша берешекті анықтауымен келіспеген жағдайда кез келген тарап заңдарда көзделген тәртіппен сот орындаушысының әрекетіне шағымдана алады.
6. Алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-ананы іздестіру кезеңінде төленген, балаға заңдарда белгіленген ай сайынғы жәрдемақы сомалары сол ата-аналардан төленген сомалардың он процентін бюджет кірісіне есептеу арқылы өндіріп алынады.
156-бап. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату
1. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату немесе тараптардың келісімі бойынша алимент төлеген кезде осы берешек, кәмелетке толмаған балаларға алимент төлейтін жағдайларды қоспағанда, тараптардың өзара келісуі бойынша азайтылуы мүмкін.
2. Алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша сот, егер алимент оның сырқаттануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша төленбегенін, оның материалдық және отбасы жағдайы алимент бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндік бермейтінін анықтаса, оны алимент бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы.
157-бап. Алиментті уақтылы төлемегені үшін жауапкершілік
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған жағдайда кінәлі адам сол келісімде көзделген тәртіппен жауапты болады.
2. Сот шешімі бойынша алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған жағдайда кінәлі адам алимент алушыға кешіктірген әр күні үшін төленбеген алимент сомасының оннан бір проценті мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
Алимент алушы алимент төлеуге міндетті, алименттің уақтылы төленбегеніне кінәлі адамнан алименттік міндеттемелерді орындауды кешіктіруден келтірілген бүкіл залалының тұрақсыздық айыбымен жабылмаған бөлігін де өндіріп алуға құқылы.
158-бап. Алиментті есептеуге және кері өндіріп алуға жол берілмеуі
1. Алиментті басқа қарсы талаптармен есептеуге болмайды.
2. Төленген алимент сомасын:
1) алимент алушының жалған мәліметтер хабарлауына байланысты немесе оның қолдан жасалған құжаттар беруіне байланысты алимент өндіріп алу туралы сот шешімінің күші жойылған;
2) алимент алушы тарапынан алдау, қорқыту немесе күш көрсетіп ықпал жасау салдарынан алиментті төлеу жөніндегі келісім жарамсыз деп танылған;
3) сот шешімінің, алимент төлеу туралы келісімнің немесе атқару парағының қолдан жасалу фактісі негізінде алимент төленгені сот үкімімен анықталған жағдайларды қоспағанда, кері талап етуге болмайды.
3. Егер осы баптың 2-тармағында келтірілген әрекеттерді кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз алимент алушының өкілі жасаған болса, алимент кері өндіріліп алынбайды, ал төленген алименттің сомасы алимент төлеуге міндетті адамның талабы бойынша кінәлі өкілден өндіріп алынады.
159-бап. Алиментті индекстеу
Сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасымен өндіріп алынатын алименттің индекстелуін алиментті ұстайтын орын бойынша ұйымның әкімшілігі заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің өсуіне бара-бар жүргізеді.
160-бап. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу
1. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда ол заң бойынша қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Заңның 143, 144, 147 және 148-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Келісімге қол жетпеген жағдайда мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті бір жолғы төлеу туралы не алимент есебіне белгілі бір мүлікті беру туралы немесе алиментті өзге бір жолмен төлеу туралы талап етіп сотқа жүгінуге құқылы.
161-бап. Соттың бұрын белгіленген алимент мөлшерін өзгерту және алимент төлеуден босату
1. Егер алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда алимент мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босатуға құқылы. Алимент мөлшері өзгертілген немесе оны төлеуден босатылған жағдайда сот тараптардың назар аударарлық мүддесін де ескеруге құқылы.
2. Егер кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам алиментті төлеуге міндетті адамға қатысты қасақана қылмыс жасағаны немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетті адам отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайы анықталса, сот оған алимент өндіріп беруден бас тартуға құқылы.
162-бап. Алименттік міндеттемелерді тоқтату
1. Алимент төлеу туралы келісіммен белгіленген алименттік міндеттемелер осы келісімнің күшінде болу мерзімі біткенде немесе осы келісімде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тараптардың бірі қайтыс болғанда тоқтатылады.
2. Сот тәртібімен өндіріп алынатын алиментті төлеу:
1) бала кәмелетке толғаннан кейін немесе кәмелетке толмаған балалар кәмелетке толғанға дейін толық әрекетке қабілетін алған жағдайларда;
2) асырап-бағу үшін алимент өндіріп алынған бала асырап алынғанда;
3) сот алимент алушының еңбекке жарамдылығы қалпына келтірілген немесе көмекке мұқтаждығы тоқтатылған деп танығанда;
4) еңбекке жарамсыз, бұрынғы жұбайының көмегіне мұқтаж болып келген алимент алушы жаңа некеге тұрғанда;
5) алимент алушы адам немесе алимент төлеуге міндетті адам қайтыс болғанда тоқтатылады.
6-бөлім. Азаматтық хал актілері
22-тарау. Жалпы ережелер
163-бап. Азаматтық хал актілерін тіркеу
Туу, қайтыс болу, неке қию, некені бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік органдарда тіркелуге тиіс.
164-бап. Азаматтық хал актілерін тіркеуді жүргізетін органдар
Азаматтық хал актілерін тіркеуді азаматтық хал актілерін жазатын бөлімдер, ал мұндай бөлімдер жоқ жерлерде жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.